«Балабақша – бақыт баспалдағы»Тулеуова Айжан ЖексенбайқызыАтырау қаласы, «Ақбөбек» балабақшасының тәрбиешісі
Адамның қалыптасуы бала кезден басталады. Адам бойына жақсы мінез де нақ сол бала кезде егіледі. С.В.Михалков
Дүние есігін ашқан әрбір нәресте отбасында ата мен әженің, әке мен шешенің, бауырларының махаббатына бөленіп өседі. Әр отбасында берілетін тәрбие түрліше болуы мүмкін. Отбасы тәрбиесі рухани құндылықтармен ұштастырылып, үлкендердің өмір жолдары арқылы тәрбиеленеді. Эссеге арқау болып отырған тақырыпқа тоқталатын болсақ, балабақша тек бүлдіршіндердің келіп-кететін мекені болмай, қызықты ортасына айналуы керек. Ал, бала жүрегінен осындай орын алып, үлкен ыждағаттылық пен кең жүректілікті қажет ететін тәрбиеші болу кез-келгеннің қолынан келе бермейтін нәзік кәсіп иесі деп білемін. Өмірге келген әрбір бүлдіршіннен ел азаматтарын тәрбиелеп шығаруда үлкен рөл атқаратын тәрбиеші мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Жасыратыны жоқ, осы мамандықты таңдаған жандар кәсібіне көңілі толмай, өзге мамандықтарға өзгертіп жатады. Мен балабақшада төртінші жыл қызмет жасасам да, бүлдіршіндерді тәрбиелеуден ешбір жалыққан емеспін. Өйткені менің жас бүлдіршіндерге арнаған уақытымды бақытты кездерім деп айта аламын. Күнде ертеңгісін балабақшада бүлдіршіндерімді қарсы алып, олардың жағымды үндері мен сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе, Айжан Жексенбайқызы!» деген сөздерін естігенде, бойымда ерекше бір сезім кернеп өтеді.Балалармен болған әрбір сәт мені жаңа бір әлемге жетелеп, балалардың маған деген ықыласын, үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар сұраулы жанарларын байқаймын. Күнделікті олардың менен күтетіндері өте көп екенін сезіп, әр жұмыс күні балабақшаға бара жатқанда: «Менің кішкентай достарым,бүлдіршіндерім қандай көңіл күймен келер екен?», «Күніміз қызықты өту үшін оқу қызметін, ойын түрлерін қалай өткізсем екен?» сан түрлі ойлар мазалап келеді. Балабақшада топ балаларымен жүргізетін әрбір оқу қызметіме жауапкершілікпен қарап, дайындалуды еш жадымнан шығарған емеспін. Бүлдіршіндерді тәрбиелеуде ерекше қабілет пен асқан біліктілік, балаға деген сүйіспеншілік қажет екенін басты еске ұстап, өз педагогикалық тәжірибемде жұмыстың тартымды, сәтті шығуы үшін әр түрлі оқу қызметтерін жаңаша технологиялармен ұйымдастырамын. Көбінесе жұмыс барысында балалармен өткізілетін психологиялық тренингтер мен сергіту жаттығуларын жиі қолданамын. Мысалы, «Әуенді шапалақ», «Алты қалпақ», «Сиқырлы айдаһар», «Жұлдызқұрт» тақырыбындағы психологиялық тренингтерді өткізгенде тәрбиеленушілерім ерекше көңіл күйге бөленеді. Өзімнің шығармашылық тақырыбым «Тантамареска театры арқылы балалардың әртістік қабілетін дамыту» болғандықтан, ертегілер желісі арқылы балалардың әртістік қабілеттерін байқауым үшін әртүрлі ертегілермен олардың рөлге еніп, ойнағандағы қуаныштарын жеткізу мүмкін емес. Алдыма келетін балаларды ғажайып әлемнің тылсымына ендіру маған үлкен ләззат сыйлайды. Педагогикалық шеберлік дегеніміздің мәні алдымен қызықтыру, сонан соң үйрету деген тұжырымдамасын негізге алу болып табылады. Менің негізгі мақсатым – балаларға жақсы көңіл - күй сыйлай отырып, саналы тәрбие мен сапалы білім беру. Өзімді балабақшада жұмыс барысында балаларға бағыт беруші, жол сілтеуші сезініп, балалардың өзіне деген сенімін мен оқу қызметіне деген тұрақты зейінін қалыптастыруға жағдай туғызып келемін. Кез - келген бала дарынды немесе дарынсыз болсын, жылдам немесе ақырын қимылдасын бәрібір өзіне деген сүйіспеншілік пен құрметті қалайды. Сондықтан да әр баланың жанын түсініп, мақтап, қолпаштап, көмек көрсету арқылы қызметімде тек қана жақсы жетістікке қол жеткізіп келемін. Күнделікті жұмысымда адамның жаны мен тәні қашанда тәрбиеге мұқтаж екендігін ескерсек, тәрбиешіге артылар жүк жеңіл еместігіне көзім жетіп жүр. Балабақшада дұрыс тәлім - тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барып саналы түрде сапалы білім алуға тырысады. Тәрбиеші жұмысы – оңай жұмыс болмағанымен, абыройлы, сыйлы мамандық. Жақсы тәрбиешіні балалар ешқашан ұмытпайды. Мысалы, көктемде ғана қимастықпен мектепке дейінгі даярлық тобына шығарып салған тәрбиеленушілерім, маған ұмтылған сағынышқа толы жанарларымен мені балабақшаға іздеп келіпті. «Ел есіңде бір жыл қалғың келсе - ас бер, он жыл қалғың келсе - ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе - бала тәрбиеле» демекші баланың ой - өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына біздің тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан. Әрдайым өз тәжірибемде білімімді кеңейтіп, тәрбиеші мамандығына қатысты өткізілетін педагогикалық оқулар, семинарлар, тренингтер және жас мамандар сайысына қатысып, өз бағымды сынап отырамын. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр.Айта кетер болсам Джигсо, Өрмекші әдісі, Синквейн әдісі, Класстер әдіс-тәсілдерін өзімнің күнделікті оқу-қызметімде қолданып, Раунд-Робин әдісі арқылы қорытындылап, балаларды мадақтау арқылы жүзеге асырамын. Балалардың тілін дамытуды, қызықты үйретудің жаңа әдістері мен технологияларын өз жұмысымда қолданып келемін. Біздің балабақшамызда да балаларға үздіксіз білім беруде барлық жағдай қарастырылған. Балабақшада балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына тәрбиешілердің педагогикалық технологияларды қолдана білу сауаттылығы өте жоғары. Осы уақытқа дейін тәрбиеші ретінде балаларға үздіксіз тәрбие мен білім беруде жаңартылған технологияларды кеңінен қолдануға тырысамын. Себебі қазіргі заман балаларының берілген ақпаратты тез қабылдауынан, есте сақтау қабілеттері жоғары дамығандығын байқауға болады. Сөз соңын Атыраулық ақын Фариза Оңғарсынованың тәрбиешілерге арналған өлең жолдарымен аяқтағым келеді:
Ән салғызып, билетіп,Ылғи бізбен жүреді.Тақпақты да үйретіп,Ойната да біледі.Қызық-қызық ертектерБіздерге оқып береді.Жылауық та, тентек теСол апайға көнеді.Бастап бізді далаға,Серуенге де шығады.Біз шомылсақ жағадаБайқап өзі тұрады.Кішкентаймыз әлі біз,Үлкендерге сенеміз.Бұл тәтені бәрімізСыйлап, жақсы көреміз. Сондықтан да сөзіміз – түзу, еңсеміз – биік, рухымыз – мықты болсын десек, бірегей тәрбиеші мамандығын ұлықтай білейік!