Материалдар / ОТБАСЫ- БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

ОТБАСЫ- БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Материал туралы қысқаша түсінік
Баланың жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Сол себепті де отбасы - адамзат баласының түп қазығы, алтын ұясы деп бекер айтылмаған. Бала тәрбиесiнде отбасының алатын орны ерекшелігі туралы баяндалады.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
12 Қаңтар 2022
633
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ОТБАСЫ- БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ


«Қостанай қаласының мектеп-бақша гимназия» мекемесі

Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Молдагулова Ш.И.


Сіз ұлыңызды немесе қызыңызды тек өзіңіздің ата-аналық қуанышыңыз үшін ғана тәрбиелеп жатқан жоқсыз. Сіздің отбасыңызда және сіздің басшылығыңызда болашақ азамат, болашақ қайраткер және болашақ күрескер өсіп келеді.

А.С. Макаренко


Баланың жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Сол себепті де отбасы - адамзат баласының түп қазығы, алтын ұясы деп бекер айтылмаған. Бала тәрбиесiнде отбасының алатын орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенiң қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негiзгi қызметі баланы өмiрге келтiру ғана емес, оның бойына көне заманнан келе жатқан ұлттық тәрбиенің тағылымдары мен аға ұрпақтың тәжiрибесiн сiңiру, қоғамға пайдалы жеке тұлға етiп тәрбиелеу болып табылады. Ата-ананың өз борышын мүлтiксiз орындауы – үлкен тәрбие мектебi. Осылайша, адамға тән рухани-адамгершілік сапа-қасиеттерді қалыптастырып, дамытудың негізі ең алдымен отбасында қаланады. Ал, отбасындағы тәрбие бесік жырынан бастау алады. Осыған орай ұлы жазушы М. Әуезов «Халқым ел болам десең, бесігіңді түзе» деп айтып кеткендей, отбасындағы тәрбиенің бесік жырынан нәр алуының маңызы айрықша. Ата-ана баласына ертегі, аңыз, әңгіме, жыр-дастандарды айту арқылы, оның ойлау, қиялдау, тыңдай білушілік пен армандау қабілетін ұштайды.

Жас ұрпақ өкілдеріне отбасында тәрбие беруде ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбиенің, халықтық педагогиканың маңызы орасан. Халықтық педагогиканың негізінде ұлттық сана-сезімді, ар-ожданды, ұлтжандылықты, отансүйгіштікті, қоғамдағы ережелер мен ұстанымдарды, ұлттық рухты ұрпақ жадына тоқыту әрекеті жүзеге асырылады. Осыған орай белгілі педагог-ғалым К. Оразбекова «Иман және инабат» еңбегінде: «Халық педагогикасының негізгі көздер мақсаты - бай тарихи тәжірибеге сүйене отырып, келер ұрпақты еңбекке, өнер-білім машықтарын меңгеруге, отбасы, ауыл-аймақтың, елдің ар-намысын қорғауға тағы басқа ізгі қасиеттерге баулу, яғни, адамның белсенді бет-бағдарын қалыптастыру», - деген тұжырым жасайды [1].

Сонымен, халықтық педагогиканың тәлім-тәрбиелік негізі ретінде - ата-ананы, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, жағдайы төмен адамдарға қайыр қылу, әдептілік, парасаттылық, адалдық, шыншылдық, тектілік сияқты және т.б. қасиеттер кең байтақ өлкемізде ғасырлар бойы буыннан буынға жалғасын табуда.

Осылайша, бала мінез-құлқының негізін қалыптастыруда, оның бойына рухани-адамгершілік сезімін, инабаттылық, әділеттілік, шыншылдық тәрізді адамдық абзал қасиеттерді егуде отбасы ең алғашқы және басты рөлді атқарады. Нақ осы жағымды қасиеттерді жас ұрпақтың бойына дарыту ең алдымен отбасындағы тәрбие арқылы жүзеге асатыны белгілі. Осымен байланысты «Тәрбие -табалдырықтан басталады» деген нақылдың өзі өмірден алынған шындық.

Отбасында ата-анасы және өзге де отбасы мүшелері баланың тәлімді де тәрбиелі болып өсуіне ерекше назар аударатыны анық. Осы тұрғыдан алғанда баланың бойына жас кезінен ұлттық сана-сезім мен рухани-адамгершілік құндылықтардың негізін орнықтырудың маңызы өте зор. Себебі бала жасынан қалыптасқан мінез, тәлім-тәрбие, қарым-қатынас қағидалары көбінесе есейгенде де сақталынады. Сондықтан әр адам өзінің ар-намысын, қадір-қасиетін жоғары ұстап, өзін-өзі тәрбиелей білуі керек. Өзін-өзі тәрбиелеуге әр адамның жақсы қасиет пен талғамға үйренуінің негізінде өз бойындағы бағалы адамгершілік қасиеттерін жетілдіруі жатады.

Міне, осылайша, өскелең ұрпақтың жадына тәрбие қағидаларын дарыту отбасында ең алдымен ата-анасының ыстық махаббаты мен мейірімінен, шынайы қамқорлығынан басталады. Яғни, адамға, қоршаған ортаға, Отанға деген қымбат қасиет бала жүрегінде отбасы, ошақ қасында бүршік атып, бұтағын жаяды. Сондықтан да мұны «Отан - отбасынан басталады» деп түйіндейді халық даналығы. Жас балдырғандарға адамгершілік пен борыштың, арлылық пен намыстың мәнін жете ұғындырудың маңызы зор. Өйткені борышқа деген саналы көзқарасы қалыптасқан, ар-намысы берік жас ұрпақ ғана кейін өзінің Отан алдындағы, халық алдындағы парызын адал орындап, адамзат бақыты мен ел игілігі үшін қызмет ететіні сөзсіз. Біздің міндетіміз-отбасындағы әрбір баланың жадына «Қазақстан – менің Отаным» деген қастерлі сезімді егу болып табылады.

Отбасының жеке тұлғаның әлеуметтік тұрғыда қалыптасуындағы орны мен рөлі жайында кеңестік педагогика ғылымы саласында әртүрлі пікірлер орын алғаны белгілі. Көрнекті педагог А.С.Макаренко: «Жақсы да, жаман да семьялар болады. Семья ойдағыдай тәрбиелейді деп кепіл болуға болмайды. Семья қалай тәрбиелесе, солай тәрбиелесін деп біз айта алмаймыз. Семьялық тәрбиені біз ұйымдастыруға тиіспіз және мемлекеттік тәрбиенің өкілі ретінде бастапқы ұйымдастырушы мектеп болуға тиісті. Семьяларға мектеп басшылық етуге тиісті»,-деп өскелең ұрпақты қалыптастыру ісінде отбасына қарағанда мектеп жетекшілік рөл атқаруы керек деген ұйғарымды ұсынды [2].

Ал, педагог-ғалым В.А.Сухомлинский: «Мектеп, семьяны, әсіресе шешені толық дәрежеде алмастыра алмайды... Мектеп пен ата-ананың міндеті - әр балаға бақыт беру. Бақыт алуан қырлы. Ол – адамның өз қабілетін ашып, еңбекті сүйіп, онда жасампаз бола білуінде де және қоршаған дүниенің әсемдігінен ләззат алып, басқалар үшін әсемдік жасауында да, басқа адамды сүйіп, өзі де біреудің сүйіктісі болып балаларды нағыз адам етіп өсіре білуінде. Тек ата-аналармен бірлесіп ортақ күш-жігер жұмсағанда ғана мұғалімдер балаларға зор адамдық бақыт бере алады», - деп тек отбасымен бірлескенде ғана мектеп ізгі қабілет-қасиеттері бойында тоғысқан жеке тұлғаны тәрбиелей алады деген тұжырымға келді [3].

Демек, жас ұрпаққа мектеп, ата-ана және әлеуметтік ортаның өзара сабақтаса отырып, мақсатты түрде рухани-адамгершілік тәрбие беруді ұйымдастыруының маңызы зор. Себебі ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады»,- деген қанатты сөзі, отбасы, мектеп, қоғам үшеуінің дұрыс берген тәрбиесінің жемісі болмақты меңзейді [4].

Бала сонымен қатар отбасында дау-жанжалдың қалай туындайтынын және оны шешу жолдарын, бағынуды немесе қарсы тұруды, өзара келісімге келуде адамгершілік қасиеттерді ұстануды және т.б. әрекеттерді басынан өткізеді. Назар аударарлығы, отбасындағы үстемдік етуші қарым-қатынастың сипаты дербес өмір құруға қадам басушы жеке тұлғаның болашақтағы мінез-құлқында зор маңызға ие, мәселен, келісілген істі орындауға қабілетінің болуы, өз көзқарасына қарсы пікірлерді талқылай алу мүмкіндігі, агрессивтік мінез көрсету немесе көрсетпеу тәрізді ерекшеліктерді қалыптастырады деп атап көрсетеді поляк ғалымы Е. Вятр [5].

Міне, осылайша рухани-адамгершілік құндылықтар мен ұстанымдар жайлы отбасында қалыптасқан көзқарас пен көңіл-күй көп жағдайда баланың есінде өмір бойына сақталынады. Сонымен бірге, өсе келе оның мінез-құлқында көрініс тауып, өмірлік ұстанатын бағытына айналады.

Демек, отбасы - адам өмірінде, оны жеке тұлға ретінде қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Ата-ана мен отбасының өзге мүшелері баланың жас және жеке-дара ерекшеліктерін ескере отырып, рухани-адамгершілік тәрбие берудің формалары мен әдістерін нақты жүзеге асыра білуі тиіс. Қоғамда рухани-адамгершілік тәрбие беру үдерісінде ұлттық және әлемдік деңгейдегі құндылықтарды өзара байланыстыра отырып, жеке тұлғаның бойындағы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырып, дамытудың мәні зор. Себебі адамгершілік - адамның рухани арқауы.

Бала әрқашан ата-ана тәрбиесін көріп өсуі керек, ал отбасы-ата-ана мен бала-шағаның құт мекені, қазақ үшін киелі саналатын қара шаңырақ, ізгілік пен мейірімділік шуағын шашар ұя деп есептеймін. Отбасындағы кез келген адамның жақсы болмағы-оның жеке басының қасиеттеріне байланысты. Қарап отырсақ, өткенсіз болашақ жоқ, кешегісіз келешек жоқ. Бүгінгі ұрпақты бұрынғы заманнан жинақталған ата-бабаларымыздың мол мұрасымен сусындату-біздің міндетіміз [7].

Сондықтан, ұлды батыр, қызды әдепті етіп тәрбиелеуде бабаларымыздың өнеге-өсиетін ойда ұстап, білгенімізді сабақ барысында да ұтымды пайдаланған жөн деп ойлаймын. Әке-шеше жақсы болса, балалары да жақсы тәрбие алып өседі.

Өнегесі мол отбасы тәрбиесіне ештеңе тең келмейді. Әр ата-ана өз баласын еліне, халқына шын берілген, халқын, салтын құрметтей алатын, дені сау білімді, еңбек сүйгіш, жан-жақты азамат етіп тәрбиелеуді борышым дем деп есептеуі керек.

Қай қоғамда өмір сүрмейік, бала-ол біздің болашағымыз, жарқын күндеріміз. Сондықтан болашағымызды қазіргі сәттен жақсы тәрбиелесек, ертеңгі күнімізге сеніммен қадам басуға болады деп нық айта аламыз.


Әдебиеттер

1. Оразбекова К.А. Ұлттық психология мен халық тәрбиесі болашақтың бастауы хақында. – А.: Дәуір, 2000. – 29, 152 б.

2. Макаренко А.С. Коммунистік тәрбие туралы. – А.: Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогика баспасы, 1960.

3. Сухомлинский В.А. Балаға жүрек жылуы. - А.: Мектеп, 1976. - 105, 29-бб.

4. Абай. Қара сөз, поэмалар. - Алматы Ел, 1993. – 36-б.

5. Вятр Е. Социология политических отношений.-М.: Прогресс, 1979.- С.376.

6. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы // Айқын, 2009. - 7 наурыз.

7. Тәрбие құралы. Республикалық ғылыми-педагогикалық журнал, №6 -2003.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!