Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Ғылыми жоба "Жусан иісі"
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Қазақстан Республикасының ғылым және білім министрлігі
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы
Бағыты: Жаратылыстану
Тақырыбы:
ЖУСАН ИІСІ
Орындаған: Мұратбек Қауле
11-сынып, Ш. Уәлиханов атындағы Сарыөлең ОМ КММ
Жетекшісі: Қалелова Ләззат Айкенқызы
Биология және химия, Ш.Уәлиханов атындағы
Сарыөлең ОМ КММ
Сарыөлең ауылы
2016 жыл
Мазмұны:
І. Кіріспе ....................................................... 3
ІІ. Негізгі бөлім..........................................4-16
-
Жусан өсімдігіне жалпы сипаттама.
-
Жусан өсімдігінің адам өміріндегі маңызы.
-
Тәжірибе
ІІІ. Қорытынды ……………..…………17-18
IV. Пайдаланылған әдебиеттер ................19
Кіріспе
Өсімдіктер (Plante) - тірі организмдер дүниесіндегі негізгі екі топтың бірі (біріншісі - жануарлар). Құрлықтың барлық жерінде өседі, суда кездесетін түрлері де бар. Өсімдіктердің 375 000-ға жуық түрі бар. Өсімдіктер тұқым тобының ең үлкені - гүлдейтін немесе жабық тұқымды өсімдіктер. Олардың 250 000-нан астам түрі бар. Өсімдіктер күн сәулесінің көмегімен (фотосинтез) өз қорегін табады. Саңырауқұлақтар бұрын өсімдіктер қатарына жатқызылатын, алайда өз қорегін өндірмейтін болғандықтан, қазір олар жеке класқа жіктелген. Олардың 100 000-ға жуық түрі бар.Өсімдіктердің тірі ағзалар ішіндегі алатын орны ерекше. Жер шарында өсімдіктердің 500 млн. астам түрлері бар.
Өсімдік – жер шарының «өкпесі» деп бекер айтылмаған. Тіршілік атаулыны өсімдіксіз елестетуге болмайды. Қазақстан жері ұлан-байтақ. Осындай байтақ өлкенің табиғи жағдайы біркелкі емес, соған байланысты әр аймақтың өзіне ғана тән өсімдігі бар.
Адамдар мен жануарларға оттегі қажет. Жылына бір адам тыныс алу үшін 173 мың литр оттегін қабылдайтыны анықталған. Өсімдіктер ауа қабатына оттегін бөліп шығарады, ауаны шаң мен улы газдан тазартады және ауаға ауру тудыратын бактерияларды жоятын ерекше зат бөліп шығарады.
Өсімдік айналадағы ортаны жақсартады: ауа райын салқындатып, қатты желге тосқауыл болады; аптап ыстықты қайтарып, қысқы суықтың ызғарын бәсеңдетеді. Өсімдіктердің медицинада алатын орны да орасан зор.
Өсімдіктің 150-ден астам түрлерінен дәрі жасалады. Оларды адам сәндік үшін де өсіріп, эстетикалық ләззат алып, рахаттанады.
Аннотация
Ғылыми жобаны жасаудағы мақсатым: Жусан өсімдігін түбегейлі зерттеп, адам өміріне тигізетін пайдасын анықтау. Жусаннан түрлі ауруларға ем болатын дәрілер жасап шығару.
Зерттеу объектім: жусан өсімдігі.
Нәтижем: Жусаннан жасалған жұтқыншақ ауруларына және буын ауруларына арналған дәрі жасадым.
Негізгі бөлім
Жусан деп ел атаған,
Шөп ол бойы жатаған.
Дауылға, желге көшпеген
Шөлге берік өскелең.
Дәрі – түбір, бұтағы,
Жусан – қырдың жұпары,-деп
(Бағдат Айтмұқаева) айтқандай Жусан! Осы бір жүрегімізге жылылық сағыныш сезімін ұялатып, жанымызды жадыратып, көңілімізді көкке көтеретін, даламыздың дархандығы мен қадір қасиетін санамызға сіңіп қалған , салиқалы еске түсіретін қасиетті сөзде ерекше құдірет бар десеңізші!
Қаптап қырда шығатын,
Көп шөп демей, жусанды
Иісі мұрын жаратын,
Біліп ал, шын атын...
(І. Шұғаев)
Жусан (Artemisia) – гүлді өсімдіктердің күрделігүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптектес өсімдіктердің туысының атауы. Дүниежүзінде жусанның 500-ден аса түрі кездеседі, оның 81 түрі еліміздің далалы, шөлейтті және шөлді өңірлерінде өседі. Олардың сабақтарының биіктігі жеке түрлеріне сәйкес 10-60 см, кейде 1,5-2 метрден асады. Сабақтары көбіне тік, кей түрлерінің сабағы жерге жайылып өседі. Қауырсын пішінді жапырақтары сабақтарына кезектесіп орналасқан және олардың жиектері тілімденіп келеді. Кей түрлерінің жиектері біркелкі тұтас тілімденбеген. Ұсақ гүлдерінің түсі ақшыл, сарғыш.
Тамыз- қыркүйек айларының аралығында гүлдейді. Жемісі-тұқымша.
Жусан-құнарлы мал азығы,дәрілік,бояғыш,тағамдық,витаминді,эфир майлы өсімдік.
Тарихы
Латындар бұл шөпті артемизия деп атайды. Шөптесін өсімдіктердің дәрілік қасиетін ашқан Артемид құдайдың құрметіне осылай деп атаған. Жалпы ата-бабаларымыз «жусан» деген сөзді естіген кезде жандары ерекше жадырап, туған жерге деген ерекше сағыныш сезімге бөленеді. Қазақ халқы үшін жусан қасиетті өсімдік. Алыс сапарға аттанғанда жусанды өзімен алып жүріп, туған жерге деген сағынышын басады, яғни «Отан» деген ұғыммен пара-пар мағынада айтылады.
Ертеде бір батыр жігіт өз елін тастап жатжұртқа кетіп қалған екен. Оны елге қайтару үшін қаншама рет барған елшілердің сөзіне құлақ аспапты. Сонда бір тапқыр данышпан елде өскен кепкен жусанның бір бумасын апарып иіскеткенде елге деген ерекше сезімі оянып, көзінен жасы тамшылап, жедел туған еліне оралған екен деген аңыз да ақиқатты аңғартса керек.
Асқан батырлығымен Мысырды билеген Бейбарыс бабамыз туған елден жусан мен жусан иісі бұрқыраған қымызды алдырып ішкен деген тарихи деректер де сақталған.
Тұнып тұр ғой түз деген,
Жусан болып мың аңыз.
Сондықтан да біз деген,
Жусан аңқып тұрамыз.
(Темірхан Медетбек)
Түрлері
Қазақстанда өсетін жусанның 17 түрі сирек кездеседі және олардың кей түрлері тек біздің еліміздің аумағында өсетін эндемик түрлерге жатады. Мысалы, Қазақстанның оңтүстік аймағында ғана өсетін дәрмене деп аталатын жусанның шипалық қасиеті өте зор. Шырғалжын жусанының жапырағы мен сабағын тағам ретінде пайдалануға болады. Жусанның улы түрлері де бар. Ащы жусан, қара жусан, боз жусан (дәрмене) т.б. жусан түрлері құнарлы мал азығы болып саналады. Тамыржусан мен дәрмене жусаны қолдан өсіріледі.
Улы түрі «Таврий» жусаны, оны мал жемейді.
Қара Жусанның емдік қасиеті ерте кезден-ақ белгілі болған. Шөбі мен тамырының тұнбалары тәбет ашады, асқазан, ішек бездерінің қызметін күшейтеді, жүйке жүйесін тыныштандырады. Сондай-ақ оның тер шығаратын, ішек құртын түсіретін қасиеті бар. Демікпеге шалдыққан адамға Қара Жусанның сабағы мен жапырағының түтінін иіскетеді.Қытай медицинасында бүйрекке тас байланғанда сол шөптің қайнатындысынан ванна жасайды. Ермен-ай, ермен, ермен шөп аңқиды иісін желмен кеп...! (Нұрлан Мәукенұлы).
Ермен
Кейде ерменді «боз жусан»,кейде«ойраншөп» деп те атайды. Оның сабағының биіктігі 2 метрге дейін, ал тамыры 4 метр тереңге дейін таралады.
Киелі ерменнің биіктігі 20-45 сантиметр шамасында келеді. Жер астындағы тамыр сабағы, көген тамыры көлденең өседі, ағаш тектес болып өзгереді. Тамыры топырақ түсті, иісі жағымды. Сабағындағы сансыз бұтақтары көлбей көтеріле өседі. Жалғыз сабақты болады. Қызыл күрең не жасыл түсті келіп, сыртында ақ түсті мақта тәріздес түктері болады. Жапырақтары кезектесіп не қарама-қарсы орналасады, төңкерілген жұмыртқа формалы, қауырсын айырықты. Кішкентай жапырақтары таспа тәрізді, қандауыр формалы, сағақсыз. Қысқа бұтақтары сабақ бойында дөңгелене өседі. Шоқбас гүл шоғыры сабағына қолтықтай өсіп, жиі орналасады. Сыртынан қарағанда жұмырлау түтік тәрізді көрінеді. Гүлі кішкене, сары түсті. Қыркүйек, тамыз айларында гүлдейді. Гүл кездегі киелі ерменді қазақ малшылары «айжамал гүлді ермен», «гүл ермен», «ерменгүл» деп те атайды. Гүл ашқанда сұлулық, әсемдік шегіне жеткен кезі, дәрілік қуаты асқан кезі.
Киелі ерменнің жер шарында кең тараған 200-дей түрі бар. Олар биік, ұлы таулардың шөпті жерлерінде, таудың күнгей беттерінде, самырсынды орман арасында өседі.
Қазақ емшілері киелі ерменнің барлық шөбі дәрі деп біледі. Ермен піскен кезде, гүлдеген тұста, жазда, күзде қазып алып, жіппен буып, көлеңкеде кептіреді. Кейін ұсақтап турап, дәрі ретінде қолданады. Бұл гүлден жасалған дәрілердің қасиеті – ащылау дәмді, жылы райлы, уытсыз. Ыстықты басады, уытты қайтарады, тамақты сіңіреді. Жылан шаққанға киелі ерменнен бір сәрі суға қайнатып не суға бұқтырып ішеді. Киелі ерменді суға қайнатып алып, оның суымен жылан шаққан жерді жуса уы қайтады, тез жазылады. Есекжемге, түрлі себептермен ісіп ауырған адамдарға ем болады.
Дәрмене
Жусанның ерте кездерден бастап шипалық қасиеті зор түрінің бірі – дәрмене (дәрмене) жусаны (Artemisia cina). Ол жер шарында тек Қазақстанның оңтүстік аймақтарында ғана өсетін қасиетті өсімдіктің бірі. Ертеде бабаларымыз дәрмене жусанын шет елдерге сауда керуендері арқылы көп мөлшерде жіберіп отырғандығы туралы деректер кездеседі.
Дәрмене жусанының шипалық қасиетінің зор екендігін байқаған неміс кәсіпкері 1884 жылы Шымкент қаласында арнайы зауыт ашып, одан «сантонин» дәрісін алып, ішек құртын түсіруге қолданған. Ол дүниежүзіне сантонин шығаратын бірден-бір зауыт болды. Кейін дәрменеден эфир майы т.б. препараттар алына бастады.
Дәрмененің әлемдік даңқының артуына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы «Дәрмене» шаруашылығы құрылды.
Дәрмене жусанының бастапқы отаны Палестина мен Мысыр елі болған деген деректер бар. Ертеде оны арабтар «киелі шөп» деп атаған. Ал қазақша дәрмене атауы «дәрі міне» деген мағынаны білдіреді. Ата бабаларымыз ертеден-ақ бұл жусанның сабағы мен тамырының тұнбасын тәбет ашуға, асқазан, ішектің қызметін жақсартатынын білген.
1921-1922 жылдары Алтайдан бастап Орта Азияның дәрілік өсімдіктерін зерттеген фармацевт ғалым Питирим Сергеевич Массагетов дәрмененің Арыс өңірінде көптеп өсетінін және оның «дәрмене дәнегі» шет елдерге жіберіліп тұрған және 1830 жылы одан сантонин дәрісі алынғандығы туралы жазған. Ертеректе Шымкент қаласында бір, Ташкент қаласында екі дәрмене жусанын өңдейтін зауыттар болған.
Ертеде халқымыз құяң ауруымен ауырған адамдардың белін күнжіт майына немесе керосинге қосылған дәрмене тұнбасымен емдейтіндігін жазушы Серік Байхоновтың еңбектерінен кездестіруге болады. Ол «қазақ халқы үшін жусаннан қадірлі, жусаннан қасиетті өсімдік жоқ»,- деп өте орынды жазған.
Ақын Нұрлан Мәукенұлының «Ермен-ай, ермен, ермен шөп, Аңқиды иісің желмен кеп... Ерменнің дәмін алғанмын, елжіреп жүрек қалғанмын» деген жыр жолдарынан ермен жусанының қасиетін аңғаруға болады.
Дәрмене жусаны шағын аумақта ғана өсетіндіктен және сирек кездесетіндіктен қатаң қорғауды қажет етеді және жусанның бұл түрі Қазақстанның Қызыл кітабына (1981) тіркелген.
Іле жусаны
Биіктігі – 50-80 см-ге дейін жететін, шөлде өсетін, шалабұта, тамыры жуан, кіндік тамырлары, өсімдік сабақтары жиі бұтақталған жұмыр, сырты түкті соның әсерінен сырттай қарағанда бозғылт жасыл түсті болып көрінеді. Жапырақтары ұзын сағақты, ұзындығы 3,5-6 см. Ені 1-1,5 см, тақталарының жиектері терең ойықталған. Себет гүлдері сыпыртқы гүлшоғырын құрайды, әрбір гүлдің ұзындығы 3 мм. Гүлдері қосжынысты, әр себетте 3-5 гүлден болады. Гүл шығаратын бұтақтары шілде-тамыз айларында қыркүйектің басында себет гүлі жарылыпы, майда тұқымдары шашылады. Тұқымы өте баяу өседі, 1 жылы биіктігі 10-12 смбір ғана сабақ шығады, екінші және үшінші жылда ғана гүлдейді, осы кезде үш те бес гүл шығаратын сабақтар шығады. Гүлінде 3-4,94 %сантонин бар. Қазақ ССР академиясы алғаш рет 1949 жылы мәдени түрде өсіре бастады.
Іле жусаны Солтүстік Тянь-Шаньның эндемі, тек қана Іле Алатауында өседі. Тасты беткейлерде қызыл топырақта ғана өседі. Бұл жусанды өорғау мақсатымен Алматы облыстарының савхоздарында қолдан көбірек өсірген.
Жусан өсімдігінің маңызды ерекшеліктері
Жусанның көптеген түрлерінің маңызын халқымыз ерте кездерден бастап-ақ біліп, дәрі-дәрмек, мал азығы ретінде пайдаланып келген.
Жусанның жұпар иісі туралы және оның қазақ даласының қасиетті өсімдігі екендігі жайында аңыз әңгімелер көптеп кездеседі.
Ойыма ащы мұң салар
Қапаланып тұрсам бір-
Жусан – күй мен жусан - ән,
Жусан сөз бен жусан – жыр...
(Темірхан Медетбек)
Мал қоректенетін өсімдіктердің құнарлысы мен нәрлісін халқымыз «от» деп атайды. Мысалы, киік оты т.б. «Жусансыз жерді от деме, көжесіз елді тоқ деме»,- деген халық нақылы соның бұлтартпас айғағы деп атап айтуға болады. Халық ұғымында «қара от» - «жусанды жер» деген мағынаны білдіріп, ондай жер түйе мен қой үшін өте пайдалы өңір деп есептелінсе, «боз от» - бетегелі, қауданды, қияқты, бидайық өскен жерлерге айтылады. Мұндай жерлер жылқы түлігі үшін өте құнарлы азық болады деп тұжырым жасаған. «Изен, жусан болмаса шөпте береке болмайды, ауыз бірлік болмаса, көпте береке болмайды» деген Ескелді би бабамыздың даналық сөздері осының айғағы іспеттес. Ертеректе Олимпиада ойындарында жеңіп шыққандарға сыйлық ретінде жусаннан жасалған сусын ішкізетін болған.
Римдіктер жусан тұнбасын асқазан ауруларын емдеуге пайдаланған. Ал қытайлықтар аяқ киімдеріне жусанның жапырағын салып жүрсе, тамаққа деген тәбетті артырады деп есептеген. Жусан теңіз саяхатшыларының түрлі теңіз ауруларынан сақтайды.
Бір нәрсеге қапаланғанда жусан иіскесеңіз көңілінің орнығады. Ұйқызыздыққа ұшырағанда жастығыңыздың астына жусан қойсаңыз, көзіңіз тез ілінеді.
Жусан тұнбасын дайындау үшін бір шай қасық үгітілген жусан жапырағын бір стакан қайнаған ыстық суға салады. Оны жарты сағаттан соң ішуге болады. Тамақтанбас алдында жарты сағат бұрын бір ас қасықтан күніне үш мезгіл ішеді. Осылайша екі апта пайдаланған соң тоқтату қажет.
Жусан бөлмедегі ауаны тазартып, жүйкені тыныштандырады. Тіпті, моншаға түсерде жусан жапырақтарын пайдалануға болады.
Ауыз шаюға керекті тұнбаны бір ас қасық жусанды бір стакан қайнаған суға бұқтырып дайындайды.
2012 жылдан бастап Қазақстанның Ерлан Сүлейменов бастаған жас ғалымдары жусаннан эфир майларын ала бастады. «Қазақ даласының хош иісі» атты жоба бойынша «Жусан» атты арнайы иіссу алуды қолға алып игілікті жұмыс жүргізуде.
Қазақстандық мамандар қатерлі ісікке қарсы жергілікті жусаннан дәрі жасап шығарды. Дәрі ТМД елдеріндегі онкологиялық клиникаларда кеңінен қолданылатын болды.
Қарағанды қаласындағы фитохимия иниститутының өнімі – «Арглабин» дәрісі Ресейдің ғылыми орталығында клиникалық сынақтан өтіп, ТМД аумағына таралу құқығына ие болып отыр. Бұл туралы Ұлттық ғылым академия өкілдері хабарлады. Бұған дейін осы дәрі 11 елдің патентімен қорғалған болатын.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл дәрі бауыр, өкпе және сүт бездерінде пайда болған ісіктерді емдеуге және олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін қатерлі ісік ауруларына қолданылатын бұл дәріге шетелдерден 11 миллион данаға тапсырыс түссе, ішкі сұраным 2 миллион данаға жетіп отырған көрінеді.
Қарағанды қаласында осыдан 2 жыл бұрын президент Назарбаевтың тапсырмасымен «Арглабин» дәрісін шығаратын зауыт құрылысы басталған болатын. Жусаннан қатерлі ісікке қарсы дәрі жасайтын фармацевтикалық кәсіпорын құрылысына инвесторлардан және Қарағанды облысының бюджетінен 93 миллион теңге бөлінген.
Сондай-ақ, зауыт құрылысына Ресей банктері қаражат беруге келісті. Оның сыртында, Германияның «Лурги» атты компаниясы осы дәрінің Еуропада сынақтан өткізілуін өз мойнына алды. Қарағанды облысының кәсіпкерлікті дамыту басқармасының маманы Мирамбек Үсенбековтың айтуынша, Германия дәрігерлері қазақстандықтардан осы дәріні шығару құқын сұрапты:
- Немістер келді осында. Бізге патент берсеңдер деп сұрады, біз бермейміз, дедік. Енді олар сатып алатын болды. Олар тіпті екі есе бағасымен беріңіздер деді. Мысалы, бізде 3 доллар тұрса, олар 6 доллардан алмақ.
Қазақстанда өсетін 1000 түрлі жусанның тек біреуінен ғана осындай дәрі жасауға болады дейді мамандар. Қарағандыдағы фитохимия иниститутының мамандары бұл жусанның атын және дәрі жасау технологиясын құпия ұстап отыр дейді облыстың кәсіпкерлікті дамыту басқармасының өкілдері.
Ал жергілікті онколог дәрігерлердің айтуынша, соңғы кезде тек Қарағандының өзінде қатерлі ісікке шалдыққандар саны көбейіп кеткен екен. Кәсіпкерлікті дамыту басқармасының маманы Мирамбек Үсенбеков жаңа дәріге сұраныстың бірнеше есеге артқанын айтады:
- Ресей, Украина, Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстаннан сұраныс бар. Осы уақытқа дейін қатерлі ісік ауруларына қолданылатын бұл дәріге шет елдерден 11 миллион данаға тапсырыс түссе, ішкі сұраным 2 миллион данаға жетіп отыр.
1997 жылы «Арглабин» препаратының жасалуы Қазақстан үшін үлкен жаңалық болған еді. Алғашқы сынақ барысында дәріні қабылдаған 72 аурудың 44 пайызында ісіктің өсуі тоқтаған екен. Қарағанды зауытында шығарылатын «Арглабиннің» әр ампуласы 3 долларға бағаланып отыр. Бірақ, ол емханаға түскенде үстеме баға қойылуы мүмкін, ал Еуропада ол бұдан да қымбат бағаға сатылады деп отыр Қарағанды облысының кәсіпкерлікті дамыту басқармасының өкілдері.
Ал дәрігерлер болса, «Арглабин» қатерлі ісіктің барлық түрлерін емдей бермейді, есесіне ол әлгі аурудың бірнеше түріне шипалы дегенді айтады. Қарағанды облысының онкологиялық орталығының дәрігері Мұратбек Жұмақаевтың айтуынша, «Арглабинді» жалғыз емес, басқа ем түрлерімен бірге қолданған абзал:
- Ол адамның иммунитетін көтеретіні зертханада анықталған. Сәуленің адам ағзасына ықпалын азайтады, ал, ісікке әсерін көбейтеді. Өз күшімен жазып шыққан бір-екеу ғана. Көбінесе ісікті кішірейтеді. Әсіресе, бауыр, қуық, төс ісіктеріне әсері бар.
Қатерлі ісікті сәулемен емдеу барысында «Арглабин» қолданылса, науқастардың емделуі 95 пайызға көтеріледі дейді жергілікті онколог дәрігерлер. Ал, фитохимия институтының маманы Науан Жаңғабыловтың айтуынша, Қазақстанда сынақтан өткен кезде дәрінің шөптен жасалатындықтан адамның сау органдарына зақым тигізбейтіндігі анықталған. Бірақ, асыра пайдаланса азғантай зияны болуы мүмкін дейді ол:
- Токсикалық әсері төмен болады. Асыра пайдаланса, жусанға деген аллергиялық реакция қоздырады.
Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда «Арглабин» денсаулық сақтау министрлігінің өмірлік маңызы бар дәрілердің тізіміне енгізілген. Бүгінде «Арглабин» дәрісі 11 елдің патентімен қорғалып отыр. Қарағанды облыстық онкологиялық орталығының дәрігері Мұратбек Жұмақаевтің айтуынша, дәрі жоғары технологиялар бойынша жасалады, ал фармацевтика ғарыш, информатика және электроника сияқты жоғары технология салаларының бірінші төрттігіне кіреді дейді ол.
Тәжірибе –зерттеу жұмысы
Өз тарапымыздан осы оңірде кездесетін «Ащы жусан» түріне тәжірибе-зерттеу жұмысын жүргіздік,бұл жұмысты 2015 жылдың шілде айынан бастадық,өйткені тамыз, қыркүйек айларында гүлдейді, сондықтан емдік қасиеті жойылады екен деген деректер бар. Теориялық мәліметтер біраз болғандықтан,адамның өміріне қандай пайдасы бар екенін анықтағымыз келді. Сол себептен жусанның бұл түрі бізді өте қызықтырды. Гүлдемей тұрған кезде жапырақтарын жинадық.
Зерттеу барысында біз иісіне де назар аудардық,өйткені иісі өте өткір болды.
Жусан жапырағын жылы сумен жақсылап жуып, содан кейін 1 кесе суға орташа ұзындықтағы 1 түп жусанның жапырағын қосып қайнаттым. Қайнатындының үстіне қой майынан жарты кесе салып, қайнатпаның құрамындағы су түгелімен буланып кеткенше қайнаттық. Соңында қою жасыл түсті, иісі өткір, дәмі ащы болатын шөп дәрі алдық. Бұл дәріні құрғақ жөтел мен жұтқыншақ қабынуына қарсы қолданып көрдік. Нәтижесінде 4-5 күннен кейін жөтел түбегейлі жойылып, жұтқыншақ қызаруы бәсеңдеп, тамаққа тәбетті арттырды. Қайнатпаны 5 күннен артық қолдануды жөн көрмедік, бұл тәжірибе арқылы жусанның жұтқыншақ ауруларына айтарлықтай ем болатындығына көзіміз айқын жетті.
2015 жылы жаз айларында ұстазыммен тағы да жусанның жаздық өркендерін жинауға кірістік. Бұл жолы жусанның буын ауруларына, сүйек қақсауға пайдасының бар, жоқтығын анықтау мақсатында тұнба жасауды жөн көрдік.
Жаздық жусанның өркендерін теріп әкеліп, жапырақтарын ұсақтап кесіп, оларды 2 жұмадай кептіріп,содан кейін этил спиртін қосып тұнба жасадық.Ол тұнба 1 ай тұрды. Әжелеріміз айтып жүретін тіземіз басқызбайды,нені ғана қолданбадық әртүрлі жақпамайлар жақсақ та тек бір күнге ғана әсері бар деп. Әрине бұл зерттеу жұмысты үлкендердің көмегімен ғана іске асырдым.Содан кейін әжелерімізге ұсындық.Тізелеріне 2 айдай жағып отырдық. Желтоқсан-қаңтар айларында әжелеріміз өздерін біршама жақсы сезінгендерін айта бастады. Қаңтар, ақпан қолданған жоқ, наурыз айынан бастап тағы қолданды, сонда байқағанымыз емдік қасиеті 2 жұмада біліне бастады, осыдан нені байқауға болады? Тұнба неғұрлым көбірек тұрса, со ғұрлым емдік қасиеті зор деуге болады. Міне жусан өсімдігінің адам денсаулығына пайдасы бар екеніне тағы біл дәлел қосылды.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, кең байтақ даланың жұпар иісті жусаны ел игілігі үшін алдыңғы уақыттарда талай кәделерге жарайтынына сеніміміз мол.
Еліміздің түрлі аймақтарында жусанға байланысты қойылған жер атаулары да көптеп кездеседі. Мысалы, «Жусандала» табиғи қорықтық белдемі, «Жусанды» Қызылқұм мен Сырдария аралығындағы жазық даланың атауы, «Жусандала» Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы көне қамал атауы және т.б. атап айтуға болады.
Үлкендердің арасындағы «Жусан өсімдігінің пайдасын білесіз бе?» деген сауалдың көрсеткіші бойынша ,сұралған үлкендердің саны 72 адам,білем-30 адам,білмеймін-42 адам.Біз тәжірибе-зерттеу жұмысын жүргізіп,нәтижесінде жусан өсімдігінің адамның денсаулығына пайдасы бар екенін анықтадық.
Енді үлкендердің көбі білетін болады деген ойдамыз.
Үлкендердің арасындағы «Жусан өсімдігінің пайдасын білесіз бе?» деген жүргізілген сауалдың көрсеткіші:
Сауал алынды: 72 адам.
Білемін: 42
Білмеймін: 20
Д.И.Менделеевтің өзі: «Ғылыми жаңалықтар мен болжамдардың шегін көру мүмкін емес» ,-деген. Айналамызда өсетін өсімдіктерді зерттеп, біліп, емдік қасиеттерін үйреніп, оларды өз пайдамызға жарата білу әр тұлға үшін қажет. Әсіресе ата-бабаларымыз қастерлеген жусан сынды өсімдіктердің пайдасын біліп, үйреніп жүру, қадірін білу туған жерге деген азаматтық парызымыз.
Жусан, Жусан,
Ақ жусан, иісің қандай,
Сылқым емес,Сыршылдау сиқың бардай.
Жұпарыңды жұта алмайЖүрмін қазір,
Содан болар тұрамын ұйқым қанбай.
Шырылдауық торғайың шырқыңды алмай,
Қалды-ау, шіркін, керемет жыр тыңдалмай.
Ол күн қандай, айтшы өзің, бұл күн қандай,
Саған қарай жүрегім жұлқынғандай.
Жұпарым-ау, сен барда қараппын ба,
Қараппын ба көркіне абаттың да.
Сағынумен келіп ем салып ұрып,
Қалыпсың ғой қатігез қар астында.
Асап едім сол қарды, ғашық иіс
Кернеп кетті кеудемді... ғажап мұнда!
Саған деген махаббат, сағынышты
Құрта алмапты құрығы азаптың да...
Құмарымды қалдырып қар астында,
Берілем-ау тағы да азап, мұңға.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
«Өсімдік – табиғат қазынасы» (Р. Ә. Әлімқұлова; М. А. Тәртенова; Алматы «Қайнар» 1984 ж.) – 16, 20 б.
-
«Жасыл әлем сырлары» Дәрмен берер дәрмене (Қ. Сыбанбеков; Алматы «Рауан» 1990 ж.) – 135 бет.
-
«Қазақстанның дәрілік өсімдіктері» (Ә. Іскендіров 1982 ж. «Қазақстан» баспасы) – 20 бет.
-
«Қазақстан табиғатын сақтау» (А. В. Чикарин «Алма-Ата» 1975 ж.) – 102 бет.
-
«Дәрілік өсімдіктер» (С. Байхонов) – 58 бет.
-
«Пайдалы шөптесін өсімдіктер» (Е.В. Иванова; Минск «Урожай» 1970 ж.) – 36 бет.
-
«Табиғат сыйлары» (А.Д.Жангалиев, Б.С.Родионов; Алматы «Қайнар»; 1979 ж.)
-
«Жабайы алма ағашы» (А. Жангалиев; Алматы; 1977 ж.) – 112 бет.