Материалдар / Этнофразеологизмдер

Этнофразеологизмдер

Материал туралы қысқаша түсінік
Этнофразеолгизмдер туралы түсінік берілген. Барлық ұстаздарға, студенттерге, магистранттарға пайдасы тиеді
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
22 Желтоқсан 2017
1570
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Этнофразеологизмдер

Ұлт пен тілдің біртұтастығы оның рухани- мәдени дүниесінен айқын көрініс береді. Халқымыздың бай тілдік мұрасы ұрпақтан- ұрпаққа жететін кумулятивтік қызметіне тікелей байланысты. Тілдің этнофразеологиялық қоры – сол тілде сөйлейтін ұлттың тілінде айқындалып, мәдениет танымының айнасы болып табылады. Әрбір ұлттың мәдениеті-оның тілі арқылы сақталған, таңбаланған ішкі мазмұнынан айқын көрінеді. Фразеологизмдер - тіліміздің бөлінбес бір бөлшегі, яғни өзінің көнелену жағынан да, тұлға, мағына тұрақтылығы жағынан, қолданылу мүмкіншілігі мен стильдік жағынан да өзіндік ерекшеліктері бар. Солардың бірі- тілімізде айрықша қолданылатын этнофразеологизмдер.

Ғалым Ә.Қайдар этнолингвистиканың негізгі зерттеу нысаны этнолексика, олардың көпшілігі тілімізде көп қолданылатын фразеологизмдер және мақал-мәтелдер екендігін баса айтады. «Олар бара-бара тұрақталып, мағыналық өзгерістерге ұшырауы салдарынан этнофразеологизм және мақал-мәтел дәрежесіне көтеріледі. Ал этностың өткені оның этномәдени лексикасынан айқынырақ көрінеді»,-дейді. Демек, этнолингвистикалық арналардың бірі болып табылатын этнофразеологизмдер- халқымыздың ұлттық танымын, болмысын, табиғатын көрсететін негізгі тілдік материалдың бірі. Ал, ғалым Ж. Манкееваның пікіріне жүгінетін болсақ: «Көне тамырлы этнолексика халықтың этномәдени тарихы және тілдік шығармашылығы туралы баға жетпес «ақпарат көзі» болып табылады». Этнофразеологизмдер арқылы ұлтты танытатын ақпарат ұрпақтан- ұрпаққа жетіп, тілдің танымдық аясының кеңдігін байқатады.

Тілдің этнофразеологиялық қорында тұтас бір халықтың мәдениетінің сарқылмайтын байлығы жататыны мәлім және ол ұлтқа қызмет етеді. Өйткені, тіл мен мәдениет өзара қарым-қатынаста өмір сүреді, сондықтан да тіліміздегі этнофразеологизмдер ұлт тілінде айрықша орын алады. Кез-келген тілдегі этнофразеологиялық қорды сан жағынан әрі мазмұн жағынан байытып тұратын фактор – сол тілде сөйлейтін халықтың рухани және материалдық мәдениеті. Этнофразеологизмдер – халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет- ғұрпын, тарихи кезеңдерін, эстетикалық ойлау болмысын бейнелейтін тілдік маңызды материал.

Тілдегі этнофразеологизмдер халықтың дүниетанымы, болмысы, салт – санасы, әдет-ғұрпы, рухани мәдениеті және сол халықтың тіршілігінен, өмір сүрген ортасынан, менталитетінен, психологиясы мен әлеуметтік-саяси көзқарасынан мағлұмат беретін ұлттық қолданыс болып табылады.

Этнофразеологизм – белгілі бір ұлтқа тән, сол ұлт қолданысында әдет-ғұрып, салт-сана, мәдениетіне байланысты кездесетін фразеологизмдер. Мәселен, азан айтты, қырқын берді, қанжығасы майланды, бас құда, неке суын ішті, сыбаға тартылды, ерулік беру, дөнен қымыз, үйірімен үш тоғыз, және т.б. секілді этнофразеологизмдер өзге ұлт тілінде кездесе қоймайды.

Сонымен, этнофразеологизм дегеніміз – этнос болмысына қатысты фразеологиялық бірліктердің жиынтығы, синтезі. Этнофразеологизм- ұлт тілінің көрсеткіші болып табылады.

І.Кеңесбаевтың «Фразеологиялық сөздігінен» қазақ ұлтына мейлінше жақын этнофразеологиялық тіркестер қарастырылды және көркем әдебиеттен алынған мысалдарды негізге алып, олардың қолданыс мүмкіншілігін байқадық. Қазақ тілінде де, басқа түркі тілінде сияқты этнофразеологизмдер сол ұлт тілінің танымына сәйкес туындайды.

Бұл ретте компоненттер құрамындағы ауыстырылып отыратын мәндес, мағыналас, синоним етістіктерінің алатын орны ерекше. Этнофразеологизмдердің вариант қатарлары да кездесіп отырады. Мысалы: қол ұстату / қол ұстатар, аужар айту / , азан айтты / азан шақырды / азан салды /, жыртыс сала келу / қол ұстау / күйеуге есік аштыру / есік аша келді / қоржынын апарды. Яғни, ескі салтта күйеу жағы қалыңдықтың жасау жабдығын үлкен тойдан көп бұрын, тіпті бір жыл бұрын апарып, күйеуді қалыңдық еліне көрсетіп, көп ырым-салттардан өтіп қайтатын болған. Сол бару жолын осылай атаған. Онан соң күйеуге есік аштырады. Мұның мағынасы күйеу бірнеше адам жолдас ертіп, қайын жұртына келеді.

Абайдың бұл келісі ұрын келу деп, жыртыс сала келу деп, кейде есік көре келу деп, қол ұстау деп те аталады (М.Әуезов) [4,608].

Қазақ тілінде де басқа түркі тіліндегі сияқты етістіктің аналитикалық түрлері өте көп. Көмекші етістіктермен түрленуі арқылы компоненттер саны да өзгермелі болады. Мысалы: аза күтті, аза қылды. Өлген кісіні жоқтады, қаза тапқан кісінің басы- қасында болды. Қырық күн азасын күткен қыршын жас ел қабырғасын қайыстырып кетті. (ауызекі тіл)

Ақ арулап жөнелтті, ақ арулап қойды. Өлікті мейлінше қадірлеп, бар кәдесін жасап қойды, жерледі. Ең соңғы рет түнетеді үйіне, ақ арулап жөнелтеді. (М.Әуезов)

Етістік мағыналы фразеологизмдерді құрамындағы компоненттердің сөз табына қатысын анықтауда сөздікте берілген материалдарға жүгінсек, бірнеше конструкциясының бар екенін байқадық. Мысалы, зат есім + етістік.

Азан айтты. (көне) Діни адамдардың намаз алдында дауыстап, жар салып оқитын дұғасы туралы айтылады. «Таңертеңгі уақыт болса керек, иман мешіттің төбесіне шығып алып, азан шақырып тұр екен.» ( «Лен. Жас»). Әр үйдің есігінен қарап тұрған қатын- бала азан салды ( М. Әуезов).

Аза салды. Қаралы үйге жиын асына, асқа деп, үлес-сыбаға беру. «Құнанбайдың үлкен үйі үш саба, бір ту бие, бір той сойыс апарды. Және азаға салғаным деп, Зере мен Ұлжан түйе апаратын болды.» (М.Әуезов).

Азасын өткерді. Қайтыс болған кісіні арулап жөнелтті. Әбіш сол (1919) жылғы көктемге қарай қайтыс болды. Ғабит екеуіміз оның азасын қолдан өткердік (С.Мұқанов).

Салт-дәстүрге байланысты айтылатын тұрақты тіркестер сонау ертеден келе жатқан әрі тілімізде өте жиі қолданылады. Осыған орай салт-дәстүрімізде қыз ұзату тойына байланысты және басқа да әдет-ғұрыпқа байланысты этнофразеологизмдер кездеседі.

Неке қияр, неке оқу, неке суы. Ескі салтта бұл бір-біріне жар болуға ризалық беру, жұптыққа адалдық, айнымастық серт ету, бұған көптің куәлігі.

Қол ұстату, шаш сипату. Күйеу мен қалыңдықтың бір-біріне жар болуға ризалығы болған соң, күйеу тарапынан қалыңдыққа жасалатын ризалық көңіл білдіруі, құрмет көрсету ізеті. «Қол ұстату, шаш сипату деген атақты ырымдар осы.» (М.Әуезов).

Қалыңдық ойнады. Ұрын келіп бетін ашқан күйеу қалыңдығына келіп, ойнап-күліп жүруге ерікті болған, қыз бен жігіт бір төсекте жата беретін болған. Осы салтты «қалыңдық ойнады»деп атаған (М.Әуезов).

Бәйге тікті. Озғанға берер жүлдесін атайды. «Ал Қарсақ, Борсақ жарысы болады. Жеңеше, балуанның қайсысы, бәйгеңді тік!» (М.Әуезов).

Бата қылды. Өлген кісінің үйіне барып, дұға етіп, артына қалғандарына көңіл айтты, ас қайырды. Қолымда туған адам еді, Мұқаң марқұмға бата ғып қайтайын деп талпындым.» (С.Мұқанов).

Қалжа жеді. Әйел босанғаннан кейін жас сорпа-ішіп әлденеді деген мағынада. «Тақсыр, Жиреншенің әйелі жаңа ғана жас босанып, қалжа жеп жатыр еді» («Хан мен Жиренше»).

Кәдесін алды, жолын алды. Салтқа байланысты жолмен сыйлық, бұйым сияқты алымын алды. Кәкенді жеңгелері күйеуіне оңаша жолықтыру керек те күнәсіздігін көрсетіп, күйеуден кемпір өлді, ит ырылдар, бақан аттар, есік ашар, қол ұстатар кәделерін алуға тиісті (С.Мұқанов).

Малдас құрды. Тізені алшайта беріп, аяғын айқастыра, астына ала отырды. Күшбегіне қарсы, дастарқанның бергі жағында малдастарын құрып, Күшбегіне қарай қалған Есенгелді мен Саржан («Қаһар», І.Есенберлин).

Ерулік берді. Көрші кеп қонған үй иелерін шақырып, қонақ ету мағынасында айтылады. Алғашқы күндер-ақ қатар қонған екі ауыл бір-біріне ерулік беріп, шақырысып, араға аяқ-табақ қатынап қалды (Ә.Нұрпейісов).

Жоғарыда келтірілген этнофразеологизмдер мәтіндегі қолданылу мүмкіншілігіне, мәнерлілік, әсерлегіштік қасиетіне, стильдік қызметіне байланысты көркем шығармада қолданылып, ұлттың өмірінен, тұрмыс- тіршілігінен, салт- дәстүрінен, әдет- ғұрпынан, болмыс- танымынан мол мағлұмат беретін синкретті категория. Аталған этнофразеологизмдер-ұлт тіліндегі фразеологиялық қордан орын алған, ерекше мазмұндық сипаты бар және ұлттық болмысымызды айқындайтын тұрақты тіркестер. Тіліміздегі этнофразеологизмдер «ұлт-тіл-мәдениет» біртұтастығын айқындайтын этнолингвистикалық арналар болып табылады.

Тіліміздегі тұрақты тіркестердің мағыналық астарында халықтың ерте уақыттан бергі өмірінің бүкіл болмысы сақталып суреттеледі және ұлт санасында бейнеленеді. Образға негізделген көрініс тіл арқылы жарыққа шыққанда, ондағы ұлттық қабылдау, қазақи дүниетаным, ойлау ерекшеліктері бірден аңғарылады. Фразеологизмдердің қалыптасу негіздерін халықтың ұлттық мәдени көздерімен байланыстыра қарастырудың мәні зор. Фразеологиялық тіркестерде берілетін этномәдени ақпарат тілдің танымдық қызметін аша түседі.

Сонымен, тілімізде ойымызды бейнелі, мәнерлі етіп, айқын жеткізуде өзінің бейнелілігімен, әсерлілігімен, экспрессивті-эмоционалды бояуымен және ұлттық сипатымен айрықша көзге түсетін этнофразеологизмдердің орны ерекшеленіп тұрады.
















Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. –Алматы: Ғылым, 1988. –197 б.

2. Манкеева Ж. М. Этнос тілі табиғатының ерекшеліктері // Тіл тарихы және сөз табиғаты. Ғылыми мақалалар жинағы. – Алматы, 1997. – 235 б.

3. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. –Алматы: Ғылым, 1977. –797б.

4. Әуезов М. Абай жолы. – Алматы, 2002-2004. – 608 б.

 


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ