Кездескен кедергілерге қарамай жетістікке
жетудің сыры
(эссе)
Сыни тұрғыдан ойлау бақылаудың, тәжірибенің,
ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға,
бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. Ол
болашақта әрекет жасауға негіз болады.
Сыни тұрғыдан ойлау көбінесе
қарсы пікір айтуға, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және
іс-әрекетімізге жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерді енгізуге
дайын болуға, ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге және басқаларды
сыни тұрғыдан ойлауға баулуды білдіреді.
Сыни тұрғыдан ойлау оқушының
шығармашылық ізденістерін, өз ойларын дәлелдей білу, топпен жұмыс
істеу, өз ойын ашық айту, дербес жұмыс істеу дағдыларын дамытады.
Бала оқытудағы бұл тәсілді қолданудың қажеттілігі, бала болмысының
білмекке құштарлығымен, оның қоршаған ортаны зерделеуге деген
қызығушылығымен түсіндіріледі. Сыни тұрғысынан ойлау бағдарламасы
қызығуды ояту, мағынаны тану, ой толғаныс негіздерінен
түзіледі.
Мен осы тақырыпты ала отырып,
өзімнің зерттеуімді сыныпта ынтымақтастық атмосферасын орнатудан
бастадым. Алдымен өзім сабақ беріп жүрген 9 «А» сыныбын таңдап
алдым. Оларға «Мектепте нені өзгерткілерің келеді?» деген сауалнама
бердім.
Бұл
сауалнаманы беру себебім оқушыларға не көбірек ұнайды, нені
білгілері келетінін білу. Оқушылар топпен отыруды, сабақта
еркіндіктің болғанын қалайды екен. Одан кейін оқушыларды үш топқа
бөліп, әр топқа өздерінің аттарын, ұрандарын, топ ережелерін жасап,
қорғауды ұсындым.
Тапсырма соңында оқушылардың
берген жауаптары мені таңқалдырды. Олардың ойлары менің ойыммен
тұспа-тұс келді. Олар өздерінің берген жауаптарында топпен отыруды,
топ мүшелерінің ауысып тұруын, топта бір-бірін сыйлауды, пікірлерін
есепке алуды ұсыныпты. Осы жауапты алған соң мен өз зерттеу
тақырыбымның дұрыс бағытта екеніне көз
жеткіздім.
Зерттеу жұмысымның нақты
нәтижесіне жету үшін, сауалнама қорытындысы бойынша бір қабілетті
оқушы -Сахибова Мөлдір, екі үлгерімі төмен оқушыларды таңдап алдым.
Олар: Қарап Бауыржан мен Вахитова Зарина. Олармен жеке жұмысты
мектеп психологының көмегімен жүргіздім.
Бауыржан мен Заринаның қоршаған ортамен қатынасын
білу мақсатында сауалнама алдым. Ол сауалнама қорытындысы мынадай
болды:
Вахитова Зарина-өзіне сенімді,
өзін-өзі жақсы бағалай білетін оқушы. Айналасындағы адамдармен,
достары, отбасы және мұғаліммен қарым-қатынасы жақсы. Қоршаған
ортаға қызығушылығы, өзіндік көзқарасы, пікірі, ойы жақсы деңгейде
дамып, қалыптасып келеді. Бөгде адамдардың ортасында жасқанады,
қорқады, өзін еркін ұстай алмайды.
Қарап Бауыржан-өзін-өзі
бағалауы жақсы деңгейде. Ашық мінезді, білім алуға құштар.
Айналасында достарының көп болғанын ұнатады. Оқуға деген
қызығушылығын сабақ барысында еркін көрсете алмайды. Оқуға деген
жауапкершілігі кей кезде төмендеп кетеді, бойында жалқаулық мінезі
бар. Мұғаліммен, отбасымен қарым- қатынасы, сыйластығы жақсы,
адамгершілік қасиеттері де бар.
Одан кейін осы үш оқушының
қабілеттігін анықтау мақсатында сауалнама жүргіздік. Оның нәтижесі
төмендегідей болды. Интеллектуальдық лабильділікті анықтау
тестісінің қорытындысы: Сахибова Мөлдір-қабілетті
оқушы, ой-өрісі, ойлау қабілеті жақсы дамыған, өзіндік ой-пікірі,
көзқарасы қалыптасқан, жаңалыққа жаны құмар, алдына мақсат қоя
білетін және оған жетуге ұмтылатын табанды
оқушы. Қарап Бауыржан-ойлау қабілеті
орташа деңгейде дамыған, өз ойын, оқығанын еркін жеткізе алмайтын,
сөздік қоры дамымаған, білімге деген құштарлығы аз, бойында
жалқаулық қасиеті басым оқушы. Вахитова Зарина-ой-өрісі,
сөздік қоры дамымаған, өз пікірін еркін жеткізе алмайтын, жауапты
шолақ ғана қайыратын, көп сөйлемейтін, өзіндік ой-пікірі, көзқарасы
қалыптаспаған, достарының арасында өзін еркін ұстай алмайтын
жасқаншақ оқушы.
Бұл оқушыларды білім шыңына
жетелеу үшін олардың ата-аналарынан сауалнама алдым. Сауалнама
қорытындысы: Жанұяда ата-аналардың балаларымен қарым- қатынастары,
сыйластықтары жақсы жолға қойылған. Балалар үй шаруашылығына
көмектеседі, үлкендерге қарсы, өрескел мінездер көрсетпейді,
ата-ана тілін алады, құрметтейді. Отбасында бір-бірімен
қарым-қатынаста қиындық туғызбайды. Ата-ана жанұяда балаларына
дұрыс талап қоя біледі, тәрбиесіне, оқуына көп көңіл бөледі,
мектеппен тығыз қарым-қатынас жасап тұрады. Балалар бойында
жағымсыз қылықтар байқалған жоқ. Ата-ана балаларының мінез-құлқына
қанағаттанады.
Сыни тұрғыдан ойлау модулінің
әдіс-тәсілдерін қолдану, оқушыны еркіндікке, өз ойларын анық
жеткізуге, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға, өзгелердің пікірімен
санасып, өздеріне әділ баға бере білуге
жетелейді.
Оқушыларды бір-біріне бағалату
арқылы сыныптағы ұйымшылдықты, сыйласымдықты, өзгенің пікірімен
санасуды қалыптастыруға болады.
Сабақты түрлендіріп, АКТ-ны
қолданып өткізу арқылы, оқушының жан-жақты дамуына, терең білім
алуына негіз боламыз. АКТ-ны жиі пайдалану арқылы оқушының
қызығушылығын, бір нәрсені білуге деген ынтасын, шығармашылық,
ізденушілікпен жұмысты өз бетімен орындау қабілеттерін
дамытамыз.
Жалпы осы зерттеу кезінде
оқушыларға топтық жұмыс жасату арқылы, мен олардың сыни тұрғыдан
ойлау қабілеттерін аша алдым. Оқушылар топта жұмыс істеу ережесін
мұқият орындады. Бір-біріне деген сыйласымдылық, ынтымақшылдық,
өзгенің пікірімен санасу, өз ойын еркін айта білуге үйренді.
Берліген тапсырмаға талдау жасауды, әділ бағалай білуді
үйренді.
Мен
өзімнің осындай аз уақыт ішінде жеткен жетістігімді саралай отырып,
болашақта осы зерттеуімді жалғастырмақпын. Енді мен осы зерттеу
нақты нәтижесін беру үшін бір сыныпты алып, жылдың басынан аяғына
дейін осы әдісті сол сыныпқа қолданбақпын. Өзім ойлаған нәтижеге
жеткенше зерттеуімді тоқтатпаймын.
Бұл жеке бақылау
қорытындысынан кейін мынадай ойға келдім. Оқушыны жан-жақты
зерттеу, олардың қабілеттерін анықтап, одан әрі жетілдіру, әр
ұстаздың міндеті. Біз осы қабілеттерді дамыта отырып, оларды білім
шыңына жетуіне жетелейміз. Олардың бойындағы білім шырағын жаға
білсек, ұстаздың еңбегі мен жетістігі мәңгі алау болып жанып
тұрмақ.