Материалдар / «Абай-қазақтың бірінші психолог ақыны»
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

«Абай-қазақтың бірінші психолог ақыны»

Материал туралы қысқаша түсінік
Адамды тану, адамның жанын тану, адам жанының күрделі де, нәзік құбылыстарын тану - талай ойшылдардың назарын өзіне аударған өмірлік мәні зор түйін.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
26 Қараша 2020
663
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының Кентау қаласындағы мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты

Байболова Алмагуль Нуралиевна

Абай жантанушы

Адамды тану, адамның жанын тану, адам жанының күрделі де, нәзік құбылыстарын тану - талай ойшылдардың назарын өзіне аударған өмірлік мәні зор түйін. Грек елінде Аристотельден басталатын жан дүниесі жайлы ой-пікірлердің түркі тарихы бар. «Псюхе» - гректің жан деген сөзі. Жан дүниесінің сыры жайлы деректі пікірлерді Әбу Насыр әл-Фараби, Асан қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Махамбет, т.б қазақ ақын-жыраулары мен ойшылдары да айтқан. Өресі биік, психологиялық ой-пікірлерді Шоқан, Ыбырай, Сұлтанмахмұт шығармаларынан да кездестіреміз. Түркиялық қазақ ғалымы Халифа Алтайдың «Ғылымхал» кітабында мынадай жолдар бар: «Бүкіл адам атаулы, жаратылыс тұрғысынан екі нәрседен тұрады:

а) ет, сүйек, қан, май, сіңір тәрізді көзге көрінетін нәрселер;

ә) ой-сезім, білім, ...айну, сүйіну, жан ашу сияқты кезге керінбейтін нәрселер; біріншісі денеміз, екіншісі рухымыз (жанымыз)». Қазақ халқының данышпан ақыны Абайдың жан туралы көзқарастары осыған саяды. «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреу ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі еспейді, қуаттаппайды. Біреуі білсем екен демелік... жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен. Сол ерістетіп, ерісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді». (7 сөз). Одан әрі: «Адам ұғымы екі нәрседен: бірі-тән, бірі-жан... Көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады әрнешік өз суретімен кеңілге түседі ...бес нәрседен өткен соң, оларды көңілде суреттемек. Ол - жанның жибили қуаты дүр» (43 сөз). Бізді қоршаған дүние құбылыстарының жеке қасиеттері сезім мүшелеріне тікелей әсер етіп, мидағы бейнелер пайда болады. Абай осыны айтып отыр. Абайдың бұл пікірі түйсік туралы ғылыми психологиядағы тұжырымға дәл келеді. «Түйсік

- объективтік дүниенің субъективтік бейнесі... түйсік шынында сананың сыртқы дүниемен тікелей байланысы, сыртқы тітіркену күшінің сана фактісіне айналуы болып табылады». Адам түйсіктерінің ерекше жетіліп, пайда болуында сезім мүшелерінің мәні зор. «Бес сезім мүшесінің пайда болуы -бұл бүкіл әлемдік тарихтың жемісі» - дегендей, Абай пікірі де осыған сәйкеседі. Адамды ұғу үшін сырт мағлұмат жеткіліксіз. Оның көзіне қара, көңіліне үңіл жүрек сырын ұғын:

«Ғашықтың тілі тілсіз тіл»,

Көзбен көр де ішпен біл - дейді Абай.

Адамның жан құбылысы - оның рухани дүниесінің ауа райы, ол да бейне бір табиғат құбылысы іспетті. Табиғаттың құбылмайтын, құлпырмайтын кезі жоқ. Адам өмірін алыи қарасаңыз, оның да сырт көрінісі сан алуан, қилы-қилы. Адам ішкі жан дүниесі сырт көзге көріне бермейтін, тереңде жатқан сыры, заңдылығы, мағынасы бар бейнелерге толы; Абайдың жан дүниесі де өз өміріндегі қуаныш-қайғысымен қатар, әлеуметтік күрестегі талай-талай тартыс, қақтығыстарымен қатар, өзінің өлең туар шақтағы шарықтаған шабыты мен шығармашылық дарынын «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» өлеңінде былай бейнелейді:

Мақсатым-тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ - деуі де сондықтап болар оның.

Реформатор Абай эстетикалық өлшемде, психологизмде, тіпті өлең пішінін жаңалауда негізінен реализмге жүгінді. Атақты ғалым Қ.Жұмалиев «Абай-қазақтың бірінші психолог ақыны» - дей келіп, «Адамның сезімінде болатын әр түрлі құбылыстарды тікелей суреттеу әдісі - Абайдың ең сүйіп қолданған әдісі болды. Өлеңнің әр сөзі - ішкі сезімнің айнасы» - деп жазды. Абай өз шығармаларында жантануды классикалық дәрежеге көтерді. Соның басты-бастыларына шолу жасағымыз келеді. Абай адам психологиясының барлық құбылыстарына терең үңіліп, оны өзінің ой елегінен өткізіп, тиісінше талдаулар жасады. Соның бірі - ес процесі. Ес болмаса, адам баласы ғылым, білім, мәдениет салаларын меңгере алмас еді, жан-жақты дамып, жетіле де алмас еді. Абайша айтқанда: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танидыдағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» (19 сөз). Бұл ойын одан әрі өрбітіп: «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі - кекірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші - сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші - сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші - ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер бір кез болып қалса, салынбау керек (31 сөз). Бұл пікір естің бір компоненті - есте сақтау процесі туралы ғылыми психология ілімдерімен ұштасып жатыр. Ғылымның дамуында, шығармашылығының дүниеге келуінде Абай қиял, ойлау, ерік, сана, ақыл процестерінің бірлігін терең түсінеді: Жапырағы қуарған ескі үмітпен. Қиял қып өмір сүріп, бос жүріппін. Ол дәурен емес, бір көрген түс. Ойға тойма, қызықты қиялдан құс-деп, ол ойлау арқылы оған ыстық жүректі, қуат-күшті қоса жұмсағанда ғана адам қиялдаған арманына жете алатындығын айқындап берді. Сана - ой қызметінің ең жоғары сатысы. Адам психикасының жануарлар психикасынан түбірлі айырмашылығы да санаға байланысты. Өмір - сананың қолында. Тәнде өмір болса да, сана болмаса адам не болғанын білмес еді, өмірде қабілетсіз болар еді. «Жүректе қайрат болмаса» деген өлеңінде Абай:

Ұйықтаған ойды кім түртпек,

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек

Аспаса ақыл қайраттан

Тереңге бармас, үстірттер - деп, ойы мен ақылы болмаса, Адам да хайуанша өмір сүрмек екендігін ескертеді. Одан әрі:

Малда бар жан мен тән,

Ақыл, сезім болмаса.

Тіршіліктің несі сән

Тереңге бет қоймаса - деп, малда жан, тән болғанмен санасы болмағандықтан тереңге бара алмайтынын айтып отыр.

Адамдардың саналы, ақылды болуы, жан-жақты дамыған дәрежеге жетуі - іс-әрекет үстінде ғана болады. Абайша айтқанда, іштегі жан қуатымен жиған нәрсенің аты-ғылым, оған да кеселін тигізетін нәрселер бар, оны білмесе, бақпаса, әрекет етпесе адам одан айырылатын болады, бойға жиған білім мен ғылымның ең қымбаттысы жоғалады, кейін оны қалпына келтіретін қуат та жоғалады. Абайдың:

Жасымда ғылым бар дөп ескермедім,

Пайдасын кере тұра тексермедім.

Түспеді ер жеткен соң уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім - деуі осыдан (1 том 458). «Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты ақыл еді ғой», - дейді Абай, һәм ақыл, һәм қайрат екі мықты қосылып қана адамды дер кезінде тоқтамға келтіретінін атап көрсетеді. «Әуелде бір суық мұз-ақыл зерек» өлеңінде:

Ақыл қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден белек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,

Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,

Ғылым да сол үшеуінің женін білмек -

деп, олардың бірлігін көрсетеді (1 т. 95). Егер осы үшеуінің бірлігі бұзылғанда адам жүректің ырқына көніп, соның дегенін басшылыққа алуы қажет. Абайдың жүрек сөзі - мидың символы. Өйткені психиканың (жанның) органы - адамның миы. Мидың өнімі - ойлау, түйсік, ес, қабылдау, эмоция, сезім, қызығу, қабілет, ерік, жігер, темперамент, т.б. Қайрат, ақыл жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп ғылымға жүгініпті. Әрқайсысы өздерінің адам үшін қажет екенін сөз етіпті. Сонда үшеуінің сөзін тыңдап болып: «Осы үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүрекке билет», - депті ғылым. Өйткені, жүректің өзі айтқандай: адамның денесінің патшасы - жүрек, қан содан тарайды, жан онда тірлік қылады, онсыз тірлік жоқ (17 сөз).

Абай өз шығармаларында «жүрек» сөзін 80 рет қолданған екен. «Ауру жүрек», «Жүрегімді кескілеп», «Жүрегім, ойбай соқпа енді», «Жүректің көзі», «Күйесің, жүрек, күйесің», «Жүрегім нені сезесің», «Ыстық жүрек», «Жаралы жүрек», «Жүрек- теңіз», «Жүрегімді байқасам», «Тулаған жүрек», «Ет жүрек өртенді», «Балқыған жүрек», «Отжанған жүрек», «Жүректі түртіп қозғамай», «Жас жүрек», «Лүпілдеп жүрек», т.б ұлы ақынның шығармашылық өмірбаянына байланысты, өмір ғұмырдың белбелесіне сай образ-символ «жүрек» жырдан жырға, жылдан жылға тереңдеп, өмір құбылыстарын, психикалық көріністерді сипаттайтын Абай сезімінің тұнба тұнығына айналады. Жүректің осылайша аталуында лирикалық кейіпкердің дәл сол сәттегі кеңіл күйлері, жан сарайындағы дауылдары соншалықты дәл үйлесімін тауып тұрғандай. Лирикалық кейіпкерге тән осындай ақыл-ой, сыр-сезім байлығы Абай поэзиясының парасаттылық, адамгершілік тұрғысын онан сайын биіктете, көтере түседі.

Сонымен қатар Абай ерік-қайраттың адам өмірінде алатын орнына ерекше мән берген. Әркімнің өзін-өзі билеуі, өз мінез құлқын басқаруы, мақсатқа жету жолындағы кедергілерді жеңуі - бәрі де ерік қызметінің нәтижесі. Принципшілік, тәртіптілік, батылдық, шешімпаздық, ұстамдылық - ерік процестерінің компоненттері болып табылады. Адамның өміріндегі осы өзгерістердің әр біреуі жан дүниесінің құбылыстары - психикалық көріністері. Абай поэзиясы толып тұрған, тұнып тұрған психикалық көріністер.

Қорыта айтқанда, Абай - адам жан жүйесінің инженері, тарих алдында зор еңбек еткен, келешек ұрпаққа мол дүние қалдырған терең ойшыл қазақ әдебиетінде тұңғыш психолог ақыны. Абайды таныту қазақ ұлтын таныту, ол әрқашан біздің ұлттық ұранымыз деуіміз керек.





Қолданылған әдебиеттер

1. Аристотель. О душе. - СПб. Питер,2001.

2. АймауытовЖ. Психология. - Алматы: Жазушы,1995.

3. Берікұлы Н. Жантану .- Ақтөбе 2006

4. Рубинштейн С.Л. Основы общей психологии. - СПб: Питер,1999

5. Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. - Алматы: Жазушы, 2002

6. Ғаббасов С. Халық педагогикасының негіздері. Алматы:1995

7. Тәжібаев Т. Жалпы психология. - Алматы: Қазақ университеті,1993

8. Жарықбаев Қ. Жалпы психология. - Алматы. Эверо, 2004



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!