Материалдар / ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН БІЛІМ БЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН БІЛІМ БЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
Жасанды интеллект ұғымы жайында кеңінен түсінік беру. Заманауи білім берудің маңызын дәріптеу. ЖИ сабақ беру барысында қолдану тәсілдерін пысықтау
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
20 Қырқүйек 2024
1233
4 рет жүктелген
2500 ₸
Бүгін алсаңыз
+125 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +125 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН БІЛІМ БЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ


Автордың аты – жөні


Мақаланың мақсаты: Жасанды интеллект дәуірінде бастауыш сынып оқушыларына ұлттық құндылыққа негізделген білім берудің артықшылықтарын насихаттау. Жаңа әдіс – тәсілдерді басшылыққа алып оқытудың маңыздылығы тілге тиек етіліп, келешек үшін маңызы айқындау. Жасанды интеллект тарихына терең тоқталып, оның болашақ үшін тигізер пайдасын саралау. Талай жылдық тарихы бар, ұлтымызға тән ұлылықты байланыстырудың тетіктерін қарастырып, оны ғылыми тұрғыда іске асырудың жолдарын жазу.

Мақаланың міндеті:

  • Жасанды интеллет жөнінде жан – жақты ақпарат беру;

  • Білім берудің қазіргі жай – күйін зерттеп, оны оңтайландырудың әдіс – тәсілдерін ұсыну;

  • Бастауыш сынып кезеңінен бастап жаңартылған мазмұнда білім берудің маңызын дәріптеу;

  • Ұлттық құндылықтардың ұлтымыз үшін маңызын айшықтау;

  • Қажетті дерек көздерін іздестіріп, оны мақалаға пайдалану;

  • Таңдалған тақырып аясында масс – медияның мүмкіншіліктерін қажеттілікке жарату.


Бастауыш сынып – білімнің алғашқы баспалдағы. Дәл осы кезеңде балалардың қоршаған ортаға таным – түйсіктері қалыптасып, қоғамға бейімделуі, адамдармен қарым –қатынасы жүзеге асырылады. Сол себепті, өскелең ұрпақ бойына бар игі қасиеттерді сіңіру, оқу мен тәрбиені қатар ұштастыру аса үлкен маңызға ие.

Білім беру асқан ұқыптылықты, ерекше ыждаһаттылық пен мол тәжірибені талап етеді. Заман ағымы бір орынында тұрмайтынын ескерсек, жаңашылдыққа сай болу әр ұстаздың бойынан табылуы тиіс қасиет. Тың технологиялар тіршілігімізге терең енгені соншалық күнделікті тұрмыстың өзінде адамдардың сенімді серігіне айналып, өздерінің көп көмегін тигізуде. Ал, заманауи құрал – жабдықтарды білім беру барысында қолдану оқу жетістігіне әсер етіп, балалардың бойында қызығушылықтың отын маздатып, бәсекеге бейім болуларына көп көмегін тигізеді.

Бастауыш сынып оқушылары кіші жастағы балалар болғандықтан, оларға қызықты мультимедия, түрлі – түсті рең, қозғалмалы ойындар, әуенмен көмкерілген тапсырмалар ерекше әсер етеді. Мұның бәрін мұғалім интерактивті тақта көмегіне сүйеніп, әр сабақты түрлендіре отыра ұйымдастыруына болады. Қазіргі таңда кез – келген сынып бөлмесі соңғы үлгідегі заманауи құрал – жабдықтармен көмкерілгенін ескерсек, жаңашылдыққа сай жоспар әзірлеу еш қиындық тудырмайды.

Жылдар жылжыған сайын – өзінің өзгерістерін қоса енгізіп, ол өмірдің барлық саласына әсер етпей қоймайды. Білім беру барысы да бұл ретте шетте қалмайтыны анық. Бүгінгі таңда жаңартылған мазмұнда білім беру, оның басты артықшылықтары айтарлықтай жоғары.

Заман өзгеруде, қазіргі ХХІ ғасырда жаһандану процесі алға кетті. Дүниеде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтардың көптігі соншалықты, кейде қоғам оларға ілесіп үлгере алмауда. Оларды ғаламтордан және басқа да ақпараттық өзгерістерден байқауға болады. Сондықтан, біздің ойымызша, бүгін жаңа білім, ғылым, жоғары технология, рухани жаңғыру арқылы өркениетке жаңа көзқарас керек. Ол жаңа цивилизациялық дамуға серпіліс береді. [1].

Осы тұста, қазіргі таңда әлем бойынша «жасанды интеллект» ұғымын айтып өтпеуге болмайды. Әрине, оның артықшылықтары ұшан – теңіз екеніне ешқандай шүбә келтірмейміз. Алайда, ол біздің ұлтымызға тән ұлылықты ұмыттырмауы қажет.

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғыруға айналуы оп – оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойындағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни, болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.

Жаңғыру атаулы бұрыңғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық – рухани тамырынан нәр алмаса, сол адасуға бастайды.

Қазақстан Республикасы мәдени – этникалық білім беру тұжырымдамасында «Жан – жақты мәдениетті тұлға беделді тарихи сана иесі. Оны тәрбиелеп, жетілдіріп, қалыптастыру үшін этникалық та, жалпы адамзаттық та, мемлекеттік те сананы меңгеруімізге негіз болатын ғылым көздері мен ұлттық салт – дәстүр, заң, әдебиет, мәдениет байлықтарын игеруге көңіл бөлу керек», - делінген. [2]

Кез – келген мемлекеттің өзіне тән ерекшелігі болса, біздің еліміздің де сан ғасырлар бойы сарқыттай сақталып келген тамаша құндылықтары бар. Әсіресе, қазақ екенімізді дәріптейтін ең басты көрсеткішіміз, ол – тіл. Жасанды интеллекті дамытуда осы тұс ақсап тұрғанын айтпай кетуге болмайды. Өкінішке орай, ана тілде ақпарат табу, мәліметтер қорын пайдалану әсте мүмкін болмай тұр.

Кейбір зерттеушілер жасанды интеллекті жүйесінің мәтінді түсіну барысы «адамның түсіну» деңгейіндей болуын талап етеді. Ондай ғалымдардың түсінігінше, басқаша жағдайда табысқа жету мүмкін емес. Әрине, бұл талап та өзінше қисынды деуге болады. Бірақ бүгінгі таңда мәтінді дұрыс түсіне алатындығын мақтаныш ете алатын тірі жан иесінің бірі және бірегейі – ол тек адам. Сондықтан адам баласында ғана орын алатын мұндай жағдаят осы сала бойынша оң нәтижеге әкелетін жалғыз – ақ мүмкіндік деуге болады. Бірақ жасанды интеллекті жүйесіне адам мүмкіндігіне сай келетіндейталап қою ақиқат шындыққа жараса бермейді. Әрбір зерттеуші адам өз түсіну мүмкіндігін сенімді түрде негіздей алмайды. «Адамның басы» зерттеушілерге қайсыбір «қара жәшік» тәріздес. Ал адам басындағы түсінік алу кезінде болатын жағдаяттарды барынша дәл айқындауға нейролингвистика ғылымының жетістіктері әлі де болса жеткіліксіз. Сондықтан мамандар өз зерттеулерінде аталған мәселенің «адам басында қалайша шешім табылатынын» жүзеге асыруға ниеттенгендерімен, олар сөйлеу қызметін функционалдық тұрғыда модельдеу қажеттігі жайлы аса сақтықпен айтуда.

Сонымен, жасанды интеллект жүйесі мәтінді «түсіну» үшін ол ең алдымен мәтінді ішкі көрініс құрылымына ауыстыруы қажет. Сонда ғана мәтіннің мән – мағынасы қажетті түрде бейнеленеді. Мұндай ауыстыру жұмысын жүзеге асыру үшін жасанды интеллекті жүйесі қайсыбір ақпаратқа сүйенуі керек болады. Әдетте жасанды интеллектімен айналысатын мамандар бұл ақпаратты білім деп атап жүр. Көпшіліктің мақұлдауы бойынша білім екіге бөлініп қарастырылады – тіл туралы білім және әлем туралы білім. Білімнің соңғы түрін энциклопедиялық білім деп те атайды.

«Жасанды интеллект» дәуірінде оқушылардың ерте жастан өз ана тілінде мәліметтерді меңгеруі аса қажетті алғышарттардың бірі. Себебі, білім қай тілде берілсе, ойлау, әрекет ету, тілдік қарым – қатынас та солай өрбитіні анық. Бастауыш сынып кезінен бұл дағды күнделікті қайталана беретін болса, уақыт өте келе әдетке айналып, тілдің шұбарлануына әкелуі мүмкін. Сол себепті, бұл мәселе қазірдің өзінде мемлекетте маңызды мәселелер қатарынан орын табуы қажет.

Бала алғашқы білімді ана тілінде алса ғана, өзінің ана тілін танып білгенде ғана, ұлттық рухты бойға сіңіруге, ұлттық сананы оятуға болады. Мұндай балалар ұлттық мектепті бітіргеннен кейін ұлттық рухтарын жоғалтпайды. Халықтың өзіндік ерекшелігін сақтау, Ж.Аймауытовтың пікірінше, балаларды туған халқының әдет – ғұрыптарымен, салт – дәстүрлерімен, жергілікті көз тартарлық орындармен таныстыру арқылы туған жеріне деген махаббат сезімін қалыптастыруға толыққанды жағдай жасайды. Олай болса, қандай жаңашылдық орын алса да, оны өткен күнмен байланыстырып, болашаққа аманаттай алу аса маңызды.

«Жасанды интеллекті» іске қосу үшін ең алдымен адам баласының белгілі бір жағдайда шешім қабылдаудағы немесе жауапты мәселеге шешім іздеу кезіндегі ойлау процесінің сырын зерттеп тану қажет. Әсіресе, адамның ойлау үрдісіндегі көптеген сатылардың ішінен ең маңыздыларын бөліп алуды мақсат еткен жөн. Бұл жолда күрделі ойлау қызметінің құрылымы жағына мән бере отырып, шығармашылықтың құпиясын қарапайым сатылы бөліктерге бөлшектеп, компьютерлік бағдарламаның алгоритімін құрудың, болашақ «ойлау» қабілеті бар «жасанды интеллект» жасап шығарудың алғашқы кірпішін қалау жолдары зерттеледі.

«Жасанды интелекті» дәуірінде білім берудегі басымдық тарға терең мән беру қажет. Оған қоса, халқымызға тән қазынаны ортайтып алмауды да ойлаған жөн. Біз бастауыш кезінен балалардың бойына жаңашылдықтың отын жаға отыра, халықтық педагогиканың элементтерін де қатар сіңіре білуге тиіспіз.

Қазақ отбасы тәрбиесінде өзінің ғасырлар бойы саяси экономикалық, әлеуметтік – тарихи ерекшеліктеріне байланысты атап айтқанда, кең байтақ жерін, шаруашылық дәстүрін, әр түрлі шапқыншылық, жауынгерлік және табиғаттың дүлей апатынан сақтап, қорғап қалу үшін ұрпағын бала жастан іскерлікке, ептілікке, батырлыққа, мергендікке, шымырлыққа, саулыққа, салауаттылыққа тәрбиелей отырып, жаны мен тәнінің бірдей жетілуін дәстүрге айналдырған. [3, 163 б.]

Тағылымды тәрбие тұла бойға дарыған жандар ғана жаңашылдықты жақсылыққа қарай жұмылдырып, игілікті іске пайдаланбақ. Ал, адами құндылықтан ада, жүрегінде сезімнің селкеуі жоқ жандар, тың өзгерістерді өз пайдасына асыруы да ғажап емес.

ХХІ ғасырда жасанды инттеллект адаммен тікелей байланыса бастады, ол экономиканы да цифрландырып, тауап шығаруға көшті, денсаулық саласынан бастап әлеуметтік есептерді де шығаруда. Жасанды интеллектің қауіпсіздікке, киберқауіп сияқты қауіп – қатерге, теріс әсері де болуы мүмкін. Теріс пиғылдылардың қолына түссе, жасанды интеллекті адамзатқа қарсы бірге жойқын қару ретінде пайдаланып кету де мүмкін.

Сондықтан, бастауыш сынып кезеңінен бастап, ұлттың құндылықтарды кеңінен дәріптей отыра, замана көшінен де қалмайтын, тарихына да құрметпен қарай алатын тұлғалар тәрбиелей аламыз.

Адам баласы қашан артық білуге ұмтылуы керек. Адам өзін – өзі батыл болуға, ел – жұртын сүюге тәрбиелеуі қажет. Сонда ғана өзімшілдіктен, масаттанушылықтан құтылуға болады. Білім арқылы ғана қазақтың көзі ашылады. Жерге қауіп төнген жағдайда халықты заң бойынша қорғай алады, басқа өркениетті елдермен, қарым – қатынас жасауға мүмкіндік туады.

Жалпы, оқу мен тәрбие егіз ұғым екенін ескерсек, жаңашыл бағытта білім бере отыра, тағылымды тарихты ұмыт қалдырмай, ұлтқа тән ұлылықты қашан да ескеруіміз қажет. Халықтық педагогиканың қайнар көзі қаршадай ұл – қыздарымыздың бойынан көрініс табатын болса, одан асқан бақыт жоқ. Себебі, ұлтын сүйген ұландар ғана ұлы істерге ұмтылып, ұрпағына да сол игі қазынаны қалдыратын болады.

Оқыта отыра тәрбиелеп, тәрбиелей отыра бәсекеге қабілетті ұл – қыздарды өсіру қоғамның алдында тұрған үлкен міндет. Қазір әлем көз ілеспес жылдамдықпен дамып, бірінен – бірі оза шабуда. Тың технологиялар күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналған. «Жасанды интеллект» те өзінің қарқынды қабілетін аңғартып, адамдарды мойындатып үлгерген.

Адам баласының ақпараттық ортада өмір сүретіні белгілі. Ал бұл ортада қабылдаушының жауапты ақпарат бойынша дұрыс шешімге келуіне жағдай жасайтын ақпараттық технологияның түрлері көп. Олар: автоматтандырылған ақпараттық жүйе, бұқаралық коммуникация құралдарына жататын телерадио байланыс жүйелері, компьютерлік аударма жүйесі, диалогтық жүйе және сұрақ – жауап т.б. жүйелер. Мұндай жүйелердің саны мен сапасы күннен – күнге артуда. Ақпараттық қоғамдағы тілдік практика мен қазіргі кезеңдегі тілді зерттеу теориясының қолданылу аясы да өсіп келеді. [4, 7 б.]

Алайда, біздің мемлекетте жаңашылдықтан ауылы алыс көптеген шалғай елді мекендер әлі көп. Тіпті, қарапайым ғаламтор желісінің өзіне қол жеткізе алмай отырғаны жасырын емес. Ал, жалпыхалықтық білім беру жүйесіне өзгерістер енгізу үшін барлығына бірдей жағдай жасалғаны дұрыс. Ғылым мен білімнің дамуы қазіргі таңда инновациялық құралдармен тығыз байланысты. Әр кезеңнің өзіне тән өзгешелігі бар екенін алға тартсақ, бүгінгі талапты ескеріп, болашаққа нық қадамдар жасауымыз қажет.

Бастауыш сынып кезеңінен бастап бүлдіршіндерді ақпараттық – коммуникациялық құралдармен еркін жұмыс жасауға бейімдеу, күнделікті сабақ барысында көрнекілік құралы ретінде пайдалану, электронды оқулықтармен жұмыс жасау, «жасанды интеллект» көмегімен ақпарат алмасуға мүмкіндік беру қарқынды жүргізілуі шарт.

Бүгінгі таңда бастауыш мектеп әрбір пән бойынша оқу – әдістемелік кешенмен толық қамтамасыз етілген. Бұл кешен мұғалімдердің кәсіби іс – әрекетінде ерекше орын алып, олардың әдістемелік білім, білік, дағдыларын жетілдіріп отыруға септігін тигізеді. [5, 14 б.]

Сол әдіс – тәсілдерді әлем талап етіп отырған озық технологиялармен көмкеру өзінің ұтымдығын аңғартады. Инновацияны барынша жан – жақты меңгеріп, сөйте тұра ұлттық құндылықтарымызды да ұлықтайтын ұл болсақ, алға қойған арман – мақсатымызға айқын қол жеткізетініміз анық.

Қандай цивизизация болса да 1 – ші басымдылық адами құндылық, содан кейін жасанды интеллект, жаңа технология т.б. [6, 15 б.]

Ешқандай техника мен технология адамның сана сезімі мен көңіл – күйін жеткізе алмайды. Жер бетіндегі тіршілік иелерінің ішінде ақыл – ой мен сөйлеу қасиетіне ие адамзат баласының артықшылығы ұшан – теңіз. Адами капитал әрқашан өзекті болып қала бермек. Сол себепті, жас буын өкілдеріне жақсылықты дәріптеп, тағылымды тәрбиені терең сіңіру аса маңызды.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп, атақты ғұлама ғалым, әбу – Насыр, әл – Фараби атамыз айтып кеткендей, адам бойында әрқашан өзгеге деген аяушылық пен адами қасиет көрініс табуы қажет. Әйтпесе, жоғарыда айтып кеткенімдей, ол өзгелерге қасіретін тигізбек.

Жасанды интеллектің мүмкіндіктері мол. Ол қазіргі таңда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, медицинада көмек қолын созуға, төтенше жағдайлардың алдын алып, тұрғындарға ескерту жасауға, тілдік қорды жетілдіріп, мәтіндік тіркестерді құрастыруға, білімді кеңейтуге, тағысын тағы көптеген факторларға әсер ете алатындығын аңғартуда. Болашақта кез – келген жұмыс орынына қолдануы да ғажап емес. Сондықтан, қазіргі мектеп партасында білім алып жатқан балалардың «жасанды интеллект» жөнінде түсініктері болуы, оны пайдаланудың тетіктерін меңгеруі мен ақпаратқа қанық болуы аса маңызды. Өйткені, олар болашақ мамандар. Бұл дағдыны ерте кезден, бастауыш сыныптан бастау алса артық етпейді. Себебі, бұл жастағы оқушылар білімге ерекше қызығушылық танытып, бойларында тың дүниені білсем деген ерекше құлшыныс басым, кез – келген ақпаратты дереу қабылдап, оны тәжірибе жүзінде іске асырғанды жақсы көреді. Есте сақтау қабілеттері жоғары, түйсіну, сезіну тәрізді адамзат баласына тән эмоцияның жоғары деңгейін байқататын, тапсырманы бұлжытпай орындауға қабілетті жандар. Олар пластелин тәрізді иілгіш, кез – келген жағдайға бейім келіп, жаңашылдықты дереу игеріп әкету қабілетіне ие. Сол себепті, жаңашылдықты жас кезден санаға сіңіріп, ұлтқа тән қасиеттерді де ұмыт қалдырмағанымыз жөн. Ұлттық құндылыққа негізделген білім беру мен тәрбиелеу ешқашан өзінің өзектілігін жоймайтыны анық. Қанша уақыт өтсе де халқымызға тән асыл қасиет ел жадынан өшпейтіні анық. Тегінде адамзат баласы үшін халқының қалдырған қазынасына қашан да ұқыптылықпен қарап, келер ұрпаққа дарыта білу аса үлкен жауапкершілік екені рас.

Болашақ білімді жастардың қолында. Бүгінгі тәуелсіз елдің мерейін одан әрі арттырып, кемелдеңген келешектің гүлденуіне ат салысатын жандар – бүгінгі оқушылар. Ойы озық, тілі жүйрік, арманы асқақ ұл – қыздарымыздың қатары көп болсын!






Пайдаланған әдебиеттер:


  1. Сәбден О. ХХІ ғасырдағы адамзаттың өмір сүру стратегиясының концепциясы – Алматы, 2014. – 72 б.

  2. Қазақстан Республикасы мәдени – этникалық білім беру тұжырымдамасы.//Егемен Қазақстан, 1996

  3. Рухани жаңғыру: Білім. Ғылым. Инновация [Мәтін] : мақалалар жинағы / ; Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, жауапты редакторлар: Б. Б. Ахметов, Е. Т. Нұрмағанбет, Г. Аманиязова ; құрастырғандар: Б. И. Нұрдәулетова, Ә. Т. Жеткізгенова . – (3-шығарылым) .. – Ақтау : Ш. Есенов атындағы КМТжИУ, 2020. - 253 б.

  4. Компьютерлік лингвистикаға кіріспе [Text] : оқу құралы / Жұбанов, Асқар Құдайбергенұлы ... – Алматы : Қазақ университеті, 2007. - 206 б.

  5. Инновациялық педагогикалық технологиялар [Мәтін] : (оқу құралы) / Қ. А. Сарбасова ... – Алматы : Атлас, 2006. - 176 б.

  6. Ойлы кітап [Мәтін] : (Қоғамды жаңғырту ілімі) / Сәбден Оразалы ... – Алматы : Service Press, 2021. - 364 бет,

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!