Материалдар / Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру

Материал туралы қысқаша түсінік
Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығы дегеніміз – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Пәндік білімдеріне, ептіліктеріне және дағдыларына сүйене отырып, оқу пәндері арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту үдерісі ойлау дағдыларын қалыптастыру және дамыту құралдарына тапсырма түрінде берілген пәндік БЕД жатады, ал ұйымдастыру формасына проблемалық жағдайлар жатады.
Авторы:
03 Сәуір 2024
371
5 рет жүктелген
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру

Ерназар Шынар Қаржаубайқызы

82 «Дарын» мамандандырылған лицейі, директордың бастауыш сыныптар бойынша оқу ісі жөніндегі орынбасары, педагог-зрттеуші

Дана халқымыздың «Біліксіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа» - деген өсиетінің өзектілігі күннен күнге өсе түсуде. Елімізде жүріп жатқан білім саясаты әлемдік білім кеңістігімен ықпалдасуға бағдарланған. Әлемдік білім кеңістігінен жалпы білім берудің басымдылық мақсаты - өзгермелі білім жағдайына тез бейімделетін, өз жолын дұрыс таңдай білетін, оң шешім қабылдай алатын тұлға даярлау. Осы негізде Үкіметтің 25 маусым 2012 жылы №832 қаулысымен бекітілген «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға арналған ұлттық іс - қимыл жоспары» қабылданды. Ұлттық жоспардың мақсаты – Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау болып белгіленген.
Қоғамның дамуына байланысты сауаттылық ұғымының мәні тарихи тұрғыдан өзгерген, тұлғаға қойылатын талаптарда оқу, жазу, санай білу қабілеттерінен гөрі белгілі бір қоғамда өмір сүруге қажетті білім мен біліктердің жиынтығын игеру, яғни функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, меңгерту көзделеді. Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым - қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым - қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым - қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Қазіргі тез құбылмалы әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналуда.

Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын тексерудегі халықаралық бағалау зерттемелерінің бірі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының  (ЭЫДҰ)  қолдауымен өткізілетін 15 жастағы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасы (PISA)  болып табылады. PISA 15 жастағы жасөспірімдердің  мектепте алған білімдерін, іскерлігімен дағдыларына даму іс-әрекеттердің әртүрлі салаларында, сондай-ақ тұлға аралық қарым-қатынас пен әлеуметтік қатынастарда өмірлік міндеттерді шешу үшін пайдалана алу қабілеттерін бағалайды. PISA зерттеулері қазіргі уақытта әлемде мектептік білім берудің тиімділігін салыстырмалы бағалаудың әмбебап құралы ретінде қарастырылады.

PISA шеңберіндегі тестілеу барысында функционалдық сауаттылықтың  үш саласы бағаланады: оқудағы сауаттылық, математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық. Зерттеу үш жылда бір рет жүргізіледі. 2009 жылы Қазақстан PISA зерттеуіне бірінші рет қатысты. Нәтижелер мыналарды дәлелдеді: 1) қандай да бір күрделі оқу мәтіндерін дәл пайдаланып, олардың көмегімен күнделікті жағдайларда бағдар алуға әзір қазақстандық оқушылардың үлесі – оқу сауаттылығын зерттеуге қатысушылар санының 5%-ын құрайды (ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш -28,6%); 2) нақты бір жағдай үшін нақты модельдермен тиімді жұмыс жасауға, әртүрлі тапсырмаларды дамыту мен кіріктіруге әзір қазақстандық оқушылардың үлесі – математикалық сауаттылықты зерттеуге  қатысушылар санының 4,2%-ын құрайды (ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш -16% қатысушы); 3) жаратылыстану ғылымдарының рөлі туралы қорытынды жасауды талап ететін тиімді жұмыс жасауға, әртүрлі жаратылыстану пәндерінен түсініктемелерді таңдауға және біріктіруге, осы түсініктерді өмірлік жағдаяттарға тікелей қолдануға дайын қазақстандық оқушылардың үлесі – жаратылыстану ғылыми сауаттылығын зерттеуге қатысушылар санының  3,6%-ын құрайды (ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш -20,5%). Бұл ретте TIMSS зерттеулерінде қазақстандық оқушылар жоғары нәтижелер көрсетуде. Осылайша, Қазақстанның  PISA мен TIMSS-қа қатысу нәтижесі республикадағы жалпы білім беретін мектептер педагогтарының мықты пәндік білім беретіндігін, бірақ оны нақты өмірдегі жағдайларда пайдалануға үйретпейтіндігін көрсетеді. Сондықтан оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту білім саласындағы өзекті мәселелердің бірі.

Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығы дегеніміз – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Пәндік білімдеріне, ептіліктеріне және дағдыларына сүйене отырып, оқу пәндері арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту үдерісі ойлау дағдыларын қалыптастыру және дамыту құралдарына тапсырма түрінде берілген пәндік БЕД жатады, ал ұйымдастыру формасына проблемалық жағдайлар жатады. Осыған байланысты, ойлау дағдыларының өзі БЕД –лардың құзыреттілікке көшуінің құралы ретінде қызмет атқарады, яғни функционалдық сауаттылығы қызмет етеді. Оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде бастауыш сыныптардан бастап оқушылардың

  • оқу, жазу сауаттылығын,

  • жаратылыстану ғылымындағы сауаттылығын,

  • математикалық сауаттылығын;

  • компьютерлік сауаттылығын;

  • денсаулық мәселесіндегі сауаттылықты;

  • құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған арнайы жұмыс арқылы оң нәтижелерге қол жеткізуге болады.

«Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер» - деген екен Жүсіпбек Аймауытов. Сондықтан қазіргі таңда оқушыларға саналы тәрбие мен сапалы білім беру ісін жаңа талап тұрғысынан өзгертіп, оқыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыруға міндеттіміз. Тұлға құзіреттілігін дамыту үшін, яғни бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын арттыруда  жаңа инновациялық әдіс – тәсілдердің ең тиімдісін пайдалану жоғарғы нәтиже берері анық.

Функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың тиімді интербелсенді әдістері:

1. Мән беріп оқыту технологиясы

2. Күнделік әдісі

3. Диалогтік оқыту

4. Сұрақ-жауап әдісі

5. Ойын түрлері

6. Блум жүйесі т.б.

Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың психологиялық және педагогикалық негіздеріне сай олардың жас ерекшеліктері ескерілуі тиіс.

Сабақта функционалдық сауаттылықты қалыптастыруда мұғалім оқушының назарын аудару үшін сабақ барысында әр түрлі тақырыптық, пән аралық байланыс орнатып, қызықты әңгімелерді сахналық көрініс ретінде де түрлендіріп өткізген дұрыс. Және сұрақ-жауап, талдау, жинақтау, ажырату, айтқан ойды мысалдармен дәлелдеу, сөздікпен жұмыс, проблемалық мәселелерге жауап беру, шағын шығармашылық жұмыстарды орындату, бір-бірінің жұмыстарына баға беру, өзіндік пікір білдіруі, шағын зерттеу жұмысын жасатып, қорғауын жүйелі жүргізген жағдайда, оқушы өз бетімен жұмыс істеуге тез үйренеді.

Мысал ретінде, «Мән беріп оқыту технологиясы» бойынша оқулықтан үш автордың ұқсас мәтіні алынады. Мәтіндегі кейіпкерлерді табу, іс – әрекетін талдау, іс – әрекеттің нәтижесін шығаруға және мәтіннің негізгі түйінді ойын табуға тапсырма беріледі. Осы үш мәтінді негізге ала отырып, оқушы ортақ қорытынды жазады.

Блум жүйесі бойынша 3-сыныпта әдебиеттік оқуда Ы.Алтынсариннің «Өнер білім бар жұрттар» шығармасын талдауда «Балық сүйегі» әдісін қолдануға болады.



Оқу тапсырмасы

Білу

Ы. Алтынсарин туралы не білеміз.

Өнер-білімсіз өмір қалай болар еді? Өнер-білім меңгерсек өмір қалай болмақ? деп проблемалық сұрақ туындатып, өлеңмен танысу.

Түсіну

Сарай не арба сөздеріне сипаттаманы балық сүйегіне жазыңыз.

Қолдану

Қазіргі уақыттағы көлік түрлерін балық сүйегіне жазыңыз.

Талдау

«Айшылық алыс жерлер», «көзді ашып жұмғанша» тіркестерімен сөйлем құраңыз

Жинақтау

Өнер, білім жайлы мақал жазыңыз

Бағалау

Өлеңді қазіргі өмірмен салыстырып, дәлелдеңіз.

Shape3 Shape2 Shape1

Shape4

Shape5 Shape7 Shape6



Функционалдық сауаттылықты қалыптастыруда «Күнделік» әдісінің де маңызы зор. Бұл әдіс бойынша кез келген оқыған мәтінінің өзіне ұнаған тұстарын, ой салар сөздерін «Түртіп алу» стратегиясымен күнделігіне жазып отырады. Және жалпы өздеріне ұнаған мақал-мәтелдерді, афоризмдерді, шешендік сөздерді де жазып алып жүруге баулу керек. Осы ретте шығармашылыққа жақын кейбір оқушылар сол дәптерге әңгіме, мақала, пікір жазып үйренуге мүмкіндік туады. Кез келеген мәтінді оқып, талдау барысында осы мәтінді қандай мақал-мәтелмен немесе қанатты сөзбен түйіндер едіңіз деп ой тастау арқылы, оқушының мәтін мазмұнын, негізгі ойын қаншалықты меңгергенін анықтауға болады. 1-сыныптарда дайын мақал-мәтелдер ұсынып, соның ішінен мәнін мазмұнына сәйкес дұрыс нұсқасын табуға баулысақ, 2-3 сыныптарда мәтін мазмұнына сай мақал-мәтел, қанатты сөзбен қорытындылатып, ал 4-сыныпта мәтінге сай мақал-мәтел, қанатты сөзді қолдана отырып, өзіндік ойын, қорытынды жазуды қалыптастыру керек. Сонда оқушыны кез келген жағдайға өзіндік баға беріп, дұрыс қорытынды жасап, шешім қабылдауға бейімдейміз. Осы ретпен

1-сыныптардан бастап үнемі мәтінді талдап, қорытындылауда жүйелі жұмыс жүргізілсе, мысалы 3-сынып оқушысы әдебиеттік оқуда «Төле бидің тапқырлығы» мәтінін талдауда «Бала-адамның бауыр еті» деген мақалмен қорытынды жасаса, ал 4-сынып оқушысы «Бала-адамның бауыр еті» дегендей, туған ананың қашан да өз баласының амандығын тілеп, баласы үшін қандай қиындыққа да шыдайтынын, ең жақын, ең асыл жан екенін білдік. Сондықтан ана- өмірдегі ең асылымыз, қамқоршымыз, анамызды әр кез бағалап, құрметтеуіміз керек» деген сияқты немесе «Ана баласы үшін барлық қиындыққа шыдайды, әр анаға өз баласынан артық ешкім жоқ, біз үшін де ана - ең асылымыз» деп өзіндік қорытынды жасауға үйренеді.

Сол сияқты математика, жаратылыстану пәндерінен де функционалдық сауаттылықты дамыту үшін ең бастысы әр баланың талдау, синтез, салыстыру, жалпылау, жіктеу, қорытындылау, жүйелеу, теріске шығару, шектеу сияқты логикалық әдістердің көмегімен ойлау қабілетін дамыту керек. Бастауыш  сыныпта функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға логикалық  деңгейіне сәйкес тапсырмалар көмектеседі.

Логикалық  тапсырмалардың қадамдары:

  1. Деңгей – білім.Тізім жасаңыз, ерекшелеңіз, айтыңыз, көрсетіңіз, атаңыз

  2. Деңгей – түсіну. Түсіндіріңіз, белгілерді анықтаңыз, басқаша тұжырымдаңыз

  3. Деңгей – қолдану. Қолдану, бейнелеу, шешу

  4. Деңгей – талдау. Айырмашылықтарды талдау, тексеру, эксперимент, жүйелеу, салыстыру, анықтау

  5. Деңгей – синтез. Құрыңыз, дизайн ойлап табыңыз, жоспар құрыңыз (қайта айту)

  6. Деңгей – бағалау. Аргументтерді келтіріңіз, көзқарасыңызды қорғаңыз, дәлелдеңіз, болжаңыз.

Мысалы «Ақша» тақырыбын өткенде топқа алма бәлішін пісіру үшін қолдағы бар азғантай ақшаға қажетті заттарды алуға тапсырма береміз. Бұл тапсырманы рөлдік ойын ретінде сыныпта жүргізуге болады. Мақсаты: оқушылар қажетті заттарды ғана алуы және нақты мөлшерге сай ақшаны дұрыс жұмсай алуы тиіс. Олар топта талқылап, берілген уақытта өз нұсқаларын ұсынып, дәлелдейді. Берілген ақшаға қажетті заттар толық және нақты мөлшерде алынғаны ескеріледі. Соңында топтардың жұмысы талқыланып, қорытындыланып, бағаланады.

Ал жаратылыстану пәнінен мысалы «Дұрыс тамақтану» тақырыбында дұрыс тамақтануды біліп қана қоймақ, күнделікті өмірде сол қағиданы қалай сақтайтындарын дәлелдейді.

Оқу процесінде жүйелі жүргізілген әдістер соңында оқушының іс-әрекеті критериалды бағаланып, рефлексия жүргізілсе, мұғалімнің жұмысының нәтижесі де, оқушының даму деңгейі де бірден көрінеді және олардың функционалды сауатты болып дамитындығы сөзсіз. Аталған әдістерде оқушылар төмендегідей білім, білік, дағды, машықтарға үйренеді:

- терең ойлану, жеке рефлексиялық қабілеттерді дамыту;

- өз идеялары мен әрекеттерін талдау және оларға баға беру;

- ақпаратты өздігімен түсініп, жан-жақты талдап, таңдап алу;

- өздігімен жаңа түсінік пен білім құрастыру;

- пікірталастарға қатысып, өз ойы мен пікірін дәлелдеу;

- шешім қабылдау және қиын мәселелерді шешу.

Қорыта келе,бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Осы ретте сабақты дұрыс жүргізе білудің маңызы зор. Педагогтың шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастырып сабақ өтуі - бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Жоғары деңгейде сабақ беретін оқытушының алдынан шыққан оқушы – өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. «Қыран - түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз - шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды»,- дегендей, ұстаз - қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншылықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан болашақ тізгінін ұстайтын ұрпақтың функционалды сауатты болуын әркез назарда ұстап, жүйелі жұмыс жасауда баршаңызға сәттілік тілеймін.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы №832 Қаулысы.

2. Акатова Т.И. Языковая функциональная грамотность и языковая культура студентов: Психолого-педагогический аспект Текст.: монография / Т.И.Акатова. М. ИТК «Дашков и К», 2006. -237 с.

3. Жұмағұлов Б.Т. Елбасы назары – оқушылардың фуекционалды сауаттылығында. // Президент және халық. 5 қазан. 2012 ж. №37

4. TIMSS халықаралық зерттеуі. Әдістемелік құрал. Ұлттық білім беру және бағалау орталығы. Астана 2013.

5. PISA халықаралық зерттеуі. Әдістемелік құрал. Ұлттық білім беру және бағалау орталығы. Астана 2013.





Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!