Материалдар / Оқушыларды тұлға ретінде қалыптастырудың әдістері мен технологиясы
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Оқушыларды тұлға ретінде қалыптастырудың әдістері мен технологиясы

Материал туралы қысқаша түсінік
Оқушыларды тарихи сұхбат жүргізуге баулу
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
01 Наурыз 2021
328
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады



Ибрагимова Мәрзиямен сұхбат

(1918 ж.т)


Ибрагимова Мәрзия Ырысбайқызы 1918 жылы Жамбыл облысы бұрынғы Свердловск ауданына қарасты Қостөбе ауылында дүниеге келген. Қант қызылшасын егуде 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.


Өзіңіз жөнінде айтып өтсеңіз?


Ибрагимова Мәрзия Рысбайқызы. 1918 жылы туылдым. Менің өзім өсіп-өнген жерім «Тасақыр» деп аталады. Әкемнің аты – Ырысбай, анамның аты - Айкүл. Мен негізі әкеме ұқсағанмын. Шешем сұлу кісі еді. Шешем өлең айтатын. Әпкесі де сұлу болатын, әкемнің бойы ұзын екі метр. 8 қабат үй тіксе содан аяғы шығып жататын. Менің мұрным әкеме тартқан.

Әкем 20-жылдардың соңында тәркіленіп, бай болғаны үшін тұтқындалды. Анам, інілерім, ағаларым 32 жылы ашаршылықтан опат болды. Отбасымдағы 15 баланың ішінен жалғыз аман қалыппын.

Үй жайымыз Ұзынбұлақ деген жерде болатын. Ол Тасақырдың жанында еді. Аштыққа ұрынып, отбасының берекесі кеткенде қыпшақта бір нағашым бар болатын, соның қолында өстім. Сол жерден тұрмысқа шықтым.

Анамның әкесінің аты - Сарымсақ. Ананмның анасының аты - Сара екен. Біз Мәмбеттен тараған Жаңабаймыз. Тұрмысқа шыққан жерім – Қарақожа, ақсүйектер. Анам ашаршылықтан қайтты. Ашаршылықтан бұрын шешек ауруы деген болды. Содан екі әпкем ұзатылайын деп отырған жерінен ауруға душар болып, шешектен көз жұмыпты. Әкемді кәмпескелегенде 14 жаста едім. Қырғыз бен қазақтардың екі ортасында Шұбарағаш деген жайлауымыз болатын. «Сол жаққа қызымды апарам» деп әкем, шегір деген бір ұрғашы байталды үйретті. Көзі шегір, өзі ала әдемі еді.

Әкемнің бес қойшысы, болатын, жылқы мен түйені құм жақта ұстады. Түйе демекші, әкем алты айлап, Қоқанға барып тұратын, бірде жеті түйеге артып тас кілем әкелгені бар. Сол кілемдерді де, малды да кәмпеске жылдарында алып қойды ғой. Бар болдық, бірақ қызығын көре алмадық.

Түгіміз қалмаған соң Тасақырдың ар жағында әкемнің жайлауы болатын, оның жоғарғы жағына бидай, тары, қауын екті. Ал басқасын неге екенін білмеймін, екпейтін. Кортошканы «желі бар» деп жақтырмайтынын білемін. Сосын сиырды үйдің маңына «сасық» деп жуытпайтын. Оны үш қосшыға беріп қоятын. Бар байлықтан айрылғанымызда сиыр ұстай бастадық. Бірақ сиырдың сүтінің «иісі бар» деп ішпей жылайтынмын, әрең үйрендім ғой, жарықтыққа! Сол күндерден жайлаудан көшіп келе жатқанымыз есімде қалыпты, құдайы тамақ беріп, сиынып жолға шығатынбыз. Өйткені бір құздан өтетін жалғызаяқ жол болатын.

Мен атта отырмын, ал аттың басын біреу жетектеп жүрді. Алдымда көшкен кісілер кебежеге барларын салып, түйеменен кетіп бара жатты. Әкем маған «құзға қарама, басың айналады» десе де, мен қарадым. Сөйттім де «Өлә!» деп, жылағанымда (күлді) әкем «мына қызым өзбекке барады-ау, осы», дегені бар еді. Он төрттегі кезім ғой, басымда әдемі құндыз бөрік, алтын-күміс тағынғанмын, ой, Бұқардан алдыртқан неше түрлі маталардан көйлек киюші едім.

Сонда тағы бір таңқалатыным, жайлауға шығарда қыстаудағы үйдің есігін жіппен байлап кететінбіз, оның ішіндегі кілемдерді, ыдыс-аяқ, заттарымызға ешкім тимейді. Ал жайлауға тек көрпе-көрпешелерімізді алып кететінбіз. Сөйтсем, әкем бізге қазақтың нағыз жайлауын көрсетіп кеткен екен ғой, шіркін!


Апа әкеңіз қандай адам болған еді?

Әкемнің өз жайлауы болатын дедім ғой, сол жерге бір күні қырғыздар малын

жайыпты. Ол жер көкпеңбек - теп-тегіс әдемі жер. Ия, ол жер қазір де бар, үлкендер барып демалады. Жайлауда жауын күнде жауады. Менің әкемді көпшілік «бай» дейтін, атын атамайды, әкем ұйықтап жатқан жерінен бір кісі келіп, «ой, байеке неге жатсың, қырғыздар сенің жеріңді алып қойды ғой!», - дегенде әкем ұшып тұрып, қолына шоқпарын ала сала, атқа мініп сол жаққа кетті. Ол кезде баласы, келіні бар болатын. Әкем үш күн жоқ болып кетті. Әкемді артынан іздеп жатқан ешкім жоқ. Сөйтсек қырғыздармен жалғыз өзі соғысыпты, ақырында малын алдына салып, ақ көйлегі қан-қан, беті тілім-тілім болып келді. Өзі бойы ұзын, үлкен кісі еді.


Апа, балалық шағыңыздан қалған естеліктер қызықты екен. Алайда

сол мамыражай өмірді өкінішке орай, советтік солақай саясат күл-талқан етті. Әкеңіздің өмірі отбасының да тағдырына әсер етті ғой. Ол кісіні қалай тұтқындап алып кеткені есіңізде ме?

Ойбуй, белсенділер келді ғой! Бәрі көз алдымда. Ата-анам алдын-ала

біршама қойды сатып, қам-қарекетін жасады. Теңге ауысқан жыл еді, теңгелер ұзын қаптың жартысына дейін толып қалды. Кәмпеске болады деген түні, таңға жуық қара киізге ораған алтындарымызды алып, үйден шығып кетті. Бір жерге көмейін дегені шығар. Бірақ, біз әлі күнге дейін оның қайда екенін білмейміз.

Содан не керек, қалған малды өкімет айдап әкетті. Бәрінен бұрын әкемнің Қоқаннан жеті түйеге артып әкелген кілемдерін алып кеткенде, анам байғұс қатты жылады. Сол кілемдер Жамбылда ел ішінде бар көрінеді, өйткені бірде ауруханада жатқанымда бір орта жасқа келген кісі «бізде үйде бір кілем бар, өмірі тозбайды, қара кілем» деп айтып отырды, ол тозатын кілем емес. Оны «таскілем» деп атайды. «Сонда, активтер кілемдердің барлығын өкіметке бере салмаған, өздеріне де алып қалған екен ғой», - деп ойладым.

Сонымен әкемді тұтқындағаннан кейін, одан хабар-ошарсыз қалдық. Қайда қамап қойғанын да, қашан қаза тапқанын да білмейміз.

Отбасында 15 жан едік. Әкем де, анам да, аға-апаларым да бәрі аштықтан, шешек ауруынан опат болды. Содан нағашыларым қыпшақ рулы елінде тұрушы еді, солардың қолында жүріп өстім, тұрмысқа шықтым. Жетім деп бір адам маңдайымнан шерткен жоқ. Қайта байдың қызы деп қошеметтеп, менің көңіліме қатты қарайтын. Әкем үш ағайынды кісілер еді. Мені әкемнің ортаншы інісінің әйелі, жеңгеміз бақты. 16 жасымда тұрмысқа шықтым, енем шашымды жуып беретін, тарайтын, шашым қалың еді, енем берген бір тарағым болатын, өзі берік, мен сол тарағымды әлі сақтап, ұстап жүрмін. Тұрмысқа шыққан жерім Қарақожа, ақсүйектер. Жақсы адамдарға келін болып түстім.


Әкейдің көзі барында отбасында қандай тағам даяралдыңыздар?

Ол уақытта жейтініміз қыста жент, жылқының еті, тары, тары көже күбіге құйып қоятын. Қыстың күні соны жылытып, сырлы кесеге құйып ішетінбіз. Шайды да көп ішпейтінбіз. Мен тек тұрмысқа шыққан кезімде ғана шәй іштім. Шәй ішпейтінмін.


Ата-енеңіздің қамқорлығындағы өміріңіз туралы айтыңызшы?

Ол уақытта бірін-бірі көріп, алу деген жоқ. Мен оны бір рет қана көрдім. Екі енем болды. Біреуі өз енемнің сіңлісі. Нәубет жылдарында ол отбасында да барлық балалары опат болып, жалғыз қызы қалған екен. Мені өз қыздарындай қарап, бақты. Қызы тұрмыс құрды. Ал ұлдан аман қалғаны жалғыз менің жолдасым екен. Екі анамның ортасында өстім. Үй шаруасын барлығын екі анам істеп, маған не кір жуғызбады, не тамақ істетпеді, дәл өздерінің қыздарындай мейіріммен қарады. «Байдың қызы бұл түк те білмейді» дегенді жұрттан естідім. Сол себепті, жұмысты беріліп істедім. Тұрмысқа шыққанымда біреулер мені «байдың қызы» деп сөгетін. Ал, «байдың қызы» екеніңді білсе, өкімет Социалистік Еңбек ері атағы берілмейтін. Қайран ата-енем-ай, қызындай етіп асырады.Мен тек жұмыспен айналыстым. Төрт құрсақ көтердім. Біреуінен айырылып қалдым.


Тылдағы еңбектегі бір күндік өмірді әңгімелеңізші.

Ол уақытта сағат жоқ, сондықтан уақыттың қанша екені белгісіз.

Әйтеуір күн шықпай жұмысқа барамыз, ал күн шығып кетсе, «прогул» болатынын білеміз. Мен жұмысты ғана ойлайтынмын, балама енелерім қарады (енем және енемнің сіңлісі). Қызылшаны суғарамыз, оның арам шөбін жұлып күтеміз. Аяғымызда түк жоқ, күні бойы жалаң аяқ суғарып жүретінбіз, сондықтан аяқ-қолымыз тілім-тілім боп кетеді, оған солидол жағып қоямыз. Білмеймін сөйтіп, өзіміз ем жасайтынбыз, қызылша жүйегіндегі суды лайын дәкемен сүзіп іше салушы едік. Қызылшаны күз кезінде көп суғарсаң мол өнім береді.

Қызылша піскен соң, оны қолмен қазып аламыз, қолмен машинаға салып жинаймыз. Бір жолы жалғыз өзім 4 тонналық машинаға қызылша артып, бір күнде төрт рет апарып өткізгенім бар. Қызылшаны қоймаға жеткізген соң, өзіміз түсіреміз. Сонда жалғыз өзім барамын ғой. Бір кісі «балам, абайлашы, ауырып қалмасаң болар еді», - деді. Неге ауырамын екі иығыма екі кісі мінгендей, қарулы едім. Салмағым 80 кг. Денем темірдей қатты болатын. Сөйтіп жүргенде расымен ауырып қалдым. Екі күн жаттым үйде. Сонда да қызылша ойымнан кетпейді. Әбден жұмысқа берілгенмін ғой.


Бригадиріңіз ұқыпты кісі болған ғой, сірә?

Басшы қатал болса жұмыс жақсы жүреді. Бригадиріміз болды.

Ал мен звеновой болдым. Бригадирлердің кейбіреуі дұрыс, ал кейбіреуі бұзық болады. Жағдайына үңілмей жатып, «жұмысқа неге шықпайсың?», - деп қол жұмсайтындары да болған. Бірақ мен ондай адамдарға жолыққан емеспін. Звено еңбекшілері жақсы адамдардан тұрды. Олар бригадирге қарағанда мені мойындайтын. Мен тексеріп барған кезде әр қызылшашы әр жақта ғой, мені алыстан көрісімен демалып отырғандары болса, атып тұрып, жұмысына кірісетін. Мені олар сыйлайтын.


Жұмысты барынша беріліп істеуіңіздің сыры неде?

Ойбой ол кездегі өкімет тым қатал еді. Колхоз мүшелері біреуі қалмай

жұмыс істеуі тиіс болды. Бастығымыз атпен жүріп қызылшаны аралап жүретін. Сонда бір жеріне су жетпей тұрса, ескерту алатынбыз.

Соғыс жылдарында ашаршылыққа ұрынған адамдар болды. Құмшекерден «пәтке» деген қоймалжың зат болатын, біз оған улы қоспаны араластырып, қызылшаны көбелектен қорғау үшін пайдаланатынбыз. Сонда түнде аш адамдар келіп, оның улы екенін түсінбей тілмен жалап қоятын. Содан олардың көбісі өліп қалды ғой.


Мәрзия Рысбайқызы Социалистік Еңбек Ері атағын алу оңай емес, советтік қатал өкіметті қалай мойындаттыңыз?

Бір күні Алматыдан қызылша өнімін алудың зерттеуші тобы келді. Жалпы 4 звеноға 4 гектардан жер бөлінетін. Біз 3 бригада болдық. Қаладан келген зерттеуші қыз бір гектар жерден 800 ц қызылша береді деген болатын. Өзі қазақша сөйлейді. Айтқаны дәл келді. Ал, бірақ мен 4 гектардың әр гектарынан 820 центнерден бердім. Ол қыз маған қызылшаңыз жақсы екен деп баға беріп кетті. Мен күзде қызылшаларыма жіп байлап қоям, бір жетіде қызылшалардың толғаны соншалықты жаңағы жіп ішіне қарай кіріп кететін. Міне осындай еңбегімнің арасында «герой» атағын берді.


Қыстың күні қандай жұмыс істедіңіздер?

Қыстың күні кімнің күлі бар, аттың қиы бар соған таласатынбыз, біз

оны қызылшаның топырағына апарып төгіп, тыңайтқыш ретінде қолданатынбыз. Қызылшаға себетін екі дәрі бар, оның бірі құрт-құмырсқадан сақтану үшін, екіншісі қызылшаның тамырын өсіру үшін. Соларды сеуіп суғарып жүрдік.

Сосын қыста солдатша ойнататын. «Противогазды» қолдануды

үйрететін. Мына жақта «Шөлдала» деген жер бар, жер астынан су шықпайды. Сол жерді қаздырады. Жылқыбаев деген кісі бізге солдат өнерін үйрететін. Бір ағаш үй бар еді, соған жұмыстан қашқандарды қамап қоятын. Жерді қазып алынған топырақты бір дөңгелекті арбаға салып, екінші бір жерге апарып төгетінбіз. Бұл окоп қазуды үйрету еді. Сол даярлықтан өткен соң, бізді комсомол қатарына қабылдады.


Бұл даярлық курсының оқу кестесі қалай құрылды?

Қыста ойнатады. Жазда жұмыс көп қой. Жұмыстан босаған кезде суық қар үстінде тұрып, әскери даярлықтан өтетінбіз. Әскери адамдарша өлең айтқызатын.


Соғыс кезінде алым-салықтың түрлері көбейді, оны қалай өтеп

тұрдыңыздар?

Колхоз бойынша кедей болсаң да, орташа болсаң да оған қарамайды,

мәселен 40 кило май, 40 кило ет бересің дейді. Ең соңында, қиналып кеткен соң, қалған бір алашаны сатып ет алдық, жалғыз сиырдың сүтін өзіміз ішпей майын шығарып әйтеуір салынған салықтың көлеміне жеткізіп беріп отырдық. Ауыл бойынша жиналған азық-түлікті Оразбай деген кісі алып кететін, ол әйелдерге жүн әкеліп таратып, одан қолғап, шұлық, жылы киімдер тоқытатын. Оразбай соғысқа қатысып, аман-есен оралған кісі еді.


Өмірдегі қиын сәттер жөнінде не айтар едіңіз??

Кәмпеске жылдары жерді ұра қылып қазып, бидайды көміп тастаған екен ата-анам. Ауылдың белсенділері соған дейін іздеп тауып, тіпті, күбіге салып қойған бидайды да тауып, алып қойды. Елді тінтіп, алатынын алып, көрсетпегенді көрсетті. Ол енді жас кезімдегі көрген қиындықтарым, ал енді соғыс уақытындағыны айтсам, ол уақытта да ауыр болды.

Соғыс кезінде тамақ жок, киім жоқ. Қыз-келіншіектер марліден көйлек тігіп киетін. Сол жалғыз көйлекті бір жеті сарыға, бір жеті көкке, бір жеті жасылға бояймыз. Көп көйлегі бар екен деп ойласын деп, сол бір көйлек өзі. Дариға екеуміз бір жылы келін болып түскенбіз. Атағымыз болғаннан ба Жаңабай қыздары деп бізді айтты ғой.

Менің Мәмбет атам әулие кісі болды. Ол тумаған әйелдерге дұға оқып, батасын берсе, әйел балалы болады екен. Келген әйелдерді үй сыртынан қабылдайды екен. Екі ортада өз әйелі хабарын жеткзіп тұратын көрінеді. Бірде, бір әйел келгенде «ары қарап тұрсын, менің бетіме қарамасын, мен өз айтатынымды айтамын», - депті. «Ал енді артыңа бұрылмай кете бер бір ұл, бір қыз табасың», - дегенде, ол қарап қойса керек. Содан қап, енді екеу емес, бір ғана балалы боласың деген екен. Ол рас болып шығыпты. Біз сондай қасиетті кісілерден тарағанбыз. Бұл қасиет менде де бар.

Ал енді өзім бірде, тәуіпке бардым атпен. Барсам, үйінде келіні босанып жатқан екен, мені тумаған әйелсің деп кіргізбей қойды. Ол менің жүрегіме тастай тиді. Жауын қатты жауып тұрған еді. Өмірі ондай сөз естімегенмін, үйге жеткенше жылап келдім. Мәмбет атама сиынып, әбден шағымдандым. Тура екі –үш күннен кейін менің түсіме кірді. «Неге сонша маған жалындың, - деді, -. қазақша шапан киген адам тұр екен. Мен босағада тұрғандаймын. Мен сізді танымаймын, ата десем, ол: - менін атым Мәмбет, - деді. - Неге сонша жыладың, алақаныңды ешкімге жазба, - деді. Ақ жүрсең өмір бойы жаманшылық көрмейсің, - деп айтты да, жоқ болып кетті». Содан кейін бір есікті ашып алақан жайған емеспім. Сол кісінің сөзін ұстап қалдым ғой. Арақ-шарап та ішпеймін. Бір жолы әртіс Күләш Бәйсейітова біздің ауылға келді. Сондай әдемі, әні де жүрекке жетеді.


Звеновой болу жауапты жұмыс, оны қалай атқардыңыз?


Қызылшада жүргенде наклодной деген болады. Біреуі қант зауытында, біреуі конторда, біреуі өз қолымда тұрады. Соның бәрін сандыққа жинай бердім. Адамның досымен бірге дұшпаны да болады. Тексеру болғанда сол үш құжат бір біріне сәйкес келуі керек. Менікі 820 дан берсем, Дариға біреудікін қосқан 1000-нан деп беріп жіберіпті. Өзін де, бастығын да 20 жылға соттады. Дариға үш жыл, бастығы 4 жыл отырып келді, бастығы ауырып келіп ауылда қайтыс болды. Дариға геройлығын қайта алды. Қайтадан звено болып жұмыс істеді.

Мәрзия апай Сталин туралы сіздің пікіріңіз қандай?

Сталин өлді деген хабарды естігенде, жұмысты тоқтатып қойып,

жыладық қой. Бірақ сонда өзіміз де білмейміз, не үшін жылағанымызды.


Соғыстан оралғандарды ауыл болып алдынан күтіп алушы ма

едіңіздер?

Олар келгенде жылап-сықтап, қарсы алушы едік, кейіннен соғыстан

«не алып келіпті?» дегенді шығарды ғой, мына ел. Бірақ, расында бір кісі Германияда көп жүріп қайтқан болу керек, сапасы жоғары көп маталар, шапандар, т.б заттар әкелген болатын.


Соғыстан оралған мүгедек жандар көп болды ма?

Ия. Қолынан, аяғынан айрылғандар көп болды ғой. Сондай жағдайда

жүректі ауыртатын өлеңдер де шыққан. Аяқ-қолы жоқ адамның «құшағыма ала алмадым» деген арманды сөздері бар т.б.с.с. Ал кейде біреулерге қара қағазды қателесіп жеткізіп жататын, оларға тіпті ас беріп құран оқытып та қойғандары болған. Кейіннен күткен адамы оралып, айран-асыр қуанғандарды да көрдік.


Апа жолдасыңыздың соғыстан келген сәті туралы есте

қалғандарды айтып бере аласыз ба?

Жұмыс басында жүргенімде «жолда келе жатырмын», - деген хат

алдым. Жалғыз ешкіміз бар еді, соны сойып, елге құдайы тамақ тараттық. Менімен бірге істейтін бір бойжеткен қыз жүгіріп келді, мойнымдағы қызыл маржан моншағымды шешіп алды да, «аға келе жатыр екен, сүйіншіге осыны бер», - деп алып қойды. Сондай әдемі еді, бірақ бердім. Жолдасым келген соң қалған бір лағымызды сойдық.


Жолдасыңызды қай жерде қарсы алдыңыздар?

Өзі үйге кіріп келді. Соғыстан келген соң жаңа үй саламыз деп

отырғанбыз. Ал бұрынғы үйімізді қарашайлар отбасына бердік. Сосын «аткөшінік» (малдары тәркіленіп, басқа өңірге еріксіз жер аударылған, кейін оларға өз туған жеріне оралуға рұқсат берілген. «Аткөшінік» орыстың «откочевник» сөзінен шыққан болу керек-М.З.) дегендер келді. Сөйтсек, өзіміздің қазақтар екен. Одан кейін біздің ауылға немістің кіп-кішкентай балаларын әкелді. Оларды колхоздарға бөлді, осындағы кейбір отбасылары өз қамқорлығына алып, асырап бақты. Кейін сол неміс балалары қазақ жастарымен бас қосып отбасын құрды.

Майдангер азаматтардың ішінде неміс қызына үйленіп келгендері де болды. Қазір сол Германиядан келген неміс әйелдің он баласы бар. Қазақша сөйлейді, жақсы әйел. Бүгінде 90-нан асып қалды, бірақ менен кіші.


Жастарға қандай тілек айтасыз?

Жастар біздің көргенімізді көрмесін, осы ауыртпалықтардың бәрін

өзімізбен алып кетейік. Сендер де біз сияқты еңбекқор болыңдар!


Мәрзия апай әңгімеңіз үшін үлкен рахмет, бақытты өмірде ұзақ

жасаңыз!


Сұхбатты жүргізген Мырзатаева Забира.

Тараз қаласы, 2015 ж.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!