Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Ашық тәрбие сағаты "Желтоқсан желі ызғарлы..."
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Пән мұғалімі. Алханова Эльмира Болатқызы
Сыныбы: 3
Ашық тәрбие сағаты
Тақырыбы: Желтоқсан желі ызғарлы...
Мақсаты: Оқушылардың өткен тарихымызға деген ұлттық көзқарастарын қалыптастыру. Оқушыларды елді, Отанын сүюге және егемен елімізді сақтауға және оны гүлдендіруге құштар патриоттық күш – қуаты мол жастарды тәрбиелеу. Желтоқсанда мерт болған қазақ қыздары мен жігіттерінің рухына, ерлігіне деген тағзым.
Көрнекілігі: плакаттар, суреттер, буклеттер, нақыл сөздер, интерактивті тақта
Барысы:
Мұғалімнің кіріспе
сөзі:
Көк туым көтерілді бағым жанып,
Елтаңбам күллі әлемге танылды анық.
Шырқадым әнұранды бар дауыспен,
Арманым –Ата заңым
қабылданып.
Бізге тәуелсіздік туын, қазақтың көк байрағын
биік көтеріп, ел екенімізді дәлелдеп, дүние жүзіне танылуымызға
себеп болған және дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына биыл
24 жыл толып отыр.
«Мен - қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын» - деп азаттықты аңсаған, сол жолда
аянбай қызмет еткен алаш арыстарының барлығы да қуғын – сүргінге
ұшырап, Сталиндік қызыл террордың құрбандары болды. Сол алаш
қайраткерлерінің азаттық идеясын жалғастырған, қыршын кеткен
арыстардың аманатын арқалаған кейінгі толқын іні – қарындастары
1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе
білді.
Тәуелсіздіктің түп тамыры «Желтоқсан» оқиғасына тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта алмас. «Түбін білмеген тексіз» деген қазақтың ғажап сөзі осындайдан шықса керек. Себебі, тәуелсіздіктің түп тамыры сонау бабалар ар – намысынан туындап жатқан жоқ па? Бейбіт шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың бір бөлігі қанды қырғында көз жұмса, аман қалғандары өздері аңсаған азаттықтың қызығын көруде. Уақыт емші деп өзімізді жұбатқанымызбен, қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде жан – жарасы жаңғырып, қайғының айықпас дертіне шалдыққаныңды терең сезіне түсесің. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды қандастарымызды естен шығару мүмкін бе?
Осы
желтоқсан оқиғасы салдарынан қаза болған жазықсыз жастарымыздың
рухына бас иіп, орынымыздан тұрып бір минут еске алайық!
Бір минут үнсіздік.
1-жүргізуші:
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел , жел ұмытпас,
Ел үшін жанын қиып, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтып,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас
Арқаның селі, желі, шөлі, белі, -
Ерлерді ұмытпаса ел ұмытпас, - деп Мағжан Жұмабаев ағамыз айтқандай дүниені дүр сілкіндіріп, қазақ елінің бостандық туын көтерген ерлеріміз мәңгі есте қалары сөзсіз.
Бүгінгі «Ұлытаулар аласармайды,
Ұлы есімдер ұмытылмайды», деген рубрикамен өтілетін «Желтоқсан желі ызғарлы » атты тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.
2-жүргізуші:
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым
Бет бағдарын бақиға бұрғандарым,
Қаралы жылдардай боп қарауытып,
Халқымның мәңгі есінде тұрғандарым
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым,
Кеудемдегі қоламта қоздатқаным
Тұншықса да түрмеде тозбапты әнім.
Жазықсыз жапа шегіп бұл жалғаннан,
Жалтақтап кете барған боздақтарым.
Көрініс:
Ортаға дабырлай басып бір топ жастар шығады. Барлығы дабырласа: Естідіңдер ме? Бұл не масқара? Неге халықпен санаспайды? Қашанғы шыдаймыз? Ең болмаса ішімізден неге сайламаған? Ел қамын біз ойламағанда кім ойлайды? Жан-жаққа жатақханаларға, институттарға, қыздарға хабар бардыма екен?
1-жігіт: Дүрсілкінді қайдан да қоңыр аймақ,
Бағы жана ма қала ма соры қайнап
Ұран жазып қып-қызыл ту көтерген
Бізде шықтық алаңға «Елім-ай – лап»
2-жігіт: Ербол Сыпатаев: демократияны бұғаудан босатыңдар, әр халыққа
өзінің көсемі керек.
1-қыз: Сәбира Мұхамеджанова: бұл дегенің ҚКП-да беделдің қалмағаны,
құрып барады емес пе?
3-жігіт: Ескерусіз дін жатыр сүресінде
Қақпақ қойып ауызға, көзді байлап.
Санаспайды-әй, бұлар тегі ешкіммен
Жариялылық дегенің елес, білем.
2-қыз: Ләззат: Сүрмейтұғын болдық қой күймей ғұмыр
Көлеңке күннен де тимейді нұр.
Колбин деген кім екен, қайдан келген,
Уа, сыртымыздан қашанғы билейді бұл?
3-қыз : Өгей қозы біз болдық енемізге
Келімсектер шықты ғой төбемізге
Ақиқат жоқ маңайың толған аңыз
Жүр екенбіз тұманды жолда нағыз.
Осы кезде жан-жақтан милиция, солдаттар қоршай бір дөкей шығады.
- Тараңдар әйтпесе күш қолданамыз.
(Ешкім қозғалмайды, осы кезде жаңағы дөкей қолын сілтеп қалады. Сойылмен соғу, қыздардың шашынан сүйреу, тепкілеу, айқай шу, қызыл қанға боялады)
Қыз: Темір құрсау біздерді бүргені шын
Мұң шағады қапаста кімге құсың
Ақ-қараңды тексерер түрме деген
Концлагерь болды ғой біздер үшін
2- жүргізуші: Ия, тарихта «Құйын-86» деген атпен мәңгі қалатын бұл жойқын
шабуылдың құрбаны болып қазақ қыздары мен жігіттері біздің
арамыздан кете барды.
1-оқушы:
Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
Тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған.
2- оқушы:
Жазалаушы қара құрттай қаптады,
Қазағымды қырып – жойып таптады.
Сонда елімнің ұл – қыздары ардақты,
Қарсы шығып ел сенімін ақтады.
3- оқушы:
Жалғыз Отан –адамның жүрегі ғой,
Ер жігіт туған жерін сүйеді ғой.
Ел үшін Желтоқсанда құрбан болған,
Ербол, Қайрат – нағыз ердің бірі еді ғой.
4 – оқушы:
Сәбира, Ләззат сынды жауқазындар,
Жетілмей ерте солған гүл еді ғой.
Болашаққа даңғыл жол салып берген,
Боздақтар мәңгі айтылар жыр еді ғой.
5- оқушы:
Желтоқсан – тарихымда әйгілі күн,
Ерттеп мініп ар – ождан сәйгүлігін
Ерлерім елдік үшін атой салып,
Еншілер қайтарған бәйгелі күн.
Ән: «Желтоқсан желі ызғарлы»
КӨРІНІС
Темір тордың ішінде Қайрат өлең жазып отыр.
Өлеңін оқиды.
Қайрат:
Қайнама қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.
Сөйлесем даусым жетпейді,
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жанжалға.
Осы кезде екі жендет Қайратты сот залына әкеледі.
Хатшы: Сот келеді, тұрыңдар!
Хатшы: Отырыңдар!
Сот үкімді оқиды.
Сот: -Алдындағы сот нәтижесі бойынша:
Қазақ КСР Жоғары сотының сот мәжілісі залындағы ашық сот отырысында 1987 жылдың 25 мамырына дейін Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековтың айыптау ісін қарай келіп, жоғарыда айтылған оқиғалардың негізінде Қазақ КСР қылмыстық істер жүргізу кодексінің 287, 299 және 301 баптарына сәйкес сот алқасы Үкім етеді. Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков кінәлі деп табылып мынандай қылмыстық жазаға тартылсын.
Қазақ КСР Қылмыстық Кодексінің 60-бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан, 65-бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруға, Қазақ КСР қылмыстық кодексінің 171-1 бабы бойынша ең жоғары өлім жазасына, атуға кесілсін.
Апасы: -Жоқ, бұл үкім дұрыс емес. Менің балам ақ, ол қылмыскер емес.
Хатшы: -Тынышталыңдар. Орындарыңызға отырыңыздар.
Сот: Қайрат Рысқұлбеков ақтық сөзің бар ма?
Қайрат: Бар.
”Ақтық сөз” өлеңін оқиды.
Қайрат:
”Ақтық сөзің не?” – деген,
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтамын оны халқыма,
Жоқ пиғыл менде жасымақ.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
”Еркек тоқты - құрбандық”,
Атам десең атыңдар!
Хош аман бол артымда,
Ағайын, туған-азамат.
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым саған аманат!
Сот: -Бүгінгі сот жабық.
Екі жендет Қайратты залдан жетеледі. Осы кезде апасы баласының соңына жүреді. Осы кезде Қайрат “Анама” деген өлеңін оқиды
Қайрат:
Мейірімді ақ жүзіне анамның,
Көңіл жүдеп, көз жасаурап қараймын.
Кешір ана, кешірімшіл едің ғой,
Кемістігі көп-ау мына балаңның.
Кейін білдім, кеш ұғындым, өкінем,
Өкінем де, басымды иіп өтінем.
Кешір, ана, кешірімшіл едің ғой,
Қолыңнан тым ерте ұзап кетіп ем.
2-жүргізуші:
Алматы сәулет құрылыс институтының студенті Қайрат қазақ елінің 21-ші басшысы зобалаңына ұшырып, 21 жасқа келгенде, түрменің 21-ші камерасында, 21-ші мамыр күні қапаста дүниеден өтті.
1оқушы
1991 жылы 1- желтоқсанда Республика жұртшылығы тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты республикамыздың президенті етіп сайлады.
2оқушы
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан республикасының жоғарғы сесиясы
«Тәуелсіз демократиялық және құқылы» мемлекет деп жарияланды.
3 оқушы
1992 жылы 28 қаңтарда Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Ата заңы қабылданды
4оқушы
1992 жылы 4 маусымда Президент Қазақстан республикасының мемлекеттік жалауы, елтаңбасы, әнұраны туралы. Қазақстан республикасының заңдарына қол қойды.
5 оқушы
1993 жылы 12 қарашада төл теңгеміз дүниеге келді.
І- жүргізуші:
Тәуелсіздік - тірегім алмас үнді,
Тәтті үміті халқымның сан ғасыры
Көк байрақты , кемеңгер кемел ойлы
Келбетіңнен көремін жалғасымды.
2 – жүргізуші:
Тәуелсіздік – шырайлы лағыл таңсың,
Жүректерге үміт боп жағылғансың
Аяулысың білмеген алақаннан –
Суып барып қайтадан табылғансың.
Ән: «Қазақтай ел қайда». Орындайтын Тоқтабаева А
Қорытынды:
«Ынтымақты елге ырыс енші». Аталардан қалған аңыз да соны меңзейді. Сондықтан бостандығымыз баянды болу үшін өзімізбен мидай араласып кеткен жүздеген ұлт өкілдерімен арамызға сызат түсірмеуіміз керек. Мыңға жөн айтып алқалы топты аузына қаратқан қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың сөзімен айтқанда «Біз мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз». Бір сөзбен айтқанда қалайтынымыз бейбітшілік, тыныштық, бостандық, еліміздің босағасын нығайту. Тәуелсіздік біздің алдымыздағы жарқын болашаққа жол ашып берді. Біз сол жолмен алға баса береміз.
Бір ата, бір ананың түлегіміз
Бір болсын қайда жүрсек тілегіміз
«Бірлік барда тірлік бар» деген бабам
Бірлік деп бірге соқсын жүрегіміз! -
дей отырып «Желтоқсан желі ызғарлы » атты ашық тәрбие сабағымызды қорытындылаймыз!
Ю. Гагарин атындағы орта мектеп
Тәрбие сағаты
«Желтоқсан желі ызғарлы...»
Пән мұғалім: Алханова Эльмира
Сыныбы: 3 «б»
2015-2016 оқу жылы