Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Әдеби оқу сабақтарында екінші сынып оқушыларының мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту.
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Әдеби оқу сабақтарында екінші сынып оқушыларының мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту.
Ана тілінің қадірін түсіну туған тілінде жазылған кітап оқудан басталады. Өйткені оқу - ойлау мен ақыл ой дамуының, қайнар көзі. Оқуды тоқтатқан адам, ойлауды тоқтатады.
Дени Дидро.
Қай ұстаз болмасын өз шәкіртінің дұрыс сөйлеп, ойын шебер жеткізе білгенін қалайды. Бұл орайда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің рөлі ерекше деп ойлаймын. Баланың сөз мағынасын, сөйлем мәнін ұғынуында мәнерлеп оқудың да маңызы зор. Әдебиетті оқытуда мәнерлеп оқытуға көп мән бере қарау керек. Сондықтан да мен шығармашылық жұмысымды «Әдеби оқу сабақтарында екінші сынып оқушыларының мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту» тақырыбында алып отырмын. Алға қойған мақсатым:Шығарманы мәнерлеп оқыту арқылы оқушыны танысып отырған әр кейіпкермен бірге әрекеттер жасап, олармен бірге толғанып, тебірене білуге ұмтылдыру.Нақышына келтіріп, мәнерлеп оқу арқылы оқушының жан – дүниесін байытып, асқақ армандарға жетелеу, әр тыңдаушының жүрегіне, сезіміне әсер ете білуге үйрету. Ал міндетім: Әдебиетті өнер табиғатына сай оқи білуге, мән - мағынасын терең түсінуге мүмкіндік туғызу; Көркем әдебиетті оқуға деген қызығушылығын ояту;
Жеке тұлғаның эмоциялық мәдениетін қалыптастыру;Актерлік шеберлігін қалыптастыру, дамыту.
Мәнерлеп оқу – әдебиетті талдаудың негізі, бастау көзі болып табылады. Әрбір әдеби шығарманы оқып-меңгерудің басы көркем мәтінді мәнерлеп оқудан басталады.Әр буында, әр сөзде, сөз тіркесінде, әрбір сөйлемде орныққан интонация сол сөзді айтып тұрған кейіпкердің жан-дүниесін мәнерлеп оқып тұрған оқушыға бірден ұғындыратыны сөзсіз.
Әрине, оқушы сол интонацияларды айқын беруге ұялатыны белгілі, бірақ, мұғалімнің міндеті – шынайы мәнерлеп оқу мен дұрыс оқымауды салыстыра көрсетіп, сөздің мәнісін сол сөзді қалай айтуы арқылы ғана беруге болатынын барынша түсіндіре алса дұрыс болады.
Әдеби шығармаларға түсініктеме бере отырып оқу – мұғалімнің оқушыға көркем шығарманың терең мазмұнындағы мәнді қабаттарды тани білуіне көмектесетін тамаша әдіс.Көркем әдебиетті алғашқы оқу – көркем шығарманың тақырыптық-идеялық мазмұнын бірден түсіндіре алмасы белгілі. Екінші оқу – талдай оқудың жаңа сатыға көтерілген, сезімге ғана емес, ақыл-ойға әсер етуге бағытталған және басқа әдістермен араластырыла қолданылатын әдіс болып табылады.
Түсініктеме бере отырып оқудың лексикалық түсініктеме беру деп аталатын тәсілі – автордың көркем шығарма мазмұнындағы дәуірге сай қолданған сөздерін немесе автордың өзіндік дүниетанымдық деңгейіне лайықталған сөздерге лексикалық түсініктеме беру – тек көркем мәтіннің байлығын түсіндіріп қана қоймайды, сонымен бірге оқушының сөз байлығын да дамытады.
Мәнерлеп оқу дауыстың өзіне де қатысты. Дауыс неғұрлым таза, күшті шықса оқу да мәнерлі болады. Ол үшін әр оқушы даусын күте білуі қажет. Дауыс желбезегіне онша күш келтірмеу. Суық күндерде далада азырақ сөйлеу, суыққа шалдықпау – дауыс күші мен оның тазалығын, үнін сақтаудың басты шарты.
Дауыстың өзіндік белгілері бар. Олар: күші, жоғарылығы, қарқыны, тембрі. Сөйлегенде адам бірде жылдам, бірде баяу сөйлейді. Бұлар әр адамның дауыс қарқынына байланысты. Мұғалім жаттығу арқылы өз даусының орташа қарқынын анықтай алады. Ол жылдам сөйлеуден аулақ болғаны жөн.
Дауыстың тыңдаушыға әсерлі болуы тембріне байланысты. Құбылта оқу, дауыс ырғағына келтіре оқу да жаттықтыру арқылы қалыптасады. Мәнерлеп оқуда дикцияның мәні зор. Сөйлеушінің ашық, анық, айқын айтуы оның айтқанын ұғуға, әсерлі болуына ықпалын тигізеді. Дикциясында ақау болса, оны арнаулы жаттығулар арқылы түзету қажет. Дикциядағы кемшілік – сөйлеу мүшелеріне дұрыс жұмыс істете алмаудың салдары.
Мәнерлеп оқуда зор роль атқаратын – интонация. Интонация – сөйлеу сазы. Ол сөйлеудің ритмі мен үнін, дауыстың бірде жоғарылап, бірде төмендеуін білдіреді. Интонация мына элементтерден тұрады: сөз бен ой екпіні, сөйлеудің қарқыны, ритмі, пауза, сазы.
Көркем шығарманы мәнерлеп оқу үшін, онымен алдын ала танысып, сонан соң оқығанда ғана автордың идеясын жеткізе оқып шығуға болады. Көркем шығармада адам психологиясы жан-жақты суреттеледі. Оны өз мәнінде тыңдаушысына жеткізу үшін, мұғалім оқитын мәтіндегі қай сөздің, сөйлемнің қандай мағынаны, қандай көңіл күйді білдіретінімен алдын ала таныс болуға тиіс.
Жалпы мәнерлеп оқу дегенде тек поэзияны ғана мәнерлеп оқи білу деп түсінбеуіміз керек. Бала ең алдымен оқиын деп тұрған сөйлемнің, мақалдың немесе өлең жолдарының мағынасын, айтпақшы ойын анық түсіне білуі керек. Екіншіден, әрбір тыныс белгісінің мәнін ұғып, соны дұрыс пайдалана білуі тиіс.Үшіншіден, өлең сөздің ұйқас ырғақтарын, бунақ тармақтарын ажырата білуі керек. Демек, бұдан келіп шығатын қорытынды нағыз мәнерлеп оқи білетін бала қазақ тілі мен әдебиеті теориясынан толық білімді болып шығады екен. Бұлай дейтін себебіміз, егер оқушы қазақ тіліндегі тыныс белгілерін не үшін қойылатынын, әдебиет теориясында теңеу, эпитет, метафора, т.б. сияқты ұғымдардың қандай жерлерде не мақсатпен жазылатынын білмесе, онда оқушының мәтін мазмұнын дәл ұғып, түсінуі қиындау болар еді. Мысал келтірсек:
-Ия, алдымен айта кетейін: Отан, ата-мекен, ата-баба, ұрпақ, қазан-ошақ, ағайын-туыс деген қасиетті сөздер сол шақта да нақ осы күнгі сияқты мән-мағынада болған. Осы сөйлемді тыныс белгілерін алып тастап оқысақ, сөйлем өзінің жеткізейін деп тұрған қасиетті ұғымынан мүлде алыстап, түсініксіз былдыр болып шығар еді. Немесе, «Бидайдың кеудесін көтергені – дақылының жоқтығы, жігіттің кеудесін көтергені – ақылының жоқтығы»- деген мақалдағы сызықша мен үтірді алып тастасақ та, жоғарыдағыдай жағдайға душар болар едік.
Бірінші сөйлемді оқығанда бала түсінігінде « Отан, туған жер, туыс, ата-баба» сияқты сөздердің қасиетін ұғатындай ұғым болуы керек десек, мақалды оқығанда бала дарақылық, мақтаншақтық сияқты жаман қылықтардан жиренетіндей дәрежеде болуы керек. Сонда ғана мақал өз дәрежесіне сай жеріне жеткізіле айтылады. Сәкен Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңінен үзінді келтірейік:
«Сыр сандықты// ашып қара,
Ашып қара // сырласым.
Сым пернені// басып қара;
Басып қара// жырласын!
Сұлу сымда// перне әуені
Перне әуені// жыр айтар
Көңіл ашар// тербеу әні,
Тербеу әні //сыр айтар».
Міне, бұл жолдарды оқығанда оқушы сыр сандықтың адамның жан дүниесі, сым перненің көңіл – күйі және әр шумақтың бунақ, тармақтан тұратынын ажырата білуі керек, сонда ғана ол ақын жанын түсініп, сезіміне еніп, тыңдаушы жүрегіне сол сұлу сазды, сырлы назды жеткізе алады.
М. Әуезовтың « Көксерегінде» Құрмаштың әжесінің мына бір сөзіне назар аударайықшы:
« Түу, мына кәпірдің екі көзі жап – жасыл боп кетіпті – ау, тұқымын сезген екен мына жүзіқара; Қой, балам, енді мұны өлтіріп, терісін алайық»,- деп еді.
Бұл сөйлемді оқығанда оқушы ең алдымен көпті көрген көне көздің байқағыштық қасиетін көре білуі тиіс, екіншіден, бұл сөйлемнің иесі жас адам емес, қарт әже екенін ұмытпауы керек, үшіншіден, қасқыр тұқымының жыртқыштық қасиетін жан – дүниесімен сезінуі қажет. Сонда ғана қарт әженің аузынан шыққан бір ауыз құдіретті сөз тыңдаушысына өз мәнінде жетеді.
Енді осы қасиеттерді балаға қалай меңгертуге болады? Ол үшін төмендегі сызбаны негізге ала отырып, мынадай жұмыстар жүргіздім:
- мәтінді жанрына қарай өзім оқып, таныстырамын;
- тыныс белгілерінің қойылу ерекшеліктерін сұрап, білгенін өзім түсіндіріп өтемін;
- оқушыға іштей оқытып, сөйлем немесе шумақ мазмұнын ұғып алуына мүмкіндік беремін;
- жеке- жеке оқушыға даралап оқыттырамын;
- балаларға кезекпен немесе барлық сынып оқушыларына бірден дауыстап оқытамын;
- тек оқулық көлемімен шектелмей, өздерінің ұнатқан шығармаларын жаттап, сынып алдында айтуына мүмкіндік беремін.
Қорыта келгенде, « Сөйлеудің екі түрі болады: бірі – жалаң, екіншісі - көрнекі. Көрнекі сөйлеуді жырлау – толғау дейміз. Жырлау – толғауда айтылатын әсерлі сөзді дарынды сөз деп айту қолайлы. Сөздің асыл болуы – адамға ұнауымен. Сөз мағына жағынан күштілігімен, көркемділігімен, ұнайды», - деп, А. Байтұрсынов айтқандай, мәнерлеп оқу жолдарын толық меңгерген оқушы «сөз асылын» табатын, «сөз мағынасын» ұғатын, «дарынды сөзді» тани білетін тұлға болып қалыптасады.
Оқушыны мәнерлеп оқуға үйретпейінше оны мәдениетті сөйлеуге үйретеміз деп айта алмаймыз. Ал мәдениетті сөйлеу дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы тіл жұмсаудың өнегелі үлгілері, болып табылады
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.С.Рахметова.Қазақ тілін оқыту методикасы.Алматы:Ана тілі.
1991ж-184б.
2.Ш.Сәтиева.Оқушылардың оқу техникасын дамыту.Ұлағат.-2004№4.
3.О:А:Анрреев.Техника быстрого чтения.Ростов-на-Дону,2003.