Өнер және
эстетика
Сұлулық ұғымы қазақ халқына
қашаннан етене таныс, белгілі. Суырып салма ақындар өз
шығармаларында көне дәстүрге орай асқақ, өрен ойды, халықтың
эстетикалық арман-тілегін өмірдің сан қилы әлемдік құбылысын жыр
етті. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уалиханов көркемдік байлық –
эстетиканы насихаттауда мәдениетке ерте қолы жеткен орыс халқының
прогресшіл әдебиеті мен өнерін үлгі тұтты. Халықтың ой-санасын
өсіріп, мәдениетін жетілдіретін ғылым мен өнер екенін ашып
түсіндірген, қоғамдық құбылыс пен өмір шындығын танытатын терең
мәнді ғылыми еңбектер жазды. Шоқан Уалиханов көзқарастарында
орыстың революционер-демократ жазушысы Н.Г.Чернышевскийдің «Әсемдік
дегеніміз өмір» деген тұжырым-қағидасын ұстады. Саяхатшы ғалым
өзінің туған өлкесін аралау кезінде оның әсем көркі мен сұлу
табиғатына қызығып қана қоймай, халық туғызған асқақ жырдың,
ғажайып ертегілердің, күмбезді ғимараттардың өмірлік, эстетикалық
мәнін терең түсініп, әсемдіктің әр кез халық үшін қызмет ететінін
көре білді. Халықтың идеяны қастерлеп, биік мұраттарды жырлайтын
жырау, қобызшы, әнші, күйші, ақындардың еңбегін аса жоғары
бағалады.
«Эстетика» - гректің «эстезис»
деген сөзінен алынған, ол «сезімталдық, сезіммен қабылдайтын
дарындылық» деген ұғымды береді. Тұңғыш рет «эстетика» ғылыми
термин болып, 1750 жылы неміс философы А.Баумгартеннің осы аттас
кітабына байланысты қолданылды. Алайда бұдан эстетика ғылымы
А.Баумгартеннан басталады деген ой тумайды, қайта ғылымның түп
негізі ежелгі дүне дәуірінен басталатыны мәлім.
Эстетика жайындағы неміс,
ағылшын, француз, орыс тілінде жазылған көптеген еңбектер бар.
Соның өзінде де эстетика ғылымның өзіндік ерекшеліктері туралы
айтыс осы күнге дейін ешбір толастаған жоқ. Ол айтыс Қант
философиясынан басталып, З.Фрейд, А.Бергсон, Т.Липпс, Д.Дъюлардың
теорияларында да сан рет қайталанып айтылған. Олардың көзқарасынша
«эстетикалық көзқарас ақиқатқа тән емес, субъективтік іс» деп
танылады. Сондықтан философ Т.Липпс эстетика ғылымын психологиялық
пәнге жатқызып: «Объектінің әдемілігі оның жеке өз қасиеті емес,
тек сондағы сыртқы жасыл, көк, сары түстердің санада пайда
болуынан», - дейді. Буржуазиялық идеалист философтар өздерінің
эстетика жайында жазған еңбектерінде «әсемдік пен сұлулық адам
өмірінен тыс, тәуелсіз нәрсе» дей келе, «бұл дүниеде әсемдік жоққа
тән, сондықтан оны әңгімелеудің қажеті жоқ» деп түсіндірмек
болады.
Орыстың революционер-демократ
жазушысы Д.И.Писарев «Эстетиканың күйреуі» атты еңбегінде
«Эстетика, яғни әсемдік туралы ғылым жеке адамдардың сан алуан
сезімдерінен тыс тұрған, тәуелсіз нәрсе болса, сөйтіп әркімнің
сезіміне ұнаған нәрсені әсемдік десек, онда жеке адамдардың
эстетикалық сезімін бір ортақ жүйеге келтіретін жалпы эстетика
болуы мүмкін емес», - дейді. Ал, Н.Г.Чернышевский бұл пікірге
бірден қарсы шығып: «Адамның табиғи сезімі құбылмалы емес, оның сан
алуан көңіл күйі ғана құбылып отырады. Сондықтан әсемдік сезімі
адамның көңіл күйіне байланысты емес», - деп
жазады.
Бұл аталған ғылымдар алдымен
эстетиканың ғылыми баламасын, оның зерттейтін объектісін анықтауды
басты проблема етіп қояды. Ғалым Г.Поспелов эстетиканы екі салаға
бөледі: өнердің жалпы теориясы мен философия ғылымы. Алайда ол
өнердің жалпы теориясына әсемдік, асқақтық, ерлік, комедиялық,
трагедиялық секілді эстетикалық категорияларды да талғаусыз қосып
жібереді. Сөйтіп, эстетика ғылымының дербес зерттейтін объектілерін
толық сараламайды. Г.Поспеловтың осы пікірін қостаған ғалымдар
эстетиканы көбінесе философиялық пән тұрғысынан қарайды да, оның
басты проблемалық мәселелерін ерекшелеуге
талаптанады.
К.Маркс өнер әсемдікпен тығыз
байланысты, ол адамдарға эстетикалық ләззат беріп, оны ұғындыратын
пән деп қарады. «Егер де сенің, - дейді К.Маркс, - өнерден ләззат
алғың келсе, онда сен көркемдік жағынан білімдар адам болуың
қажет».
Эстетика ғылымын бірыңғай
философиялық пән деуге келмейді, оның тек таным теориясына арналған
белгі ғана философиялық сипатқа ие. Эстетика өзіндік ғылыми
ерекшелігі бар арнаулы пән. Ол шындықты бірден-бір эстетикалық
жолмен, көркемдікпен танудың заңдылығын ашады. Осыған орай эстетика
алдымен, өнертану теориясына сүйенеді.
Қазақстанда философ
зерттеушілер эстетика ғылымымен көбірек айналысып жүр. Бірақ олар
өз еңбектерінде өнер саласына терең бойлай алмай, философиялық
категориялардың төңірегінен ұзап кетпейді. Сондай-ақ өнер
зерттеушілер де белгілі бір өнердің теориясымен ғана шұғылданады.
Эстетика маманы өнердің бір түрін ғана алып қарамай, бірнеше
өнердің басын біріктіріп, ортақ эстетикалық түсініктерді сөз етуі
қажет.
Республикамызда түрлі ғылым
салаларының өсіп-жетілуін ескерсек, бізде эстетикалық ой-пікір
атымен болған жоқ деген ойдан аулақпыз. Қазақ халқының өнертану
жолын танытатын сан алуан эстетикалық ғылыми зерттеулер
баршылық.
Халық ауыз әдебиетінен
эстетикалық ұғым мен ойды іздестіргенде, оны тек бір жыл бойынан
қарастырмай, барлық жырды тұтас қамти отырып, халық творчествосына
қатысты өнер саласын түгел қарастыру қажет. Сол халық ауыз
әдебиетіндегі әсемдік пен өнер жолына халықтың бой ұруы, қастерлеп
сүюі мен тануы – эстетикалық
қатынас делінеді.
Қазақ халқының өткен замандағы
әсемдік әлеміне көз тіксек, асқақ жыр, сұлу сырлы күй, таңғажайып
ертегі, қанатты шешендік сөз, өнер жарыстырған айтыс сияқты
халықтық мол қазынаға жолығамыз. Ел аузындағы «халық - данышпан»
деген сөздің терең мәні бар. Топтан озып, даланың ақылгөйі атанған
небір ділмәр, орақ ауызды шешендердің ғибрат сөздері хатқа
түскендей халық есінде мәңгі сақталып келген.
Эстетикалық түсінік халық ауыз
әдебиетінде қорытылған, жинақталған түрде кездеспесе де, ол үнемі
аса бір ұнамды құбылыстарға зер салып, оның мәнін түсіндіріп
отырады.
Халықтың эстетикалық талғамын
танытатын ұғымдар қарапайым түсініктерден құралады. Ұнамды, ұнамсыз
құбылыстарды, жақсы мен жаманды, көрікті мен көріксіз, ылди мен өр,
алтын мен күміс, үркер мен ай, ақ пен қызыл секілді айырмасын
ажыратып, мән-жайын ұғындырады. Оған көпшіліктің қатысын, сезімін
білдіріп отырады.
Эстетика – әдебиеттің
философиялық сыны болса, әдебиет – қоғам өмірінің айнасы. Өнер –
болмыстың көркем образды бейнесін беретін қоғамдық сананың айрықша
формасы деп білеміз. Өнердің барлық ерекшеліктері қосылып
эстетикалық мазмұн құрайды.
Эстетикалық идеяны
насихаттауда көркем өнер мен әдебиеттің рөлі
айрықша. Адамдарды биік мұраттарға,
асқақ патритоттық сезімге, шыншылдыққа көркемдікті сезінуге
баулиды. Өнер бізге үлкен эстетикалық
ләззат береді.
Өнер дегеніміз – адамның
болмысты бейнелеуінің айрықша формасы. Өнер түрлерінің ішінде
көркем әдебиет рөлі ерекше. Көркем әдебиет өнерді, өмірді кең
қамтып, оны әр қырынан көрсете алады. Ол адам өмірінің әр қилы
саласын қамтиды, адам ой-сезіміне ой жібере алады, адамның ең
күрделі, ең нәзік толқу-толғанысын түсініп, баяндап бере алады.
Болмысты жан-жақты әрі сан қырлы қамтуы, өмір өзгерістеріне жылдам,
үн қосу қабілеті өнердің өзге түрлеріне тигізетін зор ықпалы
тұрғысынан алғанда әдебиет өнердің ішінде ең бастысы болып
табылады. Әдебиеттің қоғамдық рөлін анықтайтын да оның осы
ерекшеліктері. Көркем әдебиет шығармаларының түсініктілігі жалпы
қызыға оқуын қамтамасыз етеді. Әдеби образдардың қуаты мен
тереңдігі оларды көркемдік таным мен эстетикалық тәрбиенің маңызды
құралына айналдырады. Қазір әдебиеттану ғылымында эстетикалық сын
өрістеді. Шығарманың идеялық көркемдігі ерекшеліктері эстетикалық
талғам тұрғысынан талданатын болды. Сыншылдарымыздың шындыққа
эстетикалық қатынасынан өнер туындыларының сұлулығын бағалау,
сезіну қабілеті – эстетикалық баға категориясы
қалыптастырды.