Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Ертегілер еліне саяхат
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
МАЗМҰНЫ:
Кіріспе.....................................................................................1
Ертегілер дегеніміз не?........................................................2
Ертегілерді сабақта қолдану ..............................................3
Ертегілерді оқытуда әдіс-тәсілдерді пайдаланудың
тиімді тәсілдері......................................................................4
І-тарау.
Қиял ғажайып ертегілері....................................................5
Аламан мен Жоламан..........................................................6
Күн астындағы Күнекей қыз.............................................7
Жерден шыққан Желім батыр..........................................8
ІІ-тарау. Хайуанат жайындағы ертегілер.......................9
Қасқыр мен кісі...................................................................10
Ақ көгершін..........................................................................11
Жыл басына таласқан хайуандар....................................12
ІІІ-тарау. Тұрмыс-салт ертегілері....................................13
Қарттың ұлына өсиеті........................................................14
Білгір адам............................................................................15
Өнеге......................................................................................16
Түсінік хат
Көркем шығармадағы кейіпкерлердің тағдырына баларды ортақтастыра білудің мәні өте зор. Көркем шығармадағы кейіпкерлермен бала бірге қуанып, бірге күйініп, бірге ренжіп, бірге күліп, бірге ашуланып, бірге жылап, бірге жайраңдаса оның жанына жақсы әсер етеді, жақсы мен жамады, болатын мен болмайтынды ажырата біледі. Соның салдарынан бала өмірдегі, өз айналасындағы жамандықтан бойын аулақ ұстап, жақсылыққа талпынады.Ертегі:Ерте заманнан қалыптасып, ата-мұрамыздан жалғасып келе жатқан, тақыбы сан түрлі, өмір салтын ұстанған жас ұрпаққа тәрбиесі мол әдеби мұра құндылығы.Ертегіні оқығаннан кейін оған талдау жасауда балалар оның мазмұнын, идеясын, көркемдік жетістігін, ертегі жанырының ерекшелігін сезінуін қамтамасыз ету қажет, сонда ғана балалар оны ұзақ уақыт есінде сақтайды. Осы кезеңде балалармен сұрақ-жауап әдісінің маңызы өте зор. Сұраққа жауап беру арқылы бала ертегідегі кейіпкерлердің мінез-құлқын, ертегінің негізгі мазмұнын, көркемдік, мәнерлік құралдарды (ертегінің басталуы, қайталаулар, аяқталуы және т.б.) меңгереді..Осы жастағы балалардың жеке жас ерекшелігінің мүмкіншіліктерін ашуға, бала тұлғасын жан-жақты дамытуға, жалпыадамдық, ұлттық құндылықтарға негізделген білім жүйесін қалыптастыруға, әлеуметтік ортада оң қатынастарға қабілетті шығармашыл тұлғаны дайындауға бағытталған мектепке дейінгі ересек жас балаларын тәрбиелеу мен оқытудың мақсаттарын шешуді көздейді. Сондай-ақ балалардың ана тіліндегі өз ойларын еркін жеткізу, ертегі кейіпкерлерінің атауларын меңгеру, ертегінің мазмұнын меңгертіп, кейіпкер ролінде ойнату. Балалардың әрекеттерін түрлендіруді ұйымдастыру негізінде олардың үлкендермен, құрбыларымен қарым-қатынас жасауда қарапайым өзін-өзі бақылау мен реттеу дағдыларын қалыптастырады.
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі:
Ертегілер бастауыш сынып оқушыларының ой-өрісін жетілдіріп, Отанын сүюге, елін қорғауға, өнерді игеруге, жалпы адамгершіліктік құндылықтарды бойына сіңіруге септігін тигізеді.
Сонымен қатар баланың сөздік қорын да молайтуда қызметі өте зор. Демек, ертегілерді оқыту арқылы баланың тілін дамыту – қоғам дамыған сайын күнделікті қажеттілікке айнала беретін ең өзекті мәселелердің бірі.
Оның үстіне еліміз егемендік алғалы бері мемлекеттік тілде сөйлеу соны оқыту әдістемесін жетілдіру, соның ішінде, бала тілінің дамуы мен сөздік қорының молаю мәселесі әдіскер ғалымдардың зерттеуінен түспей, назардан тыс қалмай жүрген мәселелердің бірі.
Мақсаты мен міндеттері
Қазақ халқының ауыз әдебиеті жанрларындағы ертегілерді оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін айқындап, балалардың ой-қабілеттерін дамыту жолдарын көрсету. Осы мақсаттарға жету үшін, мынадай міндеттерді алға қойдық:
- ертегілердің түрлері мен олардың тәрбиелік мәніне шолу;
- оқушылардың ойын дамытуда ертегілердің рөлін сипаттау;
- мектеп оқушылардға ертегілерді берудің тиімділіктерін, ерекшеліктерін және әдіс-тәсілдерін айқындау.
Қазіргі қоғам дамуына сай ертегілердің балалар өміріне берер пайдасы мол. Ертегілер тек қана балаларың ақыл-ойларын, қиялдарын дамытып қана қоймай, сөздік қорларын, сөйлеу мәдениетін дамытады.
Ертегілер кейбір балалар үшін ұйықтау үшін айтылатын бесік жыры сияқты болса, кейбіреуіне мәнді де мағыналы айтылған аңыздар деп есептейді.
Тіпті балалар түгіл, үлкен адамдар да ертегілерді қызыға оқиды. Ертегі адамның қиялын бейнелейді. Ертегі оқып отырған адам ертегі сюжетін көз алдына елестетуі мүмкін. Мұның барлығы құрастырушы адамның ертегіде пайдаланған мазмұнды сөздері деп есептеуге болады.
Міне, сол ертегілерге сүйене отырып, біз балалардың ой-қиялдарын, сөйлеу мәдениеттерін дамытамыз
Ертегілер дегеніміз не?
Барлық елдің ауыз әдебиетінен мол орын алған және халықтың жазу-сызу өнері болмаған кезінде ауызша шығарған күрделі шығармасының бір түрі — ертегілер.
Ертегі жанрының пайда болып, қалыптасу тарихы өте ұзақ. Ол халықтың ауызша айтатын көркем әңгімесі. Осы ауызша әңгімелері, ертегілері арқылы халық бақыт туралы, еркін өмір, жайлы мекен туралы үміт, армандарын баяндайды. Ертегіде баяндалатын сан алуан қызық уақиғалар шындықтан гөрі, көбіне қиял дүниесі тудырған. Ғажайып қиял әңгімелері, орасан уақиғалы қазақ әңгімелері, салтпен, тарихпен байланысты оқшау әңгімелер - бәрі де ертегінің түрлері. Ертегінің тағы бір тамыры - алғашқы рулық қауым адамдарының аңшылық әңгімелері мен хикаялары. Алғашында шын болған оқиғалар негізінде айтылған әңгімелер бірте - бірте ел арасына тараған сайын қоспалармен толықтырылып, хикаяға, одан ертегіге айналып кеткен.
Қазақ халқы прозасында осы процесс түгел дерлік із қалдырған. Жалпы ертегілердің пайда болып, қалыптасуының алғашқы кездерінде ел оны қиял деп ойламаған, онда баяндалатын оқиғаға сенген, себебі ол шақта ертегі өз төркінінен алшақ кете қоймаған, сондықтан көркемдік қызмет те атқармаған.
Ертегілерді оқытуда әдіс-тәсілдерді пайдаланудың тиімді тәсілдері
Әдебиет-сөз өнері. Ал мектепте оқытылатын қазақ әдебиет пәні – өнер пәні. Ұлтымыздан шыққан дана да, дара ұлағатты тұлғаларымыз әдебиет пәнін адамтану, адам тәрбиелеу құралы деп таныған болатын. Ол жас ұрпаққа сөз маржандарынан жеміс жинауға ғана үйретпей, өмірдің қыр-сырын танытады. Әдебиет - адам жанына әдемілікті, әсемдікті, руханиятты ұялатады. Әдебиетті сүйіп оқыған азаматтан түбінде өмірдің қыр-сырын түсінетін, кез келген өмірдің қиылыстарынан мүдірмей өтетін, адам шығатыны сөзсіз.
Қазақ әдебиетін оқып-үйрену арқылы біз ұлтымыздың салт-дәстүрін, наным-танымын, психологиялық даму деңгейін танып білуге болады. Мектепте оқытылатын әр пәннің өз орны, өз маңызы бар. Ал қазақ әдебиеті пәні барлық пәндердің анасы деп айтатын болсақ, артық айтпаған болар едік. Өйткені, әдебиет арқылы біз әр түрлі тағдырларды оқып қана қоймай, оларды өз ой елегімізден өткізіп, жан-дүниемізбен берілеміз. Шығарма қаһармандарына жанашырлық, сүйіспеншілік сезімдерімен бірге жиіркеніш, наразылық сезімдерін де оята алады. Сонда көркем әдебиетті оқи отырып, әр оқырмандар өздерін жаңа қырларынан танып, өздерін қайта тәрбиелеу мүмкіндігіне ие болады. Бір ғана әдебиет пәнінің ішінен бейнелеу өнерін, дүниетануды, география пәнін, тарих пәнін т.б. танып-білуге болады. Әдебиет-ақыл-ойдың, салт-сананың дәрісі. Мектеп оқушысы әдебиет пәнін оқи отырып, өмірдің сан қырлы қатпарларынан, қиындықтар мен өткелдерінен ойша өтіп, өмір қиындықтарына дайындала береді. Сол сияқты бақытты сәттерді де кейіпкерлермен бірге басынан өткеру мүмкіндігіне ие болады. Ал мектеп мұғалімі оқушыларға әдеби талдау арқылы әр түрлі реңдегі эмоциясына, сезіміне әсер етеді, ойларына ой, пікірлеріне пікір қосып, жан дүниесін оятады. Әдебиетті оқуда, шығарманы түсініп-түйсінуде әсіресе, мәнерлеп оқу ерекше орын алады. Мәнерлеп оқу, ең алдымен, оқушылардың көркем туындыны барлық бітім-болмысымен толық түсіне білуге алып келеді. Ал көркем туындыны түсіне білу, әдеби талдауды жеңілдетеді.
Әдеби талдау барысында мұғалім үнемі мәнерлеп оқуға аса назар аударғаны жөн болады. Кейіпкерлерге мінездеме бергенде, жазушы стилі, көркем тіл айналасында сөз болғанда, оны мәнерлеп оқусыз жүзеге асыру қиындық туғызады. Қай жанрда жазылған ертегі болсын, балалар оны ерекше қызығушылықпен оқиды. Балаларды тартатын –оның қиял-ғажайып оқиғалары, бас кейіпкерлердің басынан кешетін небір қызықты істері, батырлығы, жүректілігі сияқты қасиеттері. Ертегіні оқытуда аса көңіл аударатын
мәселелер төмендегідей:
-ертегінің жанрлық ерекшелігін таныту, әдеби-теориялық ұғымдар беру;
-сюжет пен композициядағы бір тұтастық;
-шығарманың ұйқаспен келуі, баяндау, суреттеу, портретпен келуі;
-шығармадағы бейнелі сөздердің мол кездесуі;
-ертегідегі сөздердің ұлтымыздың салт-санасымен, әдет-ғұрпымен бірге жасасып келе жатқан көнерген сөздердің кездесуі;
-ертегдегі психологиялық кейіпкердің арман-тілегі, жақсылықты, мәнді де, сәнді өмірді армандауы;
-ертегі кейіпкерлерінің қарапайымдылығы, ақылдылығы, данышпандылығы;
-адамдарға табиғат құбылысының жақтастығы сияқты мәселелерге аса көңіл бөлгенде ғана оқырман ертегіні бар жан дүниесімен сезіне алатындығына шүбә жоқ.
Мектеп бағдарламасындағы ертегіні оқыту барысында қандай әдіс-тәсілдерді, оқыту формалары мен сабақ типтерін пайдаланған жөн болар екен деген сұрақ әр пән жетекшісін алаңдататыны белгілі. Менің практикамда ертегіні оқыта отырып, ең назар аударатын мәселе ертегі мазмұнын меңгерту керектігіне көз жеткіздім. Мазмұнды меңгерте отырып, оның негізіндегі идея, айтайын деген терең ой туралы ой қозғау. Мазмұнын меңгертуде мәнерлеп оқу, әңгімелеу, баяндау, мазмұны тұтас сақталынған толық жоспар, ең басты оқиғаға негізделген тұжырымды жоспар, бөлімдерге бөлу,бөлімдерге ат қою, сұрақтар мен тапсырмалар ойластыру. Оқушылардың қабілеттеріне байланысты деңгейлік тапсырмалар ойластыру сияқты жұмыстардың барлығы мұғалімнің мойнында.
І-тарау. ҚИЯЛ-ҒАЖАЙЫП ЕРТЕГІЛЕРІ
Бұл алуандас ертегілердің ең көне арғы түбі халықтың мифтік ұғым-нанымдарымен байланысты түрде туған. Дүниенің жаратылыс сыры, адам тұрмысы мен ертеде иланған көп құдайлары, қас ие, дос иелері жөнінде неше алуан бұлдыр-долбар сырлы қиял-ғажайып ұғым-нанымдар жасап алып, ерте күндегі халық соны дін және білім есебінде тұтынған. Табиғатты нақтылы, деректі білім ұғымымен баурап танып алғанша, адам ең болмаса қиялмен танып меңгеріп, табиғатқа өз ықпалын жүргізуді арман еткен. Бұл турада К.Маркс айтуынша: "Әрбір мифология табиғат күштерін қиял бойынша жеңіп, бағындырып, дегеніне жүргізеді, сол қиял арқылы баурайды. Олай болса, сол табиғат күштерін анық шынымен жеңіп алған заманда ол мифология жоғалады", - деген.
Аламан мен Жоламан
Бұрынғы уақытта ерлігі жаннан асқан Аламан деген бір мерген болыпты. Сұлулығы хор қызындай оның Қарашаш атты әйелі болыпты. Қарашаш атануы, шашы алтындай жалтырап, беліне түседі екен. Бір ұл, бір қызы болыпты.
Бір күні Аламан аңға шығып кетсе, әйелі мен қызы суға түседі. Сонда бір тал шашы үзіліп суға кетеді. Шашын аламын дейді, ала алмайды, қайтып үйіне келеді. Бұл мұнымен тұрсын. Енді ханнан сөйлейік.
Бір күні Сұлтан хан уәзірін ертіп, қырық жігітімен тауға шығып келе жатса, алыстан жылтыраған бір нәрсені көреді. Олар: «Бұл қалай, айдаһар ма, жылан ба?» – деп, дағдарып тұрады да: «Не де болса баралық», – дейді. Келсе, бір тал шаш бір үлкен қоғаға бөгеліп қалыпты да үстінен су сарылдап асып төгіліп жатыр екен. Хан шашты көріп, бұл шаштың иесіне ғашық болады. Хан үйіне келеді. Бүкіл қол астындағы білімпаздарын жиып: «Шаштың иесін табыңдар» – деп бұйырады. Олар таба алмайды.
Хан ақырында: «Егер де осыны кімде-кім таба алатын болса, не тілесе де риза қыламын», – деп елге жар салады. Бірнеше күннен кейін ханға бір жалмауыз кемпір келеді.
— Егер де менің қалағанымды берсең, оны әкеліп беруім оңай. Ол тауда тұратын Аламан деген мергеннің Қарашаш атты қатыны, – дейді.
Хан мұны естіп:
— Ой, шеше! Сізді не қалаймын десеңіз де риза етемін, маған әкеп бер, – дейді.
Кемпір әкеп беруге уәде етіп жол тартады. Еш нәрсе білмеген адам болып, Аламанның жүретін жолына келіп жатады.
Аламан келе жатса, жолда жатқан кемпірді көреді.
— Е, шеше, не істеп жатырсыз? – деді.
Кемпір:
— Мен жетім-жесір бишарамын. Осы жерге келіп едім, енді жүруге дәрменім болмай жатырмын, шырағым! – дейді.
Аламан:
— Маған шеше боласыз ба? – дейді.
Кемпір:
— Болайын, шырағым, – дейді.
Аламан кемпірді мінгестіру үшін қасына келейін десе, аты осқырып жолатпайды. Аты кемпірдің дұшпан екенің біледі. Аламан:
— Е, жығылғыр, осы жаман кемпір не қылушы еді! – деп, атын ұрып-ұрып, кемпірді мінгестіріп алады.
Аламан сол бойымен үйіне келеді.
Аламанның еш нәрсе ойында жоқ. Күнде аңға шығып кетеді. Ол кеткен уақытта әлгі кемпір әйелін азғыра бастайды. Кемпір:
— Қарағым, Қарашаш-ау! Тұрмысың болса мынау екен. Байың күндіз кетсе, түнде келеді, ешбір көрген қызғылықты игілігің жоқ. Егерде менің айтқанымды істесең, өмірің қызғылықпен өтетін жақсы күйеу тауып берер едім, – дейді.
Қарашаш:
— Ол кім? Егерде жақсы болса, айтқаныңызды істейін, – дейді.
— Ей, шырағым, не дегенің?
Мен жаманшылық істеуші ме едім? – дейді.
Қарашаш:
— Айтшы, шеше! – дейді.
Кемпір:
— Ол әділдігі халықтан асқан Сұлтан деген хан, – дейді. Қарашаш тимекші болады.
Кемпір:
— Қарағым, байыңды қайтып ұстап аламыз? – дейді.
Қарашаш:
— Оны қандай арқанмен байласа да үзіп кете береді. Үйде бір жібек арқан бар. Ол өзі бір ұйықтаса, қырық күн ұйықтайды. Сол уақытта байлап алуға болады, – дейді.
Кемпір мұны естіп, қуана-қуана ханға хабар береді. Хан мұны естігеннен кейін бір түнде барлық әскерімен келіп, ұйықтап жатқан жерінде Аламанды байлап алады.
Аламан босағада байлаулы. Хан күндіз-түні Қарашашпен ойнап жата береді. Бір уақытта байлаулы тұрған Аламанның қасына қызы келіп қалады.
— Балам-ай, шырағым, мені танимысың? Қандай күйде жатырмын? Шешеңнің сандығында бір алмас кездік бар. Шешеңе барып: «Әкемнің кездігін бер!» – деп жылай берсең, алып береді, – дейді.
Ақылға келмеген жас сәби мұны түсінбейді.
— Сен менің әкем емессің, менің әкем шешемнің қойнында жатыр, – дейді де кете барады. Аламан одан бетер қапаланып қала береді.
Біраздан соң қасына ойнап жүріп ұл баласы Жоламан келіп қалады.
Аламан:
— Қарағым, Жоламан, бері келші! Мен қандай күйде жатырмын? – дейді.
Баласы қасына келеді.
— Шешеңнің сандығында бір алмас кездік бар, барып: «Әкемнің кездігін бер!» деп жылай берсең, береді, – дейді. Бала шешесіне барып: «Әкемнің кездігін бер», – деп жылай берген соң, хан: «Мына жүгермекті құртшы, не қылар дейсің?» – дейді. Шешесі кездігін әпереді. Бала кездікті әкесіне әкеледі. Аламан арқан-шынжырларды көрсетіп: «Мынаны кес!» –дейді. Бала кеседі. Аламан босанады да ханды жатқан жерінде өлтіреді. Ханның әскерін қырып салады.
Сөйтіп, қатыны мен қызын қосақтап атасының үйіне айдап апарып, оған қызының істеген ісін бастан-аяқ айтады. Атасы мұны есітігеннен кейін ашуланып, өз қызы мен жиен қызын қоса өлтіреді. Аламанға үйіндегі кіші қызын некелеп қосады. Жоламан ержетеді. Баяғы жалмауыз кемпір патшаның өлгенін біліп, Аламанның үстіндегі қаруларын жинап алу үшін, сиқырлықпен Аламан мен Жоламанның жүретін жеріне жас бала болып жатады. Аламан мен Жоламан аңнан келе жатса, жолда шырылдап, жылап жатқан жас баланы көреді. Баланы алайын десе, аты осқырып жоламайды. Аламан: «Ой, жамандатқыр, осы жас бала не қылушы еді?» – деп, жүгіріп барып баланы іліп алады.
Әлден уақыттан кейін қараса, үстіндегі саймандары мен мінгескен бала жоқ. «Бұл қалай?» – деп тып-типыл болып үйіне келеді. Көрген уақиғаларының бәрін әйеліне баян етеді.Ол білімпаз адам екен, ойланып отырады да жалмауыз кемпір екенін сезеді. «Ол жалмауыз кемпір екен. Не де болса, сен қаш, бұл жерде болсаң, ол қоймайды», – дейді
Аламан қашу үшін таудан қамшы саптай қылып, бір қоржын жыңғыл кесіп алады. Сөйтіп қаша бастайды, атының басқан жері қазған ошақтай болып қалады екен. Бірнеше күннен кейін Аламанның үйіне желмая мініп, жалмауыз кемпір келіп: «Аламан қайда?» – деп сұрайды. «Аламан қашып кетті», – деп жауап береді әйелі. Жалмауыз кемпip баяғы ойылып қалған ізбен қуа жөнеледі. Аламан аты шаршаған кезде, жыңғылдан беріп кояды екен. Ол жануар соны қыршылдатып шайнап, шаба береді. Жалмауыз кемпір күншілік жерден демімен тартып ұзатпайды екен.
Бір күні түнде Аламанның әйелі түс көреді, түсінде кемпірдің жақындағанын сезеді, ұйқысынан шошып оянып, баласына: «Әкеңе жалмауыз кемпір жетейін деп қалыпты, ертерек атыңа мін де мына жүзікті алып бар, жақындаған кезде лақтырып жіберсең, әкең қағып алады. Сол кезде астындағы аты күншілік жерге жетеді. Сонда жалмауыз кемпір ақырады. Сол уақытта маңдайындағы жалғыз көзін басып қал және екі рет атпа» – дейді. Оның жүзігі ғажайып жүзік екен. Бала жүзікті алып әкесінің кеткен жағына қарай жүреді. Бірнеше күндерден кейін әкесінің қашып жүрген жеріне келеді. Келсе, әкесі бұрынғыдай емес, азып-тозған екен. Жүзікті әкесіне лақтырып жібереді, әкесі қағып алады. Сонда астындағы аты күншілік жерге жетеді. Кемпір баланы көріп, артына қарап сұрланып, ақырған кезде, бала қақ маңдайындағы жалғыз көзден басып қалады. Кемпір өкіре құлайды. Құлап жатып: «Батыр болсаң, тағы да ат!» – дейді. Бала атпайды. Себебі, егер екі рет атса, жалмауыз кемпір қайтадан тіріліп кетеді екен. Кемпір өледі.Бір мезгілде әкесі келеді. Келсе, жалмауыз кемпір өлген. Аламан қуанғанынан баласымен жылап көріседі. Сөйтіп, олар ауылына келіп, мұрат-мақсатына жеткен екен.
Күн астындағы Күнекей қыз
Бұрынғы өткен заманда бір жесір кемпір болыпты. Бұл кемпірдің перзент дегенде жалғыз баласы болыпты, мал дегенде он шақты ешкісі болыпты. Бала ешкілерін бағып жүреді. Бір күндерде ешкілерін далада жайып жүріп, бір топ киікті көреді, оның ішінде бір алтын мүйізді киік жүреді. Бала бұл киіктерді күнде көріп жүріп, бір күндері шешесіне келіп:
- Далада бір топ киік көрдім, ішінде алтын мүйізді бір шұбар киік бар. Осы шұбар киікті ұстап алып, ханға тарту қылсам, хан маған сыйлық берер ме еді? - дейді. Шешесі:
- Ұстай алсаң, алып бар, хан сыйлық берер, - дейді. Бір күндері бала далада ешкілерін жайып жүріп, алтын мүйізді шұбар киікті тағы да көреді. Сол арада бала әлгі шұбар киікті ұстап алады. Ханға алып жүреді. Ханға апара жатқанда, ханның үйінің жанында уәзір көреді де:
- Мұныңды ханға апармай-ақ қой, маған сыйлап кет, - дейді. Бала:
- Жоқ, саған әкеле жатқаным жоқ, ханның өзіне апарам, - деп уәзірге бермейді. Бала алтын мүйізді шұбар киікті ханға тарту қылады. Хан уәзірін шақырып алып:
- Бұл баланың тартуына сыйлық беруге бола ма? - дейді.
Сонда уәзір:
- Жоқ, бұған сыйлық беруге болмайды. Бұл киіктің астына қоятын бір тақ болады, оның екі қанаты болады: бірі алтын, бірі күміс. Бірі алтын суына малынған, бірі күміс суына малынған. Киік сол алтын тақтың үстінде тұрып ойнағанда, дүниенің қызығын көргендей боласыз. Сіздің салтанатыңыз сонда келіседі. Бала соны тауып әкелсін, сонда сыйлық беруге болады, - дейді. Сонда хан балаға:
- Бұл киіктің астына қоятын тағы болады, оның екі жағында екі қанаты болады. Екі қанатының бірі алтын, екіншісі күміс суына малынған. Соны тауып кел. Сонда сыйлық беремін, ал таба алмасаң, басыңды аламын, дейді. Бала мұны естіп, жылап шешесіне келеді. Шешесі:
- Ойбай, балам! Бұған бола жыламай-ақ қой, өзім іздеп тауып әкелейін, - деп жолға шығады. Бір жерлерге келсе, бір топ киік далада жайылып жүреді. Топ киіктің ар жағында жердің жарығын жамап бір кемпір отыр екен, бұған келіп, жұмысының мәнін айтады. Сонда жер жамап отырған кемпір:
- Мысыр шаһарының бер жағында бір шаһар бар. Киіктің тағын істесе, сонда істейді, баланың қолына мың діллә беріп, соған жібер, - дейді. Сонан баланың шешесі үйіне қайтып келіп, барлық дүние-мүлкін беріп, ешкілерінің барлығын да беріп, оның үстіне өзі неше жыл мал бағуға бір байға жалданыпты. Сөйтіп, баласына мың діллә құрастырып береді. Бала мың ділләні алып, киік астына қоятын тақты жасайтын Мысыр шаһарының жанындағы шеберге жүреді. Бірнеше күн жүріп, шеберге келеді. Бала шеберге келіп, осындай киік астына төсейтін тақты істетуге келгенін айтады. Сонда шебер:
- Мың діллә берсеңіз, істей аламын, - дейді.
Сонымен мың ділләсін шеберге беріп, киік астына қоятын тақты істетіп алып, бала үйіне қайтады. Келе жатса, жолында бір үлкен бәйтерек тұр екен, оның түбіне келсе, екі құдық бар екен, біріншісінде алтын су, екіншісінде күміс су бар. Бала сол арада алып келе жатқан тақтың бір қанатын алтын құдыққа, екінші қанатын күміс құдыққа малып-малып алады. Бала тақты алып, үйіне келеді. Ертеңінде ханға алып барады. Айтқанындай тақты баяғы алтын мүйізді шұбар киіктің астына қойғанда, киік ойнап, сән-салтанатын келтіріп тұрады. Хан уәзірін шақырып алып, ақылдасады. Сонда уәзір:
- Жоқ, тақсыр. Мұнысына да әлі сыйлық беруге болмайды. Енді пәлендей жер астында өскен бір сұлу алтын ағаш бар, соны әкеліп сіздің есік алдына орнатса, сән-салтанатыңыз мұнан әрі келісер еді. Бала соны тауып әкелсін, есік алдына орнатсын. Сол уақытта сыйлық беруге болады, - дейді. Сонда хан:
- Сол жердің астында өскен алтын ағашты әкеліп,менің есігімнің алдына орнат, сонда сыйлық беремін, - дейді. Бала тағы да алтын ағашты іздеп кетеді. Бірнеше күн жол жүріп, бір жерлерге келсе, алдынан бір ақ сақалды шал шығады. Бала өзінің іздеп келе жатқан жұмысының мән-жайын әлгі шалға айтады. Ақ сақалды шал:
- Осы бетіңмен жүре бер. Бір жерлерге барғанда биік тауларға кездесесің. Таудың бауырынан бір қоян қашар, сен сол қоянды қуа бер, ол қоян барып бір жердің үңгіріне кірер. Сонда ол сол жақтағы үңгірге кірер, сен оң жақтағы үңгірге кір. Сонда қырық ұрыға кездесерсің, олар сені «өлтіреміз» дер, сонда сен: «Мен әп-сәттің ішінде ет пісіре аламын», - де. Сол уақытта қырық ұры саған ет пісіртіп, қарап тұрар. Сен етті қазанға салып, мына кездікпен түртіп калсаң, ет өзінен-өзі пісіп шығады, - деп балаға бір күміс сапты кездік береді. - Сонымен бірнеше күнге дейін сонда ет пісіруші болып жүресің.
Қырық ұры сені үңгірге тастап, өздері сыртқа шығады. Сол уақытта түкпірдегі бір ак сандыққа көзің түсер. Сол ақ сандықты ашсаң, ішінде бір көк сандық бар, соны ашсаң, ішінде қағазға ораулы дәріні көрерсің. Сол дәріні ал да, пісулі тұрған етке сал. Сол уақытта қырық ұры кезек-кезек келіп, есік алдында өле береді. Сонан кейін сол үңгірдің ішін аралап жүрсең, іздеген алтын ағашың сонда тұрар. Сен сол арада алтын ағаштың бұтағынан қысып, қолыңмен ұстарсың. Екі аяғыңмен ағаштың түпкі тамырын басып, екі көзіңді жұмсаң, сонда таң ата ханның есігінің алдына ағаш өзі келіп орнар, - дейді. Бала шалдың айтуымен жүріп келе жатса, таудың үңгірінен бір қоян қашады. Бала қашқан қоянды қуа береді. Қоян бір жердің үңгіріне кіреді, бала да кіріп кетеді. Айтқанындай, үңгірде екі тесік кездесіп, қоян сол жақтағы үңгірге кіріп кетеді, бала оң жақтағы үңгірге кіріп кетеді. Үңгірдің ішіне кіріп келсе, балаға қырық ұры кездеседі. Бұлар баланы өлтірмекші болады. Сол арада бала лезде ет пісіре алатынын айтады. Бала етті қазанға салып, баяғы шал берген кездікпен етті түртіп қалғанда, ет өзінен-өзі пісіп болады. Сонымен олар баланы өлтірмейтін болып, ет пісіруге қояды. Бала бірсыпыра уақыт сол қырық ұрыға ет пісіріп жүреді. Бір күндерде бала ұйықтап жатса, бүйірінен баяғы ақ сақалды шал түртіп: «Етке тойған соң ұмыттың ба?» - дейді. Бала оянса, түсі екен. Сол арада ойлап тұрса, баяғы шалдың айтқандары есіне түседі, жан-жағына қарайды. Шал айтқанындай, бір бұрышта ақ сандық тұр екен. Жалма-жан кілтті іздеп тауып алып, ақ сандықты ашса, ішінде көк сандық бар екен. Оның ішін қараса, қағазға ораулы дәріге көзі түседі. Бала дәріні алып ұрылардың сыртқа шығуын аңдиды. Бір күндері қырық ұры тесігінен сыртқа шығады. Бала жалма-жан етті пісіреді де, дәріні етке шашып жібереді. Сол арада қырық ұры бірінен соң бірі, кезек-кезек есік алдына келіп, топырлап өле береді. Бала жан-жағына қарап, үңгірдің ішін еркіндікпен аралап жүрсе, жер астында жалғыз өсіп тұрған ағашты көреді. Сол арада алтын ағашты қолымен мықтап ұстайды да, екі аяғымен түпкі тамырын басып, екі көзін жұмады. Бала көзін ашып қараса, таң сарғайып атқан, алтын ағаштың хан есігінің алдында тұрғанын бір-ақ көреді. Таңертең хан уәзірлерімен алтын ағашты көреді. Бұрынғы бұрынғы ма, ханның салтанаты тіпті артып кетеді. Алтын қанатты тақтың үстінде алтын мүйізді шұбар киік ойнап тұрады. Мұны көріп хан балаға риза болып, сыйлық беруге барлық уәзірлерін шақырып алып ақылдасады. Баланың бүйтіп бақыты артқанын көре алмай, уәзірлері күндейді. Сонда уәзірлері жиылып ақылдасады: «Ханға айтып бұл баланы тағы да бір келмейтін жерге жұмсайық. Бәлендей алыстағы, күн астындағы Күнікей қызды тапсын. Мұны болса да таба алмай өледі, енді оны іздеп барушылардың өлмей қайтқаны жоқ. Баланы сонда жіберейік», - дейді. Хан уәзірлерімен ақылдасады:
- Кәні, балаға қандай сыйлық береміз? - дейді. Сонда баяғы уәзір тұрып:
- Тақсыр, сіз өзіңіз болсаңыз қартайдыңыз. Сізде перзент жоқ. Біздің ойымызша, қартайған шағыңызда сізге серікке жарайтын пәлендей жерде, күн астында Күнікей деген қыз бар. Бұл бала сол қызды тауып әкелсін, сонда мықтап сыйлық беруіңізге болады, - дейді. Хан тағы да балаға:
- Сол күн астындағы Күнікей қызды тауып әкел, сыйлықты сонда беремін, - дейді. Бала Күнікей қызды іздеп кетеді. Бірнеше күн жүріп келе жатса, алдынан екі алақанына екі тауды салып жүрген бір дәу кездеседі. Бала бұл дәуден жөн сұрайды, сонда дәу:
- Күн астындағы Күнікей сұлуды іздеп бара жатқан бала сен болсаң, мен жолдас болғалы жүрмін, - дейді. Бала:
- Сол бала мен боламын, - дейді. Сонымен екеуі жолдас болып келе жатып жер тыңдаушыға кез болады. Бұл да балаға жолдас
болып ереді. Тағы да жүріп келе жатса, алдынан екі көлдің суын екі ұртына ұрттап жүрген тағы бір дәу кез болады. Бала жөн сұрайды. Екі көлдің суын екі ұртына ұрттаушы:
- Күн астындағы Күнікей қызды іздеп жүрген балаға жолдас болғалы жүрмін, - дейді. Сонда бала:
- Ендеше, мен сол боламын, - дейді. Сонымен бұл да үшеуіне қосылып, төртеуі жолдас болып жүре береді. Келе жатса екі аяғына екі батпан тас байлап алған, ойдан-қырдан жүгіріп жүрген желаяққа кез болады. Бала жөн сұрайды. Желаяқ:
- Мен күн астындағы Күнікей қызды іздеп бара жатқан балаға жолдас болғалы жүрмін, - дейді. Бала:
- Ендеше, мен сол баламын, - дейді. Сонымен бесеуі жолдас болып жүріп келе жатса, бір шұқанақтан көп балаларымен тырмысып шыға алмай жатқан бір құмырсқаны көреді. Бала құмырсқаны балаларымен шұқырдан шығарып жібереді. Сонда құмырсқа балаға риза болып:
- Сендер мені шұқырдан шығарып жібердіндер. Осы жақсылықтарыңызды мен де алдарыңызға тіріде бір келтірермін. Мен мына бір қанатымды жұлып берейін, керек болған кезде тұтатсаң, дайын боламын, - деп бір қанатын жұлып береді. Бұлар күн астындағы Күнікей қызды іздеп жүріп кетеді. Күн астындағы Күнікей қыз От тауының ар жағында тұратын бір ханның қызы екен. Ол ханның бір үлкен көк төбет иті бар екен. Сол ит күн астындағы Күнікей қызға келе жатқан адам болса, соның дыбысын сезіп, жүз шақырым жерден алдынан шығады екен. Қандай батыр, мықты адамдар болса да көк төбет ит барлығын да жалғыз өзі қиратып салады екен. Қызды іздеп барған адам сау қайтпайтын болған. Мұны білген көп адамдар көк төбеттен қорқып, қызға бара алмайды екен. Баланың жолдастарымен келе жатқанын ит жүз шақырымнан біліп алдарынан шығады. Бір мезгілде көк төбет арсылдап жер дүниенің шаңын боратып келе жатыр екен. Баяғы тау көтерген дәу қолындағы бір тауын итке жіберіп қалғанда, төбет иттің төбесінен жай түскендей болып, ит таудың астында қалып, табанда сеспей қатады. Итті таумен бастырып өлтіріп тастап, бұлар тағы жүріп кетеді. Бір уақытта бұлар күн астындағы Күнікей қыздың үйіне жетеді. Хан бұлардан жөн сұрайды. Сонда бұлар:
- Осы жақтағы күн астындағы Күнікей қызды іздеп келеміз. Іздеп келуші мына отырған бала, біз жанына ерген жолдастарымыз, - дейді.Сонда хан:
- Жолдарыңда бір көк төбет ит кездесті ме? - деп сұрайды. Бұлар:
- Жолда бір күшікке кездесіп едік, біздің лақтырған кесегіміздің астында үні өшіп, өліп қалды, - дейді. Хан бұлардың күшіне қайран қалып отырады. Хан ертеңіне, ел-жұртын жиып, балуан күрестіреді.
- Осы топта кімде-кім күресіп жығып, күші асса, қызымды соған беремін, - дейді.
Ханның елі жағынан бір өгіз балуан шығады. Бала жағынан екі қолына екі тау ұстап жүруші дәу шығады. Екі балуан күресіп, дәу жығып кетеді. Бірақ хан, сөзінен танып, бұл жолы қызын бермей:
- Енді жаяу бәйгеден озып келгенге беремін, - дейді. Жаяу бәйгеге ханның елінен бір жүйрік мыстан кемпір шығады. Мыстан кемпір қолына екі шыны арақ ұстап шығады да, жолда желаяққа ішкізіп мас қылып, өзі жүгіріп кетеді. Бала тыңшыға айтады:
- Кім келе жатыр екен, соны тыңдашы, - дейді. Тыңшы тұра қалып тыңдап: «Кемпірдің дыбысы білінеді, желаяқтың дыбысы
білінбейді», - дейді. Бала сол арада баяғы қолындағы кездікті ұстап, ұйықтап жатқан желаяққа дыбыс беріп оянады, сол арада жалмажан жүгіріп отырып, кемпірге жетеді. Қолына бір уыс топырақты алады да, кемпірдің алдынан өте беріп, топырақты көзіне шашып жібереді. Кемпір көзін уқалап аша алмай жатқанда, желаяқ озып келеді. Хан сонда да қызын бермейді. Қызын жасырып тығып қояды да:
- Кімде-кім қызымның қай жерде екенін тапса, соған беремін, - дейді.Бір мезгілде тыңшы тыңдап жүрсе, хан қызын жер астындағы бір үйге жасырып қойған екен. Қыз сол үйде кесте тігіп отырып, қолындағы инесін жерге түсіріп алады. Тыңшы тыңдап біліп тауып алады. Хан бұларды темірден салынған қонақ үйге жатқызады. Қонақтар жатқан үйді сыртынан өртейді. Бұлар түн ортасында оянып кетсе, үй өртеніп бара жатыр екен. Бәрі де сасады. Сол жерде көл ұрттаушы дәу ұртындағы бір көлдің суын бүркіп тастап, өртті сөндіреді. Бұлар тып-тыныш ұйқыда жата береді. Хан бұларды өлді деп, күлін қарайын деп келсе, бәрі де тып-тыныш ұйықтап жатыр екен. Хан тағы ойлап, бір амал табады. Ертеңінде:
- Қырық қызбен қызымды қатар тұрғызам, солардың ішінен танып алғанға қызымды беремін, - дейді. Ертеңіне қырық қызды бір түсті киіндіріп, қатарлап қояды. Қараса, бәрінің киген киімінің түсі бір, ешкім таба алмайды. Бала сол уақытта баяғы құмырсқаның қанатын түтетіп жібергенде, құмырсқа келіп қырық қыз ішіндегі күн астындағы Күнікей қыздың алдынан шығады. Бала күн астындағы Күнікей қызды таниды. Сонымен ханның басқа істейтін амалы болмайды. Хан амалы таусылып, ақыры күн астындағы Күнікей қызды балаға береді. Күн астындағы Күнікей қызды алып, бұлар еліне қайтады. Баяғы ерген жолдастары баламен қоштасып, жолда қалып отырады. Бір жерлерге келгенде, тыңшы қалады. Тағы бір тауға келгенде, баяғы тау көтеруші дәу қалады. Бір көлдің жанына келгенде, баяғы екі көлдің суын ұрттаушы қалады. Бір жерлерге келгенде, желаяқ қалады. Бала келе жатып, бастан-аяқ, өзінің басынан кешірген уақиғаларын қызға түгелінен баян етеді, оны ханға апаратынын айтады. Қыз оқымысты, сиқыршы екен. Баланың ерлігіне сүйсініп, әбден сүйеді. Бірсыпыра жер жүрген соң кыз:
- Ханның еліне жетуге қанша күн қалды? - деп сұрайды. Бала:
- Екі күншілік жер қалды, - дейді. Сонда қыз:
- Сен озып ханға бар, менің алдымнан шықсын. Ең алдымен хан, оның соңынан қырық уәзірлері жүрсін, ең артында өзің жүр, - дейді. Бала ханға барып, қыздың алдынан шығарады. Қыз келе жатқан ханды қасқыр, уәзірлерді түлкі қылып жібереді. Олар бірін-бірі қуып кетеді. Сонымен күн астындағы Күнікей қызды бала алып, екеуі той жасап, қосылады. Елжұрты баланың ерлігіне риза болып, оны хан сайлайды
Жерден шыққан Желім батыр
Баяғы уақытта бір кемпір бар екен. Оның үш баласы болыпты. Ол кемпірде түк мал болмапты. Күнелту үшін базарға жусан алып барып сатады екен. Сатқан жусаннан тамақтарынан артылып, күнде бес тиын қалады екен. Бір күні сол артылып қалған бес тиындарын санаса, едәуір пұл болып қалыпты. Қыс келе жатыр, балаларыма шапан әперейін деп, қалаға барып, үш баласына үш шапан сатып алады.Үйіне келгеннен кейін, кемпір үлкен баласына: «Ауылдың артындағы үйлерге барып, байғазы сұрап кел!» – дейді. Баласы, «Мақұл», – деп бара жатса, тұман болып, адасып кетеді. Оның артынан ортаншы баласы: «Мен де ағамның артынан барам», – деп кетіп бара жатса, жолда жолбарыс жолығып, оны жеп қояды. Онан кейін кішкене баласы: «Мен де барам, олар келмей кетті», – деп шешесінен сұрайды. Шешесі жібермейді. Жылап қоймағаннан кейін жібереді. Бара жатып адасып, бір тамға келеді «Кім бар екен?» – деп, әйнегінен сығаласа, үш дәу жатыр екен. «Оятсам өлтірер», – деп, бала жан-жағына қараса, елу-алпыс кілт тұр екен, соны алып, басқа жағындағы тамдарды ашуға кіріседі.
«Барлығын ашпай бір-екеуін ғана ашайын», – деп бір тамын ашса, үш тұлпар тұр. Үшеуінен таңдап, бір қара тұлпарды мінеді. Екінші тамды ашса, үш сауыт, үш қылыш, үш ер, үш найза, үш мылтық, үш садақ тұр. Олардан да таңдап ең жақсысын алады.
Сауытты киіп, ерді ерттеп, қылыш-мылтықтарды асынып, дәудің есігінің алдына шығып: «Кім бар-ау, кім бар-ау?» – деп айғайлайды. Бір дәу: «Мен бармын», – деп шыға бергенде, бала қылышпен басын кесіп алады. Екінші дәу: «Жаңағы бізге бермей өзі жеп жатыр ма?» – деп шыға бергенде, бала оны да найзамен шаншып тастайды. Үшінші дәу «Менің екі інімді өлтірген қандай дәусің?» – деп ақырып шығады да: «Алыспақ керек пе, атыспақ керек пе?» – дейді. «Атысқан атасының басын алған, алыспақ керек», – дейді бала.
Екеуі сол жерде үш түн алысып, бала дәуді әбден шаршатып, үйінің жанындағы құдыққа итермелеп тығып, аузын таудай таспен бекітіп тастайды.
Онан кейін бала еліне барып, шешесін ертіп келіп, дәудің үйін өзіне үй қылып алады. Бала күнде аңға шығады, киік, құлан және басқа аңдарды атып әкеліп күнелтеді.
ІІ-тарау. ХАЙУАНАТТАР ЖАЙЫНДАҒЫ ЕРТЕГІЛЕР
Бұл топка жататын ертегілер де өте ерте заманда пайда болған. Ертедегі адамдар өздерінің күнкөрістері үшін төрт аяқты хайуандарды пайдалану, оларды үйрету, асырау жайын карастырды және әрбір хайуанат туралы, олардың қасиеттері туралы мифтік үғым - түсініктер ойлап шығарды. Ертедегі хайуанаттарды қасиетті, киелі деген үғым біртіндеп өзгерді. Сөйтіп, ертегілерде хайуанаттар жөнінде реалистік түсінік пайда болып, олардың адамға келтірер пайдасы, зияны, атқаратын қызметі сөз болды.
Мал, мінсе — көлік, ішсе — тамақ, кисе киім болатыны баяндалады. Оны "Алтын сақа”, "Боз інген”, "Жақсылық пен жамандық”, т. б. ертегілерден көреміз.
Қасқыр мен кісі
Бір қасқыр тамақ іздеп келе жатып, құрулы тұрған қақпанға түсіп қалады. Олай жұлқынып, бұлай жұлқынып, зорға құтылады. Қашып бара жатқан касқырды аңшылар көріп, артынан қуа жөнеледі. Қасқыр сасқалақтап бір егіншіге келіп жайын айтады: «Қайтсең де мені жасыр, ұмытпаспын жақсылығынды, мені қабыңа салып, арқалап жүре бер»,— дейді.
Қасқыр жылап тұрған соң, егінші адам қабына салып алып, арқалап жүре береді. Кешікпей аңшылар мылтық, қылышын жарқылдатып жетіп келеді. Кісіден сұрайды:
—Қашып бара жатқан қасқыр көрмедің бе?— деп.
Кісі:
— Жаңа бір қасқыр анау шоқайдан қашып өтті, тезірек ұмтылыңдар,— дейді. Аңшылар асып кеткеннен кейін, егінші қаптың аузын шешіп, қасқырға:
— «Жөніңе жүре бер, маған да бір жақсылық етерсің»,— дейді. Қасқыр қуанып секіріп шығып, егіншіге:
— «Мен сені жеймін, қарным ашты»,— деп тап-тап береді.
Егінші байғұс сасқалақтап:
— Ай, қасқыр, бұның қалай, мен сені өлімнен құтқарып алып қалып едім, жақсылыққа жамандық ете ме екен, олай болса төрелетейік, қайсымыздікі жөн екен,— дейді.
Екеуі керісіп тұрғанда қаңғырып бір жағынан түлкі келеді. Бұлар түлкіге оқиғаны бастан-аяқ айтып шығады. Түлкі:
— Жоқ сөзді айтпаңыздар, менен басқа біреу естісе күліп жүрер, дорбаға үлкен қасқыр сыйды дегенге нанбаймын, барып тұрған өтірік,— дейді.
Қасқыр мен кісі «бұл рас» деп керісіп болмайды. Түлкі қасқырға:
— Қапқа кірмей сенбеймін,— дейді.
Қасқыр сендірмекші боп қапқа кіргенде, түлкі егіншіге:
— «Байла қаптың аузын, енді қимылдайтын кезің келді, қане мен көрейін, күздігүні егінді
Ақ көгершін
Бұл сонау ерте заманда болған екен. Ол кезде соғыстың не екенін ешкім білмепті. Біреуді-біреу өлтірмейді екен. Кедей де, бай да, сараң да болмапты.
Күндердің бір күні Жақсылық деген кісінің әйелі ұл тауыпты. Шілдеханаға көп адам жиналыпты. Диуана да келіпті. Диуана сәбидің бетіне қарап:
— Мына бала түбінде жұртқа пәле болып жүрмесе не қылсын, – депті.
Жыл артынан жыл өтіпті. Бала өсіп ер жетеді. Өскен сайын сараңдығы да арта береді. Дүниеге қомағайланып, екі көзі қанталап қарайтын болады.
Пышақ, шот, балта секілді өткір заттарға әуес болып алады. Мұндай заттарын жұрт одан жасыратын әдет тауыпты.
Күндердің бір күнінде сараң бала өзіне садақ пен жебе жасап алады да қартайған әке-шешесін қуып жібереді. Даладағы аңдар мен құстардың бәрі менікі болса деп армандайды.
Бір күні ол қырға шығады. Көктем кезі екен. Күн жарқырап, құстар сайрап, жер жүзі құлпырып тұрады. Сараң қараса бағындағы алма ағашында көгершін қонақтап отыр екен. Ол:Менің алма ағашыма қонақтап отырған көгершін де менікі болу керек" - дейді. Сөйтеді де көгершінді көздеп, садағымен атуға ыңғайланады. Дәл сол кезде кенеттен ақ көгершін ғайып болып кетеді де, оның орнында сақалды өзінің әкесінің отырғанын көреді. Сараңның қолы салқ етіп төмен түсіп кетеді. Міне қызық. Алма ағашында тағы да ақ көгершін отыр. Сараң садағын тағы көтереді де әкесінің ағашта отырғанын тағы көреді. Ыза болған сараң енді ай-жайға қарамайды. Сараңдығы "Ат, ат" - деп қыстайды да, атып жібереді. Сол кезде алма ағашының түбіне сылқ етіп өзінің әкесі құлап түседі. Ал ақ көгершін шарықтап ұшып кетеді. Біреуді-біреу өлтіретін сұмдық оқиға жер бетінде тұңғыш рет осылай басталған екен дейді.
Қарт әкенің қаны алма ағашының аппақ гүліне шашырайды. Содан бері алма ағашы ақ түспен гүлдемей қызғылттанып гүлдейді екен. Ал ақ көгершін содан бері ешуақытта ағашқа қонақтамайтын болыпты. Көгершін көзінің қызыл болуының себебі де жерге тамған адам қанын көрумен екен дейді.
Жыл басына таласқан хайуандар
Ең ерте заманда хайуандар жылдың басы болуға таласыпты. Сонда жылқы айтыпты:
— Мен алысты жақын қыламын. Күшімді көреді, сүтімді ішеді, қылыма шейін арқан, жіп еседі. Адамға менен пайдалы мал жоқ, жыл ағасы мен боламын, – дейді.
Түйе айтады:
— Сен адамның жұмысын қылсаң, сұлы, шөп асайтын тамағың үшін құл болдың, міне, мен сен көтере алмайтын ауырды көтеріп, неше айшылық алыс жерлерге барамын. Аш болдым деп,арпа, сұлы сұрамаймын. Көде болса, көде, жусан болса, жусан, не кез келсе, соны қорек етіп, табылса, су ішіп, табылмаса, шөлде де жолға жүре беремін. Жыл басы болу маған лайық.
Сиыр айтады:
— Адам егін ексе, менімен егеді, сүтімді ішеді, құрт-май істейді, жыл басы болу маған лайық.
Қой айтады:
— Мен болмасам, қазақ үйін немен жабар еді. Жүнімді алып, киіз басады, жабағымнан киім тігеді, арқан, жіп еседі. Сүтімнен құрт-май алады, шаруаға менен пайдалыларың жоқ.
Ит айтады:
— Мен болмасам, сендердің көбіңді не ұрлап, не қасқыр жеп тауысар еді. Мен сендердің баршаларыңның бақташыңмын, дұшпан көрінсе, үріп, абалап, иеме хабар беремін.
Тауық айтады:
— Мен болмасам, кісі ерте жұмысына бармай, ұйықтап қалар еді. Мен ерте тұрып, таң атты деп шақырып, хабар айтамын. Кеш болса, жатар мезгіл болды деп, тағы шақырамын.
Тышқан не айтарын білмей тұрады да бір түрлі қулық ойлап, жиылған көпке айтады:
— Бұл таластан еш нәрсе өнбес, жылды қарап тұралық та кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын.
Өзгелері қарап тұрғанда, түйе өзінің бойына сеніп: «Менен бұрын кім көреді?», – деп, тышқанның сөзін қостайды. Бөрі қарасып тұрады. Біраздан соң тышқан жорғалап, түйенің өркешіне шығып отырады. Көп хайуан таласып: «Біз көреміз, біз көреміз»,–деп тұрғанда, ең биікте отырған тышқанды көріп, ешнәрсе демепті.
Сонан соң жылды бәрінен бұрын тышқан көріп, хабар беріп, жыл басы болыпты. Түйе бойына сеніп құр қалыпты.
ІІІ-тарау. ТҰРМЫС-САЛТ ЕРТЕГІЛЕРІ
Бұл топқа кіретін ертегілер ерте заманнан өмірдің алуан түрін қамтиды. Тұрмыс-салт ертегілерінде өмірде болған немесе болуға тиісті уақиғалар басты орын алады. Оның кейіпкерлері қиял-ғажайып ертегілеріндегідей жалғыз көзді дәу, мыстан, жеті басты жалмауыз, жезтырнақ, т. б. бейнелерде емес, күнделікті өмірде кездесетін қарапайым адамдар болып келеді. Қазактың тұрмыс-салт ертегілері қарапайым шаруа адамдарын ардақтай отырып, еңбек ету жайына айрықша көңіл бөледі. "Жатып ішер жалкау болма, ерінбей еңбек ет, өжеттен де, өрге ұмтыл” дегенді білдіреді.Тұрмыс-салттан туған ертегілердің тағы бір тақырыптары — үй іші, отбасы, жақсылық пен жамандық, ұрлық пен аярлық жайында болып келеді. Бұларды ертегіге айналдырған халық өзінің отбасына деген көзқарасын білдіруді максат еткен. Жараскан ынтымак, тату-төттілік бар жерде бірлік, ырыс бар дегенді білдіреді.
Қарттың ұлына өсиеті
Бір бай өлер уақытында ұлын шақырып алып:
- Ұлым, мен өлген соң жұма сайын қыз алып, қала сайын үй сал. Ас жесең, бал же, - деп, өсиет айтыпты. Бай дүниеден өтіп, ұлы атасының өсиетін орындай бастайды: жұма сайын қыз алып, қала сайын үй салады. Ас ішсе, бал ішіп, ақшасын бітіреді. Сөйтіп, жігіт жарлы болады. Бір күні жігіт далаға шығып біраз жүріп, бір үйілген тастың тасасына отырып, бөркін қолына алып басын ұстап отырған уақытта, бір жақтан бір шал келіп жігітке сәлем береді. Жігіт сәлемін алған соң, ол адам жанына отырады да жігітке:
- Неғып отырсың? - дейді. Жігіт:
- Жәй отырмын, - деп жауап береді. Шал:
- Шыныңды айт! - деп қыса бастайды. Жігіт еш нәрсе айтпайды. Шал:
- Сырыңды жасырма! Мен саған жақсылық көрсетемін, - дейді. Жігіт:
- Менің атам бай адам еді, сол атамның өлер алдында айтқан өсиетін орындаймын деп, кедей болдым, - дейді. Шал:
- Қандай өсиет айтып еді? - дейді. Жігіт:
- Әуелгі өсиеті: «Мен өлген соң жұма сайын қыз ал», - деп еді, мен атамның сол өсиетін тұтып, жұма сайын қыз алдым. Екінші өсиеті: «Қала сайын үй сал», - деп еді. Мен қала сайын үй салдым. Үшінші өсиеті: «Ас ішсең, бал же», - деп еді. Мен бұл өсиетін де орындап, әр күні бал жедім. Солай етіп, үш жылда барлық ақшам таусылды, - дейді. Шал тұрып жігітке:
- Сен атаңның өсиетін ұқпаған екенсің, өйткені атаңның: «Жұма сайын қыз ал» - дегені: «Әйеліңмен сыйлас бол, қадіріңді кетірме. Сонда ғұмыр бойы тату-тәтті өмір сүресің» - дегені. «Қала сайын үй сал» дегені: «Қала сайын достарың болсын, барғанда түсетін» - дегені еді. «Ас ішсең бал же» - дегені: «Еңбек істеп ас ішсең, балдан тәтті болады» - дегені еді, - деп, қарт өз жөніне кетіпті. Жігіт әкесінің терең мағыналы өсиетіне сонда ғана түсініпті.
Білгір адам
Ертеде бір ақылды адам болыпты. Күндердің күнінде баласын шақырып алып, бар ақылын үйретіпті. Ақылында:
«Балам! Біріншіден – қатыныңа сырыңды айтпа, екінші – ақымақпен дос болма. Үшінші – жаңа байығаннан қарыз алма!» – депті.
Баласы әкесінің бұл айтқан сөздерін мақұлдап көнген. Бірақ, неге айтқанын білмей, талайға дейін түсіне алмай жүріпті. Ойлай-ойлай, ойының түбіне жете алмапты. Бір күндері болғанда, әкесінің айтқандарының бәрін қолымен істеп, көзімен көрмекші болып, бір байдан қасақана қарыз алады. Бір ақымақпен дос болады. Сөйтіп, үйіне келіп бір қойды бауыздап өлтіріп, қолын қандап, үйінің артынан жер қазып көме салып, қатынына келіп:
— Қатын, мынау менің қолымдағы қанды көрдің бе? Мен бір кісі өлтіріп едім, сен ешкімге айта көрме, – дейді.
Қатыны: «Ой, тәңір-ай, кімге айтайын, ешкімге айтпаймын», – дейді. Сонымен біраз күн өтеді. Бір күні түнде қатынымен ұрсысып қалады. Қатыны азанмен тұра салып, ханға барып арыз береді. «Байым анада бір кісінің қанын ішіп еді, енді мені де түнімен сабап шықты», – дейді. Хан естісімен-ақ жендетін жіберіп, жігітті шақыртады, жендет баласын айдап келе жатқанда, куәлікке досымды ерте жүрейін деп досына келсе, «қолым тимей жатыр» деп бармайды. Қоштасып, бұдан өте бергенде, баяғы қарыздары ұшырасады. Олай-былай деуіне қоймайды, ақшасын сұрайды. Жабысып жағадан алады да, қалмайды. Жанын тықсырып бара жатқан соң, бұрынғы ақшасын жанынан суырып бере салады. Бұдан өтіп ханға келеді. Хан: «Не үшін қанішерлік қыласың? Қатының анада бір адам өлтіріп еді, енді мені өлтірмекші болды»
Өнеге
Бұрынғы заманда бір үлкен шаһар бар екен. Бұл шаһардың ханы болыпты. Ол күнде жаман киініп, жай кісі болып, шаһарды, базарды аралап жүреді екен. Күндерде бір күн хан базарды аралап келе жатып, басына бір кесек алтын, аяғына бір кесек алтын қойып жатқан бір адамды көреді. Мұны көріп, хан таң қалыпнеше күндей мұны сыртынан бағып жүреді. Бұл адам ерте де, кеш те бір қалыпта: басына, аяғына бір-бір кесек алтын қойып жатады. Ақырында, бір күні хан:
— Сен не қылған адамсың? – деп сұрайды.
Ол адам басын көтеріп:
— Мен ақыл сатушымын, – дейді.
— Олай болса, маған бір ақыл сатшы, – дейді патша.
Сонда ол адам:
— Құп болады, бірақ әр ақылымның бағасы мың алтын, – дейді. Хан санап, мың алтын береді. Сонда ақыл сатушы:
— Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң, қор боласың, – дейді. Мұнан соң хан ордасына келіп, баяғы сөзді әрбір көзге түсетін жерлерге, орамал-дастарқанға дейін жазып қояды. Күндерде бір күн хан шашын алғызатын болып: «Шаштараз алып кел», – деп, бас уәзірге әмір қылады. Уәзір дереу бір шаштаразға барып: «Ертең келіп, ханның шашын ал» – деп бұйырады. Ертең ерте шаштараз ханның ордасына келе жатса, алдынан уәзір шығады. Уәзір:
— Ей, шаштараз, ханның шашын қандай ұстарамен алмақшы едің? –дейді. Шаштараз:
— Ай, тақсыр, күндегі ұстап жүрген жай ұстарамен аламындағы. Жақсы ұстараны мен байғұс қайдан табамын? – дейді. Сонда уәзір:
— Ей, ақымақ! Ханның шашын жай ұстарамен алуға болмайды. Мә, мынау ұстарамен ал, – деп, қалтасынан шығарып, бір алтын сапты ұстара береді. Шаштараз қуанып, ханның құзырына келіп, шашын жібіте бастайды. Сол уақытта шаштараз: «Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң, қор боларсың! – деп, әр жергежазылған сөздерді көреді де ішінен: «Қой, уәзірдің ұстарасын қояйын, өзімнің үйренген жаман ұстараммен-ақ ханның шашын алайын», – деп, уәзірдің алтын сапты ұстарасын былай қойып, өзінің ағаш сапты ұстарасымен ала бастайды. Мұны көріп хан ішінен: «Бұл ақымақ алтын сапты ұстарасын менің шашымды алуға аяды ғой! Онымен менен артық кімнің шашын алады. Тоқтай тұр, мен саған көрсетейін!» – деп шашын алғызып болған соң хан:
— Дереу жендетті шақырып келіңдер, мен бұл шаштараздың басын аламын! – деп, кісілеріне әмір қылады. Шаштараз мұны естіп, неге қылмысты болғанын білмей, қайран қалып тұр еді, жендет келген соң, бейшара шаштараз ханның аяғына жығылып:
– Ей, тақсыр, менің басымды алсаңыз да ықтияр, бірақ менің кінәмды айтып алсаңыз екен! – дейді. Хан:
— Сен басында менің шашымды алтын сапты ұстарамен алмақшы болдың. Ақырында оны менен аяп, ағаш сапты жай ұстарамен алып, мені қорладың. Сенің кінәң осы, – дейді.
Сонда шаштараз:
— Жаңа сіздің шашыңызды алуға ордаға келе жатқанымда алдымнан бас уәзіріңіз шығып: «Ханның шашын алуға мына ұстара лайық»,-деп, осы алтын сапты ұстараны беріп еді. Мен сіздің шашыңызды жібітіп жатып, әр жерде жазылған: «Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң қор боларсың», – деген сөздерді көріп: «Бұл уәзір берген ұстараның қандай екенін білмеймін, ханға бір зиян келтіріп жүрмейін. Жаман да болса, үйренген өзімнің ұстараммен алайын», – деп ойладым. Шашыңызды ағаш ұстарамен алғанымның себебі осы еді,– дейді.
Сонан соң хан жасауылдарын жіберіп бас уәзірін шақыртып алдырып:
— Мынау ұстараны шаштаразға сен бердің бе? – деп сұрайды.
Уәзір:
— Мен бердім, – дейді.
— Олай болса, бұл ұстарамен уәзірдің шашын ал, – деп, Хан шаштаразға бұйырады.
Шаштараз уәзірдің шашын жібітіп, алтын ұстарамен бір сипағанда, уәзірдің жаны шығып кетеді.
Сөйтсе, бұл уәзір ханға қас екен. Соны өлтірмекші болып, ұстарасын зәрге суарған екен. Мұны көріп, хан шаштаразға дән риза болады. Көп алтын, күміс сыйлық беріп, үйіне қайтарады.