Өзін-өзі тану пәнін
жаратылыстану пәндерімен интеграциялау
«Өзіңді өзің тану – рухани
өркендеудің түп тамыры және адамгершілік құндылықтардың негізі»
-деп, Сара Алпысқызы атап көрсеткендей, өзін-өзі тану – адам баласы
өзін, өмірді сүйе отырып, өзінің мүмкіндіктерін пайдалану. Өзін
махаббатқа, адамгершілікке, сабырлыққа, аяушылыққа, достыққа,
әділдікке, адалдыққа, шынайылыққа тәрбиелеу деген сөз.
Адамгершіліктің ең жоғарғы рухани қажеттілігінің бастау көзі –
өзін-өзі таныту, өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі
дамыту,қарым-қатынаста, дүниетанымда өзінің шығармашылық қабілетін
таныту. Қазіргі уақытта жас ұрпаққа рухани тәрбие беру заман
талабы. Рухани адамгершілік білім беруде жас ұрпақтың бойына
руханият пен бірге сыйластық, төзімділік, татулық, бақыт
құндылықтарын дарыту арқылы оқушының келешекте өз орнын таба
білуіне ықпал етеді. Сол себепті де мектептерде өзін-өзі тану пәні
жүргізіліп келеді. Өзін-өзі тану пәні – жас ұрпақтың қабілеті мен
мүмкіндігін жан- жақты ашып, адамгершіліктің биігіне көтеретін
білім беру үлгісі.
Рухани-адамгершілік білімді,
құндылықтарды, кез келген пәнді оқыту мазмұнына енгізу – жас
ұрпақты сапалы түрде оқыта отырып, саналы тәрбиелеу талаптарын
жүзеге асырудың бірден бір жолы. Негізінен мектепте оқытылатын
пәндерді бір-бірімен сабақтастыра оқыту оқыушының білімі мен мәдени
деңгейінің өсуіне септігін тигізеді.Сабақты басқа пәндермен
тоғыстыра оқыту оқушылардың ойлау қабілетін шыңдайды. Әр оқушының
әр пәнді игеру қабілеті әр түрлі болып келеді. Бір сабақты жақсы
меңгерген бала, екінші пәнді игеруде қиналуы мүмкін. Осындай кезде
пәндерді тоғыстыра меңгерту оқушының мүмкіндігін ашуға жетелейді.
Себебі, «интеграция» ұғымы жеке бөлшектердің тұтасқа бірігуі ғана
емес, сонымен қатар сандық, сапалық көрсеткіштерге жетелейтін, әр
түрлі деңгейі бар жүйе.
«Өзін-өзі тану» пәнін
жаратылыстану пәндерімен кіріктіріп өткізу –бұл білімді жандандыру,
рухани құндылықтарды бойға дарыту, жалпы адамгершілік қасиеттер
негізінде сапалы білім беру.
Мұғалім өз пәні арқылы
оқушыларды қалай рухтандырады? Мұғалім немен шабыттанады? Бұл
сұраққа жауап беруде мен рухани адамгершілік құндылықтарды әрбір
пәнмен кіріктіру мысалдарымен бөліскім
келеді.
Әр сабаққа психологиялық ахуал
туғызудың өзі тікелей өзін-өзі тану пәнімен байланысты. Осы
психологиялық ахуалдың өзін әр сабақтың тақырыбымен сәйкестендіріп
алуға болады. Мысалы, математика сабағында натурал сандарды өту
кезінде тақ сан – жалғыздық ұғымы, ал жұп сан – екеу, яғни достық,
татулық деген ұғымға сай келеді. Адам өмірінде жалғыздықтан достық,
татулықтың маңызды екендігін айта кету. Сонымен қатар жеті, үш
сандарына байланысты: «Жеті ата», «Жеті керемет», «Жеті қазына»
ұғымдарымен таныстыру, сандарға қатысты мақал-мәтелдер айтқыза
отырып, ұлттық құндылықтарды оқушы санасына сіңдіру жөн деп
есептеймін. Физика пәні 7-сыныпта басталады. Пәнге деген
қызығушылығын өзін-өзі тану пәнімен байланыстыра отырып, қарапайым
тәжірибелермен, күнделікті өмірдегі мысалдармен түсіндірген
тиімді.Физика – қандай ғылым дегенде – ол жүріп-тұруымыздан бастап,
тамақтануымыз, жуынуымыз, өмір сүруіміз, тұрмыс-тіршілігіміз
физикалық заңдылықтармен түсіндіріледі. Сонымен қатар, энергияның
сақталу заңын, энергияны үнемдеу тақырыбында тағамның энергетикалық
сипаттамаларының мағынасын түсіндіру, басқа энергия қорымен
салыстыру арқылы энергияны үнемдеу мен толықтырудың адам
денсаулығына тигізетін әсері жайлы айту. Энергияның сарқылуы шаршау
болып табылады. Адам қанша күш жұмсаса, оның орнын қайта толтырып
отыру қажет. Дұрыс демалу және тамақтану – энергияны сақтау. Дұрыс
демалуға адамның жан тыныштығы, сәулелі ой ойлау да
жатады.
Қорыта келгенде, өзін-өзі тану
пәнінің жаратылыстану пәндерімен ықпалдасуы үнемі жүргізілуі тиіс.
Өйткені, ғылымнан бұрын адам жанының ізгілігі бірінші тұруы керек.
«Әр ғалым, әр залым, ел түбіне сол жетер»,-деп ойшыл Шәкәрім
бабамыз айтып кеткендей, ізгіліксіз білімнің пайдасынан залалы көп.
Сондықтан ғылымның адамзатқа пайда әкелер жағын көбірек ескеруді
дағдыға айналдыру жаны ізгі ұстаздан басталады. Бүкіл адамзаттық
құндылықтар негізінде алуан түрлі құбылыстарды бірлікте қарастыра
отырып, жаңалықты меңгерту керек. Жас өспірімдердің
рухани-адамгершілігін дамыту үшін оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру
кезінде баланың жан дүниесін түсіне білу, талап тілегімен санаса
білу, оларға жылы шыраймен қарау, өз ойларын айтуға жағдай жасау,
әр баланы тыңдай білу, өз баласындай жақсы көре білу шынайы ұстаз
тұлғасының беделін арттырады.
«Қалалық көпсалалы қазақ
мектеп-гимназиясы» КММ
Өзін-өзі тану пән мұғалімі
Идрышева Қ.Д.