Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Бастауыш сынып мұғалімінің рухани-адамгершілік білім беру бағытында кәсіби құзіреттілігін жетілдіру жолдары
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Бастауыш сынып мұғалімінің рухани-адамгершілік білім беру бағытында кәсіби құзіреттілігін жетілдіру жолдары
Рамазан Гүлдана Ерназарқызы
Алматы облысы ,Еңбекшіқазақ ауданы,"Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі"МҚК,ІІІ курс," Бастауыш білім беру"бөлімі
Қ.Ж.Құрманғалиева,қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы.
«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады»
Абай Құнанбайұлы
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялаған болатын. Мақала негізінде- ұлттық санамызды байытып, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, қазақи рухымызды жаңғыру басты жолға қойылады. Әрине осы жолда кәсіби педагогтардың да маңызы арта түспек. Себебі ұлтымыздың болашағы тікелей педагогтардың қолында. Білім алушыға бар ынта-жігерін танытып, өмір жолында адалдық көрсетіп, өзіне бағындырған рухани құндылықтарды ұрпақтың игілігіне айналдыра алатын деңгейге қол жеткізу керек [1.2 б]. Білім- рухани жаңғырудың басты шарты. Осы тұрғыда мұғалімнің басты мақсаты- өркениетті, адамгершілік қасиеті мол, сондай-ақ ұлттық құндылығын жоғалтпаған, бәсекеге түсе алатын биік өрелі, терең білімді ұрпақ қалыптастыру болмақ. Мұғалім ең бірінші оқушының құзіреттілігін қалыптастырмастан бұрын шебер, өз ісінің маманы, пәнін жетік білетін, ізденіс жолында болу керек. Ал құзіреттілікті қалай қалыптастырмақпыз? Қандай өзекті мәселелерді іріктеп алуымыз қажет? Құзіреттілік дегеніміз- жас маманның алған білімі мен дағдыларын тәжірбиеде, күнделікті өмірде, қандай да бір практикалық және теориялық проблемаларды шешу үшін қолдана алу қабілеттілігі. Ең бірінші коммуникативтік құзіреттілікті меңгерген ұстаз кез келген түрлі өмір жағдайында адамдармен қарым-қатынаста жылы орта туғызып, жан-жағындағы адамдардан сөйлеу мәдениетімен, білімінің тереңдігімен ерекшеленеді. Ақпараттық құзіреттілікті меңгеру арқылы ақпаратты таңдай біліп, өңдей алатын дәрежеге жетеді. Қатысымдық құзіреттілік арқылы әр алған білім жетістігін сырттай бағалап, өзіндік тың идеялар мен көзқарастарға ие болады. Проблемалық құзіреттілікті меңгеру арқылы әртүрлі жағдаяттардан оңай шығып, ситуация туған жағдайда оңынан шешім қабылдау деңгейіне жетпек. Халық даналығында мынадай қанатты сөз бар: «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» деген. Осындай құзіреттіліктерді тереңінен меңгерген бастауыш сынып мұғалімі талантты болмасына кім кепіл. Сондай-ақ мәдени-танымдық құзіреттілікті қалыптастыру арқылы адамгершіліктің биік деңгейіне жетеді. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық мұраны көзіндей көретін, салт-дәстүрді қастерлейтін, иманды да инабатты келешек жеткіншекті қалыптастырмай ма?! Мен баяндамама құзіреттілікті тірек етіп алуым, рухани кемелденген жас ұрпақты қалыптастыру жолындағы бірінші мәселе деп білемін. Болашақ педагог маман ретінде бұл құзіреттіліктердің бойымда болатынына да риясыз сенемін. Ал, мен аталған құзіреттілікті бойыма бағындырған соң, оқушылар бойына қалай дарытпақпын. Енді осы мәселе төңірегінде сөз өрбітейін.
Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» - деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасымен педагогтар шешуші роль атқарады. Ал рухани-адамгершілік тәрбие – бұл дұрыс дағдылар мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым-қатынас мәдениетінің тұрақтылығын қалыптастырады [2. 34 б]. Жеке адамның адагершілік санасының дәрежесі оның мінез-құлқы мен іс-әрекетін анықтайды. Тәрбиенің негізгі міндеті— қоғамның қажетті талаптарын әрбір студенттің бойында борыш, намыс, ар-ождан, қадір-қасиет сынды биік адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру. Адамгершілік тәрбие мәселесі негізінен ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, тәрбие берудің әдістемелік жолдарына негізделеді. Олар мынадай жүйеде көрсетсем:
1. Ұлттық дәстүрлер арқылы оқу – тәрбие үрдісінде адамның рухани мәдениетін қалыптастыру.
2. Ұлттық дәстүрлер арқылы адамның психологиялық ерекшеліктерін зерттеп, дамыту.
3. Салт – дәстүрлер негізінде, ұлттық психологиялық ерекшеліктерді ескере отырып, рухани – адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеу.
К.Д. Ушинский: «Тәрбиелеудің басты міндетін адамгершілік әсер етуден құрайды»,- десе, дана Абай: «Ақпейіл және ықыласты жүрек адамды жетелеуі тиісті,сонда ғана оның еңбегі және табыстылығы ерекше мәнге ие болады. Адам болып дүниеге келу жеңіл, бірақ адам болу қиын»,- деген болатын [3. 9-10 б]. Тәрбиенің маңыздылығы сондай, біздің болашақ ұрпағымыз тәрбиеден ғана рухани байлық алып, тәрбие арқылы ғана Адам болып қалыптасады. Тұлғаның өзін-өзі тануына, өзіндік бағдарын анықтауына мүмкіндік беретін тәрбие беру қажеттігі бүгінде өзекті болып тұр. Ол өз халқының мәдениетін, тарихын, өнерін құрметтеу мен тану арқылы және басқа да халықтардың да тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті азамат қалыптасады.
«Руханият» сөзi – «рухани ниет» деген сөздiң қосындысы. Рухани ниетте болу, рухани iздену, рухани жұмыс iстеу, рухани ләззат табу дегенге қоса, халықтың ғасырлар бойы, жиған рухани мұрасы, рухани дүниесi, рухани өнер-бiлiмi секiлдi мағынаға ие. Шынайы рухани дүние – бұл таусылмас қазына. Оны бүкiл халық пайдаланса да таусылмайды, қайта түрленiп, сұрыпталып толығады, молаяды.
Бастауыш сынып оқушыларына рухани-адамгершiлiк тәрбиесіне қатысты ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарында оның жүйесі келесі мазмұн құрайды:
- адамгершілік сана;
- адамгершілік сезім;
-адамгершілік мінез-құлық;
- адамгершілік даму.
Сол себепті де біз рухани-адамгершiлiк тәрбие–бұл тұлғаның рухани-адамгершiлiк санасын, сезiмiн, еркiн, мiнез-құлқын, дүниетанымын дамытуға бағытталған мақсатты, жүйелi, жоспарлы жүргiзiлетiн тәрбие үрдісi деп түсінеміз. Яғни тұлғаның адамгершілік тәрбиелілігі деңгейінде көрініс табатын рухани әлемін жетілдіру болып табылады.
Біздің пікірімізше, қазіргі таңда бастауыш сынып оқушыларының рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің мәнділігін келесі басымды жақтарымен сипаттауға болады:
- оқушы бүгінгі рухани жаңғыру жағдайында жалпы адамзатқа тән құндылықтарға сүйене отырып, өз халқының ұлттық құндылықтарың терең зерттеп,тануға, одан қажеттісін ала біліп, сыни ойлауға бағдарланған жеткіншек;
- оқушы әлемдік білім кеңістігіндегі, қазіргі ақпараттық қоғамдағы ғаламтор жүйесіндегі жаңалықтардан хабардар, ізденімпаз, шығармашыл, жаңашыл тұлға;
- әлеуметтік ортаға бейімделген, кез келген ортада өзін ұстау мәдениеттілігі жоғары, сауатты қарым-қарым қатынас жасауға қабілетті жеткіншек;
Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа қайырымдылыққа, мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелеп, осы құндылықтарды мақсат тұтса, тәрбиенің мағыздылығы арта түседі.
Ақан сері: «Мен үш қасиетімді мақтан тұтам. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым, һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым» деген екен [4. 56 б].
Бұл үш қасиет әркімнің өз құдайы. «Өз құдайынан айрылған адам бос кеуде, өлгенмен тең» деген екен сері ақын. Бұл жеке тұлғаның қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс-әрекетіне мақсат қоюға жоспарлауға, оны орындауға, өзіне-өзі талап қоя білуге тәрбиелеу- адамгершілік тәрбиенің басты мақсаты болып табылады. Мақсатқа жету үшін сан алуан кедергілер кездеуі заңдылық. Ол тұлғаны тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып, төл тәрбиеміз бен салт-дәстүрді дұрыс насихаттап, қазіргі заман талабына сай тәрбие үдерісіне жаңа технологияларды тиімді қолдану.
Қай кезеңнiң болсын келелi мәселесi бола бiлген адамгершiлiк тәрбиесiн әр уақыттың өзiнiң дана ойшылдары мен ғұлама ғалымдары еңбектерiне арқау еткен. Сонау Орхон жазба ескерткiштерiмен Қорқыт ата кiтабынан бастап орта ғасырлық ойшылдардың төл туындылары мен даламыздың дана жырауларының поэзиясына, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев сияқты ұлы ағартушылардың шығармаларына зер салсаңыз, кез-келгенiнде адам бойындағы адамгершiлiк қасиет, олардың қалыптасуы туралы кеңiнен сөз болады. Мұның бәрi адам баласының өзiн рухани жетiлдiру жолында тынбай iзденiп, еңбектенiп келе жатқанын, соған байланысты әдеп-инабат әдiстерiне ерекше мән бергенiн көрсетедi.
Осы орайда болашақ жас маман ретінде өзімнің тың идеяларыммен, мақсаттарыммен таныстырып өтейін:
Бірінші кезекте, оқушыларға рухани-адамгершілік қағидаларын қалыптастыру барысында күніне, тіпті болмаса да апта сайын бір қайырымдылық жобасын ұсынар едім. Мейірімділікке жаны жуық болған әрбір оқушы болашақта да өзінің бақытты іргетасын қалайды емес пе? Адам баласын, тегінде ұлы жаратушы Алла керемет болмыс пен бітім арқылы жаратты. Егер біз қолмен- жақсы игілікті нәрселермен шұғылдансақ, әрекет жасасақ, жылы сөзбен- ақылға тоқтаған ұлы сөздер айтып, алтындай жарқыратып, жақсылық жолында жұмсасақ асылы зая кетпес. Аяғымызбен жақсы жақтарға қадам басып, өзіміздің ептілігімізді көрсетсек бұл да тегіннен кетпес. Аталған жобалар аясында оқушылар жан-жағына жылуын төгіп, нұрланып тұрады емес пе? Нұр дегеніміз- халқымыздың көрінісі. Әр көрсеткен көмегі мен алған алғы сөздерін куәландыратын сурет пен күнделік қалдырып, қорап ішіне жинауға кеңес беремін.
Екінші кезекте, білім алған әрбір оқушының дүниеге деген көзқарасы отбасынан басталады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» -деген қанатты сөзде айтқандай, ата-ананың күн сайын атқарып жүрген жұмысы балаға үлкен сабақ. Жас балалардың үлкендің айтқанын, істегенін қайталайтынын бәрімізге белгілі. Сондықтан үйден көргені, істегені, ол үшін тәрбиенің ең үлкені болып табылады. Жақсылыққа ұмтылып, жағымды істермен айналысатын адамның көрсетер өнегесі мен беретін тәлімі мол болатынын естен шығармауымыз керек. Осы тұрғыда, кәсіби болашақ маман ретінде ата-аналармен тренинг сабақ, семинар, түрлі тәрбие шараларын өткізудің жолдарын қарастырар едім. Себебі ата-анаға берілген әрбір мүмкіндік баланың дамушы көзі. Балаларда ортақ пайдалы жұмысты істеуге тырысу, бірге ойнау, бір нәрсемен шұғылдану, ортақ мақсат қою және оны жүзеге асыру ісіне өздері қатысуға талпыныс пайда болады.Мұның бәрі де баланың жеке басының қоғамдық бағытын анықтайды,оның өмірге белсенді ұстанымын бірте-бірте қалыптастырады.
Үшінші кезекте, сыныптан тыс оқушыларды кітапхана жұмысымен таныстырар едім. Аптасына бір рет болсын кітап оқуға өзімнің уақытымды арнап барар едім. Қазіргі таңда, шын мәнінде жас баладан еңкейген қарияға дейін смартфонда отырады. Жас балалар уақытын текке өткізіп, болмашы ойындарға алданып, денсаулығына да зиян келтіреді. Сыныптас тыс шаралар рухани кемелденуіне бірден-бір таптырмас қазына. Өнегесі мол,тарихын білетін тәрбиелік мәні бар, ізгілікке жетелейтін шығармаларды тыңдап, күйлер мен халық әндерімен неге сусындамасқа?!
Осындай идеяларды қалыптастыруда жас маман ретінде өз құзіреттілігімді арттыра отырып, болашақ бастауыш мектеп баспалдағын аттаушы жас ұрпаққа шынайы білім көздерін сусындатып,өмір жолында рухани тәрбие мен білімді меңгертуде аянбай еңбек ететіндердің қатарынан боламын деген үлкен мақсатым бар. Ол үшін маған үлкен жәрдемін беруші тұлға бар.Ол ата-ана. Ата-ана балаларын дұрыс жолда өзін- өзі жетілдіріп , түзу жолды нұсқаса, баланың бойынан болашақта үлкен үміт пен сенім көруге болады. Қазіргі заман талабына сай барлық техникалық ресурс көздері дамыған.Оны пайдалануға әркім өзі жағдай жасай білуі қажет.Өйткені сол арқылы бала жан-жақты өзін-өзі тану және рухани біліктілігін дамытады. Алайда жоғарыда айтып өткенімдей баланың нені істеп, нені көріп жатқанын қаперге ұстау қажет. Бұл тікелей тәрбиемен байланысты.
Қарапайым әдеттерді тәрбиелей отырып, педагог балдырғанның бар істі шын пейілмен әрі саналы атқаруына қол жеткізеді, яғни сыртқы ұнамды мінездері оның ішкі жан дүниесін, оның ережеге деген көзқарасын айқындайды. Атақты педагог Сухомлинский: «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі түр аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады» - деген [5. 231 б].
Қорыта келгенде, халықтың iзгiлiк, өнегелік және демократиялық мұраттары негiзге алынған рухани-адамгершiлiк тәрбиесiн қайта өркендету негiзiн жетілдіруде бiлiм беру мен тәрбиелеу мазмұнын жаңғырту үдерісі ерекше мәнге ие болуда.Соның ішінде өскелең ұрпақтың бойына жоғары адамгершілік сана мен сезімнің озық өнегелік нұсқасы ретінде ұлттық адамгершілік қадір-қасиеттерді, рухани құндылықтар мен талғамды, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, жөн-жоралғыларды, рухани мәдениетті және өнерді дарытудың таптырмайтын құралы – халық педагогикасының рухани-адамгершілік тәрбиенің мәнділігі зор деп тұжырымдай аламын. «Еліміздің күші-патшада, сәбидің күші-жылауында» - дегендей, біздің құзіреттілігімізді шыңдауда күшіміз, қорғанышымыз, сеніміміз – адамгершілігімізде болуы керек.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы (12 сәуір 2017 жыл).
2. Аймауытов Ж. Тәрбие жетекшісі. – Орынбор, 1924.
3. «Өзіндік таным» №2. 2007 ж; №5-6. 2006 ж.
4. Сатыбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері. – Алматы. 1992.
5. Ұзақбаева С. Тамыры терең тәрбие. – Алматы: Білім, 1995. – 231 б.