Мен – балаға тәрбие негізін
қалаушы тұлғамын
«Жас бала – жас бір шыбық,
жас күнде
қай түрде иіп тастасаң,
есейгенде сол
иілген күйінде қатып
қалмақ»
М.Жұмабаев
«Ел есінде бір жыл қалғың
келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың
келсе – бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Жалпы қазақ халқының
тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие екендігі мәлім. Бала шыр етіп
дүние есігін ашқан сәттен бастап, оның бойында бірте-бірте ұлттық
рух, қазақи қарым-қатынас, өшпес өнеге қалыптаса бастайды. Тәрбие
алуды сәби ана құрсағынан бастаса, әрі қарай «балабақша» атты білім
теңізінің кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру аса маңызға
ие. Менің мамандығым –мектепке дейінгі ұйымның тәрбиешісі. Кәсіп
таңдауда қателеспеу – әр тұлға үшін жауапты іс. «Жол таңдауда
жалтаңдауға болмайды» дегендей, мен әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз
еліміздің ертеңі боларлық бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын
таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше ауыртпалығы мен жауаптылығы
қырық атанға жүк боларлық осы кәсіпті таңдау арқылы қоғамдық дамуға
өлшеусіз үлес қосатыныма бек сенемін.
Әрбір бала біз үшін меруертке
тең. Тастардың ішіндегі арнайы өңдеуді қажет етпейтін тас. Әрбір
меруерт бірегей және бірден-бір сәнді бұйым, тірі табиғат
жаратылысынан туған. Бұл табиғаттың ең тылсым жаратылысы. Әр бала
балабақшаға келгенде, өз үйіндегідей жылулықты сезініп, өзін еркін
ұстап, балабақшаны өзінің екінші үйіндей санаса ол тәрбиешінің зор
еңбегі. Мен жаһандану теңізіне желкенін жайған мемлекетіміздің
ертеңгі алға бастайтын мықты ескегі болатын балабақша
бүлдіршіндерін тәрбиелеумен оқу-білім қайнарымен сусындататын
осынау абыройлы мамандығымды мақтан тұтамын. Біз мектепке дейінгі
мекеме тәрбиешілері, тәуелсіз татулығы жарасқан байтақ мекеннің
болашағы үшін құстың қанатындай су болса да көмегімізді тигізе
аламыз деген мақтаныш кеудемді кернейді.
Қазағымның болашағы, келешек
келбеті мен тәрбиелеген бүлдіршіндердің тәрбиесіне қосар үлесіміз
толассыз болғай. Рухани адамдығымыздың өнегесі шексіз, тұлғамыз
асқақ, өн бойымыз тазалыққа тұнып тұрса, өмірден алар орнымыз
ерекше деп түсінемін. Бала тәрбиесімен айналысатын әрбір педагогтің
алға қойған мақсат-міндеті мен педагогикалық ұстанымы болуы керек.
Менің өмірдегі ұстанымым-жүрек қалауымен таңдаған жұмысыма
жауапкершілікпен қарау. Тәрбиеші болу жай ғана мамандық емес.
Ол-адам бағдарын жасаушы, келешек ұрпақтың сәулетшісі. Бүлдіршінді
күлімдеп қарсы алып, бар өнеріңді үйретіп бақытты етсең өз ұлтыңды,
адамзат баласын бақытты ету жолында тер төккенің. Тәрбиенің тал
бесігі балабақшадағы тәрбиеленушімен өткізген әрбір сәтің қызықты.
Бала – көз қуанышың. Бала – ел байлығы, қоғам бақыты. Баланың
балабақшадан жақсы тәлім-тәрбие алғанын қалаймын, аянбай сол үшін
де еңбек етемін. Еркіндікке жол беремін. Баланың еркін сезінуі оның
бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баламен ойнасаң дүние
сырының кілті іздемей-ақ табылады, өз атын еркін айтады, бала
жүрегінен орын аласың. Бала тәрбиесінде заманауи технологияларды
қолдануда белсенділік пен шығармашылық ізденіс дамиды. Баланың
білімге деген құлшынысын арттырасың. Дамыта оқыту, жеке бағдарлы
оқыту, проблемалап оқыту, денсаулық сақтау технологиясымен жүргізер
жұмысың баланы оқыту мен тәрбиелеудегі жүйелі атқарылатын жұмыс
кешені болып табылады. Тәрбиеленуші бүлдіршінді күннің шұғыласына,
судың тұнықтығына, жаңбырдың мөлдір тамшысына, айдың нұрына, желдің
самал лебіне, жайқалған әсем гүлдерге және кемпірқосақтың
алуан-алуан түстеріне теңеймін, шын ниетім, себебі жетер
жетістігімде баланың арқасы. Бұл сөздің астарында тәрбиеші
мамандығының үлкен жауапкершілік иесі екендігі айқындап тұр. Бала
тәрбиесі, оның ішіндегі балабақшадағы сәбилерді тәрбиелеу үлкен
мәртебе. Ақын М.Жұмабаев айтқандай. «Тәрбие-адам баласын кәміл
жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша азық беріп өсіру» - деген
екен. Сондықтан біз балаларымыздың болашағына, тәрбиесіне жауапты
жандармыз. Шын жүрекпен қалаған кәсіп пен таза тер төгілген еңбек
арқылы өмірлік абырой-беделді, қоғам алдыңдағы сый - құрметке ие
болуға болады. Бір мезетте алдындағы жиырма –жиырма бес балаға
қарау, көңіл бөлу, олармен тілдесу тек сырт көзге ғана оңай жұмыс.
Тәрбиешілер елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеуші. Өйткені, жас
ұрпаққа қазыналы да бай ана тілі – қазақ тілін анасынан кейінгі
сіңірушісі, үйретушісі. Тіл арқылы бала бойына ұлттық
құндылықтарды, дәстүр мен салтты, ұлтымызға тән ізгіліктерді, жалпы
адамзатқа ортақ өркениеттік ұстанымдар дариды. «Баланы ең әуелі
мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы
ғылымға, еңбекке баулы» деген ұлы Абай атамыз. Олай болса
әріптестер жас ұрпаққа мейірім шапағатпен , еңбекке баулу мен қоса
Отанға деген, Ана тілге деген, жас ұрпаққа деген махаббатын нығайта
отырып, оларға тура бағыт бағдар беру біздің тікелей міндетіміз
болып табылады.
Адам баласының өмірінде болуға
тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауыңмен таңдаған
кәсіп-мамандығыңа деген салиқалы ынтызарлық әрі ыстық ықылас дер
едім. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің
мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың
ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек.
Бір сөзбен айтқанда, өмірдің мәні адал әрі мағыналы, жемісті әрі
нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түйсіне алған әр адам биікке
бастар жолдың қадірін салмақтай біледі. Қалаған ісіңе ғашықтық
пейілмен қарай білсең, өмірден өз орныңды тапқандығың! Мұндай
философиялық қағида бағзыдан қалыптасқан жоғары адагершіліктік
ұғымдармен астасып жатыр. Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам
дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен.
Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп
еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Бұл жолда үлкен ізденіс,
парасат қажет. «Кәсібің – нәсібің» дейді қазақ даналығы. Шын
жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана және жемісті еңбек арқылы
өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдыңдағы құрметіңді
еселей аласың. Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі
азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады. Тәуелсіз
елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса
жоғары міндет.
Тоқсан ауыз сөздің
тобықтай түйінін айтар болсам, тәрбиеші мамандығымды шексіз мақтан
тұтатынымды және осы таңдаған жауапкершілігі мол қызмет жолында бар
білімім мен тәжірибемді аямайтынымды, қалтқысыз еңбек ететінімді
айтқым келеді. Мен үшін күнделікті балабақша балалардың алаңсыз
күміс күлкісін, шаттыққа толы көңіл күйлерін көріп, балалармен
бірге ойнап күлгеннің өзі бір бақыт. Алдымызға келген балалар -
біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі - жан дегенде жалғызы, бірі
- ерке, бірі - қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын
таңшолпандай жарқыратып, жан дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп,
қой аузынан шөп алмасын ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып
тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет. Ең алдымен өзіме
осы екі асыл қасиетті серік етемін. "Білімді болуға - оқу керек.
Зейінді болуға - кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы
керектің жолында жұмыс істеу керек" деген А.Байтұрсынов саралаған
әдемі жолдардың ізімен жүріп өтсек бірлігіміз бен кәсібіміз одан
әрі жандана түсетініне сенемін.