Мәтінмен жұмыс – оқу
сауаттылығының бастамасы мен негізі
А.К.Рахимбаева
Павлодар білім беру
басқармасы, Екібастұз қаласы білім беру
бөлімінің «№25 қазақ қыздар
гимназиясы» КММ
Екібастұз
қ. rahimbaeva_ainur@mail.ru
Сауаттылық – адамның өз ана
тілінде дұрыс оқу және дұрыс жазу дағдыларын игеру дәрежесі. Оқу –
интеллектуалды даму әдісі, мәдениетті қалыптастыру тәсілі,
қарым-қатынас дәнекері, өмір мәселелерін шешу құралы. Оқусыз даму,
білім алу, дағдыларды қалыптастыру мүмкін емес. Мәтіннің мазмұнында
еркіндіктің бірнеше дәрежесі бар: бір мәтінді әр адам өз өмірлік
тәжірибиесі мен ерекшелігіне қарай әр түрлі түсінеді. Функционалдық
оқу – нақты бір тапсырманы орындау үшін немесе белгілі бір мәселені
шешу үшін қажетті ақпаратты іздеу мақсатында оқу. Функционалдық оқу
барысында көз жүгірту және талдау әдістері
қолданылады.
Оқу сауаттылығы –
функционалдық сауаттылықтың бір түрі. Оқу сауаттылығы оқушылардың
қарапайым оқу мәдениеті мен дағдыларының қаншалықты деңгейде екенін
анықтайды. Заманауи қоғамдағы өмірге деген дайындықтың маңызды
параметрі ретінде қарастыралатын оқу сауаттылығының негізі –
мәтінмен жұмысты толық қалыптастыру. Оқу сауаттылығы - оқушылардың
мәтін мазмұнын түсіне білу және оларға ой жүгірте білу, мәтін
мазмұнын өз мақсаттарына жету үшін пайдалана білу, қоғам өмірінде
белсенділік таныту мақсатында білімдері мен мүмкіндіктерін дамыту
қабілеттері.
Оқу сауаттылығы - оқушылардын
мәтіндерді ұғына оқу қабілеттілігі және оларға кері байланыс жасай
алуы, мәтіннің мазмұнын өз мақсаттарына қол жеткізу үшін қолдануы,
білімдері мен дағдыларын қоғамның белсенді араласуы үшін дамытуы.
Мәтінді жылдам оқу техникасы немесе мәтіннің мазмұнын сөзбе-сөз
нақты түсіну үшін маңызды емес, оқу барысында менгерген білімдері
мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдана білу
маңызды.
Оқушы мәтіннен ақпаратты
тауып, одан үзінді келтіре алуы керек. Мұнда оның ақпаратты іздеу,
іріктеу және жинақтау дағдылары анықталады. Мәтінді түсіну үшін
оқығанын өңдейді, орынды ақпараттармен толықтырады және
түсіндіреді. Оқыған мәтінге ол жердегі ақпараттан тыс өз біліміне,
мәтін идеялары мен мағынасына сүйене отырып өз ойымен баға беруге
дағдыланады.
Оқу сауаттылығының әр
деңгейіне сәйкес оқушы білігінің 7 нақты сипаттама беруге
болады:
-
Оқушы қарапайым, қысқа
мәтіндегі таныс ақпаратты таба біледі.
-
Автордың мәтіндегі басты
мақсатын, мәтіннің басты тақырыбын
анықтайды.
-
Мәтіндегі ақпарат пен мәтіннен
тыс білімдер арасында байланыс туғызады, оларды өмірдегі
тәжірибелермен салыстырып келеді.
-
Мәтіннің бірнеше бөлімдерінің
арасындағы байланысты анықтап талдайды.
-
Мәтіннің бүтіндей мазмұнына
сәйкес тілдік стильдерді түсінеді.
-
Мазмұны бейтаныс, ұзын әрі
күрделі мәтіндерді түсінеді және
түсіндіреді.
-
Таныс емес тақырыпқа жазылған
күрделі мәтінді сын тұрғысынан бағалайды.
Оқу сауаттылығын арттыру үшін
мұғалімдер қауымы оқушының мәтінмен жұмыс істеу дағдыларын
қалыптастыруы керек. Бұл үрдіс «бір» дегенде қалыптаспайды,
сондықтан жылдар бойы үздіксіз жүріп тұратын әдетке айналуы керек.
Әр мұғалім өз әдісі арқылы оқушылардың оқу сауаттылығын арттырудың
амалдарын қолданады. Мәтінмен жұмыс бастамас бұрын, меніңше, оқушы
мәтіннің не екенін, оның құрамы мен мазмұндық түрлерін жете білуі
керек деп ойлаймын. Мәтін – белгілі бір тақырыпқа негізделген,
сабақтастық пен тұтастықтан құралып, тізбектелген сөйлемдер
жиынтығы. Мәтінде біртұтас ой жинақталып, ақпарат беру мақсаты
көзделеді.
Оқушының мәтінмен жұмыс істеуі
- оқушының мәтінді түсіну, мәтінге қатысты берілген сұрақтарды шеше
білу дағдыларының қаншалықты екенін анықтау деңгейі. Мәтінге
қатысты берілген сұрақтарды шешудің мынандай 7 жолын ұсынғым
келеді:
-
Мәтінді оқымас бұрын, мәтінге
байланысты берілген сұрақтың тапсырмасынан бастап оқу. Бұл әдіс
менің іс-тәжірибемде жиі кездесіп жүрген тәсілдің бірі. Біріншіден,
оқушылар тапсырмаларды оқып алғаннан соң, мәтін мазмұнын оқу
барысында бірден сол сұрақтың жауабын іздеуге кіріседі. Мәтінді
оқып отырғанда оқушының миы автоматты түрде оны түсінуге және
шешуге бейімделіп оқитын болады. Себебі оқушы мәтін мазмұнын
оқымай, берілген сұрақтар арқылы мәтіннің не туралы екенін анықтай
алады. Екіншіден, бұл уақытты тиімді қолданудың амалы деп те айтар
едім.
Мысалы, Тапсырма: Мәтін
бойынша Едіге биден байқалатын басты ерекшелікті
көрсетіңіз.
А) шешен В) құныкер С) ойы
жүйрік Д) өз бағасын біледі Е) кішіпейіл
Мына берілген тапсырманы оқи
отырып, оқушы мәтіннің кім туралы және кейіпкердің қандай
ерекшелігі бар екенін бірден аңғарады.
-
Мәтінге байланысты сұрақтың
тапсырмасын мұқият оқып, оқушыдан не сұрап тұрғанын жете түсініп
алу керек. Кейбір берілген тапсырмалар бірнеше сұрақтан тұрғандай
көрінеді. Бұл оқушының зейініне, ойына күдік тудырудың жолы.
Сондықтан оқушы әр тапсырманы зерделеп түсінуі өте
маңызды.
-
Мәтінге байланысты берілген
тапсырманың жауап нұсқаларын міндетті түрде қарап шығу. Кейде
оқушыларда жауап нұсқаларын оқып отырғанда асығыстықпен барлық
нұсқаларды оқымай, ұқсас берілген жауапты белгілеп қою қателері
кездеседі. Себебі жауап нұсқаларының біреуінде жауап тұрғандай
көрінеді, ал келесі жауап нұсқасы тапсырма сұрағына одан да анық
жауап беруі мүмкін. Сондықтан оқушы міндетті түрде жауап нұсқаларын
толық оқуы керек. Бұл қателік көбіне мәтін тақырып анықтауда немесе
негізгі ойды табуда кездесетін сұрақтардан
кездеседі.
-
Сұрақтарды оқушы ыңғайыңа
қарай емес, сұрақта не сұрап тұрғанына тұжырым жасау қажет.
Оқушыларға мәтіннің негізгі ойын түсіну маңызды емес, оқушы сұрақта
не жайлы сұралғаны маңызды екенін естен шығармауы керек. Себебі
сұралған нәрселер мәтінде айтылған ой болып
табылады.
-
Оқушы көлемді берілген
тапсырмалардан қорықпауы керек. Себебі сұрақтың көлемі немесе
ұзақтығы тапсырманың күрделі екенін дәлелі емес. Көлемді
тапсырмаларда көбінесе оқиға беріледі, сондықтан оқушы оқиғаны көз
алдына елестету арқылы жауапты шешуде қиналмауы әбден
мүмкін.
-
Берілетін мәтіннің негізгі,
кілтті ойы әдетте соңғы сөйлемдерде кездеседі. Сондықтан оқушы
мәтінді мұқият оқи отырып, соңғы ойға баса назар аударуы керек.
Егер уақыт аз қалатын болса, негізгі ойды соңғы сөйлемдерден
іздегені дұрыс болады. Себебі кез келген тақырыптың шешуші ойы
қорытынды бөлімде тұрады.
-
Мәтінмен жұмыс істегенде оқушы
берілген уақытта тапсырмаларды орындауға дағдылануы керек. Себебі
бір мәтінді түсіне алмай, уақытын зая кетіріп алатын жағдайлар жиі
кездеседі. Сондықтан оқушы мәтінмен жұмыс істегенде зейінін тек
тапсырма орындауға, сұрақты түсіне оқып, дұрыс жауапты табуға
арнауы керек. Кейбір кездерде үлгерімі жақсы оқушылардың өздері де
уақытты дұрыс пайдалана алмағандықтан, тапсырмаларды толық орындай
алмайтын жайттарды байқап жүрміз.
Қорыта айтқанда, мұғалім
оқушыға осы мәтін сұрақтарын шешуде ұсынылып отырған жолдарды
түсіндіріп, тәжірибиеде қолдануға дағдыландыратын болса, оқушы
мәтінмен жұмыстағы қиындықтарды шеше
алады.
Мәтінді түсініп оқу,
тапсырмаларын дұрыс орындау – оқу сауаттылығының бастамасы мен
негізі деп толықтай айта аламын.
Әдебиеттер
тізімі
-
Оқушылардың функционалдық
сауаттылығын қалыптастырудың тиімді әдістері.
Даулетова Н.А., Атырау, 2019
жыл
-
Оқушылардың оқу сауаттылығын
арттырудағы мәтін сұрақтарын шешудің тиімді
жолдары. Сытышев Е. 2017
жыл