Материалдар / Жаңа технологияны қолдануға берілген тапсырмалардың рөлі
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

Жаңа технологияны қолдануға берілген тапсырмалардың рөлі

Материал туралы қысқаша түсінік
Мұғалімдерге арналған баяндама
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
01 Мамыр 2019
314
0 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады



«Жаңа технологияны қолдануға берілген тапсырмалардың рөлі»

ТЕМІРБАЕВА НАДЕЖДА ЖУМАШЕВНА

Батыс Қазақстан облысы. Орал қаласы, №12 ЖOББМ бастауыш сынып мұғалімі.

Қазақстан Республикасының Білім беру заңына сәйкес мектепте білім алу үш сатыда жүзеге асырылуда. Бала қазақ тілін бастауыш мектептің есігін ашқаннан бастап, орта мектепті бітіргенше оқиды. Әрине, әр басқышта ана тілін оқытудың мақсаты, білім көлемі әр түрлі болатыны түсінікті. Бірақ, білімнің негізі бастауыш сыныпта қаланып, тілді меңгерудің алғашқы сатысы бастауыш сыныпта басталады. Бастауыш сыныпта оқушылардың алған білімі мемлекеттік стандарттан төмен болмауы тиіс. Ана тілі-оқушының өмірлік қажетін өтейтін қатынас құралы. Сондықтан мектептерде ана тілін арнаулы әрі негізгі пән ретінде оқытуға ерекше мән беріледі. Тіл оймен тікелей байланысты және адамдардың ғасырлар бойы қалыптасқан ой жұмыстарының көрінісі болатындықтан, оның әр алуан тарам-тармақтарын тез игеру оңай емес. Сондықтан бала қазақ тілін бастауыш мектептің есігін ашқаннан бастап, орта мектепті бітіргенше оқиды. Бастауыш сыныпта балаға сурет салдырудан да, есеп үйретуден де, дүниені танудан да өзі сөйлеп жүрген ана тілін оқыту қиын.

Бастауыш сыныптарда оқушылар оқу сабақтарында өздерінің білім тәрбие алуына қажетті әр түрлі оқу дағдыларын қалыптастырады. Оқу –өте күрделі психологиялық үрдіс. Оқушылардың оқу дағдыларын қалыптастыру жалпы тіл дамуымен, оның ішінде әдеби жазба тілімен де тікелей қабысып жатыр. Оқу барысында көру, есту, сөйлеу мүшелерінің қызметі қатар жүргізіліп, ол түсіну әрекетімен тығыз байланысты болады. Кейбір жағдайда оқушылар мүдірмей шапшаң оқыса, соны місе тұтып, оқу дағдысын қалыптастырдым дейтін мұғалімдер кездеседі. Ал, байыптап үңіле қарасақ, бала шапшаң оқығанмен, оны саналы түрде түсініп, дауыс ырғағын келтіріп, мәнерлеп оқи алмауы мүмкін. Оқушымен жүргізілетін оқу дағдысын қалыптастыруға қажетті тапсырмалар тек мұғалім тарапынан тілдің заңдылықтары мен қажетті ережелері меңгерілген кезде ғана мүмкін бола алады. Зерттеулерге сүйенер болсақ, алғашқы кезең-аналитикалық, яғни талдау кезеңі. Бұл кезде әріп таныту, оқу техникасын меңгерту үшін оқушыларға тіліміздің жеке дыбыстардан тұратыны, әріптердің осы дыбыстардың шартты белгілері екені түсіндіріледі. Екіншісі- әрбір сөзге дыбыстық талдау жасау, яғни жинақтау кезеңі. Мұны кейде оқу әрекетінің тұтастық құрамға айналу кезеңі деп те атауға болады. Ең соңғы кезең- оқудың автоматтандырылған кезеңі делінеді.[5,23]

Бастауыш мектептегі жүргізілетің оқу сабағының тәрбиелік мәні атақты педагог К.Д. Ушинский дәуірінен бастап-ақ анықталған екен. Ал қазіргі жағдайда оқу сабағының тәрбиелік мәнін арттыру талабы бастауыш мектептегі оқудың сапасын көтеруде, әсіресе, оқу дағдысын жетілдіруді ерекше қажет етеді. Жалпы төменгі сыныптарда оқудың түрлері екіге бөлінеді: дауыстап оқу, іштен оқу. Дауыстап оқу көбінесе 1-2 сынып оқушыларына тән болады. Бірақ, 1-сыныпта іштен оқуға болмайды деген ұғым тумауы керек. Іштен оқу алғашқы сыныптарда басталады. Оқудың бұл көрсетілген екі түрі бір-бірімен ұштастырыла жүргізіледі.[7,59] Дегенмен оқушыны оқуға дағдыландыру, жаттықтыру негізінен дауыстап оқу арқылы жүзеге асырылады.

Дауыстап оқудың пайдасы сол: біріншіден, оқушы әр сөйлемді, әр сөзді өз сазына келтіріп оқуға жаттығады; екіншіден, оқығаның көру және есту сезімі арқылы қабылдайды; үшіншіден, мұғалімнің оқушының қалай оқығанын байқауға мүмкіндік туады.

Дауыстап оқу қаншалықты пайдалы болғанымен, оның да кемшілік жағы бар: біріншіден, дауыстап оқыған адам тез шаршайды: екіншіден, дауыстап оқуға дағдыланып кеткен бала іштен оқығанын жете түсіне алмайды. Дауыстап оқуға оңаша жер іздеп жүретін болады. Сондықтан сынып жоғарылаған сайын, оқушыны іштен оқуға жаттықтыру керек. Іштен оқу арқылы да түсінуге болады. Оқудың бұл түрі оқушыға үлкен жеңілдік келтіреді. Міне, сондықтан оқудың бұл екі түріне де үйретудің маңызы зор. [5,23]

Сонымен қатар, бастауыш сыныпта ең маңызды міндеттердің бірі-оқушылардың оқу дағдысын дұрыс қалыптастыру. Қалыптасқан оқу дағдысы кем дегенде мынадай екі бөлімнен тұрады:

а) оқу техникасы (дұрыс, тез қабылдау және сөздерді дыбыстау).

б) мәтінді түсіну ( негізгі ойды, мазмұнды ажырату).

Бұл екі бөлім бір-бірімен тығыз байланысты. Олай дейтініміз, жетілдірілген оқу техникасын түсініп оқуды жеңілдетеді, ал түсінуге жеңіл мәтін дұрыс және нақты түрде қабылданады. Яғни, оқу дағдысын қалыптастырудың алғашқы кезеңінде оның техникасына, кейіннен оқығанын түсініп қабылдауға көбірек көңіл бөлу қажет деген сөз. Әдетте, мұндай дағды көптеген жылдар барысында қалыптасады. Бастауыш сынып оқушыларының оқу сабақтарында жіберілетін қателері:

- әріп, буын немесе сөз қалдырып кетіп оқу;

- кейбір буындарды, сөздерді екі рет қайталап, ежелеп оқитыңдар;

- тілі келмегендіктен немесе әдеттеніп кеткендіктен бір әріпті екінші әріппен алмастырып оқиды.[10,7]

Сонымен қатар, әрбір сыныпта мәтінді өте баяу оқитын, оқу барысында көптеген қателер жіберіп, өздерінің оқығандарын өздері түсінбейтін оқушылар аз емес. Ата-аналар мен оқушылар тарапынан жүргізілетін жұмыстарының нәтижесі де ойдағыдай бола бермейді. Тіпті, үлкендер жағынан жүргізілетін тексеріс барысында әр кез сәтсіздікке ұшырайтын оқушыларда үрей мен өзіне деген сенімсіздіктің күшейетіні де, оқуға деген жек көрушілік сезімі қалыптасатыны да таңсық емес. Жалпы бастауыш сынып бағдарламасында оқу дағдысын қалыптастыру - сыныптан-сыныпқа көшіру барысында оқылған мәтіннің көмегімен, оқу жылдамдығы - оқушының дұрыс және түсіне оқуының қалыптасуына қарай бағаланады.

Сондықтан, бастауыш сынып оқушыларына ұсынылып отырған тапсырмалар сөз және мәтіндермен жүргізілетін, бір-біріне ұқсамайтын, ерекше көңілді тапсырмалар.

Тапсырма баланың көңіл-күйін көтереді, оқуға деген қызығушылығын арттырып, тіл байлығын, сөздік қорын молайтады, зейінінің тұрақталып, есте сақтау қабілетінің қалыптасуына ықпалын тигізеді.

Тапсырмаларды сабақтарда, сабақтан тыс мерзімдерде жарыс-ойын түрінде, 10-30 минут көлемінде жүргізуге болады.

Ескеретін жай, тапсырмаларды орындау барысында қателесіп, жаңылысқан балаға наразылық кейіп көрсетпеу керек, керісінше, олармен бірге қызықты, күлкілі, сөздердің пайда болғанына шын көңілмен қуана білгені жөн.[4,4] Жалпы осындай шығармашылық жұмыстарды ойдағыдай атқару үшін мұғалімнің оқушыға берер әсері мол болары сөзсіз. Сондықтан ,оқушыларға «сен білесің», «сенің қолыңнан келеді», «сен істей аласың», деген сөздер қажет. Оқушының жеткен жетістігін жоғары бағалап, мадақтап, көтермелеп отыру керек. Осы аталған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін шығармашылық тұрғыдан ізденіс, шыдамдылық, жүйелі жұмыс қажет. Тапсырмалар арқылы өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады. Білімге деген қызығушылығы артты. Ұйымшылдыққа үйренді. Тапсырма үстінде талғамы артады деп айта аламын.

Өзектілігі: Бастауыш мектептің оқыту тәрбиелеу үрдісінде оқушыларды оқуға, ұйымшылдыққа, еңбек ете білуге даярлау, олардың бойында адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, сабаққа белсенділігін, қызығушылығын арттыру барысында, қазақ тілі және әдебиеттік оқу сабақтарында деңгейлік тапсырмаларды қолдану аясын кеңейту, оларға қойылатын талаптарды жетілдіру. Тапсырмаларға жете мән беру, оларды әр түрлі мақсаттарға сай түрлендіріп, сабақта тиімді пайдалану.

Осы тақырыптардың өзектілігін негізге ала отырып, алдыма мынадай мақсат, міндеттер қойдым:

Мақсатым: оқушыларға қызықты сөздер мен сөз тіркестерін анықтау арқылы оқудың дағдысын меңгерту, оқушының қабілетінің жеке дамуы, шығармашылық ойлау қабілетінің дамуы және рухани ішкі дүниесін тәрбиелеу.

Міндеттерім:

- оқушылардың қазақ тілінде ауызша, жазбаша қарым-қатынас жасау қабілеттерін арттыру.

- сөздердің лексикалық-логикалық үйлесімі келіскенде ғана сөз мағыналы болатынын ұғындыру.

- тұлғаның ең басты функциялық сапалары белсенділік, шығармашыл тұрғыда ойлауға және шешім қабылдай алуға үйрету.

Жобаны іске асыру шарттары:

- Балалардың толық қатысуы;

- Балалардың жас ерекшеліктерін ескеру;

- Аталған жобаны іске асыруда, табысты нәтижеге жету жолында арнайы материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылуы қажет, арнайы техникалық құралдармен жабдықталған оқу бөлмесі.

-Білім беру барысында қажетті құжаттарды толтыру,

Меңгеру деңгейінің талаптары:

- оқушылардың оқуға талабын және білігін қалыптастыру;

- оқушылардың қажетті танымдық қызығушылығын арттыру;

- бастауыш сынып оқушыларында біртұтас оқу әрекетін қалыптастыруға ықпал ету;

- оқушылардың тұлғалық қалыптасуын, қабілеттерін дамыту;

- зерттеу әрекеті мен өзіндік оқу-танымдық үрдісін қамтамасыз ету;

- өз бетінше іздене білуге үйрету;

- түрлі тапсырмаларды орындауға дағдыландыру;

- өзара әрекет пен қарым-қатынас жасай білуге үйрету;

Күтілетін нәтиже:

Тапсырмадағы ұсынылып отырған әдіс-тәсілдер оқу дағдысы төмен оқушылардың оқу жылдамдығын жетілдіреді, оқыған мәтінді дұрыс түсініп, жоғары қабылдауына көмегін тигізеді. Сыныптың білім сапасы артады. Әр оқушы тұлғалық жағынан дамиды.

Т а п с ы р м а л а р

1-тапсырма. Әр жолдағы сөздерді керісінше оқу. Екі жолға бірнеше сөздер жазылады. Жолдың ең соңындағы сөз бірінші, ал соңғы сөздің қасындағы сөз екінші болып, осылайша жалғасып кері оқылады.[4,5]

Мысалы: Аспан малға толып кетті -

Бұлттар түлік болып кетті.

Бір бұлт шықты ешкі болып,

Бір бұлт шықты мешкі болып.

Яғни, Болып мешкі шықты бұлт бір,

Болып ешкі шықты бұлт бір.

Кетті болып түлік бұлттар

Кетті толып малға аспан.

Бұл тапсырма көздің қимыл қозғалысын дамытып, басқа жаттығуға дайындық болып табылады.

2-тапсырма. Әр жолдағы сөздерді керісінше әріптеп оқу.

Екі-үш жолға тізбектеліп бірнеше сөздер жазылады. Әр сөз соңғы тұрған әріптен басталып оқылады.[4,5]

Мысалы: Нан, шаш, аға, қырық, алаш, қақ, мысық, ала, парта, ара, дала, атам, тос, балық, батыр, жусан, сағат, аймақ, қайық, шағала, асқабақ,бастық, жарыс, тоған, тамақ.

Бұл тапсырма әрбір сөзге әріптік талдау жасау қабілетін дамытады, тілдің қозғалыс жүйесінің үйреншікті емес сөздерді де айтуын қалыптастырады.

3-тапсырма. Сөздерді дұрыс және керісінше кезектестіріп оқу.

Алдын-ала жазылған сөздердің бірінші сөзі әдеттегідей дұрыс оқылады да, сол сөз оңнан солға қарай кері оқылады.[4,5]

Мысалы: оқу-уқо,

Жазу, ірімшік, кесіртке, інжу, керуен, киік, әтеш,бота,өгіз, қаз, үйрек, бұзау, бөдене, тай, қозы кекілік, ешкі.

Бұл тапсырма тілдің қозғалыс жүйесінің бір мезгілде екі түрлі, қарама-қарсы оқу қабілетін дамытады: 1) жақсы таныс, үйреншікті оқу,

2) дағдыланбаған оқу. Тапсырманы орындай отырып, бала екі түрлі жағдайда оқудың айырмашылығын түсінеді.

4-тапсырма. Сөздің екінші жартысын ғана оқыту.

Бірнеше сөздер жазылған кесте беріледі. Әр сөздің бірінші жартысы іштей оқылып, тек соңғы буыны, не жартысы дауыстап оқылады (мысалы үшін алсақ, - дің, - нші, - сын, - на, - ту).[4,6]

Мысалы:

а) Айманның әжесінің сандығы бар. Ұста сандықты ағаштан жасайды. Оның сыртын әшекейлейді. Оның ішіне киімдерді сақтау ыңғайлы.

б) 1.Қонақтар кең бөлмеге жиналды. 2.Сабыр қаладан машинамен қайтты. 3.Үлкен жолмен машиналар жүріп жатыр. 4.Бүркіт биік шыңда өмір сүреді. [2,29]

Бұл тапсырма сөздің басын дұрыстап оқып, соңын қате немесе ойша айта салатын оқушылардың тез дұрыс оқып кетуіне көмегін тигізеді.

5-тапсырма. Сөздерді топтарға бөлу.

Әрқайсысына бір сөзден жазылған 8-16 қима қағаз оқушыларға үлестіріледі. Сөз жоғалған зат екендігі және оны тез арада тауып, орнына қою керектігі айтылады.[4,9] Мысалы, үстелдің сол жағы - ас үй. Ол жерге ас үйге қажетті зат атаулары қойылады. (кастрюль, шелек, кесе, тәрелке, қазан, қасық, шөміш), ал үстелдің оң жағына -мектеп, ол жерге мектепке қажетті зат атауын орналастыру керек. (1, 2, 3, 4 - топқа).

А) Үй жануарлары:

Б) Құстар:

В) Аңдар:

Г) Қалалар:

Орал, жолбарыс, арыстан, торғай, киік, сиыр, Алматы, жылқы, бұзау, қоян, тоқылдақ, қой, аққу, Ақтау, Атырау, ешкі, қасқыр, қарға, сауысқан, аю, қарылғаш, тырна, Астана, түйе.

Ескерту: сөздер алдын-ала дайындалып, топтарға бөлуге жеңіл жағдайда болу керек.

6-тапсырма. Мағыналы сөздерден, мағынасыз сөздерді бөлу.

Төмендегі сөздерден мағыналы сөздерді бір топқа, мағынасыз сөздерді екінші топқа бөліп жаз.[4,9]

Адам, бала, бата, баша, адат, тігінші, тігіші, кітап, кіташ, таза, таша, әкім, әтіш, білім, алтын , алнаш, табиғат, тапиғаш, туысқан, туғысқан, қарындас, қармындас, нағашы, ағашы.

Бұл тапсырма мағыналы сөзден, мағынасыз сөзді тез ажырата білу қабілетін дамытады.

7-тапсырма. Мәтіннен берілген сөздерді іздеу.

Бұл тапсырмада бала мәтіннен тез тауып ала қоятындай 3 сөз беріледі. Сөздерді жазбаша көрсетуге де, ауызша айтуға да болады. Тек берілген сөздер мәтінде бірнеше рет кездесуі қажет. Баланың міндеті – оларды тез тауып астын сызу немесе шеңбермен қоршау.[4,10]

Мысалы: көк кит,

Дүние жүзіндегі тіршілік ететін жануарлардың ең алыбы - көк кит. Көк киттің алып қаңқасы отыз тонна. Жалпы салмағы жүз жиырма үш тонна. Бұл қырық пілге тең деген сөз. Жүрегінің салмағы сегіз жүз килограмм. Көк киттің ұзындығы отыз үш метр.

8-тапсырма. Бір-біріне ұқсас сөздердің ішінен мағынасы бар сөзді табу.

Үлгідегі сөзге сәйкес келетін кез-келген бір-біріне ұқсас сөздердің ішінен мағынасы бар сөзді табу. Содан соң оқушыларға 10-15 үлестірме ұсынылады. Үлестірмеге үлгідегі сөз және одан бір-екі әрпі басқа ұқсас сөздер жазылады. [4,10]

Мысалы: үлгі ретінде берілетін сөз - қолтырауын болса, үлестірмедегі сөздер қолбырауын, қолқырауын сияқты сөздер болуы мүмкін.

Үлгіге сай келетін сөз келетін сөздерді бір бөлек, үлгідегі өзгеше сөздерді бір бөлек қойып шығу.

Бұл тапсырма баланың тез, әрі нақты әріптік талдау жасауын және логикалық сөздік есте сақтау қабілетін дамытады.

Қолтырауын, қолбырауын, қолқырауын, қылқорауын.

Күйкентай, күйментай, күйкетай, күйтай.

Ләйлек, ләйлік, ләйліке, ләйлен.

9-тапсырма. Төңкерілген мәтінді оқыту.

Оқытуға берілген мәтін беті төңкеріледі. Бала осы төңкерілген мәтінді оқып шығуы керек. Мұғалім оқушыларды ертегілер әлеміне саяхатқа шақырады, ол жақта барлығы керісінше деп баяндайды. (яғни төңкерілген, аяқтары жоғары, басы төмен қараған және т.б). Сол әлемге барғанда тез үйреніп кету үшін осы мәтінді төңкеріп оқып үйрену қажеттігі айтылады.[4,11]

Бұл тапсырма көз қозғалысының жақсарып, жетілуіне септігін тигізеді.

10-тапсырма. Сөйлемдегі түсіріліп қалған сөздерді толықтыру.

Тапсырмада сөздер түсіріліп қалған мәтін немесе бірнеше сөйлемдер берілді. [4,12]

Мысалы:

Баяғы заманда қазақтың Бейбарыс деген ...... соғысқан елдің адамдары ....алып, құлдыққа сатып жіберіпті. Бейбарыс бүкіл өмірін ......елінде өткізіпті. Қайдан келгенін .......... түсіре алмапты.

Бейбарыс өзінің мықтылығының арқасында әскербасы дәрежесіне жетіп, кейін ......... болып, Бейбарыс....... атанады.[3,47]

Бұл тапсырмада бала алдыңғы сөздердің мағынасына қарап ойланып, түсіріліп қалған сөзді табады. Жаттығу баланың оқу техникасын жетілдіріп, ойлау қабілетін арттырады.

11-тапсырма. Ұғымдық мағынаға сәйкес келмейтін сөйлем жазу.

Балаларға арнайы дайындалған мәтін немесе ерекше мазмұнды сөйлемдер жиынтығы ұсынылады. Бұған қоса мағынасы өзгертілген, адам ұғымына сәйкес келмейтін сөйлемдер де бірге дайындалады. Сөйлемдер қызықты, күлкілі жағдай туғызатындай ойластырылуы керек.[4,12]

Мысалы: Күздің соңғы күндерінде әдеттегідей бар алма ағаштары гүлдеді. Жер бетін түгелдей ақ қар басып, күн ыстық болып кетті. Мен дүкеннен балшық сатып алып едім, өте дәмді екен.

Баланың міндеті - адам ұғымына сай келмейтін сөйлемдерді атап көрсетіп, түсінік беру. Тапсырманы түрлендіріп, фантастикалық не ертегілік сюжетке сай құру мұғалім шеберлігіне байланысты.

12-тапсырма. Жартыдан бүтін құрастыру.

Саны 3-тен 10-ға дейін бөлек сөздер алынады. Әрбір сөз екіге бөлініп, екі бөлек үлестірмеге жазылады. [4,13]

Мысалы:

Қошақан, дәптер, өрнек, малшы, көлшік, жота, таулы, жұлдыз, жауынгер, қуыршақ, бауырсақ, орындық, балалар, оқушы, сөздері қоша-қан, дәп-тер, өр-нек, мал-шы, көл-шік, жо-та, тау-лы, жұл-дыз, жауын-гер, қуыр-шақ, бауыр-сақ, орын-дық, бала-лар, оқу-шы болып екіге бөлініп бөлек жазылады.

Бұл тапсырмада сол жағындағы сөздердің алғашқы буыны қалады да, соңғы буынына жаңа сөз жылдам құрастырып, дұрыс мағыналы сөз шығару керек.

Бұл тапсырманы күрделендіріп те беруге болады. Сондай-ақ айтылуы, не жазылуы ұқсас сөздерді де бөлек алуға болады. Мысалы: дәп-тер, кеп-тер,тек-сер,ес-кер.

Бұл тапсырма оқушының оқу техникасымен қоса сөздік қорын дамытады.

13-тапсырма. Жекелеген сөздерден сөйлем құрау.

Сөйлем қағаздың әр жолына жазылып, содан соң жеке-жеке қиып алынып араластырылады. Сөйлемді құрастырып түсінікпен оқып беру балаға тапсырылады. [4,14]

Мысалы:

«Көк доп өзенге түсіп кетті»-деген сөйлемді алсақ, бала «көк өзенге доп түсіп кетті»,-деумен шектелмей, суреттеп отырған жағдайдың мағынасын түсініп ойланып құрастыру керек.

14-тапсырма. Дұрыс жазуға дағдыландыру немесе адасқан әріптер

Сөздер қағазға жазылады. Ал оқушылар, тез ойлап, түсінікті оқып беру оқушыға тапсырылады.[6,53]

Мысалы:

1.Ңақарт. 2.Пақна. 3.Уарзын. 4.Рымма. 5.Мысума. 6.Рқуқыйке. 7.Арқаша. 8.Зақан. 9.Лежсантоқ. 10.Мазыт. 11.Деліш. 12.Суіре.

Ай аттарын дұрыс жазу. Бұл тапсырма оқушының оқу техникасымен қоса сөздік қорын дамытады, ойлау қабілеттерін дамытады.[9,9]

15-тапсырма. Бір дыбыстан басталып, бір дыбысқа аяқталатын сөзді жазу.

Сөздің бас әрпі мен соңғы әрпі сол дыбыстан аяқталатын сөздерді жазу.

Мысалы: қызық, қазақ, қалақ, қаймақ, құлақ, қорлық, қырық немесе кесек, кезек, кебек, керек, көбелек, көкек, көкірек, кеңпейілдік, көмек.[8,3]

Бұл тапсырма оқушылардың ойлау қабілеттерін және сөздік қорларын дамытады.

16-тапсырма. Сөз тізбесін жалғастыру.

Келесі сөз алдыңғы сөздің соңғы әріпінен басталатын болсын.[9,31]

Мысалы: қаз

зат

ауық

ауын

ауа

сыл

ас

ағат

Бұл тапсырма оқушылардың ойлау қабілеттерін және сөздік қорларын дамытады.

17-тапсырма. Буын арқылы жаңа сөз құрастыру.

Берілген сөздердің бір буынын алып, жаңа сөз құрастырып жазу.

Мысалы: балмұздақ, дуадақ-мұздақ, балдақ.[9,9]

Бұл тапсырма оқушының оқу техникасымен қоса сөздік қорын дамытады.

18-тапсырма. Бірінің үстіне бірі жазылған сөздерді оқу.

Оқушыларға бірінің үстіне бірі жазылған сөздері бар қағаз қималары таратылып беріледі. Сөздердің бұлай берілуі тосыннан соққан қатты дауылға байланысты деп түсіндіріледі.

Балалардың міндеті араласып жатқан сөздерді ретке келтіріп, оқып беру. Берілген сөздер саны мән-мағынасына қарай біртіндеп күрделене береді. [4,7]

19-тапсырма. «Сиқырланған» сөздерді оқу.

Оқушыларға әртүрлі сызық, штрих, қарапайым суреттердің кедергісінен оқылуы қиынға түсетін сөз жазылған қималар таратылады. Сөздердің неліктен күрделі беріліп отырғандығы түсіндіріледі.

Берілген түсіндірме оқытушының айтқан әңгімесінің мазмұнына, ойының ұшқырлығына, тапқырлығына байланысты. Мысалы, бұл сөзді сиқыршы әдейі оқи алмастай етіп сиқырлап қойды, соған қарамастан біз бұл сөзді оқып, сиқыршы қулығының шешімін табамыз деуіне болады.[4,6]











20-тапсырма. Мәтінен бір-бір сөзден тастап оқу.



Оқығанда әдеттегідей оқымай, бір сөзден келесі сөзге аттап өтіп оқиды. Мысалы үшін осы сөйлемді бір-бір сөзін тастап оқып көрейік: ........ әдеттегідей ............. бір .......... келесі ........ аттап ..... оқиды.

Оқушыны осылай оқуға да қалыптастыру.[4,14]



ТҮЙІН

Бастауыш сыныпта еңбек еткен 21 жылдық тәжірибемде баланың оқу дағдысының дұрыс қалыптасуына, жеке қабілетін анықтауға, оқу шапшаңдығын жетілдіруге, қатесіз дұрыс оқуға, өз ойларын еркін айта білуге, тез әрі шапшаң ойлауға әртүрлі тапрсырмалар орындату керек деген ой келді. Соның нәтижесінде «Оқушылардың оқу дағдыларын қалыптастыруға арналған тапсырмалар» атты жоба құрастырдым.

Жоба екі үлкен бөлімнен тұрады:

1) оқу техникасы (дұрыс, тез қабылдау және сөздерді дыбыстау)

2) мәтінді түсіну (негізгі ойды, мазмұнды ажырату).

Бұл екі бөлім бір-бірімен тығыз байланысты.

Жалпы бұл жұмыс бастауыш сынып мұғалімнің бір қадесіне жарап, сабақта, сыныптан тыс уақыттарда пайдалануға көмегін тигізері сөзсіз.

Бүгінгі таңда бастауыш сыныптан бастап оқушының сөйлеу қабілетінің дамуына әсер ететін жайға көп көңіл бөлу керек. Себебі, тілі жетік оқушы кез келген жерде жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Ал тілі дамымаған оқушы біліп тұрғанының өзін өз дәрежесінде жеткізе алмай қиналады. Сондықтан бастауыш сыныпта балаларды жылдам оқуға қалыптастырумен қатар түсініп оқуын қадағалап отыру маңызды. Осы орайда неғұрлым баланың қабілеті мен талантын дамытуға ертерек көңіл бөлінсе, соғырлым оны толық ашуға мүмкіндік туады.

Бұдан шығатын түйін: оқушы оқуға белсенді қатысқанда ғана материалды терең меңгеруге қол жеткізеді. Егер оқыту оқушы мен оқу материалын қосатын «көпірді салуға» негізделсе ендеше мұғалім көпірдің екі жағын қадағалай білу тиіс деп білемін. Ұстаз алдындағы баланың не білетінін нені жасай алатынын, олардың қызығушылықтарын, әр баланың нені жақсы көретінін және не істегісі келетінін түсінсе ғана нәтижеге қол жеткізеріміз сөзсіз. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш білімде, -деп өз ойымды түйіндедім.

















Пайда

Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!