Менің кәсіби
ұстанымым
Дана халқымыз ықылым заманнан
«ізденген жетер мұратқа» деп тегін айтпаса керек. Іздене жүріп,
бүгінгі жаңа технология мен ақпараттық кеңістікте өз орныңды
айқындайтының анық. Тәуелсіз еліміздің тірегі –білімді ұрпақ болса,
жаңа дәуірдің өзекті мәселесі –білім, ғылым, жаңашылдық, шеберлік.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов : «Мектепке керегі -білімді,
педагогика әдістемесін жақсы білетін мұғалім» -деп айтқан екен. Ия,
ұстаз қолында адам тағдыры, болашақ ел тағдыры тұрады. Сондықтан,
үнемі ізденіп, кәсіби шеберлігін шыңдап,жаңалықтан сырт қалмауы
керек. Мұғалім сөзімен, мәдениетімен, білікті білімімен,
ұйымдастырушылық қабілетімен, шыншылдығымен өз мәртебесін биік
ұстай алады.
Жиырма бірінші ғасыр
мұғаліміне қойылатын талаптардың өсіп келе жатқанын күнделікті
өмірде көріп келеміз. Заман ағымына ілесіп, үштілділікті қолдап,
оқып жатқанымыз –осының айқын дәлелі дегім келеді. Жаһандану
заманының мұғалімі жеке көзқарасы бар, соны қорғай білетін,
ойшылдық қасиеті бар маман, білімін әр сабағында қолдана алатын, өз
оқушысын да зерттеуші болуға тәрбиелей алуы да басты міндет.
Білімнің маңызын оқушыға жеткізе алу да мұғалім үшін ауадай қажетті
дүние. Қазақтың біртуар ұлы Мағжан Жұмабаев : «Қарағым, оқу оқы
босқа жүрме. Ойынға құр қаларсың көңіл бөлме! Оқымай ойын қуған
балалардың, Жолама, шақырса да қасына ерме!»- деп өткен ғасырда
жырлап кетсе де, күні бүгінгі күнге дейін мағызын жойған жоқ. Осы
орайда кәсіби шеберлілікті арттыру жұмыстары ешқашан көнеленбейтіні
белгілі. Көре жүріп үйренеміз, үйрете жүріп үйренеміз. Тағы бір
айта кететін жайт, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру»
мақаласындағы ойларды бүгінгі эссеме қазық етіп алдым. Мақалада:
«Егер қазақстандықтар жер жүзіне үйден шықпай, терезеден телміріп
отырып баға берсе, әлемде де, құрлықта да тіпті, іргедегі елдерде
қандай дауыл соғып жатқанын біле алмайды. Көкжиектің арғы жағында
не болып жатқанын көре алмайды. Өзгелердің озық жетістіктерін
үйренуіміз керек. Өзімдікі - таңсық, басқаныкі - қаңсық деп кері
тарпай ашық болу, өзгелерден үйрену – табыстың кілті, әрі ашық
зерденің басты көрсеткіші» - деп анық бағыт беріп
отыр.
Ұстаздық жолымды бастағаныма 8
жыл болыпты. Азды –көпті жетістіктерім де жоқ емес. Кәсіби
ұстанымымды да нақтыладым. Осы уақытта бүгінгі күннің талаптарын
айқын сезініп келемін. Өзім қызмет ететін білім ордасында кәсіби
шеберлілікті артыру жұмыстары жолға қойылған. Жас мамандар мектебі,
оларға тәлімгерлер бекіту, жұмыс жоспары, шеберлік сабақтары, үнемі
жүргізіледі. Өзара сабаққа қатысу, пәнаралық байланыстағы сабақтар
өткізу күнделікті өз кезеңімен болады. Деңгейлік курстар оқу,
жаңаша білім беру мазмұнына байланысты білім жетілдіру – біз үшін
міндетті нәрсеге айналған. Сабаққа қатыса отырып, озық тәжірбиені
жүзеге асыру және ұсыныстар шынайы айтылады. Себебі, ұстаздар өмір
бойы үйренеміз. Үйрене жүріп, шеберлік шыңын
бағындырамыз.
Мұғалім – бүгінгі
оқушы,ертеңгі қоғамның , елдің тірегін өмірге дайындаушы. Мұғалім
мамандығының құндылығы осында деп түсінген дұрыс. «Ұстаз тумысынан
өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген, естіген, бәрін
жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын, алғыр да, зерек,
қанағатшыл, жаны таза, әділ білімге құштар, батыл болуы керек» -деп
әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби ұстаз болмысын айқындаған екен.
Олай болса,бәсекеге қабілетті, шебер ұстаз болу - заман талабы.
Білім сапасын көтерудің тетігі- білімді ұстаз қолында. Яғни,
мұғалімнің кәсіби шеберлігі жоғары болғанда білім сапасы да артады
дегім келеді. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші,
жоғарыда жазылған ойларымды жүрекжарды сөздеріммен аяқтағым
келеді.
Сабағымды әрдайым қызықты
етем
Білімімді ойыма қазық
етем,
Ұлы дала баласын
өсіруге,
Мен барлық кедергіні асып
өтем!
«Х.Көбіков атындағы орта
мектеп мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік
мекемесі
Эссенің тақырыбы: Менің кәсіби
ұстанымым
Қазақ тілімен әдебиеті пәні
мұғалімі
Абдрахманова Ғалия
Құрманжанқызы
2017-2018 оқу
жылы