Материалдар / Қан жүйесін зерттеу
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Қан жүйесін зерттеу

Материал туралы қысқаша түсінік
Қанның жалпы клиникалық биохимиялық анализі, қанның физикалық қасиетін анықтау, талақты зерттеу
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
08 Қараша 2024
84
0 рет жүктелген
450 ₸
Бүгін алсаңыз
+23 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +23 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады


Қан жүйесін зерттеу


Қан жүйесіне сүйек кемігі, көк бауыр (талақ), лимфа бездері және қан кіреді

Клиникалық зерттеуде кілегей қабықтардың түсіне, тұяқтың жылтырлығына, сүйектері мен жүніне назар аударады.

Әртүрлі анемияларда тері мен қабықтар бозарса, геморрагиялық диатездерде қанталаған дақтар пайда болады. Лимфа түйіндерінің үлкеюі лимфалейкозда, лимфагранулематозда, лимфосаркомада байқалады.


Қанның жалпы клиникалық және биохимиялық анализі

Қанның жалпы клиникалық және биохимиялық анализін жүргізу үшін қан, оның сары суы мен плазмасын пайдаланады. Қанның өзін зерттегенде оның клеткаларын, гемоглобинді, ЭТЖ-н, қанның ұю мерзімін, гематокриттік шаманы, қанттың, кетон денелерінің, мыстың, мырыштың, кобальттың, селеннің және т.б. болуын зерттейді. Қанның сары суында жалпы белокты, оның фракцияларын, мочевинаны, билирубинді, кальций, фосфор, магний, каротин, витаминдерді, ферменттерді және т.б. анықтайды.

Қан плазмасында резервті сілтілікті, натрий, калий, кальций, фосфор, магний, каротин, кейбір витаминдерді және т.б. тексереді (қосымша 13,16,17-кестелер, түрлі-түсті қосымша).

Морфологиялық анализге перифериялық капиллярлық қанды, ал биохимиялық анализге – веналық қанды алады.

Қанды мүйізді ірі қарада, қой мен ешкіде мойындырық, венасынан, шошқада – құлақ венасынан, краниальды қуыс венадан және көздің медиальды қиығындағы тамырлардан, латеральды тері асты венасынан, тауықта – айдары мен сырғалығынан, қанат астындағы иық венасынан алуға болады.

Күйіс қайыратын малдардан қанды азанғы уақытта, азықтандырғаннан кейін 4 сағаттан соң, ал басқа малдарда азықтандырудан бұрын алады.

Қан, немесе қан плазмасын алатын пробиркаға алдын ала антикоагулянт (қанның ұюын тоқтататын зат) құйылады, 10 – 15 мл қанға есептегенде 2 – 3 тамшы гепариннің 1% - дық ертіндісінің, 15 – 20 тамшы этилендиамин тетрасірке қышқылының 10% - қ ерітіндісінің, 15-20 мг лимон қышқылды натрийдің немесе қымыздық қышқылды натрийдің біреуін алуға болады.

Бұл заттарды шамадан тыс көп құюға болмайды, себебі олардың концентрациясының жоғарылауы қанның құрамын өзгертіп, гемолизге дейін апаруы мүмкін. Егер қан плазмасынан резервтік сілтілік анықтайтын болса, онда пробиркаға 0,5 мл вазелин майы құйылады.

Қанның плазмасын алу үшін антикоагулянт құйылған қанды центрифугада минутына 2000 – 3000 айналыммен 20 – 30 минут айналдырып, қанның формалы элементтері шөккеннен кейін мөлдір сұйықтық – плазманы басқа пробиркаға сорғызып алып, құяды.

Қанның сары суын алу үшін пробиркадағы қанды жылы жерге 15 – 20 минутқа, сонан соң салқын жерге қояды, немесе термостатқа 37 – 38 0С – де 1 – 2 сағатқа қоюға да болады. Термостатқа қоймас бұрын пробирканың қабырғасына ұйыған қанды жіңішке сыммен айналдырып қырады. Бөлінген сары суды ұйындыдан мұқият сорғызып алып, центрифуга пробиркаларына құяды да, 20 – 30 минут айналдырады (минутына 2000 – 3000 айналым)

Алынған қан, плазма мен сары су тоңазытқышта сақталады.

Қанның жалпы анализіне эритроциттерді, лейкоциттерді санау, гемоглобинді, гематокритті анықтау, эритроциттердің тұну жылдамдығын (ЭТЖ), қанның ұю мерзімін анықтау кіреді( түрлі-түсті қосымша).


Қанның физикалық қасиеттерін анықтау

Қанның салыстырмалы тығыздығын Гаммершлагтың, Мухинның, Филиппстің ареометрлік әдістерімен немесе пикнометрлік әдіспен зерттейді. Филиппс әдісі (мыс сульфатының әртүрлі салыстырмалы тығыздықтағы ерітіндісін қолдану) оңай, әрі қарапайым болып есептеледі.

Дені сау малдардың қанының салыстырмалы тығыздығы (г/см3) мүйізді ірі қарада 1,047-1,055, қойда 1,042-1,052, жылқыда 1,045-1,055, түйеде 1,048-1,055, шошқада 1,042-1,060, итте 1,044-1,056 шамасында болады.

Салыстырмалы тығыздықтың көтерілуі қан қойылғанда, қызбада, экссудат, транссудат түзілгенде, нефритте, күйіктерде байқалады. Ал салыстырмалы тығыздықтың төмендеуі анемияда, гемолиздік сары ауруда, кахексияда, гидремияда анықталады.

Қанның ұю жылдамдығын анықтау үшін Ли мен Уайт (4 қан құйылған пробирканы су моншасында 37 0С –де қыздыру), Мас және Марго (парафин жағылған сағат шынысы, вазелин майының тамшысымен), Бюркер (ойығы бар төсеніш шыныға су мен қан тамшысы, 25 0С су моншасы) әдістері қолданылады. Орта есеппен дені сау мүйізді ірі қараның қаны 5-6, қойда 8-10, шошқада 10-15, итте 8-10, жылқыда 8-10, тауықта 1,5-2 минутта ұйиды. Қанның ұю жылдамдығына оның физикалық, химиялық қасиеттерінен басқа сыртқы орта температурасы, зерттеу әдісі әсер етеді.

Қанның ұю жылдамдығының жеделдеуі миоглобинурияда, қансырағанда, өкпенің фибринозды қабынуында болса, бәсеңдеуі – геморрагиялық диатездерде, анемияларда, нефритте, скорбутта болады.

Гемофилияда, сібір жарасында, тұншыққанда қан өте нашар ұйыса, инфекциялық анемияда, пироплазмидоздарда тіпті ұйымайды.

Қанның тұтқырлығын анықтауға Детерман мен Тесстің вискозиметрлерін немесе сталагмометрлерді қолдануға болады.

Қанның тұтқырлығы ірі қарада 4,2-5,2, жылқыда 3,9-5,0, қойда 4,2-5,0, ешкіде 5,0-6,0, түйеде 4,3-5,0, шошқада 4,8-6,2, итте 4,8-5,5, мысықта 4,0-5,0, тауықта 4,5-5,5 аралығында болады.

Қанның тұтқырлығы қанның формалық элементтерінің санына, көлеміне, гемоглобиннің, көмірқышқылының мөлшеріне, плазмадағы тұздардың, белоктар мен белок фракцияларының концентрацияларына байланысты.

Қан тұтқырлығы пенвмонияда, плевритте, перитонитте, жүрек декомпенсациясында, лейкозда, қан қоюланғанда жоғарыласа, анемияда төмендейді.

Қан ұйындысының ретракциясын анықтау.

Қанды тұндырғанда сары суының өз бетінше қан ұйындысынан ажырауы ретракция деп аталады. Ретракцияға сыртқы орта температурасы, қан құйылған ыдыстың формасы мен орналасуы, мал денесінің қызуы, қандағы кальций, фибрин, тромбоциттердің, т.б. мөлшері әсер етеді. Қан ұйындысының ретракциясын анықтау үшін қанды пробиркаға құйып, 37 0С-де термостатқа қояды. Бөлінген сары судың мөлшерінің алынған қан көлеміне қатынасы ретракция индексі деп аталады.

Дені сау малдың қанында, қан ұйындысының түзіліп, жартылай сары суының бөлінуі 1-3 сағатқа, ал толық ретракциясы 12-18 сағатқа созылады.

Ретракцияның төмендеуі, немесе болмауы лейкозда, экссудатты плевритте, стахиботритоксикозда болады.

Дені сау малдың қанында қалыптасқан (жетілген) эритроциттер, лейкоциттер, тромбоциттер болады (қан клеткалары-сызба). Қанда жетілмеген, аралық клеткалардың пайда болуы (ретикулоцит, миелоцит, плазмобласт, лимфобласт және т.б.) қан түзудің патологиясын білдіреді.

Эритроциттер – майда қан клеткалары. Сүт қоректілердің эритроциттері ядросыз екі жақты ойыс диск түріндегі клеткалар. Ал құстар мен төменгі омыртқалылардың эритроциттері эллипс пішінді, ядролы болады.

Эритроциттер ауа алмасуына қатысуымен қатар қышқылды-сілтілік тепе-теңдікті сақтауға қатысады, ұлпаларға амин қышқылдарын, липидтерді тасымалдап, токсиндерді тартып алады, біршама ферменттік процестерге қатысады. Эритроциттердің өмір сүру ұзақтығы 110-130 күн, олардың бұзылуы (гемолизі) талақтың (көк бауырдың), өкпенің, лимфа түйіндерінің макрофагында өтеді.

Эритроциттерді есептеу үшін есептеу камерасы мен микроскоптан басқа арнайы эритрогемометрлерді, фотоэлектроколориметрлерді, кондуктометриялық есептегіштерді қолдануға болады (қосымша, 6-кесте,түрлі-түсті қосымша).

Қанның құрамында эритроциттердің мөлшерінің қалыпты көрсеткішінен ауытқуы эритроцитопения және эритроцитоз болып бөлінеді.

Эритроцитопения (эритропения, олигоцитемия) – эритроциттердің мөлшерінің азаюы – алиментарлық анемияларда, гемолиздік улармен уланғанда, ұзақ созылған интоксикацияларда (іріңді, сепсистік процестер), көп мөлшерде қан жоғалтқанда, пироплазмидоздарда, қатерлі ісіктерде, сәуле ауруында, лейкоздың клиникалық сатысында кездеседі.

Эритроцитоз (полицитемия, полиглобулия) – қандағы эритроциттердің санының көбеюі – мал қатты терлегенде, іші өткенде, транссудат пен экссудат түзілгенде, өкпенің созылмалы альвеолярлық эмфиземасында, жүрек декомпенсациясында болады.

Тромбоциттер – қанның сопақша, не дөңгелек пішінді майда клеткалары. Олардың қандағы мөлшері азайғанда қанның ұю қабілеті де төмендейді.

Тромбоциттердің өмір сүру ұзақтығы 5-8 күн, олар көбінесе талақта ыдырайды.

Қандағы тромбоциттердің санының азаюы тромбоцитопения, ал көбеюі тромбоцитоз деп аталады (қосымша, 7-кесте).

Тромбоцитопения – геморрагиялық диатезде, анемияларда, А-гиповитаминозда, сәуле ауруында, пироплазмозда және т.б. ауруларда кездеседі.

Тромбоцитоз салыстырмалы түрде алғанда сиректеу кездеседі, ол қан қоюланғанда, өкпе, плевра қабынғанда, күйікте, асфиксияда, саркомада, миелолейкозда анықталады.

Қан лейкоциттері базофильдер, эозинофильдер, таяқша ядролы, бөлік ядролы нейтрофильдаер, лимфоциттер және моноциттер болып бөлінеді.

Базофильдер – құрамында гепарин болатындықтан қабыну аймағында қан мен лимфаның ұюын болдырмайды, сонымен қатар, әлсіз деңгейде фагоцитарлық қасиеті бар. Құрамында тотықтыру ферменттері бар, май алмасу процестеріне қатысады.

Эозинофильдер белсенді фагоцитозға қабілетті, антигендік қасиеті бар. Белок ыдырау өнімдерін тасымалдайды, аллергиялық реакцияларда артық гистаминді бейтараптандырады. Бұл клеткалар сонымен қатар, ұлпалардың регенерациясына және тотығу процестеріне атсалысады.

Нейтрофильдер белсенді фермент түзушілер болып есептеледі. Олар оксидаза, пероксидаза, каталаза, трипсин, амилаза, фосфатаза, диастаза, липаза және т.б. ферменттерді түзіп, белок алмасу процесіне қатысады.

Нейтрофильдер өз бетінше қозғала алатындықтан, некроз бен қабыну аймақтарына бара алады, фагоцитозға қабілетті, ұлпалардың регенерациясын жақсартады.

Лейкоциттердің бұл түрлері – базофильдер, эозинофильдер, нейтрофильдер жалпылама гранулоциттер деп аталады, олардың өмір сүру ұзақтығы 9-13 күн. Лейкоциттердің бұлардан басқа түрлеріне моноциттер мен лимфоциттер жатады. Оларды агранулоциттер деп атайды.

Моноциттер – амебалық қозғалысқа қабілетті, ең белсенді фагоциттер. Құрамында протеолизистік ферменттері бар, иммун денелерін өндіруге қатысады.

Қан лимфоциттері Т-лимфоциттер және В-лимфоциттер болып бөлінеді. Лимфоциттер организмде гуморальдік (В-лимфоциттер) және ұлпалық (Т- лимфоциттер) иммунитетті қалыптастырады, фагоциттік қасиеттерімен қоса қан сары суының гамма-глобулинін түзеді. Лимфоциттердің құрамында көптеген ферменттер (липаза, катепсин, лизоцим, амилаза, т.б.) болады. Сүйектің қызыл кемігіне қандай қан клеткалары керек екендігі жөнінде сигнал береді, ішектік азық қорытуға қатысып, липидтерді тасымалдайды.

Қандағы лейкоциттердің санының көбеюі - лейкоцитоз, ал азаюы - лейкопения деп аталады (қосымша, 6-кесте).

Лейкоцитоз физиологиялық, медикаментоздық және патологиялық болып бөлінеді.

Физиологиялық лейкоцитоз буаздықта (туарының алдында және туғаннан кейін біршама уақыт), жаңа туылған төлдерде, азық қабылдағаннан кейін, ауыр жұмыстан соң болады.

Медикаментозды лейкоцитоз малға парентеральдық жолмен белоктық препараттарды, вакциналарды, сары суларды, адреналинді, эфир майларын, т.б. енгізгеннен кейін байқалады.

Патологиялық лейкоцитоз көптеген жіті инфекциялық ауруларда, қабыну процестерінде, лейкозда, уремияларда, пироплазмидоздарда, т.б. анықталады.

Лейкопения (лейкоцитопения) вирустық ауруларда, бұзау паратифінде, сәуле ауруында, стахиботриотоксикозда, организмнің қорғаныс қабілеті төмендегенде, және т.б. жағдайларда кездеседі. Сол сияқты, лейкоцитопения ұзақ уақыт сульфаниламидтерді, синтомицинді, левомицетинді, амидопиринді, сынап, күшәла препараттарын көп мөлшерде енгізуден де болады.

Лейкоциттік формула, немесе лейкограмма қандағы әртүрлі лейкоциттердің лейкопайыздық қатынасын сипаттайды. Лейкограмманы тек бұзылмаған тұтас клеткаларды санап, шығарады (қосымша, 8-кесте).

Лейкоциттердің кейбір түрлерінің көбейіп, не азаюы, жетілмеген түрлерінің болуы организмдегі патологиялық процестен хабар береді.

Базофилия – базофильдердің санының көбеюі, созылмалы миелолейкозда, қалқанша бездің гипофунциясында болады.

Эозинофилия – эозинофильдердің көбеюі – инвазиялық ауруларда, қатерлі ісіктерде, күйікте, үсікте, созылмалы миелолейкозда, лимфогранулематозда кездеседі.

Эозинопения – эозинофильдердің азаюы – сепсисте, ауыр интоксикацияларда, агонияда анықталады.

Нейтрофилия – нейтрофильдердің көбеюі – пневмонияда, перитонитте, пиелонефритте, плевритте, септицемияда, интоксикацияларда байқалады. Қандағы жетілмеген нейтрофильдердің болуы миелолейкоздарға, қатерлі ісіктерге тән.

Нейтропения – нейтрофильдердің санының азаюы – организмнің қорғаныс қабілетінің төмендегенін, иондық радиацияның әсерін білдіреді.

Лимфоцитоз – лимфоциттердің санының көбеюі – созылмалы лимфолейкозға тән белгі. Аз мөлшердегі лимфоцитоз пневмонияда, тілмеде, остеомиелитте, сепсисте және т.б. ауруларда малдың сауығып келе жатқандығынан хабар береді.

Лимфопения – лимфоциттердің азаюы – ауыр қабынуларда, іріңді – сепсистік процестерде, ауыр өтетін инфекцияларда болады және прогноздық тұрғыдан қолайсыз симптом деп саналады.

Моноцитоз – моноциттердің санының көбеюі – жіті инфекцияларда, туберкулезде, бруцеллезде, қатерлі ісіктерде, гранулематозда кездессе, моноцитопения – моноциттердің азаюы – ауыр сепсистік процестер мен кейбір инфекциялық ауруларда кездеседі.

Қан гемоглобинін анықтау. Гемоглобин қан эритроцитінің құрамына кіретін пигмент глобин белогы мен гемнен тұрады (қосымша, 9-кесте). Глобин альбуминге ұқсас, бауырда синтезделеді. Гем – екі валентті темір мен протопорфериннің комплексі.

Гемоглобиннің негізгі қызметі өкпедегі оттегіні ұлпаларға жеткізіп, оларда түзілген көмір қышқыл газын қайтадан өкпеге әкелу. Оттегімен байланысып оксигемоглобин түзіп қана қоймай, көміртегі тотығымен карбоксигемоглобин, нитриттермен метгемоглобин, сульфаниламедтермен – сульфгемоглобин түзеді, бірақ бұл соңғы қосылыстар оттегі тасымалдай алмайды. Гемоглобиннің қандағы жалпы мөлшері 14-16 % құрайды. Ветеринарияда гемоглобинді анықтау міндетті шарт.

Гемоглобинді анықтау үшін ГС-3 гемометрі, гемоглобинометр, эритрогемометр, фотоэлектроколориметр, Л.М.Пименова мен Г.В.Дервиздің гемиглобинцианидтік әдісі қолданылады.

Гемоглобиннің мөлшерінің төмендеуі – олигохромемия – темірдің, мыстың, кобальттің, цианкобаламиннің, фолий қышқылының жетіспеуінен, қансыраудан, эритроциттердің гемолизінен, пироплазмидоздардан болатын анемияларда, кетозда, бауыр мен ішек-қарын ауруларында кездеседі.

Гемоглобиннің мөлшерінің көбеюі – гиперхромемия малдың іші кеткенде, қатты терлегенде, транссудат, экссудат түзілгенде, жылқы миоглобинуриясында, өкпе эмфиземасында және т.б. ауруларда анықталады.

Эритроциттердің тұну жылдамдығын (ЭТЖ) анықтау – антикоагулянт қосылған қан тұнған кезінде екі қабатқа, яғни, төменгісі – эритроциттер, жоғарғысы – мөлдір плазмаға бөліну қасиетіне негізделген (қосымша, 10-кесте).Әуелі байланыспаған бос клеткалар шөгеді, сосын агломерация нәтижесінде тұну жылдамдығы жоғарылайды. Тұнба тығыздалған сайын шөгу жылдамдығы төмендейді. Тұну жылдамдығы қанның құрамы мен қасиеттерінің өзгеруіне байланысты болады. Қанда глобулиннің, фибриногеннің көбеюі, резервті сілтіліктің жоғарылауы, эритроциттердің тұну жылдамдығын жеделдетеді.

ЭТЖ-ң баяулауы сарысудағы альбуминдер, өт қышқылдары көбейгенде, қанның тұтқырлығы жоғарылағанда, резервті сілтілік төмендегенде байқалады. Сонымен қатар, ЭТЖ-на сыртқы орта температурасы (төменгі температурада баяулайды) антикоагулянттың мөлшері, малға кейбір дәрілердің енгізілуі сияқты факторлардың әсері болады.

ЭТЖ әртүрлі анемияларда, инфекциялық, инвазиялық ауруларда (маңқа, сақау, оба, туберкулез, пироплазмоз, нутталиоз, т.б.) сепсистік және іріңді процестерде, лейкоздың ісікті сатысында, зат алмасу бұзылғанда жоғарылайды (жеделдейді).

Ал ЭТЖ-нің баяулауы (бәсеңдеуі) қан қоюланғанда, механикалық, паренхиматозды сары ауруда, инфекциялық энцефалитте, жүрек декомпенсациясында білінеді.

Гематокрит – плазма мен қан эритроциттерінің көлемінің пайыздық ара қатынасы. Дені сау мүйізді ірі қарада гематокриттік шама 35-45, қойда 25-45, жылқыда 35-45, шошқада 39-43, итте 42-48 пайызды құрайды.

Гематокриттік шаманың азаюы анемияда, гидремияда, пироплазмидоздарда, лептоспирозда, ал көбеюі туа бітті жүрек ақауларында, күйікте, қан дегидратациясында және т.б. жағдайларда кездеседі.

Қанның түстік (реңдік) көрсеткішін анықтау.

Қанның түстік көрсеткіші – эритроциттердің гемоглобинмен қанығу деңгейін бейнелейтін сан, яғни, бір эритроциттегі гемоглобиннің орташа мөлшері.

Оны анықтау үшін төмендегі формуланы қолданады:

Х=3Hb (г/л) : эритроциттер санының (млн) алғашқы үш цифры

Мысалы: 1 мкл қанда 4,5 млн эритроцит бар, гемоглобиннің концентрациясы 120г/л деп алсақ; түстік көрсеткіш тең болады:

3∙120:450=0,8

Қалыпты жағдайда түстік көрсеткіш 1-ге тең, оның төмендеуі эритроциттерде гемоглобиннің азайғандығын, ал 1-ден жоғарылауы цианкобаламин, фолий қышқылының жетіспегендігін білдіреді.

Қанның биохимиялық көрсеткіштерін зат алмасу жағдайын бағалағанда және әртүрлі органдар мен жүйелерді тексергенде анықтайды.


Талақты зерттеу

Талақ организмде қан түзу, қан клеткаларын ыдырату процестеріне, иммунологиялық және қорғаныс реакцияларына, нуклеин қышқылдарын синтездеуге де қатысады. Сонымен қатар, талақ организмдегі маңызды қан депосы болып есептеледі. Онда барлық қан көлемінің 15%-ға дейіні жиналады.

Талақты жылқыда, ал үлкейген кезінде ет қоректілерде клиникалық тексеруге мүмкіндік бар.

Жылқы талағына ішкі пальпация жасағанда оның көлемін, пішінін, ісінуін, ауырсынуды анықтауға болады.

Ет қоректілерде талақты құрсақ қабырғасына пальпация жасап зерттейді. Ол үшін жануарды оң жағына жатқызып, сол қолдың алақанымен оң жақ құрсақ қабырғасын басады да, оң қолмен пальпация жасап, талақты табады.

Талақтың үлкеюі бауыр циррозында, амилоидозында, гемолиздік анемияда, лейкозда кездеседі.


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!