Материалдар / ЖЫЛҚЫ – МАЛДЫҢ ПАТШАСЫ
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

ЖЫЛҚЫ – МАЛДЫҢ ПАТШАСЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
Жылқы (латын тілінде Equus ferus caballus) – тақтұяқтылар отрядының бір тұқымдасы. Жылқы төрт-түліктің бірі. Жылқы иесі Қамбар ата. Жылқы адамзат өркениетіндегі, әсіресе, дала өркениетіндегі дамудың жарқын да елеулі көрсеткіштерінің бірі болады. Жылқыны қолға үйрете бастау көшпелі шаруашылық пен өркениет дамуының негізін қалады
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
04 Маусым 2018
1333
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ







Жоба тақырыбы: Жылқы – малдың патшасы



















2017-2018 оқу жылы

МАЗМҰНЫ


Аннотация

І. Кіріспе _______________________________________________________3

II. Негізгі бөлім

2.1. Теориялық бөлім.

2.1.1. Жылқы – сүтқоректі жануар _______________________________ 4

2.1.2. Жылқы малының жалпы атаулары __________________________ 5

2.1.3. Жылқы, қымыз туралы мақал - мәтелдер _____________________ 6

2.2. Практикалық бөлім.

2.2.1. Жылқы – қасиетті жануар _________________________________ 9

2.2.2. Жылқы етінен, сүтінен жасалатын тағамдар _________________ 10

2.2.3. Жылқы еті мен сүтінің адам ағзасына пайдасы _______________15

IІІ. Қорытынды ________________________________________________ 17

ІV. Пайдаланған әдебиеттер _______________________________________ 18















I. Кіріспе

Былтыр мен жазда атаммен – әжеме ауылға демалысқа қонаққа келіп ем. Сонда әжем маған дәмге қымыз ұсынды. Ұсынылған қымыз біз сатып алып ішіп жүрген қымызбен салыстырғанда өте дәмді болды. Дастархан үстінде әжем қымыздың денсаулыққа пайдасын, оны ғалымдар мен дәрігерлердің дәлелдегенін айтып отырды. Мұндай дәмді қымызды дайындау жолының ерекшелігін, оның денсаулыққа пайдасы жайлы білген соң, жылқының басқа да қасиеттері туралы білгім келді. Мен жылқыны жақсы көремін. Жылқы жайлы көп білгім келеді. Осы мақсатта биылғы оқу жылында мен Жолымбет № 2 орта мектебіне Астана қаласынан ауысып келдім. Сол кезден бастап жылқының басқа қасиеттері туралы ұстазымнан сұрадым. Қызығушылығым ұстазымның жетекшілігімен «Төрт түліктің бірі – жылқы малы» тақырыбындағы зерттеу жұмысын жүргізуіме арқау болды.

Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты: Жылқының елімізде өсірілетін түрлері, жылқы етінің, бие сүтінің адам денсаулығына пайдасы, қымыз жасау технологиясы жайлы мәліметтер және жылқы, қымыз туралы мақал-мәтелдер жинақтау.

Міндеттері:

  • Тақырыпқа байланысты деректерді газет-журналдардан, кітаптардан, ғаламтор желісінен іздеу, толықтыру;

  • Зерттеу жұмысын жүргізу жолдарын үйрену;

  • Жылқы малының қасиетін, сүтінің денсаулыққа пайдасын сыныптастарыма жеткізу;

  • Жылқының қасиеттері туралы насихаттау;

  • Жоба бойынша жұмысты рәсімдеу.

Гипотеза: Жылқы жануары туралы түсінік беріледі, елімізде өсетін түрлері анықталады, мақал-мәтелдер жинақталады, қымыз жасау технологиясы меңгеріледі.

Зерттеу нысаны: жылқы малы және сүті.

Зерттеу әдістері:

Теориялық: ақпаратты жинақтау, сұрыптау, салыстыру, өңдеу әдістері;

Практикалық: зерттеу, бақылау, баяндау, демонстрациялау әдістері.

II. Негізгі бөлім.

Теориялық бөлім: Жылқы – сүтқоректі жануар.

Жылқы (латын тілінде  Equus ferus caballus) – тақтұяқтылар отрядының бір тұқымдасы. Жылқы төрт-түліктің бірі. Жылқы иесі Қамбар ата. Жылқы адамзат өркениетіндегі, әсіресе, дала өркениетіндегі дамудың жарқын да елеулі көрсеткіштерінің бірі болады. Жылқыны қолға үйрете бастау көшпелі шаруашылық пен өркениет дамуының негізін қалады. Қолға үйретілген жылқының шаруашылықта маңызы зор. Ол – ет және қымыз өндіру, салт міну, арбаға немесе шанаға жегу, әскери және спорттық бағыттарда өсіріледі. Бұрынғы кезде батырлардың жылқыларының аты болған. Қобыланды батырдың Тайбұрылы, Алпамыс батырдың Шұбар деген аты болған. Бұл аттар жай аттар емес, жүйрік, сұлу, әрі батырдың ең жақын досы бола білген

Жылқының басы созылған арықтау келеді; көздері үлкен өткір, танаулары кең, сүйір құлақтары ширақ қимылды үлкен не орташа көлемді (басының жартысынан да кішірек) болады. Жалы ұзын салбыраған, мойны ұзын бұлшық етті, денесі жұмырланған болады; құйрығы түбірінен басталатын ұзын қылдардан тұрады; түсі әралуан келеді. Аяқтары биік сымбатты, жуандығы орташа болады; 1-ші және 5-ші саусағы мүлдем болмайды, 2-ші және 4-ші саусақтары рудиментті түрде ғана қалыптасқан; тұяғы ең қатты дамыған ортаңғы саусақтың басын ғана қаптайды (сондықтан дененің бүкіл салмағы соған келеді). Жылқылар әдетте бір айғыр бастайтын бірнеше биеден тұратын үйірге жиналады. Көбінесе жазық далада тіршілік етеді, үлкен жылдамдығы мен сақтылығы ерекше сипаты болып табылады. Жылқы мынандай түрлерге бөлінеді:

Дүние жүзінде жылқының 250-дей түрі бар. Ал Қазақстанда жылқы өсіретін асыл тұқымды шаруашылықтарында жылқының 16 түрі өсіріледі. Олар: Қазақы жылқы, Адай жылқысы, Көшім жылқысы, мугалжар қолтұқымы, жон, желғор, қарабайыр, буденный, түрікменнің ахалтекесі және т.б. жылқылар өсіріледі.

Жылқы тұқымының топтамасына назар салыңыз.

Ахалтеке тұқымы. Әр дәуірдің әр кезеңінде, кез келген ұлттың  өз алдына сүйікті жылқы тұқымдары болған. Бірақ олардың бәрі бірдей уақыт сының көтере алмады. Көбісі жер бетінен мүлде жоғалып кетті. Алайда, Ахалтеке тұқымына өзгеше тағдыр бұйырыпты. Бұл жылқы тұқымы түркмен халқының қазынасына жатады. Тіпті, ең ежелгі жылқы тұқымдастараның санатында. Шамамен алатын болсақ, б.ғ.д. III-IY ғасырларда пайда болған.

Ахалтеке жылқылары шапшаңдық жағынан дес бермейді.  1935 жыдары түрікмен  салт аттылары Ашхабат пен Мәскеу арасындағы 4 мың 300 км-ді еңсеріп өткен. Бар-жоғы 84 күнде желіп отырып, ең қиын өткел болып саналған Қарақұмды 3 күнде басып өткен.

Жәуміт тұқымы. Түркіменстанның оңтүстік бөлігінде пайда болған, ең ежелгі тұқым. Ахалтеке тұқымына қарағанда жәуміт тұқымы қайырымды. Бастары дәу, мойындары төмен, аяқ қолы мығым келеді. Жүрісі аса жайлы. Қиындықты талғамай-ақ,  кез келген ауа райына төтеп береді.  Олар Ашхабад-Мәскеу аралығындағы жарыста 800 шақырым жерді 7 күнде тәмәмдап отырған.

Қарабайыр тұқымы. Орталық Азиядағы  ежелгі тұқым. Отаны - Өзбекстан. Әдебиет зертеушілерінің айтуынша, Өзбекстан бір кездері «даван арғымақтарымен» алыс шалғайларға танымал болған. «Қарабайыр» сөзінің мағынасы «қолда туып өскен» дегенді білдіреді.  Екіншілердің пікірінше - "жүк артылатын көлік", үшіншілер - "қарабайыр" -  "араб жылқыларының буданы" дейді. 

Қарабайыр жылқыларының болмыс бітімі бөлекше. Бас бөлігі төмен, қысқа мойынды, өнегелі жылқылар қатарынан.  Арбаға жегуде таптырмас көлік ретінде саналады.

Араб тұқымы. Бұл тұқым үлкен атақтарға ие. Жаратылу табиғатының өзі мифтермен араласып жатады. Кезінде еуропалықтар бір араб жылқысының құнының өзін өте жоғары бағалаған. Жер шарының кез келген елі жылқы шаруашылығында араб жылқысын қажет қылған. Ол таза қанды ағылшын, американ, венгер жылқыларының пайда болуында біршама үлес атқарған. 

Араб жылқыларын біздің елде де жоғары бағалайды. Париж көрмелерінде  араб жылқылары ең таңдаулылар қатарында есептелген.

"Таза қанды" салт атты тұқымы. Бұл тұқымның жылқылары жүйріктік тұрғысында ешкімге дес бермейді. Сол үшін де бұл тұқымның жылқылары алтыннан да қымбат келеді.

Аталған тұқым XYII ғасырда Англияда  пайда болған.  Басқа да тұқымдардың пайда болуына үлкен ықпал жасады: Германияда - тракенен, мекленбург, ганновер, Венгрияда - фуриозо, нордстрад, нониус, АҚШ-та - салт атты, Польшада - поляк, КСРО да - қостанай тұқымдары.

Салт атты тұқымның бойлары ұзын болады.  Қозғауыш күштері аса жоғары. Өте қуатты, сезімтал саналады. Кей кезде еркеліктері шектен шығады екен. КСРО- ның, Қазақстанның, Грузияның, Өзбекстанның ат зауыттарынан табылады.

Дон тұқымы. Дон өзенінің жанындағы аудан орталығында пайда болған. Бастау тарихы осы маңға XV-XVI ғасырларда казактардың қоныс аударуынан басталады.  Казак шаруалары  Россияның оңтүстік бөлігін қорғайтын болғандықтан, салт атты тұқымға зәру болатын. Соғыс алаңындағы шешуші жеңіске аттың да қатысы барын казактар жақсы білетін. Сол себепті де олар бар жігерлерімен жақсы тұқымдар шығаруға талпынды.

Дон тұқымы өте қатаң ережелерге де құлақ асады. Олар жаздың аптабында да, қыстың суығында да  төзімділік көрсете алады. Тамақтану  жағынан қолайсыздық алып келмейді.

Буденный тұқымы. Кеңестік мамандардың арқасында 1921-1948 жылы Ростов облысындағы дүниеге келді. Сол кездерде жетекшілік еткен КСРО-ның  маршалы С. М. Буденный болатын. Дон жылқысы мен салт жүрісті жылқыларымен будандасуының арқасында, бұл тұқым бірден көзге түсті. Осы еңбегі үшін Буденный бастаған ең бірінші  Атты әскерлерлер құрмет ордендерімен марапатталды.

Аталған тұқым кез келген қашықтықта жақсы көрсеткіштерге жеткен. Олар - ұзын денелі, омыраулы, сүйекті, шапшаң болып келеді. Және төзімділіктерінде шек жоқ. 1946 жылы Сальск-Ростовтан Донға дейінгі қашықтықты 18 сағат 25 минутта басып өткен. 

Украинаның ұлттық тұқымы. Соғысқа дейінгі жылдар орыстың салт атты тұқымдары жақсы тасымалданған. Біраз бөлігі фашистер құртып жіберген. Сол үшін де салт атты тұқымның жаңа үлгісі жасалуға тиісті еді. Және ол ұзақ күттірмеді. Украина,  Александрвск зауыттары  осы тұқымды ойлап тапты.
Бұл жылқылардың бойлары, мығым денелері, әдемі де еркін жүрістері, түр-түстері адам қызығушылығын тудырары сөзсіз.

Қазақ тұқымы.  Жазиралы даланың бойындағы қазақ жылқылары аласа болып жайлып жүргенмен, шабыс жағынан келгенде ешкімнен кем түспейтін. Олар күніне үзіліссіз 70 шақырымды емін-еркін еңсеріп отырады.  Ашық аспан астында, кез келген температурада көнбістік көрсетеді. Әрі шөп талғау дегенді білмейді де. Бұған қоса, жергілікті тұрғындар  арасында  ұлттық ат жарыстарында табандары қызады. Қазақ жылқылары сүт өнімін көп береді.

Қазақ жылқысы бірнеше түрге бөлінеді. Соның бірі - Адай жылқысы. Адай жылқысы түрікменнің текежәуміт арғымағымен будандасқан делінеді. Ертеде түрікменнің «теке» руы «жәуміт» руына қарсы соғысқанда, өздеріне болысқаны үшін текелер адайларға бір сұлу қыз бен жүйрік ат берсе керек. «Қыз жақсысы мен ат жақсысы теке түрікменде» деген сөз сонан қалса керек-ті.

Қостанай тұқымы. Жергілікті қазақ жылқыларының  дон, орлов, т.б. тұқымдарымен будандасу арқылы, Челябин мен Қостанай облыстарында дүниеге келген.

Қостанай жылқылары қандай жағдай болмасын алғыр, еңбекте төзімді болып келеді. Қазақтың ұлттық спорт ойындарында жарысқа жиі түседі: теңге алу, көкпар, бәйге, т.б.с.с. 

Алтай тұқымы. Осы өлкенің ең атақты тумасы болып саналады. Олар аласа болғанмен, ат үсті жүрісінде, таулы өлкелерді саяхаттауда  ерекше көзге түседі.  Тұрқылары мығым, салмақты, ширақ болып келеді. Сол үшін де үйірге жиі қосылып тұрады.



Жылқы малының жасына қарай жалпы атаулары

Жылқы төлдерін:

  • құлын (биенің жас төлі),

  • жабағы (6 айдан асқан құлын),

  • тай (1 жастан асқаны) деп атайды.

Ұрғашы жылқыны:

  • құнажын байтал (2 жастан асқаны),

  • дөнежін шығар (3 жастағы байтал),

  • дөнежін байтал (3 жастан асқаны),

  • бесті бие (4 жастан асқаны),

  • қасабалы бие (7 – 8 жастағы бие),

  • кәртамыс бие (11 – 14 жастағы бие),

  • жасаған бие (20 жастан асқан бие), т.б. атайды.

Піштірілмеген еркек жылқының яғни айғырдың атаулары:

  • құнан айғыр (2 жастан асқаны),

  • дөнен айғыр (3 жастағысы),

  • сәурік айғыр (3 – 4 жастағы үйірге салынбағаны),

  • бесті айғыр (5 жастағысы),

  • сақа айғыр (11 – 12 жастағысы), т.б.



Жылқы, қымыз туралы мақалдар

Төрт түліктің ішінде көшпелі қазақтың аса бір қастерлеген түлігі – жылқы малы. Төрт түліктің ішінде жылқы малын байлық ретінде де, көлік ретінде де, азық ретінде де қатты қастерлеген. Атамыз қазақтың өткен өмірін жылқы мен түйесіз елестету мүмкін емес. Соған байланысты жылқы малына қатысты мақал – мәтелдер де баршылық. Бұл мақал – мәтелдерде жылқы малымен салыстырмалы түрде адам баласының мінез – құлық, жүріс –тұрысымен бірге олардың тұрмыс – тіршілігінде алатын орнын да ерекшелеп көрсеткен. Оған төмендегі мақал – мәтелдерді дәлел етуге болады.

  1. Ат – ердің қанаты.

  2. Ат – биеден, аруана – түйеден.

  3. Түйе – байлық, Жылқы – мырзалық.

  4. Көтерем деп түйеден безбе, Салтанатың емес пе,
    Тебеген деп биеден безбе, Қос қанатың емес пе.

  5. Құданың түйесін сұра, ұялғанынан биесін берер.

  6. Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы.

  7. Аттың атағы, түйенің табаны үлкен.

  8. Түйе – шудасын, Жылқы жалын, Сиыр мүйізін төсейді.

  9. Есек мінген ат сұрамайды, Балық жеген ет сұрамайды.

  10. Атың барда – жер таны желіп жүріп,

Асың барда – ел таны беріп жүріп.

  1. Атың жүрдек болса,Қамшы не керек.

  2. Ат аунаса, түк қалады.

  3.  Жігіттің құны жүз жылқы, ары мың жылқы.

  4. Ат шаппайды, бап шабады.

  5. Артқы аттың жеткенін Алдыңғы ат білмейді.

  6. Ас – аттынікі, Той – тондынікі.

  7. Жазғы етте жасық жоқ, Қымыз аста, қасық жоқ.

  8. Ат айналып, қазығын табады, Диірмен айналып, шүмегін табады.

  9. Ат арыса, тулақ, Ер арыса, аруақ.

  10. Ат ерінді келеді, Ер мұрынды келеді.

  11. Ат биеден туады, Алып анадан туады.

  12. Ат болатын тай саяққа үйір, Адам болатын бала қонаққа үйір.

  13. Құлындаған биеден, құдықтағы су артылмайды.

  14. Ат қадірін білмесең,
    Жаяушылық көрерсің.
    Ас қадірін білмесең,
    Ашаршылық көрерсің.

  15. Жақсы ат жанға серік,
    Жақсы ит малға серік.

  16. Тай атқа жеткізер,
    Ат мұратқа жеткізер.

  17. Жалғыз аттың пайдасы көп,
    Жалғыз ердің айласы көп.

  18. Атты ақысын жаяуға жібермейді.

  19. Ат сүрінбей, жер танымас,
    Ер сүрінбей, ел танымас.

  20. Атты күнде мінсең – тулақ,
    Аптада мінсең – қунақ,
    Айына мінсең – ат,
    Жылына мінсең – тұлпар.

  21. Жылқының көркі – құйрық,
    Үйдің көркі – мүлік.

  22. Өріске мал жарасар,
    Атқа жал жарасар.

  23. Аталастың аты озғанша,
    Ауылдастың тайы озсын.

  24. Жаман атқа жал бітсе,
    Жалына торсық байлатпас.
    Жаман адамға мал бітсе,
    Жанына қоңсы қондырмас.

  25. Боз жорға – байлықтың салты.

  26. Тағасының күмісіне мақтанба,
    Атыңның жүрісіне мақтан.

  27. Атының сыры иесіне мәлім.

  28. Сары қымыз сүйегіңе сіңсе,
    Сан ауруды кеседі.
    Сары бал сүйегіңе сіңсе,
    Кәрілік жоқ — деседі.

  29. Таза сабаның қымызын іш,
    Мейірбан ананың қызын ал.

  30. Берместің үйінде бесті қымыз тұрады.

  31. Саумал ішсең, қымыз жоқ,
    Байтал мінсең, құлын жоқ.

  32. Екі аяқ қымыздың бір аяқ желі бар.

  33. Сіздікіне барғанда,
    Қымыз ішсін, ми жесін:
    Біздікіне келгенде – 
    Әндетсін де билесін.

  34. Берерге бесінде – қымыз,
    Бермеске сәскеде – саумал.

  35. Қымызды кім ішейін демесін,
    Қызды кім құшайын демесін!

  36. Қымыз – кісінің қаны,
    Ет – кісінің жаны.

  37. Қымызды үйде – аяқшы,
    Қызды үйде – тияқшы.

  38. Шай ішіп үйренген, қымыз деп қыстамайды. 

  39. Жаңбыр – көктің ырысы, Қымыз – көптің ырысы.

  40. Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді. 


Практикалық бөлім:

Жылқы – қасиетті жануар.

Көшпелі ата - бабаларымыз үшін жылқы малы ішсе сусын, жесе азық, мінсе көлік, кисе киім, айта берді ыдыстары да теріден болған. Жаугершілік заманында бабаларымыз өзімен бірге үйір-үйір жылқы айдап жүретін болған. Шөлдесе қымызын ішіп, ашықса етін жеген. Қазақы  жылқы өзін - өзі асырайды. Жылқы малы - өте таза, киелі жануар. Олар кез келген шөпті жемейді, таңдап жейді. Жылқы шалшықтан су ішпейді, таза, тұнық су ғана ішеді. Жылқы – ерекше есті мал. Олар үйір болып жүреді. Үйірде бірнеше ұрғашы жылқы, бір еркек айғыр болады. Үйіріне еркек жылқы қоспай, келсе қуып жібереді. Өз қанынан тараған ұрғашы жылқыға шаппайды. Жылқы аса сезімтал, әрі жершіл келеді. Алда қауіп байқалса, осқырынып жүрмей қояды. Қандай боранды күн болса да, өзі қорасын тауып барады. Жақсы жылқы өзінің иесінің дауысынан таниды, «моһ-моһ», «құру-құру» «тәк-тәк» деген бұйрықтарына бағынады. Шауып келе жатқанда иесі құлап қалса, қайтып келіп жанында тұрады. Бөтен адам келіп ұстауға ниеттенсе, ұстатпай осқырынып қашады. Ұрып, қинаған адамға кек сақтап, тістеп, тебетін болады. Қандай қалың қар жауса да, жылқы малы өз шөбін өзі тауып жейді. Жылқының еті мен сүті - аса шипалы тағам. Бұл туралы әлем халқы енді зерттеп біліп жатса, біздің ата - бабамыз бұрыннан - ақ білген.

Көшпенді қазақ халқы сыйлы қонақтарына ат мінгізіп, шапан жауып, ал кінәлі адам алдында ат-шапан айып төлеу арқылы кешірімін алған. Ертеде той-думан да жылқысыз өтпеген. Аламан бәйге, тай жарыс, жорға жарыс, көкпар, қыз қуу, теңге алу сияқты ойын –сауықтың барлығы жылқыны пайдалану арқылы ойналған.

Ашамайға мінгізу - баланың сана - сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиелік салттың бірі. Жас бала 6-7 жасқа келіп, есі кірген соң оған жеке тай атап, ашамай жасатып, қамшы өреді. Бұл жас баланың бойына "азамат болдың" деген сенім ұялатады. Қолға үйретілген жуас тайға әсем ашамай ерттеп баланы мінгізіп, ары - бері жүргізеді. Бұл баланың көңілін өсіреді, басқа балалар алдында мерейі көтеріліп, әрі мақтаныш сезімде болады, әрі тез есейеді. Ашамайға мінгізу - баланы еңбекқорлыққа, адамгершілікке тәрбиелеудің ұлттық әдістемелік жолдарының бірі.

Көшпенді ата - бабаларымыз жеңіске жылқының көмегімен жеткен. Батырлар туралы жыр, ертегілер, мақал-мәтелдер де жылқы туралы жазылмағаны кемде – кем. Кез келген ақын – жазушы жылқы туралы өлең жазса, суретшілер сурет салған. Ертегілердің басты кейіпкері батыр болса, оның сенімді серігі жеті қазынаның бірі саналатын жылқы болған. Жылқыны ер қанаты санап, әрдайым жоғары бағалайтын қазақ халқы үшін «Тай атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер» дегені дәл айтылған.

Жылқы етінен, сүтінен жасалатын тағамдар.

Жылқы жануарының өзіне ғана тән асыл қасиеті бар. Адымы кең, өрісі ұзақ сәйгүлік саңлақтар қазақ даласының кек байтақ жайлауын емін-еркіндеп, дәмдіден - дәмдіні, коректі мен құнарлыны ғана тереді, өсімдіктің шұрайлысын ғана үзеді. Сөйтіп кең даланың сан алуан гүл - бәйшешектері мен мың түрлі дәрі-дәрмектік шөптерінен жылқы жарықтық адамға шипалы, жағымды тамақтық заттар әзірлейтін болса керек.

Жылқы етінен жасалатын ұлттық тағамдар:

Қазы - жылқы етінің кәделі мүшелердің бірі. Ол жылқының қабырғалары мен белдемелерінің етегіне жиналатын аса шұрайлы, майлы ет. Қазы жасау үшін екі бұғана қабырға, екі тілше қабырғадан басқа қабырғалар алынады. Қазыны ішекке тығады. Әр қос қабырғалардың ішкі жағындағы шеміршегін кесіп тастайды. Ішекке тығу үшін қабырғалардың арасын ажыратып тіліп, әр қабырғаға май мен етін тең етіп бөледі, бірақ ет пен май қабырғадан сылынып қалмауы керек. Қазыны ішекке тығар алдында тұздайды. Содан кейін ішекке тығып, екі басын біріктіріп байлайды. Сырыққа іліп, жел қақтырады. Қазы формасы жағынан шеңберге ұқсас болып шығады. Қазыны қазанға салып, суық су құяды және 2 - 2,5 сағатқа баяу отта жайлап пісіреді. Сыйлы қонақтарға басқа асқан етке қосып береді. Қазыны ыстық күйінде де, тоңазытып та жеуге болады.

Қарта – жылқы етінің ең кәделі мүшелерінің бірі. Жылқы сойғанда ең алдымен қартаны ішіндегісінен босатып, айналдырады да, салқын суға жуып тазалайды. Қартаны дәміне келтіру үшін тұздайды, бұрыш сеуіп, у сарымсақ турап қосады. Бұдан соң сүрлеуге арналған қартаны бойына тұзын сіңіру үшін салқын жерде сырыққа іліп қояды. Қартаны пісіру үшін салқын суға жуып, қазандағы жылы суға салып, отты баяулатып әбден піскенше 1,5 - 2 сағат қайнатады. Қартаны асқан етке қосып береді.

Жал - жылқы етінің ең кәделі мүшелерінің бірі. Ол жылқының шоқтығы мен ауыз омыртқасының арасында, мойын омыртқаны ұстап тұратын желкемен жымдаса бітеді. Жылқы сойғанда терісі сыпырылғаннан кейін жалдың өзін мойын омыртқадан сылып (желкені қоспай) алады. Семіз жылқының жалы үлкен кісінің шеңгеліне әрең сиярлықтай жуан болады. Жал шоқтыққа тақау ұшы жуан болып, екінші ұшына қарай біртіндеп жіңішкере береді. Семіз жылқыны халық «Жалы құлағынан асады» деп дәріптейді. Жалдың жуан бөлігінің арасын екі елідей, жіңішке бөлігі – үш елідей етіп жартылай кертеді де, майда тұз себеді. Соғымға сойған жылқының жалын сырыққа іліп, ыстап 1-2 сағат сүрлейді. Сүрленген жал ұзақ уақыт бұзылмай, дәмі өзгермей сақталады. Жалды бас табақ, қос табақ, сый табақ секілді табақтарға салады. Оны тоңазытып жеген де жақсы. Қазіргі кезде жал, қазы, қарта, шұжық сияқты салқын дәм орнына да көп қолданылады.

Жая – жылқы етінің аса кәделі мүшелерінің бірі. Жылқының терісін сыпырып алғаннан кейін жаяның етін тұтастай бөлек сылып алады. Содан кейін оны қалыңдығы 10 см етіп, жұмырлап тіледі. Сонда салмағы 0,5 кг-нан 5,0кг мөлшерінде болуы тиіс. Содан соң оны тұзы сіңуі үшін 1-2 сағат қойып қояды да, түтінге ұстап, 14-18 сағат бойы ыстайды. Жаяны сыйлы қонақтарға асылған етке қосып береді, яғни оны бас табаққа, қос табаққа сондай - ақ сый табаққа салады. Әдетте жаяны тоңазытып жейді.

Сорпа - малдың, аңның, балықтың, құстың қайнатып пісірілген етінің суға шыққан сөлі, яғни еттің ең күшті нәрі. Ет желінген соң міндетті түрде сорпа әкелінеді. Ең дәмді сорпа сиыр етінің сорпасы, содан кейінгі орынды қой және ешкі етінің сорпасы алады. Жас жылқының сорпасы өте дәмді болады. Асылған ет мол болса және ол қайнап жатқанда көбірек сапырса сорпасы дәмді және жұғымды болады. Жас сорпа - жаңа сойылған еттен әзірленеді. Ұсақ тұз салынған соң араластырып, бірнеше қайтара сапырады. Қазан астындағы от баяу жануы тиіс. Қазанның беті жабулы болады. Қайнауға таяғанда еттің көбігін алады. Біраз қайнағаннан кейін сорпаның тұзын татып көріп, татымсыз болса үстемеленеді. Жас ет әрі кеткенде 2 сағатта пісіп болады. Етті түсіріп алғаннан кейін қазанның қақпағын жауып, біраз уақыт сорпаны демалдыру керек. Содан кейін 15-20 минут суытып, дастарқанға әкелуге болады. Сорпаның дәмін келтіру үшін әр түрлі сүт тағамдары (кұрт, қатық, сүзбе) қосылады.

Қымыз - жылқы сүтінен алынатын кышқыл сүт өнімі. Қымызсыз қазақ асханасын елестету мүмкiн емес. Бұл ғажайып сусын барлық салтанатты думандарымызда бiрiншi кезекте берiледi. Ол туралы өлеңдерде, мақал - мәтелдерде айтылады. Ыдыс түбiнде iшiлмей қалған қымызды төгiп тастау күнә саналғандықтан, тауысып ішу қажет. Қазақтар жүздеген жылдар көлемiнде қымызды айырықша ыдыста - торсық және сабада дайындаған. Қымыздың сапасы ең алдымен ұйытқыдан басталады. Қазiргi кезде қымыздың микрофлоры құрғақ түрде жақсы сақталады. Ұйытқыны күзде дайындау үшiн қымызды бiрнеше тәулiкке қалдырады және ол екiге - жоғарғы мөлдiр және төменгi iрiмшiктiк қабатқа бөледi. Бұл тұнбаны селдiр матада сығып алады да, күнге кептiредi және келесi маусымға (мамыр) дейiн жабық ыдыста, салқын жерде сақтайды. Ұйытқыны тiрiлту үшiн ұнтаққа буландырылған бие сүтiн 3 - 4 ас қасығына есептей отырып, 5 литр сүтке араластырады және дүркiн - дүркiн араластырып отыру арқылы жылы жерде бiр тәулiк сақтайды. Бiр тәулiктен соң ұйытқыны қымыз дайындау үшiн пайдаланады. Одан әрi қарай қымызды жасап шығару үшiн ендi ұйытқыны емес, кәрi қымызды 1 литр қымызға 6 - 7 литр бие сүтiн есептей отырып пайдаланады. Қымызды әзiрлеу үшiн бие сүтiн ұйытқымен бiрге сабаға құяды да, түнге қалдырады. Келесi күнi әрбiр сауыннан аши бастаған сүтке бiрнеше жаңа бөлiктерiн қосады, жақсылап араластырады да, 10 - 15 сағат сақтайды. Дегенмен, мұндай әдiспен алынған қымыз әлi әлсiз және аз газдалған, қою, тағы да мұқият араластырады да бiр күн қоя тұрады. Мұндай өндеудiң нәтижесiнде екi күндiк орташа қымыз пайда болады. Дайын қымызды басқа ыдысқа құяды. Айта кету керек, сабадан барлығын емес, оның 1/5 бөлiгiн ғана құйып алып, қалғанын ұйытқыға қалдырады. 10-15 күн өткеннен кейiн саба толығымен босатылады, қосымша сүрленедi және маймен сыланады. Сабада әзiрленген қымыз жоғары дәмдiк сапамен ерекшеленедi. Қазақтар қазымен үйлес майлы қымызды өте жақсы көредi.





Жылқы еті мен сүтінің адам ағзасына пайдасы.

Қазақ емшілері бие сүтін науқастарды емдеуге қолданған. Жасы ұлғайған қарттарға, ауру салдарынан дене қуаты төмендеген науқастарға бір мезгіл қымыз ішкізеді. Қымызды ішкен соң адам денесі балбырап терлейді, ұйқысы жақсарады, сергиді. Қымызбен қоса жылқы етімен сорпалану да жақсы әсер етеді. Бие сүтін үнемі пайдаланғанда адамның ішкі мүшелерінің қызметі реттеліп, біртіндеп семіреді.

Қазіргі кезде қымыздың көптеген ауруларды, атап айтқанда өкпе ауруларын емдеуде, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, қандағы қызыл қан түйіршіктерімен (эритроцит) гемоглобин синтезіне әсер ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған. Қымыз ағза қызметін жақсартып, адамды жасартады. Қан құрамын реттейді. Жүрек қан тамырлары  аурулардың алдын алады. Зәр шығару қызметін жақсартады. Жүйке жүйесінің жұмысын дұрыстайды. Ас қорытуға көмектеседі. Өкпе ауруларын емдейді. Созылмалы асқазан ауруларын (гастрит) жазады, созылмалы өт қабынуын, созылмалы энтеритті, созылмалы тік ішек ауруларын, созылмалы тік ішек ауруларын, созылмалы бауыр қабынуын, асқазан жарасын және 12 бармақ ішек ауруын емдейді. Қымыз қан тамырларын кеңейтіп, қан айналымының жақсаруына мүмкіндік туғызады. Сонымен қандағы түйіршіктерді талқандап, қанның жүрісін қалыпқа түсіреді. Қымызды жүйелі ішкен адам қан айналысының белсенділігі артуы нәтижесінде әртүрлі жүрек ауруларынан айығады.

         Қымыз - адам жүйкесі жұмысын жақсартудың таптырмас емі. Әсіресе орталық жүйенің жұмысын реттейді. Адам көңіл күйін көтеріп, шаршағанын басады. Дене жұмысынан шаршаған адам, қымыз ішетін болса, шаршағаны басылып, қан айналымы жақсарып, жүректің қалыпты жұмыс істеуіне қол жеткізеді. Аш қарынға саумал ішкен пайдалы. Ол асқазан мен ішек жараларын емдейді. Тік ішек жұмысын жақсартып, оның бойында ас қалдықтары қатып, қалмауын қамтамасыз етеді. Пайдалану кезінде іш құрылысы ауыратын адам саумалды таңертең ашқарынға ішкені абзал. Асқазан сілекейлерінің тітіркендіргіш қызметін баяулатады. Сөйтіп ішкі жаралардың беті қабыршықтанып бітуіне әсер етеді. Іш аурулары негізінен дұрыс тамақтанбағандықтан, әртүрлі спирттік ішімдіктерді мөлшерлерден тыс ішкендіктен, ашқұрсақ жүргендіктен болады. Қымыздың қызметі сондай асқазанның созылмалы ауруларының өзін жазу мүмкіндігіне ие.





Қорытынды бөлім.

«Жылқы – малдың патшасы» тақырыбындағы зерттеу жұмысын жүргізе бастағаннан адамдар жылқы малын өсіре отырып, оның ішсе сусын, жесе тамақ, мінсе көлік, кисе киім болғандығына көз жеткіздім. Бие сүтін бүгінде қазақ халқы ғана емес, әлем халықтары  пайдаланады. Оның емдік қасиеттерін дәрігер, ғалымдар дәлелдеген. Қазіргі ғылым көрсеткендей бие сүті өзінің құндылығы  мен  дәмінің  артықшылығына  байланысты сиыр  сүтінен асып түсетіні белгілі болды.

Жылқының мал шаруашылығындағы маңызын, сүтінің адам ағзасына пайдасын, етінен жасалатын тағам түрлерін анықтадым. Жинаған мәліметтерімді жетекші ұстазыммен бірге жүйелеп бірнеше жеке тақырыпшаларға топтастырып қарастырдым. Жұмысымның теориялық бөлімінде жалпы жылқы малы туралы, елімізде өсірілетін түрлері, жылқы жасына байланысты атаулары туралы ақпараттар мен жылқы және қымыз туралы мақал-мәтелдер жинадым. Практикалық бөлімде бие сүтінің медицина саласында адам ағзасын сауықтыру мақсатында пайдалы екендігін ғалымдар пікірлерінен білдім. Қазақтың ұлттық тағамдары: қазы-қарта, жал-жая, қымыздың жасалу технологиясын меңгердім.

Қорытындылай келгенде, бүгінгі күнде қазақтың ұлттық тағамдарын сараптау қажет деген ойға келдім. Қымыз дайындау технологиясын әрбір қазақ білуі тиіс деп ойлаймын. Қымыз ашыту әжелер  санасында сарғайып қалып жатыр. Шетелдіктердің де бие сү­тін өңдеуге қызы­ғу­шылықтары бүгінде күн санап артып келеді. Сондықтан қымызды қазақтың ұлттық бренді ететін кез келді. Алайда ата-бабамыздан қалған осы ұлттық тағамның қасиеті жайлы ғалым - дәрігерлер айтып отырса да, оны күнделікті тұтынушылар аз. Сөз соңында айтарым, қазақтың ұлттық салт - дәстүрін жас ұрпақ санасына сіңіру үшін мектепте үйірме ашылса деймін, әрі әрбір ата-ана баласына насихаттаудан жалықпау керек. Ұлт саулығын сақтау үшін ұлттық тағамдарды өндіруді ел ағалары қолға алатын кез жетті деп ойлаймын.








Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Әмірбайұлы Ж. Жылқының қасиеттері туралы. «Шинжияң» газеті.

  2. Нысанбаев Ә. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы: Т. 2// А. 1998.

  3. Балалар Энциклопедиясы”, ІІ-том.

  4. Дайырбеков О, Алтынбеков Б.,Торғауытов Б., Кенесариев Х., Хайдарова Т. Аурудың алдын алу және сақтандыру бойынша орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Шымкент. “Ғасыр-Ш”, 2005 жыл.

  5. Көпіш Ә., Рахымбек Р. Төрт түлік. – Алматы: «Өнер», 2001.

  6. Шеффель П. және т. б Өсімдіктер мен жануарлар (Натуралистерге арналған жетекші құрал). М. «Мир», 1991.

  7. www.azattyq.org

  8. www.argymaq.kz

  9. www. kazorta.org

  10. www.massaget.kz






21


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!