Материалдар / Баяндама:Әлеуметтік педагогтың ерекше білім алуды қажет ететін балаларды қолдау мақсатында жүргізген жұмыстары

Баяндама:Әлеуметтік педагогтың ерекше білім алуды қажет ететін балаларды қолдау мақсатында жүргізген жұмыстары

Материал туралы қысқаша түсінік
Ерекше білім алуды қажет ететін балаларды қолдау мақсатында әлеуметтік педагогтың баламен, ата анамен жүргізілетін жұмыс түрлері туралы айтылады.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
13 Қазан 2021
1415
10 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Өзіндік жұмыс

Айжигитова Нургул Акимжановна

Арал ауданы

65 орта мектептің әлеуметтік педагогы

Тақырыбы: Әлеуметтік педагогтың ерекше білім алуды қажет ететін балаларды қолдау мақсатында жүргізген жұмыстары

Тек қана ата-аналармен бірге, жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында педагогтар балаларға үлкен адамдық бағыт беруі мүмкін.      

В. А. Сухомлинский

Баланың даму ауытқушылықтарымен тууы көбінесе отбасын күйзеліске ұшыратады. Мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеу мен дамыту проблемасы барлық отбасы мүшелерінің ұзақ та терең әлеуметтік бейімсізденуінің себебіне айналады.

Ерекше күтімді қажет ететін балалары бар отбасылар ұзақ уақыт бойы қорқыныш, сенімсіздік, баланың болашағына деген уайымшылдық көзқараспен қарау сияқты жайттарды бастан кешеді. Мүгедек баласы бар отбасыларының ұзақ уақытқа созылған психикалық тұрғыдағы жағдайлардан шығуы үшін мамандардың арнайы көмегі, көбінесе, әлеуметтік педагогтың көмегі, туысқандарының, жақындарының және айналасындағы адамдардың қолдауы қажет.

Ерекше білім алуды қажет ететін балаларды кең түрдегі саналы байланыссыз, әртүрлі адамдармен үнемі қарым-қатынас жасамай дамыту мүмкін емес. Ол барлық сау балалар сияқты қарым-қатынасқа зәру. Ерекше білім алуды қажет ететін балалардың кәдімгі балалармен қарым-қатынас жасай алмайтынынан, баланы олардың ренжітіп қою қаупінен қорқып, ата-аналар олардың қарым-қатынас ортасын тарылтуға тырысады. Бұның өзі болашақта баланың күйзеліске түсуіне себеп болуы мүмкін, өйткені айналасындағылар оны түсінбейді, одан қашады, ол басқалармен қалай байланыс орнату керектігін, достық қатынасты қалай құруды білмейді.

Әлеуметтік педагог жұмысының міндеті – күйзеліс жағдайларын шешу, баланың тұлғалық дамуы үшін қолайлы жағдай жасау (физикалық, әлеуметтік, рухани-адамгершілік, интеллектуалдық), оған кешенді әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету, оның өмірлік кеңістігін қорғау.

Әлеуметтік педагог бала мен ересек адам арасындағы, бала мен оның айналасындағылар арасындағы дәнекер, сондай-ақ тікелей баламен немесе оның айналасымен қарым-қатынаста тәлімгер рөлінде көрінеді.

Отбасымен жұмыс кезінде үш рөлде көрінеді:

Кеңесші – отбасына ата-аналар мен балалардың отбасындағы өзара әрекетінің маңыздылығы мен мүмкіндігі туралы ақпарат береді; баланың дамуы туралы әңгімелейді; бала тәрбиесі бойынша педагогикалық кеңес береді.

Кеңес беруші – отбасылық заңнама; тұлғааралық өзара әрекет мәселелері жөнінде кеңес береді; нақты отбасына бағытталған қолданыстағы тәрбие әдістері туралы хабардар етеді; баланың қалыпты дамуы мен тәрбиесіне қажетті жағдай жасау тәсілдерін ата-аналарға түсіндіреді.

Қорғаушы – ата-аналар тұлғасының толықтай құлдырауға ұшыраған жағдайымен (ішімдікке салыну, есірткіге әуестену, балаға қатаң қарау) және осыдан келіп шығатын тұрмыстағы жағдайсыздық, ата-аналардың балаға назар аудармауы, адами қатынастың жоқтығымен бетпе-бет келгенде баланың құқығын қорғайды.

Отбасына әлеуметтік-педагогикалық көмек берудің нысандары

Негізгі нысандардың бірі әр ата-анамен жеке жұмыс жасау болып табылады. Отбасы ерекшелігін зерттеу, үлкендермен әңгіме, ата-аналардың балалармен қарым-қатынасын бақылау балаға бірлесе ықпал етудің нақты жолдарына сілтейді.

Әлеуметтік педагог ерекше білім алуды қажет ететін баланың отбасылық шағын ортасын зерттейді. Баламен әңгімелесуден көптеген қажетті ақпаратты, оның әрекеттің әртүрлі нысанындағы әуестігі мен қызығушылығы, денсаулығы, әдеттері, дағдылары мен машықтары туралы білуге болады.

Әлеуметтік педагогтың баланың үйіне баруы оның тұратын жағдайымен, үйдегі жалпы ахуалымен танысуға септігін тигізеді. Бұдан бөлек, жұмыстың мұндай нысаны әке-шешесімен ғана емес, баланың тәрбиесіне қатысы бар отбасының басқа да мүшелерімен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді.

Сараланған жұмыс нысандарының бірі кеңес беру болып табылады. Бір жағынан, олар отбасы өмірін жақынырақ білуге көмектеседі және ең қажетті жерде көмек көрсетуге мүмкіндік береді, екінші жағынан – ата-аналарды өз балаларына байсалды түрде қарауға, олардың мінез сипаттарын анықтауға, тәрбиелеудің үздік жолдары жайлы ойлануға түрткі болады. Әлеуметтік педагог кеңес бере отырып, үлкендер мен балалардың сұрақтарына жауап береді, оларға білікті кеңес беруге ұмтылады.

Отбасымен жұмыс кезінде жеке әңгімелердің маңызы зор. Әлеуметтік педагогпен жеке қала отырып, ата-аналар оған басқа бөтен адамдардың көзінше ешқашан айтпайтын отбасыішілік қатынастағы өз проблемалары жайлы әңгімелейді.

Жеке әңгімелесу кезінде басты қағиданы ұстану керек: оның мазмұнын әңгімелесушілер ғана білуге тиіс, ол басқаларға таратылмайды.

Ата-аналардың өтінішіне мұқият қарау керек. Оны орындау балаға зиянын тигізетін жағдайда ғана өтінішті орындамауға болады.

Осылайша, әлеуметтік педагог әлеуметтік бейімделудің жеке жоспары бойынша отбасына қолдау көрсетуді іске асырады, бұл денсаулығы бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға әлеуметтендіру процесін тездетеді.

Ата-аналардың мақсаты педагогтармен тығыз қатынаста болып солардың ақыл-кеңестерін тыңдап балаға тиянақты білім, жақсы тәрбие беруге өз үлестерін қосу, тікелей ат салысу. Мамандар ата-аналармен тығыз қатынаста жұмыс істеуі керек. Маманның  ұсыныстары ата-анаға өз баласын жақсы түсінуге көмектеседі, онымен өз қарым-қатынасын құруды  үйретеді және оған қоршаған өмірде толық бейімделуіне  көмектеседі.

Ендігі кезекте ерекше балалардың ата-аналарына арнайы психолог тарапынан берілетін келесі психологиялық-педагогикалық тұрғыдағы  психологиялық кеңестер беріледі:

  1. Баланың берген жауабына шын және шыдамдылықпен жауап беріңіз.
    Балаңыздың жеке бөлмесі не бір бұрышы болуына жағдай жасаңыз.
    3. Балаңыздың шашылып жатқан үстеліне ұрыспаңыз, егер ол шығармашылық іс – әрекетпен айналысып отырса.
    4. Шешім қабылдауда өзіндік жеке жоспар құруына көмек көрсету.
    5. Балаңыздың кемістіктерін бетіне басып, басқа балалармен оны салыстырмаңыз.
    6. Күнде балаңызбен жеке сөйлесуге уақыт бөліңіз.
    7. Отбасымен шешетін мәселелерге балаңызды қатыстырып, оның жеке басының ой-пікірімен санасыңыз.
    8. Қателескені үшін баланы кекетіп, бетінен алмаңыз.
    9. Баланың әрбір жетістігі үшін мақтап отырыңыз.
    10. Жас мөлшері әртүрлі адамдармен дұрыс қарым-қатынам жасауға үйретіңіз.
    11. Қиын нәрселерді тауып және оны өз бетімен, жауапкершілікпен шешуге балаңызға көмек көрсетіңіз.
    12. Балаңызды жетістік пен дәрежесі үшін емес, сол қалпында сөзсіз қабылдап жақсы көретіндігіңізді сездіртіңіз.
    13. Балаңызбен бірге әңгімелер, ертегілер, фантастикалық оқиғалар құрастырып, баланың шығармашылық қабілетінің дамуына жағдай жасаңыз.
    14. Балаңыздың сүйікті ісіне керек кітап, ойын, т.б. құралдармен қамтамасыз етіңіз.
    15. Балаңыздың алған негізгі ісінің ойдағыдай орындалуына сеніміңіз болмаса да, сол істі өзі аяқталуына жағдай жасаңыз.
    16. Бала өз жұмысын көрсете алатын стенд жасап қойыңыз.
    17. Істеген жұмысының нәтижелі болуына көмектесіңіз.
    18. Баланың қойған талабына ерекше көңілмен қараңыз.
    19. Балаңыздың өткір ойлығына сеніп, әрдайым сенім артыңыз.

Ата-анамен тығыз байланысты нығайту мақсатында және бала туралы жалпы толыққанды мағлұмат алу үшін ата-аналарға сауалнамалар толтыртамын.

Сауалнама

Сіз қандай ата-анасыз?

  1. Кез-келген ісіңізді тастай салып, баламен айналыса аласыз ба?

  2. Балаңыздың жасына қарамай, онымен ақылдаса аласыз ба?

  3. Балаңызбен қарым-қатынас барысында жасаған қателеріңізді мойындайсыз ба?

  4. Өз қателігіңіз үшін балаңыздан кешірім сұрайсыз ба?

  5. Балаңыздың ісі ашуландырған кезде, өзіңізді ұстап, ашуды жеңе аласыз ба?

  6. Балаңыздың орнына өзіңізді қоя аласыз ба?

  7. Бір сәтте сізге мейірімді адам деп сенуге болады ма?

  8. Өзіңіздің басыңыздан өткен балалық шағыңыздан ескерілетін жағдай айтасыз ба?

  9. Балаңыздың жүрегін жарақаттайтын сөздерді, сөйлем тіркестерін атамауға тырысасыз ба?

10.Балаңызға уәде беріп, жақсы мінез-құлқын ескере отырып, уәдеңізді орындайсыз ба?

11.Балаға қалаған ісін жасауға, өзін ұстауға кедергі жасамай бір күн еркіндік бересіз бе?

12.Басқа бала сіздің балаңызға дөрекілік көрсетсе, себепсіз ренжітсе көңіл аудармайсыз ба?

13.Балаңыздың көз жасы, дөрекі еркелеуі уақытша екенін білесіз, соған қарсы тұра аласыз ба?

Жауабы:

  1. Әрқашан жасаймын,келісемін – 3 ұпай

  2. Кейде ғана келісемін – 2 ұпай

  3. Келіспеймін – 1 ұпай

  • 0-16 – Бала тәрбиесі – сіз үшін үлкен проблема. Бала тұлғасын дұрыс қалыптастыру  үшін педагог немесе  психолог мамандардың  көмегіне сүйеніңіз.

  • 17-30 – Балаға қамқорлық жасау – бірінші кезектегі маңызды іс. Сіздің бойыңызда  тәрбиелік қабілет бар,  тәжірибеде әрқашан бір қалыпты, бір бағыттағы мақсатпен   әрекет етесіз. Кейде қатал, кейде мүлдем жұмсақсыз. Сізге жауапкершілікпен ойлану керек.

  • 31-39 – Бала  сіздің  өміріңіз үшін  ең құнды  болғаны. Сіз балаңызды тек түсініп қана қоймай,  әрі ойын тануға, сыйлы көзбен қарауға тырысасыз.

Ата-аналар жиналыстарының көтеретін мәселелері мынадай болуы мүмкін:

  • Отбасының баланың тілін дамытудағы көмегі.

  • Баланың сөздік қорын қалай молайтуға болады?

  • Баланың танымдық қызметін дамыту.

  • Баланы қалай тыныштандыруға болады?

Ерекше балаларға ата-аналар тарапынан психикалық зорлық көрсеткені де бала денсаулығына зор ықпалын тигізеді. Мұндай зорлық түріне мыналар жатады:
-балаға үнемі сын көзбен қарау;
-баланы кемсіту;
-баланы қорқыту;
-баланы шектеу;
-баланың мүмкіндіктері мен жасына сай емес талаптар қою;
-үлкендердің сөздерін орындамау.

Осындай психикалық зорлық көрсетпеу туралы ата-аналарға психологиялық кеңес беру арнайы психолог маманының міндеті болып есептеледі.

Бала үшін жанұя не істеуі керек?  Ең алдымен өз баласына тән қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін анықтап алу керек.  Бұл тиімді емдеу мен реабилитация жолын таңдауға көмектеседі, баланың жанұяда жеке өмірге бейімделу мүмкіндіктерін анықтайды.  Дамуында ерекшеліктері бар балаға ең жақсы реабилитация –  бұл оларды күнделікті өмірге тарту екенін ата-анаға түсіндіретін де ,  ұйым мен отбасының  бірлескен қарым-қатынасын жүзеге асыратын да педагог мамандар, яғни сіз бен біз!


Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың әдіс-тәсілдері

1. Ата-аналармен сенімділік байланысты құру.

Белсене тыңдау тәсілдері, адал тілектестік педагогтың ұсыныстарына аңғарусыз қарсылықтарды жоюға мүмкіндік береді.

2. Ата-аналарды не мазалайды? Келелі мәселелерді анықтау.

дамуында бұзылысы бар баланы оқыту мен тәрбиелеудегі қиындықтар;

баланың отбасында және қоғамда (социум) бірдей емес тәртіптілік әрекеттері;

жақын туысқандардың балаға деген бірдей емес жеке аралық байланысуы;

мұғаліммен және тәрбиешімен баланың мүмкіндігінің бағасын төмендету және т.с.с.

дамуында бұзылысы бар баланың отбасының жұбайлық байланысының бұзылғаны;

дамуында ауытқуы бар баланы эмоциялық шеттетуі;

дамуында ауытқуы бар балаға және қалыпты балаға көңіл бөлудің бағасы.

  1. Тәрбиелеу үлгісінің және ата-аналардың жеке қасиеттерінің диагностикасының

психологиялық-педагогикалық бағасы.

баламен өзара байланысудың түрлерін бақылау, әңгімелесу, сауалнама жүргізу.

  1. Отбасында бар шынайы мәселелерді педагогтың тұжырымдауы.

Педагогтың міндеті ата-аналардың балаға қатысты мәселелерінің маңызды жақтарына көңілін аударту.

Қандай мемлекетте болмасын өзінің заңды тұлға, азаматы болғандықтан дүниеге келген мүмкіндігі шектеулі азаматтарына қамқорлық жасауға, өз қатарларымен бірге жүріп, өмірден тиісті сыбағасын алуына жағдай жасап жатады. Ал дүниеге алпыс тамырын идіріп, алып келген баласының мүмкіндігі шектеулі болуы, кез-келген ата-ана үшін психологиялық тұрғыдан үлкен соққы болары да, анық. Есін біле, өзін қоршаған ортамен араласа бастайтындай жасқа келген де ондай балалар, әрине олардың да ішкі жан дүниесі (психологиясы) аласапыран күйде болуы табиғи заңдылық. Отбасы – баланың тек өмір сүретін ғана емес, сонымен бірге оның адамгершілік сапалары, адамдар әлеміне деген қатынасы, тұлғаралық байланыстардың сипаты туралы түсініктері қалыптасатын микросоциум болып табылады. Қазіргі заманғы зерттеу жұмыстарындағы отбасына қатысты қағидалар, дамуында бұзылуы бар баламен диагностикалық және түзетуші жұмыс жүргізуде ескерілуі қажет.

Ата-аналармен жұмыстың формалары мен әдістері:

Кеңес беру – «ерекше» баласы бар әрбір отбасына деген дифференциалды тұғыр. Бастысы, ата-аналардың өз балаларына сенім білдіргені және мамандар үшін көмекші болғандары дұрыс.

Ашық есік күндері – ата-аналар баламен бірге топқа барады, мамандардың жұмысын бақылайды.

Семинар-практикумдар – мұнда ата-аналар ойындармен, әдебиеттермен танысады, алынған білімді тәжірибеде қолдануға үйренеді.

Іскерлік ойындар.

Бірлескен мерекелерді өткізу – мұнда ата-аналар өз баласының жетістіктерін көре алады, баламен бірлесіп қатыса алады.

Мамандардың міндеті – ата-аналарға өз баласынан ұялмауға үйрету, оны сол күйінде қабылдауға үйрету, баланың өзіне деген сенімді болуын үйрету, оның танымдық іс-әрекетін және эмоционалды-ерікті сферасын дамыту.

Әлеуметтік педагог ерекше білім алуды қажет ететін балаларды тәрбиелейтін отбасыларына, мүгедектікті тағайындауда және жеке дыбыс күшейтуші аппаратураны, қосалқы техникалық құралдар мен жабдықтарды алуда, нақты практикалық көмек береді. Басқаша айтқанда, ол балалар мен ересектердің арасындағы байланыстырушы буын қызметін атқарады, жалпы білім беретін ұйымда әлеуметтік-психологиялық қолайлы жағдайды құруды қамтамасыз етеді, ата-аналар мен қауымдастықты әлеуметтік-маңызды іс-шаралар мен акцияларды ұйымдастыруға және өткізуге тартады.

Мұндай отбасылар арнайы педагог мамандардың, соның ішінде дефектолог, психолог, әлеуметтік – педагогтардың көмектеріне зәру. Өйткені мұндай балалар ерекше көңіл бөлуді, арнайы тәрбиелеу мен оқытуды талап етеді. Ерекше білім алуды қажет ететін баланың отбасындағы қарым-қатынасын және өзі қатарлас балалармен қарым-қатынасын анықтау, олармен бірдей деңгейде араласуына мүмкіндік туғызу, білім деңгейіне сай оқыту және қоғамның болашақ өз-өзіне сенімді азамат етіп тәрбиелеу үшін педагог мамандар ата-аналармен, әлеуметтік сала қызметкерлерімен тығыз байланыста болуы керек. Тек осы жағдайда ғана, мүмкіндігі шектелген балалардың өздерін қоғамның толыққанды азаматы ретінде қабылдануына жағдай туатын еді.

 



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ