Материалдар / ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ МЕН «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫ
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ МЕН «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
Қазақ филососфиясын оқытуда пайдалануға болады.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
29 Сәуір 2021
404
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ МЕН «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫ


Қозыбағаров Амангелді Ибадуллаұлы

«Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі» КМҚК


Бүгінде халқымыз «Мәңгілік Ел» идеясы – Түркі қағандарының, Қазақ хандарының қалауы, Абайдың арманы, Алаш қайраткерлерінің ғасырлар бойы армандаған, елді ымыраға ұйыстыратын, ірі мақсатқа жұдырықтай жұмылдыратын, ұлттық идеология екендігін ұғынды. Осы уақытқа дейін «Мәңгі ел» идеясының негізін салған «Көне түркі жазба ескерткіштері», әл- Фараби мен Жүсіп Баласағұнның мұраларын сол ғұламалардың өмір сүрген заманымен ғана байланыстырып зерделедік. Енді кейіңгі ұрпақтары егеменді мемлекет құрып, азат санаға ие болған кезде бабаларымыз іргетасын қалап кеткен «Мәңгі ел» идеясының теориялық негіздері мен оны ұлттық тарихымыздағы хандар мен билер, Абай мен Алаш азаматтары және де тәуелсіз қазақ қоғамындағы зиялылардың іс жүзінде жалғастырып отырғандығын біртұтастықтықта, сабақтастықта зерделеу қажет.

«Мәңгілік ел» дүниетанымдық идеясын «Алаш» философиялық идеясымен сабақтастыруға толық негіз бар. Өйткені, Алаш арыстары да ұлттық идеяны жасауға талпынды. Өткен ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылары қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алғаны да белгілі. Алаш қозғалысы ХХ ғасырдың басы қазақ халқының Ресей Империясының құрамында бүтіндей басыбайлы түрде өмір сүрген шақтарында өріс алған еді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабайұлы тұсындағы қазақ философиясы мен саяси-әлеуметтік ойы шектеулі еркіндікте дамыды. Өйткені, олар дербес ұлттық мемлекеттілік жайлы мәселелерді үкіметтің қатаң бақылауы астында жүріп жүзеге асыруға талпынды.

Қазақ қоғамының осындай мүшкіл халге душар болған жағдайында ұлт зиялыларының басты мақсат-мүддесі қайткен күнде де халықтың тұтастығын сақтап қалу және ілгері кеткен жұрттардың қатарына қосу еді. Бұл жерде ең бастысы философиялық дүниетанымдар мен көзқарастардың ортақ мәселесі – қазақ қоғамын жетілдіру мен ұлт тәуелсіздігі болды. Жалпыұлттық мақсатқа жету үшін ұлтты ұйыстырудың тетіктерін, яғни ұлтжандылықты, ауызбірлікті, ынтымақтастықты орнықтыруды алдыңғы орынға шығарды. Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан осы қағиданы өз іс-әрекеттерінің, мақсаттарының, жан-дүниесінің үнемі бағыттаушы күші ретінде ұстанды да. ХХ ғасырдың басында батыстандырылу жайылған әлемде қазақтардың дәстүрлі құндылықтары ығыстырылып, халық рухани күйзелуді бастан кешті. Әлемге деген өзіндік өзгеше бір қатынас, өмірді, әлемді өзгеше түйсіну, онымен өзгеше бір үйлесу ендігі жерде келмеске кетеді. Қазақтар өздері үшін адамдықпен бара бар деп түсінетін, өз болмысын қалауынша өздері анықтайтын күйден мүлдем айырылды. Көшпелілердің дәстүрлі тұрмыс-тынысы тарылған әлемде өркениеттер қақтығысына жол ашылған болатын.

Әлихан Бөкейхан философиясының түп негізі – қазақ халқының еркіндігі. Әлихан Бөкейханның еркіндік рухының философиясы субстанциялық дүниетанымында анық көрініс тапқан: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» Бұдан нені байқаймыз, тұлғаның ұстараның жүзіндегі өмірге саналы түрде баруы, өмірінің мәні – халқына жол көрсету болып табылатындығын байқаймыз. Елге, жұртқа өз ғұмырын арнау шешіміне жігер еркіндігі бар тұлға ғана бара алады. Философиялық тұрғыда, жігер еркіндігі дегеніміз – тұлғаның өз харекетін өзі айқындауы, өзінің харекет ету жолындағы еркіндігі мен мүмкіндігін өмір философиясына айналдыруы. «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді» – бұл не? Бұл философиялық танымда – рефлекция, тұлғаның өткенді саралап, көкжиектің көркем болуын мақсаттауы. Мақсат – «Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деп өзі айтқандай, елдік дәстүрді жалғастыру. Әлихан Бөкейхан елге, жұртқа қызмет етудің үздік үлгісін рефлекциялық жолмен тарихи сананы жаңғырта еске түсіреді.

Әлихан Бөкейхан ең алдымен ұлтты рухани жетілдірудің жолдарын іздестірді. Мәселені философиялық тұрғыдан талдап-тарқата келе: «Адам баласы өзге хайуаннан айрылғанда ақылды болып, қолы шебер болып айрылады. Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды» – деп жазды. «Еуропа мемлекеттерінің ұлылығын арттырып отырған – халықтың ақылы мен ұсталығы. Сахара жұртының мал бағып жүрген жеріне орыс мұжығы келе салып қазына суырып алып байып отыр». Негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығының төңірегінде болған қазақтың өрісі тарылған мына заманда қандай амалдар арқылы жаңғырту керектігін: «Өз жеріне өзі қызмет қылмай, іске жаратпай, жер закон арқылы менікі деген башқұрт пен қазақ, атадан қалған көп қазынаны басқан жаман бала сапарында емес пе? Бұл тіршілік – үлкен талас, бір бәйге, жүйірік алады, шабан қалады. Жүйіріктік ақыл, ұсталық, жаһитшілікте» – деп жазды. Алдымен қоныстас жаңа көршілерден шеберлікті, кәсібилікті, өнімді еңбек етуді үйренуге шақырды. Қандай іспен шұғылдансаң да кәсіби шеберлік, іскерлік, білімділік қажет екендігін әрбір мақаласында жан-жақты талдап, ғылыми тұрғыдан тұжырымдар жасады. Осы тұста айтарлық нәрсе, Қазaқстан өз егемендігін алған алғашқы күннен бастап-ақ Елбасы Нұрсұлтан Нaзарбaевтың: «Алдымен – экономика, содан соң сaясат» деп көрсеткен идеясын осы бір тұжырымдармен сабақтастыра отырып, «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттау басты мәселе болып отыр. Бұл бaғыттың ең дұрыс, әрі тиімді таңдау екендігін өмірдің өзі дәлелдеп бергенін де көріп отырмыз.

Әлихан Бөкейхан тұлғасын әлемдік саясат пен мәдениет тарихында орын алған үлкен құбылыс ретінде қабылдау қажет. Әлихан Бөкейханды қазақтың ғана емес, адамзаттың ұстазының бірі десе артық айтқандық емес. Қазақ даласында Әлихан Бөкейханға дейін саяси философия негізінде ел тәуелсіздігі үшін күрестің жолын ешкім көрсете алмағанын мойындауымыз тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Әлихан Бөкейханды қазақтың саяси философиясының негізін қалаған ірі тұлға ретінде ғана емес, адамзатқа ортақ саяси қайраткер, философ-ғалым ретінде қарастырған дұрыс. Әлихан Бөкейханның саяси дүниетанымына Еуразия кеңістігінде іштен де, сырттан да «жаулар» көп болған. Оған себеп: оның ерлік мінезі, терең білімі және ақсүйекке тән бас имейтін асқақ тұлғалық табиғаты және аса қуатты саяси концепциясы болатын. Абылай хан, Кенесары хан дәстүрін жаңа форматта саяси жолмен жалғастыру – тәуелсіздік санасының оралуы үшін күрес болатын. Әлихан Бөкейхан жоқты іздемеді, жаңа жолмен жоғалғанды іздеді. Әлихан Бөкейхан философиясы болмысының түйіні – елдің ертеңіне деген құштарлық болатын, басқаша айтсақ, жоғалып кетпеу философиясы, яғни бар болу танымы. «Бар болу неден?». Әлихан Бөкейхан соған жауап іздеген, саяси философияға ойшылдықпен келген. Қайтсем халқымды еркіндікке шығарам деген жолда философиялық-танымдық ізденісте болған. «Барды қалай жоғалтқан, бодан күйге қалай түскен, адамзат баласына ғажап өркениет әкелген түркі әлемі осыншама неге құлдыраған, одан шығар жол қайсы?» деген сауалдарға жауап іздеген.

Әлихан Бөкейхан өзінің сараптамалық талдауларында «адам жасампаздығы мен шығармашылық әлеуеті елдің саяси және экономикалық жағынан ғана дамуына әсер етпейді, адамдардың интеллектуалды, рухани өсуінің алғы шарттары» деп түсінгенін байқаймыз. Қазақтар төл мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрлерін сақтай отырып, Батыс өркениетінің үлгісі бойынша эволюциялық жолмен қоғамды түбегейлі өзгерткенін қалады. Әлихан Бөкейхан бұл ойларын қазақтың ұлан-ғайыр даласын мекендеген халқының арасында баспасөз арқылы публицистикалық мақалалар, ашық хаттар түрінде таратты. Қазақтың көзі ашық оқыған азаматтарын осы мәселе төңірегінде талқылауға қатысуға шақырды. Мақсаты – халықтың ұлттық сана-сезімін ояту. Ол бұл мәселенің философиялық түйінін шешеуге талпынады. Патша үкіметі құлағаннан кейін бостандық, теңдік орнады, енді осы еркіндікті қалай пайдаланамыз деген мәселеде, Әлихан Бөкейхан былай дейді: «Сабасына қарай піспегі болады. Жұртқа бостандық, теңдік, туысқандық болған соң, жұрт бостандықты бұлданып, өз тізгінін өзі алып, қағушы, соғушы, күзетуші енді өлді деп күшейуі керек еді. Жұрт теңдікті бұлданып, ер-әйел, бай-кедей, мырза-бұқара, төре-қара, ақсақал-жас деп бөлмей бәрін тең ұстау керек еді. Жұрт бостандықты бұлданып, бір туған ағайын, құда тамыр, қарындас, көрші демей, барша адам баласымен ағайындық, туысқандық жолына тарту еді». Адамды рухани-адамгершіліктік жағынан жетілдірудегі осы идеяларды көзі қарақты оқырман шариғаттан, інжілден, будда оқуынан, Л.Н. Толстой философиясынан таба алады дейді. Әлихан Бөкейхан бүкіл адамзатқа бауырмашылық, ағайынгершілік көзқарастағы Лев Толстойдың дүниетанымдық негіздемелерін басты бағдар етіп ұстанды. Сондықтан да екі ойшылдың жалпыадамзаттық құндылықтар, бақыт пен махаббат жайлы ой-толғамдары бір арнада түйіскен. Ізгілік пен зұлымдық, өмір сүрудің мәні туралы орыс ойшылының көзқарастары нағыз гуманиске тән еді. Адамшылық қарым-қатынас орнатудағы мейірімділікті руханилықтың негізі ретіндегі маңызын алға шығарады. Күш көрсету дегеніміз, ұлы орыс ойшылының философиялық түйіндеулерінде зұлымдыққа пара-пар. Ол адамдар арасындағы махаббатты басқаларға зорлық-зомбылық көрсетпеу деген болатын. Лев Толстойдың түсінігіндегі махаббат – адамның әлеммен, айналасындағы адамдармен адамгершілікті тұрғыдан қарым-қатынаста болуының негізі. Осындай адам болмысының мәні жайындағы Толстойдың гуманистік философиялық ойларын Әлихан Нұрмұхамедұлы өзінің әлеуметтік-философиялық еңбектерінде әрі қарай өрбітті.

Әлихан Бөкейхан қоғамның дамуының негізгі тірегі – білім, әрі ғылымның алғышарты да білім екенін анық танып, осы салада өзі бел шешіп еңбек етті, әрі үлкен насихат жүргізді. Әлемдік білім философиясының дәстүріне сай, Алаштың білім философиясы институционалды тұтастықта дамыды. Ұлы Дала төсінде мектептер, басқа да білім ошақтарын ашу, оқулықтар жазу, газет-журналдар ашу, білім мен тәрбиеге қатысты танымдық-әдістемелік мақалалар жазу, түрлі бірлестіктерде білім мәселелерін, білім теориясы мен концепциясын талқылау, т.б. көптеген мәселелерді қарастыра келіп, соның нәтижесінде ұстаздық философияның жаңа бағыттарын көрсету, теориялық білімнің іргелі құндылықтарын ашу – Әлихан Бөкейхан қалыптастырған Алаштың білім философиясының метаконцепциясы болды. Әлихан Бөкейхан білім мәселесін сол қоғамның басты құндылығы ретінде қарастырды. «Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктердің көбі түзелгенде оқумен түзеледі. Бұл күндегі үлкендердің көбі біздің жаңалық ісімізді жатырқап, жаңалық пікірімізге түсінбей, айтқанымызды тыңдамай, істегенімізге қосылмай – өтер. Олар өтіп кейінгі жастардың да заманы жетер. Жаңалыққа жастар мойнын бұрып қайырылар, халық түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріп бәрінен жоғары қойылатын жұмыс»-деп жазды.

Рухани мәдениет пен руханилық, ұлттық философиялық дүниетаным, моральдық ұстанымдар идеологиялық-ақпараттық қатерлердің зардаптарын жоюда, оның алдын алуда және болашақта ұлттық идеяны насихаттауда «Мәңгілік Ел» мен «Ұлы дала елі» идеяларының маңызы зор. «Мәңгілік Ел» мен «Ұлы дала елі» идеяларымен мәндес, жүз жыл бұрын қалыптасқан Әлихан Бөкейханның әлеуметтік-философиялық көзқарастарының өзектілігі қазіргі қазақстандық қоғамда сол қалпында сақталып отыр. Әлихан Бөкейханның өрелі ой-тұжырымдарының негізгі алтын қазығы еркіндік идеясы болды. «Жұрттың тірлік күйде, я өлімтік күйде өмір шегуі өзінің жігерінен болады» - дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Қазіргі кезеңде бәсекеге қабілетті елдердің қатарында даму үшін, алдымен, Тәуелсіз Қазақстанның азаматтарының әлеуеті, білімділігі мен біліктілігін арттыру басты нысанада болуы қажет.

Халқымыздың рухани өміріндегі өзгерістердің қай бағытқа қарай бет алысын, оның түп тамырдан ажырап бар жатқандығын қазақ ойшылы Әлихан Бөкейхан көре білді. Дәл осы құбылыс ХХІ ғасырыдың де өзекті мәселесі болып отыр. Қазіргі кезеңнің сын-қатерлері мен жаһандық нарық, әлемдік саясаттағы болжаусыз жағдайлар, жаңа дағдарыстар ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып бүгінгі көштен қалмауға итермелейді.

Әлихан Бөкейханның идеялары, олардың арман-тілектері бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатыр. Ол идеялар қазіргі біздің демократиялық қоғам құрудың негізгі қағидаттарымен сабақтастығын көрсетеді. Алаш қайраткерлерінің армандаған Ұлттық Автономиясы Қазақ елінде орнады. Енді азат, тәуелсіз қазақ ұлты өз еркіндігін алған тұста оның алдағы тағдыры өз қолында. «Қазақстан жолы–2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Елбасымыз анық көрсетіп бергендей, ендігі міндет – осы идеялардың өзектілігін жоғалтпау. Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! «Мәңгілік Ел» – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы Стратегияда «біз мемлекеттігіміз дамуының руханилық мәселесі экономикалық, материалдық тұрғыдағы мәселелерден кем болмайтындай кезеңіне аяқ бастық» деп атап көрсетеді.

Заманауи қоғамдық сұраныс көрсетіп отырғандай мемлекеттілігімізді нығайтуда ұлттық сана архетиптерін жаңғыртудың тигізер үлесін де ескерген жөн. Қоғам өміріндегі келеңсіз іс-әрекеттер қазіргі кезде де белең алып отырған жағдайлар. Бұл әсіресе жаһанданудың қарқын алуымен ушыға түсетін құбылыстар. Осыған орай адамның рухани жетілуінің тетіктерін іске қосу қажеттілігі туындап отыр. Жаһандану үдерісі қоғам өмірінің барлық салаларын қамтып, дәстүрлі мәдениеттердің құндылықтары ұмытылып кету қаупі туған шақта елімізде жасалып жатқан шаралар оған қарсы тұру, сонымен қатар, басқа дамыған мемлекеттердің құрсауында кетпей, тәуелсіздігімізді сақтап қалуға бағытталуға тиіс. Ең алдымен бұл жағдайда экономикалық тәуелсіздікпен қатар, рухани тәуелсіздікті жоғалтпау мәселесі тұр. Қазақ ұлтының ғасырлар бойы қордаланған руханиятының жетістіктерін бүгінгі күннің кәдесіне жарата отырып, еркіндік жағдайында дамуды дұрыс жолға қоя білу керек. Мәңгілік Ел болу жолында әрбір адам өзінің еркіндігін сақтай отырып, ішкі еркіндікті жоғалтпағаны абзал. Бұл бүгінгі таңда да, алыс болашақта да нағыз ұлттық басымдық, «Мәңгілік Ел» идеясының негізі болып қала бермек.

Әдебиеттер тізімі:

1. «Қазақ» газеті. 1998. Бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 560 б.; Нысанбаев Ә. ЖаҺандану және қазақстанның орнықты дамуы. – Алматы, 2002. – 42–73 бб.

2. Бөкейханов Ә. Шығармалар. – Алматы: Қазақстан, 2009. 384 б.

3. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937). Шығармаларының 7 томдық толық жинағы. – 3 Т. – Астана – Сарыарқа БҮ, 2009, 530 б.

4. Жұртбай Т. Әлихан Бөкейханов: Алаш көсемі // Аңыз адам. №20.б.48.- 2011 ж.

5. Қазақ философиясы тарихы (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін). 4-том, Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану Институты, 2016

6. Назарбаев Н. 2014. Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ. Астана, 2014 жылғы 17 қаңтар.


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!