БАСТАУЫШ СЫНЫПТЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ
САБАҒЫНДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН
ОЙЫН
ТҮРЛЕРІ
Мақала
авторы:
Махсутова
Д.Е
Атырау
қаласы Жалпы білім беретін №28 орта
мектеп
бастауыш сынып
мұғалімі
Қазіргі өркениетке ұмтылған
қоғам талабына сәйкес, Қазақстан Республикасының дамыған елдерімен
иық тіресіп тұру үшін, еліміздің болашағы мен қазіргі кезеңі үшін
білімді, зерделі, өз бетімен іс - әрекет ете алатын, қоғамнан өз
орнын таба алатын шәкірттерді дайындау ұстаздың
міндеті.
Ойын - балалардың шынайы ойлап
тапқан шындығына тез, еркін енуіне, өзіндік «Менің»қалыптастыруға
және шығармашылыққа, белсенділікке, өзін - өзі дамытуға мүмкіндік
береді.Балалар үн-түнсіз ойнамайды. Тіпті бала жалғыз болғанның
өзінде ойыншықтармен сөйлесіп жүреді.Ойынға қиялдағы қатысушылармен
әңгімелеседі,өзі мен шешесі үшін, науқас кісі мен дәрігер үшін
сөйлеседі.
Ойын - әрқашан білім бола
отырып, баланы білім алуға, еңбекке дайындайды.Ойын балалар үшін
оқу да, еңбек те болып табылады. Ойын – айналадағы дүниені тану
тәсілі. Ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңудің
жолын үйретіп қана қоймайды, ұйымдастырушылық
қабілетін қалыптастырады. Ғалымдардың
айтуынша «Ойын - балалар өмірінде өте маңызы зор нәрсе, үлкендердің
қайраткерлігі, жұмысы, қызметі қандай маңызды болса, балалардың
ойыны да сондай маңызды. Ойында бала қандай болса, өскен кезде жұмыста да,
көбінесе, сондай болады. Сондықтан болашақ қайраткер, ең алдымен,
тәрбиені ойын арқылы алады»- деп балалар ойынын жоғары
бағалаған.
Ойын кезінде нашар оқитын
оқушылар сабаққа деген қызығушылығы артып, сұраққа жауап іздеп
ойлана бастайды.Оқушы сабақта ойнап қана қоймайды, алған білімдерін
қаншалықты есте сақтағандарын көрсете
біледі.
Қазақ халқының ұлы ақыны Абай
Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала бола ма?»-деп
айтқандай, бала өмірінде ойын ерекше орын алады. Баланың өмірі,
қоршаған ортаны танып, еңбекке қатынасы, психологиялық
ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады. Ойын үстінде баланың
ертеңгі өмірге деген қабілеті байқалады.Олар ойын ойнау барысында
өздерін еркін сезінеді. Іздемпаздық, тапқырлық әрекеті
байқалады. Әрбір ойынның бала үшін
білімділік мақсаты ғана емес, тәрбиелік, танымдық мақсаты зор.
Тиімді қолданылған ойын мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын
оқушылардың зор ынтамен тыңдап, берік меңгеруіне көмектеседі.
Өйткені төменгі сыныптағы оқушылардың аңсары сабақтан гөрі ойынға
ауыңқырап тұрады. Қызықты ойын түрінен кейін олар тез серігіп,
тапсырманы ықыластана әрі сапалы орындайтын
болады.
Ойынға қойылатын
талаптар:
- Ойынға кірісер алдында оның
жүргізілу тәртібін оқушыларға әбден түсіндіру.
- Ойынға сыныптағы оқушылардың түгел қатысуын қамтамасыз ету.
- Ойын үстінде шешім қабылдай білуіне, ойлана білуіне жетелеу.
- Ойын түрлерін бағдарламаға сай іріктеп алу.
- Ойынды баланың жас ерекшелігіне қарай түрлендіріп пайдалану.
- Қарапайым ойыннан қиын ойынға көшу.
- Міндетті түрде ойынның қорытындысын жариялау
қажет.
Мемлекеттік тілді оқыту,
болашақ ұрпақтың бойына қазақ тілін құрметтеу сезімін қалыптастыру
мұғалімдердің үлкен еңбегін қажет етеді. Ұстаздар бұл бағытта аз тер төгіп
жатқан жоқ. Кішкентай кезінен қазақ тіліне сусындап өскен балалар
қайтсе де бұл тілдің қадір-қасиетін біліп өседі деп ойлаймын.
Оларға тек жаттанды түрде оқытпай, қазақ халқының тәлім-тәрбиесін
де үйрете алуымыз қажет. Сабақтың қызықты өтуі
үшін мұғалімдер әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Соның
ұтымды бір түрі — ойын арқылы тіл дамыту болып табылады. Енді
бірнеше ойын түрлерін айта кетейін:
1. «Ойлан тап» оқыта үйрету ойыны. Мұғалім кім? деген
сұрақ қойғанда, оқушылар ата, әке, іні деп жауап беруге
тиіс. Мұғалім қайда? деп сұрақ қойғанда, үстелде,
орындықта, партада, аулада, үйде, мектепте деп жауап берулері
керек (мақсаты: оқушылар қойылған сұрақты түсініп, оған дұрыс жауап
таңдай білулері керек. Яғни кім? деген
сұраққа сызғыш деп жауап
берілмейді).
2. «Қайталай ғой» оқыта үйрету ойыны. Ойын шарты: бір
оқушы қандай да бір көкөністі атайды, ал екінші оқушы оны қайталап,
тағы бір көкөніс атауын қосады. Үшінші оқушы екеуін қайталап,
үшінші сөзді қосады. Осылай ойын 6-7 сөзге дейін
жалғасады.
3. «Мені түсін» оқыта үйрету ойыны. Бұл ойынды жекелеген
сөздер мен сөз тіркестерінің айтылуын меңгерту кезеңінде қолдану
тиімді. Ойынның бір артықшылығы- алдын ала қосымша дайындықты қажет
етпейді. Мұғалім тақта алдына оқушыларды бір қатар етіп тұрғызады.
қатардың бас жағына өзі тұрып, жанындағы оқушыға жаңа сөздердің
бірін сыбырлап айтады. Оқушы дәл осылай сол сөзді келесі оқушыға
сыбырлап айтады. Ойын осылай жалғасады. Қатар аяқталғанда, соңғы
тұрған оқушы өзі естіген сөзін дауыстап айтады. Алғашында мұғалім
жасырған сөз бен соңғы сөз салыстырылып, бастапқыда сөзді бұзып
айтқан оқушы сол сөзді бірнеше рет қайталайды. Осылайша бірнеше сөз
жасырылып, олардың айтылуы бірнеше рет қайталанады. Мұғалімнің
орнына сыныпты топқа бөліп, жарысты ұйымдастырғанда, әр топ
мүшелері ойынды бастайды.
4. «Тақырыптық сөздер» оқыта үйрету ойыны. Лексикалық
тақырыптарды пысықтау кезінде қолдануға қолайлы ойын түрі. Оқушылар
шеңбер жасап, дөңгелене тұрады. Мұғалім басты тақырыпты айтады.
Мысалы, мұғалім «Көктем» деген тақырыпты айтады. оқушылар осы
тақырып бойынша сөздерді бір-бірден айтады. Осылайша шеңбер
аяқталғанға дейін сөздер айтыла береді.
5. «Өз жұбыңды тап» оқыта үйрету ойыны. Сөз тіркесетірн
меңгертуге арналған ойын. Мұғалім сабақта сөз тіркестерінің
лексикалық мағынасын жаттықтыру мақсатында осы ойынды ойнатуына
болады. Бұл ойында оқушылар саны жұп болуы керек. Мұғалім әр
оқушыға бір-бірден сөз үлестіреді. Барлық оқушылар өздеріне
берілген сөздерді дауыстап оқиды. Осыдан кейін оқушылар сөз
тіркесін жасау үшін өз жұбын іздейді.
Мысалы жаңбыр, жауады, көктем,
айлары деген сөздер
таратылады. Жаңбыр деген сөзді оқыған
бала жауады деген сөзді оқыған баланың қасына барып,
екеуі бірігіп, жаңбыр жауады деген тіркесті
айтады.
6. «Кім көп және
тез?» оқыта үйрету ойыны. Мұғалім қазақ тіліне
тән белгілі бір дыбысты атайды, оқушылар сол дыбыс кездесетін
сөздерді атауы керек. Әрбір дұрыс айтылған сөз үшін мұғалім оқушыға
жұлдызша береді. Көп жұлдызша жинаған бала жеңімпаз
атанады.
7. «Сөзден сөз тіркесіне» оқыта үйрету ойыны. Бұл ойын
арқылы оуқышалрдың сөзден сөз тіркесін құрай алу дағдылары
қалыптастырылады. Мысалы, мұғалім бәтеңке деген сөзді айтады,
оқушылар қызыл бәтеңке, екі бәтеңке, үлкен бәтеңке, менің
бәтеңкем т.с.с сөз тіркестерін айтады. Осы ойын
түрлерін қолдану ұстаздардың сабағын қызықты өткізуге септігін
тигізеді деген ойдамын.
Пайдаланыған әдебиет: Б.У.Салыхова. А.Ж.Хазимова
А.М.Ауғанбаева. Қазақ тілі Әдістемелік құрал. Алматыкітап
2012