Сәлеметсіздерме құрметті әріптестер!
Мен Т.
Рысқұлов ауданы Жаңатұрмыс ауылы Қ.Сәтбаев атындағы шағын орталықты
орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Несіпбаева Аида
Оразбайқызы
Баяндамамның тақырыбы: Хантау қазақ хандарының
алғашқы астанасы.
Мен
елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мына сөзімен бастағым келіп отыр: «Қазақ
хандығының құрылуы – Қазақстан тарихында сындарлы кезең болып
табылады.
Қазақ
хандығы – қазақтардың XV және XIXғасырлар аралығында қанат жайған,
тәуелсіз ұлттық мемлекеті. Қазақ хандығы қазақ халқының ғасырлар
бойы сақтап, қорғап келген мемлекеттігінің нышаны. Ол ұлан – байтақ
өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда,
қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы
заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын бір жолата
аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды. Байырғы
Қазақ даласын ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан түркі – оғыз текті
ұлыстар негізінде қалыптасқан ортақ тіл, дәстүр, территория,
менталитеттегі байырғы супер этностың қайтадан «қазақ» деген жаңа
атпен тарих сахнасына шыққан кезі. Яғни, бұрыннан әр түрлі аталып
келген (сақ, ғұн, үйсін, түрік, оғыз,түркеш, қыпшақ, т.б.) этнос
жаңа этнонимге ие болды. Жаңадан пайда болған «қазақ» этнониміне
байланысты, олардың мемлекеті «Қазақ хандығы» деп аталды. Жаңа
атауға және жаңа статусқа ие болды. «Қазақ» деген аттың ертеде ру-тайпа атынан қазақ біртұтас
халық атына айналуы және Қазақ хандығының құрылуы барысы сияқты
тарихи оқиғалар жөнінде ел ішінде көптеген аңыз-деректер
сақталған.
Демек,
XVғасырдың 60-жылдарында-ақ, Қазақ хандығы ұлттық құрамы, аумақтық
тұтастығы, мемлекеттік басқару жүйесі, сондай–ақ ішкі-сыртқы
саясаты жағынан қалыптасқан мемлекет ретінде өмір сүріп тұрды.
Әбілқайыр хандығының сол кездегі ішкі-сыртқы саяси жағдайы, Қазақ
хандығының құрылуына қолайлы алғышарттар туғызған.Қазақ хандығының
негізін салушылар қалыптасқан саяси жағдайды шебер пайдаланып,
Моғолстанның батысындағы Жетісу жеріне келді. Жалпы, Ұлы көшпен
соңына ерген бір түмен елді бастап келе жатқан Керей мен Жәнібектің
дәл осы Ұланбелді қыстауында үлкен мазмұн жатыр. Өйткені, қысы жылы
ірі мал шаруашылығы үшін қолайлы болып табылатын Мойынқұм ертеден
Арқа қазақтарына қыстау қызметін атқарып келген. Жергілікті жердің
климаты мен табиғатын жақсы білген Керей мен Жәнібек Ұланбел мен
Хантауы аралығында Мойынқұмды қыстап шыққаннан кейін қазақ хандығы
тарихындағы үлкен бетбұрыстар кезеңіне қарай қадам
басты.
Хан тауы.
Қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің өмірі жайлы мол
деректер кездесетін тарихи өлке. Аталмыш тауға қарай бағытталған
Хан жолы, осы тау сілемдерінде орналасқан Хан тағы, Хан қорасы
сынды жерлердің барлығы бұл таудың әрбір тасына дейін талай
ғасырлық тарихтың куәгері болғандығының айқын мысалы.Сол себептен
де, хандар мекен еткен бұл тау Хан тауы деп аталады. Хан тауы
Шу-Іле, Майжарылған, Қойжарылған, Жамбыл тауларының жүйесінде
орналасқан тау. Хан тауында халқымыздың тарихынан сыр шертетін әр
түрлі кезеңдерден сақталған ескерткіштер көп. Хан тауының басы
шыңында да қозының басына ұқсайды. «Хан тауының» далалық бетіне
жақын орналасқан «Ханның үлкен тағы», «Кіші тағы», «Ханның оры»,
«Ханның қорасы», «Ханның жолы», «Ханның өзені» - деген жер – су
атаулары әлі күнге дейін халық арасында тарихи маңызын жоғалтпаған.
Халқымыздың жерге, тауға, өзенге, көлге ат бергенде оның сыртқы
көріністеріне немесе себеп – салдарына, мағынасына ертеден-ақ терең
мән бергені белгілі. Сондықтан да бұл таудың Хантау аталуы да бекер
болмаса керек. Бұған қоса айтарымыз, Үлкен Хантау, Орта Хантау,
Бала Хантау (немесе Кіші Хантау) деген атаулардың да бары бекер
емес. Аталған тау басында хан «ханның тағы» деген үш тас және бар.
Міне, осы хантағы тұрған жерге Жәнібек хан ту тіккен жер десек,
артық айтқан болмаймыз.
Мұхаммед
Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде көрсетілгендей
Керей мен Әз Жәнібектің алғашқы хандық құрып, ту тіккен жері Шу
бойындағы Қозыбасы. Шу өзенінің арнасы сол кезде Қозыбасы бигіне
жақын болатын. Дәл осындай тұжырымды тарих ғылымының докторы,
профессор Мәмбет Қойгелдиев те қолдайды.
Қозыбасы,
Қозыбашы - атауына келер болсақ, тарихи түп дерек көздеріндегі
Қазақ мемлекеті құрылған аумақ. Этимологиялық мағынасы қозының
басындай ғана тау – төбелі жерлерді білдіреді. Мұхаммед Хайдар
Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері
– Шу бойы мен Қозыбасыда деп айтылады. Тарихи Қозыбасы жөнінде
өлкетанушылардың қазақ хандығын тарихи зерттеп жүрген ғалымдардың
арасында әр түрлі болжамдар айтылып жүр. Қазақ хандығы осы
Қозыбасыда шаңырақ көтерген. «Хан тау» мұндай атау бекерден – бекер
айтылмайды. Ханның ордасы тігілген, туы көтерілген жер болған соң
айтылады. Ол таудың басында немесе баурайында халық Жәнібек пен
Керей сұлтанды ақ киізге орап хан көтермей тұрғанда, ол таудың аты
Қозыбасы болған.
Керей мен
Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын саяси және экономикалық тұрғыдан
нығайта түсу қажеттігін түсінді. . Хандықтың құрылуының қазақ халқы
үшін маңызы зор. Ұлттық сипаттағы қазақ мемлекетінің тарих төріне
шығуымен Дешті Қыпшақ аумағында көптеген өзгерістер болды. Мысалы,
қазақ жеріндегі бұрынғы этникалық үдерістің бәрі бір арнаға
тоғысады да, әртүрлі этнотоптардың бәрі ортақ саяси жүйеге
біріктірілді. Олардың этникалық атауы – «қазақ» мемлекеті – «Қазақ
хандығы» өмір сүріп жатқан аумағы «Қазақстан» деп аталына бастады.
Тарихшыларымыз Қазақстан тарихындағы XVғасырдың ортасы мен
XVIIIғасырдың 30-жылдарына дейінгі кезеңді «хандық дәуір» немесе
«Қазақ хандығы дәуірі» деп атады. Жалпы алғанда, қазіргі кездегі
«қазақ тілі», «Қазақстан Республикасы», «қазақтар», «Қазақстан»
деген терминдердің бәрінің бастауында Қазақ хандығының құрылуы
жатыр. Қазақстан Республикасының Президенті-Ұлт Көшбасшысы
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің – «Тарих толқынында» атты кітабында:
«Қазақ хандығы – Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет. Егер біз
мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа
меңзеп тұрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын
түсінгеніміз жөн.
Қорытындылай келе, тоғыз жолдың торабы Ұлы Жібек жолының
бойында орналасқан Әулиеата өңірі қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы,
оның әлеуметтік, экономикалық, мәдени – рухани орталықтарының
қайнар көзі. 2015 жылы Керей мен Жәнібек Қозыбасыда орналасып,
Қазақтың туын көкке көтергеніне 550 жыл толып отыр. Олай болса
мереке баршамызға құтты болсын . Ата – бабамыз қалдырған осындай
кең-байтақ жердің лайықты мұрагері болайық! Қазіргі кезеңде тек
бірлік пен болашаққа сенімді қадамдармен жүгіруіміз керек. Мың жаса
тәуелсіз Қазақ Елі!!!