Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
мақала: " Бар жан дүниесімен ұстаз еді"
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
БАР ЖАН ДҮНИЕСІМЕН ҰСТАЗ ЕДІ....
Тағдыр қазақтың
маңдайына елім деп егілген,жұртым деп толғанған талай ұл-қыздарды
берген ғой… Солардың бірі – бар ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған
ұлағатты ұстаз, ардақты әке Абдурахманов Есенгелді Асқарұлы еді.
Ұстаз деген ұлағатты атқа лайық Есенгелді Асқарұлы қысқа ғұмырында
дабырлатып, дауылдатпай-ақ талай қайырлы шаруа тындырып кеткен
ұлтымыздың ардақты ұлы еді.
Иә, бүкіл саналы ғұмырын болашақ ұрпаққа тәрбие беру жолына сарп
еткен Есенгелді Асқарұлын еске алғанда көз алдымызға тек оның
жақсылықты жар салып жүретін ақпейіл мінезі мен әкелік қамқорлығы
келеді. Бірімізге ұлағатты ұстаз,енді бірімізге замандас, әріптес,
ардақты әке тірі болса қазір жетпіс жасқа келер еді… Еңбегімен
елінің есінде қалған, тумысынан тәрбиеші, әскери жетекші, тәлімгер
әкеміз қаншама шәкіртті қанаттандырып, үлкен өмірге жолдама
берді.
Ол 1946 жылы 11 қазанда Өзбекстан Республикасы Ферғана
облысындағы Рыштан ауданына қарасты Задиян ауылында ұстаздар
жанұясында, Асқар атамыз бен Шәртай
анамыздың шаңырағын шаттыққа бөлеп, дүние есігін ашқан еді.
Қазақстандағы ашаршылық, қуғын-сүргін
жылдары ата-бабалары сол жерге
қоныстанған. Асқар атамыз мұғалім, кейін мектеп директоры
болып,елге сыйлы азамат еді. Анасы бар өмірін отбасына, балаларына
арнаған,отағасына демеу болған өте еңбекқор кісі. Балалық шағы
сұрапыл сұм соғыстан кейінгі қиын қыстау кезеңге дәл келген
Есенгелді ағамыз бұл өмірге бей-жай қарамай, бар мен жоқтың қадірін
біліп өсті. Әкесінен ерте айрылғаннан болар отбасының тұңғыш ұлы
Есенгелді өзінен кейінгі екі інісі мен жалғыз қарындасына әрі әке,
әрі аға бола білді.
Есенгелді ағамыз 1952 жылы туылған ауылындағы №2 А.Жданов атындағы орта мектепке келіп, осы білім ордасын 1962 жылы үздік аяқтап шығады. Тумысынан білімге құмар жігіт тек оқыса ғана халқына пайдасы тиетінін біліп, 1962 жылы мектеп бітірісімен Ферғана қаласындағы Ұлықбек атындағы педагогикалық институтының физика- математика факультетіне оқуға түседі. Аталған білім ордасында жүріп ол белсенді, үздік студент атанып, бірнеше рет жастар ұйымы-комсомол комитетінің, институттың құрмет грамоталарымен марапатталады. Сол институтта жүріп ол әскери кафедраға құжаттарын тапсырып, жақсы оқып аға лейтенант шенін алып шығады.
Жалынды жас бұл білім ордасын
1967 жылы үздік бітіріп шығады. Қазіргі кезде Кеңес дәуірін біреу
жақсы айтады, біреу жаман айтады. Бірақ, сол кездегі жастардың бір
ерекшелігі – қазіргі кездегі оқу бітірген жас мамандарға ұқсап жылы
жерден орын іздеп қалаға қалуға тырыспайтын, бірден салып ұрып
ауылға баратын. Ол кездің жастарында ауылға деген ерекше ыстық
ынтазарлық болатын, ауылына келіп бар алған білімін өз туған жеріне
қызмет етуге арнайтын еді.
Дипломын арқалап келген жас маман,аға лейтенант Есенгелді ағамыз
ауылға келген соң, Отан алдындағы әскери борышын өтеуді жөн көреді
де, әскерге кетеді.Әскери борышын Совет Армиясының
зениттік-ракеталық әскери бөлімшесінде жүріп өтейді. Отан алдындағы
борышын абыроймен атқарған Есенгелді Асқарұлы бөлімше командирі
болып, капитан шенін алады. Әскер қатарынан
келісімен Ферғана облысындағы №33
мектепте физика пәнінен сабақ
береді.
1971 жылы тамыз айында Мұқаш ақсақалдың сегіз қызының ішіндегі Райхан деген ауылда медбике болып істейтін үлкен қызына үйленеді. Мұқаш атамыз «Бірінші ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» деген даналардың сөзін басшылыққа алған қайырымды жанның бірі еді. Гүлбар анамыз – нағыз ақ жаулықты ақылгөй ана еді. «Қыздарына : «Ер-азамат жанұяның алтын діңгегі, шаңырақтың ұйтқысы, еркек үйдің иесі, әйел үйдің киесі. Ер-азаматтарыңды сыйлаңдар, ұл-қыздарыңның әкесін ешқашан жерге қаратпаңдар, айтатындарыңды оңашада айтыңдар…» деп құлағына құйып, әркез қыздарын ибалыққа үйретіп отыратын» дейді ол кісіні көргендер. Сол кісінің тәрбиесін алған Райхан анамыз ата-енесін сыйлап, ерін үнемі қолдап жүріп, барлық қуанышына бірге қуана білді.Тұңғыш қызы мен үлкен ұлы Болат дүниеге келгеннен кейін1977 жылы Жаңажол ауданындағы Тимирязев сохвозына көшіп келіп, орталықтағы Бируни атындағы №54 орта мектепке физика пәнінің мұғалімі болып орналасады. Сабақ беріп қана қоймай, сол ауылдың жастарын, мектеп оқушыларын білімге, спортқа баулып өсіреді. Ел ертеңіне нық сеніммен қарайтын ағамыз мектепте өтетін қандай игі іс-шаралар болмасын, алдыңғы қатарда жүретін. Осы уақыт аралығында ұжымда қызмет жасап жүріп ел алғысына бөленеді. Бірнеше рет аудандық білім бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталады.
1982 жылы Өзбекстандағы қазақ ағайындар елге қайта оралады. Шәртай анамыз ағайындарына қосылып, балаларын , Есенгелді баласынан көрген төрт немересін ертіп Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Тартоғай совхозының 3-фермасына көшіп келеді.Туған елге оралуына сол ферманың бастығы,әрі ағайыны Жанұзақов Ғафурдин деген кісі тікелей себепші болады.
Көшіп келген жылы ұстаздық тәжірибесі мол, запастағы капитан Есенгелді Асқарұлы осы ауылдағы №228 орта мектепке әскери жетекші болып қызметке орналасады да, мамандығы бойынша физика пәнінен де сабақ берді.
Білімді де білікті ұстаз,
іскер әскери жетекші өзінің еңбекқорлығының арқасында осы ұйымның
беделді мүшесі, аудан, облыс көлеміне танымал әскери жетекші
болды. Есенгелді ағайымыздың
ерекшелігі – туа біткен ұстаз еді, бар жандүниесімен ұстаз еді. Өз
шәкірттерін ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, өміріне азық
болатын білім беретін. Сыныптан сыныпқа өте алмай қалған үлгерімі
нашар шәкіртке ең алдымен сенім білдіріп, қоғамдық жұмыстарға
сайлап, жұмыс істетіп, оқымайды деген шәкірітті өз пәніне
қызықтырып,оқытып шығаратын. Әрбір баланың жеке қасиетін дамытуға
көп көңіл бөлетін. Сабырлық, іскерлік танытып, шәкіртке сабақтан
қорықпайтындай, өз бетінше қызығып оқитындай жағдай жасайтын. Бұл
да ұстаздың шеберлігі, ұлылығы емес пе?! Есенгелді ағай : «Ең
алдымен сендер өздеріңе сеніңдер, сендердің қолдарыңнан көп нәрсе
келеді…» деп жігеріңді жанып оқытатын ұстаз еді. «Мұғалімдік
мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы
мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен
педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады»
деген ұлы педагог В.А.Сухомлинскийдің осы сөзі дәл біздің
кейіпкерімізге арналғандай. Ұстаз бақыты – кез-келген адамның
маңдайына қона беретін бақ емес. Осы бақ бар жан дүниесімен ұстаз
болған Есенгелді ағайымызға қонған десек артық айтқандық
емес.
Есенгелді Асқарұлының еліне
істеген қызметі еленіп, «Ұлы Жеңістің 40 жылдығы» , «Шиелінің 60
жылдығы» медалімен марапатталған. Оған дейін алған аудандық,
облыстық мақтау қағаздары мен алғыс хаттары бір төбе. Тірі болғанда
одан да жоғары белестерден көрінер еді. Аяулы жар, асқар таудай
ардақты әке, абзал жан, ардақты ұстаз Есенгелді Асқарұлы 1996 жылы
15 қазанда бір жылға созылған ауыр науқастан көз
жұмды.
Есенгелді Асқарұлының алдынан
қанаттанып ұшқан шәкірттері әлі күнге дейін ұлағатты ұстаздарын
ұмытпайды. Олар бүгінде тәуелсіз Қазақстанның көркейіп, өсіп-өнуі
үшін еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі салада еңбек етіп
жүр.Есенгелді ағайдың ұл-қыздары мен шәкірттері бүгінде елге сыйлы,
ғылымға, білімге, әскери қызметте өз үлестерін қосып жүрген танымал
талант иелеріне айналған. Жүзінен шуақ, әр сөзінен жылылық төгіліп
тұратын ұстаздың алдын көру бақыты бұйырған кез-келген шәкірттің
бүгін ұстазын сағынуы, оған жүрекжарды жылы лебізін білдіруі –
заңдылық. Бар өмірін білім саласына арнаған Есенгелді ағайдың жақсы
сөздерін қазіргі ата-әже болып отырған өзінің әріптестері мен көзін
көрген шәкірттері сағына еске алады. Өкініштісі, артында қалған
үлкен ұлы өмірден мезгілсіз қайтты,бірақ, орнын басар артында ұлы
қалды. Әкесінің айтқан аманатын басшылыққа алған, қыранның қос
қанатындай болған Талғаты мен Бағдаты артынан ерген қарындастарына
қамқор, үлкенге – іні, кішіге – аға болып жүрген жайы бар.
Бірі«Технология әлем ойл»
компаниясында бұрғылаушы болып қызмет
атқарса,енді бірі мансаптың тағына
отырдым демей, қарапайымдылығы мен кішіпейілдігін, ауылдағы
ақжарқын көңілін жоғалтпай, әскери салада Жамбыл облысындағы әскери
бөлімшеде Отан қорғау ісімен халқына қызмет етуде. Ерен еңбегінің
нәтижесінде ол бөлімше командирі болып, Қазақстан Қарулы күштерінің
майоры атағын алды. Бірнеше дүркін Отан алдындағы ерен еңбегі үшін
бірнеше медальдармен марапатталған. Қазіргі таңда
білім беру саласында қызметте жүрген, «Абысын тату болса – ас көп…»
деген халқымыздың қанатты сөзін есіне сақтаған, тектінің көзін
көріп, батасын алған, ағайынды бауырларға адал жар, ағайдың
немерелеріне аяулы ана болып отырған қос
келін–Камшат пен Қымбатты ешқашан
бөліп-жара алмайсың. Қыздары бір-бір шаңырақтың отын жағып, түтінін
түзу ұшырып отырған аяулы аналар. Қыздары Хилола, Лаура мен Бағила
әкенің жолымен ұстаздық қызметте жүр.
Өз уақытында елінің қамын жеген, білім беру ісінде еңбек еткен Асқар әкеміз бен Шәртай анамыз өсіріп тәрбиелеген ұрпағы ата-анасының атына кір келтірмей, өз аттарына сай азаматтар болып қалыптасты. Олардың жалғыз қызы, Есенгелді ағамыздың жалғыз қарындасы Гүлнар апамыз да қазіргі таңда шәкірттері үлгі тұтатын жоғары санатты мұғалім. Ал екі інісі Омары мен Момыны, өздерінің адал еңбектерімен шаңырақтарының түтінін түтетіп, өсіп-өніп отырған жайы бар.
Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін,бар өмірін мектепке арнаған, бар жан дүниесімен ұстаз болған Есенгелді ағайдың жөні де, жолы да бөлек.Сондықтан да өзі еңбек еткен №228 Шәймерден Бәкіров атындағы орта мектеп ұжымы 2016 жылы 11 қазан күні ұлағатты ұстаз Есенгелді Асқарұлын 70 жасқа толуына орай «Қалдырған ізің мәңгілік »атты еске алу іс шарасын өткізді.Іс-шара барысында ұстазды еске алу құрметіне 10-сынып жетекшісі Перизат Тойшыбаева «Ұстаз-дара тұлға» атты тәрбие сағатын өткізсе, осы мектептің мұғалімдері Жанат Мәмішева мен Нұрайм Абенова «Баршаның мәңгі жадында» атты дөңгелек үстел мен «Шапағаты ізгі, ұмытылмас ұстаз бейнесі» атты еске алу кешін ,ал алғашқы әскери дайындық жетекші-ұйымдастырушысы Тухлибаев Әбдіхалықтың ұйымдастыруымен әскери қолданбалы спорт түрінен мектеп базасында аудандық әскери сайыс өткізілді. Өткізілген іс-шараға ұстаздың бұрыңғы бірге жұмыс істеген ардагер әскери жетекшілері №172 мектептен Жәкешов Жаңабай ,№42мектептен Құлымбетов Ерғали,№145мектептен Сүйіпбергенов Жалғас,№144 мектептен Нұрмағанбетов Медетбай, сонымен бірге зейнеттегі ардагер ұстаздар мен ұстаздың осы мектептегі және бұрын бірге жұмыс істеген қазіргі таңда басқа мектептерде жұмыс істейтін әріптестері мен әскери саладағы шәкірттері шақырылды. Іс-шара жұмысы Есенгелді Асқарұлының 70 жасқа толуына байланысты еске алу құрметіне арнап шығарылған «Қалдырған ізің мәңгілік» атты естелік кітаптың тұсаукесерімен аяқталды.
Тірі болғанда ол кісі биыл 75 жасқа толар еді. Бүгінгі күні арамызда жоқ болғанымен , оның өмірі мен қызметтері, болашақ ұрпаққа білім беру мен тәрбиелелеудегі еңбектері әріптестері мен білім берген шәкірттерінің мәңгі есінде. Ұлағатты ұстаз жайлы естелік жазса,еңбектерін кейінгі ұрпаққа жеткізсе, әруағын еске алып, дұға оқыса әріптестері мен ұрпақтары үшін игі іс болары ақиқат. Осы жарасымды, игілікті істі жасау, жалғастыру кейінгі ұрпақтың міндеті деп білемін.
Абдухалик Тухлибаев
Қызылорда облысы Шиелі ауданы
№228 Шәймерден Бәкіров атындағы орта мектебі
АӘТД пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы