ЖАҢАРТЫЛҒАН ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ –
БҮГІНГІ БІЛІМНІҢ
ЖАРШЫСЫ
Мукашева Кенжегул
Сериккалиевна
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі, тәрбие ісінің
орынбасары.
Әйтеке би ауданы, Талдысай
жалпы орта білім беретін мектебі
Бүгінгі күн – білім беру
мазмұнына , оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген
көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезең. Бұл
жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өз
сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік
құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз»,- деген
еді. Қазақстанның әлемдік үрдістірге кіруі, дамыған елдердің
стандарттарына деген ұмтылысы білім беру жүйесінің жаңа сапалық
деңгейге өту қажеттілігін арттыруда. Қоғамда болып жатқан
өзгерістермен жалпы білім беретін мектеп құрылымының өзгеруі –
өскелең ұрпақты заман талабына сай тәрбиелеу мен дамытуды талап
етуде. Оқушыларды сапалы оқыту жолдары – білім беруді жаңартуды,
үнемі алға қарай ұмтылу мен дамытуды , нәтижеге бағытталған
өзгерістер енгізуді қажет етеді. Ол үшін мұғалімнің кәсіби
құзыреттілігі жоғары болуы тиіс. Құзіретті мұғалім жаңа
әдіс-тәсілдер арқылы сапаға бағытталған оқыту үдерісіне өзгерістер
енгізуі керек.
Қазақстан мектептерінің білім
беру үрдісіне енгізіліп отырған жаңартылған білім беру бағдарламасы
- заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын
тың бағдарлама. «Баланың ынтасын арттыру үшін оқытылатын нәрседе
бір жаңалық болуы керек» ,- деп Ж.Аймауытов айтқандай , жас буынға
білім беру саласында жаңаша түрде білім беру қажеттігі туындайды.
Жаңартылған білім беру мазмұнының басты ерекшелігі- нәтижеге
бағытталған. Оқыту мен оқу үдерісінің міндеттері кеңейтілген , жаңа
идеяларға негізделген. Тәрбие мен оқыту бірлесе қамтылып, мектеп
оқушыларын жоғары адамгершілік құндылықтары қалыптасқан, сын
тұрғысынан ойлай алатын, ғұмыр бойында жеке басының мәдениеті мен
білімін жетілдіруге дайын, өмірдің өзгерістеріне бейімді, қоғамға
өз пайдасын тигізе алатын белсенді тұлға етіп тәрбиелеу мақсаы
көзделген.
Жаңартылған білім берудің
маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын
құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу,
тәжірибе жасау, АКТ –ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа
түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу. Жаңа білім беру
бағдарламасы сыни тұрғыдан ойлауға, шығармашылықты қолдана білуді
және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту
әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі,
бағалаудың тиімді стратегиялары) үйретеді. Жаңартылған білім беру
бағдарламасының ерекшелігі спиральді қағидатпен берілуі. Оған оқу
мақсаттарын зерделей отыра тапсырмаларды, ықшам сабақтарды
құрастыру барысында көз жеткіздік.
Бағалау жүйесі де түбегейлі
өзгеріске ұшырап, критериялық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды
бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген
критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша
үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және
жиынтық бағалау. Бұл бағалау түрлері баланың жан-жақты ізденуіне
ынталандырады.
«Қазақ тілі» пәнін оқыту
мақсаты - жалпы білім беретін негізгі мектептерде ана тілін
қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру және қазақ
әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білугеғ еркін сөйлесуге
және сауатты жазуға үйрету. Бағдарлама оқушының төрт тілдік
дағдысын: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым жетілдіруге
бағытталған. Бұл төрт дағды оқу жоспарында «Шиыршық әдісімен»
орналастырылған және бір –бірімен тығыз байланысты. Яғни, жыл
бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып өскен сайын тілдік
мақсат та күрделене түседі.
«Қазақ әдебиеті » пәнін
оқытудың мақсаты – оқушылардың бойында гуманистік, адамгершілік-
эстетикалық, ұлттық құндылықтарды тәрбиелеу; ұлттық әдеби
туындылармен қатар әлем әдебиеті туындыларымен таныстыру; көркем
шығарманы тануда қажетті біліммен қаруландыра отырып, шығарманы
мазмұн мен түр бірлігінде көркемдік тұтастық пен көркемдік бейнені
талдау, жинақтай білу, шығарма идеясын , жазушы ұстанымын бағалай
білу дағдыларын қалыптастыру.
«Қазақ әдебиеті» пәні
әдебиетті өнердің басқа салаларымен / кескін, театр, кино, музыка/
салыстыра қарастырып, өз ойын еркін, дәлелді, сараптай салыстыра
отырып жеткізе білетін тұлғаның қалыптасуына үлес
қосады.
Қазақ әдебиеті пәні
бағдарламасы үш негізгі дағдыны басшылыққа
алады;
1/ түсіну және жауап
беру;
2/анализ және
интерпретация;
3/бағалау және
салыстыру.
Қорыта айтқанда, жаңа
бағдарламаның мәні, баланың функционалдық сауаттылығын
қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін
өмірінде пайдалана білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның
негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен
жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің
барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту
үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу
бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін,
бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді
мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Үйренгеніміз де, үйренеріміз де
көп Үнді халқының тарихи тұлғасы Махатма Гандидің «Егер сен
болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса»
деген ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті
жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, жақсы істі бастағалы
отырмыз. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі.
Бүгінгі бала-ертеңгі жаңа
әлем. Оқушының дамуына әсер етуші фактор негізінде оқушы, мұғалім,
ата-ана , басқа пән мұғалімдері ынтымақтасуы керек. Ұстаз үшін
нәтижеге жету шәкіртінің білімді болуы ғана емес, білімді өздігінен
алуы және алған білімдерін қажетіне қолдану болып табылады. Кеше
тұлғаның «миы», «басы», «ақылы», «интеллекті» бірінші орында еді,
ал бүгінде адамды бағалауда біз бірінші кезекте оның ішкі дүниесін,
рухани ахуалын, адамгершілік қасиеттерін ескереміз. Абайдың «Адам
бол» деген рухани қағидасы бүгінде білім игеру жүйесінің басты
қағидасына айналып отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер
тізімі:
-
2017-2018 оқу жылында ҚР жалпы
орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың
ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқау хат.
Астана,2017ж.
-
Республикалық
ғылыми-әдістемелік журнал «Мектеп директоры» №2,2016
ж,№1,2018ж
-
Республикалық «Білімді ел»
газеті № 6,2018 ж.
-
Республикалық
ғылыми-әдістемелік және педагогикалық журнал «Қазақ тілі мен
әдебиеті орта мектепте» №4 .2017 ж