Мамандығыммен мәңгілік
мақтанамын
Адам мамандық таңдауда
шатаспауы керек деген ұстаным бар. Әр адам білім алып, белгілі бір
мамандықтың тұтқасын ұстауға міндетті. Мамандық атаулы адамның бала
күнінен бастап, бойындағы бейімімен бірге жасасатын ерекше
қабілетінен көрініс табатын дәнекер дүние. Бала жастан қолөнер
немесе шеберлік саласына бейімі бар адам, басқа салаға кетпесі
анық. Кеткен күннің өзінде ол салада жарытып, жетістікке жетпейтіні
хақ.
Сол себепті мамандықты бойдағы
талғамы мен өнеріне, ерекше қасиетіне қарап таңдау керек деген
тұжырымға келесің. Өз басым бастауыш сыныпта жүргенде-ақ сынып
жетекшімнің жүріс-тұрысы, дауысы мен қылығы, іс-әрекетіне қарап,
көз алдыма өзімнің келешек мамандығымды сипаттап алғанмын десем де
болады.
Бітті – мен, өскенде сөзсіз
мұғалім боламын! Себебі мұғалім – бар ыждағатымен шәкіртіне ғаламда
жоқ теңдессіз сый тарту етід. Ол – балаға жаңа ғұмыр сыйлаушы,
ғажайып келешек тарту етуші. Ол сонысымен сыйлы, сонысымен
құрметті.
Осы айнымас түсінік санамда
бала күнімнен сақталған. Өзім осы жолда сол мақсатқа бекініп,
бүгінгі таңда көлеңке түсірмей, ұстаздық қызметтің жүгін арқалап
келемін. «Мамандықтың жаманы жоқ», қай сала болмасын, өзіндік
рахаты мен қуанышы, өзіндік қиындығы мен қайшылығы бар. Десек те,
өз мамандығыңды қатесіз тапсаң, саған шаршамас қуат, талмас рахат
сыйлайды.
Мектепте әр баланың сенен
үйренер тәлім күтіп, жәудіреп саған қараған сайын, бар болмысыңмен
соларға әрдеңені үйреткің кеп, іздене жүріп, өзім де үйреніп,
қазіргі таңда бірнеше жылдарды артқа да тастаппын. Ізімнен ерген
шәкірттерім де бүгін әріптес, өзіммен үзеңгілес бір ұжымды еңбек
атқарып келеді.
Мамандығыма адалдығым сол,
маған осы кезге дейін бірнеше рет ұсынылған лауазымды қызметтер де
болды. Тек олар педагогикалық арнадан сәл басқалау болғандықтан,
жүрек қалауым билікке көнбеді. Мейлі, мың жерден ақысы қомақты
болса да, шулаған шәкірттерімнен алыс кете алмадым. Бәлкім,
«Көрінген таудың алыстығы» болмағандығынан шығар, осы ұстаздық ұлы
атты жамылып, шаң жұқтырмай адал ұстауға бек бекінгенімнен шығар,
мектептегі қызметімді қимадым.
Біреуге қиын көрінсе де, өзіме
бұл жолдан артық сүрлеу жоқ. Қаптап алтын сыйласаң да тәтті азабын
ешнәрсеге айырбастамас едім. Өзім тәрбиелеген жомарт жүрек кешегі
сары ауыз бала шәкірттерім бір-бір саланың маманы, кейбірі жанымда
әріптес деп айттым. Шүкір, олардың алды елге танылып, қызметтерін
адал атқарып жүр. Көшеде көріп қалса дереу қол қусырып амандасып,
қауқылдасып, емен-жарқын боламыз. Рахметтерін, алғыстарын жаудырып
әлек. Мейрамдарда құттықтап, тіпті күні бүгінге дейін туған күнімді
ұмытпай құттықтап келетіндері де бар. Ұстаз жанына басқа қандай бақ
керек? Ерен еңбектің еленгені дегеніміз осы емес
пе?
«Ұстаздан шәкірт озған» заман
туды, өзімнен асып, заманауки технологияны жетік білетін
әріптес-шәкірттерімнің жөні бір бөлек. Қазақстанға танымал өз
шәкірттерін түлетіп ұшырып жүрген олар да ұжымда ұстаздық тәлімді
кімнен алғанын ұмытпай, мені ортада сыйап, қашан да қамқор боп
жүреді. Осындай шәкірттерім үшін өткеніме ерекше ыстық ықыласпен
масаттана қарап, кезінде дұрыс таңдаған мамандығыма рахаттана көз
тастаймын.
Жүріп өткен педагогикалық
қызмет жолымда талай белестерден өттік, шүкір. Жүз шайысып, бет
жыртысар жағдайлар кездеспеді. Бұның да сыры сол, асыл ұстаз деген
маманның иесі болуымнан шығар деймін, қуанып. Мені де ұстаз оқытты.
Ұлылықтың ұшқынын өшірмей, келер ұрпаққа жалғасын деген аманат
болар, пешенеме ұстаздық қасиет қондырған Аллаға мың қатта салауат
айтудан жаңылған емеспін!
Серікбаева
Салтанат
№201 әл Фараби атындағы
мектеп-лицейі
Қызылорда
облысы
Жалағаш
ауданы