Балаларға берілген
жүрек
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың
халыққа жолдауында: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және
рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды
құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп
қалыптастыру» – деп айқын айтылған. Демек заманға сай жеке тұлғаны
қалыптастыру бастамасы –
балабақшада.
Уильям Артур
Уордтың «Жәй мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім
түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады»
деген ойлы сөздері бала тәрбиесінде алға ұмтылу мақсатымызды ғана
емес, жаңашыл ізденістерге
жетелейді.
Өзімнің он бес жылдық тәжірибемде бала
тәрбиесі әдістемелеріндегі сан түрлі өзгерістерге қарамастан
жаңашылдыққа тез икемделу заман талабына сай білікті маман иесінің
қасиеті екеніне көзім жетті. Ақпараттық коммуникация
технологияларын оқу іс-әрекеті барысында қолдану балалардың
қызығушылығын оятады, әрі баланың қабылдау деңгейін арттырады.
Балалардың қызығушылығының оянуы мен көздеріндегі отты көру
біздерді шабыттандырып, үлкен жұмыстардың тууына себепші
болады.
Оқу іс-әрекетінің дұрыс
ұйымдасуы, түрлі әдістерді қолдану, тағы сол секілді жұмыстар
балаға деген сүйіспеншіліксіз жасалса, бар еңбектің зая кеткені деп
есептеймін.
Тәрбиеші ең бірінші – ана. Баласына бар
білімін беруші, баласына бар жақсылықты тілеуші, баласын жан
тәнімен сүйетін – ана. Тәрбиешінің көзіндегі мейірім, баланың
жетістігіне қуанғандағы сезілетін нұр нағыз анаға ғана тән. Барлық
тәрбиешілер мен педагогтардың бойынан көрінуге
тиісті маңызды қасиет – балаға деген сүйіспеншілік.
Әлбетте осы жолды таңдаған әрбір педагог осы пікірде деп
ойлаймын.
Кейде отбасындағы келеңсіз
жағдайлар баланың көңіл күйіне тікелей әсер етеді. Баланың ойынға
қызықпауы, қатарластарымен арақатынасының нашарлауы,
сезімталдығының жоғарылауы секілді жағдайларда тәрбиеші психолог
бола алуы керек. Себебі алдына келген әрбір баланың мінез-құлқын,
көңіл күйін үнемі бақылауда ұстау, кездескен қиындықтарда тура
шешім қабылдау, балалармен жиі сұқбаттасу, олармен сырлас досындай
жақынырақ әңгімелесу, тәртібінің жақсаруына дұрыс ақыл-кеңес беру
нағыз тәрбиешінің қасиеті деп санаймын.
Менің тәжірибемде осы тектес
жағдай туындай қалса ең бірінші психологиялық міндет баламен
қатынасу тұрады. Қатынасу барысында баланың сөздеріне ықылас қойып,
жағдайды саралаймын, асықпай түсіндіремін, түсінгеніне толықтай көз
жеткенде жылы сөздермен демеу беремін.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны
іледі» дейді дана халқымыз. Ұрпағымыздың саналы, салауатты, ұлттық
құндылықтарымызды меңгерген, білімді болып өсуі – біздердің бүгінгі
еңбегіміздің жемісі болмақ. Өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттай
білейік.