Автордың аты –жөні:
Батырбаева Булбул Казезтаевна
Солтүстік Қазақстан облысы
әкімдігінің білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің,
«Айыртау ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
«Родничок» бөбекжай - бақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық
кәсіпорны
Эссе
«Менің мектепке дейінгі
білім философиям»
"Балалық шақ қалай өтті,
баланың балалық шағында қолынан кім жетектеді, оның ақыл – ойы мен
жүрегіне қоршаған әлемнен не алынды - бұл бүгінгі баланың болашақта
қандай адам болатынына шешуші дәрежеде
байланысты".
Мектеп жасына дейінгі баланы
тәрбиелеу қай заманда да, өзекті мәселелердің бірі болып
есептелген. Қазақ халқында балаға еліміздің болашағы ретінде қарап,
ана бойына ұрпақ біткеннен бастап тәрбиелеген. Болашақ ананың көңіл
- күйінің үнемі көтеріңкі, үнемі жарқын болып жүргенін бабаларымыз
басты назарда ұстаған. Өмірге келер сәбиді еліміздің болашақ
тізгінін ұстар жеткіншегі ретінде қарап, ананы тәрбиелеген,
қамқорлыққа алған. Осыған байланысты түрлі іс- шаралар ұйымдастырып
отырған. Түрлі ырымдар мен сенімдерге сеніп болжаулар жасаған.
«Жақсы сөз, жарым ырыс демекші», анаға сенім ұялатып, оның
физиологиялық-психологиялық денсаулығына үлкен мән
берген.
«Ел болам десең бесігіңді
түзе», деген нақыл сөздің астарында қанша мағына бар десеңші!
Қазіргі осынау дамыған заманда құндылығымызды, ұлттық нақышымызды
сақтап, ұрпаққа сіңіру білім саласының басты мақсаттарының бірі.
Сол мақсаттарға жету барысында қазіргі таңда елімізде білім
саласында айтулы реформалар болып жатыр. Солардың бірегейі
балаларды ерте жастан бастап тәрбиелеу мен оқыту бағдарламасының
жарық көріп іске қосылуы. Қазақстан Республикасында білім беруді
және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік
бағдарламасында да осы мәселе өзектілігін танытқандай. Менің ойымша
бұл нақты, маңызды қадамдардың бірі. Өйткені біздің еліміздің
бақшаларында балаларды үш жастан бастап қабылдайды, яғни біз
балаларға 3 жастан бастап көңіл бөлеміз. Әрине бұл отбасында тәрбие
берілмейді деген емес, отбасылық тәрбиеге қоғам тұрғысынан да көңіл
бөлінсе нұр үстіне нұр болар еді деген ой. Балаға ерте жастан
берілген дұрыс тәрбие оған өмір бойғы азық, шамшырақ екені айдан
анық.
Көптеген зерттеулер
көрсеткендей 3 жасқа дейін баланың алдыңғы миының жасушалары 70% -
80 % дейін қалыптасып қояды екен. Бұл дегеніміз бала тәрбиесіне
ерте кезеңдерден, нақтырақ айтсақ, 3 жасқа дейін тәрбиелеуді қолға
алуымыз керек дегені.
Бұл ой жапондық ғұлама Масару
Ибуканың «Үштен кейін кеш» еңбегінде де нақты айтылған. Ол балаға 3
жасқа дейін тәрбие берілмесе, одан кейін қанша тырысса да қиынға
түседі. Бала тәрбиесіне керек уақытта араласпай, кейіннен балаға
қысым түсірсек, оның талантын жойып, қарсылық көрсетуге де жағдай
жасауымыз ғажап емес. Бейбіт заман орнауы, бізге байланысты емес,
ұрпаққа яғни жөргектегі нәрестеге байланысты деген сияқты салмақ
салар ойларды қозғаған.
Жөргектегі нәресте - елдің
ертеңі. Сол жөргектегі нәрестенің тәлім тәрбиесі біріншіден ата-
ананың, одан әрі тәрбиешінің яғни, мектепке дейінгі қызметкердің
қолында екені анық. Осынау жауапты қызметте мектепке дейінгі
қызметкер үшін ең негізгісі- махаббат. Иә, иә, тәрбиешінің, не
болмаса басқа бақша қызметкерінің балаға деген, Отанға деген,
қоғамға, айналасындағы әлемге, өзінің қызметіне деген махаббаты.
Бұл ретте әр қызметкер өзіне қандай жүк артылғанын түсіну өте
маңызды, өйткені ол елдің болашағын
дайындауда.
Н.А.Некрасовтың «Әлемді
саясаткерлер емес, әлемді ұстаздар өзгертеді» деген ұлағатты сөзі
еріксіз ойға оралады.
Әр баланың жанын ұғынып, жеке
тұлға ретінде қарап, тәрбие мен білім нәрімен сусындату, ненің
дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіру, талантын ашу –тәрбиешінің
міндеті. Бала вундеркинд болып тумайды, қалыптасады. Зерттеулер
анықтағандай жануарлар қалыптасып туса, адам баласы жүре
қалыптасады екен. Осы тұрғыдан болашақ иесін қалыптастырушылар,
яғни педагогтер аса білімді, шығармашыл, адамгершіліктері жоғары,
жүректері махаббат пен мейірімге толы болуы шарт. Сонымен қатар
педагогтердің жағдайлары да жақсы болуы керек. Осы орайда үкімет
тарапынан да игі істер жасалуда. Атап айтсақ, 2019 жылғы 27
желтоқсандағы «Педагог мәртебесі туралы» заңы. Осы заң педагог
мәртебесін айқындап, оның құқықтарын әлеуметтік кепілдіктерін және
шектеулерін, міндеттері мен жауапкершіліктерін белгілеп берді.
Педагогтерге үкімет тарапынан жасалған қолдаулар ертең –ақ жемісін
берері хақ. Өйткені мектепке дейінгі педагогтің қолында -
болашақтың иесі.
«Маған жақсы мұғалім бәрінен
де қымбат, өйткені мұғалім - мектептің жүрегі» деп ұлағатты ұстаз
Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай, мұғалім мектептің жүрегі болса,
бақшаның жүрегі – тәрбиеші. Тәрбиеші бала көзімен ең мейірімді, ең
батыл, ең білімді, ең зерек, ең көңілді, жыласаң жұбатар, қамықсаң
сергітер – ең жақын адам.Тәрбиешілер үнемі өз біліктерін арттырып,
ойлау көкжиектерін кеңітіп, жаңа технологиялармен қаруланып отыруы
керек. Сонда ғана болашақтың жарқын болуына сенім болады.
Тәрбиешіні бағбанға да теңеуге болады. Бағбан өзінің бағына сан
түрлі көшеттерді егеді. Әрқайсысына әр түрлі күтім жасайды. Бір
көшет күннің көзін сүйсе, келесісі көлеңкені ұнатады, бірі суды
ұнатса, келесісі ұнатпайды. Бағбан соның әрқайсысын керегінше
баптайды. Тәрбиеші де сол сияқты әр баланы жеке танып, өсіп
жетілуіне жағдай жасайды. Менің ойымша бала тәрбиесі мен біліміне
жұмсалған қаражат та, еңбек те, сан есе қайтарылады. Сондықтан
мектепке дейінгі тәрбие мен білімді үкімет болып, қоғам, ел болып
көтеру игі істердің ұлысы.
Ақырын жүріп, анық
бас.
Еңбегің кетпес
далаға.
Ұстаздық қылған
жалықпас,
Үйретуден
балаға.