Материалдар / Математика
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Математика

Материал туралы қысқаша түсінік
Қосу, алу және тең болады белгілерімен есептер құру
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

МАТЕМАТИКА НЕГІЗДЕРІ

ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ІС-ӘРЕКЕТТІҢ МАҚСАТЫ

Балаларды заттардың көлемін салыстырғанда шартты өлшемді пайдалануға баулу, сызғыштың сипаттамасымен таныстыру; қоршаған объектілерді топтастыру, қосу, алу және тең ету амалдарын есепте көрсетуге талпындырту еректікке, шыдамдылыққа тәрбиелеу.

ӘДІС-ТӘСІЛДЕР

Қуаныш шеңбері, аудиожазбаны тыңдау, көркемсөз, жаңа ұғымды бекіту, сергіту сәті, ұғымды пысықтау жаттығуы, зейінге жаттығу, сәйкестендіру, топтық жұмыс, бағалау, қорытындылау.

ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАР

1. Көрнекілік материалдар.
Интербелсенді тақта, көрнекіліктерге панно, көрсеткіш.
Ырғағы әртүрлі әуенжазбалары.
Үй жануарларының қатысуымен есептердің сызбалары.
Қосу мен алу амалдарына есеп шығаруға арналған, бес бөлікке бөлінген карточкаларға салынған көріністер.

2. Үлестірмелі материалдар.
Қосу мен алу амалдарына есеп шығаруға арналған, бес бөлікке бөлінген үлестірмелі карточкалар; сандар жинақтары, үй жануарларының үлестірмелі кескіндері..

ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ІС-ӘРЕКЕТТІҢ БАРЫСЫ

1. КІРІСПЕ БӨЛІМ

1.1. Қуаныш шеңбері. «Біз қуанамыз».

Біз қуанамыз жаңа келген күнге,
Біз қуанамыз жұлдызды түнге.
Біз қуанамыз желге, бұтаны шайқаған,
Біз қуанамыз құсқа, сайда сайраған.

1.2. Көркемсөз.
Ел аузынан. «Төлді қалай шақырады?»

Қой баласы - қоңырым,
Ұя бұзбас момыным.
Шопан ата түлегі - 
Қошақаным, қайдасың?
Пұшайт, пұшайт.

Жүнін жұлса бақырған,
Ешкі атасын шақырған,
Өрісте өскен жануар - 
Шөкетайым, қайдасың?
Шөре, шөре.

Жолға шықсам көлігім,
Жапанда жүрсем серігім,
Қамбар ата өсірген
Құла атым менің, қайдасың?
Құрай, құрай!
- Балалар, көктем шықты. Үй жануарларын жайлауға шығарудың уақыты да келіп қалды.
- Үй жануарларының санын дұрыс есептеу керек.

2. НЕГІЗГІ БӨЛІМ

2.1. Жаңа ұғымды бекіту. «Үй жануарларын жайлауға шығарайық. Өрісін есептейік».

 Қосу (+), алу (-) және тең болады (=) белгілерімен есептер құру.
Ұйымдастырылған іс-әрекеттің алдында кезекшілер әр балаға үй жануарларының үлестірмелі кескіндерін, сандар мен белгілер жинақтарын, бес бөлікке бөлінген қағаз беттерін алдын ала үлестіріп қояды.
Ескерту: есептерді құру үшін әр балаға, сандар мен белгілердің бірнеше топтамалары қажет болады.


- Балалар, алдарыңа екі жолақтан алып отырыңдар.


- Осы екі жолақта қандай айырмашылық бар? (Біреуінде қосу белгісі. Беруінде алу белгісі бар.)
- Жарайсыңдар!
Тапсырма.
- Балалар, өздеріңде бар сандарды пайдаланып, қосу амалына есеп құрастырыңдар.
Педагог балаларға сандарды орналастыруға уақыт береді.
Дұрыс орындаған балалардың бірін панно алдына шақырады, өз нұсқасын орындауға мүмкіндік береді.


- Балалар, сандар тізбекке дұрыс салынды ма?
- Олай болса, балалар, осы тізбекке есептің бірін құрастырыңдар.


- Ал енді осы есепті оқып көрейік. Бір сиырдың қасына тағы төрт сиыр қосылды. Жиыны бес сиыр.

- Екінші есеп. Өрісте алты қозы жүрді. Оларға екі қозы қосылып кетті. Жиыны сегіз қозы.
- Қайталайық. Жарайсыңдар!
Педагог бірнеше балаға қайта оқытады.
Тапсырма.
- Балалар, алу амалына есеп құрастырыңдар.
Педагог балаларға сандарды өздігінен орналастыруға уақыт береді.
Дұрыс орындаған балалардың бірін панно алдына шақырады, өз нұсқасын орындауға мүмкіндік береді.


- Балалар, сандар тізбекке дұрыс салынды ма?
- Олай болса, балалар, мына тізбекке есепті құрастыр.

- Ал енді осы есепті оқып көрейік. Өрісте жеті құлын жайылып жүрді. Екі құлын басқа жаққа шауып кетті. Өрісте бес құлын қалды.

- Екінші есепті түсіндірейік. Саны алты түйенің бесеуін айдап кетті. Бір түйе қалды.
- Қайталайық. Жарайсыңдар!
Педагог бірнеше балаға қайта айтқызады.

2.2. Сергіту сәті. «Құрақ көрпені қағайық».
Балалар алаңға шақырылады.
- Балалар, біз табиғатқа шыққанда өзімізбен бірге қандай заттарды алып шығамыз?
- Құрақ көрпе алып шығамыз.
- Қазір құрақ көрпенің шаңын бір қағып алайық.
Ырғақты әуенжазбасы қосылады.

Қане, аулаға шығайық,
Құрақ көрпені қағайық.
Бір! Екі! Үш! Төрт!
Құрақ көрпені қағайық.

Құрақ көрпені қағайық.
Қане, асықпай санайық.
Бір! Екі! Үш! Төрт!
Қане, асықпай санайық.

Қане, асықпай санайық.
Қағудан тек шаршамайық.
Бір! Екі! Үш! Төрт!
Қағудан шаршамайық.

 Балалар орындарында адымдап жүреді, бір орында айналады, қос қолымен ырғаққа сай шапалақтап, сөздерді дауыстап айтады.

2.3. Ұғымды пысықтау жаттығуы. «Ұзындықтары әртүрлі жолақтарды салыстыру,  шартты өлшем, сызғыш арқылы өлшеу тәсілі».
Педагог:
- Білесіңдер ме, балалар, үй жануарларының өрістегі жолдары өте көп. Үй жануарлары үйге апаратын жолды ешқашан ұмытпайды.
- Бұндай жолдарды зерттейікші.
Жаттығуды ұйымдастыру үшін көрнекілікке панно, бес төлдің жеке тұрған суреттері, ұзындығы бес түрлі жолақтардың кескіндері қажет болады. Жолақтардың ені бірдей, түстері бөлек.

Тапсырма.
Тақтаға бір бала шақырылады.
- Асхат, бұнда саны қанша жолақ бар?

- Осы жолақтардың ең қысқасынан бастап, ең ұзынына дейін тұстастырып салып шықшы.

- Асхат, жолақтардың ұзындығын жоғарыдан төмен айтып шық.
- Балалар, Асхаттың жауабын бақылап отырыңдар. Көмек керек болса, сендер де қатысасыңдар.
Баланың жауабы: «Ең қысқа, сәл ұзындау, одан да ұзындау, одан да сәл ұзындау, ең ұзын».
- Жарайсың!
Педагог балаларға тапсырманы орындарынан орындауға уақыт береді.

- Балалар, мына жолақтарды кері бағытта атап шығайық. (Ең ұзын, сәл қысқалау, одан да қысқалау, одан да қысқалау, ең қысқа.)
- Жақсы.
- Балалар, тұстастыру тәсілінен басқа салыстырудың қандай тәсілі бар? (Беттестіру тәсілі бар.)
- Жақсы. Олай болса, балалар, беттестіру тәсілі арқылы осы жолақтарды салыстырыңдар.
- Жарайсыңдар, балалар! Бұл тәсілді жақсы біледі екенсіңдер.
- Балалар, бастарыңды көтеріңдер. Бері қараңдар.
Педагог балаларға сызғышты көрсетеді.

- Балалар, бұл құралды кім біледі?
- Бұл - сызғыш. 
- Сызғыш - заттардың ұзындығын өлшейтін құрал.
Педагог барлық балаға сызғыштарды алғызады.
- Балалар, сызғыш туралы не айта аламыз?

- Иә, сызғыштың бойында штрих сызықтарының қатары салынған.
- Қайталайық, балалар! Штрих. Жақсы.
- Бір штрихтан екінші штрихқа дейін өлшем бірлігі жатыр.

- Ең қысқа жолақтың үстіне салайық. Бір, екі, үш, төрт, бес, алты бірлікті құрайды.
- Сендер де өлшеп көріңдер.

- Сызғышты жолақтың үстіне басып отырайық, сол жақ шеттерін тегістейік. Нөлден бастап санайық. Бір, екі, үш, төрт, бес, алты.
- Көрдіңдер ме, балалар, жолақтың шеті сол 6 санының штрихына сәйкес келіп тұр.
- Біздің жауабымыз 6 бірлік. Дұрыс па? Жарайсыңдар!
- Балалар, қалған жолақтарды немесе әртүрлі заттардың ұзындығын осы сызғыш арқылы өлшейміз.
- Жарайсыңдар!

2.4. Зейінге арналған жаттығу. «Аталған сөз қанша рет қайталанды?»
Педагог:
- Балалар, қазір мен тақпақ оқимын. Тақпақта «тау» сөзінің қанша рет қайталанғанын санаңдар.
- Біреулерің ойша санай алсаңдар, басқаларың санау таяқшаларын немесе ұсақ үлестірмелі заттарды үстелге тізіп отыра аласыңдар.
- Мұқиятты болыңдар.
Педагог тақпақты мәнерлеп оқиды.
Көркемсөз.
Құдайберген Қазыбекұлы «Тау».

Ертіп атам,
Тауға барды.
Тауда жатқан
Көрдім қарды.
Таудың іші
Қалың орман,
Аң мен құсқа
Пана болған.
Таза ауа
Мөлдір бұлақ,
Тастан-тасқа
Аққан құлап.
Қандай тәтті,
Тау қарақат.
Жесең пайда,
Жанға рахат.
Тауда орман
Тал мен қайың,
Қызығасың,
Көрген сайын.
Балалар «тау» сөзін 5 рет естігендері туралы айтады.
- Балалар, біздің жеріміздегі таудан басқа, тірі және өлі табиғаттың қандай түрлері туралы айтылды?
Педагог балаларға тақпақты қайта оқып беруі мүмкін. (Орман, аң мен құс, бұлақ, қарақат, тал, қайың.)
3. ҚОРЫТЫНДЫ
Балалардың жұмысын талдау, бағалау және қорытындылау.
- Бүгін сендер қандай жаңа білім алдыңдар? (Сызғышпен таныстық. Сызғышпен ұзындықты өлшеуге болады.)
- Балалар, есептерді қалай құрастырған жеңіл? (Қосу мен алу және тең болады белгілерін қолданамыз.)
- Жақсы. Жарайсыңдар, балалар!
- Біз есептерде үй жануарларын ғана алғанымыз неліктен? (Қазір үй жануарларын өріске шығаруға дайындайды.)
- Балалар, бүгін өте тапқыр және белсенді болдыңдар. Тамаша!

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!