Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Алаш зиялылары және ұлт тілі.
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Алаш зиялылары және ұлт тілі.
Мазмұны:
1.Алаш азаматтары,тілтану ғылымының іргетасы.
2.Алаш қаламгерлері.
3.Ұлт тәуелсіздік мәселесі.
4.Ғылыми танымдық еңбектері.
5.Алаш қаламгерлерінің аудармасы.
Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұланғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсы да тілдің саяси, қоғамдық һәм рухани үлкен күш, ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс екендігін жақсы сезінді. Сондықтан да Алаш сияқты аса ірі қозғалыстың рухани тінінде қазақ тілі мәселесі ерекше орынға ие болды.
Ұлттың бойындағы сан ғасырлар жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған Алаш қозғалысы ел тағдырына қатысты барша идеяны өзіне өзек еткені бүгінде көбімізге белгілі. Құдайға тәуба, Алаш қайраткерлері күресінің тағылымы да, Алаш қаламгерлерінің мұрасы да жылдан жылға қазақтың рухани-мәдени өміріне еніп, «Алаш» сөзі аяулы ұғым, қасиетті түсінік ретінде қоғамымызда асқақтатыла айтылып келеді. Сонау XX ғасырдың басында елдің еркіндігі үшін күрескен ерлер қалаған осы қасиетті сөз тәуелсіздігіне жеткен қазақ баласына да соншалықты қымбат, аяулы ұғымға айналуда. Бұл – санамыздың жаңғыруы, тарихи тамырларымызды қастерлеуіміз, елдіктің белгісі, өсер жұрттың өнегесі.
Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұланғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсы да тілдің саяси, қоғамдық һәм рухани үлкен күш, ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс екендігін жақсы сезінді. Сондықтан да Алаш сияқты аса ірі қозғалыстың рухани тінінде қазақ тілі мәселесі ерекше орынға ие болды. Ұлт-азаттық күрес заманы қалыптастырған зиялылардың ана тілімізге арналған еңбектері, тіл жолындағы алуан күрестері – бүгінгі өзі де азат, тілі де азат күнге жеткен қазақ баласына тағылымды мұра, өміршең өсиет. Алаш зиялыларының тіл төңірегіндегі еңбектерінің алуандығы – олардың ұлт тағдырындағы тілдің төтенше маңызын әрі терең, әрі жан-жақты түсінгендігін аңғартады.
Біріншіден, Алаш азаматтары қазақ ғылымының төлбасы әрі арналы саласы ретінде ең алғаш болып тілтану ғылымының іргетасын қалады. Оның себебіне үңілсек, онда Алаш қайраткерлерінің барлық ұлттық ерекшеліктердің ішінен халықтың болмысын, өткені мен бүгінін танытарлық тіл сияқты ең көрнекті құбылысты таңдауы аса қисынды еді. Қандай ғылым болса да, әлбетте, белгілі бір қолданбалы, жүзелік сипаттан өрістейді. Осы тұрғыдан келгенде, Ахаңның тіл саласындағы еңбектері, кейінірек жазылған Халел Досмұхамедұлының, Телжан Шонанұлының, Елдес Омарұлының еңбектері алдымен оқытуға, білім беруге арналған дүниелер болатын. Айталық, Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы», «Тіл құралы», Телжан Шонанұлының, Елдес Омарұлының оқу-әдістемелік мақалалары осыны аңғартады. Әсіресе, тіліміздің жазу үлгісінің, емлесінің қалыптасуындағы Алаш зиялыларының орны алабөтен. Алаш оқымыстыларының қазақ тіл білімі тарихындағы орнын 1924 жылы Орынбор қаласында өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі де байқатты. Осы алқалы, тарихи жағынан маңызды ғылыми жиындағы А.Байтұрсынұлының, Е.Омарұлының, баяндамалары, Т.Шонанұлының, М.Дулатовтың, сөйлеген сөздері, ой-пікірлері тілтану ғылымының күрделі мәселелерін шешуде алаштықтардың қаншалықты үлкен еңбек сіңіргендіктерін қаншалықты эрудициясы мен инстуициясы бай тұлғалар екендіктерін айғақтады. Осы сиезде, негізінен, әліпби, жазу ережелері тақырыптары баса көтерілгенімен, олар тілдің сан алуан мәселелері төңірегінде сөз қозғауға өрісті ой тудырды. Алаш оқымыстылары қалыптастырған қазақ тіл білімі Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-тілдік мектебін қалыптастырды. Бұл мектеп ілгеріде есімдері аталған тілтанушыларды өсірді, бұдан кейінгі кезеңде Ахаңның көзін көрген өнегесін алған қаншама ғалымдар қалыптасса, совет заманындағы қазақ тіл білімі де Ахметтің ізімен жүрді, оның атын атай алмаса да, еңбектерін пайдаланды. Енді тәуелсіздік алған заманда тағы да Ахмет өзінің ұстаздық мінберіне барша тұлғасымен көтерілді.
Екіншіден, Алаш қаламгерлері XIX ғасырдың ортасында алғашқы белгілері байқалған ұлттық жазба әдебиетімізді жанрлық жағынан да, стильдік тұрғыдан да қалыптастырды, анағұрлым байытты. Бастапқыда Шортанбай Қанайұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Әбубәкір Кердері және тағы да басқа исламдық ағартушылық ағымның өкілдері шығармашылығында, сәл кейінірек тұтастай түрде Ыбырай Алтынсарин, Абай өнернамасында қалыптаса бастаған жазба әдебиетінің көркемдік, стильдік, жалпы тілдік белгілерін іргелендірді. А.Байтұрсынұлы, Ғ.Қараш, М.Дулатов, С.Торайғыров, Б.Серкебаев шығармаларындағы жазба реалистік дәстүр, М.Жұмабаев, поэзиясындағы романтикалық жазба дәстүр мәдениетті жазба әдебиетінің қалыптасқандығын байқатса, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтердің көркем прозасы классикалық жазба әдебиетінің зор үлгілері болды. Әңгіме, повесть, роман, поэма, баллада, драма сияқты жанрлардың түгенденуі де ұлттық жазба әдебиетіміздің қалыптасу кезеңінен даму биігіне қарышты қадам жасағандығын әйгіледі. Қазіргі кезде ғалымдар тарапынан «Алаш әдебиеті», «Алаш ұранды әдебиет» делініп жүрген әдебиет идеялық жағынан да,тақырыптық жағынан да, тілдік-стильдік жағынан да, жанрлық жағынан да, бейнелілік жағынан да ауызша дамыған сөз өнеріміздің жазба әдебиетке тән деңгейге көтерілуіне өлшеусіз үлес қосты. Бұл тіліміздің бойындағы мүмкіндіктерді барынша көрсетуге, көркем әдебиет стилінің дамуына жағдай жасады. Алаш әдебиеті арқылы ұлттық сөз өнеріміз жаңа деңгейге жетіп, тіліміздің байлығы мен оралымдылығының, мағыналылығының, әлеуетінің мүмкіндіктері мол екендігін паш етті. М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов сияқты ұлы қаламгерлердің қалыптасуына шешуші ықпал етті. Бұған қоса Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы мақалаларынан басталып, «Әдебиет танытқышқа», «Әдебиет тарихына» ұласқан әдебиеттану ғылымының қалыптасуы да Алаш қаламгерлерінің жазба әдебиетімізді дамытқанын, ғылыми-эстетикалық тілдің де негізін қалағандығын дәлелдеді. Алаш әдебиетінің рухы Мұхтар Әуезов сияқты данышпан жазушының қаламына қанат бітірді, осы рух Бауыржан Момышұлын, Ілияс Есенберлинді, Мұхтар Мағауинды тағы да қаншама қазақтың ұлыларын, ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет етудің жоралы дәстүріне баулыды.
Үшіншіден, Алаш зиялылары XX ғасырдың басында ұлт тәуелсіздігі мәселесін көтере отырып, ұлттың рухани-мәдени өрлеуіндегі, саяси ұйысуындағы асыл қазынаның бірегейі тіл екендігін байыптады. Сөйтіп, олар тілді сақтау, дамыту, қолданыс аясын кеңейту міндеттерін көтере келе, қазақ тілінің саяси, қоғамдық, әлеуметтік мәртебесіне ерекше мән берді. Бұл алаштықтар тарапынан тілдің саяси, әлеуметтік маңызын, ұлттың тұтасуы мен өркендеуіндегі орнын сезініп, оған тұңғыш рет берілген толымды баға болатын. Бұл да тәлімі тарихи деуге татитын Алаштың орасан өнегесі болатын. Ресей отаршылдығының саяси, әскери қысымын ғана емес, рухани өктемдігін сезген, көрген Алаш зиялылары тілді, ұлтты сақтап қаларлық қуатты құрал деп қарады, бағалады, соған риясыз қызмет етті. Хандық мемлекет тұсында тіл билік пен шешендіктің, көсемдіктің, өнебойы отаршылдықта өткен XIX ғасырда қарсылық пен сынның құралы болса, Алаш қозғалысы тұсында тілге ең алғаш рет ұлтты тұтастырушылық ірі қызмет жүктелді. Яғни, қазақ тілі қалың ел, ордалы жұрттың тілі ретінде сақталу керек, сақтала тұрып ұлттың ұлттығын да сақтауы тиісті деп бағаланды. А.Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл»-деп ұлттық рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да, тіл екендігін алғаш аңғартты. Ахаңның осы сөзіне орайлас пікірлерді Алаш зиялыларының көпшілігі білдірді. Айталық, Ғұмар Қараштың: «Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз», Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын», Халел Досмұхамедұлының: «Ана тілін жақсы біліп тұрып бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беруі зор қате. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек,Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу»дегендері біздің заманымызға үндес, өзекті пікірлер. Егер біздің тіліміз егемен елдің, дербес мемлекеттің мемлекеттік тілі екендігін, осы мәртебелі тіліміздің өзінің тұғырына толық қонбай жатқанын ескерсек, Алаш зиялылары өсиетінің бағасы да, маңызы да еселеп артатындығына деп қоямыз. Бұл бағыттағы өрісті ойлардың сілемі қалын оқырман қауымға әлі де мәлім бола қоймаған Ғ.Қараштың «Ұлт һәм туған ел», М.Тұрғынбаевтың «Қазақ тілін іске асыру» мақалаларынан айрықша аңғарылады. Ұлттық руханияттың өзегі ана тіл екендігін рухани-мәдини тарихымызда алғаш білдіргендер алаштықтар болды. Олар ана тілін ұлт болмысының басты бөлшегі ретінде қарастырып, әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесінде оның алатын орнына да ерекше назар аударды. Сондықтан да өз ана тілінде сөйлеу, тілін білу – ұлттық іргелі мәселе екендігін Алаш зиялылары сол кезеңнің өзінде-ақ жақсы ұғынғаны олардың еңбектерінен бедерлене байқалып жүрді. Бұл орайда тағы да бір мәселені айта кеткеніміз жөн. Қазіргі кезде ана тіліміз – қазақ тілі туралы әдеби шыгармалар өрісті тақырыптардың біріне айналып отырса, олардың алғашқы үлгілерін дүниеге келтірген де Алаш қаламгерлері болатын. А.Байтұрсынұлының «Туған тілім», М.Жұмабаевтың «Қазақ тілі», С.Торайғыровтың «Туған тіліме» өлеңдері – жалпы қазақ әдебиетіндегі тіл тақырыбында жазылған тұнғыш көркем туындылар еді. Алаш қайраткерлерінің тіл турасындағы осы көкейкесті ойлары, рухани күресі азаттық алған бүгінгі қазаққа да жолбасшылық етуде.
Төртіншіден,Алаш оқымыстыларының ғылыми және ғылыми-танымдық еңбектері, әр салаларға арналған оқулықтары арқылы тіліміздің ғылыми және ғылыми-көпөлік стильдерін қалыптастырды. Айталық, Ә.Бөкейханның тарих, фольклортану, әлеуметтану саласындағы ғылыми шығармалары, А.Байтұрсынұлының 1912 жылдан бастап 1928-1929 жылдарға дейін жазылып жарияланған оқулықтары, оқу құралдары, ғылыми мақалалары, Х.Досмұхамедұлының медицина, биология, тілтану саласындағы ғылыми еңбектері, М.Тынышпаевтың тарихи зерттеулері, М.Дулатовтың тілтану, әдебиеттану, математика саласындағы ғылыми шығармашылығы, Ж.Аймауытовтың психология, әдебиеттану саласындағы ғылыми ізденістері, М.Жұмабаевтың педагогика, әдебиеттану саласындағы еңбектері, Т.Шонанұлының тілтану, әдістемеге арналған оқу құралдары мен зерттеулері, сондай-ақ Ә.Ермековтің, М.Тұрғанбаевтың, Е.Омарұлының, С.Асфендияровтың, М.Бұралқиевтың, Қ.Кемеңгерұлының, С.Сәдуақасовтың ғылыми еңбектері ғылым тілінің, қазақтың ғылыми терминологиясының қалыптасуында айрықша белес болды. Қазақ тілінің әліпбиін, емлесін жасаумен, ішкі заңдылықтарын ғылыми дәйектеумен бірге Алаш зиялылары тіліміздің тазалығы, мәдениеті үшін де күресті. Х.Досмұхамедұлының «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы», М.Дулатовтың «Қазақ тілінің мұңы», Н.Төреқұлұлының «Ауропа сөздері» т.б. еңбектерде тіліміздің орфоэпиялық, орфографиялық нормаларының сақталуы, басқа тілдердің әсері, тіл табиғатының бұзылмауы, сөзжасам т.с.с. мәселелер айтылып, қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау, тіл тазалығы, сөз мәдениеті тақырыбында бүгінде өзектілігін жоймаған ойлар өрістетілді. Алаш оқымыстылары бастаған осы ғылыми дәстүр совет тұсында қанша масұқталғанымен, бәрібір қазақтың ғылыми алқабына себілген дән болып көктеп шықты, өз жемісін берді, бүгінгі бізге де қуатты құнар болуда. Әсіресе, Алаш асылдары қалыптастырған ғылыми терминология әлденеше ғылым саласында орнықты. Олардың термин жасаудағы қағидаттары, қазақ тілінің бай мүмкіндіктерін қолдану әдістері мен дағдылары қазіргі қазақ терминологиясының мектебі іспетті. Алаш санаткерлері қалыптастырған осы терминологиялық қор, біздің ойымызша, ғылыми тұрғыдан қорытылу қажет, соған орай оның қағидаттары мен тұжырымдары осы саладағы барлық мамандарға жеткізілуі тиісті. Сонда біз қазіргі термин саласындағы көптеген, жиі айтылып қалып жүрген ала-құлалықтардан арылмақпыз. Сондай-ақ Алаш ғалымдарының сан салалы ғылыми тәжірибелеріне жалпы таза ғылыми деңгейде лайықты баға беретін де уақыт келді деп ойлаймыз. Әрине, ғылыми мұраны зерттеу, зерделеу жұмыстары сонау 1980 жылдардың соңында, 90 жылдардың басынан бері қолға алынуда. Сандаған мақалалар жазылды, ғылыми деңгейі әртүрлі диссертациялар қорғалды, енді оларды қорыту, соның негізінде жаңа ғылыми бағыттарды айқындау, маңызды мен мардымсыздың жігін ажырату сәті туған сияқты. Бұл мәселенің өзектілігі – ғылым саласында дәстүрлі реттен бас тартып, жаңа жүйені қалыптастырудың қазіргі кезеңімен сабақтас.
Бесіншіден,Алаш қаламгерлерінің аударма саласындағы алуан еңбектерінің нәтижесінде қазақ аудармасының негізі қаланды. Бұл арада Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгерұлы және тағы басқалар жасаған көркем аудармалар, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Аймауытов, Т.Шонанұлы және тағы басқа қаламгерлер жасаған ғылыми аудармалар, сондай-ақ әлеуметтану, саясаттану, философия салаларында орындалған аудармалар, әлбетте, саны жағынан да, түрі жағынан да өзіне дейінгі кезеңдерге қарағанда әжептеуір өсу болатын.
Алтыншыдан,Алаш қайраткерлері жалпылай келгенде, Алаш қозғалысының барысында, негізінен алғанда, облыстық қазақ комитеттерінің, Алаш партиясының құрылуы тұсында, Бірінші, Екінші жалпықазақ сиездері кезінде, Алашорда үкіметінің қызмет етуі кезеңінде тіліміздегі ресми-іскери стильді қалыптастыра бастады. Алаш автономиясы құрылып, Алашорда үкіметі оның облыстардағы, уездердегі комитеттерінің жұмыс атқару шағында аталған стильдің сандаған үлгілері пайда болғаны белгілі. Бұл қазақ тілінің мемлекеттің тілі болуының алғашқы үлгісі еді. Қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде болуына большевиктік биліктің бастапқы жылдарында да Ахмет бастаған Алаш қайраткерлері зор ықпал еткені тарихтан белгілі.
Міне, біз негізгі жеті себебін жіктеген қазақ тілінің Алаш қозғалысы тұсындағы өрістеу бағыттары өз кезеңінің ғана емес, бұдан соңғы жылдарда да дәстүр жайған, өнегелі өріс болған құбылыс, жанды үдеріс болатын. Алаш зиялыларының қазақ тіліне жасаған зор, тіпті ұлы еңбектері қай жағынан алсаңыз да тарихи миссия.Көрнекті алаштанушы Мәмбет Қойгелдиевтің сөзімен айтсақ: «Халықтың өткен өмірі жалпықоғамдық мәні бар тәжірибе ретінде қорытылып, белгілі бір дәрежеде ұлт игілігіне асқанда ғана құндылыққа айналады. Онсыз өткен тарих қысыр әңгіме ғана. Алаш халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харекеті» /3,29/.Бұл Алаш мұрасы мен мұратын танудың терең толғамы. Алаштың құндылығы хақындағы осы толғамы Алаш қайраткерлерінің тілдік мұрасына да әбден қатысты деуге болады.
Біз бабаларымыздың күресімен өсетін бойымызға сіңіруде, олардың бүгінгі күнімізбен тікелей сабақтас құндылық екендігін әрқашан сезінуіміз қажет. Осы тамырластық дегдар сезім бүгінгі қазақтың азаттығына, ел болуына, ел болу үшін, басқа да мемлекеттік атрибуттармен, істермен бірге ұлт тілінің мерейін асыратын, отаршылдық қалдықтармен күресетін баянды шаруаларға жұмылдыру шарт һәм міндетті. Бағзы бабалардан да, абыз Абайдың да, Алаш зиялыларының да аманаты осында.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. А, 2004.
2. Нүрпейісов К. Алаш пен Алашорда. Алматы, 1995.
3. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы, 1995.
4. Әбжанов Х. Алаш ұлықтаған идея. \\ Егемен Қазақстан, 2008ж.
5. Әлім Қ. «Наркомюст» наркескені. \\ Егемен Қазақстан, 2009ж.
Өтініш.
Аты-жөні: Ашықбай Меруерт Қайратқызы
Ғылыми дәрежесі,ғылыми атағы:
Жұмыс орны,қызметі: КМҚК «№33 Күншуақ» бөбекжай балабақшасы.Дене шынықтыру нұсқаушысы.
Баяндама тақырыбы: Алаш тағылымы-тәуелсіздік негізі.
Секция: Алаш зиялылары жәнее ұлт тілі.
Телефон: 8-771-379-52-43
Е-mail: miko.zhez @mail.ru