МЕНІҢ ЕЛІМНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК
РӘМІЗДЕРІ
Ақтөбе гуманитарлық
колледжі
география және арнайы
пәндер оқытушысы, педагогика
магистрі
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік Туы жоғары көтеріліп, Гимні ойнаған кезде қазақ
спортшыларының көздеріне қуаныш жасы келетінін жиі көремін. Сондай
кезде өз жеріме, өз Отаныма, өз
халқыма деген мақтаныш сезімін басымнан өткеремін.
Бұл әрине жеңіске жетудегі
қуанышты, өз Отаныңа деген мақтанышты және біздің біртұтас
Қазақстан Республикасының азаматы екендігімізді білдіреді. Әлемдегі
кез-келген ел сияқты біздің де өз елімізді мақтан ететін
құндылықтарымыз өте көп. Оларды кең байтақ ұлы даламыз, сан
ғасырлық тарихымыз, халық арасынан шыққан ұлы тұлғалар деп
жалғастыра беруге болады. Осы тізімге
Қазақстан
Республикасының Мемлекеттік туын, Мемлекеттік елтаңбасын және
Мемлекеттік гимінін жатқызамын. Өйткені, мемлекеттік рәміздер – бұл кез
келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның
ажырағысыз атрибуттарының бірі болып табылады. Мемлекеттік
рәміздердің маңыздылығы туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш
Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің
мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі.
Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді»,-деп
атап көрсеткен болатын.
Сондықтан Қазақстан
Республикасының әрбір азаматының Мемлекеттік рәміздердің сыртқы
көрінісін білуі ғана емес, рәміздегі әрбір бейненің, әрбір сөздің
мән-мағынасын түсінуі маңызды деп есептеймін. Өйткені, авторлар
Мемлекеттік рәміздерді ұлттық тарихпен, мәдениетпен терең
байланыстыра отырып, болашаққа да бағыт-бағдар беруді мақсат етеді.
Мемлекеттік тудың авторы – суретшi Ш.Ниязбеков көк түсті
пайдаланған, себебі ежелгi түркi тiлiнде “көк” сөзi аспан деген
ұғымды бiлдiрген. Көк түс түркі халықтары үшiн қасиеттi
болып саналған. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк
түстiң мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, мемлекеттік
тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке
ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi. Ал тудың
ортасындағы шұғылалы күн - тыныштық пен байлықты, қозғалыс пен
дамуды, өсу мен өркендеудi түсіндіріп тұрғандай. Күннің астындағы
қанатын жайған қыран құс - бар нәрсенiң бастауындай, билiк,
айбындылық бейнесi және Қазақстан Республикасының еркiндiк сүйгiш
асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш ете түседі.
Мемлекеттік тудың сабының тұсына тігінен кескінделген ұлттық
өрнектер - қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда
бейнелейді.
Елтаңба – мемлекетіміздің
басты рәміздерінің бірі. Себебі, ол мемлекеттік мөрде, ақшалық
белгілерде, пошта маркаларында, мемлекеттік құжаттарда, мектепті
бітіру туралы аттестатта, жоғары немесе арнаулы оқу орнын
бітіргендігі туралы дипломда, тұлғалардың жеке басын куәландыратын
төлқұжаттарда, еңбек кітапшаларында бейнеленеді. Елтаңбада
негізінен байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символындай
алтын түс кеңінен қолданылады. Елтаңба дөңгелек нысанды – бұл Ұлы
дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің
символы. Елтаңбадағы шаңырақ - киіз үйдің басты жүйе құраушы бөлігі
- елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қонысының, біртұтас
Отанының символындай. Шаңырақты айнала тараған күн сәулесі киіз
үйдің уықтарын бейнелейді, бұл - шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі
оның барлық уықтарының сенімділігіне байланыстылығы тәрізді. Ал
шаңырақтың екі жағындағы ерте аңыздардан сыр шертетін қанатты
пырақтар молшылық әкелетін семантикалық және тарихи түп-тамыры
терең маңызды типологиялық образ болып саналады. Ерте замандағы
тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік күшті танытады.
Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және
гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады.
Елтаңбадағы жұлдыз қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен
ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген
талпынысын көрсетеді. Алтын түстес «Qazaqstan» деген жазу
елтаңбаның тек біздің елге ғана тиесілі рәміз екендігін білдіреді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі
сәулетшілер Ж.Мәлібеков пен Ш.Уәлиханов елдің тарихы мен болашағын
шебер үйлестіре бейнелеген.
Гимн ел азаматтарын тиімді
әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастыратын, этномәдени тұрғыдан
теңдестіру үшін негізгі мәнге ие әрі маңызды дыбыстық рәміз болып
саналады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік
гимні екі рет бекітілді. 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы
гимінің музыкасының авторлары М.Төлебаев, Е.Брусиловский және
Л.Хамиди болса, мәтінін жазған белгілі ақындар М.Әлімбаев,
Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев және Ж.Дәрібаева болды. Мемлекеттік
гимннің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік
гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен
танымал болған 1956 жылы Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған
Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты патриоттық әні таңдап
алынды. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев әнге
мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты
шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді.
Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен
отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету
енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік
гимнін бекітті.
Жер шарындағы әрбір елдің
мелекеттік рәміздері сол елдің тарихы мен мәдениетінен хабар беріп
тұратыны анық. Сол сияқты мен де өз елімнің Мемлекеттік
рәміздерінен өткен тарихы мен ұлттық мәдеиетін, сондай-ақ болашаққа
бағдарын оқи аламын. Тәуелсіз Қазақстан
Республикасының азаматы ретінде мемлекеттік рәміздерді білу,
қастерлеу және онымен мақтану – менің қасиетті борышым деп білемін.
Өз ойымды ҚР Тұңғыш Президенті -
Елбасы Н.Назарбаевтың «Біз Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің
қарашығындай сақтауымыз керек, қасиет тұтуымыз керек. Еліміздің
әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ерекше
құрметтеуге міндетті. Өйткені олар халқымыздың мақтанышы, біздің ең
киелі құндылықтарымыз.»,- деген сөзімен аяқтағым
келеді.