Материалдар / Қазақ халқының тыйым сөздерінің тәрбиелік мәні

Қазақ халқының тыйым сөздерінің тәрбиелік мәні

Материал туралы қысқаша түсінік
"Қазақ халқының тыйым сөздерінің тәрбиелік мәні" тақырыбындағы реферат.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
21 Желтоқсан 2017
1948
3 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Қазақ халқының тыйым сөздерінің тәрбиелік мәні


«Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,
Тауып айтқан сөзге шың жетпейді.
Өзің білмесең, білгендерден үйрен,
Үйренгеннен ештеңең кетпейді.
»


Мұхтар Әуезов



Жоспар


І. Кіріспе бөлім. Әр ұлттың рухани асыл мұрасы – тыйым сөздер.

ІІ. Негізгі бөлім:

  1. Әдеп мәдениетіне тәрбиелейтін ырымдар мен тыйым сөздер.



  1. Мәдени-гигиеналық тақырыбындағы тыйым сөздер


  1. Тұрмыстық шаруашылыққа байланысты ырым-тыйымдар.

4. Тыйым сөздер және экология

5. Қонаққа, жол жүруге қатысты тыйымдар




ІІІ. Қорытынды.
















Қазақ халқының тыйым сөздерінің тәрбиелік мәні



Әр ұлттың тарихи дамуында ерте заманнан қалыптасып, келе жатқан рухани асыл мұрасы әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. Әдет-ғұрып, салт-дәстүр арқылы халықтың күн көрісі, тұрмыс-салты, мінез-құлқы ерекшеліктері мен дүниетанымының сыр сипаты айқын көрінеді. Ата-бабаларымыз өздері тіршілік етіп отырған орта, табиғат, тұрмыс-тіршілік болмысын, ел-жұрт арасындағы қарым-қатынас, жақсы-жаман кезеңдерді ой елегінен өткізіп, әр кез оған деген өз көзқарасын білдіріп отырған. Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі жеткіншек ұрпақты адалдыққа, адамгершілікке, жақсылыққа үндеп, олардың сана-сезімін, дүниетанымдық қабілетін дамытуды көздейді. Халқымыздың ғасырлар бойы жасасып, бізге жеткен асыл мұралардың бірі-тыйым сөздер. Олардан халқымыздың әдет-ғұрпы, наным-сенімін ғана біліп қоймай, бойымызға тәлім-тәрбие сіңіреміз.


Ырымдар мен тыйымдар халқымыздың әлеуметтік өмірінде, тұрмыс-тіршілігінде жас буын тарапынан бұлжымай орындалып отырған. Тыйым сөздер заң ретінде қабылданып, құқықтық норма деңгейінде қолданылған. Халқымыз ырым-тыйым сөздерді пайдаланып, баршаға бірдей, міндетті түрде орындатқан. Мұның өзі қоғамдағы үлгі-өнеге, әдептіліктің негізгі қағидасы болып қалыптасқан.

Тыйым сөздер - қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі. Бұл сөздер есі кірген балаларды жаман әдет, жат пиғыл, орынсыз қылық, теріс мінездерден сақтандырып отырған. Тізені құшақтау - жалғыз қалудың, қолды төбеге қою - ел-жұрттан безінудің, үлкеннің жолын кесу - әдепсіздіктің, асты төгу - ысыраптың белгісі деп танылған және ондай ерсі істерге қатаң тыйым салынған.


Тыйым сөздер мазмұны мен мақсатына қарай тұрмыстық-шаруашылық, еңбек, мәдени-гигиена, экологиялық тәрбие, әдеп мәдениетіне тәрбиелейді.


І. Әдеп мәдениетіне тәрбиелейтін ырымдар мен тыйым сөздер. Адамдық тәрбиенің алтын арқауы да, халық педагогикасының қайнар бастауы да ­– әдептілік. Ұл-қызына көрсетер инабатты үлгісі жоқ, әдебі жоқ халық болмайды. Әдептілікке бас имеген, әдептіліктен нәр алмаған салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты ешбір халық жасамапты.


  1. Әдептілік ережелері

  1. Үлкеннің алдын кеспе

  2. Адамды айналма

  3. Кемтар адамға күлме.

  4. Адамға қарап түкірме.

  5. Жаман бұзақы сөзге ерме.

  6. Кісіге қару кеземе.

  7. Үлкеннің жолын кеспе.

  8. Анаға зекіме, азабын тартасың.



  1. Теріс қылық, мінезге тыйым сөздер. Жас кезінен ұрпағын «тек» деп өсірген халқымыз теріс қылық мінезге де тыйым салған. Бұл балалық шақтан бастап, отбасы болғанша сақталғаг ереже тәрізді. «Олай жасама, бұлай жасама, жаман сөз айтпа, дұрыс емес» т.б. сөздердің жауабын «жаман болады» дегенмен аяқтап отырған.

  1. Үйге қарай жүгірмейді. Себебі мұндай әрекет жамандық шақырады. Адам баласы тек қаралы хабарды естірткенде немесе мәйітті жерлеп қайтқан кезде ғана үйге қарай жүгіреді. Қазақтың салтында суыт хабар айтуға келген адам ғана ауылға шауып келеді

  2. Екі бүйірді таянуға да болмайды. Себебі қазақтың салты бойынша жақынынан айырылған адам ғана қос қолын беліне таянып, өмірден озған туған-туысын жоқтайтын болған. Сонда, үлкендер балаларына беліңді таянба деп айтқан кезде «әулетке қандай да бір нәубет келмесін» деп ойлайды.

  3. Бос бесікті тербетпейді. Баласы өліп, бағы сөніп, өзегі өртеніп, соның салдарынан есалаң күйге ұшыраған әйел ғана солай жасайды. Сол үшін мұндай жамандық шақырмас үшін бос бесікті тербетуге болмайды деп ырымдайды.
    Бетті басуға болмайды. Қайғы-қасіреттен қажыған адам ғана бетін басады.

  4. «Босағаны керме», бұл – қазақ ұғымында әйел мен ер адам үйдің қос босағасы секілді, оны керу – екеуінің арасын суыту, ажырату деп білген. Сондай-ақ бұрындары жаманат хабар алып келген адам ғана есікті керіп тұрып, хабарды жеткізетін болған. Тағы бір ерекшелігі, мұндай хабар әкелген адам үйге кірмей, тізе бүкпей кетеді.

  5. Жақты таянбайды. Қайғы-қасіреттен, әбден қажыған адам ғана жағын демеу етіп таянады.

  6. Барды жоқ деме, барың жоқ болады.



ІІ. Мәдени-гигиеналық тақырыбындағы тыйым сөздер.

  1. Тазалыққа тәрбиелеу. Тазалық тәрбиесінде жас ұрпақтың дені таза, тәні сау болып өсуі үшін жеке бас тазалығын сақтауға арналған тыйым сөздердің орны ерекше.

  1. Шелектегі суға аузыңды салма.

  2. Саусағыңды аузыңа салма .

  3. Шашыңды аяқ астына тастама.

  4. Сыпырғышпен ұрма.

  5. Шалбарыңдыжастанба.

  6. Дәрет суын аяқ асты төкпе.

  7. Құдыққа түкірме.

  8. Тамақтың үстінен аттама.

  9. Итке ожаумен ас құйма.


  1. Эстетикалық тәрбие. Эстетикалық тәрбиеге қатысты адамның сыртқы көрінісінің жарасымдылығы мен жүріп-тұру әдебіне байланысты бір алуан сөздер бар.

  1. Шашыңды жайма

  2. Тақымыңды көрсетпе

  3. Езуіңді керме

  4. Талтайып отырма

  5. Шаш-тырнағыңды өсірме

  6. Бөркіңді теріс киме

  7. Кіндігіңді ашпа.


  1. Киім кию және ұқыптылық.

  1. Бас киімді теріс киюге, кез келген жерге тастай салуға болмайды, биікке іліп қою керек. Әсіресе, аяқ астына тастамау керек. Мұның себебі, бастан бақ тайып, бас ауруына тап болады. Басы айналып, тілі байланып, иманы қашады. Адам баласынан қадірлі, ақылынан қасиетті ештеңе жоқ.

  2. Киімнің жағасын басуға болмайды.

  3. Қыз бала басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгісі болып саналады.

  4. Тозбаған киімді тастауға болмайды.

  5. Қыздарға ер баланың киімін киюге болмайды. Жаман ырым.


  1. Баланы қауіптен сақтандыратын тыйымдар

  1. Отпен ойнама.

  2. Оттан аттама.

  3. Пышақты шалқасынан қойма.

  4. Пышақтың жүзін жалама.

  5. Аяқ-қолыңды жіппен байлама.

  6. Түнде суға барма

  7. Жүгіріп үйге кірме.


ІІІ. Тұрмыстық шаруашылыққа байланысты ырым-тыйымдар:


  1. Нанға қатысты тыйым сөздер. Қазақта «ас атасы — нан» деген сөз бар, яғни астың, дәмнің үлкені — нан. Бала ақ пен қараны ажыратып танымай тұрып-ақ оған оң қолына нан ұстауды, нанды баспауды, тастамауды үйретеді. Нан қасиетті.

  1. Нанды жерге тастама

  2. Нанның үстіне зат қойма

  3. Нанды төңкерме

  4. Нанды бір қолмен үзбе - деген сөздің барлығы — сол нанның қасиетіне орай айтылған тыйымдар. Нанын берген адамға жамандық ойламаған. Қазақтың «бір күн дәм татқан жерге қырық күн сәлем» дейтін сөзі осыдан келіп шыққан.


  1. Тұзға қатысты тыйымдар.

  1. Қазақ тұзды бейберекет шашпайды. Себебі, барлық тағамның дәмін келтіріп тұрған тұз. Сол үшін тұз төгілсе, ырыс төгіледі, дәм шамданады, үйден ас кетеді. Сонымен қатар жерге төгілген тұз еріп, жоғалғанша сол жерге тұзды төккен адам тұздай ащы тірлік кешеді деген де ырым бар екен.

  2. Тұзды баспа – астың иманы, төресі деп киелі саналады.


  1. Сүтке қатысты тыйымдар. Біздің халық нан мен тұздың қатарына ағарғанды жатқызады, өйткені ақты да қатты қадірлеген. Айталық, «ақты баспа» дейді. Ақ дегеніміз не? Бұл — сүт, айран, қатық, қымыз, шұбат… Қазақ ұғымындағы ақ атаулы — азықтық тамақ қана емес, ол шынымен қаншама төлді өсіріп отырған қасиетті сүт қой. Сондықтан ананың ақ сүтін ардақтай білетін қазақ халқы малдың сүтін де қадірлеген.

  1. Сүтті төкпе.

  2. Тойға қымыз әкелген сабаны біржолата сарқып босатпайды, түбінде міндетті түрде бір ожау қымыз қалуы керек.

  3. Сауылған сүтті ашып қоюға болмайды.

  4. Сүтті үрлеп ішпейді, майлылығы азаяды. Сүт сауатын шелекті су басына апармайды, құты кетіп қалады.


  1. Суға қатысты тыйым сөздер.Қазақта «судың да сұрауы бар» деген мақал бар. Түсіне білген адам мұның астарында үлкен мән жатқанын біледі. Су — Жаратқан иеміздің жан иесіне жер бетінде тіршілік етуі, өмір сүруі, қам-қарекетін жасауы үшін тартқан сыйы. Оны қадірлеп, ықтияттап, бағасын түсініп, орнымен қолданып әрі аялай білуіміз керек.

    1. Түнде жалғыз су алуға болмайды, қызбала жынданып кетеді

    2. Суды сапырма

    3. Суға түкірме

    4. Суға қоқыс төкпе


  1. Отқа қатысты тыйым сөздер. Жиі айтылатын тыйым сөздеріміздің отқа қатыстысы да баршылық. Айталық, «отты аттама», «ошақты аттама» дейді. Өйткені қазақ үшін от та қасиетті. Қазақтың отты қадірлегені соншалық, «менің үйім» деп айтпайды, «от жаққан жерім», «отымның басы» дейді.

  1. Отты шашуға, атуға, басуға болмайды. Отбасының берекесі кетеді.

  2. Отқа түкірмейді.

  3. Отты су құйып өшірмейді, өйткені қайта тұтатуға қиын болады.

  4. Түнде күл шығармайды.

  5. Күл төгілген жерді баспайды. Себебі барлық жаманшылық күлмен кетеді, оны басу сол жаманшылықты үйіне әкелгенмен бірдей.


  1. Үй тұрмысына байланысты тыйымдар.

  1. Сыпырғышты төрге қоймайды. Бұл үй ішіндегі жаманшылық, ауру-сырқау сыпырғышпен босағадан шықсын, төрге жоламасын деген ниетпен туған.

  2. Қазанды есік жаққа қаратып қисайта аспайды. Ол құласа: «Несібе төгіледі, ырыс далаға қашады. Отқа төгіліп, дән куйеді. Қазан шайқалса, ырыс шамданады» деп ырымдайды

  3. Үйге кіргізілген отынның артығын шығарып тастамайды.

  4. Үйді айналып жүруге, жүгіруге болмайды. Бұл жамандықты шақырма дегенді  білдіреді.

  5. Шәугім, аққұманның шүмегін есікке қаратып қойса, ырыс-несібе кемиді.


ІV. Тыйым сөздер және экология. Бұл сөздерге қоршаған ортаға қамқорлық, залал тигізбеу, тылсым құдіретін бағалауға арналған сөздер жатады. Қазақ халқының ұрпағына экологиялық білім мен тәрбие беретін ырымдары мен тыйым сөздерінің мән-мағынасына ой жүгіртіп көрейік. Олар негізінен жер мен суды, өсімдіктерді, құстар мен жануарларды, аңдар мен жәндіктерді қорғауға, оларға рақымшылық етуге, обал, сауап дегенді сезінуге тәрбиелейді.


1)Төрт түлік мал.

  1. Ата-бабаларымыз малды тепкізбеген. «Қойдың сүті қорғасын, қойды тепкен оңбайды» деген, «Құты қашады» деп малды басқа ұрғызбаған, балағаттамаған.

  2. «Сиыр мен қойдың желіні ісіп кетеді» деп төгілген сүтті аяққа басқызбаған.

  3. Жас мал төлдегенде үйге қарыз сұрап келгендерге ештеңе бермейді.

  4. Малдың алдынан бос ыдыспен шықса, сүт азаяды.

  5. Малға дауыс көтеріп ұрсуға, ал атты ауыздықпен ұруға болмайды.

  6. Түнде мал санамайды және ешкімге бермейді


2)Жабайы аңдар, құстар. Біздің халқымыз аңдарға да рақымшыл болған. Аң аулаудың жөні осы екен деп оларды бейберекет өлтіре бермеген. Қажетіне қарай үнемдеп аулап, қалғандарының өніп-өсуіне жағдай жасаған. Құстар мен аңдарға жасаған рақымшылығын мынадай ұғымдардан білеміз:

  1. «Құстың қарғысына ұшырайсың» деп құстардың ұясын бұздырмаған,

  2. «Бетіңе шұбар түседі» деп жұмыртқасын жарғызбаған.

  3. Халқымыз қыран құсты атқызбаған, «Аққу құс киелі» деп оған құс салуға, оны атуға тыйым салған.

  4. Үйге кірген жыланды өлтірмейді. Басына ақ тамызып шығарып жібереді. Себебі, кейбір кездерде періштелер жылан бейнесіне кіріп, жер бетін шарлайды екен. Жыланды сол періште болар деп ойлайды. Ал даладан жылан көрсе - қуып журіп өлтіреді. Себебі, оны қастық жасайтын қара бас, шубар төс дұшпан деп қаралайды.

  5. Құстардың ұясын бұзуға болмайды. Қарғаса, үй-ішіңе кесапаты тиеді.


3)Өсімдіктер

  1. Көкті жұлма, көктей соласың

  2. Жалғыз ағашты кеспе


        1. Қонаққа, жол жүруге қатысты тыйымдар


  1. Қонаққа қатысты тыйымдар.


  1. Үйде отырған қонақты саусақпен санамайды. Малды, қолға түскен тұтқындарды ғана саусақты шошайтып санайды.

  2. Жолаушылап келе жатқан адам бір үйге сусын ішуге түсетін болса, сол үйдің есігіне тура беттеп келіп, аттан түспейді. Үй иесі сыртқа шыққанда, амандық-саулық сұрасқан оң, атының оң жағынан түседі және үйді айналмайды. Өйткені, жау адамдар бөгде үйдің жай-күйіне қарамайды, баса-көктеп кіреді және өлімнің суық хабарын естірткелі келген адам да күй таңдамастан бірден үйге кіреді. Сол себепті, бұл «жолаушының жүрісі жаман ырымға ұқсамасын» деген мағынаны білдіреді.

  3. Қыдырып, қонаққа келген жас баланы үйден құр қол қайтармайды.


  1. Жол жүруге қатысты тыйымдар.


  1. Сейсенбі күні алыс жолға шықпайды.

  2. Жүкпен жолға шыққанда тұз алмайды.

  3. Жүрер жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды. Жол жүретін адам «Алла жазса», «Құдай қаласа» деп тілегенде, жол бойындаға кедергілердің бәрі алыстатылады.

  4. Жұма күні көшуге болмайды. Жұма қасиетті күн. Бұл күні ата-баба аруақтары  шаңыраққа келіп, дұға дәметеді.


Тыйым сөздерді ақын Мұзафар Әлімбаев өлең жолдарына да салған:


* * *
Ұмытып кетпе,
Есікті теппе!
* * *
Шаршасаң сәл аялда,
Бірақ та жер таянба!
* * *
Кеңеске салақ қарама,
Кір жайма түнде далаға!
* * *
Ұлттық салттан бұлжыма,
Жұма күні кір жума!
* * *
Көргенді жас, пәк бала!
Дастарқаннан аттама!
* * *
Құр бекерден ермекке,
Бос бесікті тербетпе!
* * *
Құдайға сыйын, жас бала,
Құранды жерге тастама!
* * *
“Өзім қумын!” – деме,
Кісі ақысын жеме!
* * *
Ізет танытып, әдепті сақта да,
Жатқан кісінің үстінен аттама!



Қорытынды.


Қазақ халқы осындай ырымдар мен тыйм сөздер арқылы ұл-қыздарын оғаш та осал қылықтарын сынап, тыйым, тәртіпке салып, тәрбиелеп отырған.


Халқымыз ғасырлар бойы даланың қатал табиғатымен бетпе-бет келгенде, шапқыншы жаумен шайқасқанда, бейбіт өмірдің тірлігінде жинақталған бай тәжірибесінен көрген-түйген қорытындысы ретіндегі тыйым сөздердің ұрпақ тәрбиесінде қазір де мәні жойылған жоқ. Ізгілікті аңсаудан туған ырымдар, бәле-жала кесапаттан сақтандыратын тыйымдардың  тәрбиелік мәні өте зор.



Бір сөзбен айтқанда салауаттылық, білімділік жеке адам үшін емес, ел тағдыры, ұлттың, заман тағдыры, қоғам тағдыры іспеттес. Ырымдар мен тыйымдар адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын, табиғатқа, қоршаған ортаға берілген тұжырым, түйінделген қағида. Ырымдар мен тыйымдар халық арасында ерте кезден қалыптасып, бүгінгі күнге дейін жетті. Әрбір тыйым бекер айтылмаған, әрқайсысының тәрбиелік мәні бар, оқушылар үшін ереже болып табылады. Халық жастарды өзінің осы ырымдар мен тыйымдар арқылы тәрбиелеп, дұрыс жолға салған, қателігін бетіне басқан.

Халықтың тәрбие құралдары мен тыйымдарын жүйелі түрде пайдаланып, сөзіміздің қадірін арттыру өз қадірімізді арттырумен бірдей. Аталарымыз бен әжелеріміз бұрыннан айтып отыратын ескертпелерін әркезде есімізде сақтап жүрейік.




Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ