Материалдар / Ғылыми жұмыс "Марқакөл қорығы"
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Ғылыми жұмыс "Марқакөл қорығы"

Материал туралы қысқаша түсінік
Марқакөл қорығы жайында кең көлемде мағлұмат береді.Оқушылар мен мұғалімдерге
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
16 Тамыз 2018
1604
3 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Тақырыбы: Марқакөл қорығы

География пәнінің мұғалімі: Алтаева Жансая Сеиткасымовна

Жоспар.


І.Кіріспе.

Марқакөл мемлекеттік қорығының географиялық орны.


ІІ.Негізгі бөлім:

2.1.Марқакөлдің климаты.

2.2.Марқакөлдің өсімдіктер дүниесі.

2.3.Марқакөлдің жануарлар әлемі.

2.4.Марқакөлдің құстары.


ІІІ.Қорытынды.

Республика қорықтарының бүгіні мен ертеңі.






























І.Кіріспе.

Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап дамыған шағында табиғат байлықтарын қорғауға – үлкен мән беріліп отырған игілікті жұмыс.Әсіресе табиғаттың бұзылмаған үлгісін сақтап қалуда – қорықтардың алатын орны ерекше.Қорықтарда тек бағалы хайуанаттар мен өсімдіктер ғана қорғалып қоймай,сонымен бірге туған еліміздің ғажайып сұлу орындары да сол қалпында сақталады.Сондықтан да республикамызда қорық санын көбейту мәселесі көптен ойда келе жатқан маңызды әстердің бірі.Сол талаптың орындалуының бір айғағы – Марқакөл қорығының дүниеге келуі.

Марқакөл қорығы – республикамызда ашылған алтыншы мемлекеттік қорық.Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы 1976 жылы 4-тамызда Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы территориясында бірегей Марқакөл көлі мен оны қоршаған ландшафтын қорғау мақсатында құрылды.Қорықтың қазіргі көлемі – 75048 га,оның едәуір бөлігін (46045га) Марқакөл көлі су айдыны алып жатыр.Құрғақ жері екі бөлімге:оңтүстік-шығыс жағалауы мен Азутау жотасының солтүстік баурайы,Тополевка өзені аңғары мен Күршім жотасының су айрығы бөлігі бөлінген.Қорық көлемі – 2221 га қорғалатын аймақпен қоршалған.Демалу шараларын іске асыру үшін көл айдынының шығыс бөлігінен көлемі – 1500 га аймақ спорттық және әуесқой балық аулауына бөлінген.Қорықтың орталық бөлігінің географиялық координаты – 49.16`солтүстік ендік және 86.37` шығыс бойлық.Орталық үй-жайы Урунхайка елді мекенінде орналасқан.

Қорық жері Оңтүстік Алтай тауында орналасқан,ол Оңтүстік Сібірдің таулы-тайгалы ландшафтысының оңтүстік-батыс шеті болып табылады. Физикалық-географиялық аудандыстыруға сәйкес Алтай таулы облысының Оңтүстік Алтай провинциясына жатады.

Марқакөл – Алтайдың ең ірі су қоймасы,ол теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте әдемі тауаралық шұңқырда орналасқан.Көл сопақша созылған пішінді және солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатыр.Оның ұзындығы 38 шақырым,енінің ең кең жері 19 шақырым,жаға сызығының ұзындығы 106 шақырым,тереңдігі 24-27 м(орташа 14,3 м).Көл шұңқыры қоршаған жоталардан: Күршім – солтүстік пен батыстан,Азутау – оңтүстік пен шығыстан,Сорвенковский – солтүстік-шығыстан пайда болған. Жоталардың теңіз деңгейінен биіктігі 2000-3000 м.ең биік жері – Ақсу-Бас(3304,5 м).

Көлдің пайда болуы альпі тектоникалық айналымының төрттік дәуірдегі мұздық кезеңінің бірімен байланысты.Сол кездегі көтерулер мен төмен түсулер нәтижесінде қазіргі жоталар мен тауаралық шұңқырлардың қатпарлы жүйелері қалыптасқан,олар кейін мұздыққа айналған.Осы мұздықтар ізі Күршім жотасы ұшында жақсы байқалады.

Марқакөлдің батыс,солтүстік және солтүстік-шығыс жағалауы ені 1-2 шақырым көл маңы шалғынды жазықтық болып табылады.Оңтүстік және оңтүстік-шығыс жағалау жолағы салыстырмалы жіңішке,өйткені Азутау жотасы көлге дерлік тығыз тіреліп орналасқан.Жота баурайынан төмен түскен сілемдер көл ішіне кіріп,мүйістер түзуі тән.Жаға жолағы онша тілімденбеген,ирек,тек кей жерлерде ішке еніп тұрған мүйістер мен шағын

шығанақтар бар. Көл жағалары көбіне лай,батпақты,ұсақ жұмыр тасты,тасты-тау жынысты үлкен домалақ тасты және құмды жерлер кездесіп отырады. Жағаны бойлай батпақты қайындық және шыршалық өлкелер,томарлы батпақтар,шалғынды және шалғынды-бұталы кеңістіктер созылып жатыр. Қорғалатын аймақ шекарасында,Марқакөл жағасында төрт үлкен елді мекен сақталған.Олар – Урунхайка,Матабай,Төменгі Еловка және Жоғарғы Еловка. Мұнда жергілікті халық тұрады және қорық кордоны орналасқан.

Көлді қоршап тұрған жоталардың тайгалы баурайлары салыстырмалы тік жарлы,түбінен тасқынды өзендер мен жылғалар ағып өтетін аңғарлар мен шексіз ормандардың бөлінуі оларға тән.Ормандарда балқарағай басым,тек солтүстік баурайларында қалың самырсынды-балқарағайлы екпе ағаштар кездеседі.Қарақат,таңқурай,үшқат және тобылғының биіктігі екі метр қалың өскен тоғайларынан тұратын,өтуі қиын биік шөптер орман үшін тән жағдай. Жотаның су айрықтарын субальпі мен альпі шалғындары,мүкті-қыналы, бұталы және тасты тундра алып жатыр.Тау шыңдары - әдеттегі тақыр тастар үшін тау жынысты үлкен домалақ тастар.Олар жиі үлкен көлемді жерді алып жатады.Күршім жотасының солтүстік-шығыс бөлігінде қарлы шың құздар бар.Олар үлкен тік жарлы сайларға тілімденген және олардың түп жағында тоған тәрізді альпі көлдері бар.Сорвенский және Азутау шыңдары тегістеу келген,күмбез тәрізді.

ІІ.Негізгі бөлім:

Марқакөл көліне су 95 әр түрлі су көзінен келіп құяды.Едәуір ірі өзендері – Тополевка,Төменгі Еловка,Матабай,Жиренька,Шалғай және Жоғарғы Еловка,Тихушка,Матабайка мен Тығыз кілт.Бұлар кәдімгі тау өзендері, салыстырмалы жіңішке тасты арналы,ені 2-5 м,тереңдігі 2-3 м және өз сағасында атырауға ұқсас қиякөлең-қырықбуынды салдар түзеді.Қара Ертіске құйылатын,тек бір ғана өзен – Қалжыр (ұзындығы 128 шақырым) Марқакөлден басталады.

Көлдер қыста қатады.6 қарашадан 4-желтоқсан арасында,орташа 20-қарашада мұз қатады.Қалжыр өзенінің қайнар көзі ғана қатпайды,онда көк ала үйрек,айдарлы сүңгуірлер мен үлкен бейнарық қыстайды.Кейбір өзендер арналарында(Тополевка,Урунхайка) шағын жылымдар болады.Көлдерде мұз жарылуы орташа 9-мамырда,ал мұздан толық босауы 27-мамырда жүреді.

Ауа райы қатаң континентальды,қысы – қары көп,әрі қатаң және жазы – қоңыржай әрі ылғалды.Марқакөл ауданы Қазақстан мен Алтайдың ең салқын жері.Тәуліктік орташа температурасы 0 градустан жоғары 162 күнге, 0 градустан төмен 203 күнге созылады.Аязсыз кезең ұзақтығы – 60-70 тәулік.Жазда температура +29 градусқа дейін көтеріледі.Қыста қатты аяздар болып,температура -45 градусқа төмендейді,кейде тіпті -53 градус шамасында болады.Желтоқсан ,ақпанда бірнеше апта бойы температура -35-40 градустан түспей тұрып алады.Қазан басында алғашқы қар түседі.Қар жабыны әдетте қарашаның бірінші жартысында,ал кейбір жылдары(1984 жылы)қазанның екінші,үшінші он күндігінде тұрақталған.Қар 110-170 күн жатады.Қар жабынының орташа тереңдігі 87 см,қардың ең қалың кезеңі наурыздың бірінші,екінші он күндігінде байқалады,яғни осы кезде қар көп түседі.Қар әдетте көл жағалауларында мамырдың бірінші он күндігінде, ал

тау су айрықтарында мамырдың соңы мен маусымның басында ериді.Мамырдың екінші жартысында және тамыздың үшінші он күндігінде қар жауып,қатты суықтардың болуы жиі кездеседі.

Марқакөл қорығында төрт табиғи аймақта алты табиғи белдеу: нивальды(қарлы) аймақта биік таулы нивальды белдеу,альпі тундралы-шалғынды аймақта альпі-тундралы және субальпі белдеулері,таулы-орманды аймақта таулы-тайгалы белдеу,таулы-орманды-далалы аймақта таулы орманды-далалы және таулы шалғынды-далалы белдеу орналасқан.

2.2.Марқакөлдің өсімдіктер дүниесі.

Марқакөл шұңқыры ландшафтысы флораға бай,жоғары өзекті өсімдіктердің 1000-дай түрі,сонымен қатар ағаштың 12 түрі мен бұтаның 22 түрі кездеседі.Мұнда Қазақстан Қызыл кітабына енгізілген,құрып кету қаупі бар және сирек кездесетін 15 өсімдік түрі – таңдамалы қылтанақ,дала және кәдімгі таушымылдық,сібір қандығы,қар дәуаяғы,ала күлте қызғалдақ, қызғылт семізот,алтай рауғашы,мақсыр маралтамыры,секпіл шолпанкебіс, сабақсыз тегістұмық,жапырақсыз орашық,альпі дифазиаструмы,алтай таутобылғысы,Фукс сүйсіні,бұйра лалагүл кездеседі. Қорықтың Алтай-Саян аймағы зәузат қорының эндемиктік түрлерін сақтауда маңызы зор (Алтай сабынкөгі,шашылған шегіргүл,алтай бәрпісі,ұқсас қазтамақ).

Марқакөлдің су және су маңы өсімдіктері жоғарғы су өсімдіктерінің 30 түрінен тұрады.Жағаны бойлай қошқыл айрауық,қамыс тәрізді субидайық, торсылдақ және қиякөлең өскен.Таяз суларда өзен қырықбуыны,май қоға, жүзгіш жебежапырақ,келтебас,кәдімгі утамыр,үшқұлақ және кіші балдыршөп өседі.Шөгінді мүйізжапырақ және әр түрлі шылаң түрлері кең таралған. Олар жаздың екінші жартысында таяз сулы аймақта суға батып өсетін өсімдіктерге бай кең жолақты түзеді,мұнда көптеген суда жүзетін құстар қоректенеді. Көл жағалауында қиякөлеңді томарлы батпақтар,ал Жиренька мен Тихушка өзендері сағасында су үсті қиякөлең-қырықбуынды «кілемі» кездеседі.

Таулы-тайга белдеуінде(1450-1900 м),жоталар баурайларында сібір балқарағайы басым,орман көлемінің 61 пайызын жауып жатыр.Шілік тоғайды қотыр қайың мен сібір шетені,сонымен қатар бұталардың қалың тоғайы – қызыл қарақат,таңқурай,алтай үшқаты,орта тобылғы,қоңыр итмұрын құрайды.Кәдімгі тарғақшөп пен иван-шайдан тұратын биік шөптер жақсы дамыған,ал жылға жағалауында әдетте Лобель тамырдәрі тоғайлары басым.Сайдың солтүстік беткейлерін сібір самырсынынан тұратын қылқанжапырақты тайгалар алып жатыр.Балқарағай,самырсын,қайың мен шетен анда-санда аралас екпе ормандар түзеді.Күршім мен Қара Қабы өзендерінің жоғарғы ағысында өсетін самырсын қарағай ормандары қорық жерінде кездеспейді.Қарағайдың жекелеген ағаштары(сібір қарағайы) Азутау жотасының тек солтүстік баурайларында ғана,мысалы:Матабайка өзені сайында кездеседі.осы сібір түрі таралуының ең қиыр оңтүстік нүктесі болып табылады.Субальпі белдеуі(1900-2000 м) үшін әдемі субальпі шалғындары тән.Олардың құрамында қиякөлең мен Фролов және жалпақжапырақты шұбаршөп биік шөптері,мақсыр маралтамыры,ақгүлді қазтамақ,іріжапырақ сарғалдақ,түстіксібір тиынтағы,түрліжапырақ қалуен және т.б. кездеседі.

Жотаның су айрықтарын альпі шалғындары мен тау тундралары алып жатыр.

Шалғындарда қиякөлең мен астық тұқымдастар басым.Олармен салыстырғанда безді шөмішгүл,түйежапырақ көкгүл,сарғыш еңлікгүл, түктесін эритрихиум және басқа ашық түспен гүлдейтін биік тау өсімдіктері қою көк түсімен ерекшеленеді.

Дөңгелек жапырақ қайындар мен тырбық талдар тоғайларынан тұратын бұталы тундра белдеуі,шалғыннан жоғары жіңішке,уөбіне үзік жолақ болып созылған.Оларды оңтүстіктегі құрғақ баурайларда жиі арша тоғайлары ауыстырады.Жоталар шыңдарында мүкті-қыналы және мүк,қына,қиякөлеңі басым тасты тундралар таралған.Мұнда гүлді өсімдіктерден алтай шегіргүлі, алтай сарғалдағы,сібір тасжарғаны,сібір тасшүйгіні,төртмүшелі семізот кездеседі.

Марқакөл өлкесі ежелден дәрілік өсімдіктердің алуан түрлілігімен аты шыққан. «Қызыл тамыр» - шай тиындағы, «марал тамыры» - мақсыр маралтамыры,аты аңызға айналған «алтын тамыр»- қызғылт семізот және т.б. көпке танылған.Таудың орманды баурайлары жидекті бұталарға:қызыл қарақат,таңқурай, «бөріқарақаттар» - алтай үшқаты,алтай рауғашына бай.Бұлардан жергілікті халық ғажайып әсерімен аты шыққан керемет тосаптар (варенье) дайындайды.Басқа да тамақтық өсімдіктерден алтай жуасы пайдаланылады.

Марқакөл Азия континентінің түкпірінде,бірнеше климаттық белдеулердің:Батыс Сібірдің континенттік,Монғолияның қатаң континенттік және Орта Азия шөлдері мен далаларының қоңыржай климатының тоғысқан тұсында орналасқан.Осындай гографиялық ерекше жағдайы,теңіз деңгейінен бір жарым километр биікте жатуы және орасан су айдынының өзі оның өсімдіктер дүниесі мен жануарлар дүниесінің ғажайып байлығы мен қайталанбас өзгешелігіне себепші.Ихтиологтар суда және көлдің түбінде тіршілік ететін жануарлардың және өсімдік организмдерінің 160 түрін санап шықса,орман өсірушілер тау беткейлерінде өсетін ағаштардың 19 түрін ұшыратқан,ал зоологтар сүтқоректілердің қырықтан астам және құстардың екі жүзден астам түрін анықтаған.Көктемде,тіпті жаздың ішінде де топырақ беті жиі тоңазиды,ауа үнемі дымқыл тартып тұрады.Өзен аттарымен аталатын аса күшті желдер: батыстан – Шүмек,шығыстан – Тихушка және оңтүстіктен – Ұрыңқай желі көлдің бүкіл жалпақ айдынының астан-кестенін шығара азынай соғып,жал-жал ақбас толқындар туғызады,тәжірибесі мол жергілікті балықшылар ғана жағаға аман-есен жете алады.

Алайда,қашанда тосыннан соғатын Темірбек аталатын тағы бір желі бар. Оның қашан соғатынын алдын ала болжау мүмкін емес деседі жергілікті тұрғындар.Тып-тымық ыстық күндері ол кенет Күршім жоталарынан құйындатып шыға келеді де, солтүстік-батысқа қарай долдана соғады.Көл айдынына шың басынан бейне бір құлап түскендей лезде көбік шашқан жал-жал толқындар тұрғызып,Темірбек ішін тартып ұйтқиды,қайықтарды бүйірінен ұрып,оларды көбінесе аударып тастайды. Осындай күшті желдерден және тұтқиылдан көтерілетін асау толқындардан сескеніп балықшылар ертеректе өздерінің қаусаған қайықтарымен Марқакөлдің орта тұсына қарай онша ұзап бара бермейді екен. 1978 жылдан бері Марқакөл

қорығының қызметкерлері көлде және оның маңайында табиғатта болып жататын барлық оқиғаларды егжей-тегжейлі жазып отыратын «Табиғат шежіресін» жүргізіп келеді екен.

Таулы жердің биікке өрлеген сайын сан құбылып өзгеріп отыратын өсімдіктер дүниесінің алуан түрлілігі қашанда қайраң қалдырады.Бұл тұрғыдан алғанда Марқакөл өңірі тіптен ғажап,өйткені мұнда Оңтүстік Алтай флорасының бар байлығы өзінің бүкіл ажар-көркімен түгел көзге шалынады.

Марқакөлді «Алтайдың інжу-маржаны» деп атайды.Бұл жердің табиғаты Валериан Правдухинге орасан зор әсер еткен.Ол өзінің «Саяхаттар» кітабында былай деп жазады:

«Алтай – қытайша Киншан,алтын тау аталады.Бірақ,бұлай деп оның тек оңтүстік бөлігін,Бұқтырма өзені мен оның салаларының жағасында бүк түсіп жатқан жоталарды ғана атауға болар еді.Бұл таулар алтын тау деп атауға шынында да лайық.Тау басында қар әлі көгілдірлене көрініп жататын көктем кезінде олар кеш болса болды әдеттен тыс ғажап бір күңгірт қызыл перде жамылады.Алтайдың ерекшелігі саналатын қызыл қар жай көзге көрінбейтін өте ұсақ,қыста қарға көміліп жатып,көктемде күннің нұрымен жанданатын қар балдырынан түзіледі.Кейінірек жазға қарай тау жоталарын ірі-ірі қызғылт гүлді кәдімгі таушымылдық басады;сарғалдақ өскен баурайлар алтын жалатқандай жалт-жұлт етеді,көк шегіргүл,қызғылт қандыгүл және ақ гүлді шатыр тәрізді ірі-ірі өсімдіктер – балдырған,аюбалдырған,т.б.өскен беткейлер шұбарланып көрінеді.Бұл жерде «бүйра лалагүл» атанып кеткен күлтеленген көгілдір гүлдер әдемілігімен көз тартады.Ақыр аяғында майлы ауыр иіс бөліп шығаратын «марал мүйізі» деп аталатын күңгірт-қызғылт реңкті гүлдер Алтай өңіріне ерекше тән болып келеді.Егер осы өсімдікке жанып тұрған сіріңке талын жақындатса,оның айналасында көгілдір жалын лап ете түседі де,өсімдіктің өзі жанбай аман қалады»...

Егер тау баурайымен жоғары өрлесеңіз жол үстіндегі бірнеше сағаттың ішінде сіздің алдыңыздан төрт түрлі аймақ:таулы орманды-далалы,таулы орманды,биік тау алқабындағы тундралы-шалғынды және қарлы аймақтар алмасып үлгереді.

Теректі,қайынды және көк теректі тоғайлар өзендер мен бастаулардың алқаптарында төменде қалып қойған,ал оталған ағаштардың орнында жайқалған шалғындықтардан әрі қарай енді ақшыл қылқан жапырақты балқарағай өскен тайга басталады.

Марқакөлдің жағасында балқарағай басқа ағаштардан гөрі жиірек кездеседі.Ол қарағай тұқымдастарына жатады,күзде қылқан жапырақтары жерге құйылып түсетіндіктен де ол осылай аталған.Көктемнің бас кезінде балқарағайдың қылқаны ақшыл-жасыл болады да, жазға қарай күңгірт тартады,ал қыркүйекте жалқын-сары түске еніп,бейне бір жалынға оранып жатып жатқандай жалт-жұлт етеді.

Алтай өңірінде сібір балқарағайының биіктігі 45 метрге,диаметрі бір жарым метрге жетеді.Бұл өзі ұзақ жасайтын ағаш,ол үш жүз – төрт жүз жыл жасай береді,кейде тіпті одан екі есе көп жасайтындары да болады. Шаруашылыққа пайдалануға таптырмайтын тамаша ағаш ретінде –

балқарағайдың ежелден-ақ аты шыққан.Бұл сияқты шірімейтін ғажайып ағаш өте сирек ұшырасады және оны ешқандай арнаулы өндеуден өткізбей-ақ су асты құрылыстарына,көпір мен бөгет салуға пайдалана беруге болады. Археологтар Алтайда дөңгелегі балқарағай тамырынан жасалған арбалар тапқан.Осы жерде осыдан екі жарым мың жыл бұрын мекендеген европеоид тайпалар мұндай жауынгерлік арбалармен жорыққа аттанып отырған. Атамзаманғы көне арбалар бұл күнде Мемлекеттік Эрмитажда сақтаулы тұр.Балқарағай сүрегінің беріктігін дәлелдейтін тағы бір мысал белгілі: Дунай қақпасы алдыңдағы Рим көпірінің тіреулері 1700 жыл тұрғанда ешбір бүлінбеген,қайта тасқа айналып қатып қалған.

Балқарағайдан шайыр,сірке қышқылы,сургуч,тері илеуге қажетті заттар алынады.Бір текше метр ағаштан 200 килограмм целлюлоза,2000 пар шұлық,немесе 1500 метр жібек мата,6000 шаршы метр целлофан,яки 7000 литр шарап спиртін дайындауға болатынын ғалымдар есептеп шығарған. Сонымен қатар бұрынғы кездері Марқакөлде үйді балқарағайдан қиып салатын болған.

Көктемде ағашта жасыл қылқан жапырақтармен қатар кішкене ғана сары шарлар пайда болып бұтақтарында балғын бүрлер шырағдандай қызарып тұрады – сібір балқарағайы гүл жарады.Жазға қарай бүрлердің сыртындағы қабыршықтар қарайып қатаяды,ал күзде пісуі жеткен бүрлер ашылып, ішіндегі дәні ауамен жан-жаққа ұшады.Балқарағай жыл сайын жеміс береді және Марқакөл орман шаруашылығының қызметкерлері әдетте қыркүйекте мектеп оқушыларының және жергілікті тұрғындардың көмегімен оның тұқымын дайындауға кіріседі:қазіргі кезде балқарағай Қазақстанның көптеген облыстарында,әсіресе,солтүстік жақтарда отырғызылып жүр.Мұның бәрі жақсы-ау,бірақ тұқым дайындаушылар,халықтың айтуынша,жиі-жиі шектен шығып кететін көрінеді,бұрын жинауға ыңғайлы болу үшін олар балқарағайдың бұтақтарын отап тастайды екен.

Марқакөл жағасында бірыңғай балқарағай өскен тоғайлар да,сондай-ақ, ол майқарағаймен,қайыңмен немесе көктерекпен аралас өскен тоғайлар да кездесе береді.Майқарағай өзінің қалың өсетін күңгірт-жасыл қылқандары арқылы балқарағайға мүлдем ұқсамайды.Күн көзіне қызған майқарағай қылқандарынан білінер-білінбес шайыр иісі аңқиды.Қолмен сипағанында олар саусақтарыңа жұп-жұмсақ болып жайлы тиеді.Биік ағаштардың қара-сұр қабығынан хош иісті шайыр ағып тұрады.Оның құрамына – борнеол,камфеин,пипен және басқа заттар кіреді.Бір тонна майқарағай бұтағы мен жапырағынан парфюмерия және сабын қайнату өнеркәсібінде,сондай-ақ, камфора дайындау үшін пайдаланылатын 38 килограмм майқарағай майын алуға болады. Халықтық медицинада камфора ежелден ревматизм мен қабынуға қарсы,түрлі улану кезінде қолданылатын дәрі ретінде пайдаланылып келеді,ал майқарағай шайырынан жарақатты жазатын және ауру тудыратін микробтарды құртатын бальзам алынады.Майқарағай биіктігі жағынан да,жуандығы жағынан да балқарағайға теңесе алмайды және одан гөрі аз – 150-200 жыл жасайды,оның ағашы жұмсақ осал келеді де,тез шіриді.Бірақ бұл өзі ғажайып сұлу ағаш.

Марқакөлде мейлінше сирек ұшырасатын бірыңғай майқарағай өскен тоғайлардың іші соншалықты қоңыр салқын келіп,ауасы жұпар аңқиды.Тағы бір таңқаларлығы – майқарағайдың нәзік те хош иісті қылқандары он-он екі жылда не бары бірақ рет жаңарып тұрады.Сөйтіп ол өзінің беріктігі мен төзімділігі жөнінен басқа ағаш жапырақтарының бәрінен де асып түседі.

Зәулім балқарағайлар мен майқарағайлардың түбінде күзге қарай үшқат қызара піседі.Мұнда қызыл қарақат қалың өседі.Орыстың атақты ғалымы, географ – П.Семенов-Тянь-Шанский Алтай өңірін аралаған сапарында Марқакөлде де болған.Бұл жердің қызыл қарақатының қан қызыл-қара қошқыл,әйтпесе мүлдем қап-қара жемістері өзінің өзгеше ажарымен оны қайран қалдырған.Географ бұл қарақатты,басқа қарақат түрлерінен бөліп алып, «Марқакөл қарақаты» деп атаған.Жергілікті тұрғындар өздерінің қарақатын жан ғана саумалдық деп салады.Олар одан дәмі тіл үйірген «саумалдық вареньесін» қайнатып,тамаша «саумалдық шырынын» қысқа сақтап қойған.

Шағын тоғайларда мүк арасында қазтамақ,қаражидек және басқа шөптер өседі.

Азутау жотасының беткейлерінде теңіз деңгейінен 1700 – 1900 метр биіктікте майқарағай мен балқарағай аралас өскен,ішін қалың шөп басқан шырша тоғайы жайқалады.Ағаш арасында жағалай өрмекшінің торы ілініп қалған,тамырында тұрып құрапсынған бұтақтар көп кездеседі.Орман іші содан да күңгірт тартып,өз алдына оқшау жатқан әлдебір қиял дүниесін еске салады.Бұл арада шыршалар 30 – 35 метрге дейін бойлап өседі,бұтақтары жан-жағына жайылмай,ұш жағы жебе сияқты үшкірленіп келеді.

Кәдімгі шыршаларға қарағанда сібір шыршаларынаң бүрлері кішірек,әрі қылқаны да қысқарақ болады.Күңгірт-жасыл түсті қылқандары ағаш діңін қалың түк сияқты қымтай жауып тұрады.Шырша бірнеше ғасыр жасайды және өмір бойы бойлап өсе береді.Жас шырша ғажайып қасиетке ие: ол көлеңкеге соншалықты төзімді келеді.Шыршаның қылқаны бес-жеті жылда бір рет түседі де,содан кейін оның орнына жаңасы өсіп шығады.

Шырша сүрегінің сапасы аса жоғары,ол түрлі музыкалық аспаптар,қағаз,телеграф бағандарын жасауға пайдаланылады. «Майқарағай сырығы,шырша бұтағы,балқарағай діңі мәңгілік»,- деседі марқакөлдіктер.

Көл маңында тек шетен мен самырсын кездеспейді демесең,осы айтылғандар Марқакөлдің тоғайлы жағалауларына да сәйкес келеді, Самырсын тоғайлары Ұрынқайдан бірнеше километр жерде Күршім жотасының теріскей баурайларында,Қабаның бас жағында,Жоғарғы Еловка деревнясының маңайында өседі де,өкінішке орай,Марқакөл қорығының территориясына кірмейді.Бұлардың кірмей қалуы,шамасы,қорыққа негізінен тек көлдің өзі,оның су айдыны ғана алынғандығынан болса керек.Марқакөлді қоршап жатқан ит тұмсығы өтпейтін қалың тайганың табиғи қорық аумағына кіретіні мүлдем аз болып отыр.

2.3.Марқакөлдің жануарлар әлемі.

Ал қорықты мекендейтін жануарлар түгел дерлік атақты самырсын жаңғағымен азықтанатындықтан да самырсын туралы тоқтала кету керек сияқты.Сібір самырсыны – ежелден келе жатқан(реликті) ағаш тұқымы, ол

1500 – 2300 метр биіктікте өседі.Қоп-қою күңгірт жасыл айдарлы зәулім ағаштар қасқия шаншылып,өзінің маңғаз да әсем келбетімен айрықша көз тартады.Самырсын ұзақ,кейде алты жүз жылдан астам жасайды.Оның сыртқы түрі қарағайды еске салады,бірақ бояуы одан гөрі күңгірт, қылқандары ұзынырақ келіп,бес-бестен шоғырлана бітеді.Самырсын жыл сайын емес,кейде араға бірнеше жыл салып барып жеміс береді.Самырсын жеміс салған жылы тоғай іші аң мен құсқа толып кетеді.Самырсынның ұшар басында емін-еркін жеміс теріп жеп жүрген аюды көруге болады.Бұлғын мен тиін,саңырау құр мен жорғаторғай,самырсынторғай мен тіпті тырнаға дейін самырсын жаңғағымен қоректенеді.Шұбар тышқан өзінің ініне бірнеше килограмға дейін жаңғақ тасып үйемін деп әбден шаршайды екен.

Иә,әрине,самырсын жаңғағының дәмі ерекше...Бірақ табынушыдан талаушыға айналған адамдардың соңғы кездердегі жүгенсіздіктерінде шек болмай кеткен.Тоғайға тұтас бір экспедиция-экспедиция болып келеді,түнге қарай жер-жерде жағылған от таң атқанша өшпейді,жаңғақ дайындау тәулік бойы толастамайды,әр бұтақты кесіп,ағаштың қабығын жарақаттап,діңін бөренелермен ұрғылайды,бірде-бір бүр қалдырмай сілкіп түсіреді, бұтақтарды отап тастайтын немесе тұтас ағаштарды құлатып кететін кездері де аз емес екен.Бүрлерді сол бойда бастырып алады,өиткені оларға қарап қызықтап отыратын уақыт жоқ:үйге болсын,базарға болсын таза жаңғақты көбірек әкету керек.Әрине,арақ судай ағады,консерві қаңылтырлары жан-жаққа қарша борайды,өшірілмей қалған от бықсып жана береді – ал самырсынды өрт шалуы оп-оңай.Жаңғақ дайындаушылардан кейін тоғай іші бейне бір ұрыс даласына ұқсайды:сынған бұтақтар,аткөпір болып үйілген қабыршақтар айнала жайрап жатады,жердің де ойран-ботқасы шығады.

Қалай болғанда да қалада емес,тайгада қыстайтын аң мен құсқа талшық боларлық ешнәрсе қалмайды.

Сібір самырсыны,сөз жоқ,тайгадағы ең бағалы ағаш.Тыйым салынғанына қарамастан,оны кесуге әлі жол беріліп жүр.Іске жаратуға қанша жақсы болғанымен,тамырында өсіп тұрған тірі самырсын жүздеген есе бағалырақ та,керегірек те.Мәселен,оның әр гектары қурап біткенше 50 – 70 мыңның жаңғағын бере алатындығы есептеп шығарылған.Жаңғақтан алынатын самырсын майы зәйтүн майынан кем.

Биік тау шалғыны кілемдей жайылған жап-жасыл шөптердің үстінде алуан түрлі түсті гүлдер жаппай шешек ататын көктем кезінде құлпыра жайнап кетеді.Күзге қарай бояу түрі өзгеріп,жасыл,қызыл және қоңыр түстер жеңе бастайды,бірақ сол баяғысынша бүкіл маңайда балауса балғындық пен шаттықтың лебі есіп тұрады екен.

Биік тау шалғындықтарынан әрі қарай таулы тундра басталады.Ол үлкен аумақты алып жатыр.Алғашқы қарағанында тундра құлазып көрінеді: жағалай қиыршық құм,тас,мүк пен қына басқан қу тақыр.Оқта-текте ғана бойы жарты метр ергежейлі қайындар мен имиген жатаған қарақат та кездеседі.Аса биік таулы жердің тым қатаң жағдайында тек бірен-саран өсімдіктер: кобрезия,дриада,себальдия,теңгежапырақ,тасжарған ғана өседі. Бұлар жазда топырақтың жиі-жиі тоңазуынан да,кенеттен жауған қардан да

қорықпайды.

Ақыр аяғында ең жоғарғы қарлы белдеу жатыр,ол үш километрлік биіктікте басталады.Жартастар мен құздар мұнда жап-жалаңаш,тек тастардың бетінде аздап мүк пен қына өскен.Ғалымдар бірде Тополевка өзенінің бастауынан су алып тексеріп көргенде одан саңырауқұлақтың споралары мен диатомдық балдырлар тапқан.

Күршім жотасындағы Ақсубас тауында 2500 – 300 метр биіктікте кішігірім мұздықтар бары анықталған.Ал оның басқа шыңдарының басында жазда мұз болмайды,бірақ жауын-шашын болса-ақ болды,олар жаңа жауған қарға оранып,күн көзіне шағылысып жалт-жұлт ете қалады.

Марқакөл жайында : «Жапырақтар сенің алтын теңгеңе ұқсап сарғыш тартып,ағаштардан үзіліп түсіп жерді қымтай жапқан бойда-ақ,балқарағайдың қылқаны құйылып түсісімен,көлде жыртылып айрылатын құстар топ-топқа бөлініп үйір құра бастайды,қайтқан қаздар мен үйректер тізбегі көрінеді,аңшылар аң мен құс атуға жиналады...

Нысанаға алдымен ілігетін негізгі аң – тиін,бірақ аңшы одан өзге аңдардың да ешқайсысын таңдап-талғап жатпайды, - жолында кездескеннің бәрін: түлкі,бұлғын,суырды көбірек,камшат,сілеусін және басқа аңдарды сирегірек атады;ал құстардан оның көбірек олжалайтыны құр мен шіл», - деп жазған еді 1907 жылы Н.И.Яблонский.

Қорықтың жануарлар әлемі алуан түрлі.Омыртқасыздардан көл мекендеушілер құрамы жақсы зерттелген.Зоопланктонның 60 түрі, макрозообентостың 136 түрі,тұщы су моллюскаларының 11 түрі белгілі.

Омыртқалы жануарлардың қазіргі фаунасы негізінен тайгалы бірлестікке жатады,онда 325 түр бар.

Көлдерде балықтың 6 түрі – майқап,сібір хариусы,көлталма,теңгебалық, талма балық кездеседі.Алғашқы екі түрі Марқакөлге ғана тән,эндемик болып табылады.Бұлардың арасында едәуір танымалы – майқап,ол алтай тұрғындары арасында «ускуч»деген атпен танымал және қорық белгісі болып табылады.Соңғы жылдары көлде кергек балық пайда болған.Ол кездейсоқ келген.

Қорықта қосмекенділерден кәдімгі құрбақа мен сүйіртұмсық көлбақа,ал бауырымен жорғалаушылардан секіргіш және жасыл кесіртке,кәдімгі сұржылан мен кәдімгі су жыланы тіршілік етеді.

Құстар фаунасы алуан түрлі.Марқакөл шұңқырында әр түрлі жылдары белгіленген 258 түрдің,қорық құрылғалы бері 239 түрі табылған.Оның 140 түрі ұялайды.Марқакөл көлінде суда жүзетін құстардың 17 түрі мекендейді. Айдарлы сүңгуір,сусылдақ үйрек,сұр үйрек,сарыайдар үйрек,маңырауық үйрек,үлкен бейнарық,отүйрек,даурықпа және ысылдақ шүрегейлер едәуір көп кездеседі.Жалпақтұмсық,қызылбас сүңгуір,үлкен және қызылмойын сұқсырлар,қасқалдақ,қылқұйрық,қарамойын сұқсыр мен сепкілтөс бейнарық едәуір сирек кездеседі.Жаға маңы батпақтарына сұр тырна,азия тауқұдіреті, шәкілдек тартар,сарыбас қаратамақ,ал шалғындарға бөдене,қарабас шақшақ, бақ сарыторғайы,еменшіл сарыторғай тән.Қылқан жапырақты ормандарда 65 түр ұялайды,олардың ішінде күреңбас шөже,қара шымшық,саяшыл сарықас,

таңшымшық,кәдімгі құралай,орман жадырағы мен ақбас сары торғайлар басымдау кездеседі.Мұнда тайга құстарынан меңіреу құр,сұр құр,қаражемсау сайрауық,қызылтамақ бұлбұл және басқалар мекендейді.Жоталардың қатаң тундралы су айрықтарында ақшіл және тундра шілі,алқалы татрең, қаратұмсық содырғы,тау жадырағы ұялайды.

Қорықта Қазақстан Қызыл кітабына енген сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар құстардың 19 түрі кездеседі.Оның ішінде сегізі:қара дегелек,сұр тырна,үкі,балықшы тұйғын.аққұйрық су бүркіті және алтай ұлары ұялайды.Бірегей балық қорегті жыртқыш – балықшы тұйғынның ұялайтын популяциясы он жұп,ол республикадағы негізгісі болып табылады.

Қорықта тіршілік ететін сүтқоректілердің 58 түрінің ішінде тайга мен биік тау өкілдері басым.Мұнда тұяқтылардан – марал,бұлан,елік,сібір ешкісі, ал жыртқыштардан қоңыр аю,қасқыр,түлкі,сібір сілеусіні,ақкіс,сарғыш күзен, американ су күзені,аққалақ,құндыз бар.Анда-санда барыс пайда болады.

Насекомқоректілерден алтай көртышқаны мен жертесерлердің бірнеше түрі,жарқанаттардан – су жарқанаты,Брандт жарқанаты,құлақты жарқанат, терістік жарқанаты;қоян тәрізділерден – аққоян мен алтай шақылдағы кездеседі.Сонымен қатар тиіндар отряды өкілдері – алтай тиіні,сұр суыр,борша тышқан,ұсақ тышқан тәрізді кеміргіштер,сонымен қатар Оңтүстік Алтай эндемигі – Страутман тышқаны тән.

Маралды,сібірлік тау ешкіні(жергілікті тұрғындар «яман» деп атайды),аюды көбіне көп аяусыз қырған.Бұлғын мен маралды түгелдей құртып жіберген,тиін мен суыр саны мүлдем азайып кеткен.Суыр аулаудың революцияға дейінгі кеңінен қолданылған шектен шыққан өрескел әдісі осынау жыртқыштыққа айқын мысал бола алады.

Қазіргі кезде қорықта қар барысы,Орта Азия сілеусіні,тау сусары сирек кездеседі.Аңшылар аяусыз қырған аңкіс,күзен,сұр суыр,кәдімгі тиін,ақ қоян азайып қалған.

Марқакөл маңын мекендеген байырғы аңдардың қатарына басқа жақтан әкелінген жануарлар да қосылды.1951 жылы көлге ондатр жіберілген еді.Бастапқы кезде ол тез көбейді де,жылына бір мыңға дейін ондатр терісі дайындалып жүрді,бірақ,кейін осы бір бағалы аңның саны мүлдем азайып кеткен,ал қазір ондатр дегеніміз өте сирек ұшырасады.Шамасы,бұлар да Марқакөлдің барлық қымбат терілі аңдарының жолын құшша керек...

Тура мағынасында сырттан келген екінші бір аң Америка қара күзені болатын.Шығыс Қазақстанда 60-жылдары жерсіндірілген ол тарай-тарай тіпті тау басындағы Марқакөлге дейін жеткен.Қазір бұл аң көлге құятын көптеген өзендерді мекендейді,әсіресе,Тополевкада көп ақ-қара күзен жеген балық қалдықтарын жағалаудан жиі көруге болады.

Ақыр аяғында 1978 жылдан бастап көл маңайында бұландар көріне бастайды.Оған дейін бұл төңіректе бұл жануар бұрын ешқашан ешкімнің көзіне шалынбаған екен,мүмкін содан да болар,алғашқы бұланның келісі үлкен аянышпен аяқталыпты.

Көл төңірегін мекендейтін жабайы жануарлар көп болғанымен, - олардың ішінде Қызыл кітапқа кірген өте сирек ұшырасатындары да бар,- көпшілікке

ең әйгілі ,сөз жоқ,аю деуге болады.Аулауға тыйым салынғандықтан,тау ішінде қазіргі кезде аю дегеніңіз көбейіп кеткен.Аю үшін жыл маусымдары-

ның ішіндегі ең ауыры – көктем.Тау беткейлері әлі жалаңаш,шөптің өсе қоймаған кезі,кей жерде қар басым,осындай қара өзек шақта аюды көл асырайды.Көлдегі аққайраң мен хариус көктемде сарқырай тасып аққан өзендерді бойлап уылдырық шашуға асығады.Балықтар қарақұрым болып қаптайды да,оны қалағанынша аулау аю секілді «әккі балықшыға» ешқандай қиындық келтірмейді.Осындай аю үшін қиын кездерде шөп те өсіп жетіледі,ал «мамырдағы шөп ашыққан адамға да азық» деген мәтел бар.

Жазда тауда азық жеткілікті,көк шөптен бастап аюға бәрі де азық.Тамыр мен шөпке рахаттана тою үшін бір жерге кейде бірнеше аң жиналып қалады.Аю саңырауқұлақ пен шөптерді,құрт-құмырсқалар мен олардың личинкаларын,мойыл мен үшқаттың жемістерін сүйсініп жейді,таңқурайды, қызыл және қара қарақатты қатты ұнатады және оларды соншалықты күшімен сыдырып алады.Әрі дәмді,әрі нәрлі самырсын жаңғағын іздеп ол шұбар тышқанның інін қопарады,сөйтіп оны қысқы қорынан айырып,аштан қалдырады екен.Қысқасы,өсімдік оның негізгі қорегі деуге болады.Бірақ, аюды жыртқыш аңдар қатарына бекер қосып жүрген жоқ: ол асқан ептілік танытып,әрі орасан күштілігін көрсетіп,марал,бұлан,тау ешкісі сияқты ірі жануарларды да ұстап жей береді.Ал,аюдың балға деген құмарлығын айтпаса да белгілі,шамасы,бұл оның ең жеңсік асы болса керек,өйткені ол балды көргенде сақтықты да ұмытып кетеді екен.Омартаны қанша күзетсен де,аю оған бәрі бір міндетті түрде келеді.

Марқакөлден жоғары биік тау ішінде зоологтар шықылдақ торғай жегіш аюды кездестірген.Оның кәдімгі қоңыр аюдан айырмасы – кішкентай шықылдақ торғай етіне құмарлығында ғана деуге болады.

Адамға аю әдетте өздігінен тиіспейді,бірақ жаралы аю өте қауіпті,одан барынша сақтанған жөн.Сол сияқты қыста апанынан біреу мазасын алып тұрғызып жіберген немесе аштыққа шыдай алмай одан өзі тұрып кеткен қаңғырған аюлар да қауіпті келеді және мұндай аюлар адамға өздері шабады. Кісіге ешбір себепсіз тап беретін адам жегіш аюлар да болады.

Жоталардың басында талай жылдан тұяқ кесті боп тапталып қалған енсіз тастақ жолдар бар,бұлар – маралдардың соқпақтары.Таулы Алтайдың басқа да жерлеріндегі сияқты Марқакөл жағалауын маралдар ертеден мекендеген.

Марал бұғының бір тармағына жатады.Бұл өзі биіктігі бір жарым метрге жететін,салмағы 300 килограммнан асатын ірі де сымбатты жануар. Бұқасының 6 – 8 бұтақтан тұратын тарамдалған ауыр мүйізі болады.

Ерте көктемде оның ескі мүйізі түсіп,көп ұзамай орнына ұлпа түк басқан нәзік терісі бар жаңа мүйіз – панты өсіп шығады,пантының құрамында шипалық қасиеті бар заттар болады.

Алтай маралдарына қытай пайда күнемдері айрықша ықылас аударған,бұл елде ежелден-ақ пантыдан қымбат дәрі дайындалған.Өткен ғасырда қытайлықтар Алтайда өлтірілген маралдардың мүйізін түгелдей дерлік сатып алып отырған,контрабандистер пантыны көп мөлшерде шет елге әкетіп сатқан немесе керосинге және басқа тауарларға айырбастаған.

Жыртқыштықпен аулау марал үйірін әбден селдіретіп кеткен,оның бұқасын тауып қолға түсіру мүлдем дерлік мүмкін болмай қалған.Алайда, Марқакөлде марал аулауға тыйым салынғаннан кейін ол осы арадағы үйреншікті жануарға айналған.

Бірнеше рет үлкейтіп көрсететін дүрбі арқылы қорықшы маралдарды сырттай бақылаған: марал мейлінше сақ,ғажап иісшіл,қиялдағыны көретін қырағы,әрә секемшіл келеді – сондықтан оның жанына таяу бару оңай емес екенін анықтаған. Ғалымдардың есебі бойынша,маралдар табиғи жағдайда 10 – 12 жыл,ал қолда өсіргенде одан екі есе көп жасайды екен.

Кенеттен жоғарыдан қарағай бүрінің қабыршақтары құйылып түсіп,сыңғырлаған дыбыс шығады да,содан кейін құйрығы үлпілдеген күлгін-сұрғылт түсті түйіншек бұтақтан бұтаққа жеп-жеңіл қарғи жөнеледі,бұл – тиін.Ол бейне жүгіріп емес,ұшып бара жатқан сияқтанып көрінеді.Шынында да ол құйрығын төгілдіре созып жіберіп,ағаш пен ағаштың арасында жиі-жиі қалықтай ұшады.Көлде кәдімгі тиіннің екі түрі – Алтай тиіні мен тиін-телеуіт мекендейді.Тиін-телеуіттер жаппай жиі-жиі қоныс аударып отырады.Кейде лажсыздан осылай істейді;қарағайларға бүр шықпай қалған жылдары олар тамақ іздеп алыс жақтарға кетеді.

Қызыл кітапқа енген ірі жабайы мысық – Орта Азия сілеусіні де Марқакөл төңірегіндегі тауларда сирек ұшырасады,ал кәдімгі сілеусін бұл жерлерде әжептеуір баршылы.Сілеусін – тайганың ежелгі тұрғыны.

Марқакөл төңірегін мекендейтін аңдардың ішіндегі ең сирек кездесетіні және ешқандай шүбәсіз ең жұмбағы қызыл қасқыр(шиебөрі деп те атайды),Қызыл кітапта ол туралы былай делінген: «өте сирек кездесетін,құрып бара жатқан аң».Бұл аңның түр-пішіні қасқырды,түлкіні еске салады,дене тұрқы бір метрден сәл асады,салмағы 14 – 21 килограммдай,жүні салалы,әрі қою,түсі солғын жирен,кей тұстары қызыл-қоңыр,маңдайы қасқырдікіндей жалпақ,тұмсығы түлкінікіндей сүйір,құлағы үшкір де үлкен,кеудесі қысқа болып келеді,түлкінің құйрығына ұқсас,бірақ,одан жуандау,ұзындығы жарты метр,үлпілдеген құйрығы болады. Қызыл қасқырдың адам көзіне мүлдем дерлік түспеуінің өзі қайраң қалдырады,рас,бұл аң жан баспайтын биік тауларда жүреді,жемін аулауға тек түнде ғана шығады,ал күндіз көрінбейді – бірақ қызыл қасқырдың ұясының ешқашан ешкімнің көзіне шалынбауы ғажап емес пе? Жалғыз жортқан қызыл қасқырды ешкім көрген емес,басқа жыртқыштардан бір айырмашылығы – бұлар қашанда үйір-үйір болып жүреді.

2.4.Марқакөлдің құстары.

Тұңғыш рет 1876 жылы көлге ғылыми мақсатпен немістің атақты зоологы А.Брем мен оның әріптесі О.Финш басқарған экспедиция келген.Арада үш жыл өткен соң олар осы саяхаттары жөнінде мақала бастырып,онда Марқакөл маңын мекендейтін құстардың 34 түрін атап көрсеткен.

Қорық қызметкерлері жүргізген жаңа зерттеулерден кейін енді мұнда құстың 232 бар деген,оның 125 түрі көлде ұя салса,107 түрі маусымдық миграция кезінде кездеседі.

Биік тауда,Марқакөлді қоршап жатқан жоталардың басында нағыз сұңқар,яки лашын мекендейді.Оның дене бітімі жалпақ,жемсау тұсының

бұлшық еттері қатты,қауырсыны көкшіл-сұрғылт,қанаты ұзын,әрі жіңішке,табанының башайлары ұзын,тырнақтары өткір де имиген.Дене тұрқы 40 – 50 сантиметр,салмағы 700 – 1300 грамм,қанатын жайғандағы ұзындығы 85 – 120 сантиметр.Қызыл кітапта лашын туралы: «Қазақстанда өте сирек кездесетін құс» деп жазылған.Біз бұған тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі дегенді қосар едік.Европаның көпшілік елдерінде лашын табиғи ескерткіш ретінде баяғыда-ақ қорғауға алынған.Лашынның тағдыры соңғы жылдарда мүлдем мүшкілге айналған.Оның саны қай кезде де көп болмаған ғой,ал «зиянкестер» қатарына жатқызылғаннан кейін оны бостан-босқа қырып жіберген.

Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін басқа жыртқыш құстардан Марқакөл маңындағы әдетте миграция кезінде дала бүркіті мен үлкен шаңқылдақ бүркіт кездеседі.

Табиғатта бүркіт те аз қалды.Марқакөл маңындағы қыраттарда осы бір қыран құстың жартасқа не ағаштардың басына салған үлкен ұялары оқта-текте кездесіп қалады.Егер сәті түссе,сол маңда аспан төрінде жеңіл қалықтап жүрген бүркіттің өзін де көруге болады.Бүркіт өте күшті(оның салмағы 6 килограммнан асады) және ол ешбір қиындықсыз тек құстар мен кеміргіштерді ғана емес,түлкіні де ұстап жей береді,қозы-лақ пен жас арқарға да түседі,аңға салуға әдейі үйретілген бүркіт – қасқыр,қарақұйрық,ақбөкен және басқа жануарларды да қстай алады.

Таңертең Марқакөлдің жағасында тұрып,Күршім жотасынан көлге қарай азықтану үшін ұшып келе жатқан қара ләйлектерді көруге болады.Олар қанаттарын кең жазып,жіңішке мойындарын қылқита созып,ұзын сирақтарын кейін қарай көсілте жіберіп ұшады.Дүрбіден қарағанда құстардың жасылдау және қызғылт сары реңікті қара қауырсыны анық байқалады.Көл жағасына ұшып келіп,ләйлектер суға түседі де,қанаттарымен су бетін сабалай бастайды.Саяз жерде ләйлек қашан жемсауы балыққа толғанша осылай жарты күн жүреді.

Қара ләйлек республикамызда түгел таралған,бірақ кей жерде сирек қшырасады.Жыл құсы ұшып бара жатқан шағында оны аңшылардың атып алатын кездері жиі болып тұрады.Осы бір сирек кездесетін әдемі құсты сақтап қалу үшін ғалымдар ләйлектердің өзін де,олардың ұяларын да браконьерлерден мұқият қорғауды ұсынады.


ІІІ.Қорытынды.

Марқакөл қорығы құрылғаннан бергі 30 жылдай бірегей табиғат бірлестігін зерттеу мен қорғау жөнінде елеулі жұмыстар атқарылды.Осы уақыт аралығында қорық қызметкерлері омыртқалы жануарлар фаунасы есебін алды,жоғарғы өзекті өсімдіктер есебі аяқталуға жақын,көл гидробиологиясы едәуір жақсы зерттелді.140-тан астам ғылыми еңбектер жарық көрді,оның ішінде бір монография бар.Зерттеу материалдарынан екі кондидаттық жұмыс қорғалды.Көпжылдық қорғау шаралары нәтижесінде марқакөл майқабы мен хариусы,марал,бұлан,қара дегелек,балықшы тұйғын, аққұйрық су бүркіті мен басқа жануарлар популяциялары қалпына келді. Шаруашылыққа пайдаланатын аймақта өсетін үшжапырақ субеде, жапырақсыз орашық,жатаған ақүрпек пен балтық сүйсіні түрлеріне қарағанда

қорық жеріндегі сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар өсімдік түрлері жағдайы енді қауіп тудырмайды.2005 жылы қорық шекарасын кеңейту жөніндегі көптен күткен жоба жұмысы жүргізілді,оған Тихушка мен Қалжыр өзендері аңғары арасындағы Күршім жотасына жақын баурайы мен Марқакөлдің солтүстік және батыс жағалауы кіреді.Жан аямай қорғау нәтижесінде қорық ормандары өрт пен кесуден сақталды,шалғындар өзінің көп гүлдері және ашық бояуларымен көз тартады,ал Марқакөл біздің жеріміздегі ең таза және ең әдемі көлдердің бірі болып қала бермек!

Марқакөлдің маңдайына қорық болу,шамасы,жаратылысынан-ақ жазылып қойса керек.Бұл өзі адам аяғы жете бермейтін бір қияда жатқан,Алтай табиғатының және онымен жапсарлас Орталық Қазақстан далалары мен Монғол шөлінің бүкіл байлығын бойына жинаған өте сирек ұшырасатын өзгеше өлке.Көлге тек өткен ғасырдың басында-ақ адамдар келіп қоныстанған,оның жағасында бірнеше деревняның іргесін қалаған,бұл атыраптың халқының саны ешқашан да,сірә,мыңнан асып көрмесе керек,ал қазір тіпті оған да жетпейді.Көлдің бағына қарай,ол шаруашылық айналымына кірмей қалды да,оның суы мөлдір күйінде сақталған,шекаралық аймақта жатқандықтан оны шұбырған туристер де айналып өтті.Әрине, шығын да жоқ емес,жағалаудың кей жерлері мен су жиналатын аумақтың кей тұстарының ағашы селдіреп қалған,аққайран мен хариус ұсақтап,жалпы балық азайып кеткен,кейбір бағалы,әрі сирек кездесетін құстар мен аңдардың саны да кемиген.Дегенмен,мұнда тұңғыш келген адамға,әсіресе,бұл көлді жетік білетіндерге мұның қорықтық жер екендігі айдан анық көрініп тұрады.

Мөлдір сулы Марқакөл ластанудан да зардап шеге бастаған.Көлге құятын өзендердің барлығының дерлік бойына жазда егіншілер қос тігеді.Өздерінің экологиялық мәдениеттерінің төмендігінен механизаторлар өзендерге солярка,машина майын,бензин қалдықтарын төге салады.Көлге сондай-ақ,моторлы қайықтардан да бензин құйылып жатады.Марқакөл қорығының қызметкерлері мұндай жолсыздықтарға қарсы күрес жүргізуге тырысқанымен,өкінішке орай,аудандық тиісті орындар тарапынан әлі күнге қолдау таба алмай келеді.

Қорықтың материалдық базасының нығайып келе жатқандығы көңіл қуантады.Орталық усадьба құрылысы аяқталып келеді,қызметкерлерге арналған жаңа тұрғын үйлер бой көтерген.Қорықта қазірдің өзінде ғылыми лаборатория жұмыс істейді.Табиғат музейі құрылған.Қорыққа алынған жерлердің фаунасы мен флорасы комплексті түрде кеңінен зерттеліп,бұл ауданның физикалық-географиялық ерекшеліктері тексеріле бастаған.

Марқакөл ғасырлар бойы жасай береді,өйткені ол қорыққа алынған,яғни ол біздің келер ұрпақтарға аманат етіп қалдырар асыл мұрамыз.Біз оны көздің қарашығындай сақтау үшін де аманат етеміз.

Республика қорықтарының бүгіні мен ертеңі.Табиғат ресурстарын тиімді пайдалану,оларды қорғау мен байыта беру мәселесіне қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап дамыған кезінде айрықша мән беріліп отыр. Болашақ

ұрпаққа оларды кемеліне клтіріп табыс етуде қорықтардың алатын орны ерекше. «Табиғат лабораториясы» атанған бұл қорықтарда тек саны азайып,жойылып кетуге жақын тұрған хаиуанаттар мен аса бағалы өсімдіктер ғана қамқорлыққа алынып қоймай,сонымен қатар өлкеміздің көрікті орындары да сол қалпында сақталады.

Республикамызда табиғат ресурстарының игерілуі,ауыл шаруашылығы мен өндірістің дамуы жануарлар мен табиғатқа елеулі кері әсерін тигізді. Соның нәтижесінде көптеген жануарлар түрі өзгерген ортаға бейімделе алмай саны сиреп кетті,ал кейбір табиғат ескерткіштерінің ғылыми маңызы мен құндылығы төмендеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан зоологтарының есебі бойынша республикамызда қазір аңның 31,құстың 43,бауырымен жорғалаушылардың 8 түрі,қос мекенділердің 1 түрі және балықтардың сирек кездесетін 4 түрі азайып өмірден мүлдем құрып кету қаупінде.Сондықтан қайткен күнде де оларды қорғап қалу жайында үлкен мәселе қойылып отыр.Бұл мәселені жедел шешкеніміз жөн.Біздер өткен кемшіліктерді қайталамауға тиіспіз,өйткені біздер Қазақстан территориясынан тарпанды,Пржевальский жылқысын, жолбарысты,тағы басқа бағалы аңдарды жоғалтып алғаны үшін өткен ұрпақтарды кінәлайтын болсақ,ал қазіргі ұрпақтар біздерге жұпарды, арқарды,қарақұйрықты,тағы басқа өте сирек кездесетін аңдар мен құстарды жойып алғанымыз үшін қатты ренжіп жүр.Мұндай аса сирек кездесетін жануарларды қорғап қалудағы қазіргі қорықтардың рөлін айтып жеткізу өте қиын.Республика қорықтарындағы табиғатты қорғау идеясын көпшілік қауымға таратуда «Табиғат мұражайларының» атқаратын рөлі ерекше зор.Әрбір «Табиғат мұражайының» жанында экскурсия бөлімі жұмыс істеуі ауадай қажет.Олардың қызметкерлері халық арасында лекция оқып,әңгіме жүргізіп,радио мен теледидардан сөйлеп үгіт-насихат жасаса нұр үстіне нұр болар еді.

Ғалымдардың есебі бойынша,тек ХІХ ғасырда ғана жер шарында ірі жануарлардың 70-тен аса түрі,ал өткен ғасырдың 50 жылы ішінде тағы 40-тан астам түрі мүлдем құрып біткен.Қазіргі уақытта жер жүзіндегі жабайы аңдар мен құстардың 600-дей түрінің саны азайып,мүлдем құрып кету қаупі бар. Сондықтан да шет елдерде бұл күндері қорықтарға баса назар аударылып,көп жер бөлінуде.Мысалы:Германияда барлық жер көлемінің 2,4,ал Чехияда 1,13 пайызы қорыққа берілген.Салыстырып қарасақ Қазақстанның жерінен Германияның жері 25 есе,ал Чехияның жері 21 есе кіші.Жасыратыны жоқ, қорықтарды ұйымдастыруда Қазақстан тек шет елдерден ғана емес,өзіміздің көршілес республикалардан да артта қалып отыр.Мысалы:жер көлемі біздің республикамыздан 3 еседей кіші Украинада 13 мемлекеттік қорық бар.Ал қалған республикаларда төмендегідей:Өзбекстанда – 12,Азербайжанда – 8, Грузияда – 12,Ресейде – 41,Эстонияда – 4,Латвияда – 4,Литвада – 1, Молдовада – 1,Белорусьте – 3,Арменияда – 2,Қырғызстанда – 2,Тәжікстанда – 2, Түркменстанда – 3 қорық бар екен.

Республикамызда жер құнарын,орманның әсем келбетін,өзендер мен көлдердің мөлдірлігін,хаиуанаттар тіршілігін,өсімдіктер дүниесін қымбат

қазынадай қастерлеп сақтайтын бірнеше мемлекеттік қорық ұйымдастыру – бүгінгі күннің талабы.Ғалымдар келешекте республикамыздың барлық географиялық аймақтарын қамтитын 21 қорық ұйымдастыру керек деген ғылымға негізделген қорытындыға келген.Олар:Алматы облысының Балқаш, Күрті,Ұйғыр аудандарының;Ақтөбе облысының Шалқар,Ырғыз;Торғай облысының Жанкелді,Орал облысының Шыңғыстау,Үржар;Шығыс Қазақстан облысының Зайсан;Көкшетау облысының Красноармейск; Қарағанды облысының Қарқаралы;Талдықорған облысының Сарқан; Жезқазған облысының Жаңаарқа,Маңғышлақ облысының,Ақмола облысының Ерейментау;Қызылорда облысының Шиелі,Жаңақорған аудандарының территориясынан құрылатын қорықтар.

Ал Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген үстірт қойын(муфлон), қарақұйрықты,қаракірпіні қорғау мақсатында ұйымдастырылатын жұмыстар алда тұр.

Міне,мемлекеттік қорықтар жүйесін кеңейту мақсатындағы осындай жұмыстар іс жүзіне толық асырылған жағдайда бұл саладағы игілікті істерді

жыл өткен сайын күшейте беру аса қажет.



Пайданылған әдебиеттер:



  1. «Қазақстан қорықтары» 1,2-том.Алматы,2007 жыл.

2.«Қазақстанның қорықтары мен ұлттық бақтары».Алматы,2006 жыл.

3.«Қазақстанның қорықтары» Алматы,2000 жыл.

4.«Мемлекеттік қорғауға алынған аймақтар».Алматы,2004 жыл.






Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!