Материалдар / Оқушылардың мәнерлеп оқу дағдысын қалыптастыру
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

Оқушылардың мәнерлеп оқу дағдысын қалыптастыру

Материал туралы қысқаша түсінік
мұғалімдерге дарынды оқушыларды дайындау үшін көмекші құрал ретінде керек.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
06 Маусым 2019
8194
9 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады


Оқушылардың мәнерлеп оқу дағдысын қалыптастыру


Қазіргі қоғамда бала тәрбиесіне, сапалы білім беру дәрежесіне айрықша назар аударылып отырғаны бәрімізге аян. Бала тәрбиесіне әсер ететін бірінші фактор ол - ауыз әдебиеті. Себебі бала дүниеге келгеннен ананың әлдиін, әженің ертегісін тыңдап өседі. «Бесік жырын» ана сазды әуенмен айтып, сәбидің көңіл күйін ашады, бесіктің тербелуімен бірге шығатын ән ырғағы нәрестені жұбатады, ұйықтатады.Жас сәбидің жанына сая болатын, жүрегіне жылу сыйлайтын «бесік жыры» - баланың алғашқы рухани азығы десек те болады.Бесік жыры «балалар фольклорындағы халық ауыз әдебиетінің алтын дәні, жыр, өлеңнің бірінші бастамасы бола тұрып, сәби құлағына ең тұңғыш рет ана сүтімен енген ана тілінің әуезді үні, әндетіп айтылатын жырының алғашқы әуені, сазы. Ендеше мәнерлеп термелеудің, беташары да осы.

Ал мектепте оқушыларымыздың туған халқымыздың ауыз әдебиеті үлгілерінен бастап, көркем әдебиетіміздің туындыларымен сусындата алсақ , олардың жан дүниесін жадырата аламыз. Баланың ой-өрісін кеңейту, ақыл-ойын дамыту, мінез-құлқын, еркін тәрбиелеудің бәрі мәнерлеп сөйлеумен тікелей байланысты.

Мәнерлеп оқу дегеніміз — қарапайым сөйлеу тіліне жақын, еркін оқу. Қарапайым сөйлеу деп күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде бір-бірімізбен қарым-қатынас жасағанда алуан түрлі дауыс құбылысына түсіріп сөйлеуді айтып жүрміз. Өйткені, адамдар бір-бірімен сөйлескенде әр түрлі оқиғалар, хабарлар, көріп-білгендері туралы әңгімелейді және сол әңгімелерін өте шебер, әсерлі жеткізеді. Ондайда тыңдаушының қаншама әсер алатыны белгілі. Ал мектеп практикасына келсек, оқу мен сөйлеудің арасында    алшақтық   мол. Алайда,   осы екеуінің арасындағы ажырамас тұтастық пен байланысты түсініп оқу қажет. Сөйлеу тіліндегідей етіп ешкім де оқи алмас, бірақ сөйлеу әуеніне жақын оқуға мүмкіндік мол. Мәнерлеп оқу – әдебиетті талдаудың негізі, бастау көзі. Әрбір әдеби шығарманы оқып меңгерудің басы көркем мәтінді мәнерлеп оқудан басталады.

Мәнерлеп оқу – әдеби талдаудың ешқайсысымен алмастырылмайтын ерекше қабылдау үдерісі болып табылады. Әр буында, әр сөзде, сөз тіркесінде, әрбір сөйлемде орныққан интонация сол сөзді айтып тұрған кейіпкердің жан-дүниесін мәнерлеп оқып тұрған оқушыға бірден ұғындыратыны сөзсіз.

Оқушыларды мәнерлеп оқуға жаттықтыру барысында мұғалім әңгімелеу үлгісінің бірнеше түрлерін дыбыс таспасына жазып алып тыңдатуына болады.   Балалардың демалыс кезіндегі немесе белгілі бір кинофильмнен алған әсерлерін әңгімелетіп    отырып,    дыбыс таспасына  жазып алып,    оны қағазға түсіріп, сол әңгімені  айтқан баланың өзіне қайта оқытса, екеуі екі бөлек  дүние болып шығады. Өйткені, оқушы өзінің еркін сөйлескен әңгімесін қағаздан оқығанда, сөйлеу кезіндегі эмоциялық әсерінен айырылып қалады. Әрине, бұндай кезде сөйлеу аппаратының қызметі де, дауыс та оқушы дағдысы мен икемділігіне    бағынады.   Соның   салдарынан балалар үшін де, үлкендер үшін де мәнерлі көркем оқу мен қарапайым сөйлеудің бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ сияқты керінеді. Оқу мен сөйлеудің байланысын түсініп, салыстыра отырып жаттығулар түрлерін жасап үйренсе, олардың ұқсастығы мен айырмашылығы анық көрінеді. Көркем сөз шеберлерінің күйтабаққа жазылған сөздерін тыңдату арқылы да мәнерлеп оқу, керкем оқу дегеннің не екенін не екендігі туралы ұғымдар беруге болады. Сондықтан  мұғалімдер балалар аудиториясында оқылатын   әрбір көркем шығарманың көркемдігін сақтай отырып мәнерлі оқып береді. Сонда ғана оқушы әрбір көркем туындыдан эстетикалық ләззат алады.  Онсыз оқудың құны болмайды.

Оқушылардың тілін мәнерлеп оқуға  жаттықтыру үшін жүргізілетін жұмыстар:

  • Шығарманы дыбыс  таспасына жазып тыңдауды ұйымдастыру;

  • Оқушыларға  сұрақ-жауап қойып әңгімеге тарту, жазып алу;

  • Жазып алынған әңгімені дәптерден оқу, салыстыру;

  • Жергілікті мәдениет үйінің әртістерімен кездесу ұйымдастыру.

  Кез-келген шығарманы оқу барысында негізгі дауыс сарыны шығарманың мазмұнына сай болуы қажет. Ал негізгі дауыс сарыны дегеніміз – көркем шығарманың ауызша естілу әуені. Негізгі дауыс сарыны көркем шығарманың мазмұны мен түріне байланысты болады. Яғни оқылған шығарма өлең түрінде жазылғаны немесе қара сөз түрінде жазылғанына байланысты. Шығарманың түріне байланысты негізгі дауыс қарқынын құбылтып, өзгертіп балаларға жеткізуге мұғалім мәнерлеп сөйлеудің бірнеше тәсілдерін пайдалануы қажет.

Мен бұл ретте көркем шығармадағы «кейіпкерлердің рөліне еніп сөйлеу» тәсілін тиімді деп ұсынар едім. Мұнда әр оқушы өзіне ұнаған кейіпкердің дауысын салуға , оны мәнерлеп әсерлі етіп жеткізуге дайындалады. Дайындыққа 3-5 минут бересіз. Содан соң мұғалім автордың , ал оқушылар өз кейіпкерінің дауысын салып оқиды. Бірінші ретте дұрыс шықпаған кейіпкерге екінші рет мүмкіндік беріледі. Бұл тәсілді сабақ уақытында да , үйірме кезінде де пайдалануға болады.Әрине ,мұнда әсерлі сөйлеу мен интонация мәселесі бірінші орында болуы шарт.

Мәнерлеп сөйлеуде басты рөл атқаратын тәсіл – интонация. Оны қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымы Құдайберген Жұбанов «сөз сазы» деп атаған. Интонация немесе сөз сазы дегеніміз – сөйлеудің мәндік эмоциялық нақыштың болуы.

Интонация көркем сөз орындаушының немесе мәнерлеп сөйлеген адамның ішкі сезімінің, ойын білдіретін көркем образдарды бейнелеуге көмектесетін дауыстың алуан түрлі құбылысы. Сол құбылысқа байланысты дауыстың реңкі кейде ызалы, кейде байсалды, кейде күлдіргі, кейде дөрекі, кейде қызба, кейде назды, кейде қуақы болып шығуы мүмкін.

Мәнерлеп сөйлеудегі басты тәсілдердің бірі – екпін.

Қазақ тілі лебізді – динамикалық тәсілдердің қатарына жатады. Лебізді – динамикалық екпіннің ерекшелігі сөздегі буындардың ішінен бір буын ерекше көтеріңкі дауыспен айтылады. Қазақ тілінде екпін сөздің соңғы буынан түседі және сол екпін түскен буын созылыңқы айтылады. Бірақ қазақ тілінде екпін қабылдамайтын қосымшалар да бар: Мысалы:

1. Жіктік жалғау екпін қабылдамайды / мын, мін, ды, ді, ты, ті, т.б./

2. Болымсыздық жағынан тудыратын ма, ме, па, пе, ба, бе, екпін қабылдамайды.

3. Есімдерге жалғанып теңеулік ұғым тудыратын – дай, дей, тай, тей жұрнақтары екпін қабылдамайды.

4. Етістіктің түбіріне жалғанып тілек, өтініш ұғымының тудыратын шы, ші, жұрнақтары екпін қабылдамайды.

Берші, көрші, жазшы т.б. Қазақ тіліндегі екпін сөз мағынасын айқындау қызметін атқармайды.

Өйткені екпін үнемі сөздің соңғы буынына түседі. Қазақ тілінде әдетте екпін үш түрге бөлінеді:

1. Сөз екпіні

2. Сөз тіркесі немесе фразалық екпін

3. Сөйлем немесе логикалық екпін

Қазақ тілінде бір екпін, бір ырғақпен айтылатын сөздердің тобы бар. Оған күшейткіш үстеулер жатады. Мысалы, өте, тым, аса, орасан, тіпті. Осы сөздер басқа сөзбен тіркесіп келгенде бір екпінмен айтылады. Мұндай құбылысты энклитика деп атайды. Ал тіліміздегі күрделі сан есімдермен күрделі сын есімдердің алдыңғы сөздері екпінсіз айтылып, екпін сонғы сөзге түседі де ,бәрі қосылып бір-ақ екпінге ие болады. Осындай өзінен кейін келген сөзбен қосылып айтылатын екпінсіз сөздерді проклитика деп атайды. Мысалы, жетпіс бес, жүз он, мың бір жүз, торала, ақ сары т.б. Сөйлеуде немесе мәтінді дауыстап оқығанда сөйлемдегі сөздер іркес-тіркес айтыла бермей белгілі сөз тіркесі немесе сөз шумағы бір ғана екпінмен айтылуы мүмкін. Осындай бір екпін мен айтылған сөздердің түйдегі – тіркес немесе фразалық екпін деп аталады.

Логикалық екпін сөздің белгілі бір буынына немесе сөз тіркесіне түсіп айтылатын секілді кейде сөйлемдегі айтылатын ойдың мәніне қарай, бір сөз айрықша дараланып айтылады. Сөйтіп, ол сөз ой екпініне ие болады да ерекше әуенмен естіледі. Яғни бұндай екпінді логикалық немесе сөйлем екпіні деп атайды. Логикалық екпін көбінесе мынадай жағдайларда қойылады:

1. Сөйлем ішіндегі бір сөздің мағынасына ерекше көңіл бөлгенде қойылады.

2. Сөйлемдегі қарама-қарсы мағына білдіретін сөздерге логикалық екпін түседі.

3. Бастауышы мен баяндауышы зат есімнен болған жалаң сөйлемдерге ой екпіні баяндауышқа түседі. Мысалы: Айжан – мұғалім, Нұрғали – дәрігер.

4. Қаратпа сөз сөйлемнің басында келсе логикалық екпінмен ерекшеленеді. Мысалы: Қарағым, су әкелші.

Екпіннің келесі бір сиректеу кездесетін түрі эфразалық екпін. Сөйлегенде көңіл-күйдің түрлі толқуларын дыбыстармен жеткізу эмфразалық екпін деп аталады.

Мақұлдау, таңдау, аяу, мейірім, назды білдіретін сөздер екпін түсетін дауысты дыбыстардың созылыңқы айтылуымен беріледі. Мысалы: па-а, шіркін, тамаша-а-а.

Ал жағымсыз эмоцияда сөз басындағы дауыссыз дыбыстар созылып айтылады. Мысалы, к-көрсетейін т.б.

Мәнерлеп сөйлеудің келесі тәсілдерінің бірі – кідіріс. Сөйлеген сөз немесе оқылатын мәтіндегі сөйлемдер толассыз, шұбатылып айтыла бермейді. Олардың арасында белгілі бір үзіліс болады. Сонда сөйлемдегі сөз тіркестері немесе сөз түйдектері немесе сөйлемдер арасындағы толасты кідіріс деп атайды.

Кідіріс 3 түрге бөлінеді:

Бір сөйлем ішіндегі сөз тіркестерін бөліп тұратын кідірісті қысқа кідіріс немесе грамматикалық кідіріс деп атайды.Мәнерлеп оқуда көбірек қолданылатын, жиі ұшырайтын кідірістер — грамматикалық кідірістер немесе нормативтік дауыс ырғағы деп те аталады. Қазақ тілі синтаксисінде онға тарта тыныс белгілері бар.

Тіліміздегі сөйлемдерді сауатты жазу осы тыныс белгілерін дұрыс қоюға

тікелей байланысты. Ал оқу кезінде де осы тыныс белгілерінің жеке-жеке мағыналарын түсініп, дұрыс оқу қажет. Оқу барысында сөйлемдегі сөздер арасына ешқандай тыныс белгілері қойылмаса да, сөз бен сөздің, сөз тіркестерінің арасына қысқа кідіріс жасала береді.

Нүкте сөйлем аяғында қойылатын , яғни хабарлы сөйлемді аяқтап тұратын грамматикалық белгі. Сөйлем оқылып келе  жатып  аяқталуға    жақындағанда  немесе нүктеге     жақындағанда   кідіру    кілт  тоқталмай,   сөйлем  соңындағы сөз, сөз тіркесі баяу созылыңқырап  оқылады. Сонда ғана дұрыс, тереңірек тыныстап алуға, екінші сөйлемді толассыз жалғастырып кетуге мүмкіндік жасалады. Егер де нүктеге жасалатын кідіріс кілт, кенеттен, тез жасалынса, сөйлем мен сөйлемнің ара жігі ажыратылмай, жаңа  сөйлем   алдыңғы   сөйлемге   қосақталып, сөйлем мағынасының дербестігі  сақталмай қалады. Сондықтан нүкте жай қойыла салған шартты белгі ғана емес, мағыналық белгі екенін,  оның  оқылуын  практикалық жолмен меңгеріп алу қажет.

Көп нүкте де сөйлем аяғына қойылатын белгі. Ол сөйлемдегі ой бір себептермен аяқталмай қалғанда, бір себептерден кенет үзіліп қалғанда қойылады. Ал оқу, сөйлеу кезінде көп нүкте қойылған сөйлемге кенет тоқталып үзіліс жасалады. Сол кезде тыңдаушы ой аяқталмағанын, оқушы немесе сөйлеуші белгілі себеппен әрі қарай жалғастырмағанын түсінеді де, жалғасын өзі топшылайды.

Белгілі бір ойдың аяқталғанын білдіретін кідіріс орташа кідіріс немесе логикалық кідіріс деп аталады. Әрбір сөйлемде айтылатын ойға қазық болып, қалған сөздер соған байланысты болып тұратын жеке сөздер, сөз тіркестері бар. Ол сөздер басқа сөз табынан сәл көтеріңкілеу оқылып, тыңдаушы назарын өзіне аударады. Сөйлемдегі негізгі мағына — қай сөзге, қай сөз тіркесіне түсіп тұрғанын дауыс кідірісі арқылы жеткізуге болады. Ал сөйлеу кезінде қай сөзге мағыналық  кідіріс жасалатын болса, сол сөз көтеріңкілеу айтылады.»

Тыңдаушының назарын аудару үшін яғни оның көңіл-күйіне әсер ету үшін жасалатын кідіріс ұзақ кідіріс немесе психологиялық кідіріс деп аталады. Психологиялық кідіріс мәтіннің мазмұн-мағынасына, ондағы қатысатын кейіпкердің іс-әрекетіне, оның көңіл-күйінің құбылуына байланысты оқылады. Мәтінге дұрыс психологиялық кідіріс жасалып оқылғанда, тыңдаушы ерекше назар аударып, онан әрі не болатынын тағатсыз күтеді. Кейде шығарма кейіпкерімен қосыла қуанып, қосыла ренжиді. Психологиялық кідіріс мәтін мазмұнына лайықты жасалған жағдайда тыңдаушының алған әсері ұзаққа созылады.

Мәнерлеп сөйлеуде жиі қолданылатын тәсілдердің бірі- сөйлеу қарқыны темп. Сөйлеу қарқыны дегеніміз – шығарма мазмұнына байланысты шығарманың айтайын деген ойын тыңдаушыға жеткізу үшін және әр кейіпкердің өзіне тән ерекшеліктерін байқату үшін дауысты түрліше құбылта білу. Мәнерлеп сөйлеуде дауыс мүші де басты рөл атқарады.

Дауыс күші дегеніміз – дауыстың ашықтығы, айқындығы және дауысты игере білу яғни ақырын сөйлеуден қатты сөйлеуге, қатты сөйлеуден ақырын сөйлеуге немесе орташа қарқынмен, сөйлей білуге ауыса білу. Дауыс күші көркем сөз оқушыға кейіпкердің іс-әрекетін, мінез-құлқын толық сипаттап беруге көмектеседі. Көркем шығарманы мәнеріне келтіріп оқып беруде немесе баяндауда қолданылатын тәсілдердің бірі – сөйлеу әуені немесе мелодикасы. Дауыс ырғағының не көтеріліп бәсеңдеуін, не бәсеңдеп барып көтерілуін сөйлеу әуені дейді. Сөйлеу әуенін дұрыс сақтау үшін сөйлемдегі тыныс белгілерге ерекше көңіл бөлу керек.

Мәнерлеп сөйлеуде ерекше көңіл бөлінетін тәсілдердің бірі сөйлеу нақышы немесе тембр. Дауыстың эмоциялық бояуын сөйлеу нақышы деп атайды. Сөйлеу нақышы айтылу мақсатына қарай қапалы, үрейлі, қуанышты, көңілді, өкінішті, таңдану, жайдары т.б. тұрғыда болу мүмкін. Оқылатын көркем шығарманың мазмұнына қарай мұғалім дауыс нақышын айқындап балаларға жеткізе білу қажет.

Сөйлеу техникасына төселу жолдарына мыналар жатады:

  • дұрыс тыныс ала білу

  • дауысты жаттықтыру

  • үн реңкін қалыптастыру

Сөйлер алдында ауаны ішке жұту керек. Демді ішке тартқанда өкпе ауаға толады да, көкірек қуысы кеңейеді, қабырға көтеріледі. Ал сөйлеу кезіндегі тыныс алу ерікті және еріксіз болып екіге бөлінеді.

Еріксіз тыныс алу дегеніміз – демді ішке жұту, дем шығару, шұғыл кідіріс жасау. Бұл кәдімгі күнделікті сөйлеу процесінде болады.

Ерікті тыныс алу дегеніміз – демді ішке тарту, кідіріс жасау және дем шығару. Тыныс алудың бұл түрі көркем шығарманы мәнерлеп оқуда, айтуда қолданылады. Тыныс алудың осы түрлерін меңгергеннен кейін мұғалім дауысты дұрыс сақтаудың төмендегідей ережелерін білуі керек:

- Әркім өзінің табиғи дауысымен сөйлеуі тиіс. Айқайлап қатты сөйлеуге болмайды.

- Ұзақ сөйлеуге немесе өлең айтуға болмайды.

- Тамақты суықтан сақтану керек. Мұрын жолының ауруларынан сақтау керек.

Әр адамның өзіндік дауысы болады. Соған байланысты әр адамның дауысының өзіндік айрықша ерекшеленуі дауыстың биіктігі немесе ырғағы деп аталады. Ал дауыстың мәнерлеп сөйлеу кезінде жоғары, орташа, төмен ырғаққа жеңіл ауыса алуын дауыстың икемділігі деп атайды.

Көркем әдебиеттің тілі екі түрлі болып келеді.

Еркін құрылыстағы тіл, яғни проза. Белгілі бір тәртіпке бағынған тізбекке түскен тіл немесе поэзия.

Қазақ өлеңдері ырғаққа құрылады. Ырғақ дегеніміз-қимылдың, құбылыстың жүйелі, мерзімді, мөлшерлі қайталануы. Ырғақты В.Маяковский “Өлеңдегі негізгі күш, негізгі қуат деп атаған. Ал қазақ өлеңдерінің құрылысын зерттеген З. Ахметов «Ырғақ-өлең жазудың негізгі құралы, ақындық өнердің басты шарты» дейді. Өлеңнің ырғағы буынмен үндес келеді. Өйткені қазақ поэзиясында ырғақ туғызатын өлең сөздің буын саны болып табылады.

Әрине, поэзиялық шығармаларды мектепте оқыту қиындық тудыратыны сөзсіз. Себебі оқушылардың көпшілігі поэзияны ұната бермейді. Оқушының өлеңді оқуға қызығушылығын арттыру үшін шығарманы мұғалім өзі оқып бергені жөн. Әсерлі оқылған өлең оқушыға әсер етпеуі мүмкін емес. Әрине мұғалімнің дикциясы,мәнері де оқушының өлеңге деген қызығушылығын арттыруға үлкен көмек болады. Олай болса, оқушының поэзияға құштарлығын ашу тікелей мұғалімге байланысты.

Мұғалімге оқушылардың дикциясын  қалыптастырудағы   бірден–бір дұрыс жол  шығармаларды, өлеңдерді  мәнерлеп  оқыту үшін ережелерін үйрету болып табылады. Мұғалім балаға нені қалай үйретсе, солай қалыптасады. Сондықтан мұғалімнің өз сөзі анық, ашық айтылуы тиіс. Оның сөйлеу тілінде, сөзінде, дыбыстарында мүкіс болмауы керек, себебі шәкірт өз ұстазына еліктейді.

Дыбыстың анық, ашық таза айтылуы буындардың анық, ашық айтылуына, буындардан тұратын сөздердің анық айтылуына, сөздер мен сез тіркестерінен тұратын сейлемдердің анық, таза естілуіне жағдай жасайды. Сол арқылы тұтас текстің мән-мағынасын тұсініп оқуына жетелейді.

Оқушы тіл дыбыстарын дұрыс меңгеру үшін жас кезінен өлең айтып, тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақтар шешіп, ертегілер айтып өссе, дыбыстау мүшелері жетіліп, тіл дыбыстарын дұрыс айту дағдысы  қалыптасады. Әрбір сабақта мәтінді оқуға жаттықтыру арқылы баланы мәнерлеп оқу деңгейіне  жеткізу мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейді. Шығарманы мәнерлеп оқу деңгейіне жеткен оқушы шығарманың сұлу, тұтас бітіміне енеді, сол арқылы кейіпкер бойындағы ізгілік, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді тани алады. Мұның өзі баланы биік адамгершілікке бастайды. Мұғалім практиканы тек сабақта ғана емес ,жергілікті телерадиоларда да жүргізуіне болады. Дикторларды,сахна саңлақтарын тыңдап үйренген бала мәнерлеп оқу мен мәнерлеп сөйлеудің негізіне әбден үйренеді. Мен өз сабағымда оқушылардың мейлі проза ,мейлі поэзиялық шығармаларды оқығанда оның түсініп оқуына, дыбыстың ашық шығуына,кідірістерді дұрыс сақтауына мән беремін. Әрине бірінші кезекте сауатты оқу тұратыны сөзсіз. Шығарманы сауатты,анық оқи отырып оқушы әдемі сөйлеуге үйренеді.

Үнемі ізденіс,үнемі дайындықтың арқасында оқушыларым үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Дәстүрлі мәнерлеп оқу сайыстарынан 1 оқушым республика көлемінде көрінсе ,6 оқушым облыстық көлемінде жеңімпаз атанды. Талмай еңбек етсең, нәтижеге қол жеткізерің анық. Мұғалімнің алдындағы мақсат – алдында отырған шәкіртін өмірге бейім,сауатты,өз ойын анық,айқын жеткізе алатын,көпшілік алдында әдемі сөйлей алатын тұлға тәрбиелеу.Олай болса , баланы дұрыс, түсініп, мәнерлеп оқуға баули алсақ,онда еңбегіміздің еленгені деп білемін.























Пайдаланылған әдебиеттер: 


1. З.Қабдолов. «Сөз өнері». Алматы, 1991 ж. 
2. З.Қабдолов. Әдебиет теориясының негіздері. Алматы, 1970 ж. 
3. Р.Нұрғалиев. Өнер алды – қызыл тіл. Алматы, 1974 ж. 
5. Р.Сыздықова. «Сөз құдіреті». Алматы, 1997 ж. 
10. Х.Қожахметова. «Мәнерлеп оқу». Алматы, 1982 ж. 
11. С.Тілешева. «Әдебиет сабағында мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру». Алматы, 1984 ж. 
12. Ә.Нұрмаханова. «Сөз құдіреті». Алматы, 1971 ж. 
13. Ә.Нұрмаханова. «Мәнерлеп оқу мәселелері». Алматы, 1976 ж. 







Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!