Материалдар / Киелі құс қарлығаш ғылыми жоба

Киелі құс қарлығаш ғылыми жоба

Материал туралы қысқаша түсінік
Ғылыми жоба іздеген бастауыш сынып мұғалімдеріне
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
18 Қырқүйек 2018
3710
9 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Кіріспе. Қарлығаш туралы аңыздар мен ертегілер.Қарлығаш – қазақ үшін қай кезде де сүйкімді құс. Тіпті бір кейіпкерін қырық құбылтып, бірде сараң, бірде бай ғып көрсететін ауыз әдебиетінің осы титімдей құсқа деген ықылас ізеті бір қалыпты. Өз ана тілі оқулығымыздағы Ы.Алтынсариннің «Қарабатыр» ертегісіндегі бала да, қарлығашқа былай деп мұңын шағады:- Әй, қарлығаш таныс –ай, туған елдің алыс-ай хабарымды ал сана,елге бара қал сана,-десе, қарлығаш ұшып олай кетеді, ұшып бұлай кетеді,ақыры қимай келіп, баланың қолына қонады.Әлқисса, қарлығаш баланың ата-анасына, қарындасына сәлемін жеткізіп,баланың еліне оралуына себепші болады. Тек бұл емес, басқа ертегілерде де қарлығаш- адамның досы,жанашыры,қай кезде де қамқор боп жүретін адал құс. «Қарлығаштай өртіме қанатымен су сепкен» деген теңеудің айтылуы да бекер емес. Теңеу демекші аяулы, адамды,мысалы, қыз баланы, қарындасты қазақ о бастан қарлығашқа теңейді.Жат елге ұзатылып бара жатқан қарындасымен қоштасарда ағасы: Қарлығашым –ай, Қайда жүрсең –ай, Аман жүр, Қарындасым –ай ,- деп егіледі. Немесе:Қарындасым, қарлығашым,Барған жерде бағың жансын – деген әндерде айтылып жүр.Сонымен қатар, қарлығаш әдеміліктің де символы. «Қасың бар қанатындай қарлығаштың, Болсайшы бәрі сендей қарындастың», -деген қара өлең соның дәлелі.Қазақ баласы қарлығаштың ұясын бұзбайды. Талантты жазушымыз Тынымбай Нұрмағанбетов өзінің бір кітабын «Қарлығаштың ұясы»деп атаған. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев: Қарлығашым келдің бе, қаршығадан саумысың, Аман –есен жеттің бе, айыр құйрық нау құсым, Оралдың ба тағы да өзің өскен ұяға, Оралдың ба, сүйіктім, екеуің де бармысың. Қарлығашым, бұл қалай, қайда кеткен серігің? Зияны жоқ зиялым, өкпелетті сені кім? –деп жырлағанда, сыңарын жоғалтқан қам көңіл құсты жарынан айырылған жесір келіншектей аяйсыз.«Қарлығаш» – қазақ биі.Академик Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» атты әні әлі күнге әуезділігін жойған жоқ. Осы әннің желісімен биді 1944 жылы балет - мейстер Ю.П.Ковалев «Абай» операсында алғаш қойды.Музыкалық өлшемі 2/4. Ырғағы баяу,лирикалық сазды.Бұл би ұлтымыздың рухани байлығы боп саналып келеді. Ақ тамақ, қиылған қас, жазық маңдай, Әдімі ақша бетің жауған қардай, қарлығаш, Жайдары еркелеген жарқын мінез, Жарқ етсең жадыратар жаққан шамдай, қарлығаш.Мұнда да ұлы композитор сұлу қызды қарлығашқа теңеген.«Қарлығаш – әннің аты» дейді А.Жұбанов. Анығында қазақ қыздарының арасында ең көп кездесетін есімнің бірі – Қарлығаш. Қарлығаш – қадым замандардан – ақ адамзаттың айнымас серігіне айналған санаулы құстардың бірі болса керек.Аспаннан түскен төрт кітаптың қай- қайсында да қайталанатын әфсаналардың бірі- жер бетін топан су басқанда Нұх пайғамбардың кемеге мініп қашатыны туралы жыр. «Нұх алайхис салам һикаяларында» Топан су қақпақыл қылған кеменің ішіндегі ахуал баяндалады емес пе?! Тесіктен су кіріп,кеме қарық болуға айналғанда жылан «мен бұл суды тоқтатамын, тек ненің еті тәтті болса соны беріңіз деп қолқа салады. Амалдың жоқтығынан Нұх нәби мақұл дейді де, араға «Бар әр нәрсенің етін татып көр, қайсысы тәтті болса, жыланға берейік» дейді. Ара ұшып кетіп адамның еті тәттілігін айтпақ боп келе жатқанда алдынан қарлығаш шығып,жөн сұрайды. Ара білгенін айтады. « Кәне , тіліңді көрсетші» дейді қарлығаш. Ара аузын аша бергенде қарлығаш оның тілін суырып алады. Екі ортада мылқау боп қалған араның ызыңын ешкім түсінбейді. «Мен білсем, бұл бақаның еті тәтті деп тұр» дейді, Қарлығаш тілмаш боп. Жыланның бақа жейтіні, араның сақау боп ызыңдап қалғаны содан, ал адам баласын ажалдан құтқарған қарлығаш содан бері қарындастай қадірлі бопты дейді аңыз.Қазақтың қабырғалы биі Төле би Әлібекұлы (1663-17566 жж.) Ташкенттегі Шайхантауыр қабірстанында жерленгені белгілі. Ел арасында «Қарлығаш би» атанып, хазірет Жүніс хан қабірстанында дафн (жерлеу) мәртебесіне ие болған екен.Ел ауған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде Төле киіз үйін жықпай,қасиетті жұртын қимапты. Сонда жоңғар қолбасы Төле биден көшпей қалуының сырын сұрапты.Шаңырағыма бір бейкүнә қарлығаш ұя салып еді. Ол жер бетін топан суы басқанда Нұқ пайғамбардың кемесін сақтап қалған, адам баласын жылан шақпақ болғанда,қызғыштай қорыған құс еді.Осындай киелі құстың ұясын бұзып, балапандарын зарлатып кете алмадым,- дейді дана Төле би.Санкт –Петербургтегі Эрмитажда біздің заманымызға дейінгі жүздеген жылдар бұрын қашалған құмыралар залы бар.Сол құмыралардың бірінің бүйірінде туған жерге оралған қарлығашты жүрегі жарылардай қуана қарсы алып тұрған кішкентай бала мен сәби қыздың бейнесі қашалған.Қарлығаштың оралуы- қай заманда да көктемнің оралуы, жақсылықтың ,жылылықтың,құт- береке, той -думанның оралуы.Көне мысыр мифологиясында Исида сұлу ел шеті қиянда қапияда қаза болған жарын іздеуге шыққанда құдайдың құдіретімен қарлығашқа айналып самғай жөнеледі.Христиан әлемі оны хазірет Исамен байланыстырады. Иса пайғамбар Понти Пилат әмірімен айқыш ағашқа таңылып, аяқ –қолына шеге қағылып өлтірілетінін білеміз. Сол кезде қанды қол Рим жендетінің бірде шегесін ала қашып,бірде балғасын қағып тастап,Иса пайғамбардың қазасын кешіктірген қасиетті құс –Қарлығаш еді дейді. Қарлығашты жақсы көретін елдің бірі- эстондықтар. 1962 жылдан бері бұл елдің ұлттық құсы- қарлығаш. Эстон ертегісінде қарлығаш туралы не дейді екен соған құлақ түрелік.Ертеде ажарымен де, айбынымен де, ақылымен де елдің сүйкімдісіне айналған бір жігіт Таллин қаласында тұрыпты. Өзіне лайық ай десе аузы,күн десе көзі бар сүйген қызы болыпты. Екі жастың бақытын қызғанған Шайтан өзінің сөзі көп,көзі көк, күлгені жылағандай, жүргені құлағандай жаман қызын сиқырлап жігітке қосады да, жігіттің сүйген аруын қарлығашқа айналдырып жібереді. Күндер өте береді. Бір күні жігіт үйленуге бел байлайды.Дүрілдетіп той өтеді. Той үстінде бір қарлығаш дастарханды қанатымен жапыра жігітке ұмтылады.Жұрт қуып жібереді. Сәлден соң әлгі қарлығаш жігіттің иығына қонып,қалыңдықтың құлағындағы сырғасын тұмсығымен тістеп жұлып алады.Қалыңдық өкіріп жылап жібереді.Тойдың шырқын бұзған құсты қуып тастамақ боп жұрт пышақ, айыр, балта алып жүгіреді.Өткір балта қарлығаштың құйрығын екі айырып түседі- содан бері оның құйрығы айыр бопты дейді эстон ертегісі.Ал біздің қазақта «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» , Қарлығаш пен дәуіт» ертегісінің мазмұнын бәріміз білеміз.Қазақ кино студиясынан шыққан тұңғыш мултьфильм «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісі біздің сүйіп көретін ертегіміз.













Қарлығаштың құйрығы неге айыр? Қарлығаш пен дәуіт Рас, атом полигоны ошағы болған Абыралы аймағында және оған жапсарлас елді мекендерде қарлығаш аз келетін болып жүр деген әңгімелер біркездерде айтылған. Қазақта қарлығаш қашанда құт берекенің,тыныштықтың,ырыс пен ынтымақтың және бейбітшіліктің нышаны саналады.Осынау қасиетті құс ұя салған жерде,сол жерді мекен еткен халыққа аталған игіліктердің барлығы дариды деген жақсы наным бар.Елбасының ядролық қаруға қарсы күрес жолында көтерген бастамалар аясында қаламыздың басшысы Айбек Кәрімовтың ұсынысымен Түйемойнақ аралында бой көтерген «Бейбітшілік стелласын»ерекше атап өту керек.Биіктігі 20 метрді құрайды.Стелланың ұшар басында алтын жалатылған қоладан жасалған шаңырақ пен қанат қағып ұшып жүрген жеті қарлығаш бейнеленген.Себебі,мұның халықтың атам замандарда қалыптасқан таным түсінігінен туындаған,содан хабар беретін үлкен мән мағынасы бар. Стелланы салудағы ойды айшықтап тұрған да осы ақ тамақты,айыр құйрықты киелі құстың бейнесі. Тоқ етерін айтқанда бұл ескерткіштіңТәуелсіз қазақ мемлекетінде береке-бірлік азаймасын,ынтымақ нығая түссе,еліміздің хал –ахуалы күннен- күнге жақсара берсе деген ниетпен ,қарлығаш құс ұлтымыздың,жұртымыздың еңсесін көтерерліктей жанға жайлы,жүрекке жылы тиетін жақсы жаңалықтарды әкелер деген сеніммен салынған.Бір сөзбен түйіндесек ,бейбітшіліктің бастауындай!



Негізгі бөлім.1.1Сипаттамасы.Қарлығаш торғай тәрізділер отряды,әнші торғайлар тобының тұқымдасы.Арктикамен Антрактикадан басқа аймақтарда кеңінен таралған,20 туысқа бірігетін 79 түрі бар. Қазақстанда 5 түрі ( жар қар лығашы, құз қарлығашы,қос реңді қарлығаш, кент қарлығашы) кездеседі. Қарлығаштың тұмсығы қысқа,тұмсығының түбі кең, езулерінің арасы алшақ. Қанаттары жіңішке әрі ұзын.Дене бітімі ерекше сымбатты. Саусақтары қысқа,әрі әлсіз, жерде жүруі ебедейсіз. Қарлығаштың қауырсыны тығыз,жотасы қара түсті жылтыр.Сыртқы түрінен еркегі мен ұрғашысының айырмашылығы байқалмайды. Дене тұрқы 9- 23 см, салмағы 10 – 60 г. Қарлығаш өте жақсы ұшады.Тіршілігінің көп уақытын ауада ұшып жүріп өткізеді.Су үстінен ұшып бара жатып –ақ су іше береді.Ұшып жүріп қорегін ұстап жейді.Дауысы онша қатты емес. Ұя салуы.Қарлығаш көкек, бұлбұлмен қатар мамырда келеді.Халық аңызында мамырдың басында мамыржай түндер болады.Сондай құлаққа ұрған танадай тып-тыныш кештің бірінде кенет көкек шақырады, бұл оның «менімен бірге қарлығашта келді» деп хабар айтқаны көрінеді. Көктемде келе салысымен қарлығаш ұя сала бастайды Қарлығаш ұясын саз балшықтан сілекейімен араластырып,бекем етіп жартас қуыстарына, жағалаудағы жарға,үй ішіне, қора-жай ға,кейде ағаш басына да салады.Ұясы жарты ай немесе түбі кең,аузы тар құмыра пішінді.Ұясының түбіне қауырсыннан,т.б. заттардан жұмсақ төсеніш жасайды. Ашық ұядағы жұмыртқа қара теңбілді шұбар, жабық ұядағы жұмыртқа ақ түсті болады. Жылына 1рет, кейде 2 рет 3-7 жұмыртқадан салып, балапан басып шығарады.



Балапандары қызыл шақа болып туады. Ұзамай 4-6 ақ- шұбар жұмыртқа туады.екінші рет тамыздың басында жұмыртқалайды. Балапандары 14-16 күнде қанаттанады.Ұясы демекші, көбіне қалада жүретін қысқа құйрық ақ төс қарлығаштар жып –жылтыр бетон қабырғаға қалай ұя салады,оны қалай немен,қайтып бекітетіні - түсініксіз. Айыр құйрық қарлығашта ұя салуға шебер. Ұясын еркегі мен ұрғашысы қызғыштай қориды.Жұмыртқаны да екеуі алма кезек басады. Нағыз тату отбасы деп қарлығаштарды айтса керек. Ашық күндері биіктеп ұшады да,ауа райы жауын шашынды болар алдында жер бауырлап ұшады. Сондықтан да қарлығаштың ұшу ерекшелігіне қарап, ауа райының өзгерісін алдын ала болжауға болады. 1.2. Қоректенуі.Қарлығаш кеш келіп, ерте қайтады.Кеш келетін і- ол негізінен шыбын –шіркеймен қоректенеді.Жемтігін ұшып бара жатып қағып жейді, суды да солай ішеді.Ал шыбын –шіркей қар ерісімен бірден шыға қоймайды.Ерте кететіні де қорегіне байланысты. Күн суыта құрт- құмырсқа ,маса-сона азаятыны белгілі. Қарлығаш адамға үйірсек, сүйкімді құс. Оның өзге құстардың ешқайсысына ұқсамайтын өз «әні» бар. Құлаққа жағымды.Қарлығаштардың негізгі қорегі шыбын-шіркей, маса, сона сияқты ұсақ жәндіктер. Балапандарын қоректендіру үшін олар тынымсыз еңбектенеді. Енелері қорек әкелгенде балапандар шиқылдап ауыздарын ашып тұрады. Олар әкелген тамақтарын балапандарына бөліп береді . Ұядан ұшуы.15-20 күн болғанда олар балапандарын ұшуға үйретеді. Алғашқы 2-3 күнде жабық қораның ішінде сап түзеп ұшады. Аналары алдында ұшып отырады. Аталықтары сыртқы қауіпсіздікті бақылайды.Еге р жаулары келе жатса шиқ етіп дыбыс. Құлап бара жатқан балапанын қанатымен демеп қалады. 3 күннен кейін балапандар өз бетімен ұшуға қалыптасып биікке самғап ұшып кетеді.Олар ұяларын таза ұстайды. Кешкісін ұяның қасына келіп қонақтайды Мен оларға қонатын ағаштар дайындап қойдым. Ұшып кетпес бұрын олар келер жылғы ұяларын дайындап кетеді екен. Біздің қорада 4 ұя бар.Мен олардың екі жылда екі ұя жаңадан қосқанын көрдім. 1.3 Ерекшелігі.Европа ғалымдарының арасында қарлығаштың қадір –қасиетін халыққа алғаш рет ғылыми тұрғыдан түсіндірген А.Брэм болды. А.Брэм қарлығаштың,ең біріншіден, көрегендігіне назар аударды.Аспанда ұшып жүріп қанша қашықтықта болса да қорегін анық көретінін жазды.Ұшып бара жатып қияндағыны қағып түсіретін алғырлығына сүйсінесіз де, шөп басында отырған маса-сонаны ұстай алмайтын қопалдығына таң қаласыз.Сондықтан болар қарлығаш күн жауарда,не бұлтты күндері әрі ұшып, бері ұшып шыбын –шіркейді үркітеді, үріккен шіркей көтеріле бергенде қағып түседі. 1899жылы дат ғалымыХ.Мортенсон салған құс сақиналайтын станциялардың дүниежүзі бойынша атақты бір бекеті- біздің Шақпақта құрылған.Сол Шақпақтың ерекше желі бар.Ғалымдар оның секундына 30 -40 метрге жететінін есептеп шығарып, Құстардың жолын тосып, сақина салуға ең қолайлы жер осы деп шешкен.Осы жер құс сақиналайтын бекет деп тапқан. Ол1966 жылы салынған. Шақпақтың бұл қасиетін кешегі Кеңес үкіметінің биологтарынан бұрын жеті ата ,жетпіс жеті бабасы осы аймақта мекендеген қазақ баяғыда – ақ білген. Білмесе: Ауылым Машат асар, Шақпақ қонып, Тиеді шақпақ желі тоқпақ болып, Асудан құс аспаған мен асамын, Мекенін қалқатайдың таппақ болып,-деген өлең қалдырар ма еді? Асудың аузына биіктігі 8 -12 метр,ені 35- 40 метр аран тор құрылған. «Аран тор» дейтін себебіміз –қаншама шақырымнан қанаты талып шаршап шалдығып келе жатқан құстар торға өздері кеп түседі.Тордың ұзындығы 100 метрдей. Кең ауыз тарыла –тарыла келіп, тар өңешке айналады.Түскен құс қанша талпынса да қайта шыға алмайды.1974-1977 жылдарда құс сақиналаудан әлемнің орнитологиялық бекеттері арасында қазақстанның аты екі рет дүркіреген жылдар болған. Еліміздің абыройын Шақпақ бір асқақтатса, екінші рет бүкіл әлемді елең еткізген біздің кішкентай қарлығашымыз болды. Иә, кәдімгі қарлығаш. Ол оқиға былай болған: 1978 жылғы күзде Қазақстан Ғылым академиясының Зоология институты ғалымдары Шақпақта күнделікті жұмыстарымен айналысып жатады.Торға түскен құстардың арасынан бір қарлығашты сақиналап ұшырып жібереді. Сол қарлығашты төрт күннен соң ит арқасы қияндағы Хакасиядан ұстаған орыс орнитологтары кіп –кішкентай құстың тәулігіне 800 шақырымнан астам жылдамдықпен ұшатынын есептеп таң қалыпты. Сонда ол сағатына 30 шақырымдай жерді ұшып өткен болғаны.Елді елең еткізген «Қазақстан қарлығашы» туралы «Юнный натуралист» журналы сол жылғы тамыз айындағы санында таңдай қаға жазса, «Сельская жизнь» газеті сол мақаланы көшіріп басты. Қорытынды.Ырымдар мен тиымдар.Енді әр елдің осы құсқа байланысты әртүрлі ырым- жоралғыларына назар аударалық:Халық арасында айтылатын әңгіменің бірі- қарлығаштың бұзық ниетті,арам ойлы адамдардың үйіне ұя салмайтыны.Қарлығаш қайтатын кезде қораға қонса, қой егіз тауып,ақ мол болады, ал егер үйге қонса үй- жан басы көбейеді.Қарлығашқа оқ тимейді.Қарлығаштың ұясын бұзған баланың көзін дәуіт шұқып тастайды, себебі дәуіт пен қарлығаш ағайынды.Түсіңе қарлығаш кірсе - бақытқа кенелесің.Қарлығаш көрсең қалтаңды қақ буда-буда ақша түседі.Бойдақ жігіт түсінде қарлығаш көрсе сүйгеніне үйленеді.Көктемде бірінші боп оралған қарлығашты көрген мезет табаныңа қара- егер ақ шаш жабысып тұрса ақ шашты қызға, қара шаш жабысып тұрса қара шашты қызға үйленесің.Қарлығаш ұясын 40 күн бойы салады, оны бұзған адам 40 түрлі пәлеге жолығады.Көктемде бірінші рет қарлығашты көрген мезет – қара көмірді сындырып бір мысқалын қалтаңа сал.Сол жылы саған бақыт қонады.Қарлығаш ұясына оралмаса сақ болыңдыр, сол үйде өрт болуы мүмкін.Қарлығаш үйді айналып ұшып,ұзамай жүріп алса- сол үйдің қызы ұзамай тұрмысқа шығады.Адам баласы үй салуды қарлығаштан, өрмек тоқуды өрмекшіден үйренген.«Сүйер ұлдың аты көп» демекші, қарлығаш туралы аңыз да, ертегі де көп.Жер бетінде ол туралы аңыз жоқ әдебиет бар ма екен, сірә?Жер бетінде қарлығашты ұнатпайтын ел бар ма екен ,сірә?Киелі құс-қарлығаш.Киелі құс қарлығаш туралы деректерді, аңыз, әңгімелерді оқи отырып мен қарлығаштың барлық адамзат үшін өте киелі,сүйкімді құс екеніне көз жеткіздім. Сондай-ақ қарлығаштың тіршілігін бақылау барысында мен олардың ұя салуы, қоректенуі, жұмыртқа салуы, ұядан қанаттанып ұшуы сияқты тіршілік әрекеттері туралы білдім. Бұл мәліметтердің болашақта қарлығаш туралы білгісі келетін менің жас достарым үшін маңызы зор деп ойлаймын.Тағы бір аңызда әркімнің өз қарлығашы болады екен. Ол жатсақ-тұрсақ төбемізде айналып, сіз бен бізге саулық тілеп, бәле –жәле,қауіп –қатер, тіл- көзден қорғап жүреді дейді. Адам баласының аңқаулығы сонда- ол өз құсын өмір бойы танымай, таба алмай өтетін көрінеді.Тапса бақытты ғұмыр кешер еді. Сіз өз қарлығашыңызды таптыңыз ба? Мен сол қарлығаш сияқты самғап ұшып,биіктерден көрінсем деймін.







Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

Б.Аяған. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 5-том, 2003 жАна тілі оқулығы. 4-сынып. «Атамұра», 2009 жылЕ.Раушанов. Құстар –біздің досымыз. Алматы: Жазушы, 2009 жыл«Өзін-өзі тану» оқулығы. 2-сынып, «Бөбек». Алматы, 2010 жылДүниетану оқулығы. 4-сынып. Алматы, Атамұра, 2009 жыл



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ