Материалдар / ХІХ Ғ. ІІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ЖЕТІСУДАҒЫ ЭТНОСАРАЛЫҚ ҚАТЫНАС ЖӘНЕ ЖЕР МӘСЕЛЕСІ
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

ХІХ Ғ. ІІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ЖЕТІСУДАҒЫ ЭТНОСАРАЛЫҚ ҚАТЫНАС ЖӘНЕ ЖЕР МӘСЕЛЕСІ

Материал туралы қысқаша түсінік
макала
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
30 Мамыр 2023
224
0 рет жүктелген
250 ₸
Бүгін алсаңыз
+13 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +13 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ЭОЖ:94(574):323.



ХІХ Ғ. ІІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ЖЕТІСУДАҒЫ ЭТНОСАРАЛЫҚ

ҚАТЫНАС ЖӘНЕ ЖЕР МӘСЕЛЕСІ


Жетекші: Аға оқытушы, тарих магистрі Альдибаева А.Б.

Студент: Жақып Жанат

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті



Орыс әкімшілігінің Жетісу өлкесіне келіп табан тірегенде, алдынан шыққан негізгі мәселелердің бірі жер мәселесі болды. Яғни: біріншіден, жергілікті халықтың күнделікті тіршілігінде жер қорын пайдалану ерекшелігін, жерге меншік түрін анықтау, сол арқылы орыс билігінің жер мәселесіндегі ұстанымдарын белгілеу; екіншіден, бұрынғы яғни орыс әкімшілігі келгенге дейінгі жер қорын пайдалану жүйесі мен жаңа әкімшілік басқару жүйесі (ауыл, болыс, уез және облыс) орнағаннан соңғы кезеңде жерді пайдалануда қалыптасқан мәселелерді шешу; үшіншіден, орталық билік орындарының мақсатты түрде жүргізе бастаған ішкі ресейлік орыс шаруаларын мұнда әкеліп қоныстандыру шараларын жүзеге асыру арнасында «қоныстандыру қорларын» жасау; төртіншіден, қазақтарды мүмкін болғанша көбірек отырықшы тұрмысқа көшуге ынталандыру мәжбүр ету болды.

Әрине, бұл ретте ресейлік билік аса үлкен мүдделілік танытып қана қойған жоқ, сонымен бірге Жетісудағы жер мәселесін өз пайдасына шешу жолында тәжірибелі отарлаушыларға лайық тапқырлық та таныта білді деп айтуға негіз жеткілікті. Мәселен, Түркістандағы Ресей әкімшілігі өз қызметіне кіріскенде бастапқы кезден-ақ үлкен белсенділікпен қолға алған мәселелердің бірі жергілікті халықтың жерге меншіктік қатынасын анықтау болды. Осы мақсатта жоғарғы билік орындарының тапсыруы бойынша Түркістан генерал-губернаторлығы әкімшілігінің шенеуніктері полковник Николаев, қызметкер Комаров және Кунның осы өлкедегі қатынасы жөніндегі талдау еңбектері өмірге келеді. Осы мазмұндағы еңбектердің қатарына «Жетісу облысындағы жерге орналастыру жөнінде» атты Аристовтың еңбегін де жатқызуға болады.

Дегенмен Түркістан өлкесін тұтас алған Жетісу облысындағы жер қатынасының өз ерекшеліктері бар еді. Түркістан өлкесінің Жетісудан басқа облыстарында отырықшы егіншілікке жарамды жерлер, әрине, анағұрлым мол болатын. Сондықтан да мұнда дәстүрлі егіншілік мәдениеті айтарлықтай жоғары дәрежеде даму алғандығы мәлім. Ал Жетісу облысында керісінше егіншілікке жарамды жер көлемі табиғи жайылымдардан анағұрлым аз болатын, сондықтан да мұнда ерте замандардан дәстүрлі мал шаруашылығы айтарлықтай өркен жайды. Міне осы негізгі жағдайға байланысты біз қарап отырған тарихи мезгілде бұл екі аймақта жерді иемдену және пайдалану ісінде тек өздеріне ғана тән ерекшеліктері болғаны дау тудырмаса керек. Ресей империясы Жетісу өңіріне өз билік жүйесін енгізе салысымен бұл аймақты пәрменді отарлау ісіне кірісіп кетеді. Оның бұл әрекеті империяның ішкі губернияларынан Жетісу жеріне орыс шаруаларын әкеліп жаппай қоныстандыру саясатынан көрінді. Қоныс аударушылардың алғашқы легі Жетісуға келгенге дейін бұл өңірді патша өкіметі казак әскері арқылы отарлаумен шектелген болатын. Казактарға өлкені отарлау ісінде патшалық биліктің үлкен сенім артқанын Жетісу казактарының тарихын зерттеуші Н.В.Леденев өз еңбегінде былайша білдірген еді: «Жетісуды әскери қызметке жарамсыз шаруалар арқылы ғана отарлау мүмкін емес. Мұнда кез-келген уақытта көрініс табуы мүкін шабуылға тойтарыс беретін әскери-егінші қажет. Бұл талапқа Сібір казагы ғана жауап бере алады» [1]. Әскери тірек пункті міндетін атқарған казак қоныстары қазақтарды шұрайлы да құнарлы мекендерінен айырумен бірге, оның егіншілік мәдениетінің дамуына кедергі жасады, мал шаруашылығының дәстүрлі қоныс аудару жүйесін бұзды. Патша үкіметі түрлі артықшылықтар берген казак қоныстары панасыз қазақ жұртына түрлі зорлық-зомбылықтар көрсетіп отырды. Казактар қазақ жері табиғатына немқұрайлы қарап, ормандарды ысырапсыз пайдаланып, біразын жоқ етті, жергілікті халықтан тартып алған егіншілікке жарамды жерлерді құнары таусылғанша пайдаланып, сонан соң оларды тастап жаңа жерлерге кетті [2]. Жетісу жеріне қоныстанған казактар үкімет берген түрлі жеңілдіктерді пайдалана отырып, өздеріне бөлінген құнарлы тиянақты пайдаланудың орнына, ол жерлерді шаруашылығы күйзелген қазақтарға жалға беріп, арзан пайда тауып жатқандығы жөнінде орыс басылымдарында да жазылып жатты [3]. Казактардың ормандарды ысырапсыз пайдаланып, Жетісудың әсем табиғатына ауыр зардаптар тигізіп жатқанын Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфман 1867 жылы қазан айында Жетісу өңірінде болған кезінде өз көзімен көрген болатын. Ол казактардың мұндай әрекетіне ашынып, 1871 жылы желтоқсанда соғыс министрі атына жолдаған хатында былай деп жазды: «Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғаннан бері мен Жетісу облысындағы ормандардың сақталуына, олардың жөн-жосықсыз шабылмауына ерекше көңіл бөліп келемін. Дегенмен, соңғы 10 жыл ішінде өңірде ормандар азайып, құрып кету жағдайына жетіп отыр. Ормандарды сақтау тұрғындардың отынға, құрлысқа деген күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін ғана қажет емес. Ормандар жердің құнарлығын, тозбауын қамтамасыз ету үшін аса маңызды. Ормандардың оталуы жердің өнімділігіне тікелей әсер етіп отырғаны байқалуда. Оған Қапал қаласы мен станциясының бүгінгі жағдайы дәлел бола алады. Онда казактардың көрегенсіз әрекетінен ормандар жойылып, егістік алқаптар жарамсыз күйге түсті. Мен осыған орай 1867 жылғы сапарымның кезінде облыс басшысына орманды шабуға шек қою үшін тиісті шаралар қолдануды тапсыруға мәжбүр болдым. Әскери күш ретінде отарлау саясатында белсенді рөл атқарған казактар, жергілікті халықты күшпен ығыстыру нәтижесінде алған құнарлы жерлерді игеруге келгенде айтарлықтай жоғары егіншілік мәдениетін таныта алмады. Оны мынадай мәліметтерден аңғаруға болады. ХІХ ғасырдың 80-жылдары Жетісу облыстық басшылары облыста тұратын казактардың шектен тыс артық жер иемденіп отырғандығын, ал ол жерлердің игерусіз жатқандығын мойындауға мәжбүр болып, казактар иелігінен 214 511 десятина жерді алып, оның 7529 десятинасын қалаларға, ал қалған бөлігін қазақтарға қайтарған [4]. 1874 жылы генерал Колпаковский қазақтардан түскен шағымды ескере отырып, Лепсі уезіндегі казктар иелігіндегі жерді тексеру үшін арнайы комиссия шығарады. Оның құрамында жергілікті қазақ тұрғындардың да өкілдері енген. Осы комиссия жұмысы нәтижесінде тек Лепсі уезінде казактардың иелігінде пайдаланусыз жатқан 10 мың десятина жер қазақтарға қайтарылған. Игерусіз жатқан казактар жерлерін шектеу Қапал және Верный уездерінде де орын алған [5]. Түркістан өлкесі генерал-губернаторы К.П.Кауфман осындай жайдайларды ескере отырып, бұдан кейінгі уақытта Жетісуда казактарды отарлау процесінде пайдалануды біраз тежеу қажет деп санады. Ол егін егіп, шаруашылықты дамытуға барлық жағдайы бар казактардың құнарлы 22376 десятина жерді иелене отырып, осы жердің 1526 десятинасын ғана игергендігін өзінің қызметі жөніндегі есебінде баяндады [6]. Генерал-губернатордың бұл ойын Жетісу облысы әкімшілігі қолдап, өз кезегінде, өлкенің экономикалық потенциалын толығырақ пайдалану ісіне басқа да сословие өкілдерін, әсіресе ішкі губерниялық орыс шаруаларын молырақ тартуды тиімді санады. Басқаша айтқанда казак қоныстарын құру, әскери бекіністер салу патша өкіметі үшін Жетісу өлкесін отарлаудың өтпелі кезеңі ғана еді. Тиянақты отарлаудың баянды жолы жаңа орыс шаруаларын мейлінше, көбірек қоныстандыру екендігін билік орындары жақсы түсінді. Орыс шаруаларын шет аймақтарға қоныстандырудың алғашқы кезеңінде помещиктер арзан жұмыс күшінен айырылып қалудан қауіптеніп, шаруалардың шет аймақтарға көшуіне әр түрлі кедергілер қойып бақты. Тек қана арнайы рұқсат қағазы барлар және үкімет тарапынан жеңілдіктер мен көмек ақша алған шаруалар ғана қоныс аудара алатын болды. Патша әкімшілігі қоныс аудара келген шаруалар шет аймақтарда орыстандыру саясатының құралы, отарлаушы әскерлерді толықтырудың көзі болады деп санады. Осыған орай Түркістан генерал-губернаторы фон-Кауфман: Өлкеде орналыстырылған орыс қоныстары кеғ тарап, өзара тікелей байланыс орнатқан жағдайда ғана олар нағыз мпңызға ие болып, үлкен күшке айналады. Осы негізге сүйеніп, облыста жаңадан құрылып жатқан орыс селоларын қазақ қоныстарымен және қалалармен біріктіріп, мүмкіндігінше отырықшы селолардың біртұтас жүйесі қалыптаса алатындай етіп орналыстыру қажет» [7]-деп жазған еді. Генерал–губернатор фон-Кауфманның нұсқауымен Жетісу облысының әскери губернаторы Колпаковский өңірді орыс шаруалары арқылы отарлау үшін «Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша ережелер» атты жобасын жасап шықты. Онда Жетісуға келген қоныс аударушылардың жағдайын жеңілдетуді көздеген мынадай шаралар қарастырылған болатын: Әрбір қоныс аударушы ер адам басына егіншілікке қолайлы 15 десятинадан жер бөлініп, оған басы артық 15 десятина қосылады; пошта тракті бойындағы бекеттерге орналасқандырға 30 десятина бөлініп, оған 15 десятина басы артық жерлер қосымша беріледі; қоныс аударушылар 15 жыл бойы салықтан түрлі міндеткерліктерден босатылады. Осы жобаға сәйкес облысқа жылына 1375 отбасын қоныстандыру көзделді. 1882 жылдан бастап қоныс аударушылардың саны бұл көрсеткіштен асып түсетін болды. 1882 жылы Жетісу облысына 1718 отбасы қоныс теуіп, олардың 7398-і ер, 6219-ы әйел жынысты болды [8].

1883-1891 жылдар аралығында Жетісу өңірінде қоныс аударушылар үшін жаңа поселкелер салынбады. Бұл кезде қоныс аударушылар легі саябырсып қалған болатын 1892 жылы Ресейдің еуропалық бөлігінде астықтың шықпай қалуына байланысты ішкі істер министрлігінің рұқсатынсыз Жетісу өңіріне 1769 отбасы көшіп келді. Жергілікті әкімшілік оларға арнап Пішпек уезіне қарасты территорияда Георгиевка және Ивановка поселкаларын құрды. Бұл кезеңде Жетісу облысы Дала генерал-губернаторлығының қарамағында болғандықтан 1891 жылғы «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару ережесі» бойынша басқарылып, оның 120-бабының 1-қосымшасы қоныс аударушыларға жарамды жерлерді мол алып беруге кең жол ашты. Ол қосымшада: «Көшпенділер үшін артық болуы мүмкін жерлер мемлекеттік мүлік министрлігі қарамығына өтеді»-делінген еді. Мұндай қосымша 1886 жылы қабылданған «Түркістан өлкесін басқару Ережесінде» болмады. Сондықтан да көршілес жатқан Сырдария облысына қарағанда Жетісу өлкесін орыс шаруалары арқылы отарлау әлдеқайда нәтижелі жүрді.

Осылайша орыс шаруаларының Жетісу облысына ағылып келуіне толық мүмкіндік жасалды. Алайда, қоныс аударушылар легінің артуына байланысты оларды жерге орналыстыруға орыс әкімшілік орындарының мүмкіндігі жете бермеді. Соған орай Жетісу облысына қоныс аударушыларды орналастыру мәселесі бойынша Омбы қаласында арнайы комиссия құрылады. Бұл комиссия қазақтар мен қырғыздарды жерге орналастырып алмайынша, яғни басы артық жердің көлемін анықтамайынша қоныс аударуды доғара тұру қажет деген шешімге келеді. Сөйтіп, 1896 жылдан бастап уақытша болса да Жетісу өңірі қоныс аударушылар үшін жабылды. Ендігі кезекте Жетісуға ешқандай рұқсатсыз, өз бетімен келген орыс шаруалары жерге орналастырылмады. Олар бұрын келген қоныс аударушылардың үйлеріне орналастырылып, соларға жалданып күн көретін болды. Дегенмен орыс шаруалары жерге орналыстырмаса да жергілікті тұрғындардан арендаға жер үлесін алуға болатын естігеннен кейін Жетісуға қарай ығысқан ағымын тоқтатпады.


Әдебиеттер тізімі:

  1. Леденов Н.В. История Семиреченского казачьего войска. Верный,

1908. С.88-89.

2. Терентьев М.А. История завоевания Средней Азии. Т-2-3. СПб.,

1906. С.268.

3. Иванов А. Русская колонизация в Туркестанском крае // Русский вестник. 1890. №16. С.192.

4. Вопросы колонизации. 1914. №15. С.426.

5. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы. 1995. 28-б.

6. Проект всеподданейшего отчета генерал-адьютанта К.П.Кауфмана. СПб., 1885. С. 151-159.

7. ҚР ОММ. 19-қ., 1-т., 26-іс., 139-140 пп.

8. Обзор Семиреченской области за 1882 г. Верный. 1884. С.3.








Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!