Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Алтыбақан ойын-сауық кеші
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
Абыл Тарақұлы атындағы
балалар өнер мектебі
баян сыныбы және сольфеджио пәні мұғалімі Досова Индира Бексиыққызы
Сыныбы: Баян , домбыра сыныбының оқушылары
Мақсаты: Байырғы қазақ елінің тұрмыс - тіршілігінен сыр шертіп, ұлттық алтыбақан ойынына оқушыларды қатыстыра отырып, ұлттық дәстүрімізді дәріптеу;
Көрнекіліктер: Алтыбақан әткеншегі, киіз үй бейнесіндегі сурет, ұлттық киімдер
Кеш жүрісі:
Сахна - көктем мерекесіне сай гүлдермен, суреттермен көркемделген. Сахна шетіне алтыбақан әткеншегінің нұсқасы қойылған. «Алтыбақан» әні ойналып тұрады, ортаға екі жүргізуші шығады.
I жүргізуші: Даласынан қазақтың,
Жеткен мұра өнерім.
Алтыбақан салтымның,
Сәнін төккен өнерім!
II жүргізуші: Сайын далам құлпырған,
Алтыбақан тербелсе.
Күй тартып, ән шырқалған,
Өнерлі жастар кездессе.
I жүргізуші: Біздер балғын жас ұлан,
Өнерімен өрлеген.
Қалсын әуен шалқыған,
Кел, қосыл дос бізбенен!
II жүргізуші: Алтыбақан, әткеншек,
Шақырады достарды.
Кие тұтып, қастерлеп,
Көтерелік баста әнді
(Осы сәтте алыстан ұл мен қыздар тобы шырқаған «Қамажай» әні естіліп, сахна төріне ене бастайды, әннің екінші шумағынан бастап бишілер тобы билейді. Ән мен би біткеннен кейін барлығы тұрып қошеметпен қол соғады)
-
Бәрекелді!,
-
Бәрекелді!, - деген дауыстар естіледі)
I жүргізуші: Ал, кәне, ұлдар! Біз Алтыбақан жанында өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізді, даналардан қалған өсиет сөздерімізді және бүгінгі көктемнің алғашқы қарлығашы – 8-наурыз қыздар мерекесін осы алтыбақан аясында ән-жырымен көңілді өткізейік. Жарысқа ұлдар тобы мен қыздар тобы қатысады. Дайынбыз ба?
(Дайынбыз, дайын болғанда қандай!-деген дауыстар естіледі, оқушылар қыздар тобы, ұлдар тобы болып екіге бөлініп тұра қалады)
II жүргізуші: Ата-салтымыз қыз баланы сыйлап, жол берген. Сондықтан бірінші кезеккті қыздарға берсек қайтеді?
Қыздар:
(арасынан сайысқа шығушы алға шығып)
-
Ендеше, тыңдаңыздар!
Нақыл сөзді жалғастырып, кімнің сөзі екенін тауып көріңіздерші.
Мысалы: - Аққу құсқа оқ тисе,
Қанатын суға тигізбесе...
(Осы екі жолды айтып бола бергенде, ұл балдар тобынан біреуі алға шыға өлеңнің соңғы екі жолын айтып, мұны Бөлтірік би айтқан деп жауабын қайырады)
(Жауабы: Ақ сүйекке оқ тисе, Қарашыға білдірмес) – қыздар жағы таңданыс білдіреді. Ал, екінші сұрағымызға қалай жауап берер екен?, - деп қыздар арасынан мына бір даналық сөзді кім айтқан екен, жауап беріңіздерші! – деп өлең жолын айтады.
-
Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар,
......................................................................
Ұлдар:
(топтан біреуі шығып іліп әкетеді)
- Ана тұрып қыз сөйлесе, бой жеткені болар!
(бұл сөзді Сырым батыр айтқан екен деп көпшілікке кеудесін көтеріп қояды)
Қыздар: мына ұлдар тобынан қаламыз ба, соңғы сұрағымызды қойып, сүріндіріп бір айыптарын алмасақ болмас. Үшінші сұрағымыз, Қазыбек би Бұхар жырауға 1-ден 10ға дейінгі санның мағынасын қалай ашып берген?
(Ұлдар тобы жауабын таба алмай бір-бірінен сұрағыштап жатады)
Қыздар : Айыптарын өтесін!- деген дауыстар естіледі. Ұлдар арасынан қолында домбырасы бар Қайсар Бишенов алға шығып, тізерлей отыра қалып, Қазанғаптың «Балжан қыз» күйін орындай жөнеледі, күй біте салысымен ұлдар тобы: - Бәрекелді, біздің Қайсар, Қайсар деген жігіт т.с қолпаштау сөздер айтылады.
I жүргізуші: Ендігі кезекті ұлдарға берейік!-деп шуласады. (Олар не айтар екен? - деген сөздер айтылады)
Осы кезде ұлдар арасынан біреу шығып, біреуінің атын атап қасына шақырады, ол бірінші сұрағын айтады)
II жүргізуші:
а) Үш арсызды, үш жұртты, үш арысты атап беріңіздерші.
Қыздар: Соны да сұрақ деп айтып отырсыздар ма?
-
Күлкі, ұйқы, тамақ
-
Өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты
-
Сәкен, Бейімбет, Ілияс
Ұлдар: Қыздардың қарқынын басатын қиын сұрақ бар ма деседі, бір- бірінің атын атап:
( - кәне, сен айтшы! Мүмкін жауабын таба алмас деп екіншісін алға шығарады)
ә) – Кәне, тапқыр болсаңыздар алты игілікті атаңыздаршы!
Қыздар: (денсаулық, қазына, дос, адал жар, білім, ұрпақ) - деп біреуі алға шығып мүдірмей жауап береді.
II жүргізуші:
Жұмбағым бар жұтылған,
Қыл тұзаққа тұтылған.
Ұтқанның шартын орындар,
Жауабын таппай ұтылған.
Енді жұмбақ шешуден жарысамыз. Кәне, қайсысыңыз барсыздар?
Ұлдар: Тоғыз белбеу, қос жібек.
Екі мұрын, бір шүмек – тапқыр болсаңыздар тауып көріңіздер!
(домбыра)
Қыздар: (жауабын әрі ойланып, бері ойланып өнерлерін көрсетеді)
Юнусова Жансая орындауында «Қобыз - абыз» әні орындалады
Қыздар:
Ал, кәнеки қыздар! Біздерде балалардың тапқырлығын көрелік, бір жұмбақпен сыбағасын берелік.
«Екі қарауыл, екі тыңшы, бір жыршы»
(екі көз, екі құлақ, тіл)
Ұлдар:
(Жауабын таба алмай, өнер көрсетеді. Жеті домбырашы тізерлей отыра қалып, М.Өскінбайдың «Жеңіс» күйін ойнап береді)
I жүргізуші:
Жабықсаң көтеретін көңіл керек,
Ұлдарға жарасады болу зерек.
Тілінің жөрғалығын байқайықшы,
Бірауық жаңылтпашқа беріп кезек.
Қыздар:
Бірінші кезек біздікі ғой, кім айтады? (Мен айтамын деп бір қыз бала алға шығып)
Күз, кез, күз,
Күш, кеш, көш.
Кір, кер, көр,
Күл, кел, көл,
Кілең қысқа сөз, кім айтады тез.
Ұлдар: Талай жаңылтпашты білетін едім, мына жаңылтпаш қиындау ма, қалай?
(Ұлдар жаңылтпашты айта алмайды)
Жаңылтпашты айта алмаған мен Айдос домбырамен Досаттың «Жамал-ай» әнін орындап берейін!
Көп көкек, көкектеп
Көктен келді, көкек кеп.
Көптен кеп, көктем келді
Қыздар:
(жаңылтпашты айта алмай, қобыз аспабында күй орындап айыбын өтейді)
II жүргізуші:
Сіздер қалай ойлайсыздар, ендігі кезекті ақындарға берсек қайтеді?
(- дұрыс, дұрыс, айтысқа шығайық! Екі топ өздерінің ақын ұлдары мен қыздарын ортаға шақырады)
Ақындар айтысы
Қыз бала: Ақыным аманбысың, айтыскерім,
Соғатын сомдап алтын сөздің зерін.
Шабытым айтқан сайын ақтарылар,
Домбырам басқан сайын пернелерін.
Ұл бала: Өнерімен қыздар – ай мақтанатын,
Күндейді кей жамандар бақталасын.
Осы айтыста сөз тауып, айта алмасаң,
Бақ сынасар біздермен жоқ таласың
Қыз бала: Қарашы мақтануын міні жоқтай,
Шабады асыр салып арғымақтай.
Күндіз-түні білетіні асық ату,
Оркестрде жүреді нота таппай.
Ұл бала: Қыздарда да жетеді мінез-қылық,
Дей бергенше құр босқа балдар бұзық.
Бұрымдарын өре алмай жүрген жоқ па,
Кей кездер дудар бастың көркін бұзып.
Қыз бала: Шашылған нота дәптер, беті жыртық,
Алмаған тырнақтарын ойы бұзық.
Көздерін апайлардың ала бере,
Сабақтан уақыт болмай кетер зытып.
Ұл бала: Кете берсек айтыстың жетегінде,
Табылады талай мін екеумізде.
Өнерлі, үлгілі болу үшін,
Ұландарды қосайық үнімізге!
Қосылып: Құрбылар өнегелі біз ұрпақпыз,
Дәстүрді сыйлап жыр қалар.
(Бәрекелді, бәрекелді, жарайсыздар! – деген көтермелеген дауыстар естіледі)
I жүргізуші:
Гүл көктем, шуақ шашқан, нұрлы арай,
Жоқ бізге бақытты адам аналардай.
Мереке құтты болсын абзал жандар,
Ел барда, берекелі Отанымдай!
II жүргізуші:
Көңілдің ой шуағын нұрландырып,
Өнерімен көрерменді таң қалдырып.
Кәнеки тамашалап қолын соқсын
Кетейік ән шашумен бір қандырып.
Жеке нөмірлер:
-
Есбай «Бөгелек»
-
«Қазақ биі»
-
«Домбыра»
-
«Қосалқа күйіне қойылған би»
-
«Домбыра туралы баллада» әні
Осымен байырғы қазақ елінің тұрмыс - тіршілігінен сыр шертіп, ұлттық алтыбақан ойынына оқушыларды қатыстыра отырып, ұлттық дәстүрімізді дәріптеу мақсатында 8-наурыз аяулы қыздар, аналар, ұстаздарға арналған алтыбақан ойын – сауық кешіміз аяқталды. Көріп тамашалағандарыңызға алғысымызды білдіреміз. Сау болыңыздар!