Материалдар / Баубек Бұлқышев: «Ер өлмек емес ешқашан»
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Баубек Бұлқышев: «Ер өлмек емес ешқашан»

Материал туралы қысқаша түсінік
Материал барлық сыныпқа арналған
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
28 Сәуір 2021
395
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Баубек Бұлқышев: «Ер өлмек емес ешқашан»

Shape1

Ұлы Отан соғысы  жылдарында журналистік бағыттағы публицистік мұралары, өмірі мен шығармашылығы қалың көпке таныс тұлға – жауынгер-жазушы Баубек Бұлқышев еді.  Ұлы Отан соғысының шындығы, Отанды, ел-жерді аялау мен бағалаудың мол мүмкіндіктері, елдік пен ерліктің үлгі-өнегелері, қысқасы ұлттық дәстүрге адалдықтың, атамекенге, ата-анаға, бауыр-туысқа, отбасына шынайы берілгендіктің сыр-сипаттары – Баубек Бұлқышевтың ақындық қуаты бай, жазушылық қарымы кең, журналистік мүмкіндігі мол дарын даралығы мен талант табиғатынан терең танылады. 

Б.Бұлқышевтың өмірбаян беттеріне ден қойып, қысқа шолу жасасақ, Қарағанды облысының Ұлытау өңірінде, қазіргі Амангелді ауылында өмірге келген (1916 жыл). Алғашқы еңбек жолы – «Ұлытау» ұжымшарының сүт фермасында есепші болудан басталады. Одан кейінгі кезеңдерде Алматы сауда-қаржы техникумында оқиды (1937 жыл). «Лениншіл жас», «Октябрь балалары» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі міндеттерін атқарды. Армия қатарына шақырылып (1940 жыл), Москвада сапер училищесінде оқиды. Ұлы Отан соғысында болып, Москваны қорғауға, Украинаны азат етуге қатысады. Елдік пен ерліктің өшпес өнегесін көрсетеді.

[caption id="attachment_36823" align="aligncenter" width="700"]Shape2  Баубек пен Мұқан Иманжанов. Алматы, 1939 жыл[/caption]

Б.Бұлқышевтың талант табиғатының жар­қырай көрініп, журналистік-жазу­шылық қырларының бой көрсеткен тұсы – соғыстың сұрапыл, сындарлы сәттерімен сәйкес келеді. Оның Отанға адал, ел-жерге сағыныш-сүйіспеншілігінің жоға­ры­­лығын, жан-жүрегін әрдайым ашық ұстап, көңілін кеңге салған тұстары, сондай-ақ өмір мұраты, адам қайраты, жастық пен достық, махаббат туралы маңызды мақала, ойлы, очерк, өршіл де өшпес публицистикалық еңбектері соғыстың ауыр да азапты, қиын-қыстау кезеңдерінде өмірге келді. Осы орайда, академик С.Қирабаевтың: «Соғысқа қатысқан жас жазушы Баубек Бұлқышев өзінің «Заман, жастар біздікі», «Жауыздық пен махаббат», «Өмір мен өлім туралы», «Мен өмір сүргім келеді» сияқты публицистикалық еңбектерінде майдандағы жас адамның жүрек тебіренісін әңгімеледі. Туған жерін сүйе білген азаматтың дұшпанға деген кегі де, замандасына арнаған өмір туралы сыры да осы мақалаларда қамтылған» деуінде ақиқат жайттар, шындық сырлары мол. Асылы, Б.Бұлқышевтың өмірі мен шығар­машылығынан айқын аңғарылатын жайт­тардың бірі – адам факторына зор маңыз беріліп, ел-жерге сағыныш пен құр­мет, өмірге құштарлық шексіз ­деуге әбден болады. Мұның өзі әдебиетші Р.Ыдырысов атап көрсеткеніндей: «…Бау­бек өмірі – біздің аға буынның, аға ұрпақ­тың өмірі, бізге сәулетті өмір, бақытты дәуір орнатып берген күрескер әкелеріміздің, Павел Корчагиндер өмірінің жалғасы. Корчагин және оның құрбылары әлемде жаңа дүние орнату үшін күрессе, олардың ізбасар інілері – Матросов пен Кошевойлар, Тоқтаров пен Бұлқышевтар Корчагиндердің қан төгіс күреспен алып берген жарық күнін, бақыт дүниесін қара түннен, фашистік түнектен аман сақтап қалу үшін күресті. Сондықтан алдыңғы толқын інілердің мақсат-мұраты, арман-тілегі, бір бастаудан шыққандай, бір арнаға құйғандай бірыңғай болды». Адамзатқа, Отанға қауіп-қатер төнген тұста Б.Бұлқышев жан-жүрегін жалау етіп, қалам қуаты арқылы адам қайратын, оның Отанға, өмірге, еңбекке қабілет-мүмкін­діктерін, елдік пен ерлік ұлағатын, соғыс пен бейбітшілік сыр-сипаттарын мәнді-нәрлі қалыпта беріп, кең көлемде ашты. Өмірді, адамды аялау мен бағалау арқылы Отанға, ел-жерге деген сағыныш, сүйіспеншілігін әр алуан жанрда (­мысалы, әңгіме, мақала, очерк, хат, т.б.) жедел де өткір, шебер де шешен һәм шынайы сипат­та суреттеді. Б. Бұлқышевтың әскери тақырыптағы туындылары, негізінен, орыс тілінде жазылып, «Комсомольская правда» газетінде жарияланды. Оның: «О жизни и смерти» (записки молодого казахафронтовика) деген публицистикалық туындысы – «Комсомольская правда» газетінде басылды (1942, 1 мамыр). Бұдан басқа бірсыпыра мақала, очерктерін, атап айтқанда «Жизнь принадлежит нам», «Коварство и любовь», «Я хочу жить», «Письмо сыну Востока», «Слушай, Кавказ», т.т. «алыптар тобының» асылдарының бірі – Ғабит Мүсірепов аударып, «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялап тұрды. Ондағы қоғам, уақыт көріністері, өмір-тұрмыс сырлары, адам мұраты мен мүмкіндіктері қалың көпті кемел келешекке, жарқын күндерге үндеді. Әсіресе, Отанды қорғау мен өмірге құштарлық, адам мен оның еңбегіне, қайраты мен табандылығына құрмет, қиын-қыстау күндердің көрініс-суреттері айрықша сағыныш-сүйіспеншілікпен, мейірім шуағымен шынайы бейнеленеді. Адам факторы, заман мен соғыс шындығы, өмір-уақыт, тұрмыс тынысы бар сипат-сырларымен көркем де нанымды, табиғи суреттеледі. Б.Бұлқышевтың әдеби мұрасы –«Жизнь солдата» (Москва, 1946), «Өмір біздікі» (М.Иманжанов редакция­сымен жарық көрді. –1948), «­Жауынгер мәңгілігі» (құрастырған: Д.Әбілов 1965), «Адамзатқа хат» (1977), «Заман біздікі» (құрастырған: С.Асқаров. –1984), «Адамзатқа хат» (құрастырған: Р.Рүстембекова, Р.Ыдырысов. –2005), т.т. кітап, жинақтарына енді. Жауынгер-жазушының өмірі мен кезеңі, шығармашылығы туралы дерек­намалық мәліметтер: «Советтік Қазақстан Жазушылары». – Алматы: Жазушы, 1987. -155-156 беттер; «XX ғасыр: Қазақстан Жазушылары» (анықтамалық) сынды еңбектерден де кең орын алды. Б.Бұлқышевтың шығармашылық мұрасына жіті үңілсек, барлық жанрда жазғаны, әсіресе оның бәрі-баршасына ортақ белгілер: таланты зор, талабы биік, талғамы жоғары екенін, батыл да еңбекқорлығын айқын аңғаруға болады. Тақырыпқа адалдығы, өмірге құштарлығы да жіті сезілер еді. Атамекенді аңсауы, Отанды қорғауы, жауына өшпенділігі де адамдық ұстанымынан, жан-жүрек дүрсілі мен көңіл толқындарынан танылар еді. Тақырып табиғатына ден қойсақ, адам өмірі мен еңбегі, көзқарасы мен қолтаңбасы, ізденіс арналары, ондағы мол мүмкіндіктер кеңінен көрініс береді. Әсіресе, адам өмірі мен қайраты, қабілет мүмкіндіктері – Отан, ел-жер, жастық пен достық төңірегінде кең өріс алады. «Өмір мен өлім туралы» (майдандағы қазақ жасының дәптерінен) деген шағын көлемді туындыда автор мұраты, қиял қанаты, телегей-теңіз талант табиғаты мен алуан ізденіс іздері, көзқарас эволюциясы мен дарын дидарына тән шалқар шабыттың мың сан иірімдері, көркемдік кеңістігі, тіл өрнегі айқын танылады.

[caption id="attachment_36824" align="aligncenter" width="700"]Shape3  Баубек майдандас жолдастарымен бірге.[/caption]

Адам мұраты, өмірі мен еңбегі, жастық пен достық, махаббат туралы толғам-толғаныстар жан-жүректен шығып, шынайы шындықтар арқылы көркемдік мұраттарға, ақиқат жайттарға, келелі келешек көкжиектеріне оң қадам, сәтті талаптар жасайды. Өмір шындығы, соғыс суреті сенімді өріс алады. Бастысы, адам әлемі, өмір мәні, жастық кезеңнің қимас-қызық, сәулелі сәттері былай беріледі: «Менің жастығым адам баласының қызметіне берілді. Мүмкін, мен жастығымды қайыра алмаспын. Бірақ ол босқа кетпейді, менен кіші інілерімнің еншісіне тиеді. Кейінгі жастар, жас інілерім, сендер бақытты жандарсыңдар. Сендер соғыс дегенді білмей өтетін боласыңдар. Біз жастығымызды сендердің бақыттарыңның жолына құрбан еттік. Сендер тыныш өмірде бақытты жасайтын боласыңдар.

[caption id="attachment_36825" align="aligncenter" width="7Shape4  Баубек – Алматыдағы есеп-экономика техникумының 2-курс студенті (алдыңғы қатарда оң жақтан бірінші) 1938 жыл[/caption]

Біз кәрлі кезеңнің, соғысты заманның жандарымыз. Біз соғыста туғанбыз, соғыста өлеміз де. Күресте тудық, сол күреспен өлеміз. Осының бәрі сендер үшін, кейінгі ұрпақ!» (Бұлқышев Б. Заман біздікі. – Алматы: Жалын, 1984. -19-20 бет). Ал ел-жер, Отан мен отбасы, тәлім-тәрбие арналары қиын да күрделі кезең көріністерімен байланыс-бірлікте, сабақтастық сипатта өріс алады: «Мен – шығыс адамымын, батысқа кетіп барам. Біраз жерге келіп те қалдық. Менің елім жақтан шығатын алтын күн мені ұзақ күн бойы жылытады, ол қашанда қасымда. Міне, кеш бола бас­тады. Күн батысқа еңкейіп келеді, мен де батысқа қарай келе жатырмын. Күн де мені қимағандай, ұясына қона қоймай тұр. Маған көзін тура қадап: «Шығыс ұлы, жолың болсын! Шығысқа жеңіспен қайт! Мен сені Алатаудың аясында қарсы алармын!» деп тұр. Күн көкжиекке батып барады. Мен әлі жүріп келем, алға кетіп барам. Мен жау тас-талқан болып жеңілгенше, ілгері қарай аяңдай беруге тиістімін» (сонда, 21-бет). Туынды табиғатынан: адам мұраты мен қайраты, өмір-дүние дидары, мәні мен сыр-сипаттары, ел-жерді қорғау мен құрметтеудің қажеттіліктері, оған адал қызмет етудің жай-жапсары кеңінен көрініс береді. Адамзат қоғамында азаттық пен бостандықтың құндылық қырлары, өмір мен өлім өлшемі, соғыс шындықтары мен Батыс-Шығыс қатынастары – адам мұраты, бақыты мен қуанышы негізінде айрықша толғам-тебіреністермен, өзгеше сезім-сүйіспеншілікпен серпінді де жүйелі жеткізіледі. Адам мұраты мен өмір мәні, маңызды мамандықтар мен өнер құндылықтары хақындағы ойлар мен толғаныстардан жан-жүрек жылуы, көңіл толқындары, сыр-сезім иірімдері жан-жақты танылады. Адам қасиеті мен құдіреті, өмірге құштарлық пен шексіз арман-аңсарлардан: жан жылуы, кіршіксіз көңілдің нұр-сәулесі, мейірім шуағы кедергісіз, табиғи өріс алады. Мұның бәрінен, әрине, адам –қоғам байлығы, оның өмірі мен еңбегі аялау мен бағалауға әбден лайықты деген көзқарас мұраттары, ой-сезім ағыстары айқын аңғарылады. Бастысы, әрине адам құндылықтарына, өмір мұраты мен еңбегіне зор маңыз беріледі. Дүние дидарын: бақыт-қуанышқа, бірлік-берекеге бөлеп, еңбек көрігін қыздырып-нұрландырған адам факторы бәрінен биік һәм алдыңғы кезекте сөз болады. Адам капиталының қымбат қазына екендігі де терең танылады. Адам – өмірдің, еңбектің, тірлік-тыныстың тұтқасы, – деген түйін-тұжырым айқын. Адам – қоғам байлығы, өмір өзегі, күретамыры, – деген берік байлам бар. Адамзат қоғамындағы өмір мәні, сыр-сипаты айқындалады. Өмір мен өлімнің бітіспес күресі –адамзаттық мәселе ретінде көрініс берсе, бейбітшілік пен береке-бірліктің мәңгілік мұраттары азаттық идеясымен, татулық пен туысқандық сипаттарымен қалың көпке көркем де жүйелі жеткізіледі. Ел бірлігі, достық мұраттары қазіргі кезеңде де мәнді. Туынды тағылымы, мазмұн байлығы мен көркемдік кеңістігі де осы. «Өмір сүргім келеді» туындысы–жанрлық жағынан эпистолярлық сипат-сырларымен назар аудартады. Майдан даласындағы аз ғана тыныштықта алыс ауыл, жақын-жуық, дос-құрбылар ойға оралады. Балалық, жастық кезең көз алдыңнан өтеді. Өмірге құштарлық, өнерге сүйіспеншілік сезімі бойды билейді. Жанна қызбен-сүйген сұлумен сырласады. Өмір мұраты, еңбек өнегесі, еркіндік тынысы өзіндік өзгешеліктерімен қиялды қанаттандырып, көңілге түрлі ой салады. Өмірдің маңызы күшейіп, адам факторына айрықша мән беріліп, уақыт таңбасы бедерлі де бейнелі белгі-ерекшеліктерімен есте қалады. Бейбіт өмірдің маңызы, адам факторының мәні кеңінен көрінеді. Азаттық идеясы мен өмірге құштарлық терең танылады. Еске түсірсек: «Менің өмір сүргім келеді, – деп жазады автор. Бірақ фашист неміспен бірге өмір сүре алмаймын. Фашисі бар дүние тар мен үшін. Адам мен аң бір бөлмеде тұра алмайды. Бір жердің үстінде фашист неміспен жасай алмаймын мен. Біз Шиллерді, Гетені сүйетінбіз, біз оларды қазір де жақсы көреміз. Біз қанқұмар емеспіз. ...Менің қалам, университетім, менің сүйетін – Жаннам. Мен сендерге соғыс өртін қақ жарып өтіп келе жатырмын. Әрі асығам, әрі алқынамын. Мен сендерге жеткім келеді. Бірақ дәл жолымда көлденең тосып, автомат ұстаған неміс тұр. Ол мені өлтіргісі келеді. Ол менің жолымды бөгемек болады. Мен абайламай қалсам, ол мені өлтіреді. Қаламды қиратып, университетімді талқандайды. Менің туысқандарым өз тағдырын маған тапсырды. Ол тағдырға мен жауаптымын. Сол жауапты бере аламын да» (сонда, 33-34 беттер). Бұл жайттар, сөз жоқ, адамзаттағы бас­ты байлық-бостандық пен тыныштықтың бағасы мен өлшемін айқын аңғартады. Азаттық пен бостандық барда: адам өмірі мәнді, еңбегі өнімді, тұрмысы сәнді болатыны сәт сайын сезіледі. Ел бірлігі, қоғамдық келісім, достық сырлары ашылады. «Заман біздікі» – ел-жер жайлы толғаныстарға толы. Перзенттік парыз бен қарыздың шынайы шындықтарға суарылған сырлы сезімнің қуат-күші бар асылдан да биік, жоғары. Азаттық пен бостандықтың өлшемі, татулық пен туысқандықтың таңбасы айқын. Бейбіт өмірге құштарлық пен балалық шаққа саяхат, жастық пен достық сырлары шындық жайттарды арқау етуімен де мәнді. Ең бастысы, әрине өмір мен өлім өлшемі, соғыс пен бейбітшіліктің бағасы – адам мұраты, арман-аңсары, еңбек тынысы негізінде кең өріс алады. Шығарма мұратынан: ел-жер, тарих пен тағдыр, жастық пен достық сырлары былай беріледі: «Біз, жастар, тағдырымыз сенімен байланысты екенін білеміз, туған жер. Біз сенің топырағыңда ғана бақытқа бөленбекпіз. Өмірдің биік шыңына қол созамыз, адам дүниесінің сала-саласына ой жүгіртеміз. Біз бақытты жастар едік. Сенің үстіңде қуанышқа кенеліп, той тойлаған күндер есте. Бүгін сенің үстіңде жаумен жағаласудамыз. Біз сенің үстіңде тудық, сенен өстік, керек болса, сенің үстіңде өлеміз де. Бірақ, жауға беріп қоймаймыз сені. Серт осы. Біз осыған ант етеміз, ізгі ана! ...Біздің заман таласта! Жастық шағымызды қырау шалғалы тұр! Бірақ біз өз заманымызды ешкімге бере алмаймыз! Заман біздікі! Өз заманымыз үшін жан пида! О, жастар! О, құрбылар! Біз келешек ұрпақтардың алдында жауапты болмайық, біз олардың келешегін өртке шалдырмаймыз. Біз аталарымыз қанды майданда күреспен жеңіп алған тамаша дәуірді мақтанышпен өткізуіміз керек... Біздің орнымыз жауынгерлердің алдыңғы қатарында. Біз өз орнымыздамыз. Жастар өзіміздің заман үшін жауға оқ атайық! Заманымызды қорғап қалайық. Әлем алдында заман біздікі дейтін болайық! ...Заман біздікі, біз өз заманымыз үшін оққа, өлімге қарсы жүреміз. Біз, жастар, кешегі алтын ғасырды қайта тұрғызамыз. Біздің орнымыз майдангерлердің алдыңғы қатарында, біз өз орнымыздамыз» (сонда, 16-17 бет). «Жауыздық пен махаббат» (Бір құрдас ту­ралы хат) – майдан даласын, соғыс шын­дықтарын, тарих пен тағдыр талқысын кең көлемде көрсетеді. Майдандағы қиын-қыстау кезеңдердің куәсі – ескі картада мол сыр бар, ол – жауынгерлердің соғыстағы іс-әрекеттері, өмір мен еңбек жолдары, тарих пен тағдыр тауқыметтері, пулемет-пушкалардың топо­графиялық белгілері, ел-жерге, елдік пен ерлікке қатысты көзқарас-қолтаңбалар, т.т. Сондай-ақ майдан даласында, окопта он сегіз сағат оқ пен от ортасында болған жауынгерлердің елдік пен ерліктің үлгі-өнегесін, табандылық пен тұрақтылықтың, достық пен туысқандықтың шын мәнін­дегі жарқын көріністерін көрсетеді. Жауын­герлердің Отанға, ел-жерге шынайы берілгендігі, жолдастық-достыққа адал­дығы, өзара қарым-қатыныс, бірлік­тері реа­листік сипаттарымен сенімді сурет­телінеді. Тақырып табиғаты әр алуан, мазмұн бай­лығы мен құрылым жүйесінде өзін­дік өзгешеліктері мол – «Паровоз туралы ертегі», «Лагерьден қайтқанда», «Ұял­дым», «Біздің кеңесіміз», «Пушкин қазақ әде­биетінде» сынды шағын көлемді туындыларды өмір мұраты мен адам еңбегі, достық пен жастық сипаттары, инабат пен ізгілік иірімдері, мәдени-рухани құндылықтар хақындағы келелі мәселелер көркем де мәнді жеткізіледі. Автор қайсыбір көрініс, тақырыптарды барынша бедерлі, бейнелі баяндайды. Адам өмірі мен еңбегін, қабілеті мен қайратын бәрінен де жоғары қояды. Қоғамдағы, өмірдегі бар жақсылық, жетістіктер адам еңбегі арқылы атқарылатынын мақтаныш етеді. Соған сеніп, үлкен үміт артады. Тақырыбы қарапайым, мазмұны мәнді, тілдік-стильдік сипаттары жеңіл де жинақы көрінетін бұл туындылар – қоғам, адам, табиғат арақатынасын, өзіндік өзгешеліктерін жүйелі жеткізеді. Адам өмірі, балалар танымы, жастық сырлары да қарапайым, қонымды сипат алады. Қоғамдық құбылыстар, кезең көріністері, адам мұраты мен еңбегі, өмір-тұрмыс иірімдері де шындық жайттарды арқау етуімен де шынайы, сенімді. Танымдық-тағылымдық қырлары, мәдени-рухани, деректік мәні жоғары. Адамдық мұрат, өмірге құштарлық, ізгілікті істер сипаты аса мол. «Шығысұлына хат», «Тыңда, Кавказ!» сынды туындыларда елдік мұрат пен дәстүр өнегесі, азаттық пен туысқандық сыр-сезімдер, бірлік пен береке, соғыс пен бейбітшілік, тарих пен тағдыр тағылымдары кең орын алады. Ел бірлігі, қоғамдық келісім, татулық пен туысқандық, достық сырлары мол. Атамұра мен атамекеннің қадір-қасиеті, ел-жерді қорғау ісіндегі кәделі де сауапты мұраттар – Қобыланды мен Тарғын, Исатай мен Махамбет, т.б. өмірі мен өнегесі, ерлік тағылымдары арқылы көрсетіледі. Елдік мұрат, ерлік үлгі етіледі. Батыр бабаларымыз бен би-шешен­дер өнегесі, қысқасы ұлттық мұрат, дін-дәстүр тағылымдары, отаншылдық-пат­риоттық рух, оған адалдық, тұрақтылық сезі­мі серпінді сипат алады. Кавказдың тарихы мен тағдыры, Қазбек пен Эльбрус жайы, Эллада елінің қыр-сырлары да елдік пен ерліктің, өжеттік пен өршілдіктің ­сипат­тары, ел-жерге құрмет, атамекенді аялау негі­зінде нанымды баяндалады. Бас­тысы, авторлық ұстаным, көркемдік мұрат айқын. Мұның бәрінен, атап айтқанда қоғамдық әлеуметтік ахуалдармен бірге, бастысы – адам факторына, оның өмірі мен еңбегіне, достығы мен махаббатына, сағыныш-сезімдеріне ерекше мән беріліп, көп көңіл бөлінеді. Адам – қоғам байлығы, өмірдің мәні мен сәні, еңбек әміршісі, уақыт қожасы, –деген мақсат-мұраттар айқын. Бұл – қазір де мәнді, өзекті мәселе. Б.Бұлқышевтың әдеби мұрасының едәуір бөлігін поэзиялық туындылары құрайды. Оларды тақырып, құрылым жүйесіне қарай: арнау өлеңдер, балаларға арналған жырлар, аударма туындылар деп топтауға әбден болады. Айталық, арнау өлеңдер қатарын – «Тәтті жыр (Абайға), «Жамбылға», «Арнау» (А.Пушкинге), «Ұлы ақын» (Т.Шевченкоға), «Орындалған арман» (Украина, Беларусь даңқына), т.т. өзіндік ізденіс, көркемдік мұраттарымен байыта түседі. Абай әлемнің иірім-сырлары, Жамбылдың даналық һәм даралық қырлары, Пушкин мен Шевченконың бауырластық пен достыққа негізделген көзқарас-мұраттарынан терең тарих тағылымдары, таным мен талғам тоғысы, дарын дидарының көркемдік-рухани сипаттары жіті танылады. Ұлылық ұлағаты, талант табиғаты мен дарынды туынды сипаттары – Абай, Жамбыл, Пушкин, Шевченко, т.б. өмірі мен өнерпаздық өнегелері, адами мұраттары мен тақырыптық ерекшеліктері мәнді әрі көркемдік кеңістігі негізінде нақтылы баяндалады. Өмірдің нұры мен сыры, адам еңбегі мен ерік-жігері, жастық пен достық дас­тандары, ізгілік иірімдері – «Жаңа дүние», «Жауынгер», «Құтты қонақ», «Жолаушы сыры», «Досыма», «Балтық жағасында», «Еврей қызы», т.т. өлең-жырлардың басты арқауын, көркемдік мұраттарын құрайды. Балаларға арналған – «Бал бөбек», «Пио­нер, алға», «Оқушы жыры», «Медаль­ды овчарка» сынды өлең табиғатынан өмірге, өнерге құштарлық айқын, еңбекке, ерлікке ұмтылыс мол. Кішілік пен кісілік, келісім мен үйлесім сипаттары адам әлемімен, адамгершілік-сыйластық сынды асыл мұрат, биік борыштар тұрғысында сөз етіледі. Адам әлемі кең орын алады. Аталған туындылардың басты белгі-ерекшеліктері – адам өмірі мен өнегесіне, еңбек мұраттары мен жастық, достық сынды аяулы да қымбат қасиеттеріне құрмет көрсетіледі. Аға ұрпақ өкілдерінің үлгілі үрдіс, тәлімді тәжірибелері мадақ сезіммен жеткізіледі. Тарихқа тағзым етіліп, кемел келешекке мол үміт-сенім артылады. Уақыт тынысы, өмірге құштарлық мол. Б.Бұлқышевтың мақалалар топтамасынан ( «Жазушылармен әңгіме», «Біздің кеңесіміз», «Большевик жазушы»,«А.И.Герцен», «А.Н.Островский», «М.Е.Салтыков-Щедрин», «Анри Барбюс», «Реалист жазушы Бальзак», «Пушкин қазақ әдебиетінде», «Абай және Пушкин», «Балаларға жақсы кітаптар керек», т.т. жазушы еңбегі мен шығармашылық үдеріс, көзқарас пен қолтаңба, жанр жүйесі мен көркемдік кеңістігі кең түрде көрінеді. Қоғамдық құбылыстар, қаламгер мұраты, стильдік сипаттар сыры да ашылады. Ой-сөз жүйесі, эстетикалық талаптар да жіті танылады. Жазушының аударма мұрасында («Жолдас құстар, күттік сізді, сіздер үшін ұшпасқа не?» (В.В.Маяковский), «Лагерьде» (А.Барто) т.т. түпнұсқаға адалдық, көркемдік мұраттар мен шеберлік сырларына еркін ену бар. Тақырыпты көркем де бедерлі ашу, жеңіл де жинақы, ойлы жеткізу –аударма өлеңдердің басты белгі, өзіндік өзгешеліктерін айқындайды. Баяндау жолы жеңіл де тартымды. Мәтін табиғаты айқын. Аударма туындылардың мазмұны қызық та тартымды, жеңіл де жинақы өріс алады. Көркемдік мұраттар, құрылымдық һәм рухани сипаттар, тілдік-стильдік өзгешеліктер де дәнекер жанр табиғатымен үндестікте, үйлесімді қалыпта беріледі. Тақырып мәнді, мазмұны тартымды. Оқиға жүйесі жеңіл, табиғи өріс алады. Бастысы, аударма негіздері, құндылық қырлары айқын. Көркемдік мұраты мәнді сипат алады. Б.Бұлқышевтың шығармашылық мұрасының өрнекті өлкесі, ақындық өнерін биік белеске көтерген туындысы – «Айсұлу» поэмасы. «Айсұлу» поэмасы – өмір оқиғаларына құрылған һәм бай мен кедей қарым-қатынасын, әйел теңсіздігі мәселесін, таптық көзқарастардың қыр-сырларын кең түрде, көркем сипатта, жан-жақты суреттейтін туынды. Поэмадағы басты оқиға – кедей қызы Айсұлудың қарапайым халыққа қоқан-лоқы көрсетіп, қырғидай тиген қарақ­шы Қаленнің қолына түсіп, ауыр азап, зорлық-зомбылықтың алуан түрін көргенін, бостандыққа құштарлығы мен ұмтылысын нақтылы көріністермен кең көлемде көрсетеді. Адам мұраты, азаттық сипаты, еркіндік сырлары терең ашылады. «Алматы – қалам менің» романы (аяқ­талмаған) кіріспеден, екі бөлім, бірнеше бөліктерден тұрады. 1941-1942 жылдары жазылғаны көрсетіледі. Жазушының «Заман біздікі» кітабында «Алматылықтар» деген атпен беріледі (Құрастырған-С. Асқаров. Алматы: Жалын, 1984. 158-247 беттер). Туынды табиғатын Гетенің: «Адам өмірінің ең биік шыңы – жастық» деген даналық мәйегіне толы қанатты сөзі эпиг­раф міндетін атқарып тұрып-ақ ап-айқын ашқаны ақиқат жайттардың, шындық сырларының бірі дер едік. Осының негізінде, әрине адам мұраты, өмір мәні кең түрде көрсетіледі. Роман аяқталмағандықтан, жанр жүйесі, көркемдік арналар, стильдік құбылыстар туралы айту, байыпты бағалау қиын, әрине. Алайда, аталмыш роман туралы түсініктемеге ден қойсақ, көп жайттарға көз жеткізеріміз анық: «...Баубектің соғыс кезінде жазылып жарияланбаған шығармаларының бірі – «Алматылықтар» атты бітпеген романы. Бұл роман автордың жоспарлауы бойынша төрт бөлім болмақ еді. Алғашқы бөлімде соғыстан бұрынғы бейбіт күн баяндалады да, қалғандары Ұлы Отан соғысындағы совет отаншылдарының, оның ішінде алматылықтардың ерлік қимылдары суреттеледі. Қазіргі қолжазбасы 200 бетке жуық, оқиғасы мол әрі қызықты. Әрбір бөлімшеге қойған аттары да жақсы, мәселен, бірінші бөлімдегі тараулардың аттары мынадай: «Көшедегі бір оқиға», «Қош, Алгебра», (Үй №139), «Ананың көңілі – балада», «Бірінші кеш», «Қайғылы хабар», «Кітаптың әсері», «Жеңілдім», «Аяқсыз қалған драма», «Көршілер», «Періште», «Естен шықпас оқиға», «Іздегенге – сұраған», «Учитель», «Намыстан табыс», «Кім жауапты?»... Автордың негізгі ойы – армиядағы қазақ жауынгерінің өсу жолын, тәрбиеленуін, зор ерлікке көтерілуін баяндау, ұлттар достығын, оның ұрыстағы тамаша жеңісін айту, советтік патриотизмнің сарқылмас күшін көрсету, жоғары идеялы жаңа адамдардың – социализм күресшілерінің жарқын бейнесін жасау» (248 бет). Асылы, аталмыш романның тақырыбы таныс та тосын, айқын да бедерлі болса, өмір оқиғалары нанымды, сюжеттік желісі сенімді сипат алады. Кейіпкер мұраты, әрекет-қимылдары оқиға өрісіне сай дамып, кейде қалыпты, қайшылықты һәм тосын тұстарымен де ерекшелене түседі. Туынды табиғатынан көркемдік кеңістігі, мәтін құрылымы, тіл мүмкіндіктері терең танылады. Авторлық қолтаңба, көзқарас мұраттары, ой-сөз жүйесі де әсерлі сипат алып, сенімді суреттеледі. Баяндау әдісі, жеткізу жолдары нанымды. Негізінен, «Алматы – қалам менің» («Алматылықтар») романындағы өмір оқиғалары, дала мен қала көріністері, кейіпкерлер жүйесінің (Ғазиз, Лида, Гүл, т.б.) болмыс бітімдері, тұрмыс-тірліктің алуан иірімдері шынайы шындықтарды арқау етуімен, көркемдік-эстетикалық мұраттарымен көңілге қонымды ұялайды. Мұның бәрінен, әрине әдебиетші Р.Ыдырысов айтқандай: «Бұлқышевтың ақындық, жазушылық, журналистік қыры мен сырын, оның өмірге, қоғамға, совет адамына деген жаңа көзқарасын, адамгершілік, ерлік, отаншылдық қадір-қасиетін, өзінің асыл арман, игі мұрат, ізгі мақсаттарын, оның жариялаған, сарабдал еңбектері арқылы ғана көріп қою жеткіліксіз. Баубектің шын тұлғасын, болашақтың асыл адамы тұлғасын оның жазған хаттарынан байқаймыз. Ол хаттарда жауынгер жастың өмірге, Отанға, туған ел, өскен жерге, досқа, жолдасқа, бақытқа, талапқа деген көзқарасы, ой-пікірі айтылады. Енді бір топ хатында болашаққа сенімі, қанатты қиялмен, келешекті көксеген көкейкесті ойлары желі тартады» (Кітапта: Бұлқышев Б. Адамзатқа хат (Алғы сөз). – Алматы: Санат, 2005. – 6 бет). Б.Бұлқышевтың шығармашылық мұрасының айрықша бөлігін эпистолярлық жанрдағы туындылары алатынын айту орынды. Бұл ретте, әсіресе майданнан жолдаған хаттардың айтары да, танымдық-тағылымдық тұстары да мол. Негізгісі, ел-жерге сағыныш, дос-жарға құрмет, өмірге құштарлық мол. Азаттықты аңсауы, бейбітшілікке құштарлық басым көрінеді. Хаттардың мазмұны мен ондағы қозғалған жайттардан: Отанға, ел-жерге, жақын-жуыққа, дос-туысқа деген жанашырлық пен құштарлық, сағыныш пен сүйіспеншілік сезімдер жан-жүректен, шынайы көңілден шыққандықтан да қалың көпке кедергісіз жетеді. Айталық, «Бауырым Қапан!» деп басталатын хатта өмір мұратын, мамандықты мақтаныш тұту айқын, бедерлі беріледі: «Менің мамандығымның өзі сондай, оны тек мереке күндердегі электрикпен салыстыруға болады» десе, жас қаламгерлердің қамқоры, журналист-жазушы М.Иманжановқа деген жан-жүрек жылуы мен көңіл тазалығында шек жоқ: «...адал адам Отанын сүйеді. Адал ақ жүректе Отан анасындай. Отанның дегенін істеу қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махаббаты, әсіресе бізде өлшеуге болмайды» (15, IX. 40), немесе: «Сенсіз Алматы маған қызық болуы күмән нәрсе. Менің арқа сүйейтін кеудедегі толған сырды, сөзді саған төгетін бір-ақ биік шыңым бар. Ол сен гой. Шығыста менің мұнарым бар сияқты, ол сен ғой, Мұқанжан! (1. 9. 42)...». Осындай тақырып, мазмұндағы хаттар мен тілек-лебіздер өте көп. Бәрін де жан жылуы, құштар көңіл, сыр-сезім мол. Демек, хат-тілекте де өмір, сағыныш, сезім бар. Жан-жүрек жылуы, көңіл толқындары терең танылады. Б.Бұлқышев хаттарындағы арман-аңсар, ел-жерге сағыныштың мәні зор. Ондағы терең сыр мен сезім күшінің мән-маңызы да осында болса керек. Бұдан басқа, атап айтқанда Б.Бұлқышев туралы Ғ.Мүсірепов, Ә.Әлімжанов, М.Иманжанов, А.Тоқмағамбетов, Ә.Сәрсенбаев, Қ.Сатыбалдин, Т.Кәкішев, Қ.Толыбаев, К.Смайылов, М.Бимаған­бетов, Ғ.Байтышқанов, Ә.Тоқтыбаев, Т.Оңғарбаев, Б.Сағындықов, А.Елшібеков, Қ.Ағыбаев, Ғ.Әбішев, т.б. мақала-естелік­терінде замандас-құрдас, жауынгер-жазушылығы, елшіл-қоғамшыл һәм патриоттығы, қысқасы адами әлемі, еңбегі кең көлемде көрініс береді. Жалпы, жауынгер-жазушы Б.Бұлқы­шев­тың шығармашылық мұрасы адамдық істі ардақтаудың, өмір мен уақыт шын­дықтарын танып-таразылаудың, тарих пен таным өлшемін, соғыс пен бейбітшіліктің ара салмағын айқындаудың жарқын көріністерінің бірі. Кеше мен бүгіннің байланыс-бірлігін бейнелі де бедерлі, шынайы да шебер суреттеудің үздік үлгісі. Жасын тағдыр, жарқын өмір өнегесі-жазушы еңбегі мен шығармашылық мұрасының бәрі-баршасынан танылады. Жазушы еңбегіндегі – Заман біздікі! деген асқақ үн, Өмір сүргім келеді! деген құштарлық қай кезең, уақытта да өзекті, мәнді құбылыстардың бірі болғаны белгілі. Бұл, әсіресе жауынгер-журналист, жазушы Б.Бұлқышевтың қалам қуаты, шығармашылық мұрасы негізінде даңқ тұғырына көтерілгені шындық. Ендеше, Б.Бұлқышевтың шығармашылық мұрасы, ондағы публицистикалық туындылары, өлең-жырлары, поэмалары мен әңгімелері, роман мен аударма өнері, мақала мен хаттары шынайы өмір өрнектерін, елдік-ерлік шежіресін, ел-жерге құрметі мен сағыныш саздарын сырлы сипатта суреттеуімен де рухани қазыналарымызды байытқаны анық. Б.Бұлқышев мұрасы елдік мұрат пен ерлік рухтың жарасымды үлгісі, адам өмірі мен өнегесінің көркем де шынайы, сәулелі сәттерінің бірі. Жарқын өмір, жасын тағдырлы талант иесі – Баубек Бұлқышевтың бүтін болмысы, тағылымды өнегесінің мәнді нәрі, сырлы сипаттары осындай еді. Баубектің бір өлеңінде мынандай жолдар бар: Ер кеудесін оқ алмас, Аттанған ел арына. Ер өлмек емес ешқашан, Қол созған ел зарына. Баубектің өзі де ел зарына құлақ асып, Отан үшін жаумен шайқасқан ерлердің бірі еді. Сондықтан оның есімі ешқашан ұмытылмақ емес.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!