Қали Жантілеуов – батыстан шыққан біртуар
күйші.
Халқымыздың музыкалық
қазынасында сары алтындай сандалкер күйлері жүздеп саналады. Оларды
хатқа түсіретін нота мәдениеті жоқ болса да, сыры мен сымбатын
жоғалтпай, қайта ажарлана, әрлене түсіп “қолдан-қолға” көшіп,
атадан мирас боп қала берді. ХVІІІ ғасырда қазақтың аспаптық
музыкасын жоғарғы деңгейге көтерген күйшілер Байжұма, Баламайсан,
Есжан, Ұзақ болса, ХІХ ғасырда күйшілік өнердің одан әрі өрістеп
дамуына Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Сейтек, Дина сияқты күйшілік
өнердегі ірі тұлғалар елеулі үлес қосты. Жасампаз сазгерлердің
үлгілерін әрі қарай дамытқан замандық күйшілеріміз солардың
шәкірттерінің қолынан күй алғандар, әрі сол күйлерді тарту
барысында өз орындаушылық мектептерін де қалыптастырған
домбырашылар еді. Олардың ішінде қазақ музыкасын дүние жүзіне
паш еткен қазіргі Академиялық Құрманғазы оркестрінің іргетасын
қаласқан біртуар домбырашы, күйші - Қали
Жантілеуов.
Батыс Қазақстанның аспаптық
музыкасы, дәстүрлі домбыра тарту өнері – қазақ мәдениетінің ең бір
шұрайлы жетістігі, дүниежүзілік өнердің асыл қазынасына қосылған
тамаша үлес. Қазақтың күй өнері – адамның жан сыры, ішкі
тынысы, жан толғағы-бабы, ішкі әлемінің сыртқа шыққан назы мен
сазы. Домбыраның күмбірлеген үні дәл
бір ғарыш әлемінің тылсым сырын ұқтырғандай
тыңдаушысын кеңістік әлеміне жетектеп, терең философиялық мұңға
бөктіріп күйге бөлейді.
ХХ ғасырдың көрнекті дәстүрлі
музыканты, домбырашы, халық аспаптары оркестрінің әртісі,
Республиканың халық әртісі Қали Жантілеуов 1902 жылы облысымыздың
қазіргі Жаңақала ауданының 10-шы ауылында - «Қамыссамарда» /бұрынғы
Бөкей ордасы, Қисық қамыста/ дүниеге келген. Кедей шаруаның баласы
5 жасынан музыкаға әуестенді. Үлкен шешесінің тәрбиесі арқылы
табиғи музыкаға деген құмарлығының арқасында, әкесінің жасап берген
домбырасымен 9 жасынан бастап күйшілік өнермен шұғылданады. Алғашқы
ұстазы Алабастың Қалиынан бірнеше күйлер үйреніп, қосымша молданың
да алдын көрген. Осы кезде Нұртаза деген домбырашы нағашысы Қалиға
«Көңіл ашар», «Кеңес», түрікпен күйлерін үйретеді. Кейін,
Құрманғазының шәкірттері Мәмен, Толғанбай, Жұматай сынды шебер
күйшілерден «Терісқақпай», «Ақбай», «17 жыл», «Бабамайсан» (немесе
«Дүние ғапыл») секілді ірі күйлерді ойнауды меңгерген. Қали
Жантілеуов домбырамен қатар, ән де салған екен. 1925 жылдан бастап
ауылдық кеңеске мүше болып, 1929 жылдан колхозға кіреді. Солай
болда тұра өз кеңесін берушілерге қарамастан домбырасын қолынан
тастамайды.
1934 жылы 14 маусымда Алматыға
халық өнерінің Республикалық слетіне қатысуға Қали да келеді,
осыдан оның өнердегі жаңа кезеңі басталады.
Слетте
Қали 1-орынды жеңіп алады да халық аспаптары оркестріне қызметке
қалдырылады. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижеры Ахмет
Қуанұлы Жұбановтың ең білікті көмекшісіне айналады. Содан ұзақ
жылдар бойы Қали Жантілеуов оркестр домбырашыларының
концертмейстері болады. Қазақ музыка өнерін дамытудағы
сіңірген үздік еңбегі үшін 1942 жылы республикаға еңбек сіңірген
әртіс, 1954 жылы Қазақ КСР-інің халық әртісі деген құрметті атақтар
берілді.
Қали орындаушылық шеберлікті
жас домбырашыларға жалықпай үйретіп, күй өнерінің қыры-сырына
төзімділікпен баули білді. Алматы консерваториясының халық
аспаптары кафедрасы ашылғанда Қали Жантілеуов домбыра класы бойынша
ұстаздыққа шақырылады. 30 жылдан аса әйгілі Құрманғазы оркестірінің
темірқазық жұлдызыболған, дарабоз домбырашы, саңлақ күйші, ұлағатты
ұзтаз Қали Жантілеуов Қазақстанның төрт бұрышынан жиналған
домбырашылардың ұстазы. Жастарды музыкалық мамандыққа баулудаға
тынымсыз ұстаздық ісі жоғары бағаланып, 1958 жылы «Құрмет белгісі»
орденімен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ал, КСРО
Мәдениет Министрлігінің 1964 жылы берген аттестациялық куәлігінде
Қ.Жантілеуов класынан дәріс алған домбырашылардың дәрежесі жоғары
бағаланған. Дәріс алған шәкірттері Шамғон Қажығалиев пен Фуат
Мансуров бүгінде елге танымал дирижерлар. Өзінің асқан шеберлік
күйшілік дәстүрін ол Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров, Шәміл
Әбілтаев, Тұяқберді Шәмелов, Абдулхамит Райымбергенов сынды
күйшілерге аманат етіп қалдырып кетті. Танымал дирежер Нұрғиса
Тілендиев Қали Жантілеуовты өмір бойы өзінің туған әкесіндей
көргенін айтып өткен.
Қалидың орындаушылығының
ауқымы кең, өзіндік бір ерек сипаты бар айрықша түрі бөлек өнер.
Қали Дәулеткерей күйлерін
орындаушылардың маңдай алды бірегейі. Халықтың кәсіби
композиторының философиялық тереңдікке толы психологиялық беймаза
сәтін мазмұнды күйге бөлейтін дәстүрлі домбыраның күмбірлеген
күйімен жеткізуге келгенде Қалидан ешкім артылмас. Оның
орындауындағы “Жігер” күйі А. Затаевичтің айтуы бойынша - бұл музыка терең
тұңғиыққа малынған пафосты, қуатты мағыналы саз - әлі күнге дейін
домбыра мүмкіндігінің шынайы шыңы болып қалады. Құрманғазы мен Дина
күйлерін олардың өздері тартқан түпнұсқаға жақын етіп бүкіл күй
рухына беріле, кейбір иірімдерді айшықты асқан шеберлікпен
орындауымен ерекшеленеді. «Біздің Қалес (Қали) болмаса
Құрманғазының «Адайы» да, Құрекеңнің өзі де болмас еді...
Құрманғазыны бізге, біздің бүгінгі ұрпаққа табыс еткен Қалеске мың
да бір рахмет»- деп А.Жұбанов Қали Жантілеуовтың ұлт өнері мен
ұрпағы үшін жасаған игі ісіне баға берген
еді.