Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Ашық сабақ "Ең жарасымды програмист"
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының
ҚТӘ-41 тобының студенті Айтуған Марал
Салғастырмалы тілдердегі (қазақ, орыс және ағылшын) мақал-мәтелдердің гендерлік сипаты
The article is about the proverbs and sayings covering the aspect of gender (on the material of Kazakh and English languages). Author enumerate works analysing proverbs and sayings in different aspects. Author give definitions to the terms gender, sex and clearly show differences of them. Analysis of the proverbs covering the aspect of gender is made.
Сан ғасырлар бойы дамып қалыптасқан ата-бабамыздың мәдениеті, рухани байлығы мен дүниетанымы, ділі бүгінгі ұрпаққа тіл арқылы ғана жетті. Тілдің бұл құдыреті жөнінде ғұлама ғалым Ә. Қайдар өз пікірін төмендегіше өрбітеді: «Этностың шынайы бейнесі, болмысы оның тілінде ғана, тілі арқылы ұрпақ жадында сақталады екен. Этнос тілінде тек оның өзі туралы ғана емес, өзі жасап келе жатқан табиғи ортасымен қоғамдағы қарым-қатынастары туралы да, жан дүниесі, жүрек сыры, қуануы мен сүйініуі, ренжуі мен күлуі, түс көруі, ұққаны мен түйгені, тануы мен талғамы, барлықтағы құбылысты өзінше бағалап бағамдауы бәрі-бәрі, біле білсек, өз тілінде өрнегін тауып, өзіне-өзін көрсететін айна іспеттес, – деп этнос пен тіл байланысының нәзік тамырын дәл басып көрсеткен» [1, 28].
Тіл арқылы адамзат өзінің сан ғасырлар бойы басынан кешкенін нақтылап айтсақ, ұлттың белгілі бір кездегі дүниетанымын, айналадағы құбылыстарды түйсініп-қабылдауын, адамзат өмірінде болатын нақты бір жайттарға оң немесе теріс баға беруін және т.б. көрсетеді. Осындай айшықты сөз тіркестері қатарына тілдегі фразеологизмдер, қанатты сөздер мен мақал-мәтелдер жатады.
«...Тіл фактілері мен деректері тұла бойына тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың өткендегі тарихы мен этнографиялық байлығын біз ең алдымен содан іздеуіміз керек» [2], – дейді ғалым академик Ә. Қайдар.
Мақал-мәтелдер – қай тілде болмасын, халық даналығының қайнар көзі, ақылман ойшылдар, ділмәр-шешендер, айтқыш даналар сөзінің мәйегі, ұйтқысы болып саналады [3]. Мақал-мәтелдер бізге сан ғасырлар бойы халықтың қоғамдық даму үрдісінде қалыптасқан ұстанымдары, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, оның тарихы, рухани мәдениетінің қайнаркөздері жайында мол ақпарат беретін тілдік қор болып табылады.
Мақал мен мәтел егіз жанр, тіпті бір жанр деп қарастыруға болады. Дегенмен мағынасына, құрылысына, атқаратын қызметіне жіті қарағанда кейбір өзіндік айырмашылықтары да жоқ емес. Мақал аяқталған ойды білдіреді, өз алдына тұрып та дербес мағына береді. Ғалым К.Аханов пен М.Ғабдуллиннің пікірлеріне сүйенсек, мәтел синтаксистік құрылымы толық емес, жеке тұрып тиянақты ойды бере алмайтын, тек айтылған ойды ажарлай, айқындау үшін қолданылатын, сөз оралымы қалыптасқан сөйлем, пікірдің элементі деуге болады [].
Мақал-мәтелдер тіл білімінде әртүрлі бағытта қарастырылып келеді, отандық ғалымдар арасында өз зерттеу еңбектеріне мақал-мәтелдер тақырыбын арқау етіп алған ғалымдар жетерлік. Атап айтар болсақ, Б.Адамбаевтың «Мақал-мәтелдер» және «Шешендік сөздер» деген өзара байланысты екі бөлімнен тұратын «Халық даналығы» атты монографиясы [], Р.Сәрсенбаевтың «Қазақ мақал-мәтелдерінің лексика-семантикалық ерекшеліктері» [], Ғ.Тұрабаеваның «Окказиональные преобразования пословиц и поговорок в казахском языке» [], А.Донбаеваның «Араб және қазақ мақал-мәтелдерінің лексика-грамматикалық ерекшеліктері» [] атты кандидаттық диссертациялары мақал-мәтелдердің түрлі қырынан зерттелгендігін көрсетеді.
Мақал-мәтелдер ХХІ ғасыр тіл білімінде антропоцентрлік бағытта қарастырыла бастады. Академик Ә.Қайдар қазақ паремиологиясының антрополингвистикалық бағыттағы дербес пән ретінде қалыптасуының теориялық тұжырымдамасын негіздеді []. Бұл бағытта жазылған жұмыстарға антрополингвистикалық аспект бойынша К.Тоқтыбаеваның «Әлем халықтарының мақал-мәтелдерінің гендерлік қыры» атты ғылыми еңбегін [], Ш.П.Қарсыбекованың қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді антропоцентрлік бағытта ғылыми тұрғыдан жүйелеу принциптерін ұсынып, оларды логика-семантикалық тұрғыдан топтастырудың этнолингвистикалық негіздерін айқындаған зерттемесін жатқызуға болады[]. Сондай-ақ ғалым М. Муқәддәс «Қазақ–ұйғыр мақал-мәтелдерінің паремиологиялық жүйесі» атты еңбегінде академик Ә.Қайдар ізімен екі тілдің мақал-мәтелдерін «Адам», «Қоғам», «Табиғат» деген микротоптарға бөліп қарастырған [].
Ж.И.Исаева өзінің «Дүниенің паремиологиялық бейнесі (лингвомәдениеттанымдық аспект») атты ғылыми еңбегінде «әйел–еркек» бинарлық жұбына лингвогендерлік талдау жасап, соның негізінде дүниенің паремиологиялық бейнесінде антпроцентрлік (еркектік) позиция үстемдік танытатынын анықтап көрсетеді [].
Дүниенің тілдік суреті шеңберінде гендер («жыныс») категориясы назар аударуды аса қажет етеді. Гендер – әлеуметтік–мәдени құрастырылым, еркектер мен әйелдердің биологиялық қасиеттерін ғана емес, оларға қоғамдық-мәдени нәтижесінде қалыптасқан ұстанымдар негізінде жүктелетін рольдер мен жауапкершіліктер. 1949 жылы Симона де Бовуардың жарыққа шыққан «Екінші жыныс» («Второй пол») атты еңбегінде еркектік пен әйелдіктің түсінігі мәдени, философиялық нормалармен анықталатынын және ежелден еркектердің мәдениеті жағымды, әйелдердікі жағымсыз болып табылатынын көрсеткен [4,13]. Автор еңбегіне бұл атауды кездейсоқ берген жоқ. Ғалымның пікірінше, адамның еркек немесе әйел болып тууы, яғни биологиялық ерекшеліктер (белгілер) бірінші жынысқа жатады. Әйелдің еркектен басты ерекшелігі – дүниеге бала әкелуінде. Бірінші жыныспен қоса екінші жыныс мәселесі туындайды. Адам дүниеге еркек/әйел болып келеді, бірақ өзі өмір сүретін қоғам түсінігі шеңберіндегі еркек/әйелге айналады. Екінші жыныс еркектік пен әйелдіктің қоғамда тудырып, қалыптастырған еркектік және әйелдік құндылықтар жүйесі. Сондықтан да Симона де Бовуар «әйелдер дүниеге келгенде бірден әйел болып тумайды, әйелге өз өмір сүріп отырған қоғамы, әлеуметтік ортасының мәдени ұстанымдары негізінде айналады», деген тұжырымға келеді [5]. Ғалымның айқындауынша, гендeрология – мәдениеттің әйелдік және ерлік құрылымы жайындағы ғылым болып табылады.
Адамдардың жыныстық ерекшелігі олардың қоғамда алатын әлеуметтік мәртебесімен, атқаратын қызметімен тығыз байланысты. Халықтың қоғамдық даму үрдісінде қалыптасқан ұстанымдары, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ондағы ер адам мен әйел затының алатын орнын айқындайды, олардың әлеуметтік мәртебесі жайында жан-жақты мағлұмат береді.
Біз өз зерттеуімізге қазақ және ағылшын мақал-мәтелдерінің гендерлік қырын сипаттауды мақсат еттік. Мақал-мәтелдердің қазақ және ағылшын тілдеріндегі гендерлік қырын сипаттау «әйел» және «еркек» концептілерін талдау шеңберінде өрбиді. Әйел және еркек концептілері – кез-келген ұлт дүниетанымында айрықша орын алатын әмбебап концептілер. Әйел заты мен еркекке тән стереотиптік мінез-құлық ерекшеліктері жалпы әйелдік пен еркектікті айқындайтын әмбебаптық, ортақ сипатқа ие.
Мысалы, әйелдер туралы сөз еткенде, жұмсақтық, нәзіктік, мейірімділік, сезімталдық, күмәншілдік, аса сақтық, байқағыштық, құбылмалылық, тиянақтылық, отбасы ұйтқысы сияқты стереотипті бейнелері мен мінез-құлықтары ойға келеді. Ал, еркектер басшы, күшті, шешім қабылдаушы, қатал, мансапқұмар, жауынгер, отбасы асыраушы деген стеротипті бейнелерді ойға келтіреді.
Мақал-мәтелдердің гендерлік қырын қарастыру барысында олардың ұлттық-мәдени астарын, рухани мәдениетінің қайнар көздерін де ашу маңызды, өйткені әр мақал-мәтелдің астарынан халықтық дүниетаным, ұлттық философия, белгілі бір мәдени ақпаратты көре аламыз. Әйел затының қоғамдағы, отбасындағы әлеуметтік-мәдени ролін екі халықтың мақал-мәтелдерінен анық аңғаруға болады. Әйелдің қай қасиеттерін жоғары бағалап, пір тұтып, оны неге теңегенін көреміз. Осыдан халықтық дүниетанымдағы әйел бейнесіне шығамыз. Қазақ халқының «әйел» затына деген көзқарасын төмендегі мақал-мәтелдерден анық байқай аламыз:
Жақсы әйел өміріңді ұзартады,
Жаман әйел үстіңе тұз артады;
Жақсы әйел жарының жақсысын асырады,
Жаманын жасырады;
Жаман әйел жақсы еркектің төрдегі басын көрге сүйрейді,
Жақсы әйел жаман еркектің көрдегі басын төрге сүйрейді.
Жоғарыда келтірілген мақалдардан қазақ халқы әйел затын жақсы, жаман деп екіге бөліп бағалағаны көрінеді. Жақсы әйел жаман, нашар, білімсіз күйеуін тәрбиелеп, жөнге келтіріп адам ететіні сөз етіледі. Керісінше жары жаман болса, жақсы ер азаматты тұңғиыққа жетелеп, асыл қасиеттерінен бездіріп, көрге сүйрейтіні айтылады: «Жаман әйел жақсы еркектің төрдегі басын көрге сүйрейді, Жақсы әйел жаман еркектің көрдегі басын төрге сүйрейді», – деуінің өзінде үлкен астар жатыр. Себебі, «төр» – қазақ халқының санасында аса жоғары, құрметті орын. Ал «көр» – өмірден қайтқанда адамды жерлейтін орын. Демек әйел затының қоғамдағы ролінің жоғары болғаны, себебі ер адам екі халық дүниетанымында да ел басшысы, отбасының қамқоршысы, асыраушысы бейнесіне баланады. Ал әйел ер адамның өмірлік жолында оған күш-жігер, қайрат беріп отыратын ерекше бір қасиетке ие адам – отбасы ұйтқысы, жарының жартысы, бала тәрбиелеуші.
Ағылшын халқының әйел затын қалай бағалағандығын төмендегі мақал-мәтелдерден көреміз:
A good wife makes a good husband (Жақсы әйел жақсы күйеу жасайды; Әйелі жақсы болса, жаман еркекті адам етеді)
The Good Jill may mend the bad Jack (Жақсы Джил жаман Джекті түзетеді)
Behind every great man there’s a great woman (Әр бір туар азаматтың артында жақсы әйел тұрады).
Жоғарыдағы мақал-мәтелдерден әйел затына деген екі менталитеттегі ортақ көзқарас, бір ұстанымды байқаймыз. Екі халықтың да айтар ойы бір, мақал-мәтелдердің семантикасы «Алған әйелің жақсы болса, елге сыйлы боласың» дегенді білдіреді.
Мақал-мәтелдердің гендерлік қырын сөз еткенде, біз «әйел» және «еркек» бинарлық жұбының жағымды, жағымсыз қылықтарын сипаттайтын мақал-мәтелдерді, бейтарап реңкі бар мақал-мәтелдерді және олардың қоғамдағы орны, қызметі, әлеуметтік статусын, ана-бала және ата-бала, әке-ұл, ана-қыз арасындағы қатынастарды айқындайтын мақал-мәтелдерге талдау жүргізуіміз қажет.
Қазақ мақал-мәтелдерінен қазақ менталитетіне «әйел» концептісін қабылдауға тән әйел затының орнының ер адамнан бір саты төмендігі, бағыныштылығы көрініп тұрады. Мысалы, қазақтың төмендегі мақал-мәтелдері оған дәлел бола алады:
Астыңдағы атыңа
Қойныңдағы қатыныңа сенбе;
Бір қатынның айласы қырық есекке жүк болған;
Байтал жүйрік, парқы жоқ,
Қатын шешен, нарқы жоқ.
Байтал шауып бәйге алмас.
Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа.
Бұлттан шыққан күн ащы,
Жаман қатынның тілі ащы.
Ағылшынның мақал-мәтелдерінен де әйел затының еркектерден бір саты төмен есептелгендігін көреміз, мысалы:
A woman’s work is never done (Әйелдің жұмысы ешқашан бітпейді).
Women in state affairs are like monkeys in glass shops (Үкімет басындағы әйелдер айна сататын дүкендегі маймылдарға ұқсайды).
A woman, a spaniel, and a walnut-tree, the more you beat them the better they be (Әйел, спаниель (иттің түрі) және жаңғақ ағашы ұрған сайын жақсарады).
«One tongue is enough for a woman» (Әйелге бір тіл де жеткілікті) деген ағылшын мақалындағы айтылар ой әйелдердің көп сөзге жанының құмарлығы, олар соншалықты көп сөйлесе, оларға басқа тілдің де керегі жоқ дегенді білдіреді.
«Three women and a goose make a market» (Үш әйел мен бір қаз базар жасайды). Бұл мақалдағы негізгі ой – әйелдердің бос, көп әңгімеге әуес болуы.
Жоғарыда айтылған ой қазақтың келесі мақалынан көрініс табады:
«Екі әйел базар, үш әйел жәрмеңке», – екі әйел қосылса, базар дегені олар қосылып, бір ауылдың өсек-аяңын, әңгімесін айтады, ал үш әйел қосылса жәрмеңке деп отырғаны олар үшеу болғанда, бір ауыл емес бір аудан, аймақтың өсегін, әңгімесін сөз ететіні меңзелген. Жәрмеңке үлкен аймақта сауда-саттық жүретін жер. Ол жерге өз тауарын өткізу мақсатымен елдің әр жерінен саудагерлер келеді. Қызу әңгіме, сөз, өсек-аяң сол жерде болады.
Жақсы әйелдің қолы ұзын,
Жаман әйелдің тілі ұзын.
Аталмыш мақалдың мағынасы алған жарың жақсы болса, айналадағы адамдармен жақсы араласып, сыйласып таныстары көп болады. Ал әйелің нашар болса, сөзі көп, айналасындағылармен сыйыса алмайтын ұрысқақ болады деген оймен айтылған.
Тілдік материалдар жыныстардың екі жақты тең екенін және кіші ұрпақты тәрбиелеуде екеуі де жауапты екенін көрсетеді.
Ата-анаң бар болсын, бала кезде жар болсын.
И отец и мать опора для ребенка.
Атасыз ұл ақылға жарымас, анасыз қыз жасауға жарымас.
Сын без отца не наберется ума, дочь без матери не наберется умений.
Мақалдардың негізгі мазмұны жасына байланысты айтылады: жеңгелер қайынсіңлілеріне жауапты, ағалар – ініге, аналар-қыздарына, әкелер-ұлдарына.
Әкені көріп ұл өсер, ананы көріп қыз өсер.
Сын берет пример с отца, дочь - с матери.
Ағасына қарай інісі, апасына қарай сіңлісі.
Старший брат образец для младшего, сестра - сестренке.
Қазақ отбасында ер бала мұрагер деп есептеген, ал қыз бала мұрагерлікке ешбір қатысы болмаған, тіпті ата-анасынан айырылса да, қыздың дәрежесі қазақ отбасында төмен болған. Мәселен,
Атадан ұл қалса, өзі қалғаны, қыз қалса, ізі қалғаны.
Если сын остался после отца, значит, он и сам остался; если дочь осталась после отца, значит, он след оставил после себя.
Ұл туғанға – күн туар.
Мать, родившую сына, ждет счастье.
Қазақ мақалдарында ерлердің өр рухы, намысшылдығы, қайсарлығы, бірбеткейлігі туралы айтылады.
Ерді намыс өлтірер, қоянды қамыс өлтірер.
Мужчина погибает в бою, заяц - в камышах.
Ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы.
Джигит - сын своего народа и раб своей чести.
Қазақ мақалдары ерлердің өзінің өмір жолын тауып, жетістікке жету керек екендігі жөнінде айтылады.
Талапты ерге нұр жауар.
К настойчивому джигиту счастье само идет навстречу.
Ер жігіттің өзі шығар биігі бар.
У каждого джигита есть своя вершина.
A bird may be known by its song.
Жігіттің түсіне қарама, ісіне қара.
Видна птица по полету.
Ер адамның өмір жолында жіберген қателері бұл кешірімді, себебі оны шешуге әрдайым шешім табылады.
Ылдисыз өр болмайды, қанысын таппас ер болмайды.
Без спуска подъема нет, не умеющего исправить ошибку джигита нет.
Ат айналып қазығын табар, ер айналып елін табар.
Сколько бы конь не кружил, к коновязи своей вернется, сколько бы джигит не бродил, на родную землю вернется.
Жоғарыда келтірілген қазақ, орыс және ағылшын мақал-мәтелдерінен біз «әйел» және «еркек» концептілерінің гендерлік қырын сипаттауда әр ұлттың өзіне ғана тән ерекшеліктері, оның рухани мәдениеті, тарихи қайнаркөздері, ұлттық дүниетанымы мен менталитетінің ықпалының зор екенін атап өткіміз келеді. Алайда дүниенің паремиологиялық бейнесіндегі «еркек-әйел» бинарлық жұбы кез келген халықтың дүние суретінде бейнеленген әмбебап құбылыс және адамзат тіршілігінің іргетасы болып табылатындықтан, аталмыш тілдердегі мақал-мәтелдерде «әйел» және «еркек» бинарлық жұбының қоғамдағы алатын орнын, олардың отбасыдағы рөлін, жағымды-жағымсыз қылықтарын сипаттауда ортақ көзқарас та жоқ емес.
Қорытып айтатын болсақ, қазақ және ағылшын мақал-мәтелдерінің гендерлік қырын зерттеу – әлі де тың ізденістерді қажет ететін өзекті тақырыптардың бірі. Сондықтан болашақта бұл тақырыпты тіл біліміндегі соңғы зерттеу материалдарымен толықтыра отырып, жан-жақты талдау біздің мақсатымыз болып табылады.
Әдебиеттер
1. Күркебаев К.К. Қазақ этнолингвистикасының Хантәңірі // ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. – 2004. –№8 (80).– Б.28-30
2. Қайдар Ә. Этнолингвистика// Білім және еңбек. –1985.– Б.5-6
3. Қайдар Ә.Т. Халық даналығы. – Алматы: Толағай, 2004. – 560 б.
4. The second sex, trans. H.M.Parshley. Harmondsworth: Penguin. Behavior, Simone de, (1972)
5. Мамаева Г.Б. Ерлер мен әйелдердің сөз қолданысындағы ерекшеліктер (гендерлік зерттеу) // Филол. ғыл. канд. ... дисс. – Алматы, 2003. –150 б.
1.Қызылмен берілген квадратқа әдебиеттердің реттік қатарлы номерін жазып өт және оларды пайдаланылған әдебиеттер тізіміне қос;
2. Орыс халқының мақал-мәтелдерін де қосып, талдау жүргіз;
3. Тыныс белгілерінің дұрыс қойылуында бірнеше қателер байқалды. Келешекте тыныс белгілерінің қойылуына ерекше мән беретін бол.