Материалдар / 1 Дәріс Қазақстан Тарихы
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

1 Дәріс Қазақстан Тарихы

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақсаты: Тас дәуірінің кезеңделуі мен ерекшеліктері, Қазақстан аумағындағы тас дәуірінің зерттелуі туралы мәлімет беру. Студенттердің Қазақстан жеріндегі алғашқы қауымдық құрылыс бойынша негізгі білімдерін ғылыми ұғымдармен кеңейту.
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Дәріс 1

Тақырыбы: Кіріспе. Кезеңделуі. Пәннің мақсаты мен міндеттері. Адамзаттың тарихқа дейінгі эволюциясы.


Мақсаты: Тас дәуірінің кезеңделуі мен ерекшеліктері, Қазақстан аумағындағы тас дәуірінің зерттелуі туралы мәлімет беру. Студенттердің Қазақстан жеріндегі алғашқы қауымдық құрылыс бойынша негізгі білімдерін ғылыми ұғымдармен кеңейту.


Негізгі ұғымдар: тас дәуірі, палеолит, мезолит, неолит, энеолит, австролопитек, питекантроп, синантроп, неандерталь, кроманьон, Олдувай мәдениеті, алғашқы тобыр, рулық қауым, матриархат, Ботай мәдениеті, қола дәуірі, Андронов мәдениеті, Беғазы-Дәндібай мәдениеті, тайпа, патриархат, петроглиф.


Жоспар:

1. Тарих ғылымының кезеңделуі.

2. Қазақстан тарихын оқытудың тұжырымдамалық негіздері.

3. Адамзаттың тарихқа дейінгі эволюциясы.


Тарих (история) – (грек тілінен historia) – 1) табиғат пен қоғамның даму процесі; 2) адамзаттың өткенін (фактілерді, оқиғалар мен құбылыстарды) тарихи деректер негізінде жан-жақты зерттейтін ғылым саласы.

Тарих ғылымының зерттеу пәні – адамзат қоғамының даму заңдылықтары болып табылады.

Тарих ғылымының зерттеу объектісі – біздің санамызға тәуелсіз өткеннің шынайы (объективті) нақты өмірі болып табылады.

Тарихшы ғалымның басты міндеті – өткеннің нақты өмірін барынша дәл және толық қалпына келтіру.

Тарих ғылымының негізгі категориялары:

  • Тарихи факт;

  • Тарихи заң (заңдылық);

  • Тарихи уақыт;

  • Тарихи дерек.


1. Тарих ғылымының кезеңделуі:

1. Ежелгі дүние тарихы: 1.1 Алғашқы қауымдық қоғам тарихы; 1.2 Алғашқы таптық қоғамдар мен мемлекеттер тарихы.

2. Орта ғасырлар тарихы.

3. Жаңа заман тарихы.

4. Қазіргі заман тарихы.

ХХ ғасырда үстемдік еткен маркстік-лениндік идеологияға сәйкес адамзат қоғамының тарихы бес формацияға кезеңделді:

  1. Алғашқы қауымдық қоғам.

  2. Құлиеленушілік қоғам.

  3. Феодалдық қоғам.

  4. Капиталистік қоғам.

  5. Социалистік қоғам (Коммунистік қоғамның 1-ші сатысы).

Қазіргі кезде бұл модель сынға ұшырап, ескірген болып мойындалды.


2. Қазақстан тарихын оқытудың тұжырымдамалық негіздері.

Тұжырымдама (концепция) – (латын тілінен conceptio – түсіну, жүйе) белгілі бір пәнді, құбылысты, процесті түсіну және түсіндіру әдісі; пәнге немесе құбылысқа деген көзқарас, оларды жүйелі түрде түсіндіру үшін басшылыққа алынатын идея.

Отан тарихын оқытудың қазіргі тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан тарихы дүниежүзі тарихының, Еуразия тарихының, түркі халықтары тарихының, көшпелі өркениеттер тарихының табиғи бір бөлігі ретінде қарастырылып, зерттеледі.

Қазақстан тарихы – адамзаттың дүниежүзі тарихының бір бөлігі болып табылады.

Қазақстан тарихының деректері:

  • Заттай (археологиялық) деректер;

  • Тарихи еңбектер;

  • Заңнамалық актілер;

  • Мерзімдік басылымдар (газет, журнал, т. б.);

  • Жеке құжаттар (мемуарлар, күнделіктер);

  • Статистикалық деректер;

  • Іс жүргізу құжаттары;

  • Фотоқұжаттар, киноқұжаттар, фоноқұжаттар (дыбыстық жазбалар).


3. Адамзаттың тарихқа дейінгі эволюциясы.

Адамзат тарихының бастапқы кезеңі тас дәуірі болып табылады. Тас дәуірі – археологиялық кезеңделу бойынша алғашқы тас құралдардың пайда болуынан бастап, қоладан жасалған құралдардың шығуына дейінгі кезеңді қамтитын көне дәуір. Тас дәуірі б.з.б. 2,5 млн. жыл бұрын басталып, б.з.б. ІІІ мыңжылдықта аяқталды, яғни 2 млн. жылдан астам кезеңді қамтиды.

Тас дәуірі мынадай кезеңдерге бөлінеді:

  • Палеолит (ежелгі тас дәуірі) – б.з.б. 2,5 млн. жыл – 12 мың жыл аралығы;

  • Мезолит (орта тас дәуірі) – б.з.б. 12 мың жыл – 5 мың жыл аралығы;

  • Неолит (жаңа тас дәуірі) – б.з.б. 5 мың жыл – 3 мың жыл аралығы;

  • Энеолит (мысты тас дәуірі) – б.з.б. 4 мың жыл – 3 мың жыл аралығы.

Ежелгі тас дәуірі – палеолит (гректің palaios – ежелгі және lithos - тас) өз ішінен былай бөлінеді:

  • Ерте палеолит – б.з.б. 2,5 млн. жылдан б.з.б. 140 мың жылға дейін;

  • Орта палеолит б.з.б. 140 мың жылдан б.з.б. 40 мың жылға дейін;

  • Кейінгі палеолит б.з.б. 40 мың жыл жылдан б.з.б. 12 мың жылға дейін.

Ең ежелгі адамның қалдықтары Шығыс Африкадағы Олдувай шатқалынан табылды. Оны «homo habilis» - «епті адам» деп атады. Археологиялық ескерткіштердің табылған жері бойынша ежелгі мәдениет олдувайлық деп аталды. Олдувай мәдениеті уақыты жағынан б.з.б. 2,5 млн. жыл – 700 мың жыл кезеңді қамтиды. Одан кейінгі шель және ашель мәдениеттері б.з.б. 700 мың жыл – 140 мың жыл кезеңді қамтиды. Бұл аталған мәдениеттер ерте палеолит кезеңіне жатады. Ал б.з.б. 140 мың – 40 мың жыл аралығындағы кезеңді қамтитын соңғы ашель және мустье мәдениеттері орта палеолит кезеңіне жатады. Кейінгі палеолит ориньяк, солютре, мадлен деп аталатын кезеңдерге жіктеледі.

Ерте палеолит кезеңінде алғашқы адамдардың питекантроп, синантроп сияқты түрлері өмір сүрді. Орта палеолит кезеңінде неандерталь адамы тіршілік етті. Кейінгі палеолит кезеңінде физиологиялық жағынан қазіргі адамға ұқсас кроманьон адамы немесе «homo sapiens» - «саналы адам» түрі қалыптасты.

Тас дәуіріндегі шаруашылық пен қоғамдық қатынастар. Тас дәуірінде алғашқы адамдар тастан жасалған, формасы, көлемі және қолдану қызметі жағынан әр түрлі еңбек құралдарын пайдаланды. Алғашқы еңбек құралдарына тас шапқы, үшкір таяқша, чоппер, чоппинг, қол қашау, кескіш, бифас, үшкір тас, қырғыш және т.б. жатады. Тас құралдармен бірге сүйектен жасалған еңбек құралдары – біз, ине, гарпун, найза, сүңгі қолданылды. Палеолит дәуірінде алғашқы адамдар бірігіп аң аулады және жабайы жемістерді жинап, терімшілікпен айналысты. Алғашқы адамдардың баспанасы ретінде үңгірлер мен жертөлелер пайдаланылды. Палеолит дәуіріндегі адамдар бірігіп қорғану және шабуыл жасау, аң аулау үшін алғашқы тобырға бірлесті. Алғашқы тобырға қоғамдық қатынастар жетілмеуі, реттелмеген неке байланыстары тән болды.

Қазақстан аумағында алғашқы адамдардың пайда болған іздері, тастан жасалған еңбек құралдары – шапқы, кескіш, қырғыш, т.б. – ерте палеолитке, шамамен 1 млн. жыл бұрынғы кезеңге жатады. Қазақстанды мекендеген ең ежелгі адамдар питекантроп пен синантроптың замандастары болған деп есептеледі. Өзінің даму барысында адамның бұл түрі «homo erectus» - «тік жүретін адам» деңгейінде тұрды және ол отты пайдалана білді, аң аулаумен және терімшілікпен айналысты.

Қазақстан аумағындағы ежелгі адамдардың көне еңбек құралдары Оңтүстік Қазақстандағы Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейінен, Арыстанды өзенінің бойынан табылған. Археолог Х. Алпысбаев 1958 жылы ерте палеолит кезеңінің тұрақтарын Жамбыл облысы, Қаратау қаласының солтүстік-шығысынан тапты. Бұл тұрақтар Бөріқазған, Тәңірқазған деп аталады. Ерте палеолит кезеңінің ескерткіштері Орталық Қазақстандағы Құдайкөл тұрағынан, Жезқазған маңындағы Жаманайбат, Қарағанды облысындағы Обалысай және т.б. тұрақтардан табылды.

Кейінгі палеолит кезеңінде адамдар Жер шарының барлық климаттық белдеулерінде қоныстанып, нәсілдік топтардың қалыптасу процесі жүрді. Қоғамдық ұйым ретінде аналық рулық қауым – матриархат құрылды. Әйелдің үй шаруашылығындағы белсенділігі, ұрпақ жалғастырушы ретіндегі қасиетіне байланысты қауымдағы басшылық орынды әйел иеленді. «Саналы адамның» рухани түсінігі күрделеніп, дін мен өнердің алғашқы нысандары кең тарады. Алғашқы қауымдық өнердің басты тақырыбы – жануарларды бейнелеу, сүйектен, тастан, балшықтар жасалған әйел мүсіндері болды.

Мезолит кезеңінде климаттық өзгерістер болып, мұздықтар еріді. Бұл кезеңде мамонттар мен жүндес мүйізтұмсықтар жойылып, қазіргі өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қалыптасты. Ірі жануарлардың жойылуы аң аулаудың бұрынғы әдістерін жарамсыз етіп, тіршілікті қамтамасыз етудің жаңа әдістері мен құралдарын іздестіру қажеттігін туғызды.

Мезолит дәуірінде адамдар садақ пен жебені ойлап тапты. Садақ жебесінің ұшы ретінде микролиттер – ұзындығы 1-2 см, шақпақ тастан жасалған құралдар қолданылды. Садақ пен жебенің шығуы адамзат санасындағы үлкен жетістік болып табылады. Аң аулау қаруы ретінде садақ ұсақ әрі жүйрік аңдарды, құстарды аулауға мүмкіндік берді. Енді жекелеген аңшылар қауымға онша тәуелді болмады. Нәтижесінде кезбе аңшылықтың маңызы күшейді.

Мезолит дәуірінде кейбір аймақтарда егіншілік пен мал шаруашылығының белгілері пайда болып, екінші бір аймақтарда балық аулау мен аңшылық кәсібі одан әрі дамыды. Мұздық ерігеннен кейін судың мол болуына байланысты балықтардың өсіп-өнуі балық аулау тәсілдерін жетілдіруге ықпал жасады. Адамдар иілген қармақтарды, ауды, сүңгілерді пайдаланды. Алғашқы қайық түрлері жасалынды. Үй жануарларынан ит қолға үйретілді. Бұл кезеңде мал шаруашылығы мен егіншілік кең дами қоймады.

Мезолит кезеңінің тұрақтары негізінен өзен, көлдердің жағалауында орналасқан. Қазақстан аумағында Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық өзендерінің аңғарларындағы, Маңғыстаудағы мезолит тұрақтары белгілі болып отыр. Қазірде Қазақстан аумағында мезолит кезеңі ескерткіштерінің 50 шақты орны табылған.

Неолит дәуірінде тасты өңдеу техникасы ерекше дамып, жетілдіріле түсті. Тастан еңбек құралдарын жасауда тегістеу, қырнап өңдеу, бұрғылау, аралап кесу тәрізді күрделі тәсілдер қолданылды. Тас балта, кетпен, дән үккіш келілер жасалды.

Неолит дәуірінің маңызды белгісі – табиғаттың дайын өнімдерін иемденетін тұтынушы шаруашылықтан өндіруші шаруашылыққа ауысу болып табылады. Яғни, терімшілік пен аң аулаудың негізінде егіншілік пен мал шаруашылығы қалыптасты. Қарапайым кен өндіру, жіп иіру, мата тоқу, қыш ыдыстар жасау сияқты кәсіп түрлері пайда болды.

Неолит дәуіріндегі қоғамдық ұйымдасудың негізгі түрі ретінде рулық қауым сақталып қалды. Рулық қауымда ұжымдық еңбек пен өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болды.

Қазіргі кезде Қазақстан жерінде ғылымға белгілі 500-ден аса неолиттік ескерткіштер бар. Неолиттік тұрақтар орналасу сипатына қарай бұлақтық, өзендік, көлдік, үңгірлік деп бөлінеді. Неолит дәуірінің ескерткіштеріне Ақмола облысындағы Атбасар мәдениеті, Торғай үстіртіндегі Маханжар мәдениеті, Оңтүстік Қазақстандағы Қараүңгір тұрағы, Батыс Қазақстандағы Құлсары тұрағы, Шығыс Қазақстандағы Қызылсу тұрағы, Солтүстік Қазақстандағы Пеньки тұрақтары және т.б. жатады.

Тас дәуірі мен қола дәуірінің аралығындағы археологиялық өтпелі кезең болып мысты тас дәуірі – энеолит (латынша aeneus – мыс және грекше lithos - тас) есептеледі. Энеолит дәуірінде адамдар тас құралдармен қатар мыстан жасалған еңбек құралдарын да пайдалана бастады. Мыс құралдардың шығуы оңтүстік аймақтарда егіншілер мен малшылардың өнімді еңбекті дамытуына елеулі ықпал етті. Энеолит кезеңінің неғұрлым белгілі ескерткіші - Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай қонысы. Ботай мәдениеті б.з.б. ІІІ – ІІ мыңжылдықтарға сәйкес келеді. ХХ ғ. 70-80 ші жылдарынан бастап археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.


Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

  1. Тас дәуірі қандай кезеңдерге бөлінеді?

  2. Алғашқы адамдардың эволюциялық дамуына байланысты қандай түрлері белгілі?

  3. Тас дәуіріндегі адамдардың қоғамдық ұйымдасуының қандай түрлері белгілі?

  4. Палеолит дәуірі қандай кезеңдер мен мәдениеттерге бөлінеді?

  5. Мезолит дәуірінде адамдар өмірінде қандай өзгерістер туындады?

  6. Тұтынушы шаруашылықтан өндіруші шаруашылыққа өту дегенді қалай түсінесіз?

  7. Неолит дәуірінде шаруашылықтың қандай жаңа түрлері пайда болды?

  8. Энеолит дәуірінде еңбек құралдарын жасауда қандай жаңалықтар пайда болды?


Әдебиеттер:

  1. «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» - 1995 жылы қабылданған құжат.

  2. Қозыбаев М.Қ. «Өркениет және ұлт». Алматы, 2001.

  3. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. (Очерктер). Алматы «Дәуір», 1994.

  4. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009.

  5. Назарбаев Н.Ә. «Тарих толқынында». Алматы, 1999.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!