Материалдар / Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру әдістері
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру әдістері

Материал туралы қысқаша түсінік
Бұл мақалада өз сабақтарымда оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарымызды қалыптастыруда және оларды ұлттық рухта тәрбиелеу әдістеріммен бөлістім
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру тәсілдері

Ұлдана Ералықызы Түменбай

Қазақстанның зияткерлік «Бәйтерек»

Аннотация

Баяндамада қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру арқылы рухы биік, парасатты тұлға қалыптастыруда жүргізіп жүрген жұмыстарым, әдіс-тәсілдерімді қалай жүзеге асыратыным туралы мәлімет беріп отырмын. Баяндамада өтілетін тақырыптар бойынша жұмыс түрлері айтылады.

ХХІ ғасырдың есігін ата-бабамыз арман еткен тәуелсіз ел болып аттағанымыз қазақ елі үшін көптен күткен қуаныш. Бұл бақытқа «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы өзінің қайтпас-қайсар мінезімен, ұзақ та ұлықты қаһармандық жолымен жеткенін білеміз. Тәуелсіздік туын тіккен бүгінгі Қазақстанда халқымыз үшін бағасын жоғалтуға болмас бір құндылық бар. Ол – ата-бабалардың қайсар рухы.

Рух тәрбиесі дегеніміз – жан тәрбиесі. Бүгінгідей ғылым мен техника дамып, жастарымыз компьютердің құлағында ойнағанына, әрине, қуанамыз. Алайда, ес біле бастағаннан сол сиқырлы сандықтың алдынан шықпай, бірін-бірі ұрып-соғып, қан-жоса қылып жатқан қуыршақтарды жанындай жақсы көретін, сол сорақылықтарды компьютер түймешіктері арқылы жасауға көмектесетін ұрпақ өсіп келе жатқаны да ащы шындық.

Еуразия Ұлттық Университетінің оқытушысы, танымал ойшыл Омар Жәлелұлының 2021.21.11.жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған «Рухани тәрбие беретін ілім» атты мақаласында былай депті: «... қазір біз ақша табуға ғана әуес, рухани құндылыққа пысқырмайтын, мақтансүйгіш ұрпақ өсіріп отырмыз. Бұрынғы патриоттық сезім «Джип мінгендердің» шаңына жұтылып барады. Өйткені олар кітап оқымайды. Адам шын мәніндегі адамгершілік ұғымын кітаптан алады.» Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен, оқу-білім іздеп жүрген жастардың арасындағы қазақ зиялысының жан айқайы осындай.

Қазіргі кезек күттірмейтін өзекті мәселе болып отырған ұрпақ тәрбиесіне әрбір азамат жауапты десек, ұстаздар қауымы үшін бала тәрбиесі – міндет.

Мен өз сабақтарымда оқушыларды ұлтын, отанын сүйетін, рухы биік азамат ретінде тәрбиелеуді өзімнің басты міндетім деп санаймын, соны жүзеге асыру барысында әр сабағымда ұлттық құндылықтарға баса назар аударып отырамын.

Әдебиет сабақтарында ақын-жазушылырдың өміріне тоқталғанда үнемі бүгінгі күнмен байланыстырамын. Ол үшін оқушыларға баспасөз материалдарынан, ғаламтор желісінен материалдар жинауға тапсырма беремін. Сол оқушының өзі тапқан ақпараттармен жұмыс жасата отырып, олардың рухани әлемін байытуға тырысамын. Мысалы, Абайдың бүгінгі ұрпақтары жайлы әңгімелей отырып, олардың өмірдегі жетістіктері ата салған адалдықтың даңғыл жолының, тектіліктің көрінісі екенін түсінулеріне бағыттаймын. Бұдан кейін өлеңдеріне тоқталсаң, балада сабаққа қызығушылық пайда болады.

Сөз патшасы – өлең арқылы балаға көп нәрсе айта аламыз. Мысалы Абайдың табиғат лирикасына тоқталғанда «Жазғытұры» өлеңін мәниерлеп оқып, табиғат әлеміне кірген жаңалықтың иесі – «ата-анадай елжіреген күннің көзімен» бірге масайрап жайлауға шыққан халықтың тіршілігін суреттеген мына жолдар арқылы ғана балаға ұлттық үрдісімізді таныстырумен қатар, сол ұлттық үрдіске деген қызығушылық, мақтаныш сезімін оятуға болады.

... Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып,

Шаруа қуған жастардың мойны босап,

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,

Адамзат көңілі өсіп, көтерілер...

Қазақ халқы қашан да кең даласында қора-қора қойы мен үйір-үйір жылқысын өргізіген, малды-жанды болып, адал еңбектің арқасында мамыражай өмір кешкенін ұғыну да оқушының рухын көтерері анық.

Шәкәрім шығармашылығын оқытқанда оның скрипкада ойнағанын және скрипканы өзі ағаштан ойып жасағанын айтып, ақынның «Бұл ән басқа әннен өзгерек» деген әнәі тыңдатсақ және қазір өнерімен әлемді тәнті етіп жүрген Айман Мұсаходжаеваның, Марат Бейсенғалиевтің, Майра Мұхаммедқызының, Димаш Құдайбергеновтің кәсіби жетістіктері туралы, олардың әлемдік классикалық музыкадағы ойып алар орны бар екенін айтып өтсек, сондай-ақ, сонау 1925 жылы Париж сахнасын домбыраның үнімен, қазақ әнімен таңқалдырған Әміре Қашаубаев туралы мәлімет келтіріп, оқушының ұлттық өнерге деген оң көзқарасын қалыптастыруға болады.

Жыраулар поэзиясын оқытқанда Дина мен Құрмағазының жаңаша өңделген күйлерін, Б.Тілеухановтың «Алаң да алаң, алаң жұрт» тоғауын тыңдату, мүмкін болса, орындатудың оқушыларға әсері мол.

Шәкәрім шығармаларын қорытындылау сабағында поэзия минутын өткізіп, оқушыларға ақынның өлеңдерін оқытып, соңынан өзім «Ақынға арнау» (өз өлеңім) оқыдым және оқушыларға ақын аталарына арнау жазуды тапсырдым.

Ақынға арнау

Қазақ үшін қазына жиған ақын,

Қажы болып, ұстанған ата салтын.

Өлеңмен өрнектеген мұраларын,

Оқиық, ұмытпайық дана атын.



Жырлары сан нәрсені үйретеді

Ойлары адамдықтан сыр шертеді.

-Жақсы менен жаманды айыра біл,-

дейді ол, - мына дүние тез өтеді.



Халқы үшін қиналған, жеген уайым,

Оқу-білім, ғылымды терген дәйім.

Шәкәрім,Абайларым айтылады,

Дөңгеленген дүние өткен сайын.

Қасым Аманжоловтың «Туған жер» өлеңін, Жұбан Молдағалиевтің «Мен - қазақпын» поэмасын, Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін, Қадір Мырза - Әлінің «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» атты өлеңін өзім оқып бастап, оқушыға : - ары қарай жалғастыр, - деп берсем, балалар керемет арқаланып, ерекше сезіммен оқиды. Бұл да ақынның асыл сөзі арқылы оқушыға жеткен ұлтжандылық рухы ма деймін. Осы өлеңде (Қадір Мырза - Әлінің «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру») қазақтың өзіне ғана тән, өзіне ғана жарасатын табиғи тектілігін сипаттайтын мынадай жолдары бар:

«... Қазақ осы айтатұғын желге сыр,

О, ағайын, халық емес ол кесір.

Қазақ осы-аңғал-саңғал, жабусыз,

Қазақ осы ағыл-тегіл, көл-көсір.»



Осы жолдарды талдату барысында халқымыздың қанына сіңген жомарттық, қонақжайлылық қасиеттерін алға тарту арқылы оқушылардың өз халқына деген сүйіспеншілігін тереңдетуге болады.

Қазақ тілі сабақтарында сөйлемдерге кешенді талдау жүргізу барысында мынадай сөйлемдер жазғызамын:

Салтанаты жарасқан қаласы бар, байтағы ұшан – теңіз даласы бар, аруақ қолдаған бабасы бар ел екенімізді мақтан етейік!

Қазақ даласы – ұлы түркі елінің қара шаңырағы.

Қазақтың қасиетті жерінің асты да байлық, үсті де байлық.

Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!

Дүние байлығы мен жан байлығы сәйкес келгенде ғана бүкіл адамзат тұрақ еткен саналы қоғам құруға болады!

Осындай ойлар барысында балалармен әуелі пікірлесіп алып, сосын талдауға кірісерміз.

«Шешендік сөзге қойылатын талаптар» деген тақырыпты өткенде оқушыларға қазақ әдебиетінің марқасы Тұманбай Молдағалиев ағамызды мәңгілік сапарға шығарып салу жиынында айтылған сөздер мен оқылған өлеңдермен таныстырдым. Сол арқылы қазақтың ұлысын ұлықтай алатын, бұзығын бұрып әкеп жөнге салатын, сөзге тоқтау деген қасиеттер қанына сіңген халық екенін ұғындырдым.

Дәл осы өлеңдерді 9 - сыныпта ауыз әдебиетінен тұрмыс-салт жырларын өткенде қоштасу, жоқтау, көңіл айту өлеңдерінің бүгінгі жазба әдебиетіндегі көрінісі, жалғасы екенін айтып, ұлттық құндылықтарымыздың көрінісі екенін таныту керек.

Сондай-ақ, 9 - сыныптың қазақ тілі пәнінде тіл тарихына тоқталғанда сонау V-VIII ғасырдан бастау алатын, тасқа жазылған жазулар - руна жазулары қазақ мәдениетінің түп - тамыры тым тереңде екенін дәлелдейтін фактор екенін танытуға тиіспіз. Қазақ мәдениеті біздің дәуіріміздің арғы жағындағы скиф, сақ тарихынан бастау алатынын білу Қазан төңкерілісіне дейін қазақ халқында жазу болмаған деген пікірдің жоққа шығарылғанын түсіндірудің маңызы зор.

Халқымыздың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығынан үзінділер оқыту, бейнефильмдер көрсету арқылы ол кісінің бойындағы ұлттық рухты құндылық ретінде танытуға тырысамын.

Оқушыға ғасырлар керуеніндегі адамзат баласының дамуына ең қажетті қазына, рухани құндылықтарымызды сіңіре білсек, болашағымыз жарқын болмақ.



Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. С.Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылов. Қазақ халқының салт-дәстүрлері.

Алматы, «Рауан», 1994ж.

2. «Рухани тәрбие беретін ілім» «Қазақ әдебиеті» газеті, 2021ж.

3.  Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы, «Мектеп», 1987ж.

4. «Мәңгілік ел» идеясы -  ұлттық идеология. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру.

5.Салт-дәстүр  сөйлейді  «Отбасы  хрестоматиясы» Құрастырғандар: Мұхит  Төлеген, Әділбек  Нәби, Асылтай  Тасболат Алматы  «Орхон» Баспа  үйі 2017 ж

6.Дәстүріңді  сақтай  біл 1-2-3-кітапша  Жинақ Алматы  «Жазушы» баспасы

1992 ж



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!