Материалдар / Қазақ тілі сабағының сапасын арттыратын инновациялық технологиялар
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

Қазақ тілі сабағының сапасын арттыратын инновациялық технологиялар

Материал туралы қысқаша түсінік
Ұстаздарға көмек ретінде
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
29 Сәуір 2021
305
0 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНЫҢ САПАСЫН АРТТЫРАТЫН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР Тілден биік асқар жоқ,

тілден асқан байлық жоқ,

тілден терең теңіз жоқ.

Қазақ жазушысы Ғабит Мүсірепов

Кез келген халықтың тағдыры, мәдениеті мен болашағы тіліне тікелей байланысты. Мемлекеттік тіл халықтың рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгі. Ол – ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты топтастырушы, біріктіруші фактор. Осы орайда Конституциядан бастау алған 1997 жылғы 11 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заң тілді дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген маңызды құжат екендігі анық.

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты еңбегінде: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», - деп атап көрсетті. Міне, сол рухани жаңғырудың қайнар көзі біздің ана тіліміз – қазақ тілі болып табылады. Демек, қоғамдық сананы жаңғыртуға байланысты оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық, коммуникациялық желілерді игеру - бүгінгі заманның ең өзекті мәселелері болып отыр.

Қазіргі білім берудің ұлттық моделіне өту - оқыту мен тәрбиелеудің соңғы әдіс-тәсілдерін, жаңа инновациялық педагогикалық технологияны, психологиялық – педагогиканың небір жаңа әдістемелерін алдымызға тосып отыр. Олардың қатарында: «Деңгейлеп оқыту технологиясын», «Модульдік оқыту технологиясын», «Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясын», «Дамыта оқыту технологиясын», «Тірек-сызба технологиясын», «Проблемалық оқыту технологиясын», «Ойын арқылы оқыту технологиясын», «Өздігінен даму технологиясын» т.б. атауға болады. Осылардың бәрін жинақтай келген де оларды «инновациялық мәдениет» ұғымына топтастыруға болады. Инновациялық білім беру – іскерліктің жаңа түрі. Инновациялық қызмет оқу ісін дамытуға, пәндердің мәнін тереңдетуге, мұғалімнің кәсіптік шеберлігін арттыруға басқа жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға жəне шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған. Мұндай технологияларды қолданудан - оқытушы ұтады, яғни ол сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, оқушының пəнге деген қызығушылығы артады.

Қазақ тілі пəні сабағын оқытуда жаңа технологияларды қолданудың ретін біз деңгейлеп оқыту технологиясынан бастауды жөн көрдік. Өйткені, біріншіден, шағын мақалада барлық технологияны санамалап шығу мүмкін емес, екіншіден, бұл технология баланың жеке мүмкіндігіне, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына тиімді ықпал етеді. Былайша айтқанда, халықаралық білім стандартының шарттарымен үндес келеді. Американдық психология қауымдастығының өкілі К.Роджерс жасаған бұл әдістеменің жаңшылдық бағыттары болып саналатын мынадай әдістемелік құрамдас бөліктері бар:

- Оқушының дайындық деңгейін байыптау;

- Оқу материалын сұрыптап ұсыну;

- Оқу əрекетін тиімді ұйымдастыру;

- Сұхбаттасу;

- Сабақ барысында жағымды эмоция сезімдерін қалыптастыру;

- Мақсаттың нәтижеге ұласуын жоспарлап, жүзеге асыра алу.

Қазіргі кезде қазақ тілін оқытуда балалардың ойлау, есте сақтау, көру қабілеттерін жетілдіре отырып, танымдық əлеуетін қалыптастыруға жағдай жасап, оқытушының өзінің жеке басының интелектісін барынша қолдануға мүмкіндік туғызып, сондай үйлесімнің нәтижесінде тақырып мазмұнын кең аша білудің маңызы зор.

Ұстаз үшін ең басты мəселе – оқыту əдісін дұрыс таңдау. Деңгейлеп оқыту технологиясы оқушының жеке тұлғалық əлеуетін арттырып, шығармашылық ойының дамуында басты рөл атқарады. Оқушының жан-жақты дамып, жетілуіне, шығармашылықта жұмыс істеуге бейімделуіне, топта, жұпта жұмыс істей алу қажеттілігіне жетелейтін бірден-бір әдіс. Оны меңгеру мұғалімнің зияткерлік, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі əсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тəрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Қазіргі кезде ғылым мен техниканың даму деңгейі əрбір оқушыға сапалы жəне терең білім беруіне жағдай жасап отыр. Мұғалім əңгімелейді, түсіндіреді, ал оқушы тыңдайды, қабылдайды, ойланады, т.б. таным əрекеттерін жасайды.

Осы орайда, сабақтың сапасын арттыру үшін мүмкіншілігіне қарай, мультимедиялық проекторды пайдаланып отырса, мұғалімнің ұтары мол. Яғни, қазақ тілі сабақтарын түрлендіріп, тартымды слайдтар қолдану арқылы өткізсек, əр сабағымыздың өзінде оқушыларды тілге деген қызығушылығымызбен баурап алатынымыз сөзсіз. Тек оларды тиімді, жүйелі түрде қолдану оқытушының шеберлігіне байланысты əрқилы жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл құралды пайдаланудың тиімді тұстары:

- оқушының пәнге деген жеке қызығушылығын оятады;

- танымдық қабілеттілігін қалыптастырады;

- оқушыны шығармашылық жұмысқа баулиды;

- мұғалімнің уақытын үнемдейді;

- қосымша мәліметтер береді.

Мен өз тәжірибемде көз жеткізген деңгейлеп оқыту технологиясының мынадай мысалдарын ортаға салуды жөн санадым.

Мысалы, сыныптағы оқушылар өз деңгейіне сәйкес тапсырма таңдап алады. Бұл тапсырмалар оқушының білім деңгейін бағалауға, мүмкіншіліктерін байқауға, мұғалімнің әрі қарай қандай жұмыс атқару керектігін көрсетіп береді.

Осы мақсатта оқушылардың ойлау қабілетін арттыру үшін, сөйлеу тілін дамыту үшін мәтінмен жұмыс түрлерін әзірлеу керек болады.

Ол оқушының функционалдық сауаттылығын көтеруге септігін тигізеді. Балалардың функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында дайындалған тапсырмалар үлгісі мынадай:

Мына мәтінге сәйкес келетін сөйлемді таңда.

Бүкіл адамзатты алға сүйрейтін ұлы күш – еңбек. Әлемдегі талантты адамдардың барлығы сол талантын үнемі дамытып отыратын қажырлы еңбектің арқасында табысқа жеткен. Еңбек әрбір адамның өмір сүру салты болуы тиіс.

«Менің әкем көп еңбек етеді», «Қол еңбегі көп күшті талап етеді», «Еңбек – бәрін де жеңбек», «Еңбекпен тапқан нан тәтті».

Сөйлемдерді дұрыс құрастырыңыз:

Мен биыл Алматыда универсиада ойындарын тамашаладым.

Биыл Алматыда универсиада мен ойындарын тамашаладым.

Мен ойындарын тамашаладым биыл Алматыда универсиада.

Алматыда универсиада мен ойындарын тамашаладым биыл.

Өткен шақ есімшенің жұрнағын қойыңыз.

Керекті қосымшалар: -ған,-қан,-ген.

Көп көр... адам көсем болады, көп сөйле..... адам шешен болады.

Әркімнің оқы... кітабынан, оқыма... кітабы көп.

Досын сат... адам – опасыз адам.

Көп оқы... адам білімді болады.

Сөйлемдерді жалғастырыңыз.

Мен Астанадан ұшақпен келдім.

Сен ______ ____________ _________.

Сіз ______ ____________ _________.

Ол ______ ____________ _________.

Біз ______ ____________ _________.

Сендер ______ ____________ _________.

Сіздер ______ ____________ _________.

Олар ______ ____________ _________.

Жоғарғы сыныптарда белгілі бір мәтін бойынша бұдан күрделі жұмыс түрлерін жасатуға болады. Мысалы, мәтін бойынша сай келмейтін ақпарат пен сәйкес ақпаратты табу, сұраққа мәтін бойынша дұрыс жауапты табу, қандай тірек сөздер бар, асты сызылған сөздердің мағынасын ашыңыз тәрізді тапсырмалар беруге болады. Сол сияқты суреттерді сөйлетеміз сияқты да тапсырмалар болады. Бұл жоғары сынып оқушыларының қызығушылығын оятып, логикалық ойлануына, мәтінді түсінуге жетелейді.

Қазіргі заманғы әдіс-тәсілдердің ішінде ең қолайлысы, әрі тиімдісі – компьютерлік технология. Қандай сабақта болмасын компьютерлік техниканы, интернетті, интерактивті тақтаны, компьютерлік желі, электрондық оқулықтарды тиімді пайдалану арқылы оқушылардың білімділігін арттыруға болады. Соның бірі – “Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту” технологиясын сабақты жоспарлауды қолданудың тиімділігі. Мұнда əр оқушының ойы шыңдалып, өз даму деңгейіне сай жетістіктерге жетуге болады. Сын тұрғысынан ойлау жобасы мынандай үш құрылымнан тұрады:

- қызығушылықты ояту;

- мағынаны тану;

- ой-толғаныс.

Бұл технологияда бұрынғы білім мен жаңа ұғым ұштастырылады. Ал, соңғы кезеңде оқушы өз шығармашылығынан қабілетін таныта алады. Мұнда оқушыға ойланып-толғануға уақыт берілуі керек, ойын айтуға оқушы шығармашылығын қалыптастыратынын атап өту керек. Сабақтың қай құрылымында болмасын оқушы осындай стратегияларды қолданғаны дұрыс «Мен не ұқтым?» және «Мен нені білгім келеді?» деген сұрақтарды есінен шығармауы керек. «Мағынананы тану” кезеңінде оқушыларды топқа бөлу арқылы сұрақтар дайындап, оны мазмұны, стратегиясы арқылы жүзеге асыруға болады. Сұрақтар үш деңгейде əзірленеді. Дайындалған сұрақтарға оқушылар өз ойларымен жауап бере отырып, бұл сұрақтар оқушылардың деңгейіне сай топтастырылады немесе сұрақтардың өзін сұрыптауда «Жуан және жіңішке сұрақтар» стратегиясын мұғалім жүзеге асырады. Осы кезең бойынша жұмыстану арқылы қорытынды шығаруға болады: Бұл технологияның келесі бір кезеңі – ой-толғаныс. Мұнда «Венн» диаграммасын қолдану арқылы тақырыптардың ұқсастығы мен айырмашылығын көрсетуге болады. Осы кезеңде оқушылардың тілдік дағдыларын қалыптастыру мақсатында сабақ тақырыбына байланысты яғни, пікір-сайыс өткізуге немесе «5 жолдық өлең» жаздыруға болады. Мұндағы мақсат – оқушылардың өзіндік көзқарасын қалыптастыру. Сол 5 жолдық өлеңді жазғанда сабаққа қабілеті төмен деген оқушылардың өзі 3,4 сөз тіркестерін құрастырып өз ойын жазса, соның өзі оқушыны сабаққа тарта білгеніміз деп білемін. Жалпы «Оқушыларға ұсынылатын іс-әрекет немесе тапсырма қандай болуы керек?» деген сұрақ бәрімізді алаңдатуы тиіс. Әрине, ол жерде мұғалімнің шеберлігі керек-ақ, оның үстіне тапсырманың бәрі оқу мақсатына негізделетінін ұмытпағанымыз абзал. Бұл - басты мәселе. Мұғалімдер тек оқу мақсаттарымен жұмыс істейтін болды. Жасыратыны жоқ, көп сабақтарда тапсырманы оқушыларға олардың бос отырмауы немесе тапсырманың қызықтылығы үшін, кейде тіпті іс-тәжірибесінің, әдіс-тәсілдерінің көп екендігін көрсету үшін беретін секілді. Алайда басты мәселе – оқу мақсаты екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан да сабақтағы барлық тапсырма, қолданған әдіс-тәсілдер тек оқу мақсаты мен сабақ мақсатын ашуға, соған жетуге бағытталуы тиіс. Айталық, оқу мақсаты оқылым болса, тапсырмалар жазылымға негізделмейді. Осыны мұғалімдер сабақтарында ескеру керек. Сайып келгенде, сабақтың құрылымы сызба түрінде көрсетсек, былай болуы керек: « Оқу мақсаты

оқушылардың деңгейіне орайластырылған сабақ мақсаты

сабақ мақсатына жетелейтін бағалау критерилері

бағалау критерилерінен шығатын тапсырмалар немесе ұсынылатын іс-әрекеттер

тапсырманы орындауға қажетті ресурстар».

Тапсырманы жоспарлап, оқушыларға ұсыну үшін алдымен мына мәселелерге назар аудару қажет:

Мақсаты. Мұғалім «Бұл тапсырманы не үшін беріп отырмын?» деген сұраққа жауап береді немесе «Бұл тапсырманы не үшін бердім?» деген сұрақты топ ішінде талқылуды ұсынады. Мұғалім «Оның нәтижесі не болады?» деген сұрақты оқушыларға айтып немесе талқылау ұйымдастырады.Барлық тапсырмалар оқу мақсатын ашуға, мақсатты жүзеге асыруға бағытталады. Деңгейі: Тапсырма күрделілігі Блум таксономиясы, яғни ойлау деңгейлерін негізге алуы шарт. Оқулықты қайталайтын тапсырма ұсынбай, оның ауқымынан шығып, материалды дамыту, тереңдету немесе оның негізінде жаңа ақпарат, ұғым құрастыруды талап ететін тапсырма берген жөн. Сол сабақта іске асырылатын деңгейлердің барлығына жеке-жеке бағалау критерийлері және тапсырма мен дескрипторлар құрылады. Тапсырманы әр оқушы дескрипторларға қарай отырып, өз деңгейінде орындайтын болады. Уақыт.Тапсырманы орындау үшін берілетін уақытты нақты белгілеу. Жұмыстың аяқталу мерзімін тақтаға жазып қойған орынды. Дәл осы уақытта жұмыс тоқтатылып, қажет болса жиналып алынады.

Орындалуы. Мұғалім тапсырманы қалай орындау керегін түсіндіреді, немесе тақтаға жазып қояды. Әр топқа немесе әр оқушыға таратып беруге де болады. Тапсырма бойынша не жасау керектігін 1 минут уақыт беріп топ ішінде талқылауға да болады.

Бағалау. Критерийлер мен дескрипторлар әр оқушыға немесе топқа таратылады. Интерактивті тақтаға шығарып қоюға да болады. Тапсырманы дұрыс түсінгендігін анықтау қажет. (қайта сұрау, қайталату, топта талқылау).«Тапсырманы түсіну – оны табысты орындаудың 50% деп бекер айтпайтын болар.

Топ/жұп құрамында орындау. Берілген тапсырманы топ немесе жұп құрамында орындау қажет. Оқушылардың бұл жұмысты таңдап алған рөлдер ауқымында жүзеге асырғандығы дұрыс. Мұнда топтағы өзара позитивті тәуелділікті тудыру үшін әр топтың спикерін көрші топтың таңдағаны орынды. Бұл спикерді топтың өзі тағайындаудан әлдеқайда тиімді болады, өйткені топ мүшелері топ намысын бермеу үшін барлық оқушылардың талқылауға белсенді қатысып, спикер болатындай дәрежеге шығуға тырысады.

Жариялау. Оқушылар өз жұмыстарын сыныпқа таныстыру, қорғау үшін қанша уақыт берілгенін айту керек. 1, 2, 3 минут.Жариялау барысындағы ең маңызды сұрақ: «Бір топ қорғағанда қалған оқушылар не істеп отырады?» Қалған оқушылар бекер отырмау үшін олар бір-біріне кері байланыс беруге дайындалып отырады. Ол үшін жариялаумен таныса отырып (тыңдап, қарап отырып), бір топ (немесе бір оқушы) сұрақтар қоюға дайындалса, екінші топ (немесе оқушы) «жұлдызшалар» беруге (таныстырылымның ұтымды жақтарына тоқталу), ал үшінші топ (немесе оқушы) таныстырылымды қалай жақсартуға болатындығы туралы ұсыныс жасауға дайындалады. Егер төртінші топ болса (немесе төртінші оқушы), онда оларға таныстырылымды қорытындылау тапсырмасы беріледі, яғни оқушылар мұның оларға жасаған әсері, көмегі, маңызы туралы өз ойларымен бөліседі.Осылайша оқушылар тек мұғалімге жауап бермей, өз таныстырылымдарын бүкіл сыныпқа бағыттайды. Қалған оқушылар да өздерінің жұмыстарымен әлек болмай, назарларын жарияланып жатқан жұмысқа (немесе айтылып жатқан жауапқа) аударады.

Кері байланыс. Жариялау немесе таныстырылым аяқталған соң оқушылар оның сапасы туралы өз ойларын ортаға салып, жағымды жақтарына тоқталады және оны жақсарту туралы ұсыныстар жасайды. Әрине, мұнда кері байланыстың «сыншыл дос» ұғымы ауқымынан шықпағаны дұрыс. Сонымен бірге кері байланыс жауап берген оқушыларға пайдалы болып, оларды ынталандыруы және қанаттандыруы керек. Мұнда бұл оқушылардан кері байланысты қалай қабылдағандығы туралы сұраған орынды: кері байланысқа қайта кері байланыс жасату.

Қорытындылау. Тапсырма бойынша белсенді әрекеттер аяқталды. Енді оқушылар ой-толғанысқа ден қойып, аз уақытта (1-2 минут) топ ішінде немесе бүкіл сыныппен тапсырманың нәтижелерін талқылайды. Олар бұл талдауда «Тапсырманы қалай орындадық? Жақсы жақтары мен кемшіл тұстары қандай? Неліктен олай болды? Бұл тапсырма бізге не берді? Оның нәтижелері қандай?» деген секілді сұрақтарға жауап беруге тырысуы керек. Кейде жалпылама «Тапсырма орындау барысында не үйрендік?» сұрағының орнына «Тапсырма орындау барысында үйренген 2 нәрсені көрсетіңіз» деген дұрыс болатын шығар. Жауапты 2-4 сөйлем арқылы тұжырымдаса қалай болады?!Мұндай тапсырманы ерте берген орынды, сонда бала сабақ соңында не үйренгенін 2-4 сөйлем төңірегінде қорытындылап береді. Сонымен қатар адамдармен қарым катынас тәсілдерін, түрлі әлеуметтік топтарда жұмыс істеу дағдыларын меңгереді.

Мәтінмен жұмыс жасауға арналған стратегиялар, атап айтқанда «джигсо, Инсерт, ойланып оқу» тағы басқа стратегиялар арқылы оқушы тек жаңа ақпарат алып қана қоймайды, мәселенің негізгі түйінін тауып, тақырып бойынша ой қозғап, өз бетімен білім алуға белсенділігі артады, өз пікірін ортаға салады. Оқушылар топпен жұмыс жүргізуге дағдыланады.

Ал жазылым стратегиялары, «еркін жазу, 5 минуттық эссе, жол қалдырып жазу, бес – бес – бір» сияқты стратегиялар аркылы оқушы берілген тақырып бойынша өзінің пікірін, ойын, дәлелдерін жазады. Керек кезінде тақырып бойынша ұсыныстар жасап, болжау жасауға мүмкіндік алады. Басқа пікірлерді сынайды. Оқушы осы стратегиялар арқылы өздерінің танымдық құзыреттілігін дамытады.

Пікірталасқа арналған «кубизм, болжау таблицасы, семантикалық карта, жұппен ой бөлісу» т. б. стратегиялар арқылы оқушылар өзара пікірталас, диспут, дебат жүргізу арқылы өз ойларын айтып, оны дәлелдеуді үйренеді, басқалардың пікірін тындай біледі.Топпен, жұппен, жеке жұмыстар жүргізу барысында өзара қарым – қатынаста болады. Оқушылардың шығармашылық құзіреттілігі, қабілеті артады.

Тапсырма орындау барысында сұрақтардың алатын орны ерекше. Сұрақты сауатты қою да өнер. Жоғары денгейлі сұрақтар арқылы алған білімді тексеріп, баланы сыни ойлауға жетелеуге болады. Соңғы уақыттары сұрақ түрлерін Блум тамксономиясы негізінде былай жіктеп жүр.

Қарапайым сұрақтар – нақты фактілерді білуді талап етеді. Кім? Не? Қашан? Қайда? деген сұрақтарға жауап беруді сұрайды.

Анықтағыш сұрақтар - оқушыларға алған ақпаратты дәл мәтіндегідей емес, оқығанын түсініп, обьектілерді салыстыру, негізгі идеяны анықтау мақсатында қойылады. «Менің түсінгенімше,», «Сізді дұрыс түсіндім бе?» деген сияқты сұрақтар.

Талдау сұрақтары /интерпретация/ Оқушыларға алған ақпаратты түйсініп, осыған ұқсас жағдайларда қолдану, мәселелерді шешу жолдарын табу ұсынылады. Мәтінге интерпретация жасату арқылы біз оқушылардың түрлі пікірлер мен әрекет себептерін түсіну дағдысын қалыптастырамыз. - Неге бала Тұрар ылғи шаршап жүреді? - Шығармада еркіндік, бостандық, тәуелсіздік идеясы қалай көрінеді? - Мен үшін ұлттық құндылықтарды білу не үшін керек?

Шығармашылық сұрақтар - Оқушылар ақпаратты шағын бөліктерге бөліп, оның құрылысын анықтау тапсырылады. Оқушылар түрлі көзқарастарды талқылап, «неге?» деген сұраққа жауап іздеп, қызығушылықтың себептерін анықтап, алған фактілері бойынша қорытынды жасайды. Оқушылар мектепте оқып жатқан материал мен шынайы өмір арасындағы байланысты көреді, бұл дегеніңіз оқыту үрдісіне олардың көзқарасын өзгертуі мүмкін. Оқушыларға ойлану мен талдау жаңа ұғымдарды түсінуге көмектеседі: «Сіз қалай ойлайсыз, не болады?», «Неге осындай болжам жасадыңыз?», «Бұл шешімге қалай келдіңіз?», «Неге бұлай 9 болды?», «Қарсы мысалды елестете аласыз ба?», «Оны қалай дәлелдей аласыз?», «Дәлел ретінде неге осы мысалдарды алдыңыз?»

Практикалық сұрақтар - Зерттеуге негізделген қорытынды шығару сұрақтары. Шағын бөліктерді біріктіру арқылы жаңа нәрсе алу тапсырылады. Мәселенің шешімі, оқиғаның өрбуін болжау сияқты тапсырмалар орындалады. «Астананың ауасы мен Алматының ауасы немен ерекшеленеді?», «Сіздің ойыңызша, ондай ерекшеліктер неге байланысты болады?» «Неліктен жаңа бағдарлама бұрынғы бағдарламаға қарағанда тиімді?»

Баға беру сұрақтары - Алған ақпаратқа баға беріп, өмірімен байланыстыра отырып, пікір білдіреді, ұсыныс жасайды, белгілі бір көзқарасты қорғайды.

- Қалай ойлайсыңдар, Тазша баланың әрекеті дұрыс па?

- Арбаны сүйреу үшін аққу, шортан, шаян не істеу керек еді?

- Бұл ақпараттың маған пайдасы қандай?

- Не үшін бұл мысал келтірілген?

Сабақ барысында қарапайым сұрақтан бастау міндетті емес. Күрделі сұрақтарға жауап бере отырып та оқушылар мәліметті қалай меңгергендерін таныта алады.

Әрине, сабақта тиімді әдіс-тәсілдерді, жұмыс түрлерін қолдану мұғалімнің біліктілігі мен әдістемелік шеберлігіне байланысты. Әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады, бірақ мақсат біреу-ақ: қазақ тілі мен әдебиет пәнін оқыту арқылы әр оқушының рухани әлемін ашуға тырысамыз, оның бойынан суретші, құрастырушы қасиетін тауып, шығармашылық әлеуетін арттыру болып табылады. Қазақ тілі оқушыларға нəтижелі үйрету үшін оны оқыту əдістемесін жетілдіру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Сол себепті де оқыту процесінде жетістіктерге жету үшін оқушыларға ана тіліміздің қыр-сырын ауызша сөйлеу тілін де, жазу мəдениетін де ұғындыруымыз қажет. Сондықтан оқыту технологияларын оқу мазмұнына оқушылардың жас жəне психологиялық ерекшеліктеріне орай таңдап, тәжірибеде сынаудың маңызы зор. Қорыта айтқанда, Елбасы Н.Назарбаевтың: «…жаңа технология ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу керек», - деген ойын қолдай отырып, саналы, білімді, ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздарға сәттілік пен шығармашылық табыс тілеймін.



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Назарбаев Н. Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру // Егемен Қазақстан.- 12.04. 2017.

2.Инновациялық білім беру үрдістерінің мәні, түрлері және құрылымы // Ізденіс. – Алматы, 2005. - №3(2).

3. Инновациялық білім беру үрдістерін жүйелі басқару үлгісінің қызметтері, құрылымы және технологиялары // Ұлт тағылымы. – Алматы, 2005. №4. – 35-38-б.

4. Жолымбетов К. Қазақ тілін оқыту методикасы. – А.: Қазақ университеті, 1991. - 20- бет.

5. Оқыту процесін технологияландыру // Ақ желкен, 2000. 14 «ҚАЗАҚ ТІЛІ»

6. Әлімов А. Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері. – Оқу құралы. - Алматы. – 2013.

7. Ибрагим Қ.Ә. Қазақ музыка шығармашылығы арқылы оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеу әдістемесі. – оқу құралы. – Шымкент. – 2013.

8. Измуханбетова С.С. Оқушылардың зерттеушілік әрекеттері арқылы коммуникативтік құзіреттілікті қалыптастырудың педагогикалық шарттары. - Пед. ғылымдарының кандидаты дисс... – Алматы. – 2010.

9. Қожахметова К.Ж. Этнопедагогика. - оқу құралы. – Алматы. «Қарасай». – 2012.

10. Құдайбергенова К. С. Құзырлылықтың педагогикалық категория ретінде дамуының теориялық-әдіснамалық негіздері/ Пед.ғылымд.докторы дәрежесін алу үшін дайындалған дисс.

11. Құсайынов А. К. Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы. – Алматы. – 2013.

12. Мирсеитова С. Оқыту ізденіс ретінде және ізденіс оқыту ретінде. – Қарағанды. – 2011.



Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!