Материалдар / Ашық сабақ "Қазақ ұлттық киім" 11 сынып
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Ашық сабақ "Қазақ ұлттық киім" 11 сынып

Материал туралы қысқаша түсінік
Оқушыларға қазақ халқының ұлттық киімдерінің ерекшіліктері, олардың түрлері, пайдалану және тұтыну ерекшіліктері туралы білімдерін түсінік беру.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
20 Ақпан 2018
782
1 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Сабақтың тақырыбы: Қазақ ұлттық киім

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Оқушыларға қазақ халқының ұлттық киімдерінің ерекшіліктері, олардың түрлері, пайдалану және тұтыну ерекшіліктері туралы білімдерін түсінік беру.

Дамытушылық: Оқушылардың эстетикалық талғамын арттырып, ұлттық киім тарихын зерттеуге қызығушылығын арттыру, ойын, қиялын, тілін дамыту.

Тәрбиелік: Өз халқының салт- дәстүрін сыйлауға, құрметтеуге, мақтан етуге, өркендетуге тәрбиелеу.

Сабақ түрі: Дәстүрлі сабақ

Сабақтың типі: Білімді жинақтау, жүйелеу

Сабақтың формасы: Жаңа сабақты түсіндіру

Сабақтың әдіс - тәсілдері: баяндау - түсіндіру, сұрақ - жауап, топтық жұмыс, іздендіру;

Сабақтың көрнекілігі: компьютер, интерактивті тақта, ұлттық киім үлгілері, слайд - суреттер, тапсырмалар;
І. Ұйымдастыру бөлімі. Оқушылармен амандасу, сабаққа дайындығын тексеру, жаңа сабақтың мақсат - міндеттерімен таныстыру.

II. Үй тапсырмасын сұрау:

1. Өсімдік тектес ою- өрнек түрлерін ата.
2. Жануар тектес ою- өрнек түрлерін ата.
3. Ғарыш әлеміне байланысты ою- өрнек түрлерін ата.
4. Геометриялық ою- өрнек түрлерін ата.

III Жаңа сабақ
Қазақ халқының қол өнері көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына.
Оның бір ұшығы туысқан Орта Азия халықтарының және орыс халқының қол өнерімен де ұштасып жатыр. Қол өнерінің басты бір саласы — киім тігу. Ерте заманнан күні бүгінге дейін өзінің қадір - қасиетін жоймай, қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан қазақтың ұлттық киімдері әлі де аз емес. Олардың кейбіреулерін ескінің көзі қарттар күнделікті киіп жүрсе, енді біреулерін қыз ұзату, келін түсіру тойларында ойын - сауыққа пайдаланады (қалындыққа сәукеле кигізу). Қазақтың ұлттық киімдері - Еуразия даласын қоныс еткен көшпелі ел қазақтардың басқа халықтарға ұксамайтын киім үлгілері табиғи ерекшеліктер мен көшпелі тіршілікке сәйкес қалыптасты. Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою - өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой - дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ол - біздің ұлттық мәдениетіміз, тарихымыз. Оның айғағы- ескі қорғаннан табылған әлемді тамсандырған «Алтын киімді адам». Бұл жәдігер біздің жыл санауымыздан бұрын бесінші ғасырда дүниеге келген. (№3 слайд). Ежелгі сақтардың киімдері. (№4 слайд). Ежелгі ғұндардың киімдері. (№5 слайд)

Киімнің негізгі түрлері 4 бөлінеді: бас киім, сырт киім, шалбар, аяқ киім.
Ер адам киімі
Ішік - әр түрлі аң терілерінен тігеді. Олар аң түрлерінің атына сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, түлкі ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бірнеше түрге бөлінген. Аң терісінен тігілген ішіктердің сыртын шұға, үш топ барқыт, атлас, манат сияқты бағалы да ширақы маталармен тыстаған. Кейде осы материалдарды бірнеше түсті жібек жіптермен кестелеп, сумоншақ, маржан тізген жіптер бастырып, етек - жеңіне алтын, күміс зер ұстап, кейде бөлек тігілген кестелермен сыртынан қаптап киген. Ішіктер кейде әдіпті, қайырма жағалы болып келген.

Шапан - Қазақстан мен Орта Азия халықтарының ұлттық киімі. Оны қалың матадан астарына жүн, мақта салып, астарлап сырып тігеді. Шапандар көбінесе қайырма жағалы, кейде тік жағалы бешпент түрінде кездеседі. Қайырма жаға шапанның бір түймесі, тік жағалы бешпент шапанның екі түймесі бар болып келеді.
Тон - қазақтың ұлттық киімдерінің бірі, оны қойдың, ешкінің және құлынның терісінен тігеді. Тон тігетін теріні ең алдымен шел майынан арылтады. Одан соң оны күбіге салып не ашық күйінде илейді. Қой мен ешкінің терісінен тон тіккенде терінің жүні мен тігісі ішіне қарайды. Тонды тебен инемен басып тігіп, немесе шалып тігіп кестелейді. Кейде сыртына тыстық жапсырып қаптама тон да тігеді. Қаптама тондардың тыстарын әр түсті жіппен кестелеп, елтірі, сеңсең, аң терілерінен қайырма жаға жасап тіккен

Шалбар - барқыт, пүліш, шұға, шибарқыт, шегрен, сияқты ширақы маталардан, қой - ешкі терілерінен тігеді. Шалбардың бауы ышқырға өткізіледі, қалтасыз, кең балақ болып келеді. Оның кең тігілуі салт атқа мініп - тұруға, малдас құрып отыруға өте қолайлы болған. Шалбардың балағы кейде етік қонышының ішіне салынып, кейде қоныштың сыртында жүреді. Қой терісінің әр түрлерінен (жүндес, қырықпа, тақыр және т. б.), ешкі және құлын терілерінен, былғарыдан тігілген шалбарды көбінесе тыстамайды. Оны бір түске бояп, кестелейді, балағын құндыз, сусар сияқты аң терілерімен тіккен. Теріден тігілген шалбарды матамен тыстап та жүрген. Еркектер көбінесе сырт киімдерін түймесіз, тек белбеумен ғана киген. Белбеуді бірнеше метр матадан ораған.
Ерлердің бас киімдері
Тақия – шағын сәтен, шұға, барқыт тәрізді маталардан тігіледі. Ол зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе, тікше, қатипа тәрізді бірнеше түрге бөлінеді. Қытайдағы Шыңжан қазақтарының найман тайпасындағы қызай руында «Қызай тақия» бар.
Қалпақ – ақ киізден, қалың матадан жасалады. Ол биік төбелі болып келеді. Қойдың ақ жүнінен, қозының ақ күзем жүнінен, ешкінің ақ түбітін қосып басқан шымыр киізден тігеді.
Мұрақ – екі жағы қошқар мүйізді, лауазымды адамдар киетін қалпақ. Оны сән – салтанатқа киеді.
Тымақ – аңның, малдың терісінен тігілген қысқы баскиімдердің жылысы. Биік төбелі, маңдайы, екі құлағы бар, артқы етегі желке, жотаны жауып тұрады.
Вл. Плотников 1859 – 1862 жылдары тымақтың 15 түрі туралы жазған. Олардың бізге жеткен кейбір түрлері мынандай: жаба салма тымақ; қайыр-ма тымақ; дөңгелек төбелі тымақ; шошақ төбе тымақ; жекей тымақ.
Құлақшын – бағалы аң терілері мен бұзау, құлын, қозы – лақтың бұйра терісінен (елтірі) тігіп, киеді. Қысқы баскиім.
Малақай – аң терісі мен елтіріден арасына жүн, мақта салып, сырып тігеді, оны кейінгі кезде қыздар да суыққа киіп жүр.
Бөрік. Оны ерлер мен бірге қыздар да киеді. Сырты мақпал, пүліш, бар-қыт тәрізді қымбат маталардан жа-салатын баскиім. Жиегіне қымбат бағалы аң, мал терісі ұсталатын бөрік-тің жазғы, қысқы түрлері бар. Төбесі көбінесе, төрт сай немесе алты сай болады. Қыздар киетін бөрік дөңге-лек төбелі конус тәрізді биіктеу. Сал-серілер бөріктеріне үкі таққан.
Жалбағай, башлық, далбай, күләпара. Бұлар қазіргі кезде ұшы-распайды. Оларды тымақ тәрізді етіп қалың не жұқа ақ киізден тіккен. Бір-біріне ұқсас баскиімдер. «Күлә» парсы тілінен аударғанда баскиім деген мағынаға ие. Матадан астар салынып тігілетіні – күләпара, қысқа киетін түрі – жалбағай. Жалбағайды тымақ сыртынан да киген. Түйе жүн далбағайды ертеде түріктер «башлық» деп атаған.
Әйел киімі
Әр аймақта әр түрлі үлгілермен, әр алуан атаулармен кездестіруге болады. Солардың ішінде қазақ елінің бәріне тән түрлері:
көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, тақия, қамзол, кебіс - мәсі, көкірекше сияқты заттар. Әйел киімдері әшекей, ажар жағынан ел салты бойынша төрт топқа арналып тігілген. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен қарт бәйбішелердің киімдері. Бұлардың әрқайсысының тігілу мәнері де әшекейі де әр қилы. Қыз киімдерінің кеуделері тар, қынамалы, омырауы мен жаға - жеңдері кестелі, көйлектері қос етекті, бас киімдері үкілі, моншақты, аяқ киімдері биік өкшелі, жеңіл және қай киімі болса да алтын, күміс, меруерт моншақтармен әшекейленеді. Қыздар көбінесе құндыз бөрік, тақия киіп, шолпы тағып жүреді. Келіншектер бір құрсақ көтергенше қыз киімдерін кие береді. Бірақ олар бөрік, тақия кимейді, үкі тақпайды және жалаңбас жүрмейді. Құрсақ көтерген келіншектер киімдерін мол етіп тігеді. Орта жастағы әйелдердің көйлектері қос етексіз, белі мен жеңі кең болып бүріледі. Бұл жастағы әйелдер орамал тартады. Қарт әйелдердің киімі неғұрлым етекті, мол қаусырмалы, қалталы, әшекейлерінің көбі түйме, оқалы өңір сияқты заттар болған. Олар шолпы тақпаған, алқа салмаған. Ал көксауыр кебі, кестелі мәсі, білезік, сырға, сақина, күміс түйме, теңге сияқты әшекейлі заттарды қай жастағы әйелдер болсын тағына берген.
Әйел киімдерінің ең бастысы көйлек, одан кейін сәукеле, бөрік, тақия, кимешек - жаулық, бас киімдер мен қамзол, желетке болған. Әйел көйлегінің кеудесі мен етегі екі бөлек тігіліп, соңынан етекті кеудеге бүріп қосатын. Кеуденің етекке қосылған жерін көйлектің белі немесе бүрмесі деп атаған. Көйлектің жағасы тік, бір жақ иық үстінен түймеленеді. Ал қыз - келіншектердің көйлегінің жағасы кестеленеді немесе қол инемен көркемдеп қайып тігіледі. Кейде жағаның үстіңгі шетін бүрмелеп желбірлеп қояды. Қыз - келіншек көйлегінің жағасының өңіріне бірнеше түймені тізіп қадайды.
Қыздар мен жас әйелдердің ең бір сәнді киімі қос етек көйлек. Қос етек көйлек әдетте ақ түсті қымбат жібектен, асыл матадан тігіліп таза жүннен тоқылады. Мұндай көйлекті қыс киюге арнайды да, бір киер көйлек санайды. Қос етек көйлек әдетте ұзын, кең, оның жеңінің ұшы мен жағасы, белі бүрмеленіп, қатпарлы желбір салынады.

Қамзол - әйелдер ұлт киімінің бірі. Ол барқыт, мақпал, пүліш маталарынан тігеді. Қамзолда жең де, жаға да болмайды. Тек тыс пен астардан тұрады. Астарына кобінесе атласты пайдаланады. Түйме орнына әшекейленіп жасалған қаусырма тағылады. Алдынғы бөлігі мен етегін ою - өрнекткрмен әшекейлейді.
Бас киім
Қыздардың тақиялары - шағын сәтен, шұға, барқыт тәрізді маталардан тігіледі де моншақтармен, тастармен әшекеленеді. Ол зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе, тікше, қатипа тәрізді бірнеше түрге бөлінеді. Қытайдағы Шыңжан қазақтарының найман тайпасындағы қызай руында «Қызай тақия» бар.

Бөрік– қазақтың ертеден қалыптасқан ұлттық бас киімі, оны бағалы аң терісінен және жас төлдің елтірісінен тігеді. Оның жаздық және қыстық түрлері болады. Терінің түріне қарай бөрік әр алуан аталады. Құндыз бөрік, сусар бөрік, кәмшат бөрік, жанат бөрік, түлкі бөрік, елтірі бөрік, т. б. деп аталады. Оны ерлер де, қыздар да киеді.

Кимешек — қазақ әйелдерінің киелі бас киімі. Әдетте кимешек ақ матадан немесе ақ жібектен молдау пішіліп, адамның басын, иығын, кеудесі мен жаурынын жауып тұрады. Кимешекке қарап әйелдердің шырайын, жас мөлшерін, тұрмыс - жайын, тіпті жүріс - тұрысына дейін анық ажыратып алуға болады екен. Апаларымыздың ұқыптылығы мен салақтығы да кимешегінен көрінетін. Кимешектің түрі мен тарихи тұрпаты сан - алуан. Олар көбіне рулық - тайпалық өмір ерекшеліктеріне байланысты.
Кимешек әшекейсіз болмайды. Әшекей орнына алтын, күміс, ағыл, ақық, шырымтал, меруерт секілді металл және қымбат бағалы тастар қолданылған. Әрине, олар да әйелдің жас мөлшеріне, алеуметтік орнына орай тағылған. Кимешек пен оның алдыңғы өңірі ою - орнексіз болмаған. Кимешектің егде және қартаң тартқан әйелдер киетін қарапайым түрлерін шылауыш, күндік деп атайды. Аса қарт бәйбішелер шалма да киетін.
Әйелдердің ақ матадан жасаған бас киімінің жалпы атауы — ақ жаулық. Ақ жаулық апаларымыздың ақ ниетінің, иманжүзділігінің, кіршіксіз, адам табынарлық мөлдір мінезінің де белгісі еді.
Сәукеле - әйелдің бас киімдерінің ішіндегі ең әшекейлісі. Сәукелені ұзатылатын қыздар және сол қызға еріп жүріп сыңсу айтатын нөкерлері киген. Қалыңдық күйеудің еліне барғанда да сәукелесімен барған. Келіншек оны той өткенше киіп отырып, той өткен соң сәукелені іліп қойып, оның орнына бергекті желек киетін. Сәукеленің негізі оның төбесі. Төбе не талдырма етіп қозы жүнінен арнайы басқан ақ киізден, не арасына қыл салып сырығын асыл матадан істеледі. Сәукеле төбесінің биіктігі екі сүйем, кейде одан да биік болады. Төбенің өн бойын алтын, күміс, меруерт, маржанмен, асыл тастармен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейді. Сәукеленің екі жақ самай тұсынан бетке жеткізе шолпы тәрізді ендіріп бірнеше қатар маржан тізілген салпыншақтарды бетмоншақ немесе сәукеленің бетмоншағы деп атайды. Сәукеленің ең сыртынан жауып қойған шашақты әшекейлі жібек мата бар, ол көйлектің етегі құсап, жерге сүйретіліп жүреді. Кейде батырлар да осындай, сәукеле тәрізді мол әшекейлі дулыға киетін.
Аяқ киім

Саптама етік - қонышы тізені жауып тұратындай ұзын, табаны қалың сіріден оң - солы жоқ, түзу болып тігілетін аяқ киім. Оны киіз байпақпен киеді. Қысқы күнгі аязда ат үстінде жүргенге жылы, әрі қолайлы.
Мәсі - аяқ киімнің бір түрі, оны былғарыдан, шегіреннен, құрамнан тігеді. Мәсінің сыртынан кебіснеластық (галош) киіледі. Көбінесе мәсінің қойыпты астарланып, көмкеріледі. Ал ұлт айы жалаңқабат болады. Ол тарамыспен ішкі жағынан жөрмеп немесе жара шаншыл өбістіре тігу арқылы ұлтарылады. Етікші мәсі тіккенде ең алдымен мәсінің басын, қонышын жұқа былғарыдан, ұлтанын қалың былғарыдан пішіп алады. Одан соң тігісін ішіне қаратыл, басын қондырады. Осыдан кейін мәсінің қонышын тігеді. Мәсінің қонышын қусырғанда тігістің арасына жіңішке сыздық салады. Мәсі — әрі жеңіл, әрі жұмсақ аяқ киім. Ол әсіресе тазалық үшін аса қолайлы. Соңғы жылдары жергілікті кәсіпорындар мәсіні көптеп шығаратын болды. Аяқ киімнің бұл түріне деген сұраныс жылдан - жылға көбейе түсуде.


Ендігі кезекте ою - өрнектерге тоқталайық.

Ою - өрнек – халықтық қолөнердің бір түрі. Белгілі тәртіптегі элементтерден құралған өрнек. Ою - өрнек арқылы ата – бабамыз өз ойларын жеткізе білген. Ою - өрнектер мән – мағынасына қарай мына топтарға жіктелген:
1. Өсімдік тектес
2. Жануар тектес
3. Ғарыш әлеміне байланысты
4. Геометриялық
Ою - өрнектегі элементтердің үнемі ырғақты қайталанып, симметриялы орналасқан көркем өрісі мен құрылымы ерекше әсер береді

IV. Сарамандық жұмыс:


Ою түрлері және дайындау реттілігі.

Құрал- жабдықтар мен материалдар: парақ, қайшы, қарындаш, желім.













Нұсқау карта

Жұмысты орындау реттілігі

Графикалық кескін

1

Екі бүктелген параққа «Мүйіз оюын салып, қию.

Picture 2

2

Үш бүктелген параққа «Төртқұлақ» оюын салып, қию.

3

Шексіз ою қию. «Шет оюы»

4

«Ромб» оюын қию



V. Сабақты қорытындылау
1. Ұлттық баскиім түрлерін ата?
2. Сәукелені кімдер киген?
3. Қамзол дегеніміз не?
4. Кимешек дегеніміз не?

VI. Оқушыларды бағалау
VII. Үйге тапсырма
Оқу, берілген тапсырманы аяқтап келу


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!