Материалдар / Абай шығармаларындағы адамгершілік және ар-ұят мәселесі
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

Абай шығармаларындағы адамгершілік және ар-ұят мәселесі

Материал туралы қысқаша түсінік
Абай Құнанбайұлының айтып өткен ақыл өсиеттерін айта отырып, қазіргі жастардың бойына адамгершілік және ар-ұятты болуға тәрбиелеу.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
19 Мамыр 2020
954
0 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Абай шығармаларындағы адамгершілік және ар-ұят мәселесі

Нұрмуханова Назерке Тұрғанбекқызы

«Бастауыш білім беру» мамандығы, Кентау көпсалалы колледжі

Жетекші Ахметова Асель Арынқызы

Зерттеу жұмысының мақсаты:

Абай Құнанбайұлының айтып өткен ақыл өсиеттерін айта отырып, қазіргі жастардың бойына адамгершілік және ар-ұятты болуға тәрбиелеу.


«Адамзат баласының алдында үш айғақты зор міндет тұр: бірі – бейбітшілікті, екіншісі – руханиятты, үшіншісі – табиғатты қорғау hәм сақтап қалу. Бұлардың қай – қайсы да біздің тіршілігіміздің басты бағдары. Бір-бірін толықтыратын ұғымдар. Осы үш бастауға Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің болашағы байлаулы» деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтпақшы адамзат баласының өмір сүруіне қажет деп танитын осы үш фактор. Мұның ішінде, әсіресе «руханият» ең маңыздысы. Себебі адам баласы рухани азықсыз өмір сүре алмайды. Жалпы әлемдегі кез-келген алыпты алып қарасақ та ең алдымен тәлім-тәрбиеге, білімге, адамгершілікке үндейді, болашақ ұрпақтың өн бойына рухани азық сіңіруге тырысады. Өйткені тәлім-тәрбиенің, адамгершілік қасиеттердің адам өмірінде алар орны ерекше. Атақты ғұлама ғалым, әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің де «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген аталы сөз бар. Осыдан – ақ тәрбиенің адам өміріндегі маңызын көруге болады. Осы тұрғыдан келгенде қазақ халқының ұлыақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері халыққа ерекше тәрбие береді, адамгершілікке үндейді. Оңайдан қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі жайдан үлкен толғаулы қорытындыға қарай біртіндеп жетектейді. Мұның барлығы адамзатты адамгершілікке жетелеу мақсатында еді. Енді ақынның бірнеше қара сөздеріне көңіл аударып көрелік. Абайдың қара сөздерінің кім үшін болса да, тәрбиелік мәні зор. Әйтсе де білімге ұмтылушы жастар үшін адамның қолын бақытқа жеткізетін ілім – білімді игеру де жастардың ғана қолынан келетін іс. Қартайған адамға қанша ұмтылса да, өндірері аз болмақ. Сондықтан білімге ұмтылған жастар ұлы ақынның бұл айтқандарын берік есте сақтау қажет.

Абай этикасында Ар, Намыс, Ұят - ең негізгі ұғымдар. Бүл ұғымдардың мәні, мазмұны, ішкі сыры тек адамның өзімен-өзі кеңескенде, өзінің ішкі жан дүниесіне үңілгенде ғана мағынасы ашылатын, айқындалатын ұғымдар. Осындай мәнді моральдық, адамгершіліктің этикалық категорияларын - өз шығармашылығының өзегі, түйіні, тамыры етеді. «Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер, Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер! Ұятың мен арыңды малға сатып, Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер» деп, ар мен ұятты негіз етіп, өмірдің түбін ойлауға шақырады. Адамгершіліктің мәні жөнінде терең толғанған ақын өз ойын әлем кеңістігіне жүгіртіп, Ар, Ұят, Намыс деген ұғымдар адам езінің ары алдында жүгінген кезде түйсігімен түсінетін киелі ұғымдар екенін, әр адам өзіне-өзі жауапты екенін аңғарта айқындай, түсіндіре келіп: «Осы да есеп бола ма, Ар, абұйыр тапқанға? Миың болса жолама Бос желігіп шапқанға...», «Абиыр қайда, ар қайда? Өз басыңа не пайда?...», «Достық, қастық, бар қызық - жүрек ісі, Ар, ұяттың бір ақыл - күзетшісі. Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық, Арын, алқын - бүл күннің мәртебесі», - дейді. Адамды адам етіп тұрған Ар екендігін, тіпті, өлім төніп тұрса да Ар сатуға болмайтындығын, халық санасында «өлімнен ұят күштіні» терең түсінген Абай - қазақтың тарихына ой жүгірте отырып: «Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен...», «өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады», -деп түйеді. Абай түсінігінде әр адамның ең үлкен күнәсі, міні, өзінің өзара алдында жасаған рухани қылмысы - арын сату, арсыздыққа салыну, ұяттан безу. Мұндайларға Абай төмендегідей теріс бата береді: «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, Арын сатып тіленген малы құрсын, Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын».

Адам болудың бір шарты - Ұят деген ұғымды бойға сіңдіру. Ұят дегеніміз - адам бойындағы адамгершілікке жат, жаман қылықты, істі өз мойнына алып, өзіңді-өзің сөгу, өзіңе-өзің ұрсу, өзіңді-өзің дұрыс, әділ, адал жолға салу. «Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар. Жаңа сүйгіш адамзат, көрсе қызар. Ар мен ұят ойланбай, тәнін асырап, Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар» Абай ұяттыларға мейірленсе, ұятсыздардан жиіркенеді де: «Қайнайды қаның, Ашиды жаның, Мінездерін көргенде», «Жігерлен сілкін, Қайраттан, беркін!»деп насихат бергенде; «Ұятсыз, арсыз салтынан Қалғып кетер артынан» деп, үятсыздарды сөгіп, «осы күнде менің керген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да, «ол істен», «мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?», - дейді. Я болмаса, «жә, жә, оған мен-ақ ұятты болайын, сен өзің де сүйтпек пе едің?» - дейді. Ар, Ұятпен қатар саналы қазақтың табиғатына сіңген бір ұғым - Намыс. Ақын бұл ұғымға да ерекше мән береді. «Бұрынғы ата-бабаларымыздың бүл замандағы ларымыздан артық екі мінезі бар: соның екіншісі - намысқор келеді екен. Ар, ұяттан айырылған, намыс дегенді білмейтін, білгісі де келмейтін болыстарды Абай мысқылдай кекетіп, өткір сатиралық тілімен түйреп:

«Сүйегім жасық, буын бос,
Біраз ғана айлам бар.
Айлам құрсын білемін -
Болыстықтың жолы тар.
Қайтіп көмек болады,
Антұрған өңкей үры-қар?
Көргенім әлгі ойлашы,

Ұят, намыс, қалдыма ар?...»-

деп налиды. Не құдайшылыққа, не адамшылыққа жатпайтын, ардан бездіруге итермелейтін «Жарлы болсаң, арлы болма ма», жалқаулыққа, сұрампаздыққа, жылпостыққа шақыратын: «Қалауын тапсаң, қаржанады, Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ», ұрлыққа, мейірімсіздікке бағыттайтын «Алтын көрсе, періште жолдан таяды», «Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» дейтін, ата-анасын малға сатуға бейім тұрған опасыздардан, сатқындардан «бек сақ болу керектігін» қатты ескертеді.

Абайдың этикасы адам өміріндегі диалектик қайшылықтарды түсіндірудің, зерттеудің этикасы. Ақын Абай адамгершілік, мораль мәселесін сез еткенде жақсылыққа: адамшылық, адалдық, әділеттілік, берекелік, достық, білімділік, еңбеккерлік, терең ойлылық, ерлік, жомарттық, қайраттылық, кісілік, қанағатшылдық, рақымдылық, махаббат, арлылық, намысқойлық, сабырлылық, сертке беріктік, табандылық, татулық, тәуекелшілдік, шүкіршілік т. б. қасиеттерді, жамандыққа: арамдық, азғындық, айлакерлік, парақорлық, арызқойлық, тәкаппарлық, сараңдық, алдампаздық, сайқалдық, даңққұмарлық, әділетсіздік, әдепсіздік, пәлеқорлық, паңдық, әсемпаздық, бақастық, борышқорлық, өсекшілдік, надандық, менмендік, әсемпаздық, еріншектік, әулекілік, есерлік, жалақорлық, мақтаншақтық, жарамсақтық, залымдық, жылпостық, қияңқылықты. б. жиіркенішті мінез-құлықтарды жатқызады. Абайдың негізгі этикалық, адамгершілік түсініктері әділдік пен әділетсіздіктің ұғымдық мәнін, арақатынастарын түсінуге арналған. Енді ұлы ойшылдың осындай диалектик. қайшылықтарға байланысты тұжырымдарына тоқталайық. Соның бірі - адам табиғатындағы ең күрделі қайшылық - білім мен надандықтың арасы. Этикалық теориялардың мәнін түсінуге ұмтылған көптеген ғұламалар, ағартушылар сияқты Абай да адамгершілікті, моральдық біліммен, таныммен ұштастыруды қажет деп санайды. «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге, Көкірегінде болсын көз». Абай «білімді»,. «білімділік» деген ұғымдарды қазіргідей «бастауыш», «орта», «жоғарғы» білімі бар дегенді айтып отырған жоқ.

Ақын «білімді» деген ұғымға өзінше ерекше мән береді. Абайдың түсінігіндегі білімді адам адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды (әкелі-балалы, алыс-жақын, туыс-тума, үлкен-кіші, ерлі-байлы, жолдастық, достықт. б.)дұрыс түсіне білетін адам. Мектептен алған білімін адамгершілікпен ұштастыра білмейтіндерді Абай адамсы мақтардың ең үлкен наданы, арамы екенін айта келіп:

«Осы жасқа келгенше,
Өршеленіп өлгенше,
Таба алмадық еш адам
Біздің сөзге - ергенді.
Өмірдің ерін тауысып,
Білімсізбен алысып,

Шықтық міне белге енді...»-

деп, тоғышарлықтан адамдыққа, білімсіздіктен білімділікке қарай күрес жолында өткен өмірін баяндайды. Абайдың бүл ойлары «жақсылық ақиқатпен бірге болады, жамандық білімсіздіктің салдары», сондықтан да «өзіңді-өзің таны, өзіңді езің біл» деген этикалық принциптермен ұштасып жатыр.

Абайдың филосиялық, этикалық көзқарасында ерекше көңіл аударатын мәнді ұғым «өмір» мен «өлім» арасындағы мәңгі қайшылықты түсіну, түсіндіру, «Өлім деген не?», «Өмір деген не?», «Не өледі, не өлмейді?» деген сауалдарға ақын өз шығармаларында тиянақты жауап береді. «Өлім»деген ұғым туралы Абайдың ой толғамы, «Дәл уақыты жеткенде, Талайдың гүлі қурайды. Рәсулді алған бұл өлім, Кімнен жөнді сұрайды?» - деп, өлімнің мейірімсіздігін кесіп айтады. Әр адам өзінің бүгінгісі мен ертеңгісінің арақатынасын үнемі ойлап отыруының қажеттігін аңғарта келіп, ақын:

«Адамзат - бүгін адам, ертең - топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ» деп, өз замандастарын «өмір« мен «өлімнің» арасын түсінуге шақырады. Адамгершілік тұрғысынан алып қарағанда, «өлім деген не?», «өмір деген не?», «не өледі», «не өлмейді? деген сауалға да ойшыл ақын өзінше жауап береді. Тіршіліктің белгісі - өсімдік пен малда да бар дей келіп, «Малда да бар жан мен тән, Ақыл сезім болмаса, Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса?» дей келіп, «Ақыл мен жан - мен өзім, тән менікі. «Мені» мен «менікінің» мағынасы екі. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «Менікі» өлсе өлсін, оған бекі» - деп, Абай табиғи артта қалған тәрбиелі ұрпақ (бала-шаға, немере-шөбере, олардың ұрпақтары - ұрпағымен мың жасау), рухани (ақындық, ғалымдық, муз., шығармашылдық т. б.), материалдық (ұрпағына қалдырған өз еңбегі мен жасалған мекен-жайлары) өлмес мұра болатынын аңғартады. «Мен» деген әр адамның адамгершілік қасиеті, рухы, мейірімі, ал «менікі»деген оның тәні, оның еңбегімен жасалған, артта қалар дүние-мүлкі. Абайдың өзіне сөз берсек: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес. «Мені» мен «менікінің» айрылғанын «Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес...» «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған?»

Материалдық өмір - уақыттың еншісі. Ол бүгін бар, ертең жоқ. Рухани өмір - мәңгілік. Ол адамгершілікке, жақсылыққа, әділеттілікке, өркениеттілікке қарай дами бермек. Рухани дүние - жан мен санаға байланысты, адамгершілікке, адамдыққа тән болса, заттық, материалдық дүние Пендешілікке, өткіншілікке тән нәрсе. Адамның адамдығы оның шыншылдығында, әділеттілігінде, әрқашан дұрыстықты қолдап қостайтындығында екендігін Абай бүкіл шығармашылығына арқау етеді. «Әділет пен ақылға Сынатып көрген-білгенін, Білдірер алыс-жақынға, Солардың сөйле дегенін» - деп, кеңес берсе, екінші жағынан турасын айтпайтын, әділетті сүймейтін: «Ақылды жан табылмас маған сырлас, Көріне тентек, көп надан мойын бұрмас, Әділетсіз, ақылсыз, арсыздарды Көре тұра, көңілде тыныштық тұрмас» деп, тентек, надан, әділетсіз, ақылсыз пенделерге ренжиді. Абайдың гуманистік этикасының, моралінің тағы бір ерекшелігі тек туған-туысқаныңа, дос-жараныңа ғана емес, тіпті, «дұшпаныңа да әділ бол» деуінде. «Досыңа достық - қарыз іс. Дұшпаныңа әділ бол. Асығыс түбі өкініш, Ойланып алмақ - сабыр сол». Дұшпанға әділеттік көзбен әділ қарауға, әділеттілік тұрғыдан бағалауға шақыру - әлемдік гуманизмнің тұғыры, төрі, биік шыңы. Білімділік пен надандықтың, өлім мен өмірдің, жақсылық пен жамандықтың, әділеттілік пен әділетсіздіктің арасындағы қайшылықтар туралы ойланған, толғанған ұлы гуманист ақын: «Мұны жаздым ойланып, Ойда бардан толғанып, Кірсе оқи бер, Бозбалалар қолға алып», - деп, жас ұрпаққа үміт артса, екінші жағынан: «Қыранша қарап Қырымға, Мұң мен зарды қолға алар, зұлымға, Шиыршықатар, толғанар», -деп, Абай өзіне-өзі жүк артады. «Жарлы емеспін, зарлымын, Оны да ойла толғанып, Жұртым деуге арлымын, өзге жұрттан ұялып», -деп, еліне ескерту айтады.

Абайдың этикалықморальдықадамгершілік идеалы, мұраты, принципі - қысқаша ғана «Адам бол!» деген формула, тұжырым. Адам болу - кісілікті кісі, шын мәнісінде азамат болу, қара бастың қамы емес, елінің қамын, халқының қамын, тіпті, бүкіл адамзаттың қамын ойлайтын, «өзін-өзі зор тұтып», «надандарды менсінбейтін», дүниеге әлем тұрғысынан қарайтын Азамат Адам болу. Осы ойларын поэзия тілімен: «Адал бол - бай тап, Адам бол - мал тап, Қуансаң қуан сол кезде» деп, байды да, кедейді де адамдыққа шақырады: «Адам болам десеңіз, Оған қайғы жесеңіз... Бес нәрседен қашық бол» ( «Бес дұшпан» - Өсек, Өтірік, Мақтаншақ, Еріншек, Бекер мал шашпақ), «Бес нәрсеге асық бол» ( «Бес асыл іс» - Талап, Еңбек, Терең ой, Қанағат, Рахым). Абайдың пікірінше екі аяқпен тік жүріп, екі қолын әр түрлі іске пайдалана, жұмсай білгеннің, ойлай, сөйлей (ойлаудыңда, сөйлеудің де мағынасы өте көп) білетіндердің бәрі толық, шын, ақиқат, адамгершілік мәніндегі адам емес, тек, адамға ұқсас әлеум. жануарлардың түрі, кейпі, көрінісі. Саудасын жүргізу үшін, момынды алдау үшін алуан түрлі тәтті сөздерді айтатын саудагер мен («Ортақтық, тыныштық, достық қой, Оның қадірін кім білер? Әркімге-ақтілеу қостық қой, Бәрі алдамшы саудагер») дұшпанын жеңу үшін алуан түрлі зымиян қулық-сұмдық ойлайтын, тәсілдер қолданатын саясаткерлерде («Сұм-сүрқия - сұмдықпен еп берем деп, Сүйер жансып, сүйкімді бет берем деп. Жүз қараға екі жүз аларман бар, Бас қатар бас-аяғын тексеремдеп»)т. б. ақыл, ой, пікір, қулық-сұмдық аз емес, адамгершілік аз.

Ойшыл ақынның талдауынша, толғануынша тек адамгершілікке тән адал қасиеттерді өміріне, ісіне, күнделікті күн көру іс-әрекетіне табиғи сіңдірген кісі ғана - нағыз адам. Демек, Абайдың этикалық көзқарасының түйіні, өзегі, арнасы, квинтэссенциясы гуманистік принцип: «Адам бол!» Бүл принцип грек философы Диогеннің күндіз шам жағып нағыз адамды іздеуінің қазақ сахарасындағы көрінісі. «Адам бол!» формуласының, қисынының, қағидасының мазмұны - «періште», «адам», «пенде», «шайтан» деген төрт ұғыммен ұштасып, ұшырасып, қабысып жатыр. Адам періштеге орай, пенде шайтанға орай өмір сүрген жандар. Абайдың арманы - әр қазақты, пендені адам ету, періштеге ұқсату, пенделік, шайтандық жолдан құтқару. Осы ойды айқындау үшін «періште» мен «шайтан» деген ұғымдарына және бүл ұғымдардың «пенде» мен «адам» ұғымдарына арақатынастарына жол-жөнекей тоқтала кетелік. «Адам» мен «пендені» жоғарыда біраз сөз еттік, «періште» мен «шайтан» туралы ұлы ойшылдың пікірі қандай? Соған ой жүгіртелік. Жалпы алғанда, «періште» алла мен адамның арасында жүретін таза, күнәсіз, ерекше жан. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген мақалды Абай жек көреді, қазақтың қызыл сезінің бірі деп санайды.

Қорыта келе Абай шығармаларының тәрбиелік мәні өте зор. Біз одан үлкен ғибрат аламыз. Әр сөзі терең ойға, өзіңді, ортаңды тануға, жақсы қасиеттерді бойыңа дарытуға, жаманнан аулақ болуға жетелейді.

Абай сол заманғы қазақтың басты проблемасы философиямен көп айналысты. Абай атамыздың әрбір сөзін қайта оқып, тереңірек барлай бастасақ, олардың қыр – сырлары қайта ашыла түседі.

Шындығында Абай тағылымын дәріптеу, оны терең түсіне білу, меңгеру оңай емес. Абайдың шығармаларында даналық толып жатыр.

Өмірде ар – ұят пен иманды қатар ұстау керек. Сонда адам баласы артына жақсы ұрпақ қалдырады. Ұят пен иман – адам өмірінің негізгі қасиеттерінің бірі. Адам баласының бақыты оның ар – ұяты таза болуында.

Абайдың қара сөзіндегі ар – ұят қазіргі жас ұрпақтарымыздың бойында аз да болса бар екенін дәлелдедік. Сонымен қатар үлкен кісілер мен жастардың ар – ұят түсінігінде айырмашылық бар екенін анықтадым.

Абайдың поэзиялық мұрасына қоса қара сөздері беретін бір заманда бағасы жойылмайтын бір үлкен қымбат қазына – деп ойлаймын.

Адамгершілік қасиеттер отбасында, қоршаған ортада, балалар бақшасында, мектепте, адамдардың іс - әрекетінің барысында бір – бірімен араласуы нәтижесінде, қоғамдық тәжірибе алуын өмірмен байланыстыру арқылы қалыптасады. Халықта: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бар. Сондықтан адамгершіліктің іргетасы отбасында басталады.

Тәлім – тәрбие болмаған жерде адамгершілік мәдениеті мен қасиеті де қалыптаспайды дегеніне көзім толық жетті. «Адамға ең бірінші керегі білім емес, тәрбие. Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» Әбу Насыр Әл – Фарабидің сөзін әрдайым жадымызда сақтауымыз керек деп ойлаймын.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.Абай. Қалың елім қазағым.- Алматы: Атамұра, 2002.
2. Абай. Нақыл сөздер. - Алматы: Көшпенділер, 2007.
3. Абай. Өлеңдер, поэмалар, аудармалар, қара сөздер. - Алматы: Мектеп, 2007.

4.Абай педагогикасы «Келешек - 2030» Көкшетау, 2003

5.Абай қара сөздері «Көшпенділер» баспасы Алматы, 2007

6.Әуезов М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. - Алматы: Санат, 1997.











Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!