ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ИСЛАМ ДІНІ
ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ
Сағынтаев Қайрат
Сағынтайұлы
ҚР,
Оңтүстік Қазақстан облысы
Шымкент қаласы.,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ ОҚО ПҚ БАИ
аға оқытушысы.
Әл-Фарабиді зерттеуші ғалымдар «Болашақ ғалым
алғашқы сауатын туған жерінде өз тілімен ашса да, 12–16 жас
шамасында керуенге ілесіп, білім іздеп Бағдадқа кетеді»,-деген
мәліметтер береді. Ол кез санасы ашық әрбір мұсылманға ислам діні
ғылымымен шұғылдануды парыз еткен. Осы кезден бастап Ә.Н. әл-Фараби
араб тілді ғалым болып есептеле бастады. Қасиетті Құран Кәрім тек
діни қағидалар жинағы ғана емес, сонымен қатар талай ілімнің құпия
кілтін бойына бүккен ғаламдық кітап болғандықтан, Ә. Н. әл-Фараби
бүкіл ислам ғалымдарына парыз болған – иджтихад (ойлау қабілетінің
шыңына жету үшін беріле еңбек ету) және муджтахид (иджтихадпен
шұғылданған адамның өз жаңалықтарын Құран Кәрім мен Хадис Шариф –
парыз-сүннет амалдарына негіздеп отыруы) жолына түскен [1]. Кеңес
өкіметі тұсында атеистік идеологияның ықпалымен әл-Фараби діннен
тыс ғалым ретінде көрсетілді деп өз пікірін
береді.
Әл-Фараби
өте сирек қолданылатын, кейде
тіпті құпиялық үшін қолданатын тілдерді де өте жақсы білген. Араб
жеріне келгеннен кейінгі отыз жыл ішінде 164 трактат жазып
қалдырған. Жалпы әл-Фараби мұраларын зерттеуші әлемдік ғалымдар
осынау «екінші Аристотель» атанған ғұламаның қаламынан туындаған
еңбектердің жалпы саны туралы әрұдай пікір ұстануда. Олардың
бірінің айтуынша 117, екіншісінің сөзіне қарағанда 160, үшіншісінің
болжамынша 200-дей трактат жазылған екен.
Мәселен, Фараби шығармаларының санын неміс
ғалымы Ш. Штейщнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А. Атеш - 160,
ал тәжік ғалымы Б. Ғафуров - 200 трактат деп
көрсетеді. Зерттеушілердің
айтуынша Фараби еңбектерін бөлек-бөлек қағаздарға жазып, көрінген
шәкірттеріне бере салады екен. Соның салдарынан оның еңбектерінің
арабша көп нұсқасы жоғалып кеткен. Бірақта арабша нүсқасы жоғалып
кеткен еңбектерінің біразы латынша, еврейше аудармаларда сақталған.
Оның бұл еңбектерін Еуропа ғалымдары кең түрде
пайдаланған.
Данышпанның жазып қалдырған еңбектерін Әбу
Әли ибн Сина (Авиценна), Әбу Райхан Бируни, Әбу әл-Уаха, ибн Бадж,
ибн Туфайл, ибн Рушд, Омар Хаям сияқты Шығыс ғұламаларымен қатар
Роджер, Бекон, Леонардо да Винчи және т.б. Еуропа ғалымдары да көп
пайдаланған. Мысалы Әбу Әли ибн Сина былай деп жазған екен: «Үйге
келген бойда оны оқуға кірістім. «Метафизика» ойымда жатталып
қалғандықтан, сол сәтте-ақ кітаптің мазмұнын түсініп алдым. Бұған
қатты қуанып кеттім. Мұндай кітаптің табылғанына шүкіршілік жасап,
ертеңіне-ақ кедейлерге біраз садақа бердім», - дейді ибн Сина. Ал,
Захируддин әл-Байхаки «.. ол кісінің «Екінші ұстаз» деген лақап аты
бар екен», - дей келіп, ғұламаның трактаттарынан, үлкен құрметпен,
мынандай үзінділер келтірген: «Білім жолына түскен жан күнделікті
күйбең тіршілікті ойламауы қажет. Білімді өзіне кәсіп, өнер етіп
алмауы керек. Әрі оны мал-дүние табу құралы етіп жібермеуі
тиіс...». «Ағаштың өсіп-жетілгенін бұтақтағы жемісіне қарап
бағалайды». «Сондай-ақ адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы
жақсы мінез-құлыққа байланысты». «Кімде-кім өзін, демек өз
дәрежесін көтермек болса, ондай адамның өсу жолына тосқауыл
қойылады», - деген екен әл-Фараби бабамыз
[2].
Әл-Фараби еңбектерінің
барлығын тек араб тілінде жазған. Себебі араб халифаты бұл кезде
Азия, Африка, Еуропаның өте көп жерін алып жатқан. Араб тілі көп
қолданылатын тіл болатын, қазіргі кездегі ағылшын тілі мәртебесі
сияқты халықаралық деңгейде қолданылды десек артық айтпаймыз.
Әл-Машанидің көзқарасы бойынша Ислам дінінің негізгі тірегі болған,
Аллаһ тарапынан жіберілген Калем Шариф, яғни Құран араб тілінде. Ол
Құранда қабылдап алушы адам Алаһтың елшісі (расул Аллаһ)
пайғамбарымыз Мұхаммед араб нәсілді адам. Ислам діні сол араб
елінде дүниеге келіп, сонан тарады. Сол себептен Исламның негізін
тану деген нәрсе осы араб тілін білумен байланысты. Арабтың тілін
білмеген адам мұсылман емес, яғни Ислам қауымынан емес деген
түсінік болмаса керек. Әркім өзінің білген тілінде сөйлесе, яғни
иман келтірсе, сол Исламның адамы болмақ.
Ақжан Машани Ислам әлемінде
фиқһ ілімін жан-жақты қалыптастырып, жүйе-жүйеге бөліп, фиқһ
мәселелерін бірнеше баптарға бөлген өте діндар, терең ғалым, ойшыл
ол- Әбу Ханифа болып табылатынына тоқталып өткен. Ол фиқһ ілімінің
негізін қалаумен қатар, өзінің ісін одан әрі жалғастыратын көптеген
білімді ғалымдарды тәрбиелегендігін атап
өткен. Әйтсе де оның ислам бірлігін
сақтауға қосқан зор үлесі туралы мынадай дерек сақталған. Тегі
түркі болып табылатын баһадүр қолбасшы Мұхаммед Ихшид ибн Тұғыт
Әмір ислам жолын бұзған «қармат» елін талқандаған соң, Ә. Н.
әл-Фарабимен кездеседі. Меккеге барар жолды кесіп «қажылық» жасауға
мұрша бермеген қарматтардың жеңілгеніне қуанған Ә. Н. әл-Фараби
іштей «қажылық» етуге ниет етіп, араб халифының саид-задаларымен
әңгімелеседі. Осы әңгімеде ғалым ислам бірлігін сақтау үшін
мазһабтар арасын жақындастыру керек деген ой айтып, өзінің араб,
парсы және түркі нәсілдері арасындағы алауыздықтарды жоюға күш
салып жүргендігін мәлімдейді. «Бабалардан қалған өсиетте түркі
халқы әділетшіл делінген еді. Сол сөздің ақиқаттығы мен
әділеттілігіне енді көз жеткізіп отырмыз» деп Саид-задалар Ә. Н.
әл-Фарабидің қолын құрметпен қысады [3].
Құранның ақындар мен өнер адамдарына деген
қарсылығын сынға алып отырған. Әрине мұсылмандардың қасиетті жазуы
Құранға келетін болсақ, ол дәстүрлі поэзия мен проза шенберіне
сыймайтын ерекше қайталанбас туынды. Ырғаққа негізделген, ал кейде
ұйқастырылған проза үлгісіндегі Қасиетті Жазу ізбасарлары үшін
адамның емес, Құдайдың сөзі, сондықтан да көркем құндылығы жағынан
қол жетпейтін биіктікте. Құранның дәл осы кемел формасы адамзат
санасына тереңдей енді, осыны пайдаланған дін басылары халықты
музыкадан алшақтатуға әрекет жасады. Олар діни-мәдени ерекшелік
іздеу жолында аспапты музыканы енгізуге қарсы болды. Десек те,
Мұхамед пайғамбардың өзі әскери, қажылық және мерекелік әндер
сияқты музыкалық жанрларға дұрыс көзқараста болған. Оған қоса
пайғамбар Мединеге келе салысымен үйлесімді дауыс ырғағымен
орындалатын, намазға шақыратын әуен рецитациясын
- тажуид әндерінің негізін қалаған. Осы тұста рухани
музыканың басқа да түрлері мысалы рамазан кезінде айтылатын арнайы
әуен - фаззазийат дамыды. Бұл жөнінде Айша анамыздың өзі
рамазан кезінде көңіл көтеруге болатыдығын пайғамбарымыз қолдаған
деп еске алуын дін басылары да мойындайды. Музыкаға қазіргі теріс
ағымдар қарсы, олар негізсіз адамдарды адастырып теріс ойға салуда.
Дін жолында адасқан ата-аналардың кейбірі балабақша, мектептердегі
әр түрлі ашық іс-шараларға (ертеңгіліктер, жаңа жыл мерекесі т.б)
балаларын қатыстыруға қарсылық
танытады.
«Осы тұста біздің ден қоятынымыз әл-Фараби
музыкаға деген төзімділікті дәріптеді»,- деп атап көрсетеді Фармер.
Әбу Наср әл-Фарабидің музыка туралы іргелі туындылар мүрағаттап,
болашактың еншісіне нәсіп етуі, музыка мен поэзияға қарсы
көзқарастағы діни толқынға тосқауыл болып, керемет әуеннің мұсылман
қоғамында кең етек жайып, өміршең болуына алғы шарттылықтар
туғызды. Әл-Фараби шығармашылығы мен классикалық ислам музыкасы
арасындағы үндестік пен үйлесімділік қамтылуы жағынан кең көлемді.
Бұл сабақтастық өз мәнін жоғалтпай, үнемі
дамыды.
Профессор А. Ж. Машанов әл-Фараби Құранды да
касиетті діни кітап деп қараумен қатар, оның көптеген қағидаларының
ғылыми негіздерін көре білді, математикалық есебін шығарды, құнды
ғылыми жетістік деп білді, өркениетімізге енген үлкен даналық үлес
деп түсіндірді. Сонымен
қатар әл-Фараби ежелгі грек
философиясы мен шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып,
түркі дүниесінің «Мәңгі ел» философиясының теориялық негіздемесін
жасап берді. «Мәңгі ел» идеясын әл-Фарабидің саяси- философиялық
тұрғыдан негіздеуі мықты. Ғалым «Мәңгі ел» теориясының негізгі
ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы»,
«Азаматық саясат», «Мемлекет билеушінің нақыл сөздері»
шығармаларында баяндайды. Ғұлама ғалым өмір сүрген кезеңде
түркілердің қала - мемлекеттері көп болған еді. Сондықтан ол
«мемлекетті» көбінесе «қала» түсінігімен қатар қойды. Бақытқа жету
жолында адамдардың арасындағы қайрымдылық пен түсінушілік,
бір-біріне көмек беру, достық пен бейбітшілік, тәрбие мен тәлім –
әл-Фарабидің тұтас әлеуметтік - саяси теориясының ажырамас бір
бөлігін құрайды. Яғни, еліміздегі азаматтардың барлығы «Мәңгілік
Ел» құндылығын бойына сіндірсе елімізде тыныштық пен бейбітшілік
әрқашан болады. Ол үшін экстремизм, терроризм атты сырқатқа қарсы
Қазақстан халқының бойында антивирус қалыптасуы
қажет.
Әдебиеттер
-
Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ
Ұлттық университетінде 2006 жылы өткен «Ұлттық ғылыми құндылықтар
және А. Әл-Машани мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық
конференцияның материалдары. Алматы., 2006
жыл.
-
А.Машановтың өмірбаяндық
құжаттары. ҚРОММ, 2285-қор., 1-т., 115- іс,
12-п.
-
А.Ж. Машани. Ислам діні және ғылым. // Шалқар. – 1994. –
шілде. - 4-5 бб.
-
Шамшиден А. Машанинама.
Алматы, 2008. – 241 б.