Материалдар / Жалпы білім беретін орта мектепте шешендік сөздерді оқытудың ғылыми-теориялық негіздері
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

Жалпы білім беретін орта мектепте шешендік сөздерді оқытудың ғылыми-теориялық негіздері

Материал туралы қысқаша түсінік
Жалпы білім беретін орта мектептерде шешендік сөздерді оқытудың негізгі мақсаты оқушылардың өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын, жауаптаса алатын тұлға деңгейіне көтеру, яғни ұлттық шешендік сөйлеудің айла-амалдарын шешендік өнердің сыр мен сымбатын, тапқырлықты, тақырыптық тәсілдерді қолдану бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
13 Қараша 2020
450
0 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ОРТА МЕКТЕПТЕ ШЕШЕНДІК СӨЗДЕРДІ ОҚЫТУДЫҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ



Жаңбыр Заманбек – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология және көптілді білім беру институтының 2-курc магистранты zzhangbyr@mail.ru

Ғылыми жетекшісі: А.В.Таңжарықова – ф.ғ.д., қауымд.профессор м.а.

Резюме

В данной статье рассматриваются научно-теоретические основы преподавания ораторских слов в общеобразовательной средней школе, раскрываются истории изучения казахского ораторского искусства. Например, в 24-м номере газеты «Дала уалаяты» 1883 года А. Букейханов проявил особое внимание к ораторским словам старых биев, выдвинул идею их сбора, анализа, пропаганды. В средних общеобразовательных школах основной целью обучения ораторских слов является повышение уровня личности, в которой учащиеся могут свободно выражать свои мысли и мнения, нести ответственность, т. е. применение навыков ораторского искусства, находчивости, тематических подходов к ораторскому искусству.

Abstract

This article reveals the scientific and theoretical foundations of teaching oratory in secondary schools, reveals the history of the study of Kazakh oratory. For example, in the 24th issue of the newspaper "Dala ualayaty" in 1883, A. Bukeikhanov paid special attention to the oratorical words of the old biys, put forward the idea of collecting, analyzing, and propagating them. In secondary schools, the main goal of teaching oratorical words is to raise the level of personality in which students can freely Express their thoughts and opinions, take responsibility, that is, to develop their own skills. the application of the skills of oratory, imagination, thematic approaches to the oratory.

Кілттік сөздер: шешендік сөздер, орта мектеп, ұлттық өнер, оқыту, ғылыми-теориялық негіздері, меңгеру, қабілет

Шешендік сөздер қазақ ауыз әдебиетінің күрделі де көркем бір саласы болып табылады. Қазақтың дәстүрлі шешендік сөздерін шешендік толғау, шешендік арнау, шешендік дау деп шартты түрде үшке бөлуге болады. Шынайы шешендік қиялдан тумайды, өмірлік оқиғалардан, табиғи құбылыстардан туады, көп жылдық тәжірибе мен сан рет қайталау арқылы сыннан өтіп халық мойындаған қағидаға, даусыз ақиқатқа айналады. Оның үстіне әр дәуірдің әр түрлі сөз шеберлерінің талғамынан, толғауынан өтіп шешендік сөз тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін сүйкімді үн мен ырғаққа ие болады. Шешендік сөздер үш түрлі болады: кеңесу, билік және салтанатты сөз. Ал құрылысы жағынан кіріспе, баяндау және қорытынды болып үш бөлімнен тұрады.

Ұлттық өнеріміздің тарихында Майқы би, Аяз би, Мөңке би, Едіге би, Бәйдібек би, әз Жәнібек, Жиренше шешен, Шоған би, Әсет би, Қадір-Тайжан, Тоқсан, Жанкісі, Антайлақ, Бөлтірік, Сары, Сырлыбек, Бала би, Ноғайбай, Саққұлақ, Бапан, Шоң, Шорман, Байдалы, Қараменде, Зіл-қара, Алшынбай, Асаубай секілді, сондай-ақ Төле би, Қаз дауысты Қазыбек және Әйтеке билердің жарқын бейнелерін әлі де қазақ даласындағы айтулы шешен-билер есімімен толықтыра айтуға болады [1, 56].

Сонымен шешен деген тұста бұл ұғым біздің жадымызда көне Грекия мен Римнің сот залдарында алқалы жиындарда тоқтаусыз ағыл-тегіл сөйлеп, аудиторияны сөзіне ұйытып, айтар ойына мүлгітіп тұрған оратор түсінігінде ассоциациаланады да, би ұғымы заңдық, билік күші бар сот болмысы арқылы көрінеді. Осы екі ұғымды, екі болмысты табиғатты жақындастыратын, жанастыратын қалып – шешендік, шешендік сөйлеу процесі. Шешендік өнер ілімі ерте қалыптасқан антикалық Грек пен Рим теоретиктері, іргелес орыс теоретиктері шешендік өнерді сөйлеу процесі тұрғысынан мейлінше жан-жақты талдады, еңбектер жазды [2, 72]. Риторика ілімнің көне және орта дәуірінде Протогор, Демосфен, Цицерон, Аристотель, Квинтилиан, Марк Антоний, Луций Крам қайта өрлеу дәуірінің көрнекті өкілдері Кампонелла, Томас Мор, Петрарка, Данте, Рабле, Шекспир, орыс шешендік өнерінің теориясында Макарич, Усачев, Ломоносов, Рижский, Мерзляков, Галюч, Коменский, Сперанский есімдері тарих бетінде жарқырап қалды.

Қазақ шешендік өнерінің зерттелу тарихы өткен ғасырдың бірінші ширегінен бастау алады. Мәселен, 1883 жылғы «Дала уәлаяты» газетінің 24-санында Ә. Бөкейханов ескі билердің шешендік сөздеріне аса ілтипат көрсетіп, оларды жинау, саралау, насихаттау идеясын көтерген.

Ал шешендік сөздерге ғылыми түрлендірулер жасау ХХ ғасырдың 20-жылдарынан басталған.

Шешендік сөздерді ауыз әдебиетінің жеке саласы ретінде қарастырған бұл тұстағы зерттеулер А. Байтұрсынов, М. Әуезов, С. Сейфуллин есімдерімен тығыз байланысты. Бұдан кейінгі кезеңдегі шешендік өнер тарихының зерттелуі Ә. Маметова, Б. Адамбаев еңбектерімен толықты. Сондай-ақ фольклортанушы ғалым С. Садырбаев шешендік сөздерді ішкі үлгілерге жіктеуде өзіндік ой-өрнегін көрсете білді.

Шешендік сөздердің әр жылдарындағы жиналып басылуына ат салысып, алғы сөздер жазып, өзіндік ой-өрнектер, ғылыми тұжырымдар қалдырып жүрген ғалымдар қатарына Т. Дәдебаев, С. Қорабай, Н. Төреқұлов, М. Қазбеков сынды бұл істің үлкен жанашырларын атаған лазым, жалпы шешендік өнер аясында туындаған сөздерді шешендік сөздер деп атап, оны әдебиеттің дербес, жеке жанры ретінде ғылыми тұрғыдан бажайлау үстіміздегі ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы А. Байтұрсынов, М. Әуезов және С. Сейфуллин сияқты ғалымдар еңбектерімен тығыз байланысты [3, 8].

Аталмыш ғалымдар алғаш рет шешендік сөздерді ғылыми зерттеудің көзі ретінде арнайы қарастырды. Мәселен, А. Байтұрсынов 1926 жылғы «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінің «Шешен сөз» деген тарауында шешендік сөздерді бес түрлі ішкі жанрлық үлгілерге жіктеді:

  1. саясат шешен сөз;

  2. билік шешен сөз;

  3. қошамет шешен сөз;

  4. ділмар шешен сөз;

  5. уағыз.

Бұл тұстағы шешендік сөздердің функционалдық сипатын жазған Ш. Уәлиханов еңбектеріндегі ой сарабын тереңдеткен, дамытқан ғалым Х. Досмұхамедов болды. «Қазақ халық әдебиеті» атты зерттеуінде Х. Досмұхамедов халық әдебиетін қырық алты түрге жіктей отырып, соның бір үлгісіне, жанрлық түрге «Билік сөз» деп шешендік сөздерді жатқызады. «Әртүрлі сот істері кезіндегі билердің тамаша үкім сөздері, екі жақтың ұтымды даулары мен тапқыр жауаптары, әдетте, ұйқасты мәтел не өлең түрінде айтылады. Поэзияның бұл түрі билік сөз деп аталады» – деп атап көрсетеді.

Кең көлемде жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінің тарихын жасауға батыл қадам жасаған еңбек М. Әуезовтың «Әдебиет тарихы» десек, автор аталмыш еңбекте қазақтың шешендік сөздерін әдебиет тарихынан орын тептіріп, «Билер айтысы» деген терминдік атау беріп, өзіндік ілімнің әлі де болса теориялық шымырлануы қажеттігін былайша аңғартады: «Билер айтысының қазір де барлық түрлері жиналып болмағандықтан, екінші бұл түрдегі айтыстар ерекше көп болғандықтан, бұл күнде түгел жіктеп, бөліп қоюға болмайды. Сондықтан, қазірде қандай түрлері кездесетінін айтамыз. Бірақ бұл жіктеу уақытша ғана және ылғи ішкі мағынасына қарап жасалған жіктер болады».

Бұдан кейінгі кезеңде жалпы шешендік өнер аясында пайда болған шешендік сөздердің құлақ кесті үлгісі ретінде қандай жәдігерлер қарастырылуы, аталуы тиіс деген көкейдегі ойдың пердесін сыпырған, бұл төңіректегі теориялық ой-толғақтың нені шиырлауы керектігін М. Әуезовтен кейін тағы да атап көрсетіп, әдебиет тарихының тұтас бір дәуіріне арнаған еңбек С. Сейфуллиннің еңбектегі ой-зердесі М. Әуезовтің ой-пікірлерімен астасып, шешендік сөздердің негізі ретінде дау-дамайда, талас-тартыста туған билер сөзі алынуы керектігін зерделеген ой-әлемі жанрға «билер сөздері» деген атау ұсынғандығынан аңғарылады. Сондай–ақ С. Сейфуллиннің ғалым ретіндегі ой-тұжырымдарының құндылығының тағы бір қыры автордың қазақ билерінің болмысының халық өмірінің сан-алуан қырларымен байланыстылығын, билердің көп қырлы функциясын айта алғандылығында.

Әдебиетші ғалым С. Негимов бұл турасында «…бұған қоса ол әрі батыр, әрі әнші-ақын, жыршы, сыншы, сәуегей, шежіреші, ғұлама, бір сөзбен айтқанда, әмбебап дарын екендігін ескертеді», - деп пайымдайды.

Қазірде жаңаша ойлау диалектикасы тұрғысынан әдеби мұрағаттарымызды қайыра екшеп жатқан тұста билер функциясының аясын барынша кең арнада қарастырып жүрген еңбектердегі теориялық ой-пікірдің жоғарыдағы С. Сейфуллин еңбегінен бастау алатынын көреміз. Мысалы зерттеуші М. Есламғалиұлы би – көсем, би – шешен, би – ақын, би – заңгер, би – емші, мәмлегер, би – батыр, би – саясаткер, би – қоғам қайраткері, би – ойшыл-ғалым, би – психолог, би – тәрбиеші деп қазақ билерінің халық өміріндегі, қоғам алдындағы он түрлі қызметін түстегенде, жоғарыдағы С. Сейфуллиннің пікіріне сүйгендігін байқаймыз.

Осылайша шешендік өнердің аясын айқындап, халықтық негіздері мен ұлттық сипатын бағдарлап, көркем сөз ретіндегі теориялық табиғатын тексере бастаған ғылыми-зерттеушілік ой-ағым отызыншы жылдардан кейінгі уақытта әдебиеттану ғылымындағы бел алып кеткен «тұрпайы социологизмнің» салқынына ұшырады. С. Сейфуллин зерттеулерінде табы сезіле бастаған бұл оңсыз теорияның ықпалы 1945 жылы қорғалған. Ә. Маметованың «Қазақ билерінің шешендік сөздері және оның әдебиеттегі тарихи орны» атты диссертациясына кері әсер етіп, кейін 1948 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихы» атты кітапта жал-құйрығы күзеліп, кейбір концепциялары алынып тасталды [4, 168].

Ұлттық шешендік өнер, шешендік сөздер теориясының дамуының келесі бір кезеңі тікелей әдебиетші ғалым Б. Адамбаев еңбектерімен айқындалады. Б. Адамбаев М. Әуезов, С. Сейфуллин, Х. Досмұхамедов ұсынған «билер сөзі» терминін «шешендік сөздер» терминімен алмастырып, тақырып аясын айқындап, жанрдың ішкі үлгілерін мазмұнына қарай үшке, құрылысына қарай екіге бөледі.

«Шешендік сөздердің әлеуметтік және әдеби эстетикалық мәнін, жанрлық-көркемдік ерекшеліктерін ашып анықтау үшін сөз нұсқауларын талдаймыз және мазмұнына қарай шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау деп үш салаға топтап зерттейміз», - дейді Б. Адамбаев.

Қазақ халқында белгілі бір мәселені талқылау кезінде шешен адамдардың тапқыр ойымен, шебер тілімен ауызша айтқан мазмұнды, көркем пікірін шешендік сөз дейміз.

Елімізде қалыптасқан шешендік сөздердің басқа да қайталанбас өзіндік ерекшеліктері де мол. Бұлар – «аттың жалы, түйенің қомында» көшпелі өркениеттің мақсат-мүддесіне сай ауызекі, суырыпсалмалық дәстүрінде туған мұралар.

Суырыпсалмалық қазақ өнерінің қай-қайсысына болмасын тән, бірегейі құбылыс [5, 22]. Дәстүрлі қазақ өнерінің негізгі қасиеті сақталған жыраулық өнерді, ақындық өнерді, жалпы кең мағынасындағы ақындық өнерді импровизациясыз пайымдау аса қиын. Қазақ шешендік өнерінің бұл сипатын С. Негимов тілімен айтсақ: «Қазақ шешен билерінің импровизациялық қабілет қарымы шешендік өнердің ең жоғарғы биігіне шыққан деуге болады. Әрине қаумалаған қауымды дүр сілкіндіру, ой-қиял теңізіне жүздіру, ынта-ықыласын арттыру шешеннің табиғат сыйлаған қасиетінің үстіне табанды ізденістерімен, білім қорын үнемі жаңартып, түйінді қорытындылар шығарып, мәнерлі, әсерлі, әуезді тілмен жеткізумен ерекшеленеді». Соңғы кезде қазақ балаларына арналған ауыз әдебиетінің үлгілерін, оның салаларын оқытуға ерекше көңіл бөлінуде. Оқу материалдарына аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдер, жырлар, шешендік сөздердің түрлерін балалардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізу дүние танымын кеңейтуге, жан-жақты дамуына ықпал етеді. Жас ұрпаққа қазақтың би-шешендерінің өмірінен мәлімет беріп қызықты тұстарынан сөз қозғау өнегелі істерге апарар жол.

Шешендік сөз – адамзат тарихындағы рухани материалдық мәдениеттің дамуының негізгі құралдарының бірі шешендікке құрылған әңгімелерді, аңыздарды және өлеңдерді бастауыш сыныпта оқыту бала тілін ұштайды, сөздік қорын байытады, өмірге деген көзқарасын оятып, дүниетанымына жол ашады.

Жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларына қазақ халқының атақты шешендері қаз дауысты Қазыбек, Төле би мен Әйтеке билерді ана тілі, қазақ тілі, қазақ әдебиеті пәндері арқылы таныстырып, олардан қалған құнды да мол мұраларды оқыту, ұлағатты сөздерін жатқа айтқызу – уақыт талабы.

Ғалым-педагог Ы. Алтынсарин нақыл сөздерді жинап және оларды жариялап өзінің хрестоматиясына Ізбасты, Байұлы, Жәнібек батыр, Жиренше шешен тағы басқалардың көрегендікке, тапқырлыққа құрылған «даналық әліппелерін» енгізіп, кезінде оларды оқуға ұсынған. Алғашқы ұстаз аталы сөздің құндылығын сол кезде-ақ білген.

Шешендік сөздерді тұңғыш зерттеушілердің бірі М. Әуезов болса, 30-жылдары оларды іріктеп, жинап, халықтың керегіне жаратуға үлес қосып, қамқор болған, асыл сөздерді оқырман қауымға ұсынушы және балаларды ізгілікке тәрбиелеуде таптырмас құрал екенін оқытушы С. Сейфуллин болды. С. Сейфуллин өзінің «Қазақ әдебиеті» дейтін кітабында шешен билердің әлеуметтік қызметтерін, шешендік сөздердің ауыз әдебиетінде алатын орнын анықтап, бірсыпыра нұсқауларын жариялады.

Одан кейін қазақтың шешендік сөздерін арнайы зерттеген ғалым Әмина Маметова. Ол өзінің «Қазақстан шешен билерінің сөздері және қазақ әдебиетіндегі оның орны» кандидаттық диссертациясында белгілі қазақ билерін атап, олардың аттарынан айтылатын сөздердің әдеби мәнін толығырақ анықтай түседі. Сонымен қазақ тілі және қазақ әдебиеті сабақтарының танымдық мақсатына мыналар ескерілу қажет:

1. Шешендік сөздерді халқымыздың қадір тұтуы;

2. Шешендік сөздердегі ұлттық мәдениет және парасаттылық;

3. Асыл сөздің астарындағы ұлағатты сөздер;

4. Дау-жанжалдардың бітімін екі-ақ ауыз сөзбен шешіп, ел мен елді бітістіріп, жарастырып келелі мәселелерді тындырып отыратындығы.

Билер мен шешендердің көрегендігін, даналық сөздерін оқытып, жатқа айтқызу жас ұрпақты шешендікке, ата-бабадан қалған мол мұраны игертуге баулиды. Қазақ шeшeндiк сөздeрi – бастаy алар қайнар бұлақтарын түркiлiк танымнан түптeн тартып, өзiндiк ұлттық eрeкшeлiктeрдi, қасиeттeрдi бойына жинақтап, көркeмдiк қyатымeн, ғибраттық сарынымeн дараланған, сондай-ақ бай поэтикалық тiлiмeн өзгeшe қалыпта көрiнгeн, халқымыздың рyхани азығына айналған көркeмдiк құбылыс.

Бүгiнгi қолымызға жиналған мәлiмeттeрдi саралай кeлгeндe шeшeндiк сөздeрдiң көлeмiнiң тым аyқымды, iшкi жанрлық түрлeрiнiң дe алyан түрлi eкeндiгiнe, классикалық әдeбиeттiң кeлeлi мәсeлeлeрiн шeшyдe кәдeгe асып жатқан шығармалар eкeндiгiнe көз жeткiздiк.

Жалпы білім беретін орта мектептерде шешендік сөздерді оқытудың негізгі мақсаты оқушылардың өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын, жауаптаса алатын тұлға деңгейіне көтеру, яғни ұлттық шешендік сөйлеудің айла-амалдарын шешендік өнердің сыр мен сымбатын, тапқырлықты, тақырыптық тәсілдерді қолдану бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру.

Оқушыларға шешендік сөздерді туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, мұғалімге назар аудару керек. Мұғалімдер күнделікті сабақ беру үрдісінде шешендік сөздерді орынды жерінде ойын дәлелдеуде дәнекер етсе, оқушыларды тілге шебер ойы орамды мәдениетті сөйлеуге тәрбиелейді.

Қорыта айтқанда, бұл зерттеудің жаңалығы – оқушылардың шешендік сөздерді меңгеруі нәтижесінде сана-сезімі мен ақыл-ой ұшқырлығы, сөз шеберлігі, дұрыс ойлау жүйесін қалыптастырып, шығармашылық қабілетін арттыруға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Адамбаев Б. Алтын сандық. - Алматы: Жазушы, 1989. - 195 б.

2. Негимов С. Шешендік өнер. - Алматы: Ана тілі, 1997. - 208 б.

3. Қалимұқашева Б. Шешендік өнерге баулудың дидактикалық принциптері. Бастауыш мектеп. - Алматы: Мектеп, 1999. - № 10. - Б. 10-12.

4. Есхожин А. Шешендік шиырлары. - Алматы: Қайнар, 1993. - 239 б.

5. Адамбаев Б. Ел аузынан. - Алматы: Жазушы, 1989. - 368 б.

Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!