Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Мақала: “Өмірде қиын жағдайға тап болған балалармен және отбасымен жұмыс жасау жолдары
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Қызылорда облысы Арал ауданы
№65 орта мектебі
Айжігітова Нұргүл- әлеуметтік педагог
“Өмірде қиын жағдайға тап болған балалармен және отбасымен жұмыс жасау жолдары”
Әлеуметтік педагог- қоғамдағы жетістіктердің негізгі күші, оның білімі, шеберлігі, еңбектегі табандылығы, адамгершілігі, мен қарапайымдылығы болып табылады. Өскелең ұрпақтың болашаққа зор үмітпен қарайтыны сөзсіз. Сол үмітті жарқын ету әр әлеуметтік педагогтың парызы. Әлеуметтік педагог қоғамдағы белсенді тұлға. «Шөлдегенге су бер, адасқанға жол көрсет, қиналғанға жәрдемші бол!»- деп ата бабамыздан қан бойымызға сіңірген қасиетті жоғалтпайық.
Әлеуметтік педагогтің ата-аналармен жұмысы
Әлеуметтік педагогтің өмірдің қиын жағдайына тап болған балалардың ата-аналарымен жүргізетін жұмысы аса маңызды болып саналады. Ол отбасындағы жағдайлар туралы толық мәлімет ала отырып, бала тәрбиесіне байланысты ата-аналарымен ынтымақтасады, оларға кәсіби-педагогикалық көмек көрсетеді.
Педагог пен ата-ананың үнемі ынтымақтаса отырып, әр кезеңде атқаратын міндеттерінің бірі - ата-ананың педагогикалық белсенділік бағытын қалыптастыру болып табылады.
Дұрыс ұйымдастырылған жұмыс жабық үйрету сипатына ие болады.
Сонымен қатар, әлеуметтік педагог кешенді дәстүрлерді, әдіс-тәсілдерді, психология-педагогикалық диагностиканы: бақылау, байқау, пікірлесу, тесттеу, анкета жүргізу, іскерлік ойындар өткізу, балалар шығармашылығын пайдалану тағы басқа әдістерді жүргізе алады.
Отбасына әлеуметтік педагогикалық диагностика негізінен өз баласы мен сынып оқушыларын тәрбиелеуге бағытталған адамгершілік әлеуметтілігін пайдалану мүмкіндігіне қарай бөлінген отбасыларының шартты топтарда жүргізіледі. Осыған байланысты отбасыларын 5 топқа бөледі:
1. Жоғары адамгершілікті, этномәдени қарым-қатынастардағы отбасылар. Салауатты өмір салты, ұлттық-этникалық, моральдық атмосфера қалыптасқан, балалар өз қабілеттерін дамытуға толық мүмкіндік алатын отбасылар жатады. Әлеуметтік педагогтің жиі араласуының қажеті жоқ дей тұрғанмен тәрбиелеудің жас ерекшелігіне байланысты қиындықтарына сәйкес кейбір кеңестер мен ескертулердің берілуі мүмкін.
2. Ата-аналардың қалыптасқан ережеге сәйкес қарым-қатынаста болуымен сипатталатын отбасылар, бірақ, тәрбиенің оңды бағытын қамтамасыз ете алмағандықтан балада эгоизм, ата-анасын менсінбеу, отбасынан аластау көзқарастарының қалыптаса бастауы тағы басқа педагогтың көңіл аударуына мәжбүр етеді.
3. Дау-жанжалмен өз қарым-қатынастарын реттей алмайтын, балаларына көңіл аудармайтын отбасылар. Мұндай отбасыларына педагогикалық белсенді ықпал қажет, отбасындағы микроклиматты сауықтыру, жасөспірімді қорғап қалудың шұғыл шараларын қолдану қажет. Олар:
- дау-жанжалды отбасының көп уақытқа созылған, отбасы мүшелерінің таусылмайтын кикілжіңі ауыр моральдық-психологиялық ахуалға әкеледі. Жанталасқан адамдардың балаға агрессиялық көзқарасы, ата-аналарының баланы бір-біріне айдап салуы, баланың ауытқушылығына апарып, отбасын тастап шығуға мәжбүр болады;
- педагогикалық қалыптасқан отбасы - мұндай отбасыларында балаға қарым-қатынас қатыгездікке, әкімгерлікке, тұрақсыздыққа, зорлыққа құрылған. Бұл баланың намысына тиіп, ар-ожданын таптайтын, сезімін өшіріп, өзіне-өзі баға бере алмайтын күйге жеткізеді. Нәтижесінде отбасынан аластану, ата-ана ықпалынан босап шығу ниетіне ауып, ауладағы, көшедегі бейресми топтардың қолына түседі;
- әлеуметсізденген отбасы-отбасылық ұстанымдар мен қамқорлықтың жойылуы, бала құндылығын бағаламау, тәрбиесіздік, сексуальдық арсыздық, мастардың сотқарлығы тағы басқа;
Басты «тәрбие әдісі» - ұрып соғу. Бұл отбасылардан шығатын балалардың психикасы бұзылады, үйінен, сабақтан қашады, оқу - үлгерімі нашар болып қалыптасады.,
4. Сырттай сау көрінетін отбасы - бірақ іштей рухани азғындық жайлаған, шынайы адамгершілік құндылықтары жоқ, ұрпақтың сезімталдық қасиеті бұзылған. Бұл отбасыларынан шыққан кейбір жасөспірімдер өз отбасының сыртқы «бейнесін» жақсы көрсете білетіндіктен мұндай балалармен тәрбие жұмысын жүргізу аса қиындыққа түседі.
5. Қалыптаспаған отбасылар – дау-жанжалды, бейморальді мінез-құлықты, сотқарлық, қатыгездік орын алған. Баланы қорғау үшін әлеуметтік педагогтың мұндай отбасына үнемі көңіл аударып отыруы, қоғамдық ықпал көрсетуі немесе белсенді араласуы қажет.
Әлеуметтік педагог пен ата-ананың бірлескен әрекеті ортаның тәрбиелік ауанын едәуір байытады, егер өзара әрекет мақсаты формада жүргізілетін болса тұлғаны қалыптастырудың әлеуметтік қуат-күші ашылып, әлеуметтік педагог пен ата-ана қызметінің мазмұны мұратқа жетеді.
Әлеуметтік педагогтің әрекет ету кезеңдері:
1 кезең – оқушылардың әлеуметтік өмірінің шынайы болмысын зерттеу.
2 кезең – зерттеу материалдарының қорытынды құжаттарына сәйкес мақсат-міндеттерді анықтайды; проблемалық шешуге тиіс жағдай болғанда, тіркелген субъектілердің әлеуметтік өмірінің мүмкіндіктерін есепке алады және жұмысты жоспарлайды.
3 кезең – әрбір іс пен әлеуметтік педагогикалық қызмет кезеңдеріндегі зерттеу нәтижелері мен жоспардың іске асырылу барысында жеткен жетістіктерді конструкциялау жұмысын жүзеге асырады.
Әлеуметтік педагогтың, психологтың, педагогтың, дәрігерлердің бірлескен қызметі төмендегідей:
- отбасына әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету;
- отбасы мен балаларға дәрігерлік, психологиялық, педагогикалық кеңес беру;
- балаларды күйзелтетін даулы мәселелерді шешуге көмектесу;
- мінезінде ауытқушылығы бар адамдарға психологиялық және диагностикалық коррекция жасау;
- профилактикалық шаралар ұйымдастыру.
Әлеуметтік педагог төмендегі ережелерді сақтау тиіс:
- ата-аналар мен балалар өзін зерттеу объектісі ретінде сезінбеуі тиіс;
- зерттеу мақсаты, жоспарлы, үздіксіз және жүйелі жүргізілуі тиіс;
- зерттеу әдістері халықтық дәстүрлі тәрбие әдістерімен байланысты болуы тиіс;
- психологиялық, педагогикалық әдістер әртүрлі, санқилы және кешенді пайдалануы тиіс.
Әлеуметтік педагогтың көңіл аударатын басты объектісі – бала өмірінің әлеуметтік проблемалары.
Бала мен әлеуметтік қоршаған орта өзінің әрбір даму кезеңдерінде жаңа әлеуметтік сана жағдайы мен бұрынғы қалыптасып қалған өлшемдер, талаптар аралығындағы туындаған қайшылықтарды тез сезініп отырады. Егер бағалау нормасы дер кезінде өзгермесе, субъект ретіндегі баланың әлеуметтік өмірдегі дамуына қажетті қолайлы жағдай жасалмаса өмірлік маңызды шешімге келу кезеңінде кедергілер, яғни «өмірдің проблемалық жағдайы» пайда болады. Егер отбасы мен әлеуметтік орта балаға бұл кедергілерді жоюға көмектесе алмаса, онда ол «Тәуекелдік жағдайға» жетеді. Ал, егер бұл тұста педагог-маман араласпаса кедергі көбейе түседі де, бала «әлеуметтік қауіпті жағдайға» ұшырайды, сөйтіп, «Тәуекелділер тобына» амалсыз болады.
Әлеуметтік педагогтің «Тәуекел тобы» оқушылармен істелетін негізгі міндетті қызметі
- сақтандыру құралдарының көмегімен тәлімгер ретінде баланың таңдау бостандығы мен әлеуметтік шығармашылығы проблемаларын шешеді.
- қорғаныс – қауіпсіздік қызметі құралдарының көмегімен үйлестіруші ретінде оқушының бейімделу немесе бейімделе алмау проблемаларын шешуге көмектеседі;
- жұмылдыру әрекеті арқылы жұмылдырушы ретінде әлеуметтік бірігушілік немесе ажырау проблемаларын шешеді.
Менің жұмыс тәжірибемнен
Мектепте қорғаншы тағайындалған 6 бала, өгей әке, өгей ана тәрбиесінде жүрген 6 бала, заңды өкілінсіз сенімхатпен жүрген 10 бала, мүмкіндігі шектеулі 3 бала яғни өмірдің қиын жағдайында қалған 25 бала бар. Бұлррдың барлығы да басты назарда. Ата аналарымен де, балаларымен де тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстың бір саласы ретінде өгей анамен, өгей әкемен жүргізілген жұмыстарымды ортаға салғым келеді. Өгей анамен мектеп жасындағы үш бала тұрады. Бұл балалардың аналары отбасын тастап кетіп қалды. Әкелері басқа қалада жалдамалы жұмыста жүрді. Балалар ата әжелерінің тәрбиесінде болды. Екі жылдан кейін әкелері өзінен он жас кіші бір баласы бар келіншекке үйленді. Келіншегі мен балаларды әке шешесінің үйіне қойып кетті. Ол үйде інісі келіншегімен, үш баласымен тұрды. Бұлардың төрт баласы бар. Өте үлкен жанұя болды. Балалардың жағдайы болмады. Өгей аналарының аяғы ауыр болды. Жұмыс болса осы балаларды жұмсады. Балалардың тазалығы, үлгерімі төмендеп кетті. Сол кезде қаладаң әкелерін, өгей аналарын шақырып, сөйлестім. Балалардың жаны жаралы екенін айтып, балаларға мейірім керек екенін, ананың аялы алақанын, әкенің қамқоры керек екенін түсіндірдім. Әлі некеге де отырмағандықтан балалары некесіз туылатынын айттым. Ауыл әкімшілігіндегі мамандармен кеңесе отырып, неке куәлігін алуға, тіркеуге тұруларына көмек бердім. Әкелері де жинаған ақшасына туысқандары да көмектесіп, ауылдан үй сатып алып, биылдан бастап бөлек шықты. Ортақ некеден бір балалы болды. Барлығы бес балалы, көп балалы отбасы болды. Ауылдық әкімшілікке отбасының жағдайын айтып, келіншегін қоғамдық жұмысқа алуына көмектестім. Үйлеріне барып, сөйлесіп отырамын. Балалар мектептен ыстық тамақпен, тегін лагерьмен, киіммен қамтылған. Қайырымдылық акцияларында да көмектер беріліп отырады. Балалардың жағдайы жақсы болуда. Сабақтан қалмайды, кешікпейді. Тазалықтары да жақсы. Үлгерімдері де жақсарып, үшеуі де оқу екпіндісі болды.
Ал тағы бір 4-сынып оқитын бала да өгей әке тәрбиесінде. Биылғы жылы анасы басқа қаладан келіп, ауылдағы үйленбеген жүгітпен бас қосты. Екеуі де жұмыссыз. Некеге тұрмады. Бұл отбасыны да бақылауға алып, бала тәрбиесі туралы, неке куәлігін алу туралы кеңестер бердім. Анасы баласының жиналыстарына қатысып, мектеппен тығыз байланыста. Баланы мектептен ыстық тамақпен, тегін киіммен қамтып, қайырымдылық акцияларында көмектер берілді. Қысқа қарай бала сабақтан көп кешігетін болды, сабақ үстінде ұйқысы келіп отырады. Үйлеріне барсам, үйлері жылы, таза. Бірақ күйеу үнемі ұйықтап жатады. Сұрастырсам үйіне түнде ауылдың адамдарына карта ойнатады екен. Үйлеріне карта ойнағандары үшін ақша береді екен. Соны алып тамақ қылам деді. Түнімен үйде карта ойналғасын, бала да ұйықтамай солардың қастарында жүреді екен. Учаскелік полицияға айтып, үйіне барып, сөйлесіп,ескерту беріп, карта ойнатуын тоқтаттық. Ауыл әкімшілігімен кеңесе отырып, неке куәлігін алып, әйелдің тіркеуге тұруына көмектестім. Атаулы әлеуметтік көмекке құжат жинақтауына көмектестім. Ауыл әкіміне отбасының жағдайын айтып, қоғамдық жұмысқа алуын сұрадым. Келер айдан бастап, қоғамдық жұмысқа шығатын болды. Үйіне барып ата анасымен сөйлесіп отырамын. Бала қазір кешікпейтін болды. Мектептегі іс шараларға белсене қатысатын болды. Ән үйірмесіне баруын қадағаладым. Мектепте өткізілген ән байқауына қатысып ,орын алып, қуанды. Алдағы уақытта да бұл балалармен жүйелі жұмыстар жүргізе беремін.
Қорытынды.
Нәтижесінде баланың өмір сүру ортасы дұрыс және оң жағына шешіледі. Әлеуметтік педагогтің уақытты тиімді пайдаланады. Баланың отбасы алдындағы құқығы қорғалып, зорлық-зомбылықтың болдырмаудың алдын алады. Қазақстанның жаһандануы, қоғамның ауқымды әлеуметтік-экономикалык өзгеруі жағдадағы болашағы балаларды тәрбиелеу, оқыту, олардың дене бітімі мен рухани дамуы, оларды өмірге дайындау деңгейімен айқындалады. Өмірде қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарды – әлеуметтік бейімделмеуі, бұл жасөспірімдердің арасында ұлғайып отырған қадағалаусыздық, панасыздық, кылмыс сонымен қатар оларды бала еңбегінің ең нашар түріне тарту қоршаған орта үшін де кауіпті. Бейімделмеген балалар санының көп болуы елдің болашағы үшін қауіп.
Әлеуметтік педагогтің білімі, біліктілігі, шеберлігі, еңбектегі табандылығы, адамгершілігі мен қарапайымдылығы қоғамдағы жетістіктердің негізгі күші болып табылады. Өскелең ұрпақтың болашаққа зор үмітпен қарайтыны сөзсіз. Сол үмітті жарқын ету әр әлеуметтік педагогтің міндеті. «Бірлесіп көтерген жүк жеңіл» дегендей, бала тәрбиелеуге бір кісідей атсалысайық!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Әлеуметтік-психологиялық тренинг жаттығулары. – Дарын. Қараша-желтоқсан, 2005.
2. Баймұқанов М.Т. Отбасымен әлеуметтік педагогикалық жұмыс. Астана – 2005ж.
5. БҰҰ Баланың құқықтары туралы халықаралық конвенция. 1989.
6. ҚР баланың құқықтары туралы. ҚРЗ. – Алматы: ЮРИСТ, 2007. – 20 б.
7 . Әлеуметтік педагогика және өзін өзі тану. 2015 ж №1 Дина Ахмедалиева. «Өмірде қиын жағдайға тап болған балалармен жұмыс жасау моделі»
8. Әлеуметтік педагогика және өзін өзі тану. 2016 ж №3 С.Бурашев. «Қиын жағдайға тап болған балалармен жұмыс және оны дамыту жолдарының маңызы»